Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық-қанығы 5439 6 пікір 19 Қаңтар, 2018 сағат 10:31

Әйелді ұруға еркекті не мәжбүрлейді?

ТӨЗЕ БІЛЕТІН ӘЙЕЛ –

ЕҢ БАҚЫТТЫ, КЕМЕЛ ӘЙЕЛ!

 

«Қайғы келсе қарсы тұр құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.

Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме».

Абай.

 

«Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес».

Мағжан Жұмабаев. 

 

Келешегім, Алаш ұл-қыздары!

Есті де текті адамның иығына түскен ауыр салмақты қалай болған күнде де шыдамды кісілікпен жеңе білудің үлгі өнегесін оздыра білу кезеңі – ақыл-парасат пен төзімді қайраткерліктің, тәлім-тәрбиенің ұтқырлығы сыналар кезеңі де екені естеріңізде үнемі болсын.

Өлеңшіге өкім жоқ. Себебі болып жатқан азғындауға қатысты ел, ұлт, халық, ұрпақтың қамы үшін өз пікірін ашық айтуға әрі құқылы, әрі міндетті.

Мемлекет іштен шектен тыс іріп-шіріп, аса қауіпті дәрежеде иістенуге байланысты ат қораға айналудың ақыры қай заманда да оның кесапаты зор болғаны белгілі. Неге?

Өйткені қабілетсіз адам көпірме сөзге, құр уәдені үйіп-төгуге айрықша үйір келетіндігін, өтірік айтуға келгенде шебер, көзбояушылық жасауға келгенде аса іскер келетіндігін уақыттың өзі шүбәсіз дәлелдеумен келеді. Ендеше бұндай опасыз іс-әрекеттің салдарынан отбасылық тұрмыс-тіршілік тұралады, көтерем тұқым жұтады, тәлім-тәрбие, тәртіп құрдымға құлады. Әркім өзінше өлместің күйін күйттеп, әупірім деп тіршілік кешуге мәжбүр. Бірақ, ай жарық, ең кедейі де, ең күйсізі де, үйсізі де... текқана қазақ. Бүгін тұрғызылған баспана, мектеп, аурухана... ертеңіне құлап жатыр. Қысқасы, көріпкел Абылайдың түсіне кірген қорқынышты эпизодты еске түсірсек – анығы біз бітудің алдында тұрмыз.

Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды дегендей, ол ол ма, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін мектеп мәселесі, мектептегі білім деңгейі, үштілділік деген саясат, кіріптар, күйсіз ұстаздардың  жұғымсыз жалақысы, елдегі экология, ауру-сырқаудың шектен шығуы, өлім-жітімнің көбеюі, дәрігерлеріміздің сорақы салғырттығы мен надандық күйі, күн сайынғы қымбаттаудың жүгенсіз шарықтауы, кезінде дүркіреп гүлденген ауылдың молаға айналуы, қазақтың басы ауған жаққа босып кетуі... бұлардың бәрі-бәрі ақыл-есі түзу адамды да, жібі түзу қоғамды да бей-жай қалдыра ала ма? Сорақы сұмдық.

Міне, қабілетсіздік жайлаған қоғамның кесапатынан, күллі ұлт, халық, ұрпақ зардап шегіп, ел-жұрт бұрын-соңды естіп-көрмеген қылыстың түрлері шектен шығып, ушығып барады. Әлеуметтік теңсіздік пен әділеттік жайлы әңгіме тағы бар.

Осыған орай өмірлік қиындыққа қарсы шыдамдылық танытуға қатысты, кез келген ауыртпалыққа төтеп беруге қатысты қазақ талқылайтын тақырып бастан асады. Аттың ері мойнына кетуге мәжбүрлеуден әрі аса алмайтын бүгінгі ұлтсыз жабайы қоғамның ұлтқа, ұрпаққа тигізіп отырған аса ауыр қасіреттерінің саны да көп, қатерлі зардаптары да шексіз. Соның бір дәлелі ретінде қазақ отбасында жиі кездесіп жатқан кикілжіңге қатысты аз-маз болса да тоқтала кетелік. Әрбір қазақ отбасын көреген өнегелі іскерлікпен аман сақтап қала алсақ қана, ел басына күн туған кезде олар да елді аман сақтап қала алады.

