Гүлжан Көшерова. Сектанттар «саусақпен сөйлесетіндерге» құрық сала бастады
Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында мылқаулар мәселесі үнемі тасада қалып келеді. Басқалар сияқты сөйлесуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан да олардың құқы сақтала бермейді. Әлемдік дереккөз бойынша, бүгінде дүниежүзіндегі адамдардың 6 пайызы саңыраулықтан зардап шегеді екен. Ал елімізде қазіргі таңда 90 мыңнан астам мылқау тіркелген. Олардың тек 24 мыңына ғана мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындалған.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында мылқаулар мәселесі үнемі тасада қалып келеді. Басқалар сияқты сөйлесуге мүмкіндігі жоқ болғандықтан да олардың құқы сақтала бермейді. Әлемдік дереккөз бойынша, бүгінде дүниежүзіндегі адамдардың 6 пайызы саңыраулықтан зардап шегеді екен. Ал елімізде қазіргі таңда 90 мыңнан астам мылқау тіркелген. Олардың тек 24 мыңына ғана мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындалған.
Дәрігерлердің дабыл қағатындайы да бар, соңғы кездері елімізде есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандар саны өсіп келеді. Оның басты себебін экология деп атаса, екіншісі тұқымқуалаушылықтан болатындығы дәлелденген. Дәл осы себептен туындайтын саңыраулық 15 пайызды құрап отыр. Жалпақ тілде мылқаулар деп ат қойып, айдар тағылған осы топтың мұң-мұқтажы шаш етектен. Құқы аяққа тапталып, қоғамның назарынан тыс қалатындар да - осы топтағылар. Ең басты мәселе - бүгінде елордамызда есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандар үшін кәсіп меңгеретін оқу орнының жоқтығы. Көңілге демеу боларлығы облыс орталықтарындағы мектеп жасындағы балаларға білім беретін 19 мектеп-интернат бар. Мектептен кейін мылқауларға қоғамның есігі тарс жабық десе де болғандай. Кәсіп игермеген соң нәсіптің де болмайтыны белгілі. «Саусақпен сөйлесетін» балаларға арналған оқу бағдарламасына сәйкес, олар мектепте 13 жыл оқуы керек. Бірақ олардың басым бөлігі мектепті толық бітірмей, орта жолдан тастап кететін көрінеді. Осыған орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқу бағдарламасын қайта қарау керектігі туындап отыр.
Олар күнделікті айналадан хабар алу мүмкіндігінен де шектелген. Басты себеп - сурдоаудармашылардың аздығы. Кезінде Үкімет сурдоаудармашылардың бар шығынын өз мойнына алған болатын. Алайда сол аудармашыларды дайындау ісі саңыраулар қоғамдарының мойнына артылған. Себебі елімізде сурдоаудармашыларды оқытып шығаратын бірде-бір оқу орны жоқ.
Қоғамның бір мүшесі саналатын саңырауларға сурдоаудармашылардың қызметі аса қажет-ақ. Олардың неден сақтанып, қай нәрседен аяқ тартуы үшін қажет болып тұр. Өйткені бүгінде жержиһанды жаулап алған сектанттар енді саңырауларға да құрық сала бастапты. Қоғамның жылы қабағынан тыс қалған шерлі тағдыр иелерінің өзге діннің жетегінде кетуі қоғам үшін тағы бір қауіптің шетін шығарары сөзсіз. Жат діннің жетегінде кеткен саңыраулар хабары жоқтықтан осындай қадамға баруға мәжбүр. Радионы онсыз да тыңдай алмайды, теледидардың да түк көмегі жоқ. Сағызша созылған сериалдарды титрмен көруге ғана мүмкіндіктері бар. Ал сурдоаудармамен шығатын жаңалықтар кемде-кем. Тек «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасы ғана мұндай қызмет түрін ұсына алады. Оның өзін де зор көмек деп айта алмайсыз. Өйткені сурдоаудармашыны кіп-кішкене етіп алады да, оның саусақтары мен ерніндегі сөздерді ажырату қиынға соғады. Саңыраулар қоғамының мүшелері соңғы кезде жұмыссыздардың арасынан сурдоаудармашыларды көптеп дайындауға үндеп жүр. Бұл да болса саңырауларға сеп болар ма еді деген үміт.
