Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 10138 2 пікір 6 Маусым, 2018 сағат 08:11

Нұрлыбек Саматұлы. Ө-өш... ше... ше...

Әңгіме

Аядай дүңгіршіктің темір еденін тағалы өкшелерімен сартылдата соғып ішке самбырлап сөйлей кірген үш қатын бұның тіл ұшына кеп қалған сөзін айтуға да үлгіртпей, киіп ала жөнелгені. Іші күйіп, тысқа атып шыққаны содан.

Тыста аяғын аяғына соққылаған кемпірі лықа толы сөмкесінен алысқа ұзап кете алмай, айналшықтап жүр екен. Екі қолын екі жеңіне айқастыра сұғып жіберіпті, тоңған, сірә.

– Не болды? Түрің бұзылып кетіпті ғой, – деді аялдама іргесіндегі дүңгіршіктен дедектеп, жүгіре шыққан оған күдіктене қарап. – Ілінісіп қалғаннан саусың ба тағы?

Жасы жетпіске шамаласқан қырма сақал кісі күйгелектеніп, кемпірінің жанына жетіп келді.

– Ө-өш... ше... ше...

– Тәйт, айтпа жаман сөзді. – Кемпірі бетін қайтарып, кейіп тастады. – Жаурап кеттім. Жүрің, такси ұстайық.

Басына тоқыма берет, үстіне қоңыр пәлте киіп домалана қалған кемпірі аялдамадан шыға сала, қолын сермеп, такси тоқтатты. Кең көшеде иін тіресіп жылжып бара жатқан көп көліктің шеткі біреуі жырылып, бері бұрылды.

– Әуезов-Сәтбаев, – деді кемпірінен бұрын жеткен қырма сақал сырма шапанының етегін қайырып, ақша іздегендей ішкі қалтасына қолып сұғып жатып.

– Мың теңге!

– Не дейт!? – Қалтасына сұққан қолын тез суырып алды. – Сідік шаптырым жерге де ме?

– Мың теңге, – деді таксиші жігіт айтқанынан қайтпай.

– Қанша дейді? – деп кемпірі килікті.

– Мың деп тұр.   

– Мейлің! Мың болса, мың болсын. Тезірек кетейік бұл арадан.

– Ө-өш... ше... ше... құрып қап па такси, басқасын тоқтатың.

Келісе алмасын сезген таксиші әйнегін көтеріп, жылжуға айналды.

Аялдамадан аулағыраққа көлігін қаңтарып қойған басқа бір таксиші бұларға алқынып жетті.

– Такси, такси аламыз!

– Әуезов-Сәтбаев.

– Ауэзова-Сатбаева ма?

– Жоқ! Әуезоп-Сәтбайоп деп тұрмын мен саған.

– Мың теңге.

– Мыңда басың қалсын! Без жүз деп айт.

– Мейлі, болса, болсын. Отырыңыздар.

– Астапыралла, – деді қырма сақал көлік жүріп кеткен соң. – Не көрінді сендерге, мыңнан басқа санды ұмытып қалғансыңдар ма? А-а!

– Бензин қымбаттап кетті, аға, – деді таксиші ақталып. – Оның үстіне көп жерде ақшаға бензин бермей  жатыр, талон сұрайды.

– Әдейі қат қып отыр оңбағандар. Күмпіп шығып жатқан жоқ па мұнай деген. Кеше бар бензинді бүгін жер жұтып па екен? Қымбаттата түспек қой, кәззаптар, жебірлер, жәлептер! Ө-ө, ше... ше...

– Қой әрі! Жаңағы дүкеннін ашыған айрандай шапшып шықтың ғой түге. Базарда да тыныш жүре алмайсың. «Бадынақ деп неге жазбайсың? Неге пөпкөрім деп жазасың?» деп жүгері сатқан қызға тиісіп... базар ішін у-шу қылдың. Ұят емес пе? Сабаңа түс. – Артта отырған кемпірі басу айтты.