 Әйелді ұруға еркекті не мәжбүрлейді?

 Келешегім, Алаш баласы, есіңізде болсын!

Өмір – теңіз, адам – қайық.

Өмірлік тіршілік барлық уақытта тақтайдың бетіндей тегіс, араның балындай тәтті болмайды. Өмір болған соң сан алуан қиындықтары – адыры мен бұдыры, суығы мен жымығы, қызығы мен шыжығы, қысқасы, бұның бәрі де кез келген шаңырақ иелерінде кездесетін өмірлік дүние. Бірақ,

Десек те кез келген қиын-қыстауға көне білген, тап болған өмірлік ауыртпалыққа төтеп бере білген, қажымас қайраткер, төзімді, шыдампаз әйелдің ғана өмірлік бақыты баянды, жеңісті жемістері зор болатыны әу бастан әмбеге аян. Бірақ...

Ұлт, ұрпақ үшін керекті дерек қажет пе?

Егер қажеттілікті көріп отырған болсаңыз, қадірменді оқырман, ұлт, ұрпақ үшін аса қажетті дүниелерді көпшіліктің назарына бәріміз де бір кісідей жұмылып, үнемі ұсынып отырудан, елдің көкіреккөзін ашу мақсатында жан-жақты ағартушылық ұлы қызметінен жалықпай, қажырлы белсенділікпен ат салысқанымыз жөн болады.

Ендеше мендегі ұзақ зерттеу кезіндегі отбасы мәселесінің өзекті түп негізіне қысқаша ғана жүгінер болсақ, отбасында болатын қасіреттің көпшілік жағдайда, тіпті бәрі дерлік тек қана әйелдің ең алдымен тілінің ұзаруынан, өзін-өзі қатаң түрде қадағалап, айтқан сөздерін, істеген істерін терең талдай алмауынан... бастау алады. Жауапсыз, опасыз іс-әрекеттеріміздің түбі ерте ме, әлде кеш пе, әйтеуір жауығуды туғызбай қоймайды.

Қазақ қыздары – Айналаңа қара! Құрған отбасың – оттан да ыстық, суытып алма!

Құдай аузына салған болар, немерем Асанәлидің бірде: «Көп сөз – ақылды адастырып, қатардан қалдырады, есептен жаңылтып, ұтымды пайдадан қағады» деген сөзі есте қалды.

Расында да, сөзі аз, үлгілі өнегесі орасан зор, ізденімпаз, кемел, кемеңгер адам отбасын кез келген қатардан, тіпті озық деген отбасының өзінен де оқ бойы оздыра алатыны даусыз ғой.

Барлық пәле «сен өйтпейсің де, бүйтпейсің... Өзгенікі – алтын, менікі – масыл» сияқты діңкілдеп ерегісті кесірге үндейтін, бастағы миыңды ағуға жеткізетін түртпектеген қырсық, қыршаңқы сөзден бастау алып, аяғы ұрыс-керіске айналады. Ұрыс-керіс алғашқы кезеңде сирек, кейін жиі, тіпті күнде, кейде сағат сайынға ауысады. Еркекке, әсіресе балаларының көзінше намысына тиетін боқтық сөздің небір анайы түрлері қарша борауға жетеді. Бұл өз кезегінде, сөз жоқ, әке-шеше арасындағы жылуы, әсіресе әкенің көңілі суый бастайды. Отбасы жылуы мұзға айналып, қатыгездік орын алады. Мүлде жылымайтын қара тасқа айналып, ынтымақты жылудың қалпына қайта оралмас күйі жүрек түбіне ұялайды. Кектенудің бурадай бұрқасынын оятады, ұлғайтады, ушықтырады. Шыны шытынап, бомба жарылады. Сонда ерін отырса – опақ, тұрса – сопақ етудегі әйелдің көксегені не? Есек ету ме? Әлде, үйден қуу ма? Бұл қандай даналыққа жатады? Отбасына қарап бала өседі. Біз ұрпаққа қандай текті үлгі, өнеге көрсеттік? Ертеңгі күні көргенін қайталайды ғой. Міне, бұлардың бәрі де түптеп келгенде шектен шығып, еркек түбегейлі араққа салынуға, қылмыстық әрекеттер жасауға итермелейді, арты орны толмас қасіретке ұласады. Қасіреттің ең ауыры сәбилер өлшеусіз зардап шегеді, көңіл-күйі шектен тыс күйреп, денсаулығы бұзылады, бақытсыз өмір кешеді... Қасқыр да ұясына қастық жасауға бармайды... Әке мен шешенің махаббат-мейіріміне бірдей қанықпаған сәбилердің келешегі қалай болмақ? Бұл сонда кімге тиімді?

