Қазақ мәдениеті һәм билер даналығы
Ұлттық мәдениет деп ұлт пен оның тұлғаларының, яғни ұлт зиялыларының қабілеті, адамгершілік қасиеттері, білімі, өнері, даналығы негізінде қалыптасатын игіліктерді айтамыз. Ұлттық мәдениет ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлт игіліктері. Мәдениет ұғымының түпкілікті мағынасында адам баласының рухани еңбектену қызметі, мақсат-мұраты, оның игілігін ел, халық болып көру, ұрпақтың пайдалануы, ақыл-парасат, білік, қабілет, адамгершілік, өнер, қоғамның ұлттық тәрбие, еңбек, білім, өнер, ғылым арқылы жетілуі және тағы да басқа ізгі дүниелер жатыр.
Мәдениеттің субъектісі ұлт, халық, ел, тұлға, ұрпақ, жеке адам. Мәдениеттің негізінде мәдениеттілік жатыр, ал мәдениеттілік жеке адамнан бастап, елдің, ұлттың бойына даналық, білім, қабілет, өнер, адамгершілік, тектілік арқылы келіп отырған. Бұның ақиқатын тарих көрсетуде. Қанша заман өзгеріп, заң түрленгенімен, адам баласының тұрмысы оның іскерлігі арқылы гүлденгенімен қоғамның беріктігін, елдің тұрақтылығын, халықтың рухани тереңдігін, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етіп отыратын дүние ұлттың, тұлғаның бойынан шығатын дүниелер, яғни ұлттың мәдениеті. Әсіресе ұлттық мәдениет қазіргі жаһандану заманында ұрпақ үшін, оның болашағын айқындап отыратын құндылыққа айналу үстінде. Шынымен де бүгінгі уақыт жағдайына тарих тұрғысынан қарайтын болсақ, ұлттық мәдениеттің немесе өзінің төл мәдениетінің рухын, құндылығын уақытылы түсінген жұрт заман көшінен қалмайды. Ұрпақты елдікке, ұлтжандлыққа тәрбиелеу, адамгершілікке бағыттау арқылы өзінің мемлекетінің, қоғамының беріктігін сақтап қала бермек.
Ұлттық мәдениет ұрпақ үшін қашанда ауадай қажет дүние. Бірақ қазіргі ақпараттық технология өзінің үстемдігін құрып жатқан дәуірде ұлттық мәдениеттің күші, білімі, тәжірибелері, рухы бұрынғыдан да бетер қоғамға қажеттілігін арттыруда, оның артуына себеп болатын нәрсе ұрпақ пен ұлттың болашағын айқындайтын дүние ұлт мәдениетінің бойындағы құндылықтар болуында. Ұлттық мәдениеттің беделінің артуына бірінші себеп уақыт, әсіресе бүгінгі уақыт. Жаһандану заманының бір ерекшелігі бұнда сауаттылық, сауатты іс адамнан талап етіледі. Бүгінгі уақыт орамында адам баласына қойылып отырған талап, ұрпаққа уақыттың жаңа жетістіктері мен қатар ұлттық мәдениетінің құндылықтарын қатар меңгеруді жүктейді.
Ізгілікті қоғамды құратын адам, адамның даналығы. Бұны ата-бабаларымыз тарихта жете түсінген, олардың ұғымынша адамның өмірі сәнге емес, алдыменен рухани мәнге айналуы қажет. Алаш тұлғасы Ахмет Байтұрсынов айтқандай. «Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі. Адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді. Адамның тысқа шыққан пікірінде, көңілінің күйінде, еткен ғамалында мінезінің қай түрі көбірек көрінсе, сол адам сол мінезді болмақ. Мінез іштен туады. Бірақ шынығып жетпей тұрғанда мінез түрін тәрбиемен өзгертуге болады. Адамға тәрбие беруші әуелі ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, тұрмысындағы төңірек. Өмірінде қандай тұрмыс көрсе, нендей адамдармен кездессе, жолдас болса, істес болса, солардан өнеге көріп үлгі алмақ. Өнер, ғылым жоқ жұртта адам тәрбиесін төңірегінен алады» [1.165 б.]. Елдің мәдениеті оның дәстүрімен көрінсе, дәстүр белгілі бір тарихи кезеңдегі аға буынның деңгейі арқылы қалыптасқан дүниеден және оны игеруге, күтіп сақтауға деген ұрпақтың ұмтылысынан білінеді.
