Руда Зайкенова. Қажығұмар әлемі және «Қылмыс» (жалғасы)
Бесінші томда үкімет қызметкерлеріне арналған «Үшке қарсы» (қиянатшылдық, ысырапқорлық, бюрократизм) деген науқанның, қолөнер, сауда өнеркәсібіндегілерге арналған «Беске қарсы» (қиянатшылдық, ысырапқорлық, бюрократизм, үкімет мүлкін қымқыру, арзан алып, қымбатқа сату) деген науқанның аяқталып, «Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сөйлесін» деген су жаңа науқан басталады. 1957 жылдың жазында әбден күшіне енген бұл науқанда Биғабіл сияқты оқымыстыға да «сайрауға» тура келеді. Сайрамаса, халық жауына айналатын болғандықтан, кезекті жиналыста Биекең «сайрап» береді. Іле қазақ автономиялы облысында ұлттық мәдениет, оқу-ағарту, баспасөз қызметінің төмендеп кеткендігін, мұны көтеру жолындағы Биғабілдің нақты ұсыныстары «Шыңжан газетіне» бас-аяғы жұлмаланып, қысқарып шыққаны былай тұрсын, «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» деген сияқты өрескел бұрмаланған сөздер қосылып шығады. Сайрау науқаны басыла берген кезде іле «Стиль түзету» науқаны басталып, Биғабіл сияқты оқымыстылар ең алдымен қолға алынады. Мұнда да қазақтың жауы - тағы қазақ. Құтжан мен Мақұлбек сияқтылардың кәсібі - тек жала жабу. Таңғы сегізден кеш батқанша екі аптаға созылған көпшілік жиналысында Биғабілді бірде-бір адам жарыс сөзден жеңе алмайды.
Бесінші томда үкімет қызметкерлеріне арналған «Үшке қарсы» (қиянатшылдық, ысырапқорлық, бюрократизм) деген науқанның, қолөнер, сауда өнеркәсібіндегілерге арналған «Беске қарсы» (қиянатшылдық, ысырапқорлық, бюрократизм, үкімет мүлкін қымқыру, арзан алып, қымбатқа сату) деген науқанның аяқталып, «Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сөйлесін» деген су жаңа науқан басталады. 1957 жылдың жазында әбден күшіне енген бұл науқанда Биғабіл сияқты оқымыстыға да «сайрауға» тура келеді. Сайрамаса, халық жауына айналатын болғандықтан, кезекті жиналыста Биекең «сайрап» береді. Іле қазақ автономиялы облысында ұлттық мәдениет, оқу-ағарту, баспасөз қызметінің төмендеп кеткендігін, мұны көтеру жолындағы Биғабілдің нақты ұсыныстары «Шыңжан газетіне» бас-аяғы жұлмаланып, қысқарып шыққаны былай тұрсын, «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» деген сияқты өрескел бұрмаланған сөздер қосылып шығады. Сайрау науқаны басыла берген кезде іле «Стиль түзету» науқаны басталып, Биғабіл сияқты оқымыстылар ең алдымен қолға алынады. Мұнда да қазақтың жауы - тағы қазақ. Құтжан мен Мақұлбек сияқтылардың кәсібі - тек жала жабу. Таңғы сегізден кеш батқанша екі аптаға созылған көпшілік жиналысында Биғабілді бірде-бір адам жарыс сөзден жеңе алмайды. Ақыры басқа да «қылмыстарын» санамалай келіп, соның ішіндегі ең қиын ірі қылмысы 1933 жылдың басында Кеңестер Одағынан қашуы «социализмге қарсы бандылық», ал 1945жылдың басында Оспанға қарай қашуы «қанды ауыз қарақшылықты аңсаған тағылық» деп танылып, соны дәлелдету үшін күніне 10-15 рет жала жапса да, мұны өз сөзінен қайтара алмайды. Жиналыс сайын жала жабушыларды сөзден сүріндіріп отырады. Орынды айтылған кекесінді әрі күлдіргі жауапқа тыңдаушылар шек-сілесі қата күледі. Өзінің ешқандай қылмысы жоқтығын дәлелдейтіні сонша бұрын танымайтын адамдардың да мысалы Гүлниса сияқты атақты әншінің