Адамзат баласында не көп, ой көп, мақсат көп. Алаш алыптары мен ата-бабаларымыз бізге міндетті түрде қапысыз орындауға қалдырған алтын аманаттары тағы көп. Сондықтан біздің, бүгінгі исі қазақтың ең негізгі ұлы мақсаты – денсаулығы нық, ең мықты ұлт, жаһандық бәсекеге қабілетті, білімді, білікті, күрескерлік белсенділігі кемел, рухы асқақ, сапалы ұрпақ қалыптастыра білудің өнегелерін қайткен күнде де оздыра білу, дұшпанымызды күйіндіру, досымызды сүйсіндіру емес пе?!

 

Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс

 

Сорлы қатынға тап болсаң, күйкі өмірің жұтамай, ұл-қыздарың сорламай қалмайды.

Мәселен, отбасында әйел күйеуінің үнемі құлақ етін жеп, жүйке-тамырын мыжып, тезірек тозуға жеткізіп, тыныш жатқан жынын еріксіз қоздырып, ашу-ызасын шектен шығарып, түбегейлі күйреуге, отбасындағы жылылық құрып, жауығуға түсірмей қоймайтыны даусыз. Сөйтіп, ақырында еркек өз әйелін ұрып-соғуға мәжбүрлейтін, басқа да адасушылық әрекеттерге итермелейтін тек қана отбасындағы әйелдің кесірлі тілінен, тәрбиесіз мінезінен, ақыл-санасыздықтан, ұлтсыз, тексіз, тәрбиесіз, мәдениетсіз, мәңгүрт, көргенсіз болмысынан екені айдан да анық ақиқат.

Ақылы жоқ адамдардың – ел, ұлт, ұрпақты аздырмай қоймайтын кесапатты әрекеттері зор болады.

Ол ол ма, қазақ қауымындағы қыз, әйел біткеннің бәрі де қит етсе «тең праволымын», «не істесем де өзім білемін» дейтұғын аса апатты өзімшіл айықпас дертке ұшырап, ұлттық озық құндылық пен имани асылдық атаулының бәрінен де ажырау кесапатынан екені, сондай-ақ, әйел барлық уақытта өзін-өзі тек жоғары санап, отбасын үстемдікпен билеуге опасыз құмарлығының айрықша артуының апаты тағы бар. Қазақтың түбіне түбегейлі жетіп жатқан да осы апаттар. Сайып келгенде, бұндай әйелдердің қазақ ұлтына, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне, отбасына айрықша іңкәрлікпен кіршіксіз адал болу, ел, ұлт, ұрпақ қамы үшін мінсіз қызметтің ең озық өнегесін көрсете білу деген сияқты қағидалы ұғым-түсініктің де, патриоттық қасиеттің де олардың ой санасында, өн бойында мүлде болмайды. Жат елдің еркектеріне күйеуге шығып, байтақ елдің, ұлттың абыройын ессіз-арсыздықпен аяққа таптап жатқан да, көрге тірілей көміп жатқанда солар. Сонда бұлар әке-шешесіз күйде өскен бе, қалай? Бар болса, қызымен қоса, олар қатаң жазаға неге тартылмайды? Олар қай бетімен, қалайша жер басып жүр?

Міне, бұлардың бәрі – бұлтартқысыз шындық.

