Талғат Теменов – халықаралық кеңістікте фильмдер түсірген үлкен кинорежиссер
Сахнада түс ауа, сағат 4-ке таман декарация құрыла бастайды. Бас-аяғы үш сағатта ғимарат ішінде үй, жады көркем қазақ баласы «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» деп жұмбақ жасырған сияқты бөлек бір әлем, құпиясын бүккен дара патшалық орнайды. Театрдың кереметтігі сонда, аумалы-төкпелі қиял патшалығының мызғымай берік тұратыны. Өйткені оның түп мекені адамзаттың жыр аңсар, сыр сүйер асыл жүрегінде. Бұл санадан өшпейтін құт мекен.
Ең үздік көрсеткіш кез келген шығармашылық ұжымға сәуледей қажет. Қалибек Қуанышбаев театрының нағыз ширығып тұрған, дарындар бір жерге жиналып, молыққан кезіне бек лайық басшы – Талғат Теменов көркемдік жетекші болып келді. Өйткені Талғат Досымғалиұлы сол категорияға лайық: шығармашылық стихияның адамы. Бұл жерде кездейсоқ құбылыс атымен жоқ. Әр көркемдік жетекші өз жақсылығымен ерекшеленеді.
2016 жылы 15-16 қарашада Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ драма театры ширек ғасыр толған атаулы мерекесін халықаралық деңгейде тойлады. Айтулы күн Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Осы мерекені атап өтуде Талғат Теменовтың беделі мен еңбекқорлығы үлкен жемісін берді. Мұны ол кісіні жақтырмайтын жандар іштей мойындаған болуы керек.
Талғат Теменов спектакльдің өміршеңдігі тек режиссерге байланысты деп ойлайды. Драматургияда ең қажет нәрсе, ең қымбат нәрсе – шындық. Бір спектакль төрт жыл жүру керек. Экспериментті спектакль қоюға болады, 1-2 реттен соң қалады. Ол жаңа премьера болмаса, театр өмір сүрмейді дейді.
Талғат аға труппаны дирижер сияқты басқарады. Режиссер әр сәтке мән береді. Сахнаға алқын-жұлқын жүгіріп шығады. Әр актердің әр сөзін, дауыс ырғағын, әр қадамын екшеп, тәй-тәй басқан жас баладай жетектеп, әр нюансты қалт жібермей, қағып алып отырады. Актер атқаруға тиіс психологиялық сәтті, әр нюансты режиссер мүшелеп айтып отырады. Сөз дұрыс эмоциямен сайма-сай келуін қадағалайды Cырт көз бақылап отырып, бір спектакльді дайындау космосқа спутник ұшырғаннан кем түспейді-ау деп ойладым. Әр рөлдегі іс-әрекетті қоюшы режиссер айқындап көрсетіп берді. Интонация, үйлесім ырғағы, психологиялық күйді режиссер реттейді.
Сахнада бір секунд, қас қағым сәт өлшеулі, әр мезет қасқалдақтың қанындай қат. Режиссер кім? Теменовтың шеберлік класын көзіммен көрген соң айтамын. Ол репетицияда әліппе үйреткен, дәлірегі, әр әріпті әр балаға жеке-жеке ежіктеп үйреткен мұғалімге ұқсап-ақ кетеді. Ең ғажабы, үйретіп жатқан қауым кілең талантты, сахнада қалыптасқан, образға ене білетін актер қауымы. Бұл өнердің қызығы мен қиындығы да осында жатыр. Бірер мәрте режиссер пьесаны сүрте салғандай бояу-сызығын реттейді, одан арғысы белгілі, қас жүйріктер қамшы салдырмайды. Бұл асау, тарпаң өнер. Адам психологиясын қимыл арқылы беру күрделі. Репетицияны көру қызық, бұл творчествалық процесс. Мұны көрермен жұртшылық көре қоймайды. Режиссер дайындық барысында әрі универсал актер, әрі дирижер. Режиссер актерден импровизацияны тілеп тұрады. Талғат аға репетицияда ұшып кете жаздап отырады. Музыкаға елтіп отырады. Спектакль де құрсақта жатқан нәресте сияқты, уақыт ұзаған сайын жан біте бастайды.
Талғат аға Ғабит Мүсірепов сияқты қара қарындашпен жазады екен. Шыңғыс Айтматовтың прозалық қос туындысынан инсценировкасын жасаған «Аққудың көз жасы» атты лирикалық драманың даярлығына жиі қатыстым. Раймалы мен Бегімай «Жәмилаға» қосылған үстеме новелла.