Ұлыбритания, Швейцарияда мылқауларға арналған арнайы балабақша, университеттер ашылған. Ал еліміздегі арнайы сыныпты бітірген балалардың арасында жеке сурдоаудармашы жалдауға демеушi тапқандары ғана болмаса, көпшiлiгiн жоғары оқу орнына қабылдай қоймайды. Өйткенi елiмiзде мұндай балаларды оқытатын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Оқу орны түгiл, арнайы факультет те жоқтың қасы. Мылқаулар мектебінде заң бойынша бекітілген саусақпен жест жөнінде сабақ жүргізіледі. Кейінгі буын мұғалімдері арасында осы саланы терең меңгергендері некен-саяқ. Өте қиын саланы меңгеру кімге оңайға соқсын. Сол себепті де «үнсіздік әлемінің» иелерімен түсінісу қиынға соғып жатады. Олардың «тілін» түсінбеген мұғалім балаға қалай сабақ үйретпек? Соның салдарынан да олардың алған білімдері толыққанды емес. Соңғы 25-30 жылда пайда болған мыңдаған сөздiң қол-қимыл нұсқасы еш жерде бекiтiлмеген. Сол себепті де әр мұғалiм өз бетiнше «өнертапқыш» атанып, әртүрлі қимылдар қосып, оларға балама тауып жатыр. Бүгінде әр аймақтың диалектiсіне байланысты қимыл-ишараның көбейiп кеткенi соншалық - республиканың әр аймағындағы саңырау жандар бiр-бiрiн түсiнбейтiндей дәрежеге жеткен. «Осы мәселені бір жүйелендіретін уақыт жетті» дейді мамандар. Алайда оған мықты мамандар, ең бастысы, қомақты қаражат қажет.
Жыл аралатып өткізіліп тұратын Саңырау мүгедектер қоғамының республикалық пленумында осы тақылеттес мың сан шешімін таппаған мәселелер ортаға тасталады. Алайда күрмеуі кертілмеген күйінде қалып кетеді. Оның күрмеуін шешуге бір ғана саңыраулар қоғамының әлеуеті жетпейді. Әзірге мүмкіндігі шектеулі жандарға есту қабілетін жақсартатын құралдар берумен ғана шектеліп, жұмыспен қамту мәселесіне нүкте қойған жайымыз бар. Атырауда осындай санаттағы 600-ге жуық мүгедек бар. Олардың 230-ы ғана еңбекпен қамтылған. Ақтөбе облыстық саңыраулар мен мылқаулар қоғамы ыммен сөйлесуді меңгеруге тілек білдіргендер үшін оқыту курсын ашыпты. Бір айлық курсты тамамдағандар сурдоаудармашы болып жұмыс істей алады. Курсты бітіргендер жұмыссыз қалмайды. Облыс бойынша сурдоаудармашы көмегіне зәру жүзден аса құлағы естімейтін мүгедек бар екен. Заң бойынша, құлағы естімейтін мүгедектерге сурдоаудармашылар көмектесулері керек. Әрбір құлағы мүкіс адамның жылына 30 сағат сурдоаудармашы қызметін пайдалануға құқы бар. Алайда бұл талаптың сақталуын қадағалап отырған ешкім жоқ. Ал қағазға жазып, сөйлесудің өзіндік машақаты бар. Аудандық жерлерді айтпағанда, Ақтөбе қаласының өзінде тек 10 маман ғана жұмыс істейді екен. Құлақтары естімейтіндермен ым арқылы түсінісу кезінде кездесетін қиындықтар көп. Тек, өкініштісі, Қазақстанда ыммен сөйлесушілерге арналған оқу құралдары жоқ. Сол себепті әзірге ресейлік әдістемелік оқулықтар қолданылады. Және осыдан бірнеше жыл бұрын қазақшаға аударылған қалта кітапшалары пайдаланылады. Осындай курстарды барлық облыс орталықтарынан ашса деген тілек бар. Алайда тағы да «ақша керек, маман тапшы...» мәселесі алдан айналып шыға береді.
Гауһар Тәліпова, №1 саңырау балалар мектеп-интернатының кітапханашысы:
- Бүгінде сурдопедагог мамандардың жетіспейтіндігі өте күрделі мәселеге айналып отыр. Бұрын өңірімізде бірді-екілі жоғары оқу орындарында дефектолог, сурдопедагог мамандарын дайындайтын еді. Бүгінде олар жабылып қалған. Ресейлік мамандар осындай саңырау балаларды оқытатын мектептерге келіп, курстық сабақтар оқытып, сертификат беріп кететін. Бұл сала Ресейде мықты дамыған. Одан кейінгі мәселе - оқулық жетіспеушілігі. Облыстық білім басқармасы биыл бірде-бір кітап берген жоқ. Негізі, ескі оқулықтарды пайдаланамыз.
Алақандай ақпарат
Қазақ саңыраулар қоғамы 1997 жылдан бастап Бүкіл дүниежүзілік саңыраулар федерациясының толық дәрежелі мүшелігіне өтті. Осы жылдан бастап қазақстандық құлағы естімейтіндер халықаралық мәдени-ағарту және спорт, денешынықтыру шараларына қатыса бастады. 1999 жылы мүмкіндігі шектеулі жандар Бүкіл дүниежүзілік саңыраулар федерациясының қолдауымен өткізілген халықаралық семинарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Бір дерек
ХVI ғасырда италиялық дәрiгер Жеромин Кардан мылқауларды арнайы тәсiлмен оқытуға болатындығын дәлелдеген болатын. Кейінірек бір ғасыр өткен соң, яғни ХVII ғасырда француз ғалымы Шарль де Лепи мылқауларға арналған алфавит ойлап тапты. Арнайы белгiлерден тұратын бұл алфавит әлi күнге дейiн қолданылып келеді.
«Алаш айнасы» газеті