Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4613 0 пікір 10 Шілде, 2018 сағат 11:47

Дала шонжарлары болыстық мансапқа неге ұмтылды?

Көрнекі сурет

Біріншіден, өкімет болыс басқарушысына жақсы жалақы төледі. Екіншіден, бүкіл болыстықтан жиналатын салық алдымен болыс басқарушысының қолына түсті. Ол түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін жасырып қалуға мүмкіндігі болды. Оның үстіне 1867 жылғы Ереженің 112 параграфына сәйкес болыс басқарушысына өз қарауындағы тұрғындарға белгілі бір айыбы үшін 3 сомға дейін айыппұл салуға құқығы болды. «Кеңсесі» қоржынында жүретін болыс басқарушысының қаржы есебін толыққанды бақылауда ұстауға үкімет дәрменсіз еді.

Түркістан өлкесін тексеру үшін Ресей Сенаты құрған комиссияны басқарған сенатор граф Паленнің есебі негізінде жасалған Әскери Министрліктің 1906 жылғы «Түркстан өлкесінің мемлекеттік және қоғамдық-экономикалық мұқтаждықтары туралы жазбаларында» көшпенділер арасындағы болыс, старшын, би сайлаулары туралы былай дейді: «...сайлаушыларды сатып алу мен үгіт-насихат жұмыстарына 40-50 мың сомға жететін орасан көп ақша жұмсалатын болды. ...Сайлаушыларды сатып алу жүйесі кең етек алды», «Билікке осындай жолмен келген лауазымды қызметкер ең алдымен өз шығынын қайтаруға тырысатыны –табиғи жағдай, сондықтан лауазым иесі тегін саусағын қимылдатпайды, ал сыйақы үшін барлығын шешеді»...

«Болды да партия, ел іші бүлінді...», «Қалың елім - қазағым...» ―деп Ұлы Абайдың күңіренетіні осы кез. Қазақтың жаңа атқамінерлері параға жұмсалған шығынның барлығын қара халықтың мойынына салды. Елде арты адам өлімімен аталатын «барымта, барымтаға қарымта» дегендей ұрлық-қарлық, оның арты бірінің үстінен бірі оязға шағымданып, екі жақты жем болу көбейді.

Бұрын жанындағы ақын-жырау, сал-серілерімен мақтанатын қазақтың бай-бағландары, енді баукеспе ұрыларымен бәсекелесетін жағдайға жетті. Қазақтың сонғы ханы Кенесарының ержүрек ұлы, бүкіл қайратты ғұмырын Ресейлік отаршылармен күреске бағыштаған Садық сұлтан өмірінің соңғы кезеңін Қарабұлақтың маңындағы «Ханқорған» деген жерде өткізгені белгілі. Осы Садықтың 3 жылқысын Машат болысының бұрынғы болысы Иса Батырбеков пен старшыны Әбіш Пірімқұлов дегендер ұры жұмсап, алдырып сотты болады. Істі Шымкент уездік соты 1894 жылы 18 наурызында қарайды. Болыс пен старшынның аш емес екені түсінікті болса керек?! Ең сорақысы, қазақтың би-болыстарына «жандаралдың» (генерал-губернатор) қолынан медаль алу дүниедегі ең үлкен мәртебелі іске айналды. (Өкінішке орай, аталарының отаршылардың қанға малынған қолынан алған #салпыншақтарын» мақтан ететін ағайындар әлі күнге арамызда баршылық).

"Ауыл тарихы - ел тарихы" кітабынан...

Өмір Шыныбекұлының Facebook-тегі парақшасынан алынды

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377