Қазақ халқы үшін қашанда екі нәрсе қасиетті, әрі бағалы болып есептелген. Олар ел мен жер. Қазақ ұғымында ел мен жерге қатар қызмет еткен, оны бойындағы бар мүмкіндігімен көркейтуге ұмтылған адамның, ұрпақтың бағасын уақыт береді. Ел дегеніміз халықтың, ұрпақтың өсіп, өнуі, тәрбиеленетін ортасы, яғни мемлекеті. Атамекен жер бұл мемлекеттің, ұлттың, халықтың табан тірейтін дүниесі, өмірін жалғайтын негізгі мұра. Ел мен жердің рухын ұрпақ санасында біріктіретін ұлттық идея, ұлттық руханият. Бұны айтып отырған себебіміз, тарихтан белгілі ұрпақтың таңдайтын екі жолы бар. Ол біріншіден заман өткелінде уақыты өткенімен қасиеті мен мәні жоғалмайтын дүниелерді таңдау жолы, бұны мәдениет дейміз. Екіншісі, заман ағымымен ілесе отырып өзіне қолайлы жақсы тұрмысты жасау жолы, бұны өркениет, өркениет жолы дейміз. Мәдениет болмаса өркениеттің адамзат, ел өмірінде тұрақтауы мүмкін емес. Ұлттық мәдениетсіз өркениетті қоғам дағдарысқа айналуы мүмкін. Сондықтанда қай ғасырдың болмасын, жаңа уақыттың табалдырығын аттағалы отырған уақытта ұрпақ алдында тұратын басты міндет ұлттық рухты сақтау, ол үшін жаңа айтып өткеніміздей тарихты білу, бабалар тағылымын бойға сіңіру қажет. Билер даналығын ұлттық мәдениет, яғни қазақ мәдениетінің тұғыры дейтін себебіміз сол. Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, «Қазақ күнелту жағынан мәдениеттен (батыстық үлгідегі. – С. Ү.) мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда, рух мәдениетіне кенде емес...», немесе «Баяғыдан бері қазақ кең далада құр «қойын құрттап, айранын ұрттап» жатқан жоқ екен. Оқымаса да, надан да болса, қиял, сезім байлығы бар екен. Жүрегінің терең сырын, жанның алуан алуан құбылған нәзік толғауын ән, күй деген айнасына түсіре білген» [2. 122- 222 б б].
Қазақ ұлтының тарихи уақыттағы қарапайым өмірдің қиыншылығына, сырттан келген саясаттың қоғамды дағдарысқа ұшыратуына қарамастан елдің негізгі тірегін сақтайтын, соған қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеудегі күштілігін, елдің және ел ішінен шыққан ерлердің басын біріктірудегі ептілігін, әрбір шаңырақтың иесі ата-ананың естілігін осыдан ақ көруге болады. Сондықтанда қазақ мәдениетінің тұғыры даналықты зерделеуде билер даналығын тану, зерделеу, білімін игеру, рухани өмірде дұрыс пайдалану міндетінің алдымызда тұрғандығын ұғынамыз. Шынымен де тарих пен уақыт шындығы көрсетіп отырғандай тарихи уақыттың, адамзат пен ұлт мәдениетінің түпкілікті мазмұны ұлт пен ұлт тұлғаларының рухани дүниелері арқылы көрініп, ерекшеленіп отырады. Жоғарыда айтып өткеніміздей даналық, ұлт тұлғаларының қабілеті мен білімінен шыққан өнер түрлері ел болмысының рухани өрісі болып табылады. Халықтың жан дүниесінің рухани тыныс алу өрісі даналық арқылы, өнер үлгілері арқылы көрініс табар болса, бұндай жұрттың қоғамының қашанда өзінің табиғи жолымен, рухани мүмкіндігі арқылы дамитындығы анық, яғни дәстүрлі қоғамның қашанда заман талабына сай өркениет басқышын басып отыруына мүмкіндігі мол. Себебі қоғамының рухани құндылықтарын, мәдениетінің төл мұраларын өз уақытының жетістігімен үйлестіретін, сол арқылы оған күш беретін және одан күш алатын ұрпақ өнерлі, ерік жігері мол ұрпақ. Қазақтың тұлағалары тарихта осы ұғымда, көзқараста, осы ұстанымда болған.
Алаш зиялылары адамзат мәдениетінің қалыптасу негіздері мен ерекшеліктері, соның ішінде ұлттық мәдениетке қатысты арнайы еңбектер жазған. Соның бірі «Шаруашылық өзгеріс» деп аталады. Жаңа айтып өткеніміздей, мәдениеттің қалыптасуында адам баласының рухани және еңбектену қызметінің жалпыға ортақ үлгісі жатса, сол үлгінің адамзатқа ортақ тарихтың, адамзат өркениетінің ұйытқыcына айналған дара жолы шаруашылық. Осы шаруашылықтан экономика, ғылым, өнер, білім түрлері, қысқасын айтсақ қоғамдық сананың барлық формалары шығып, қалыптасып отырған. Ата - бабаларымыздың табиғатқа деген құрметінің өзінде терең даналық пен түсініктің жатқандығын ескерсек, әр кезде ұлт шаруашылығының ұрпақ өмірінде жалғасып, ұлт болмысының, ел тұрмысының рухани негізіне айналуына басшылық еткен алаш тұлғаларының бір буыны осы билер.
