Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дін 19478 17 пікір 5 Ақпан, 2018 сағат 10:17

Қытайдың діни саясаты

Қазіргі  таңда  дінтану ғылымы үшін  көрші елдердегі діни ахуалды, мемлекет  және  дін қатынасын зерттеу  маңызды. Бүгінгі  өзгермелі заманда көрші елдердегі саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени үдерістерді  талдап зерделеудің маңызды екендігі даусыз. ҚХР - елімізге іргелес көрші, әрі  стратегиялық  әріптес мемлекет. Қазақстан  мен  ҚХР Шанхай ынтымақтастық ұйымының  мүшелері, сондай-ақ, "Жібек жолы  және  бір  белдеу  мен  бір жол" жобасына қатысушы  елдер. ҚХР 1949 жылдан бері коммунистік идеологияны ұстанатын атеисттік ел. Ел халқының  5%-христиан,1-2%-мұсылман. Gallup international  аналитикалық  орталығының  2008, 2009 және  2015 жылдары жүргізген  сауалнамасы бойынша қытай халқының 7% - дінге сенеді.

Ел аумағында буддизм, даосизм, конфуциандық, христиандық, ислам  діндеріне  рұқсат етілген. ҚХР  жалпыұлттық діни  қауымдар: Қытай будда  қоғамы, Қытай дао қоғамы, Қытай  ислам  қоғамы, Қытай  католик патриоттық қауымдастығы, Қытай христиан патриоттық қозғалысының  комитеті, Қытай христиан  қоғамы, Қытай католик епископ колледжі  өз  жарғыларына  сай  басшылары мен  басшы органың  сайлау  құқығына  ие. Елдегі діни  оқу орындарының саны жетпістен асқан. 2017 жылы шілдеде Қытай  коммунистік  партиясының  орталық  комитетінің  ресми  баспасөз  органы «Цюши»  журналында партия  мүшелерін діннен  бас тартуға шақырды. ҚКП мүшелері өз ұстанымында марксшіл-атеист және партия  ережесіне бағынуы, әрі  коммунистік идеологияны ұстануы тиіс және партия мүшелеріне діннен құндылық тірек іздеуге  тыйым  салынады. Ресми  билік дінді жария ұстану ҚКП бірлігіне нұқсан келтіреді және  аймақтарда сепаратистік  көңіл-күйді оятады деп  санайды. ҚКП мүшелері - 88,7 миллион. Елдегі  діндарлар өз сенімдерінен елдің өркендеуі  және әлеуметтік үйлесімге шақыратын ілімді іздеуі  тиіс. Елдегі дінді ұстану партия белгілеген шектеулі тұрғыда  іске  асады. ҚХР  мемлекет  пен  дін  қатынасын  бірнеше  кезеңдерге бөліп  қарастырған  жөн. Мәдени төңкеріс  кезеңінде дін  саласын партиялық-мемлекеттік  реттеу; 1977-1983 реформалық  өзгерістер  уақытындағы дін саласын  реттеу  тетіктерін  жетілдіру  және шет  елдік миссионерлер қызметіне  тыйым салу; 1984-1990  жылдардағы  дін  саласындағы мемлекеттік  саясаттың  үрдістері; 1990-2003, 2003-2012, 2013-2017 жылдар аралығындағы мемлекет    пен дін қатынасының  реттеу  мен қадағалауға  қатысты қытай  коммунисттік партиясының  ұстанымдары. Мәдени төңкеріс уақытында  дін  феодалдық  құрлыстың  сарқыншағы  ретінде  қарастырылып, дінді  әкімшілік-әміршілік жолмен  жою  әрекеті жасалды. Бұл  саясаттың салдары  дін қоғамдық  өмірден шеттетіліп, әрбір адамның  жеке  өмірлік  ұстанымына  қарай ауысуымен  ерекшеленді. Қытай билігінің дін  саласындағы  жүйелі  саясатынының  нәтижесінде діндарлықты сыртқа  жария көрсетпей  іштей сенім  негізінде    жасырын  ұстану  мәдениеті қалыптасты. Социалистік қоғам  өміріндегі  діннің орны  туралы  саралайтын  болсақ, қытайлық солшыл бағыттағы  қайраткерлер  дін  қытай  қоғамының  жаңғыруына кедергі келтіреді, сондықтан дінді  адам мен  қоғам өмірінен