– Қалай түсесің сабаңа? Қалай? – деп екі қолын бірдей сермеп, екіленіп шапшаңдата сөйледі қырма сақал. Аузынан түкірігі шашырап кетті. – Қазақтың баяғыдан бар әдемі сөзі тұрғанда, қайдағы бір пөпкөрім деген шетелдің сөзіне жабысып... Жарайды оны қоялық, анау көзі тұздай мәгәзінші қатынды айтсай, беріп тұрған ақшаны алмай. «Возми себе свои медяки» деп бір теңгеліктерімді кері лақтырып. Әһ, зәнталақ! Медяк болса да ақша емес пе ол? Тәуелсіз мемлекетіміздің ақшасы. Ұлтты менсінбеу ғой барып тұрған. Керек десең, арнайы бап бар бұған. Әкімшілік көдекісте. Көзі көкшірейген пәлекет! Күн жылынсын, сосын көрейін әуселесін. Бір уыс бір теңгелік әкеп... соны алмаса полисаға арыз жазып, көзіне көк шыбын үймелетейін. Ну, пәгәди, бәлем!

Қырма сақал сұқ саусағын безеп, қалшылдап кетті.

– «Ну, погоди» деген мульфильм бар ғой, – деп таксиші мырс-мырс етіп сөзге араласты. – Қоян мен қасқыр туралы. Қашқан қоянды қуалайтын ақымақ қасқыр туралы ше...

Қырма сақал астынан шапшып су шыққандай қопаң етіп, орнынан түрегеп кете жаздап, таксишіге төніп барып қайтты.

– Әй, не деп тұрсың өзің!? Қасқыр – біздің тотеміміз! Мына мен тарихшы адаммын, білмесең айтайын, біздің тотеміміз көк бөрі. Оңбағандар... он шошқаға тоймағандар... сонда ойлағандары біздің қасиетті тотемімізді қасақана сайқымазақ қып, қасақана мазақ қып, келеке ғып... әй, әй, ұлтты бөрілік мінезден айыру ғой ол! Ақыры жетті мақсаттарына. Балдардың санасына қасқырды ақымақ, даңғой етіп сіңіріп тынды. Біздің бастықсымақтар... әй, құл ғой олар, құл... сол «Ну, пәгәдиден» ұялып, қымсынып, екі мың отызда көк бөрі боламыз деудің орнына, екі мың отызда барыс боламыз дегенді шығарыпты аузы қисаңдап. Мә, саған барыс! Қалай бұған ашуланбайсың! Қалай бұған жынданбайсың! Ө-өш... ше... ше...

Ашуға жайдақ мінген оның желкесінен кемпірі сұқ саусағын батыра нұқып қалып, тыныштандыра қойды.

– Қарағым-ай, мән берме шалдың сөзіне. Өзінше пәтірөт бұл. Өмір бойы алысып келем. Орыс десе құтырған бурадай жыны ұстап кетет. Анау он жетінші жылдан бері қарай қақсап бастағанда.... ішіп отқан шәйіңді тастап қашасың... Тарих пакүлтетінде бекер оқыған ғой. Ашуланса кіл осылай, шымкентшілей жөнеледі. Ауру  ғой.

Кемпірінің сөзіне ырза болғаны ма, бір езулеп кеңкілдеп күліп қойды да:

– Иә, айып етпе қарағым, – деді жаңағы өрекпіген екпінінен ілезде айырылып. – Кемпірім қайта беріден қайырып отыр. Он жетінші жылың не, патша өкіметі бір мың да сегіз жүз алпыс алтыншы жылдан бастап жалаңаяқ, жалаңбұт батрақтарын біздің жерге қаптатқан ғой. «Қарсы келсе, сөзге келмей ат та таста, сот жоқ» деп қот-қоттап қойған. Онысын кейін Столыпин дегені өршітіп жіберіпті. Содан қалған сілімтіктер... тәуелсіздік алғанымызға пәлен жыл болса да бізді менсінбей, адам қатарына санамай, шетқақпай қыла береді. Ал, қазақ бейшара қайтті? Басын қорғалап, ел асып кетті. Мисалы, біздің аталарымыз Қарақалпақ кеткен. Жолда өлгені өлген, қырылғаны қырылған. Ат төбеліндей азғантай топ жеткен, ілініп-салынып, арып-ашып. Содан тараған ұрпақпыз біз. Күйем ғой, күйген соң айтам ғой. Әй, бұлар ма, бұлар...

Ол жуық арада сабасына түсе алмай, шеке тамыры солқылдап, аударылып-төңкеріліп машина ішіне сыймай кетті.