Биғабіл жағына шығуы адамшылық деген қасиеттің ешуақытта өлмейтіндігін куаландырады. Кейін осы әйел де «Оңшылға іштартты» деген сылтаумен түрмеге жабылады. Биғабілді көпшілік алдында қайта-қайта сынай беру оның «кінәсін» мойындатқанды қойып, абыройын арттырып, беделін биіктете түседі. Сонда да ішкі есептің күштілігінен Биғабілді ат-жөнсіз үш ай қатал режимде ұстайды. Бұл - күндіз-түні партия активтері саналатын шолақ белсенділердің біреу емес екеу емес, алты-алтыдан келіп, аңдыздай сұрақ қойып, ұйықтатпау арқылы шатыстыру, жаңылдыру тәсілі болатын. Алайда ештеңені толық мойындата алмаса да, «оңшыл ұлтшыл» деген қалпақ кигізіп, Тарымға жер аударады. Міне 504-беттен тұратын бесінші томның 127-ші бетіндегі «Боран» деген екінші бөлімінен басталатын абақты хикаясы алтыншы томда шарықтау шегіне жетеді.
Ойымызға атын әлем білетін жазушы Алекс Ла Гума (1925-1985) оралып отыр. Неге дейсіз ғой? Екеуінің тағдыр тартқан сыбағасы мен дарын қуатында, көрген мехнатында керемет ұқсастық бар, ал айырмасы да жер мен көктей. Ұқсастығы - Алекс Ла Гума мен Қажығұмар Шабданұлы түйдей құрдас. Бұл - бір; Екіншіден, ойлау жүйесі, қабілет қарымы мөлшерлес; Үшіншіден, екеуі де еркіндікті аңсайтын армандас; Төртіншіден екеуі де тағдырлас, екеуі де саяси көзқарасына байланысты абақтыға түседі; Бесіншіден, екеуі де абақты азабынан роман жазады. Алекс Ла Гума бұдан елу жыл бұрын ағылшын тілінде «Тас ғалам» атты роман жазып жариялатқан. («Каменная страна» (1970) деген орысшасынан аударған С.Мұратбеков (1973); Ал Қажығұмар Шабданұлының бесінші томы да абақты азабынан тұратыныны жоғарыда айтылды.
Ал айырмашылығына келсек, екеуі жарым шардың екі бетінде дүниеге келген. Алекс Ла Гума Оңтүстік Африкада туса, Қажығұмар Орта Азияда туған. Бұл - бір; Екіншіден, Алекс Ла Гуманың романы көп тілдерге аударылып, атын әлем білсе, Қажығұмар Шабданұлының романдары басқа тілге аударылмақ түгіл иісі қазақ оқырмандарына енді ғана жетіп отыр. Үшіншіден Алекс Ла Гума абақтыға түскенімен, басына азаттық алып, қанатты құстай дүниежүзін еркін шарласа, Қажығұмар Шабданұлы жарық дүниені көре алмай ұзақ жыл абақтыда отырды; Төртіншіден, Алекс Ла Гума «Lotus» атты халықаралық әдеби журналдың бас редакторлығына дейін көтеріліп, бедел биігіне шықса, Қажығұмар Шабданұлы ұзақ өмірінің қақ жартысын қараңғы қапаста өткізіп, осы арқылы Гиннестің рекортар кітабына жазылды. Бесіншіден, Алекс Ла Гума сол еркіндіктің арқасында дүниежүзіндегі алқалы мәжілістерді адақтап, 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының бесінші конференциясына негізгі тұлғалардың бірі ретінде қатысса, Қажығұмар Шабданұлы жанымен жазған шығармаларын ширатпа қағаз арқылы абақтының сыртына әрең шығарып отырды емес пе? Алтыншыдан, екеуінің сөз еткені екі басқа абақты, екі басқа қыспақ; Жетіншіден, Алекс Ла Гуманың зорлық-зомбылықты жырлайтын, «Тас ғалам» атты романы жалғыз болса, Қажығұмар Шабданұлы оны алты орап отыр ғой. Осыдан ойлағанда, шынайы өнер адамында болатын қайсарлықтың, батылдықтың, батырлықтың бұдан артық әлемде қандай үлгісі болуы мүмкін. Осыдан барып дүниежүзінде жазушыға тағайындалған қандай бағалы сыйлық болса да, Қажығұмар Шабданұлына жараса кетер еді-ау деген ой келеді екен көңілге.
