Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 6051 2 пікір 24 Шілде, 2018 сағат 09:30

Шымкенттік әкім халықты мейрамханада қабылдайды

Шымкенттік әкімдер қашанда креативті ойларымен ерекшеленеді. Жақында ғана еліміздің үшінші мегополисіне айналған Шымкент қаласына қарасты әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов халықпен кездесуін қымбат мейрамханада өткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Жаңадан тағайындалған әкім өзіне бағынышты құрылым басқарушыларымен жақын танысып, жұмысын бастамас бұрын жергілікті зиялы қауым өкілдерін ақ дастархан басына шақыруды жөн көріпті. "Ай-ғасыр" мейрамханасында өткен кездесуде аудан ақсақалдары бата беріп, Абдул Хамит Қаттани мешітінің наиб имамы әруақтарға құран бағыштаған. Бұл туралы аудан әкімдігінің фейсбук парақшасында жарияланды.

Әкім - жергілікті биліктің айнасы. Әрине, қазақылық реңк беріп, әруақтарға құран оқыту бір қарағанда дұрыс та шығар. Бірақ, бұл асқа қаржы қайдан алынды? Мемлекеттен бе? Елдің шөкімдеп жиған салығын мейрамханада ас беруге жұмсауға ешкімнің хақысы жоқ. Бұл - бір. Екіншіден, "қаржы әкімнің жеке қалтасынан төленді" дегеннің өзінде ашықтан ашық (әлеуметтік желіге жариялап) зиялы қауымның аузын майлап,  тамаққа тойдыру сыбайлас жемқорлыққа жол ашары анық. "Су ішкен құдығына түкірмейтін қазақ, түрлі жағдай туа қалса Мәуленқұловтың дастарханын аттап кете алмайтыны тағы анық. Үшіншіден, бұл үрдіс басқа әкімдерге "үлгі” болып кетсе, сорымыз және қайнайды. Дастархан басы - ағыл-тегіл тілек пен мақтау үшін таптырмайтын орын. Мұның пайдасынан зияны көп екенін мейрамханада кездесу өткізбей-ақ көріп жүрген жоқпыз ба?

Жалпы, Шымкенттік әкімдердің ерекшеленуге бейім екенін жиі аңғарамыз.

Осыған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахманов та әкімдіктің барлық басшыларына:  “Жұмысқа қоғамдық көлікпен келіп, кешке қоғамдық көлікпен кетуін талап етемін. Болмаса шайтанарбамен жүруге болады. Оны өздеріңіз  шешіңіздер", - дегені есімізде. Тіпті, үлгермей қалып автобустың артынан жүгірген де осы Ғабидолла әкім болатын. Әкімнің осы тапсырмасынан кейін әлеуметтік желіде “автобуста селфи жасап жатқан шенеуніктер көбейіп” тегін комедияға қарқ болған едік. Тіпті, барлық автобуста көлік жолы бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың суретін іліп тастап, қоғамдық көліктің проблемаларына кім жауапты екенін түсіндірмек болғандығы тағы бар.

Біз осындай арзан пиарды көріп жүрген Мәуленқұловтың халықпен кездесуін қымбат мейрамханада өткізуіне түк те таң қалған жоқпыз. Тек бұл "індет" өзгелерге жұқпай тұрып, сақтандырғымыз келеді.

Әкіммен кездесу тойға айналмауы керек. Аста-төк дастархан жайып, бата тілеп, қол жайып жүрген Мәуленқұловтың сыбағасын Ғабидолла Әбдірахманов беруге тиіс. Ал, көшеде шайтанарба мініп, әдемі суреттерге түсуді ғана білетін Шымкент қаласының әкімі туралы алда тағы да жаза жатармыз. Әзірге осы!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052