Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6888 46 пікір 21 Ақпан, 2018 сағат 12:13

Әліпби жасаудағы мақсатымыз төл жазуымызға оралу еді. Нәтижеге бет бұрдық

Күні кеше ғана Президент Назарбаев қазақ әліпбиінің латын графикасындағы үшінші нұсқасын қабылдау жөнінде шешім шығарып, Жарлыққа қол қойды. Әліпбидің жаңа нұсқасы бекітілді. Осыған дейінгі екі нұсқа халықтық деңгейде қызу талқыға  түсіп, ғалымдардың тарапынан сан түрлі жоба нұсқа ұсынылды.

Өздеріңіз білетіндей, «Abai.kz» ақпараттық порталы латын әліпбиіне көшу мен әліпбиді әзірлеу жұмыстары жайлы үздіксіз материалдар жариялап, академиктер мен ғалымдардың, қоғам белсенділерінің пікірлерін жариялап отырды. Кешегі әліпбиі жобасынан байқағанымызды айтсақ, орайлы, ұтымды жобалар соңғы нұсқада ескерілгенге ұқсайды.

Сонымен, Ақорда бекіткен әліпби нұсқасы жұрт көңілінен шыға ма? Осыған дейінгі әліпби нұсқаларынан оның айырмашылығы қандай? Осы орайда біз әліпби жобасын әзірлеуші топтың өкілі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек мырзаны сөзге тартқан едік.

-Ерден мырза, сіз осы жаңа әліпбиді жасау процессінің басы-қасында жүрсіз ғой. Соңғы нұсқа көңіліңізден шықты ма? Осы саланың маманы ретінде айтыңызшы, бұл нұсқаның өткен жолғы апострофты нұсқадан не айырмашылығы бар?

-Соңғы нұсқа Елбасының күні кеше ғана шаққан Жарлығымен дер кезінде қабылданды деп есептеймін. Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасын орындаудың нәтижесі. Өйткені, Елбасы қазан айында Жарлыққа қол қойғаннан кейін, қараша айында Үкімет басшысы басқаратын ұлттық комиссия құрылды.  Сол комиссияның ең бірінші отырысында-ақ, бізге тікелей тапсырма берілді. "Бұл - жаңа әліпби. Жаңаның аты жаңа, ол іс жүзінде тексерілмеген. Сондықтан, жаңа әліпбиді сөз құрамында, мәтін құрамында, жазуда, айтуда егжей-тегейлі зерттеп, қолданыста қалай болатынын білу керек, кем-кетіктерін толықтырып, жетілдіру керек" деген тапсырма берілді.

Сондықтан, үш министрлік бүкіл республика бойынша кешенді жұмыстарды атқарды. Ол: Мәдениет және спорт министрлігі,  Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Ұлттық комиссия құрамында 4 топ жұмыс жасады. Олар: орфографиялық топ, терминолгиялық топ, әдістемелік топ және техникалық қамтамасыз ету топтары.

-Ерден мырза, өткен жолғы апострофты әліпби нұсқасы ұсынылғанда, сіздің көңіліңіздің толмағанын білеміз. Қазір ше? Сіз басқарып отырған институт не жұмыстар атқарды?

-Рас, апострофты әліпбиі нұсқасына менің жеке көңілім толмаған тұстары болды. Оны мен бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айттым. Біздің А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты республика бойынша, мектеп оқушылары мен мұғалімдері, университет оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлер, қарапайым тұрғындар арасында үлкен сауалнама жүргізу үшін арнайы құжаттар әзірлеп, сынақ мәтіндерін даярлаумен айналысып жатыр.  Сосын осы сынақтарды  қалай өткізу керек деген ережелер дайындап, көптеген жұмыстар жүргізді.  Соның барлығы қорытындыланып, бірнеше отырыстар, жоғарыда айтқан үш министрлікте, Үкіметте талқыланды. Әсіресе, осы апострофты екінші таңба ретінде ауыстыру, оны басқа тиімді тәсілмен өзгерту мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Нәтижесінде бүгінгідей әдемі қорытындыға келдік.

-Президент апострофты нұсқаны да қабылдау жөнінде жарлық шығарған еді. Кейін ол жарлық күшін жойды ма, әйтеуір осы ең соңғы нұсқаға тоқталды... Менің сұрайын дегенім, жалпы әліпбидің неше нұсқасы Президенттің қарауына, неше нұсқасы халықтық талқылауға ұсынылды?

-Қараша айынан бастап атқарылған жұмыстар қорытындыланып, апострофты нұсқа ауыстырылғаннан кейін, осы нәтиже Елбасыға баяндалды. Елбасы: «Мен үшін әрдайым халықтың, елдің пікірі қымбат, осы елге ыңғайлы болса,  мен осы нұсқасын мақұлдаймын» деп, қолдады, Жарлыққа қол қойды.

-Демек, әлеуметтік желідегі, қоғамдық ортадағы халықтың пікірі ескерілді дейсіз ғой?

-Әрине, ескерілді. Сөйтіп, басында қосар дыбыстармен жасалған нұсқа өзгертілді. Негізі ол Еуропа елдерінде дағдыға айналған, қолданыста бар тәсіл еді. Бірақ ол нұсқа біздің тілімізге келмейді. Сондықтан, басындағы қосар дыбысты таңбалаудан бас тарттық.  Одан апострофқа көштік. Кейін ол апострофтан бас тарту мәселесі Елбасының қарауына дейін жетті. Сөйтіп, біз осы соңғы нұсқаға тоқталып отырмыз.

