Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 41931 13 пікір 12 Шілде, 2018 сағат 01:21

Соқпақбаев романының цензураға түскен бір бөлігі «табылды»

«Абай» ақпараттық порталы Бердібек Соқпақбаев мұрасын үздіксіз насихаттап келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын біз Бердібектің ешқандай кітабына енбеген, КСРО-ның тоталитарлық жүйесіне қарсылық білдірген «Ергежейлі еліне саяхат» атты хикаятын жариялаған едік. Мұнан кейін жинақтарға енбей жүрген бірнеше әңгімесін оқырман назарына ұсындық. «Балалық шаққа саяхат» повесіндегі бір кейіпкерді тауып алып, сол кейіпкердің жазушы жайлы естелігін  де жарияладық.

Бүгін сол үрдісті тағы жалғастырмақпыз. Біздің білуімізше, «Кеңестік дәуірдің бар шындығын айпарадай ашып көрсеткен» делінетін Бердібек Соқпақбаевтің «Өлгендер қайтып келмейді» романының өзі талай қидалаудан өткен. Abai.kz ақпараттық порталы бүгін шеңгелді цензураның салдарынан  қиылып кеткен сол шығарманың бір бөлігін («Халық жауының» отбасының бастан кешкен қиындығы туралы) оқырман назарына ұсынып отыр. Алдағы уақытта бұл шығарманың түпнұсқасын қайдан «тапқанымызды» жариялайтын боламыз.

 

***

«Өлгендер қайтып келмейді» романы

 

Әлгінде Нұрәлі айттқан Мамырбай – біздің әкеміз. Бұл сөз менің құлағымды елең еткізіп қана қоймай, жүрегімде қадалып жатқан тікенді оқыстан қозғап жібергендей болды. Тұла бойым шымыр ете қалды...

Оқушы осы арада неліктен деп сұрар. Бұл сұраққа түсінікті етіп жауап беру үшін әңгімелеп отырған уакыттан үш жарым жылға кейін шегінуге тура кеп тұр.

1938 жыл. Январь. Қақаған қыс. Ол кезде мен өзіміздің Тұйықтағы мектептің төртінші класында оқимын. Сәрсебек ағайым Алматыда есеп-кредит техникумында оқиды.

Әкем Мамырбай колхозда жылқы бағады. Жазы-қысы бел шешуге мұршасы келмейді, мал соңында.

Бір күні таңертең шай-суымызды қайнатып, шешем, кішкентай Биғайша (романның қазіргі нұсқасында Биғайша деген қыз жоқ) қарындасым үшеуміз әкеміздің жылқыдан оралуын тосып, күтіп отырдық. Қүндегі әдетімен қазір ол сақал-мұртын қырау басып, сықырлап келуге тиіс. Шайды бәріміз бірге отырып ішеміз.

Бұл жолы әкем келе қоймады, кешіге берді: енді кеп қалар деп, елеңдеумен біз отырмыз. Кенет есік алдында жатқан қар сықырлады. Е, бәрекелді, әкеміз болар деп едік, ол болмай, басқа біреулер тық-тық еткізіп есікті қақты. Балалық мінезім ұстап:

– Да! –деп, айқайлап жібердім. Сау етіп үш-төрт адам кіріп келді.

Кейбірін танысақ та, кейбірінің түсі басқа, суық. Алдыңғы біреуі сөлбірейтіп шинель киген, портупея асынған, белінде наган. Шешем екеуміздің көздеріміз атыздай болып кетті.

– Тінтеміз, – деді шинельді.

«Неге?», «Не үшін?» деп сұрауға бізде шама жоқ. Біреудің үйін тінту, адамын ұстап әкету ол кезде онша қиын емес.

Тінте бастады. Жүк, төсек-орын, қора-копсының әптер-тәптерін шығарды. Не іздеп жүргендерін құдайым өзі білсін. Күмістеген ескі ердің кұйысқан, тартпа, өмілдірігімен қоса ескі кұранды да әкетті.