Соңғы томның түйінінде Қ.Шабданұлының тағы да «Мың бір түн» ертегісіне табан тірегенін көреміз. Сандаған ғасыр бойы сілемі үзілмей келе жатқан құнарлы арна бұл шығармадан да өз жүлгесін тапқан. «Мың бір түн» кейіпкерлері қандай азап-тозақ көрсе де, алыстан қол бұлғап көрінген арманға қалайда жетуші еді ғой. Ал Қажығұмар Шабданұлының кітабында романның негізгі кейіпкері яғни автордың өзі шығарма соңында атажұртқа оралып, бала-шағасымен қауышатыны бар. Мына тұрған Шәуешектен Үржарға жете алмай отырып, автордың бұлай сөйлеуі алдыға қарайтын оптимистігінен, өмірінде болмағанды көңілінде болдырған жазушының арман-қиялы деу керек. Кіндік қаны тамған туған жер сүйікті ұлын қанша қол бұлғап шақырса да, оның үй қамақтан осы уақытқа дейін шыға алмауы әрине үлкен қасырет. Бірақ «Қылмыс» сияқты классикалық романның жазушының көзі тірісінде атамекенде жарық көруі діттегеніне жету емес пе? Ендеше жазушының интуициясы өзін алдамағанын көреміз. Осы арқылы оның рухы оқырман жүрегіне өзінен бұрын жетіп, жазушыны екі есе қуанышқа бөлеп отыр. Қазақстаннан келген журналиске Қ.Шабданұлының көз жасын тия алмай ұзақ жылауы - бір жағынан еңбегінің жанған қуанышынан болса, екінші жағынан ішкі күйіктің сыртқа шығуы ғой. Оған алты томды ақтарып шыққанда көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенер еді.
Алпыс градус ыстығынан «ұшқан құстың қанаты күйетіндей» Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінен романның бас кейіпкері екі рет қашады. Екеуінде де - мақсат айқын. Ол - туған жерге деген сағыныш, сүйген жарға деген махаббат. Автордың осы уақытқа дейін қандай азап-тозақ көрсе де, оның тірі қалуының құдірет күші осы екеуінде жатыр. 85 жасқа келген қарияның 2010 жылдың басында Шәуешекке арнайы іздеп барған Ерік Рахым деген журналистке берген жауабында: «Мені өлтірмей жүрген - қуаныш пен үміт» деуінде жалындаған от өшсе де, шоғы сөнбеген абстрактылы дүниенің ғажайып ғаламаты бой көрсетеді. «Қылмыс» романындағы түйінді ой «Дүниеде өз отанынан айрылудан зор қылмыс жоқ екен!» деп аяқталуы жазушының өмірлік танымын танытады, яғни автордың өз түсінігі бойынша ол ешуақытта қылмысты болып көрген жоқ. Десе де өмірінің жартысын тар қапаста өткізуі нені меңзейді? Оның қылмысы қайсы? Ол - туған жерге сағыныш, сүйген жарға деген махаббат, бірге туғандарына деген ыстық ықылас, дос-жарандарына деген адалдық, әлсізге қамқорлық, жесір-жетімге аяушылық, жалпы алғанға бар нәрсеге деген обал-сауап, міне осы мақсұт жолында өз ұстанымын берік сақтаған адам қашан да адамзаттың үлгісі болатындығын көрсетіп отыр. Роман соңында қастаңдық жасағандардан бақ тайып, ал бас кейіпкердің барша мұратына жетуі осы ойымызды айғақтайды.
Соңы
Руда Зайкенова, Филология ғылымының кандидаты, доцент
«Абай-ақпарат»