аластау  қажет деп  тұжырым жасалды. Реформалық өзгерістерге сәйкес дін  саласын реттеудің  заманауи  құқықтық және  әкімшілік  қырлары  жетілдірілді. Модернизацияның алғашқы жылдарында реформаның  бағыт-бағдарына жауап беретін  діни саясаттың  жаңа  курсына  қатысты  біртұтас  позиция  айқындалмады. ҚХР  билігі салиқалы және тұрақты ішкі діни  ахуал   халықаралық  қатынастағы  елдің  имиджімен байланысты  екендігін түсінді. Ең алдымен шет  елдік инвесторларды  тарту  үшін елдегі діни  және  атеистік топты   ымыраға келтіру  іске  асырылды. Діннің қоғам  тұрақтылығы мен мемлекеттің  қауіпсіздігін  сақтаудағы  рөліне қатысты  түрлі тараптар  оң түсіністікке  қол жеткізді. Дэн  Сяопиннің  реформалық  және  ашықтық бастамасы қоғам өміріндегі діннің қызметін  ғылыми  зерттеуге  жол  ашты. Қытай  қоғамын  модернизациялау  жағдайында 1977   жылы  жұмысы  қайта жанданған әлемдік  діндерді  зерттеу орталығы елдегі діни  ахуалды талдамалық зерттеумен  айналысты. 1978 жылы  атеисттік  ұстанымды  мемлекеттік  мүддеге орай  негіздейтін қытай  атеизм  ғылыми  қоғамы құрылды,1979 жылы осы  орталықта қытайдағы діндерді зерттеу бөлімі ашылды. Елдің  ірі  қалалары  мен  өңірлердегі  діни жағдайды  талдайтын орталықтар құрылды. 1980  жылы Шанхайда дін саласын зерттеу орталығы құрылды. Мемлекеттік  және  партия  қызметкерлерінің  идеологиялық  көзқарасын біріздендіру мен бірыңғайландыру  мақсатында  қаулы-қарарлар қабылданды. 1982 жылы қабылданған  конституцияда компартия  мүшелеріне дінді ұстануына тыйым салынды. ҚХР  ҚКП «Біртұтас  майдан  бөлімі» дін  саласын  қадағалайды. Партия  қызметкерлері  арасында христиандықты  ұстанушылар  қатары  өсуде. Дін  саласы  мемлекеттің ішкі  тұрақтылығы  және  ішкі саяси процес  деңгейіне  тәуелді. Сондықтан дін  саласын  мемлекеттік реттеу  социалистік қоғамның  өркендеуі  жолында  халықты  біріктіру үшін  қажеттілігі айқындалды. Қазіргі  заманда Қытайдың  дін  саласын  реттейтін қаулы-қарарлары  төмендегідей: 1982 жылы  қабылданған  ҚКП ОК №19  құжаты; 2015 жылғы ҚХР мемлекеттік кеңесінің  «Діни  қызмет туралы ережесі»; ҚХР дін  істері  басқармасының  және аймақтардағы бөлімдерінің  ресми  қаулылары; Діни жұмыс  бойынша  бүкілқытай  жиындарының қарарлары. 2015  жылы  ҚХР  мемлекеттік қауіпсіздігі  туралы  заңының  27 бабында  діни сенімді  қолдану  жолымен  қылмыстық  әрекет  жасауға мемлекет  тарапынан  тосқауыл қойылатындығы  көрсетілген. 2015 жылы  мамырдағы  Қытай коммунистік  партиясының  «Біртұтас  майдан туралы ережесінде» ұлттар және  діни ұйымдармен жұмыс  бойынша мемлекеттік органдар және ұйымдар  жұмысын  үйлестіру міндеті қойылды. Бұл  құжатта діни көзқарасты  құрметтеу, саяси  бірлікті  сақтау, діни  ілімді  заман талабына  сай  түсіндіру, партия мен діни  қауымдар бірлігін  нығайту, шет елдік ұйымдардың дінді бүркеме  ретінде  қолданатын  әрекетіне  қарсы  тұру жолы қарастырылған. Діни жиындар  мен мерекелерді өткізу  тәртібі мен  қауіпсіздік техникасы егжей-тегжейлі  сараптаудан өткізілді. Діндар  және діни ғибадатқа  қатысатын мемлекет қызметкерлері қоғамның  діндарлық  деңгейінің  өсуіне  ықпал  етуі  анықталған соң инспекция дінге жақын мемлекетттік  қызметкерлермен  арнайы  жұмыс  жүргізеді.