Соңынан білдік, әлгілер біздің үйге тінту жасап жатқанда, екі милиционер Жабырда жылқыда жүрген жерінен әкемізді қамауға алып, Карасазға айдап әкетіпті.

Ойламаған жерден шаңырағымыз ортамызға түсіп, астан-кестең болдық та қалдық. Шешем зар жылап:

– Жұртым-ау, бұл не сұмдық? Қандай пәле болғанын айтсаңдаршы? – деп, біресе зыр жүгіріп ауыл совет кеңсесіне, біресе колхоз кеңсесіне барады. Бірақ ешкім оған ештеңені түсіндіріп айта коймады.

Ол кезде Тұйықта колхоз председателі Нұрәлі.

Әкем қамалғанның соңынан: «Мамырбай халық жауы болып ұсталыпты. Қытайдағы бандамен байланысы бар екен!» деген тажалдап суық хабар дүңк ете қалды. Мәссаған, керек болса! Бұл біз үшін күн жарқырап тұрғанда төбемізден шарт етіп жай түскенмен бірдей еді.

Әкеміздің қамалуына байланысты... біз басқа сұмдықтың бәрін күтіп едік. Бірақ дәл осыны күткен жоқ едік. Сауатсыз, қараңғы адам. Осы колхозды колдан тұрғызысқан ку тақыр кедей. Қаршадайынан бастап өмірі байларда жалшылықпен өткен. Қой аузынан шөп алмас момын. Сондай адам кайтып халық жауы болады? Қысы-жазы бел шешуге мұршасы келмей мал соңында жүріп, Қытайдағы бандамен калай байланыс жасайды?

Бұлай деп үн көтеріп, ауыз ашуға әл кайда. Жұрттың бәрі көлеңкесінен қорқады.

Сол кеткеннен әкем байғұс зым-зия кете барды. Қарасазға бір түнетіпті де, Жаркенттің түрмесіне әкетіпті. Соңынан бір-екі айдан соң қайта әкеп, жасырын сот жасапты. Бізді оған қатыстырмақ түгіл жолатқан да жоқ. Шешем байғұс неше күн сыртынан торуылдап жүріп, жолыға да алмай қалды. Тек: «Мамырбайға он жыл беріпті» деген хабарын бір-ақ есіттік.

Кұдай-ау, не үшін? Не қылмысы үшін? Кімдер куә болыпты?

Біз жауап таба алмаймыз. Тек ел аузында әр алуан пыш-пыш алып қашты әнгіме бар. «Мамырбайды бандамен байланысы бар деп, қаматушы да, оған негізгі қаралаушы, куә болушы да Нұрәлі екен», –дейді.

Кім біледі, болса болар дейміз. Бұлай ойлап, сезіктенуге бірсыпыра себеп те бар. Неге екенін мен өз басым анық білмеймін, бірақ әйтеуір әкем Нұрәліні жек көретін. Оның аты естілсе, жиырылып тұратын. Техникумға оқуға кеткенге дейін Сәрсебек ағайым кеңседе Нұрәлінің қарауында есепші болып істеді. Сонда әкемнің бірнеше рет: «Балам, Нұрәлі жаман адам, байқа. Сақ жүр!» деп, айтып отырғанын еститін едім. «Не-сі жаман?» деп, мән беріп сұрамай қоймаушы едім.

Және бір себеп: сол әкем ұсталардан үш-төрт ай бұрын, 1937 жылдың күзінде, біздің Тұйықтан Бөкей, Мәмбет деген адамдар халық жауы болып ұсталды. Бөкей ұста, ал Мәмбет еті тірі белсенділеу адам. Әртүрлі қызметтер атқарып жүретін. Ел соларды да: «Нұрәлі ұстатыпты. Нұрәлі тыңшы екен» деген сөздер айтып жүрді.

Үшінші себеп: әкеміз қамалған соң Нұрәлі бізге тіпті қырын қарап алды. Халық жауының баласы, халық жауының қатыны деп, төбемізге талай рет камшы ойнатқан кездері болды. Міне, осының бәрі тегін бе?