Кең көшеде сығылысқан көліктер бір-біріне тақала баяу жылжып бара жатты. Сыртта аяз. Кеше жауған қардың аязы. Анадайдан сұқ саусағын шошайтып, такси тоқтатқан жалаңбас келіншек көрінді. Жанында он-он бір жасар шамасындағы кішкентай қыз бала бүрісіп тұр. Көліктер жанына жанап барып, тоқтамай өтіп кеткен сайын, колготки киген сирағын тоңған тауықтай сидитып бір көтеріп қояды.

– Мыналарды ала кетейік, аға, – деді таксиші елеңдеп.

– Алсаң ал. Байғұстар дірдектеп тұр екен, – деп бойы жылынған қырма сақал кеңшілік жасады. – Кемпір екеумізден ала алмаған бес жүз теңгені осылардан ал.

Жалаңбас келіншектің баратын жері бұлармен бір боп шықты. Олар қаңтардың бір құшақ аязын өздерімен бірге ілестіріп ішке енді. Ысырылып отырған кемпірдің жанына жайғасып жатыр. Айтса айтқандай, жаурап қалған. Келіншектің бауырына тығыла түскен тырнақтай қыздың екі беті боп-боз. Қырма сақал оларға жүзін бұрып, әлдене дегісі келді ме, оқтала бере, райынан тез қайтып, түзеліп отырды. «Тоңатын да дәнемесі қалмаған, сірә» деп күбір етті.

Такси сәлден соң оңға бұрылып, қосалқы тар жолға түсті. Көліктен ада көшемен жұлқына зымырап біраз жер ұтты.

– Анашым, жаурап кеттім, қолымды ұстаңызшы, – деген кішкентай қыздың нәзік дауысы естілді арт жақтан.

Қырма сақалдың құлағы елең етіп, күліп жіберді.

– Анашым дей ме, мына балапан? А-а? Қайдан үйреніп жүр, анашым дегенді? – Кішкентай қызға жүзінен мейрім төге, сүйсіне қарады. – Әжесі, кәмпит берші. Тілінің тәттісін қара. Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа. Анашым дейді-ә! Анашым!

– Әкесі ғой үйретіп жүрген. Әкесі мұғалім мектепте. – Келіншектің мінезі ашық сияқты, жатырқамай іле жауап қатты. – Дұрыс қой онысы, – деп күйеуін сыртынан қоштап қоюды да ұмытпады. – Мама, папа деген орыстың сөзін тастауымыз керек қой.

Күлімсіреп отырған қырма сақал мына сөзді естігенде езуіндегі жымиысты жылдам жия салып:

– Қарағым, айналып кетейін, кім айтты саған маманы орыс сөзі деп. Мама деген орыс сөзі емес. Мама деген түркінің сөзі. Түркіден тараған жер жүзіне – деді.

– Түрікті қойыңызшы, – деп кіржиді келіншек, – бір тюрчанка көршім бар. Сұғанақ. Ұры. Күйеуі де түрік. Әйелінен өткен. Түріктерді жақтырмаймын өз басым.

– Не дейді, мына қарағым! – Қырма сақал жекпе-жек төбелеске дайындалған адамша бар денесімен еңсеріле бұрылып, шүйліге қалды. – Біле білсең, айналайын қарағым, түрік деген қазақтың бауыры. Ойбай-ау, Қазақстан тәуелсіздік алғанда бірінші боп солар емес пе алақайлап қуанған. Солар бірінші мойындаған біздің тәуелсіздікті. Олай дей көрме түрікті. Бар шығар бірлі-жарым жаманы. Әйтпесе... мен саған тарихшы ретінде айтайын, бір мың да жеті жүз...

Қырма сақал ұзақ бір тарихи хикаяны толғап жібермек боп, әңгімесін бастай бергенде, жалаңбас келіншек таксиді тоқтатып, ақшасын төлеп, түсіп қалды. Хикая басталмай жатып үзілді.

– Қап, – деп күйінді қырма сақал жұдырығымен тізесін түйгіштеп.

– Басталды. Мың рет айтқан әңгімесі. – Кемпірі кекете күліп жіберді.

– Мың рет, миллион рет айтам бұны. Қашан саналарына жеткенше айта берем, айта берем. – Шала бүлінген қырма сақал қоян құлақшынын басынан жұлып алып, жұмырлап-жұмырлап қайтадан басып киіп алды. – Миы ашыған қазақ мама деген әйбат сөзді орыстыкі деп лағып, адасып жүр. Орыстың сөзін айтпай, өз сөзімізді айтқанымыз, жүдә, дұрыс. Ау, айналып кетейін мама деген сөзді атам қазақ ежелден айтып келе жатыр ғой. Әй, інішек, тоқташы осы араға. Тоқташы деймін. Бес жүздің үстіне тағы бір бес жүз қосайын. Мың қылайын. Тоқтай гөрші.