Пьесаның кіндігі кесілетін жұмбақ мезеттер. Талғат аға үш ай үзіліссіз жұмыс істеді. Қос туындының түйісер тұсын Талғат аға былай шешті: «Даниярдың сөзі арқылы сюжет өрбиді: «Жәмила, сен Бегімайға ұқсайсың!». Садықтың майданға аттанар сәті керегі жоқ. Драматургиялық жүгі жоқ». Реплика-ілікпе сөздер өте қызық. Адам баласында еліктеушілік қасиеті, жаттап алу, қайталау қабілеті болмаса драматургия жанры атымен болмас еді. «Маған сіздердің пікірлеріңіз қызық. Мен тыңдауға міндеттімін. Әрбір актер личность болуы керек. Біз бірге жұмыс істеуіміз керек. Шын жыласа соқыр көзден жас шығады», бұл – кредо. Сахна тілі бар, соны сақтамаған жас актерге Талғат аға: «Мен быдықпын, сен менен де өткен быдықсың», – деп әзілдеп қояды. Режиссердің дайындық кезінде актерлер сергуі үшін айтылатын бір қызық ұйқастары бар. Онысын қазаққа тән өлеңшатыс, ұйқас құмар принципке құрады. Таңдалған пьесаны талқылағанда, Талғат ағадан оқытушылық қасиет, философияға құштарлық көремін. «Рөлдің өмірбаяны –драматургия заңы. Оның заңы бойынша басты қаһарманды аяққа салып таптайды. Отелло сияқты. Қаһарман жаны қоршылыққа, кемсітуге ұшырайды. Төрт құбыласы тең адамға өзге адамның жаны ашымайды. Образ деген не? Персонаждарға қарым-қатынас. Соғыс кезінде әйелдер не істеген? Күйіктен жас жесірлер соғыс кезінде темекі тартқан. Бұл әдетін өле-өлгенше тастамаған. Сахнада балалар тек өзін ойнайды. Баланың шыққаны ұтымды элемент. Қазіргі кезде сахна мәдениеті өзгерді. Мен сендердің іштеріңдегі алтынды табуым керек. Режиссер кімді таңдайды, құқы бар. Базарда мың кісі бар, сүйгеніңе сәлем бересің. Театрға жаңа актер келмесе, сахна күңгірттеніп кетеді. Инабатты әлі таныстырмай отырмын. Алиса Фрейндлихты сахнада тек көрініп қана жүрсін деп шақырған режиссер бар. Бұл допинг деп аталады. Неғұрлым теріс кейіпкер бейнесі күшті болса, жағымды кейіпкердің рөлі ашылады». «Аққудың көз жасы» спектаклінде Бегібай рөлі Ұлттық Өнер академиясының 3 курс студенті Инабат Әбенованың дебюты. Жолашар.
Талғат аға Сейіт рөлін ойнайтын балаға: «Айбар, жалаңаяқ шығасың. Аяғыңа тікен кіріп кеткен. Табаныңа тікен кіріп көріп пе еді?», – деп он жасар Айбардан сұрады. Айбар ең жас артист, театр директорының орынбасары Құрман Қалымовтың ұлы. «Шөгір кіріп кеткен», – деп жауап берді Айбар. «Оныңа да шүкір!» – деді Талғат аға. Режиссер мизансценаны мұқият қадағалайды. Актерлер мен режиссердің өзара талқылауы мен диалогы өтіп жатады, көз алдыңда спектакль байи бастайды, ұлғайып өседі. Қуандық Қыстықбаев пен Жанқалдыбек Төленбаев екеуінің репетицияда юморы күшті. Интерпретация молығады. Режиссер бағыт беріп, жөн сілтейді, ары қарай актер алып кетуі керек. Ол актерге ішкі қозғалыс керек деп үйретеді. Жақсы актер ілікпе сөз арасында ойнауы керек. Талғат аға өнердегі жолын актерлікпен бастағаны анық білінеді. Данияр биікте қаппен құлағанда, Жәмила-Ақмаралға: «Сенің жан даусың шығуы керек», – деп үйретеді.