Қытай жеріне  ислам діні  Осман халиф тұсында құрлықта Синьцзян және  теңіз жолымен оңтүстік-шығыс теңізі арқылы  енген. ҚХР-да  тұратын 56 ұлттың  10-ы  мұсылман  текті ұлттар (ұйғыр, қазақ, өзбек, қырғыз, татар, салар, тәжік, хуэй, дунсян, баоан). Хуэй (дүнген) қытай тілді  мұсылман. Хуэйлер қытай әліпбиін қолданады. Олар  Нинся-хуэй автономды ауданында  және Гансу, Хэбей, Хэнень, Юньнань, Шандун  елді  мекендерінде тұрады. Хуэйлер  бірнеше  этнографиялық топтарға  бөлінген. Олардың  Қытайдың заң шығару және  атқару билік орындарында өкілдері бар. XVII ғасырда өмір  сүрген Аппақ қожа қызметі және  шет елдік сопылық ілімді таратушылардың  ықпалымен Қытай  мұсылмандары арасында  сопылықтың  жахрия және  хуфия топтары қалыптасты. Сонымен қатар, нақышбандия, кадирия, кубравия тариқаттары бар. Мәдени  төңкеріс жылдары  қажылық парызын  орындауға тыйым салынған болатын. Тек  1980  жылы қажылық  парызын  атқаруға  рұқсат берілді. 1983-87 жылдары  мұсылмандар  тұратын  аймақтарда құран курстары ашылды. Қытайдағы мұсылман  әйелдер  мешітін ахун басқарады. СҰАР аймағында діни  ұстанымның  әсіре белсенді түрінің көрініс  беруі орталық және  аймақтық  билік тарапынан  алдын-алу  іс-шараларын жүйелі  жүргізуге  түрткі болды.