Сонымен қатар елді жайлаған ұлтсыз, тексіз, тәрбиесіз, күрессіз... еркек өз отбасына да, Отанға да тірек бола алмайды.

Шындығында да ұлтсыз, жігерсіз, күрессіз, мәңгүрт еркектің өзінің отының басына ие бола алмауының, бала-шағасын өнегелі ұтқырлықпен басқара алмауының кесапаттары жайлы ең қасіретті әңгіме өз алдына ерекше бір төбе. Өйткені бүгінгі еркекке қатысты мәселе – өткен тарихымызда бұрын-соңды болып көрмеген сорақы сұмдыққа айналып отырған, теңдесі жоқ жойқынды ұлттық қасіретке айналып отырған, ең өзекті мәселе, міне, осы.

Бұларды мемлекеттік дәрежеде шұғыл түрде қолға алып, шешу қажеттігі кезек күттірмейтін стратегиялық  өзектітағдыршешті мәселелердің бірі.

Апыр-ай, шындық қаншама аса ауыр болса да, істеген опасыз әрекеттерімізді дер кезінде мойындай білудің өзі де, бұл – ерлік. Кейін сол опасыз бағытты шұғыл түрде жақсы жаққа қарай өзгертуге, жаңаша озық өмір сүруге, өзін-өзі жетілдіре білуге құлшына білудің өзі де, бұл – ірі кісілік.

Қазақ қауымында «Адасқанның айыбы жоқ – қайтып үйірін тапқан соң» дейтін аталы сөз бар. Демек, әйел болсын, мейлі еркек болсын өз қатесін өзі біліп, ақыл-есін, етек-жеңін ыждаһатты күймен жинап, серіппедей серпіліс пен сілкініске түсіп, өмірлік бәсекелі жарысында қатар-құрбы, замандастарынан оқ бойы өзін де, бала-шағасын да оздырып жатса, бұл – теңдесі жоқ ғанибет қой! Сонда ғана ендігі жердегі өміріміз жаңа бағыттың озық жаңаша арнасына тезірек түсетіні ақиқат. Қысқасы, бүгінгі қазақ еліне «Алаш отбасын асылдандырмай өлмеймін!» дейтін қайраткер, текті ұлдар мен қыздарды қаулата білу ауадай қажет.

Әлбетте, қайткен күнде де, өмірлік ағымды озық дәрежеде жаңаша жаңарту мен жақсарта білуге ыждаһаттықпен құлшыну, биік белестерге іңкәрлікпен ұмтылу, бұл – жақсылықтың нышаны.

Ең бастысы әйел бақыты – отбасы бақыты екенін дұрыс ұғынып, терең түсініп, сол айтулы үздік бақытқа қалай болған күнде де қол жеткізе білу жолында жанқияр мүдделілікпен күресе білу, бұл – бақыт атаулының ұлысы.

Сондықтан да ендігі ағымдағы уақыттың бәрінде адастырмайтын ұлттық ұлы компосты қолға ала отырып, даналық пен ұлылықтың сара жолына түсу үшін, төмендегі ақыл-кеңестерді қазақ қыздарының, әсіресе отбасын құрған әйелдердің назарына ұсынғанды жөн санадық.

Сөздің шыны керек, ұсынғалы отырған жанашырлық ақыл-кеңестеріміз қазақ қыздары, ұлтсыздықпен, тексіздікпен, тәрбиесіздікпен... мәңгүрттенудің аса ауыр кесапатты қасіреттерінен шұғыл түрде арылып, ұтымдылықпен жаңаша жаңғырудың да, жаңарудың да, асылданудың да, кемелденудің де ең төте жолы, дана бағыты екенін көрсету.

Әлбетте өзінің ұлтсыз, әлсіз... дәрежедегі әке-шешесінен, ата-әжесінен міндетті түрде оза білу үшін алдымен бойжеткен қыз заман талабына сай өзін-өзі тәрбиелей білу, тілі мен мінезін қатал тезге сала отырып, жөнге түсіріп, дара жолға сала білу, ақырында қатар-құрбы, замандастарынан оқ бойы оза білу, бұл – текті кісіліктің белгісі. Бұл – кемел ізденімпаз, қайсарлықтың айнасы.