Автордың пьесасы таңдалған соң режиссер мен рөлге іріктелген екі құрамдағы артистер қауымы алғашқы жұмада бірігіп пьесаны оқиды. Бұл расында мейрам. Үлкен аудиторияда үстелде, айнала отырған артистер кезек-кезегімен рөлдерді дауысқа салып оқи бастайды. Өзара кеңес және талқылау кезеңі. Актерлер жаз жайлауға көшкендей балаша ойнап, әзілдеп, емін-еркін стихияға ене бастайды. Бас режиссер драматургке түзету жасауға, қаһарманның ұзын-сонар сөзін жонуға, сөз басып, сөзден тұншығып, шалт қимыл мен сахналық әрекеті жетпей тұрса, соны дереу реттеуге кіріседі. Режиссер сөйтіп драманың жасыл бағын мәпелеп күткен, қураған тұсын отаған шебер бағбанға айналады. Қисынға қарап іс түзейді. Режиссердің ойынша, образдың эволюциясы болуы керек. Пьесаны сахнаға икемдеу процесі мәтін оқылған мезетте толық өтеді. Мұндайда актерлер бір-біріне қалжыңдап, көңілді отырады. Біреуі ақ қағазға сурет салады. Режиссер: «Мына жерде қысқарған мәтіндердің бәрін актер ойынымен толтыру керек. Бәрін зуылдатып сөйлете берсек, онда ойынға не қалады?!», – дейді. Пьесадағы сөз қайталауды актерлердің өзі қалт жібермей, нұсқап, сылып тастап отырады. Талғат аға пьесаны дауыстап оқиды. Тыңдап отырған актерлер сол образды бейнелеп, бір-біріне қарап, жиі-жиі мимика жасайды. Талғат аға актерлерге кейіпкер пластикамен айтады, көрермен оның не айтқанын білмейді, бірақ топшылайды деп үйретеді. Актер қауымы пьесаның бұрылыстарын дәл аңдап, дәл ескерту айтып отыруға дағды алған. Жазушыдан драматургке өткен ағайын қызыл сөздің сұлулығына елтіп, артық қолданған жерін жонып тастауға әсте қимайды. Абайша айтса: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын». Сырым Қашқабаев: «Осы судың бәрі керек пе, Талғат аға?» десе, бас режиссер: «Керегі жоқ»,– деп тез келіседі. Пьесаның оқылу процесі шығарманы дереу редакциялаумен тең. Драматургия жанрын ең күшті талқылайтын бас режиссер және актерлер. Авторы алғашқы оқылу сәтіне қатысып отырса, сынға шыдамай, аңырап, безіп кетер ме еді деп ойлайсың. Логикасы дұрыс, ақылды адам болса, текке тырысып қыңыраймай, өзгелер кем-кетігін шебер жөндеп бергеніне бек риза болуы да әбден мүмкін.
Талғат аға эпостық детальды өте жақсы көреді. Авторда жоқ эпосты қосады. Бұл – тамаша үйлесім. Ескі сөздердің этимологиясын іздеп, таппаса актерлерге жария етеді. Осы аптада пьесаның қаңқасын 80 пайыз келтірдік деп мәлімдейді. Рөлдерді бөліп оқу мен үшін аңсарлы әдебиет дәрісі. Аңдасам, труппа классиканың әсерінен ауыздығымен алысып, ұлы дүбірге, бәйгеге шабар жүйріктердей тықыршып отырады. Ауық-ауық рөлге еніп, образды түрлендіріп жібереді. Олар бірге пьеса оқығанда үнемі ойнақы, ойнап, күліп, қалжыңға сүйеп отырғанды ұнатады. Музыка ойнаса, бірен-саран актер үстел басында билеп, бірі қолжазба оқиды. Үзілісте Жанқалдыбек күлкі шақырады. Ләйла Ақназарқызы бас режиссерге: «Маған текст жетпей жатыр, монолог керек» деп мәлімдейді.
Талғат аға рөлді актерге сіңіру үшін әуелі сұрақ қойып, жауабын өзі береді: «Қазақтың қарғысын білесіңдер ме? Көзің ақсын дейді. Анасы соқыр болуы да мүмкін. Мен көзі көрмейтін адамның тіп-тік болып таяқпен жүргенін көрдім. Соқыр адам сүрінбейді. Режиссерлік көру бар, актерлік көру бар. Түнімен ойласаңдаршы». Астары тұңғиық сахна шындығын режиссер әр сәт сайын тиянақтап, буыстырып-түйістіріп қояды. Режиссер шынайы суреткер болмаса, тірі спектакль тумайды.
Актер қауымы үстел басында образға еніп, дауыс ырғақтарын сахнадағы сияқты салып отырғанын бақылау қызық көрініс. Жас актерге режиссер:
«Сен бірден нәтижесін көрсетіп, ойнап тұрсың» деп сын айтады. «Өзгер. Еркеле. Күлкі арқылы. Театрлық декламация, соны майдан қыл суырғандай алып таста. Актерлік бояу үнемі өзгеріп отырады. Үдемелі қалып керек. Қашанда бір сөзбен айтса актер өледі». Репетицияда салтанат бар. Образдың әр сәтін режиссер салып беруге жаралған. Бұл – өте қиын процесс. Зергерлік өңдеуге пара-пар. Пьесаны дайындаудың ішкі кухнясы өте қызық. Репетиция кезінде актерлер сальтоны көп жасайды. Ересектердің бұл балалық мінезі өнердің күн сөнгенше сөнбейтін тағажайып мереке екенін білдіреді. Ойнақылық, өмірге ғашықтық. Театр – мемлекет ішіндегі мемлекет, тұтас бір планета, бір дәуірдің суреткерлік өмірі. Дәуір реңкін беру сахнада қиын, сондықтан драматургияда жасандылық көп кетеді. Театр алақанға салғандай көрініп тұрады. Пушкинше айтсақ, театр кеңістігі «У лукоморья…», оның қандай киелі мекен екенін айту үшін үлкен трактат жазуға болар еді. Театр шымылдығын ашса, қылқаламның қас шеберлері Гюстав Доре және Латиф Казбеков салған иллюстрациялар сияқты құдірет, бұл аллегориялық көркем сарайда тіпті әліпті таяқ деп танымайтын сауатсыз адамның жаны ізгілік пен шаттыққа бөленеді.