Ал бірақ әкемді қаматып айдатушы дәл осының өзі деп, біз тап басып айта алмаймыз. Оны өз көзімізбен көріп, өз кұлағымызбен естіген жоқпыз. Расында да дәл солай ма? Жоқ, солай емес пе деп, көңілге күдік кіретін кездеріміз де болады.

 

* * *

Әкем қамалғаннан соң бір айдан кейін киім-кешегін арқалап, ағайым сүмірейіп үйге келіп тұр. Сөйтсе оны халық жауының баласы деп, әрі оқудан, әрі комсомолдан шығарып жіберіпті.

 

***

Ол тіпті өзінің 1917 жылы туғанын да мақтаныш көретін. Жасы он төртке толар-толмастан комсомолға жазылған. Енді міне, сүтке тиген күшіктей бәрінен аласталып отыр.

 

 

***

Бір күні ойнап-күліп Нүсіпбай екеуміз белдеуге таласып жанжалдасып қалдық.

Нүсіпбай:

Халық жауының баласы кет! Жолама біздің үйге деп! – мені ұрып, қуып жіберді.

Мен кете бардым. Ұрғаны ештеңе емес, «халық жауының баласы» деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме бір-ақ жетті. Төбелесейін десем әлім келмейді.

Үйге келдім де, ет кесетін мүйіз сап қара пышақты алып, Нүсіпбайға қайта бардым. Пышақ ұстаған қолым артымда жасырулы. Нүсіпбай мені көріп:

– Неге келдің? Мен саған бұл араға жолама деп айтпадым ба? – деп, қодиланып, қарсы жүрді.

Мен үндемей жақындап келдім де, пышақпен Нүсіпбайдың бетінен көлденеңдей тартып кеп жібердім. Нүсіпбайым баж етіп, бетін басып, отырды да қалды. Қара қан қолының сыртын жауап кетті. Мен жалт беріп, зыта жөнелдім.

Үйге де соқпастан қырқаны асып, басым ауған жаққа тартып отырдым. Сол күні ауылға жолаған жоқпын. Егінжайдағы ескі қырманға түнеп, ертеңінде қараңғы түсе үйге бір-ақ келдім. Мені жазым боп қалды ма деп ойлап, үйдің іші, бүкіл ауыл-аймақ болып іздеп жүр екен...

Нүсіпбайдың беті тыртық боп бітті. Менен қалған таңба.

 

Редакциядан. Соңғы сюжет романға басқалай сыпатпен енген. Түпнұсқа қаншалықты өзгеріске түскенін бағамдау үшін оны да назарларыңызға ұсынамыз!

«...Алтыншы оқып жүрген кезім. Әкем жуырда қайтыс болған. Қысты күн. Топ бала жар қабақтан сырғанақ теуіп жүрміз.

Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын, сотқарлау жуан білек бір баламен жанжалдасып қалдым. Екеуміз боқтастық. Нүсіпбай:

– Әкеңнің аузын... жетім, – деді.

Жетім деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жетті.

Екеуміз жатта кеп төбелестік. Нүсіпбай менен әлді, күшім келмейді. Таяқты көбірек жеп қалдым.

Өшім кетіп бара жатыр.

Жетім деп қорлағаны тағы бар.

Сазарып үйге келдім. Нүсіпбайдан қалай да өш алуым керек. Қалай алам?

Ет кесетін мүйіз сап қара пышағымыз бар. Әлгіні жеңімнің ішіне тығып алдым да, сырғанақтың басына қайта бардым. Үн-түнсіз кеп, Нүсіпбайдың бетінен пышақпен көлденеңдей тартып жібердім...

Нүсіпбай баж етіп, бетін басып, тұрып қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кетті».

 

Жалғасы бар

Дайындаған Қанат Бірлікұлы

МАТЕРИАЛДЫ ПОРТАЛДЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ

Abai.kz

 

 

 

 

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351