Көлігін жол жиегіне іріккен таксиші аң-таң.

– Ал енді тыңда. – Қырма сақалдың жүзі күп-күрең боп қызынып алған. – Сен, інішек, балам, өміріңде мама бие, мама қаз дегенді естіп пе ең?

– Естігем. Мама ағаш деген де бар.

– Әнекей, айналайын-ау, сен өзі айтқан сөзді түсінейін деп тұрған адамсың ғой. Естіп отсың ба, кемпірім-ау, мама ағашты біліп тұр мына бала.

Қырма сақал масаттанып, сақ-сақ күлді.

– Ал, енді былай...

– Аға, жүре берсек қайтеді. Тұруға болмайды бұ жерге.

– Жүрсең, жүрің. Ал, енді былай. Есіңе мықтап сақтап алың. Мама орыс сөзі емес. Түркінің сөзі. Айтайын. Жолға түсіп алың әуелі. Жайлап, асықпай жүре берің. Пәлен ғасыр бұрын, нақты қай ғасыр екені блакнотымда жазулы, Шумер деген ел болған. Қосөзен деген жерде. Озық мәдениеті болған оның. Өзінің жазуы, өзінің озық ғылымы болған. Сол Шумерден көк түрік келіп шығады. Сол Шумердің ама деген сөзі болған. Мағынасы – ана, шеше. Шумердің баласы өзін туған әйелді ама деген. Қазіргі қазақ та шешесін ана дейді ғой. Әй, әй, оған талас жоқ. Ғылымда дәлелденген.

– Иә, иә, – деп осы арада таксиші қоштай кетті. – Менің негізі оқығаным – қазақ тілі мен әдебиеті. Мұғалімдік. Қазақ тілінде мы деген дыбыс ны-ға айналып кете береді. Сонда ама деген сөздегі мы ныға өзгеріп, ана боп кеткен дейсіз ғой.

– Міне, міне... Қазір үйге барған соң кетпеші айналайын, шай ішіп отырып әңгімелесейік екеуміз. Мәселені біліп тұрсың. Жетік екенсің. – Қырма сақал қуанғаны ма, қылғына сөйледі. Екі беті қып-қызыл боп кетті. – Сол ама жер жүзіне Шумерден тараған. Біреуге мама боп барған, енді біреуіне дама боп енген. Мадам деп жүргендер де бар. Көп. Мисал көп. Тарихта Амазонка деген жауынгер әйел тайпасы болған деп жүр ғой. Сол анау ама сөзімен тікелей байланысты. Амазонка деген өзенді білетін шығарсың, Оңтүстік Америкадағы. Оны өздері Амазонас дейді. Ка-ны қосып жүрген орыстар. Амазонас деп үндістер атап кеткен. Үндіс дегеніміз де осы өзіміздің жерден, Алтайдан ауып барғандар. Адам заманында. Олар да өзінің құдасын құда дейді, сват демейді. Ама сөзін Америкаға солар алып барған. Ал енді әлгі Амазонас амалардың, яғни аналардың өзені деген сөз. Ама өзен! Ама сөзінің соңғы а-сы өзеннің ө-сін жеп қойған. Көрдің бе, қисыны келіп тұр ғой. Солай ма? Сондықтан да ама басқаларға қарағанда бізге, қазаққа ең жақын сөз. Дәлелім бар оған. Айтсам, тырп ете алмайсың.

– Қой деймін енді, баланың миын атала қылма. – Манадан тып-тыныш монтиып отырған кемпір орта жолда асығыс киліге кетті. – Мәшін айдап келе жатқан адамға мешай етпе. Бір жағына тайып кетер.

– Айта беріңіз, аға. Әңгіме енді қызды, – деп таксиші оны желпіндіріп тастады. Қырма сақалдың сермеп қалған қолы қоян құлақшынын теріс айналдырып жіберді, ырза болғаны шығар. Сырма шапанының өңір түймесін бір ағытып, бір салды. Ырс-ырс күле береді.

