ҚДТ жайлы ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Сонымен қашқында жүрген Әбләзовтің құрған ұйымы заңсыз деп танылды. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" деп ат қойып, айғай салып, әлеуметтік желіде жұртқа насихат жасап жүрген экс-банкир Мұхтар Әбләзовтің бұл құрғаны енді - экстремистік ұйым тізімінде.
"Бас прокуратура "Қазақстанның демократиялық таңдауы" атты тіркелмеген қозғалыстың заңсыз қызметін анықтады. Оны Қазақстанда 20 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған Мұхтар Әблязов құрған. Әблязов сотпен қылмыстық қоғамдастықты құрғаны, 7,5 млрд. АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарғаны үшін кінәлі болып танылған. Қылмыстық табыстарды заңдастыру фактілері бойынша бірқатар еуропалық елдерде Әблязовқа қатысты тергеу жүргізілуде. Ұлыбританияда Лондон қаласының Жоғарғы сотының шешімімен Әблязов пен оның сыбайластарынан 4 миллирад АҚШ доллары өндірілген", - деді бас прокуратураның ресми өкілі.
Сөйтіп экстремистік деп танылған ұйым жайлы Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі де түсініктеме берді.
Министр Дәурен Абаев мырза бұл ұйым жайлы ақпарат таратқандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін де айтты.
"Маған соттың шешімімен танысу керек. Менің білуімше, бұл заңды күшіне бірден емес, он күннен кейін енеді. Әр жағдайда жеке-дара талдау жүргізген жөн. Егер Қазақстан азаматтары тыйым салынған немесе экстремистік деп танылған ұйымның қызметі туралы ақпарат тарататын болса, онда олар тиісті заңмен қудаланады", - деді министр.
Абаев шетелде қашып жүрген олигархтың Қазнеттегі қызметін шектеу жағы қарастырылып жатқанын айтты.
"Біз қазір қарастырып жастырмыз. Сот шешіміне сәйкес қажетті шараларды қабылдаймыз", деді Дәурен Абаев мырза.
Abai.kz