Елтай Бимаханбетұлы. Құран – Алланың сөзi
Аса қамқор, ерекше мейiрiмдi Алланың атымен бастаймын. Менiң сөз еткелi отырғаным - 1991 жылы шыққан "Құран Кәрiмнiң қазақша мағына және түсiнiгi" жайлы. Құран - Алланың сөзi. Ал Алла - табиғат пен бүкiл жан-жануар және адамзатқа байланысты тiршiлiктiң иесi. Олай болса, Алланың сөзiнде мiн болуы мүмкiн емес. Сондықтан Алланың сөзiн сынау, одан мiн iздеу - үлкен айып әрi кешiрiлмес күнә. Ол жағынан бiр мұсылмандай хабарым бар. Менiң айтпағым, осы Құранның қазақ тiлiне аударылуы жөнiнде.
Мақсат - бiреудi асыра мақтау немесе даттау емес, Алланың сөзiн мүмкiндiгiнше насихаттау әрi қасиеттеп құрметтеу. Осы ниетпен "Құран Кәрiмнiң" қазақшасын бiр емес, екi рет оқып шықтым. Сондағы менiң байқағаным: кейбiр сөйлемдердiң олақтығы, сөздердiң жұтаңдығы, орфографиялық және тыныс белгiлерiнен кеткен қателерден көз сүрiнедi.

Жалпы, Құранды басқа тiлге аудару оңай шаруа емес. Мiне, осы тұрғыдан келгенде, аудармашы Халифа Алтай да, өңдеушi Дәлелхан Жаңалтай да, редакциялаушы Абдурраһим Алтай да көп қате жiберген. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн "Құранның" басынан аяғына дейiн талдап жатпай-ақ, екi-үш сүрелердегi қателердi көрсетудi ғана жөн көрдiм. "17-I сүресi" (13) "Кiтапбыңды оқы" (Дұрысы - кiтабыңды, Е.Б.), 283-бетте. (23) "Ол екеуiне кiшiрейiп мәрхамет (Дұрысы - марқабат, Е.Б.) құшағын жайды да: "Раббым! Ол екеуi менi кiшкентайда тәрбиелегендей сен де оларды мәрхаметiңе бөлей көр!" (Дұрысы - гөр, Е.Б.) Бұл - 284-бетте. Сондай-ақ, 18-Кеһф сүресiнде (48) "Абырым-ай! (Дұрысы - Япыр-ай немесе япырым-ай, Е.Б.) Бiзге нендей өкiнiм!" (Бұл жерде өкiнiш болуы керек. Е.Б.) деген сөйлем бар. Жалпы, осы сөйлемнiң мәнiне түсiнбедiм. Тағы да 18-Кеһф сүресiнде: "Расында, осы Құранда адам баласы үшiн әр нәрсенi ашық-ашық баян еттiк. Ал адам баласы көп нәрселерде жанжалшыл (54). Қашанда адам баласына тура жетекшi келсе, оларды иман келтiрулерiне және Раббыларынан жарылқану тiлеулерiне кедергi болған нәрсе, бұрынғыларға келген апаттың: өздерiне келуiн немесе азаптың қарсы алдарына келуiн тосулары" делiнген. 300-бетте кездесетiн бұл сөйлемдерден не ұғуға болады?
Ендi 2006 жылы "Құран Кәрiмдi арабшадан қазақшаға аударған және түсiнiктердiң авторы - Қасиеттi Құранды зерттеу-ғылыми орталығының директоры Алауддин Мансур осы "18-Кеһф" сүресiн 18-"Каһф сүресi" деп аударған. Сөйтiп, осындағы 82-аятты былай аударған: "Ендi дуал болса, осы қаладағы екi жетiм баланiкi болып, оның астында олар үшiн бiр қазына бар едi. Олардың аталары өте жақсы кiсi едi. Раббын, олар балиғатқа жетiп, Раббыңның рахмет-мархабатынан болған қазыналарын шығарып алуларын қалады. Мен бұл (iстердiң бiреуiн де) өзiмше iстегенiм жоқ. Мiне, осы сен сабырлық етуге шыдамың жетпеген нәрселердiң сыры" (Қараңыз, 338-бетте).
Құрметтi оқырман қауым, өздерiңiз де байқап отырған шығарсыздар, бiр аяттың өзiн екi аудармашының аударғаны бiр-бiрiне тiптi сай келмейдi және екеуiнiң айтпақ ойлары да бөлек.
ҚР Мұсылмандарының Дiни басқармасы осының бәрiн неге реттеп отырмайды? Менiңше, бұл мекеме қасиеттi Құран Кәрiмдi араб тiлiн жетiк бiлмейтiн кез келген адамдардың аударуына үзiлдi-кесiлдi тыйым салып, дiндi бизнеске айналдырып жүргендердiң жолын мүлде кесуi керек. Өйткенi басқа жақты бiлмеймiн, ал бiздiң Түркiстанда Құранның қазақшасы 6 000 теңгеден, орысшасы 5200 теңгеден сатылуда. Ал бiздiң мына тiрлiгiмiз - қасиеттi Құранға жасалған қиянат. Алланың сөзi ешуақытта сатылмауы керек. Дiн - мәңгiлiк, ал саясат мезгiл-мезгiл өзгерiп тұрады. Сондықтан Құранның сөзiн сан құбылтып, беделiн түсiрiп, оны бала-шағаны асыраудың жолына айналдырып, саудаға шығару - кешiрiлмес күнә. Осыны ұққанымыз жөн, ағайын.
Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ,
Құрмет орденiнiң иегерi,
Түркiстан қаласы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
«Жас Алаш» газеті