– Осы арасына келгенде шаян шағып алғандай шоршиды бұ кемпір. – Ха-ха-халап, мәшине ішін бір өзі басына көтерді. – Шоршыма. Тарих солай. Ақымақ кемпір, қайта қуан оған.

Бір шекесіне қисайып кеткен кепкісін түзей берген таксиші жігіт те арсалаң-арсалаң.

– Енді сен мына қызықты қара. Жаңағы ама-ның соңғы а-сын алып тастасаң не болады, а? Уақыт деген соңғы а-ны желге ұшырып жіберген ғой. Ұқтың ба? Ама-ның, ұқтың ба, сонда не болғанын? Мынау менің кемпірімдікі... ха-ха-ха! Маманың басқа жұртқа емес, қазаққа өте жақын сөз екенін осыдан-ақ байқай бер.

– Өмірі естімеген әңгімем, – деген таксиші жігіт басын шайқап, таңғалып қалды. – Қызық! Тамаша!

– Қайдан естисің? Мен ашқан жаңалық бұл, еш оқулықта жоқ. Кәрі тарихшының, Қарақалпақстаннан көшіп келген оралман тарихшының ашқан жаңалығы. Докторлық қорғап жіберсе де жарап тұр.

– Шынында қорғап неге алмайсыз?

– Жасым жетпіске келгенде ме? Мен емес, мына сен қорға, таксиіңді таста, жассың ғой.

– Докторлықтың да дәмі кетті-ау, ағасы.

–  Құртты ғой, ғылымды құртты! Ө-өш... ше...ше...

– Міне, келдік, Сатбаева... а-а, Сәтбайоп, өзіңіз айтқандай.

– Кеп қалдық па? Сәтбайоп па?– Көзін сығырайтып төңірегіне барлай қарады. – Е-е, келіппіз, осы ара. Осы ара, айналайын. Тоқтай қал. Қап, қалай тез кеп қалдық, ә! Папаны айтуға үлгіртпей...

Такси жолдың оң жағына ойысып барып кідірді.

Жерге әуелі оң аяғын түсіріп, «әуп» деп сосын өзі секірді. Қайта айналып мәшине ішіне басын сұқты.

– Өзің саңлауы бар бала екенсің. Уәде, уәде! Мың теңгеңді беріп қояйын. – Құнжыңдап қойнына қол салды.

– Аға, оқып-түйгеніңіз көп қазыналы қария екенсіз, – деді таксиші толқып, – соңғы кезде жолым болмай жүргені. Маған ақша емес... бата беріңізші.

– А-а, бата!? – Қырма сақал қойнына салған қолын бір алып, бір сұқты. – Бата дейсің бе, айналайын, қарағым-ау, кел онда. – Иіліп тұрған күйі қолын жайды. Жаюын жайса да, батаны қалай бастасам екен дегендей, кемпірі жаққа қарағыштап:

– Ө-өш... ше... ше... – деді. Кідіріңкіреп барып тілі кенет шешіліп кетті. – Шөбере-шөпшегіңнің ырақатын көр, қарағым, аумин! – Қысқа қайырып, жалма жан бетін сипап жіберді.

Таксиші жігіт батаға қанбай қалғандай алақанын жайған күйі бөгеле беріп:

– Табысты бол деңізші, – деді жалбарына қарап.

– Табасты бол, табысты бол, өй, айналып кетейін... ө-өш... ше... ше... шеш... шаш етектен табыс тап, әумин!

– Айтқаныңыз келсін! Әумин! – деді таксиші жігіт сонда ғана бетін сипап.

Есік сырт жабылды.

– Алжиын деген шығарсың сен шал, – деді кемпірі былай шыға бере. – Ашуланғанда айтатын сөзің аузыңнан шығып кете жаздады ғой. Абайламайсың ба?

– Әй, кемпірім-ай, – деді қырма сақал кеңкілдеп күліп бара жатып, – білмей жүр екем, ашуланған мен ырза болған бірдей екен ғой.

3.01.2018 жыл, сағат түнгі 4.15.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы ауылда 1966 жылы туған. Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында мұғалім, Қызылорда облыстық Телерадио хабарларын тарату компаниясында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде бөлім меңгеруші, «Хабар» телеарнасында редактор, республикалық «Жұлдыз», «Таң-Шолпан» әдеби журналдарында проза бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан»  журналының бас редакторы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563