Өткен ғасыр басында «Қазақ» газетінің бірнеше сандарында жарық көрген «Шаруашылық өзгеріс» атты мақалада зиялыларымыз былай деген: "Қазақтың отырықшы болу-болмау мәселесі осы егін егу мәселесі сияқты. Егін егуден бұрын егін егуге керек шарттардың бар-жоғын білу керек. Сол сияқты қазақтың отырықшы болу болмау мәселесін шешемін деген адам, әуелі, қазақ жерінің жайын жақсы білу керек. Сонан соң отырықшы «бол, болма» деп айтушылар қазақ жерінің жағдайлы-жағдайсыз жағы мынадай деп айтарға керек. Он облыс қазақтың тұрған жері үлкен. Ондай үлкен жердің табиғи жағдайлары шаруалыққа бірдей болмасқа тиіс. Табиғи жағдайлары әр жердің басқа болғанына қарай, қазақ шаруалығының басқалығы бар-жоғын көру керек. Егерде табиғат жағдайы басқа бола тұрып, қазақтардың істеп отырған шаруалығы қай жерде де болса, бірдей көрінсе, онда қазақтар табиғат жағдайын талғамай, баяғыдан бері келе жатқан салтына тартып істеп отырған шаруалық болады. Ол шаруалық ерте ме, кешпе өзгеріп табиғат жағдайына қарап істелетін түрге түспекші. Егерде қазақтардың осы күнгі істеп отырған шаруалығы табиғат жағдайына қарай болса, онда ол шаруалықты табиғат жағдайын өзгертпейінше өзгертуге болмайды» [3.255 б.].
Қазақтың тарихы мен мәдениеті ұлттың атамекеніне, тарихи уақыт жағдайларына байланысты қалыптасып отырған. Осыған сай ел тұрмысының болмысы, ұлт шаруашылығының өзіндік ережесі мен тәсілдері, елге бағыт-бағдар беретін зиялылардың ортасы қалыптасты. Тарихи уақыттың бұралаңы көп сан-қилы жолдарыннан, өткелдерінен сүрінбей өтуде сол қиындыққа, тарихи уақыт сынына қазақтың әрбір адамының дайын болғандығын білеміз. Яғни отбасындағы қазақы тәрбие, ата-ананың ұрпақты өмірге, қоғамға бағыттау ісіндегі жауапкершілік қашанда қазақ қоғамындағы елдіктің, бірліктің, ұлтжандылықтың ұйытқысы болып отырған. Өсиет пен өнегені үлгі тұтқан тарихтағы қазақы отбасының шаңырағының аясында тәрбиеленген бала өскенде батыр, би, шешен, ақын, еліне жаны ашитын кемеңгер ғалым болып шығады. Рухани өмірдің қарапайым күрделі болуына қарамастан ұлтының жоғын жоқтап, жұртының арын арлайтын зиялылар қазақ қоғамының тарихи өмірінде қалыптасып жатады. Бұның түпкілікті себебі неде? Шоқан Уәлиханов айтып кеткендей, қазақта би мәртебесіне қазақ баласы бойындағы таланты, қабілеті, зеректігі, сезімталдығы, тәрбиесі, тарихтан, өмірден тәжірибе үйрену мен ұлт руханиятынан алған білімі арқылы жеткен. Яғни ата-бабаларымыздың өскелең ұрпақты тұлғалыққа тәрбелеу ісінде қоғамнан, халық ішінен талантты іріктей баптау принципінің тұрғандығы белгілі.
Ұлттық тәрбиенің мектебін құрып, батырлықтың, шешендіктің, ақындықтың ерекше құбылысын тарихта қалдырып отырған қазақ халқының дүниетанымы, өмірді зерделеу, түсінудегі деңгей кейінгі ұрпаққа бірғана нәрсенің мәнін, соны ұғынуды үйретеді, ол әділетті, шынайы, мемлекетіне адал болу. Бөлтірік би данамыз айтып кеткендей:
Сөз мәнісін білмеген –
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген –
Жер мәнісін білмейді.
Жер мәнісін білмеген –
Ер мәнісін білмейді.
Ер мәнісін білмеген –
Бар мәнісін білмейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ қоғамының даму тарихында ойшылдардың рухани қызметі жатыр. Халықтық рухтағы дүниетанымдық идеялардың тарихтан орын алуы, ұлт тұлғаларының даналығы халық ішінен шығатын ойшылдардың рухына, рухани қасиеттеріне, біліміне тәуелді келетіндігін тарихымыз осылайша дәлелдейді. Осы тұрғыдан қазақ мәдениетінің рухани негіздерін зерделейтін болсақ, рухани тұлғалардың даналығы, шығармашылығы, идеялары кейінгі ұрпақтың игілігі үшін тарихта орын алып отырғанғандығын түсіну қиын емес.
Әдебиет:
- Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003. – 208 бет.
- Аймауытов Ж. Бес томдық шығ. жинағы. 5-т., А.: Ғылым, 1999.-304 б.
- «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.
Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы, философия ғылымдарының кандидаты
Abai.kz