Жұма, 27 Желтоқсан 2024
5582 0 пікір 1 Маусым, 2018 сағат 11:28

Сот риторикасы – сот төрелігіне сенімнің маңызды факторы  

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов

Кеше Жоғарғы Сотта алғаш рет «Соттағы шешендік: оқыту және тәжірибе» атты халықаралық конференция өтті. Форум Қазақстандағы Ф.Эберт атындағы Қормен бірлесіп ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының барлық мемлекеттік қызметкерлер қоғаммен диалог жүргізуді, ел тұрғындарымен түсінікті тілде сөйлесуді, жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызы мен нәтижесін түсіндіруді үйренуі тиіс деген тапсырмасы конференцияны өткізуге негізгі арқау болды.

Іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Сот төрелігі академиясының басшылығы, «Атамекен» ҰКП, жоғары оқу орындарының, адвокатураның, жазушылар қауымдастығының өкілдері, халықаралық сарапшылар, филолог-ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.  

Конференция Интернетте онлайн режимде көрсетілді.

Форум «Соттағы сенімді әрі тиімді сөйлеу өнері» және «Соттағы сөйлеу мәдениеті – құқықтық білім сапасының көрсеткіші» атты екі сессиядан тұрды.

Бірінші сессия шеңберінде Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, А.С.Пушкин атындағы Орыс тілі мемлекеттік институтының кафедра меңгерушісі (Мәскеу қ.) Владимир Аннушкин, жазушы Болат Бодаубай, М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының профессоры Нұрсұлу Шаймерденованың баяндамалары тыңдалды.

Жақып Асанов сессия жұмысын аша келе, бүкіл сот жүйесінің ең басты әрі жалғыз өнімі – сот актісі екендігін атап өтті. Оған қатысты наразылық көп. Көбінесе адамдар оның мазмұнын түсіну үшін қосымша қаржы мен уақыт жұмсай отырып, заңгерлерге жүгінуге мәжбүр. Сондықтан осы жылғы наурыз-сәуір айларында өткен Жоғарғы Соттың жалпы отырысында азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот актісі қандай болуы тиістігі жазылған нормативтік қаулыларды қабылдады.

Бұл жаңашылдықтардың негізгі міндетіне келер болсақ, әрбір сот шешімінің құрылымы айқын болуы керек, онда іске қатысы жоқ артық ақпарат болмауы тиіс. Әрбір айтылған уәжге судья өзінің анық дәйектелген ұстанымын білдіруі тиіс.

Бұған қоса, сот шешімі жарияланғаннан кейін судья міндетті түрде тараптарға шұбалаңқы заң дәйексөздерінсіз, қарапайым әрі түсінікті тілде неліктен дәл осындай шешім қабылдағанын түсіндіруі тиіс.

Мұның барлығы судьяларға жазбаша мәтіндерді дайындау, көпшілік алдында сөйлеу, шиеленіс және наразылық жағдайында жүрген адамдар арасында коммуникация орнату бойынша білім мен практикалық дағдыларға қатысты қойылатын талаптарды арттырады.

Ж.Асанов бүгінде сауатты сот риторикасы сот төрелігін тиімді жүзеге асырудың, қоғамда даукестікті азайтудың кілті және адамдардың сот жүйесінен күтетін нақты талап-тілектеріне деген жауап екендігін айрықша атап өтті.

Спикерлер заңгер сөзінің жауапкершілігі, заң шығару тілінің ерекшелігі және риторика, заңгерлерді даярлау саласындағы коммуникация мен сөз сөйлеу мәдениетінің түрлері секілді тақырыптар бойынша пікір алмасты. Бұған қоса, билердің шешендік өнерінің маңыздылығы, заңгерлердің сенімді сөйлеуі және сапалы сот актісі туралы мәселелер көтерілді.

Екінші сессияда Қазақстан Республикасындағы заңгерлік білім берудің қазіргі жай-күйі мен заңгерлік білім стандарттары, қоғамның жоғары кәсіби заңгерлерге деген сұранысы қарастырылды. Пікірталас барысында адвокат, «Rödl & Partner» компаниясының Қазақстандағы басқарушы серіктесінің орынбасары Михаэль Квиринг заңгерлерді даярлаудағы Еуропалық тәжірибемен бөлісті.

Іс-шара барысында а.ж. 16 сәуірде басталған «Жаңа үлгідегі үздік сот актісі» республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды. Ол туралы Жоғарғы Сот судьясы, комиссия мүшесі Бағлан Мақұлбеков айтып өтті. Конкурс барысында азаматтық істер бойынша үздік сот актілерінің үлгілері таңдалып алынды. Оған 45 сот, 78 судья мен 5 маман қатысты.

Жұмыстар «Мемлекеттік тілдегі үздік сот шешімі», «Орыс тілдегі үздік сот шешімі» аталымдары бойынша ұсынылды. Барлық жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға Жоғарғы Сот Төрағасы атынан грамоталар, алғыс хаттар мен өзге де ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Сот актілерінің үздік нұсқалары тиісті жинаққа енгізіледі. Ол судьялардың сот шешімдерін әзірлеу дағдыларын жетілдіруне бағдар болады.

Іс-шара барысында оған қатысушылар бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша қызу әрі сындарлы пікір алмасты.

Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі  

Abai.kz 

 

   

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052