-Негізі мына жолғы ұсынылған нұсқада кейбір дыбыстар акут таяқшасы арқылы белгіленіпті. Жапы акут таяқшасын қолдану да әлемдік практикада бар тәсіл. Бізде небары 6 әріпте акут таяқшасы қолданылған екен...

-Акут негізінен диакритикалық таңба ғой.  Дыбысқа қосымша белгі қойылады. Мұның қосымша бір дұрыс тұсы – бізде қосар, сыңар таңбалар бір таңбаның екінші түрі ғой. Мысалы, «у»-дыбысының жіңішке түрі - «ү». Яғни, бір дыбыстың екі варианты. Бір таңбамен берудің логикасы бар. Бір таңбамен берген кезде шағын ғана белгі қойылады. Ол кейбір тілдерде екі нүкте, кейбір тілдерде сызықша түрінде кездеседі. Соның ішінде акут ең қарапайымы.  Сондықтан әлдеқайда ыңғайлы.

-Әйтсе де, әлемжеліде әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Кем-кетіктері бар дейді. Бұл нұсқаға әлі түзетулер, толықтырулар енгізіле ме? Жоқ әлде соңғы бекітілген қалпы осы ма?

-Соңғы нұсқаны жетілдіру қажет болған жағдайда біз міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Көшпелі отырыстар, семинарлар өткізу керек шығар, бәлкім. Баспасөз құралдарында елдің, халықтың пікірін ескеру мәселесі қашанда маңызды. Өйткені, Халықаралық норма бойынша кез келген елде әліпби ауыстырып,  қабылдау үшін арнайы заң қабылданады. Қазін енді заң қабылдануы керек. Яғни, әліпби мәселесі Парламентте қаралу керек, депутаттар бұл мәселені талқылауы керек.

Сол тұста, қажет болған жағдайда, аз-кем түзетулер енгізулі мүмкін. Жалпы кейбір жұрт «әліпбиді, әріптерді аустыра саламыз» деп ойлайды. Олай емес. Ол және оңай да емес.  Біз ешқашан тілімізді өзгерте алмаймыз. Тіл бұл – үлкен мұхит. Ол киелі. Біз өз тілімізге икемдеп, ыңғайлы, тіліміздің ерекшеліктерін көрсете білетін әліпби жасауымыз керек. Мақсатымыз - осы. Әліпби жасау – мақсатқа жеттік деген сөз емес. Жетілдіру - бұл ғылымда әрдайым қолданыста жүретін процесс.

Жалпы, бірінші, екінші, үшінші нұсқа дейміз. Бағытымыз дұрыс, күннен күнге жақсарып, ыңғайланып келе жатыр. Әліпби мәселесі біз үшін өте маңызды. Шынын айтсақ,  кешегі күнге дейін пайдаланып жүрген  әліпбиіміз өз тілімізге ешқандай жақындығы жоқ, үш қайнаса сорпасы қослмайтын дүние еді. Орыс тілінің бүкіл әріптерін бізге төге салған.

-Осы ретте қазіргі қазақ тілінің проблематикалық мәселелерін айтпай кетуге болмайды ғой. Қазақ тілін Ресейдің тілінен толық азат ету үшін де дәл осы декириллизация керек дейміз...

-Қазақ қазір орысша акцентсіз сөйлейді.  Біз қазақша сөйлеп келе жатып, кірме сөздерді айнытпай  айтамыз. Ол негізінен мақтанатын дүние емес. Орыс мәтінді дауыстап тұрып оқып көріңізші. Орыс мәтінді дауыстап оқып келе жатып, кейбір қазақша сөздерді таза қазақша айтып көріңізші. «Сегодня в эпоху жаһандану нужно ғарышқа  отправлять ракету» деген сөйлемді бір мінберден айтыңызшы. Орыстар қалай қабылдайды екен. Күледі ғой. Дәл солай, біз қазақша сөйлей тұрып, бөтен  сөзбен тілімізді бұзып отырмыз.

Біздің әліпби жасаудағы мақсатымыз төл жазуымызға оралу, кезінде Ахаңдар жазып кеткен заңдылықтарды төл грамматикамызға енгізу. Біздің қазіргі грамматикамыз – орыс тілі грамматикасының көшірмесі.

Рухани жаңғыру деген – сананы жаңғырту ғой. Бұл – құлдық санадан арылып, ел болып, өзіміздің қалпымызға келу деген сөз. Құлдық санадан арылу үшін қазаққа қазақтың тілі керек. 70 жылдан астам жүргізілген орыстандыру саясаты нәтижесін бергенін білесіз. Арамызда санасы ауып кеткен, қарапайым мәселелерді түсінбейтін адамдар өте көп. Мысалы, қазір «қазақ тілінде қанша дыбыс бар» деген сұраққа  әртүрлі жауап айтады. Бұл деген қарапайым сұрақ қой.  Мына мемлекеттік тілде жария болған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласы, мемлекеттік деңдейдегі үлкен құжат. Ол мемлекеттік тілде ғана жазылып, мелекеттік тілде жария болды.  Бастан аяқ бір тілде жазылған саяси деңгейдегі құжат. Басқа тілдерге аударылды.  Бұл да біздің қазақ тілінің үстемдікке ие бола бастағанының жемісі.  Сондықтан, жаңа әліпби де дәл осы мақсатта қабылданып отыр деп есептеймін.

-Ерден мырза, пікір бөліскеніңізге көп рахмет!

-Сіздерге де рахмет айтамын.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340