Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Тарихтың бір күні 8207 46 пікір 27 Ақпан, 2018 сағат 13:22

27 жылдан соң... 27 ақпан!

Мемлекеттік тіл жайлы сөз етеміз. Совет Одағының тоз-тозы шыққан шірік шапанын шешіп тастап, Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болыпты. Осы жылдарда пост-кеңестік кеңістіктегі елдердің бірсыпырасында Мемлекеттік тіл айрықша мәртебеге ие болды. Батыл шешімдер қабылданды. Енді соларды рет-ретімен айтайық.

2014 жыл, 23-ақпан. Украина Радасы «Мемлекеттік тіл статусы» туралы Заң жобасын қарады. Сөйтіп, Украина аумағында орыс тілінің мәртебесін айырды. 232 депутат дауыс берді. Қазір Украина аумағында орыс тілі ас үйдегі қатын-қалаштың, төсектегі теоретиктердің тілі дәрежесіне жетті.

Украиндер орыс тілінен үзілді-кесілді бас тартты. Одан бері 3-ақ жыл өтті. Қазір Киевте украин тілі толық үстемдік құрды. Біз секілді түркітілдес ел емес, славян топтағы украиндердің өзі сәбеттің саңғырығы іспетті, бүгінде ақ орыс пен сары орыстан басқа ешкімге керексіз тілге деген тәуелділіктен арылып кетеді дегенге кім сенген... Дегенмен солай болды. Богдан Хмелницкий мен Тарас Шевченконың шөбере-шөпшектері бүгінде Киев көшелерінде орысша сөйлеп, емеурін танытқандарды "москаль" деп мазақтай қарап, әлі келсе әкесін танытып жібереді дейді барып, көріп келгендер.

Украина қазір Еуроодаққа мүше. Саясаттың салқыны тиіп, бір ененің екі емшегін тел емген Ресеймен ат кекілін кесіскелі Кремль жаққа қарауды қойған. Сондықтан да болар, Ресейдің мемлекеттік тілінен бас тартуда батылдық көрсетті.

2017 жыл, 22-қаңтар. Тағы сол украиндер. Бұл жолы жұртты жаппай украинизациялау үшін украин тілін жалпыға міндетті етпекші болды. Биліктің барлық органы, жергілікті басқару органдары, білім беру мекемелері, қызмет көрсету саласы, БАҚ, мәдени іс-шаралар тек украин тілінде жүргізілуі керек деген ұсынысты Рада депутаттары әзірледі.

Осы аталған жұмыстар орыс тілінде жүргізілетін болса, – айыппұл салу қарастырылған. Айыппұл салып құтылса жақсы ғой. Әгәрәки, қасақана басқа тілде бағдарлама жүргізетін болса – бұл Мемлекеттің тұтастығын бұзуға талпынумен пара-пар деп танылып, 10 жылға түрмеге тоғытылуы да мүмкін. Бұл жобаны Раданың 33 депутаты жазып шыққан.

2018 жыл. 26-ақпан. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру туралы тапсырма берді. «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек қазақ тілінде жүргізілуі керек» деп кесіп айтты.  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырза мұқият тыңдап, тапсырманы орындауға кірісті.

2018 жыл, 27-ақпан. Бақытжан Әбдірұлы тізгінін ұстап отырған Үкімет кезекті жиынын тек қазақ тілінде өткізді.  27 жылда шатып-пұтып жүріп, қазақшаға тілі сынбай, тіпті түсінбей, түсінгісі келмей меңірейіп жүрген Үкіметтің кейбір мүшесі бір-ақ, күнде қазақшаланып шыға келді. Ой, құдырет! "Бұйрық қатты, жан тәтті" дейміз бе, әлде...

Әйтеуір, алғашқы отырыс Мемлекеттік тілде, қазақ тілінде өтті. 24 сағатта қазақ тілін игеріп үлгермеген кей мырзалар түсінбесе де түсінгендей кейіп танытып, бас шұлғып отырғанын көрдік.

Премьер-министрдің орынбасарлары: Асқар Жұмағалиев, Асқар Мамин,  министрлер: Тимур Сүлейменов, Ерлан Сағадиев, Мадина Әбілқасымова, Қалмұxанбет Қасымов, Марат Бекетаев мырзалар қазақ тілін қақпайтынын білеміз ғой. Оларды қайтпекпіз? Үкімет құрамының жартысынан көбін жаңартуға тура келетін шығар енді...

Күні кеше ғана Тамара Дүйсенованың орнына отырған су жаңа министр Мәдина Әбілқасымованың қазақ тіліне қаншалықты "жүйрік" екенін көрдік.

Ұлттық экономиканың тізгінін ұстаған тұста Тимур Слейменовтің не дегенін ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. «Мәскеуде 5 жыл жүріп, ана тілімді ұмытып қалдым. 6 айда үреніп аламын» деп ант-су ішкен еді. Үйренгені шамалы. Тілі қотыр-ала.

2017 жылдың 4-мамыры күні Әділет министрі Марат Бекетаевтың не дегені мұрағатта қатталып тұр. «Қазақ тілінде 1 жылдың ішінде толық жауап беремін. Қазір аптасына үш рет сабақ алып жүрмін» деп сөйлеген. Сөзінде тұрды ма?

«Миллициялардың» мізбақпас министрі Қалмұхамбет Қасымовтың да қазақ тіліне қырын қарайтынын естіген едік. 2016 жылы мамыр айында Парламентке кеп сөйлеген еді, Қалмұхамбет мырза. Сол жиында жап-жас депутат Геннадий Шиповскихтің депутаттық сауалына сыпайы түрде рұқсат сұрап, орысша жауап бергені есімізде.

Бұл тізімді әрі қарай да жалғай беруге болады. Көршітілдестер класына жататын бұл мырзалардың бірқорасын оқырман өздері де біліп отырған болар.

Не десек те, кешелі-бері Ақорда жақтан алтын күрек леп есті. Сең қозғалғандай болды. Президент пәрмен берді. Парламент те, Үкімет те қазақ тілінде жұмыс жасауы керек. Ал, қазақ тілін білмейтін, білгісі келмейтін, ерінетін мырзалар мен ханымдар енді еріксіз үйренуге тура келеді. Әйтпегенде – отставка!  Біз күттік. 27 жыл күттік. Қазақ Мемлекетінің тілі - қазақ тілінің үстемдік құратын уағы баяғыда-ақ жеткен еді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048