Талғат Теменов – халықаралық кеңістікте фильмдер түсірген үлкен кинорежиссер. Ресейде әріптес достары көп Талғат аға репетицияда кей мезет орысша сөйлегенді жақсы көреді. «Иногда я тупой, тупее всех. Что такая гениальность? Это простота».
Талғат Теменовтың «Қызғыш құс» фильміне түскенде СССР халық артисі Нонна Мордюкова туған әпкесіндей бауыр басып, Жанат Шайкинаны қасынан тастамай алып жүрген екен. Жанат Аңсабайқызы Нонна Викторовна өзіне сырын жасырмай айтып, қимай қоштасқанын, «Москваға келсең, маған кел» деп үйіне шақырғанын сүйсіне әңгімелеп берді.
P.S.
Талғат ағаның кей сәтте, қатты қуанғанда, көңілі көтерілгенде, шеңберге сыймайтын жас баладай мақтаншақтығы, ақкөңілдігі, шарт ете қалса, ашуы жібек орамалдай тез кебетіні, қайтымы тез, кешірімді мінезі, бауырмалдығы, мұның бәрі қазаққа тән, этностың қанында, гендік кодында бар таза қалыбы. Талғат ағаның туа бітті толерантты табиғаты, адамзат нәсілін бөле-жарып жатырқамайтын, қас жақсыны бағалайтын кісілік дегдар мінезі, құтты білімі, рухани талғампаздығы, еуропалық мәдениеті мен жарқылы, таным көкжиегі, іскерлігі, бәрі де оның шығармашылық адамы екенін әбден айғақтап тұрады.
Әдебиет пен өнер алаңы – мылтықсыз майдан. Ол «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген адамсүйгіштік өсиетке адал, қанмен берілетін баба қасиетін пір тұтатын адам. Кең болсаң, кем болмайсың, бірақ… Талантқа құдай дарытқан жақсылықты қимай, өзінің кемталант қораштығынан күйінішті күншілдікке құл, қиянаты өтіп кеткендерді таспен де, аспен де ұрмау керек. Бұл менің ұстанымым. Қас дұшпанмен ешқашан ымыраға келмей, елемей, менсінбей, мән бермей қоя салу керек екенін әбден білемін. Өз жөнімен, өз әлемінде қала берсін.
Талғат аға тілшіге берген бір сұхбатында өзінің бірінші класта бастан кешкен эстетикалық сүйінішін, әсершілдігін айтады. «Ән, әннің сөзі, баланың керемет дауысы әсер еткені сонша, іздеп жүріп тез арада әннің сөзін тауып алдым. Өлеңді енді жаттай бергенімде, әкем мені қора тазалауға жіберді. Қорада бір бет қағазды ілер жер таппадым. Қораны тазалауым керек, өлеңді де жаттағым кеп барады. Біраз қарап, қорада байлаулы тұрған сиырдың мүйізіне апарып өлең жазылған парақты іліп қойдым. Екі қолым жұмыста, басымды көтеріп, қағазға қарап, бар өнерімді салып, шырқайын келіп: – Орленок, орленок, Взлети выше солнца… Сиыр да анда-санда басын екі жаққа кезек бұрып, «тыңдаған» болады. Бір кезде менен жақсы әнші шықпасын ол да білді-ау деймін, басын оттықтан көтермей қойды… Бар ән айту өнерім сол «Орленокпен» аяқталды-ау деймін».
Бұл эпизод ерекше ұнап, түбі кинокомедиялық сценарийіме саламын деп меншіктеп қойдым. Мұны әдебиетте қарыздану дейді. Талғат аға маған сиырдың мүйізіне өлең қыстырып алып, қора тазалап жатып ән шырқаған жеті жасар бала кезіндегі орасан күшті энтуиазмінен түк өзгермеген сияқты көрінеді де тұрады. ҚР Халық артисі, профессор, алыс-жақын шетелге үздік қазақ режиссері болып, мәртебесі асқанымен, бала жүректің мұраты Талғат Досымғалиұлының дүниетанымында баяғыша өзгермей тұрғаны анық. Оның шығармашылық қуатының қайнар көзі осынау елгезек қасиетінде жатқанына еш күмәнім жоқ.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар
сыйлығының лауреаты