Сонымен...

 

Ел үлгі-өнеге тұтуға,

ұлт анасы болуға қандай әйел лайық?

 

Әйел тілі қысқа, кешірімпаз,

Әдебі нұсқа, білікті талғампаз,

Отбасын сақтай білуде сабырлы,

Түсіністік пен ұстамдылықта шыдампаз,

Ашу-ұрысқа түспейтін ізденімпаз,

Өсек-аяңға ермейтін озық тәрбиелі,

Азғындауға бармайтын салмақты,

Мейірім нұрын айнала төгетін ақылды әйел,

Алаштың тұқымын көктетіп, өрбітуге құмар,

Отбасын қайткенде де бақытты етуге құштар,

Адал ананың ақ уызына толыққанды жарыған,

Инабатты, ибалы қыз, әйел, бұл – ең дана әйел!

Бұндай әйел – ұлт анасы болуға ең лайықты әйел!

Бұндай текті әйелі бар қазақтың отбасы өнегелі,

Ұл-қыздары мен немере-шөберелері ұлағатты,

Қоғамдық ортада абырой-беделі аса жоғары,

Өмірлік бақыт жұлдызы қашанда асқақ болады.

Келешегім, Алаш ұлы мен қыздары, есіңізге сақта!

Сіздер ең алдымен бір-бірлеріңізді мінсіз дәрежеде жанқиярлықпен қорғай білуге келгенде, қастерлей білуді оздыра білуге келгенде теңдесі жоқ ұлттық тұлғаға айналуға, кемеңгер пана болуға айрықша міндеттісіздер. Адасуға ешқандайда қақымыз жоқ. Өйткені, Ар алдында – Дар алдында тұрсыздар. Бұны өле-өлгенше ұмытпа! Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық намысты мінсіз қорғай білуде, арды кіршіксіз сақтай білу де, отбасын бақытты ете білу де – ерлік! Үшіншіден, текті көрегендік пен есті кісілікке лайық даналылығы мен өнегесі зор, ұлағаты мол, ізденімпаз да кемеңгер әке-шеше бола білу, қалдырған ізі ұрпаққа өнеге, өсиеті үлгі, абыз ата-әжеге айнала білу – нағыз кемелдік! Төртіншіден, өткен ата-бабалармен емес, ендігі жерде, ХХІ ғасырда тек текті, жан-жақты білімді, білікті, кемеңгер тұлға етіп өрбіткен ұл-қыздарымызбен, немере-шөберелеріміз, шәкірттерімізбен ғана әлем алдында тік тұрып мақтана алатын, марқая алатын алтын үрдістерді тезірек орнықтырып, оздыра білу – көсегені көркейтетін көсемдік! Бесіншіден, күллі ұлт, халық, ұрпақ алдындағы қарызымыз бен парызымызды мінсіз дәрежеде өтей білу – қыл көпірден сүрінбей тек қана аса айрықша мәртебелі абыроймен өте білу екенін ешқашанда ұмытпа, алтын келешегім! Алтыншыдан, «Қазақ елі, әлемдік 30 елдің қатарына, тек қана 30 миллион қазақпен қосыл!» пәрменді ұлттық ұлы ұсынысты жүзеге тезірек асыру мақсатында бәріміз де жұдырықтай жұмылып, ерекше жанқияр белсенділікпен ат салысу – бар қазақтың алдында тұрған ең алтын әрі ұлы міндет! Жетіншіден, қазақ халқы тек көшбасшы болуға лайық кемеңгер ұл-қыздарды қаулата білуге ғана жаралған!

Қазақтың санының өсуі де, өшуі де, ұлтын жанындай ерекше күймен сүйе білетін, патриоттық рухы асқақ, текті қыз-келіншектердің ерекше мүдделі белсенділігі мен қажымас қажырлылығына байланысты.

Иманға, тәубеңе кел, аяулы ару, сүйікті қыз-келіншектер!