2006 жылы қабылданған «Мұсылман  дін  қызметкерлерін  аттестациялау  және  имамдыққа  тағайындау  ережесіне»  сәйкес арнайы  куәлік  берілген  соң  ғана  имамдық қызмет  атқаруға рұқсат  берілді. Имамдық  қызметке  тағайындалу  үшін үміткер араб  тіліннен, ислам  тарихы, құран  ілімі, қытай  тілі  мен  тарихы, заманауи  саясат пәндерінен  емтихан тапсырады. Діни  басқарма  және  дін  істері  комитеті ұйымдастырған оқу курсында емтихан  тапсырған имамдар  арнайы құжат алады. Медресе  түлектеріне  шапан  киюге  және  сәлде  орауға  рұқсат  етілді. 2001 жылы  құрылған ислам білім  беру  ісі  комитеті  оқулықтарды  аударуға  жауапты. 2008  жылы СҰАР  сепаратизм  және діни экстремизмге  күрес  мақсатында партия мүшелеріне, әскери  қызметкерлерге, мемлекеттік  қызметкерлерге ораза  ұстауға  және діни  ғибадатқа қатысуға  тыйым  салынды. 2017  жылы сәуір  айында СҰАР қоғамдық  орындарда  ұзын сақалға  және  қысқа  балақ  шалбар  киюге, паранжа, никаб киюге және  18 жасқа толмағандар  мен  мемлекеттік қызметкерлерге  мешітке  баруға тыйым салынды. Заңды бұзғандар  қайта  тәрбиелеу арнайы лагерлеріне жіберіледі. Ұзын сақалмен, қысқа балақпен және  паранжамен  қоғамдық көліктерге  отыруға  тыйым салынды. СҰАР діни  және ұлттық құрамы  42%-ұйғыр, 6%-қазақ, 1%-қырғыз, 1%-тәжік, яғни мұсылман  халықтары, ал 50% ханзу ұлтты құрайды. Қытайлық  Памирде исмаилиттік  қауымдар бар. СҰАР  және  тибеттің  діни және ұлттық  құрамын өзгерту мақсатында  бұл  аймақтарға ханзу ұлтының өкілдері  көшірілуде. 2014 жылы Юньань ауданында болған террорлық шабуылдан  соң  антитеррорлық  іс-шаралар күшейтілді. Студенттер мен  оқушыларға ораза ұстауға  тыйым  салынды. Неке қию дәстүрін  ресми бекітілген  молда және жергілікті  партия ұйымының өкілі  қатысуымен өткізетін болды. 2016 жылы  кәмелеттік жасқа толмағандарды діни қызметке тартуға  тыйым  салынды. 2017 жылы сәуірде діни  есім қоюға  тыйым салынды. 2018 жылы Ганьсу  ауданында  мектеп оқушыларына қысқы  демалыста  діни ғимараттар  мен  діни оқу орындарына  баруға тыйым  салынды. 2018 жылы қаңтарда  СҰАР аймағында  аңду және бет-жүзді аңықтау жүйесі  еңгізілді. Бақылау жүйесі  субъектілер «қауіпсіз  аймақтан» (үй, жұмыс орны)  300 метр алшақтаса,  құзырлы  орындарға хабарлайды. СҰАР аймағында қауіпсіздікті  сақтау  мақсатында16-65 жас  аралығындағы мұсылмандардың ДНК үлгісі  алынып, көлік  құралдарына  GPS  орнатылады. Билік  үкіміне  келіспеген  мұсылмандар Қашғар қаласында орналасқан саяси  білім беру лагерлеріне қайта тәрбиелеуге  жіберіледі. Білім  беру лагерлерінде  революциялық және патриоттық  өлеңдер  мен қытай коммунистік  партиясының  қаралары  мен  шешімдері оқытылады. Білім  беру лагерлерінде  саяси  тәрбие  жұмысы  қытай  тілінде  жүргізіледі. Қазіргі  кезде  орталық  биліктің  күш-жігері жаһандық терроризм және  радикалды идеологияның  аймақ  мұсылмандары  арасында  таралуына  тосқауыл  қою  мақсатына  жұмылдырылған. Жаһандық әртектілік пен түрлі жобалардың идеологиялық-ақпараттық бәсекелестігі уақытында бүкілқытайлық  біртектілік  пен  мемлекеттік идеологиялық  сәйкестілікті сақтау  коммунистік партия ұйымдарының  басты  жұмысына айналуда. 2017 жылы наурызда  Пекинде өткен бүкіл қытайлық  халық өкілдері  жиналысының кезекті пленумында қоғамдық тұрақтылық пен бірлікті  сақтау үшін ұлы  темір қорғанын тұрғызу ұсынысы  айтылған болатын. 2018 жылы қаңтарда СҰАР бүкіл қытайлық  халық өкілдері  жиналысының кезекті  сессиясында  қауіпсіздікті нығайту  мақсатында  5,7  мың  шақырым  шекараға  жаңа темір қорған  салу керектігі  айтылды. СҰАР мұнай және газдың ірі қорларының  табылуы аймақта  қауіпсіздікті  жетілдіру  іс-шаралары  жан-жақты  және жүйелі түрде  іске  асырылатын болады.

Тибеттегі  жағдай да діни  фактормен байланысты Ламайлық  сенімді ұстанатын  тибеттіктер 1951 жылдан дербестік  жолында  күресуде. 2006 жылы Пекинде өткен I халықаралық  буддистер съезіне XIV  Далай лама  шақырылмады. Егер XIV  Далай лама   тибет азаттығы идеясынан  бас тартса,  съезге шақырамыз  деген  билік ұстанымы нәтижесіз аяқталды. Билік тибеттіктердің  басшысының келуі қоғамда дүрбелең тудыруы  мүмкін деп санайды. 2008 жылдан орталық билік тибеттік  монахтарға патриоттық  тәрбие беру жұмысын  күшейтуді  қолға  алды. Тибеттік монахтарға XIV  Далай ламадан  бас  тарту   және ресми  билік  ұсынған панчен-лама  Гьяйлцэнь Норб жетекшілігін мойындау ғұрпы  өткізіледі. Қуғындағы  тибет үкіметі 1995 жылы хабарсыз  кеткен Гедхун Чокьи Ньиманы панчен-лама ретінде  мойындайды. Тибеттіктер Қытай  билігіне  қарсылық  ретінде өздерін өртейді. 2009-2015  жылдары 143 тибеттік өзін-өзі  өрттеген. 2012 жылы өзін  өртеуге бас  тіккендер  және  оларға  көмек  көрсетушілерді, осы әрекетке арандатушыларды қылмыстық жауапкершілікке  тартатын  нұсқау  шықты. 2012 жылы  қантарда ҚХР билігі тибет  автономды  ауданы  монахтарын  орталық  билікке  тарту үшін «әлеуметтік қамсыздандыру туралы  уақытша  ережесіне» сай  есепте  тұрған монахтарға арнайы зейнетақы  тағайындап, оларды медициналық  сақтандырумен қамтамасыз етті. 2007 жылы қабылданған  «тибет буддизмі тірі буддаларының реинкарнациясы  туралы  жетекші ережеде»  діни  ұйымдар  мен жеке  тұлғаларға  реинкарнациялық  болмысты  дербес  іздеуге  тыйым салынды. Ережеге  сай  монастыр  басшылығы тірі будда туралы деректі жергілікті құзырлы басқармаға  береді. Жергілікті басқару орынынан  ҚХР мемлекеттік  кеңесіне  дейінгі деңгейде талқыланып  және мақұлданған  соң тірі буддаға  арнайы  үлгідегі  куәлік  беріледі.

ҚХР билігінің  христиандыққа қатысты ұстанымы  христиандықтың богословиялық жүйесі қытайдың ұлттық ерекшелігімен сәйкестенуі және қытай мәдениетімен үндесуі тиіс. Бұл қытай басшылығының дін саласындағы саясатының ерекшелігін көрсетеді. ҚХР дін істері бойынша мемлекеттік басқармасының басшысы Шанхай қаласында өткен «Христиандықты қытайландыру» атты форумда осындай міндетті алға қойды. Христандық  құндылықтарды  қытайландыру саясатын  дін саласындағы мемлекеттік  қағидаттың  идеологиялық  ұстанымына  айналдыру ретінде  бағалауға  болады. Қытай қоғамында маркстік идеяларға  қызығушылықтың төмендеуі  және жаһандану процесі аясындағы  қарым-қатынастың ұлғаюы жастар және зиялылар  арасында  христиандық  құндылықтардың  таралуына  түрткі болуда. Елдегі христиандар саны  бойынша қытай  әлемдегі  жетінші ел. Ресми деректер бойынша, Қытайда протестантизмді ұстанушылар саны 23-40 миллион, ал католиктікті ұстанушылар-10-12 миллион шамасында. Деректер бойынша, жылына  500  мың адам шоқыну құпиясын қабылдайды, елдегі христиандар  саны - 60 миллион.

 

(Жалғасы бар)

Бағдат Бейсенов, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  доценті

Abai.kz

17 пікір