Сіздер қоғамның гүлісіздер! Ерте солмаңыздар, ұлт келешегін терең ойлаңыздар. Сіздер ең мейірімді апа, жанашыр қарындас, мәңгілік асыл жар, аяулы да ардақты ана, өнегелі алтын әжесіздер. Жаңа ғасыр – жаңашыл жасампаздық пен бастамашыл жаңа патриоттың айрықша белсенділігін күтеді. Отбасында өз ерлеріңізді қастерлеп, құрметтей біліңіздер, сүйіңіздер. Қоғамды, әсіресе еркекті терең тебіреніске, жаңа сілкініске түсіре отырып, бірге сырласыңыздар! Бір-бірлеріңізге айнымас жанқияр тірек, суыспас мәңгілік сүйеніш бола біліңіздер. Адамзатта көпбалалы бола білу, теңдесі жоқ ең игілікті ұлы істердің ішіндегі әйел бақыты – әлемдік ұлы бақыт!

Өмірге бала әкелу – өмір мен өлімнің арпалысқан сәттегі ең қауіпті қыл көпірлі тажалынан аман қалу, кейін оларды қажымас ізденімпаз іскерлікпен аяғына тұрғызып, көреген кемелдікпен сан салаға самғата білу – көзсіз ерен ерлік екенін жақсы түсінеміз.

Алайда соғыста батыр болу – бір сәттілік, уақытша ғана батыр. Адал, шын батыр – өмір бойына, өле-өлгенше жанқияр халықшыл, шыншыл, турашыл, күрескер, қайраткер болады. Бүкіл ел, ұлт, ұрпақ, шәкіртті бақытты ете білу мақсатында өмірлік шындық үшін шайқасып, ақиқат үшін айқасып, аттан бір сәтке де түспей тәуелсіз елдік үшін алысып өтеді. Қаһарман батыр – күрескер батырлық пен принципшіл асыл азаматтықтың озық үлгі-өнегелерін бүгінгі және келешек ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеміз, шәкірттеріміз үшін үнемі жетілдіре отырып, құрыштай шыңдап, оздырып өтеді.

Ал Сіздер, ақ жаулықты аналар, мәңгі қаһарман батырсыздар! Сіздер жанқияр күйдегі  күрескерсіздер! Сіздер қажымас қайсар қайраткерсіздер! Сіздер өмірлік қаһарман батыр бола білудің алтын символысыздар! Көпбала өрбіте білу даналығын оздыра түсіңіздер!

Қорыта келгенде айтарымыз: «Шығармашылық иесінің бақыты – тақырыбын табумен байланысты» демекші, Ұлы Даланың қазақ ұрпағының, әсіресе аруларының ең ұлы мақсаты – ХХІ ғасыр сахнасында өз дара жолын қапысыз тауып, дана жолдың сара арнасына түсіп, қазақ деген Мәңгілік елдің Көкбайрағын желбірете білу, бүткіл ел, ұлт, ұрпақ, отбасы мәртебелі абыройы мен мерекелі мерейін көкке асқақтату бағытында әлем жұртшылығын таңқалдырмай қоймайтын дәрежеде бола білу болса керек.

Олай болса, осынау ұлы жолда аянбай өлшеусіз тер төгіп, елеулі үлес қосып, Қазақ елінің болашағын баянды ету, Тәуелсіз елдігімізді тұғырлы қып, мәңгілік өркениетті ел боп қалыптаса білудің жолында намысты жанып, мінезді түзеп, бірімізді-біріміз өнегелі қайсар белсенділікпен үнемі қамшылап, жаңаша озық та өнегелі, үлгілі өмірмен алға нық қадам басуымыз қажет!

Көсегесі көгеріп, көркейіп, гүлденген іргелі ел боламыз десек, ерін қастерлей білуде жаман аты шықпайтын тәрбиелі, көркем мінезді, ибалы, инабатты қызды, отбасына мінсіз қорған бола білуге лайық күрескерлік өнегесі зор, кемел ұлды қаулата білейік, қазақ!

Бұл әке-шеше мен ата-әже үшін теңдесі жоқ мәртебелі абырой және екі дүниенің де ең жарқын бақыты!

Молдағали Матқан, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір