Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Өнер 8976 2 пікір 6 Тамыз, 2018 сағат 07:36

Осы жұрт "Өкірешті" біле ме екен?

Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдыңғы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер. (Абай Құнанбайұлы, 37-қара сөз).

Тебіренісі де тербелісі де білінбейтін ұлы мұхит төсіндегі Өмір атты кемеде біраз тұрақтап, уақыты келгенде қаласа да, қаламаса да кемеден әртүрлі себептермен мұхитқа түсіп кетіп жатқан тағдырлар тұңғиыққа кетер ең соңғы сәтінде «Ұмытпаңдар мені!» дейтіндей.

Рахметбай Телеубаев

Сонау бір уақытта, естеріңізде болса «Қымызхана» деген бағдарлама бар еді. Сол жерде аңқаулығымен, аңғалдығымен, ерекше күлген күлкісімен елдің есінде қалған «Өкіреш» атты кейіпкеріміз естеріңізде ме?

Көлдің бетін толқын шайып, ысырғанымен теңіз түбіндегі алтындарды қозғалта алмайды. Су бетіне қалқып шығатындар шыға алады, ал сонау белгісіз тұңғиыққа батып кеткен, ой түбінде белгісіз ғана ұшқындап жарқ ете қалатын саф алтынды іздеп, сол туралы ой толғап жазуды жөн санадық. Сол тұлғаларды ұмыт қалдырғанымыз, ұрпақ алдында өтелмес парыз. Біздің міндет - ұмытылып бара жатқан тұлғаларды қайта жаңарту, елдің есіне салу. Оған әрине, көзкөргендер куә. Бүгінгі әңгімеміз жұрттың сериал-сериал қылып, сағына тосып көретін «Қымызханадағы» «Өкіреш» атымен белгілі, өмірден ертеректе озып кеткен, дарынды актері - Рахметбай Телеубаев жайында болмақ. Ұмытылып бара жатқан сол тұлғамыз жайында ҚР Халық әртісі Сәбит Оразбаев, ҚР «Кино қайраткері», ҚР Кинематографиясының үздігі, профессор Шаяхмет Имашұлы және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚазАҚ Бас директоры Байғали Есенәлі былай деп ой толғаған еді. Сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.  

ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  СӘБИТ ОРАЗБАЕВ:

- Ол өзі ҚазПи-ді бітірген. Мамандығы тарихшы болуы керек меніңше. Одан кейін ол өзі еліне кетті Шоқан дейтін совхоз бар, мына Кербұлақ  жақта. Оған барып мектептің директоры болды. Одан райкомда жұмыс істеді, нұсқаушы болып. Сөйтіп жүргенде сол жаққа Шәкен Айманов кино түсіріп жүріп, байқап қалып, өзінің бір фильміне шақырған ғой.

Бұл енді Рахметбай тұрған бір типаж. Түріне қарап тұрсаңыздар да күлкіңіз келе береді. Өзі бойы биік, денелі, бет әлпеті де әп-әдемі. Бірақ та өзінің бір қасиеті бар. Аңқау сондай. Күлкісін айтсаңшы! Мәселенки, жәй күлгенде онша білінбейді, егер қатты күлсе өзінен елде жоқ бір ерекше күлкі шығады. Сол күлкісіменен ол бүкіл Қазақстанға белгілі болды. Содан кейін киноға түсіп жүріп мынау біздің театрға, Әуезов театрының студиясына түсіп оқыды. Оны 3 жыл оқып, бітіргенннен кейін біздің театрға қызметке орналасты. Онда көптеген жақсы рөлдерді ойнады. Әсіресе, оның үлкен рөлі «Майрадағы» Тайман деген кексе, бай кісінің рөлі. Майра деген апамыз әнші болған ғой. Оған ғашық болмаған адам бар ма? Хадиша Бөкеева, Бикен Римова деген апаларымыз Майраны ойнаған. Кейінгісінде Нүкетай Мышбаева ойнады.  Осы Майрада ғашық боп жүрген бай - Тайман. Сол рөлді тамаша сомдаған еді Рахметбай. Көптеген киноларға түсті. Шәкен ағамыздың киносына түсті. «Мы в одном районе» деген тағы басқаларына. Ол да әркімнің басына қона бермейтін бақ. Көптеген эпизодтық рөлдерде түсті. Оның бер жағында біздің театрымызда актер болып, қызмет жасап, «Беу, қыздар-айда» колхоз бастығының рөлін ойнады. Шекспирдің «Асауға тұсауында» Баптистаны ойнады. Оны бұрын Қалибек Қуанышбаев ойнайтын. Одан кейін М. Булгаковтың «Жендеттер» пьесасында да бір жақсы рөл орындады. Жалпы, Рахметбай - драма саласында да, кино саласында да бірқалыпты табыспенен халыққа кеңінен танылған тұлға. Бірақ оның ерекше, өте ерекше халық өте жақсы көрген рөлі, әзіл-ысқақ театры болды «Қымызхана» дейтін, сондағы Өкіреш еді. Онда мен - Шөңгебайды ойнадым, Нүкетай - Теңгетайды ойнады. Ол енді көптеген авторлардың қатысуыменен толыққанды, өте жақсы хабар болатын. Үш жылдай болды. Халыққа кеңінен танылды. Бәріміз де содан танылдық. Әсіресе, Рахметбай. Қай жерге барса да оны бірден танитын. Аты жайына қалды. «Өкіреш» атымен қалды ғой елдің есінде.

Бірде, бір елге бардық. Барсақ, кішкентай бала жүгіріп барып, әке-шешесіне айғайлап айтады дейді, «Әке-ана жақта Өкірешті көрдік, Өкіреш келді», деп. Қайдан көрдің, денің дұрыс па, Өкіреші несі ол Алматыда ғой десе, «жоқ Өкіреш телебизырден шығып осы ауылға келіпті әртістермен бірге. Жұрттың бәрі шулап, көріп жатыр», деп әкесін де шешесін де сол жерге ертіп келген ғой. Ол кезде Раушан Әуезбаева деген бізде жақсы актриса болған, «Беу, қыздар-айда» ойнайтын сол бар, Нүкетай бар, Фарида бар, Зәмзәгүл бар, Райымбек Сейтметов - ақынды ойнайтын, мен - суретшіні ойнаймын, солар бәріміз тұрғанда бір уақытта ана бала әкесі мен шешесін алып келіп тұр. Әкесі айтады, «Ой, айналайын, ай, Өкірешім-ай! Өзің де үлкен батыр тұлғалы екенсің ғой, Әй, Өкіреш, бір жақсылап күліп берші бізге, бір тірілей тыңдап айызымыз қансын. Биылғы соғымың менен», дейді. Жұрттың бәрі қоршап алған, өздері мәз. Одан Рахметбай азар да безер болады, «ой, аға ол әлгі күлкінің өзі кез келген жерде баса салса күле салатын кнопка емес, оған «предлогаемая обстоятельства», «сиуация» деген болады, сондай керек», деп еді, «Әй, ситуация-митуацияңды білмейтін, ондайды қой, бір жақсылап күліп бер, мынау ауылдың адамдары жартысы жиналыпты ғой, көрсін, бұлданба», деп қоя емес. Содан Рахметбайымыз «уа-ха-ха!» – деп бастағанда бүкіл ауыл қосыла куліп жиналған жұрт қарық болды да қалды. Ана кісі шынында да, «соғымның ақшасы», деп елдің көзінше қалтасына пұл салып берді. Осы сияқты көп жағдайлар болды.

Бір күні Талдықорғаннан келе жатыпты інісінің машинасымен, рульде бір шопыр бала бар көрінеді. Өзі айдай алмайды. Інісінің машинасының артында отырған. Жеңіл машина ғой, арқарлының асуында бір «КАМАЗ»  қуып жетіпті. Әлгі «КАМАЗ»-дың артқы қосарланған дөңгелегінің арасына тас тұрып қалған екен. Содан Рахметбай айтады дейді:

- Ойбай анау тас ана екі дөңгелектен шығып кетсе біреудің маңдайын қақ айырады-ау! Немесе басқа машинаға түссе быт-шытын шығармай ма? - деп әлгі шопыр балаға ақырын, асықпа, тоқтап-тоқтап, жай жүр, жай жүр, дей берсе керек, содан шопыр бала ашуланады.

- Ағай, немене осылай итіңдеп жүре береміз бе, кешке дейін жүреміз ғой, деп,

- Ал ендеше ретін тауып басып оз депті.

- Басып оза салып, зуылдап кетіп бара жатса, Рахметбай, әй бала ақырындап ана «КАМАЗ»-бен қатарласа жүрші анаған айтайық. Біз болмасақ, басқа біреудің машинасын қиратады, деп қоймай ақырындатады. Жаңа ғана басып озып енді әдейі тежеп келе жатқан бұларға КАМАЗ жүргізуші ашуланып келе жатқан ғой, еріккендерге балап. Рахметбай айғайлағанмен гүжілдеген машина даусын естіртпейді, ысқырып көреді алға ентелеп келе жатқан әлгі шопыр қарамайды, енді асу ғой. Әбден амалы таусылған Рахметбай шопыр бір жалт қарағанда терезеден қолын барынша шығарып, айналдырып-айналдырып жіберіп саусағының арасынан бас бармағын шығарып анау шопырға көрсетіпті.

Содан анау рульдегі орыс шопырдың көзі ежірейіп, жарыла жаздап:

- Пошел ты! Аһ, пошамайт!—дейді. Мынау айғайлап, ысқырып қоймайды. Анау қараса тағы да әлгіні көрсетеді. Әбден қаны қайнаған шопыр көлігін тоқтатып, білеутемірді ала салып Рахметбайға тұра ұмтылады. Жолаушылар, әлгі шопыр бала араша болып жүр шуылдап.

- Я тебе покажу! Сен мені мазақ қылдың, - деп өзеуреп тап-тап береді орыс шопыр.

- Неңіз бар оның тасында! - деп шопыр бала жыларман. Рахметбай ана шопырға айтатын көрінеді.

- Әй, я тебя показал что  так ходит нельзя. Дурак што-ли? Посмотри на свое колесо!

- А что там? - дейді әлгі орыс.

- Ты сперва посмотри. Потом будем дратся—дейді Рахметбай. Содан әлгі шопыр таңырқап барып еңкейіп артқы дөңгелекті қарапты. Содан тұра алмай күлкіге тұншығып құлаған ғой. Келіп, Рахметбайдан кешірім сұрап жүр дейді. Ал, Рахметбайлар машинаға отырып тартып кетіпті. Осындай жағдайлар өте көп. Ол біздің театрымызда көп жыл істеді де, сосын балалар театрына барды. Сол жерде Райымбек екеуі жақсы дос еді. Райымбек Сейтметов сол жерге көркемдік жетекші, директор болып барған соң шақырған ғой. Ол жерде де біраз жыл жүріп көп рөл ойнаған оны мен білмедім. Өзі 52-сінде қайтыс болды. Өмірінде ауырған адам емес. Бәріміз тұмау тиіп, ит-шәлекейіміз шығып жүргенде ол ешқашан да біз құсап ауырған емес. Мен ойлайтынмын, осы 100 жасайтын шығар деп.

Енді оның ерте кетуінің себебі бір Аллаға аян ғой... Дегенмен, бір жағдай болған, оның несін жасырамыз. Рахметбайдың баласы мен бір дөкейдің баласы төбелескен ғой қарап жүрмей. Баласы қайсар, мінезді еді, анау еврейдің баласына, «мен өзім елімде жүрмін, сен еврейсің, ұнамаса еліңе кет», - деген ғой. Сөйтсе, ол еврейдің әкесі прокурор екен. Ол барып әкесіне айтады. Әкесі райкомға бюроға арыз берген. Өздерің білесіңдер, атышулы «Желтоқсан оқиғасының» салқыны әлі басылмаған қатал уақыт. Мұндай сөз үшін басың кететін. Содан бір уақытта маған звондайды:

- Сәке,-ау, қара бұлт үйіліп тұр басыма, жағдайым нашар.

- Не болды?

- Осындай, осындай болып, мені бюроға шақырып жатыр, партиядан шығарады. Партиядан шыққан соң атақтарын да түгел сыпырып алады ғой. Баланы да қаматуы мүмкін. Рахметбайдың ұнжырғасы түсіп кеткен. Сол кездегі басшы қыздарымыздың бірі Шәмшия Көпбайқызымен бірге әрекет жасап едік, болмады. Анау еврей де қайтпайды екен. Өте қатты уайымға салды сол оқиға Рахметбайды. Не керек, сол бюродан сөгіс берді де сонымен құтылғандай болды. Содан кейін «аяқ астынан қайтыс болды», дегенді естідік қой. Асыл азамат, арлы жігіт еді. Ешнәрседен қаймықпаған жігіт, сондай жағдаймен дүниеден өтті де кетті. 52 жасында. Әлгі ұлы да көп тұрмай әке артынан аттанды. Ауыр қайғы болды! Оның жан досы Жұмабай болатын. ол да 62 жасында кетті. Әнуар, Есболғандар да жоқ. Енді қалғаны осы Асанәлі екеуміз. Мен де 80-ннің ішіндемін. Бұлардың бәрінен екеу қалдық.

- Отбасы туралы..

- Қазақи қалыптасқан отбасы еді. Бір баласы бар еді, айттым ғой, ол да жүректен қайтыс болып кетті. Тамаша әйелі бар еді. Ол да Рахметбайдан алыс емес, күлгенде айналасын түгел күлдіретін. «Сен осы Рахметбайдың күлгеніне ішпей жемей семіріп жүрсің», - деп қалжыңдайтын едім. Олардың люстра ішуге байланысты қызықты әңгімелері де бар. Кітабымда айтқанмын.  

Рахметбай өзі ақын еді. Өлең шығаруда, әзіл-оспақ құрай қоятын. Біз Рахметбай екеуміз барлық жерді араладық, көп сырласатынбыз.

 

Қазақстан Республикасының «Кино қайраткері», ҚР Кинематографиясының үздігі, профессор, ШАЯХМЕТ ИМАШҰЛЫ:

Алғашқы таныстық...

- Өнер саласында жүрген соң бұл кісіні бұрын да білетінмін.  Ол кезде Алматыда 2-3-ақ театр бар. Басты шаңырақ Әуезов атындағы әкемтеатр. Ол театрдың актерлерінің атағы шарықтап тұрған кездер еді ғой. Театрдың бір шарықтау шегі 60-70 жылдар болды. Халық театрға өз еркімен баратын, театрға билет болмай, сабылып жүретін. Шынымды айтсам, кейбір спектакльдерге таныстық іздеп, билет таба алмай жүргендер болатын. Бізге хабарласып, «өнерде жүрсің ғой, біз мынау ауылдан келіп едік, билет тауып берші», деп өтінетін. Адам айтса нанғысыз бір заман еді. Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпованы, Әнуар Молдабековты, Асанәлі Әшімовты мүйізі қарағайдай-қарағайдай актерларды көруге, солардың өнерін тамашалауға халық сондай ынтығатын. Бүгін «Қобыландыны» Әнуар Молдабеков ойнайды екен, «Қазан ханды» Рахметбай - «Өкіреш» ойнайды екен, немесе бүгін «Қобыландыны» Ыдырыс Ноғайбаев ойнайды екен, болмаса, «Дон Жуанды» Асанәлі Әшімов ойнайды екен дегендей әңгімелер жұрттың аузында жүретін. Ол бір үлкен оқиға болатын. Сондай атақты адамның бірі осы Рахметбай ағамыз еді. Оның себебі, сол заманда бір-ақ телеарна болды ғой. Ұмытпасам «Алматы» деген арна. Сол телеарнадағы бағдарламалардың бірі де бірегейі, сол уақыттағы халықтың кәзіргі сериал сияқты көретіні «Қымызхана» деген бағдарлама болатын. Қазіргі бірін-бірі қайталап жатқан, анайы қалжыңдар секілді емес, талғамды дүниелер болушы еді. Бұл менің қазіргі өнерге деген жеккөрушілігім емес, сол өнерге келген азаматтардың, ұжымдардың бір-бірін қайталап, бір-бірінен «озсам» деп сорақылыққа барып жатқанына наразылығым. Ол кезде экраннан болсын, сахнадан болсын бірде-бір әдепсіз сөз айтылмайтын. Мәдениеттің мәдениетті кезі еді. Өнердің өнегелі кезі еді. Сондықтан болар әрбір бағдарламаның деңгейі өте жоғары болды. Сондай бағдарламаның бірі, ішінде әншісі бар, күйшісі бар, ақылдысы бар, аңқауы бар неше түрлі кейіпкерлері бар осы «Қымызхана» болатын. Оның ішінде ойып тұрып орын алатын кейіпкер Өкіреш еді.  

- Не үшін Өкіреш деп қойды?

- Ол енді авторлардың қойғаны ғой. Ақкөңіл, аңқау, тұрған бойына бәрі жарасатын, қазақтың батыр тұлғалы азаматы ғой. Жалпы, сол кейіпкер Рахаңа арнап жазылған сияқты. Сәбит Оразбаев ағамыз сол бағдарламаның діңгегі болатын. «Қымызхана» қонақтар келетін орын болған соң оған әртүрлі кейіпкерлер келетін. Әр кейіпкер сөз тастайды, сұрақ қояды. Әр кейіпкердің өзінің орны бар, Жұмабай Медетбаев деген ағаң болған. Сол ағамыз Шалды ойнады. Шал «Түбің түскір!» деп сөйлейтін. Ақыры Жұмекең «Түбің түскір» атанып кетті. Теңгетай – Нүкетай Мышбаева әпкеміз болды. Теңгетай десе дегендей, елдің сүйкімді кейіпкері еді. Өздеріне лайықты аттары болды. Солардың ішінде өңкілдеп келіп, кеңкілдеп күліп жүріп елді күлкіге қарық қылатын Рахметбай ағамыздың сомдаған Өкірештің орны ерекше еді. Дүниеден өткенше бүкіл Қазақстан Рахметбай деп білген жоқ ол кісіні «Өкіреш» деп атап кетті. Қазір арамызда болса 80-нен асатын еді ғой. Өкіреш оның бір ғана қыры, бір ғана рөлі, ал оның театрда атқарған, тиіп-қашып жүріп сомдаған қаншама кейіпкері болды. Киноларға да көп түскен адам. Қазақ, қырғыз киностудияларында сомдаған біршама рөлдері бар.    

Ажал деген сұрапылдың алдында бәрі бірдей екен. Ол сенің даңқыңа да, байлығыңа да, мансабыңа да қарамайды. Небір мықтының бәрі де анау Кеңсайда жатыр. Тек ерекше есімізде қалғаны «Өкіреш қайтыс болды», дегенде бүкіл Қазақстандық көрермен, өнерсүйер қауым қатты қайғырды. Мен мұндай оқиғаны сирек көрдім. Тірісінде аңызға айналған актер бақыты деген Рахметбай атаңа бұйырған екен.

1983-84 жылдары болатын. Қазіргі Ғ.Мүсірепов, ол кездегі Жастар (ТЮЗ) театрында актер боп жүрген мені Райымбек ағамыз (Сейтметов) актерлікке қоса директордың орынбасары етіп тағайындады. Сол кездері Рахаң театрға келгіштеп жүрді. Ассалаумағалейкум, аға, ой Өкіреш аға!, деп қалжыңдап, әріптес ретінде араласып жүрдік. Ол кісі өте ақкөңіл, ақпейіл, ешкімді жатырқамайтын, ешкімнен өзін жоғары санамайтын, ешкімді шетке қақпайтын, жайдары, өзінің денесіне, болмысына сай әзілі де бар, әзілдеп сөйлейтін жан екен. Содан бір күні бүкіл ұжым жиналысына Рахаң да келіп отыр. Мұздай боп киінген, галстугын тағып, бұрын қалай болса солай жүре беретін адам. Боз костюм киіп әдемі болып кетіпті. Шашты артқа тарап, қайырып дегендей.. Мұның тегін емес екенін сездік. Бір жағы қуанып отырмыз. Өйткені, Өкіреш біздің театрға ауысса үлкен оқиға, үлкен жетістік қой. Бір кезде жиналыс басталып кетті де сол жерде Райымбек ағамыз ол кісіні атқарушы директор етіп тағайындағанын хабарлады. Сөйтіп, бір театрдың қызметкері болып шыға келдік. Бірлесіп жұмыс істедік.  Бірнеше жыл қызметтес болдым. Сол кезде ерекше таңырқағаным, бұл кісінің аңғалдығы, өзі шынында да «Өкіреш» сияқты аузын ашса көмейі көрінген ешкімді жатырқамайтын, ақпейіл, дүние жинамаған, дүниеге қызықпаған адам екен. (Бұл енді еске алу болғаннан кейін бұл кісінің қасында көп жылдар қызмет еткен актерлардан сұхбат алатын болсаң айта жатар, менің сол 4-5 жылда аз уақытта өткен бір оқиғаны естелік ретінде айтып кетсем бе, деп отырмын. Ш.И.). Сол 85 жылы бірінші өнер сапарымыз Шымкент облысына бағышталды (ол кезде солай аталатын). Менің де сол кезде домбыра тартып, ән салып жүрген кезім. Өзім кішіпейіл, тілалғыш, елгезек жігітпін. Ол кісіге осындай мінездерім, ұнаған болуы керек, «Уа, Шайхы!», «Әй, балам!» деп сөйлейтін болды. Балам дегеннен кейін мен де «Иә, Әке, не айтасыз?», деп елпілдеп тұратынмын. Тіпті, екеуміздің қалжыңымыз ол кісіге де ұнаған болар, Рекең де (Райымбек аға) қалжыңымызға араласа кететін. Бір күні шақырып алған ол Рахаң екеумізге кезек қарап, «ал енді осы сапардың тағдырын әкелі-балалы екеуіңе тапсырдым. Дайындалыңдар, мамыр айының мейрамдарынан кейін 10-15-терінде шығуларың керек», деді. Айтылған уақытта Шымкентке қарай жүрдік те кеттік. Бұл кісі «Қымызхана» арқылы атағы дүркіреп тұрған кезі еді ғой. Біз бармай тұрып-ақ «Өкіреш келе жатыр екен», деген сыбыс бүкіл Шымкент қаласына жайылған. Тура бір министр келгендей қарсы алмасы бар ма? «Шымкент» деген қонақ үйге жайғастық. Жайғастық деген аты болмаса тыным жоқ. Бірі кіреді, бірі шығады. Ұйқы жоқ. Өкірешті көру үшін, ол кісімен танысу үшін келіп-кетіп жатқандардың есебі жоқ. Құдды бір әулие дерсің. Айтпақшы, содан кейін қалжыңдап кейде «әулие» деп те атайтынмын. Күнде қонақ. Сізге өтірік маған шын сол өнер сапары ине шаншар орын болмай, театр залы лық толып өткен бір өнер мерекесі болды. Әрине театрдың да қатты көтерілген кезі ғой, әйтсе де Рахаңның танымалдылығының арқасы да болатын. «Танымалдылық деген театрға көрермен жинаудың бір құпиясы екен-ау!», деп қалдым. Оны Рекең біліп, әдейі жіберген ғой.

Ол кісінің туған жері сол кездегі Талдықорған облысы, қазіргі Алматы облысы Шоқан Уәлиханов бабамыздың сүйегі жерленген ауыл болатын. Менің білуімше Рахаң тума талант, оның арнайы актерлік мамандығы жоқ.
О баста бұл кісі ұстаз болған. Тарихшы мамандығы бойынша. Оның тағы бір қыры керемет тапқыр, суырып салма ақын болатын. Соны кәсіп етсе, керемет ақын да бола алатын еді, ал енді ғылым қуып ғалым боламын десе, мықты ғалым да болатын адам еді. Себебі, бұл кісіні Құдай дарынды қылып жаратқан. Мәселен, оқыған адамның қаншама оқыса да арғы жағында талант болмаса көп нәрсе шықпайды ғой. Актерлардан қаншама актерлар өтті ғой,  Құрманбек, Күләш, Қаллекиден бастап, Қапан Бадыровтар, Серке Қожамқұловтар, Есболған Жайсаңбаевтар бәрі де табиғи талантты, туа біткен дарынды адамдар болатын. Актерлікті оқып алмайды, Алла Тағаланың жарылқап пендесіне берген таланты ғой деген байламға келдім. Себебі, өнер академиясында қаншама шәкірт тәрбиеледім. Солардың саны көп, сапасының жоқтығына таңқаламын. Талант деген нәрсе жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар біреуде ғана болатын қасиет.

Жарайды, Рахаңа оралайық.

Бірде мынадай оқиға болды. Ұлым комсомол қатарына қабылданыпты. Несін жасырамыз, Кеңес дәуірінде ол үлкен қуаныш еді ғой.  Содан, баламыз комсомол боп келді. Рахаңа телефон шалып, «ұлым комсомол билетін алып келіп, тойлайық», деп жатырмыз, қуанышымызға ортақ болыңыз», - дедім. Балаша қуанғанын көрсеңіз. Дереу таксимен жетіпті. Қолында балаларға арналған бір әдемі кітабы бар. «Бозінген» деген кітап, әлі есімде. Өзі суреттері көп, өлеңмен жазылған, балаларға арналған өлеңдер екен. Авторын білмеймін. Сол жерге өз қолымен былай деп жазыпты. Бір оқығанда жүрегімде қалды. Әлі күнге дейін Рахаңды есіме алсам, сол «Бозінген» есіме түседі. Баламыз Бағлан комсомол билетін алған кезде:

«Комсомол боп сезінген,

Күніңе сенің немерем.

Мінгізер ем бозінген,

Кітаптан басқа не берем!?», - депті де, «атаң, Рахметбай!», деп күнін, айын жылын жазып, қол қойыпты. Жаңағыны оқығаннан кейін ұлымның да, біздің де қандай күйде болғанымызды айтып жеткізу қиын енді.

Ол өлеңді сондай жағдайларда жазатын. «Ой, Раха, өзіңіз нағыз ақын екенсіз ғой ағып тұрған», десем, «е-ее жатыр ғой ойда талай дүние!», дейтін. Кім жинады дейсің? Жазғаны жазған жерде қалатын.

Сол келгені - соңғы келісі, сол кітап - соңғы сыйлығы болды абзал ағаның. Көп ұзамай бақилыққа аттанып кете барды. Ол кісі Алматыда Шагабуддинова деген көшенің бойында тұрды. Алла Тағала білдірді ме екен,  Қарағандыда бір қарындасы бар еді, тағы біраз туған-туыстарының барлығын «31 күні Жаңа жылды біздің үйде қарсы алайық», деп қонаққа шақырған ғой. Өзі бесінші қабатта тұрды. Таң атқаннан зыр жүгіріп қонақ күтуге дайындалып, базар-дүкенге шапқылаған. Жеңгемізге, «қонақ күтеміз, менің бүкіл туғандарым келе жатыр», деп  қуанышпен-ақ жүрген көрінеді. «Мен мынаның барлығын әкелдім, енді бір кішкене демалып алайыншы, шаршаңқырап тұрғаным», деп сәл мызғып алмақ болған. Содан мәңгілікке ұйықтап кеткен ғой қайран, Рахам! «Қонаққа», деп үйінен қуанышпен аттанған ағайын «қайғылы қазаға барамыз», деп ойлады ма екен!? Не деуге болады!?

Мұқағали ағамыз өзінің өлетін күнін біліп, «27 наурыз» екенін жазып жіберіпті ғой, сол сияқты бұл кісі де өзінің өлетін күнін сезді ме екен, деп ойлаймын.  Әйтеуір, не де болса алып ағаның өмірін қысқартқан бір оқиға болған сияқты. Қай жүректе не жатқанын қайдан білеміз? Бір жұбаныш, Рахметбай ағам елдің санасында үлкен тұлға ретінде, өнер тарланы ретінде, аңғал да, адал  Өкіреш күйінде қалды. Өкініштісі, бүкіл ел ынтығып күткен сол бағдарлама телеарнаның қорында сақталмады ма деймін. Кейде сағынған елдің есіне түсіріп-ақ қоятын алтынға бергісіз құндылық қой.

 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, БАЙҒАЛИ ЕСЕНӘЛІ:

- Кешегілер мен бүгінгілердің арасындағы ұғыспаушылықтың көбі немқұрайлылықтан туындайтын сияқты. Бір-бірінің ішкі дүниесіне үңілу былай тұрсын, тіпті жүзіне назар аудармай алға өңмеңдеген көпшікті бір сәт сабырға шақыратын құдірет бар ма екен!? Тереңдік деген көп оқу емес. Көргеніне балаша сеніп, барлығын балаша қабылдаған адам өмірі қандай сүйкімді! Өйткені, ол ертеңіне де, кешегісіне де, маңайындағы жандарға да, бәріне сенеді. Талантты адамның басқалардан негізгі айырмашылығы осында. Рахметбай аға сәби жанды кісі болатын. Таудай тұлғасымен болмашыға таңырқап, көзі алақандай болатын да қалатын. «Ешкімге айтып қоймашы», деп айтқан әңгімелері жетерлік. Енді айтсам болатын шығар:

- Оқуды бітірген соң бірәз уақыт мектепте завуш болғам, - деп бастады бірде әңгімесін. Ішім пысады. Мұғалімдердің ертеден кешке дейін айтатыны бір тақырып, түк қызық емес. Бір күні...,. Бір күні терезеден қарасам бір топ оқушы бірдеңеге үймелесіп тұр. Ортада бөтелке жатыр. Біле қойдым. «Карбит» деген болады. Суға салсаң быжылдап газ шығарады. Ал енді бөтелкеге салып аузын тығындасаң бар ғой «ПАХ!» етіп жарылғанда зәреңді алады. Іші пысып отырған байғұс, далаға атып шықтым да әлгі балалардың қасына жетіп бардым. Балалар мені көріп тым-тырақай қашты. Біреуін ұстап алдым. Жаңағы бөтелкені алдым да әлгі баланы ертіп алыстау жерге бардық. «Жазалағалы тұр», деп ойлады ма әлгі бала жыламсырап кешірім сұрайды. «Ой қорықпа», - дедім. «Мынау қалай жарылады, жарып көрсетші», дедім. Бала таңырқап аузын ашып біраз тұрды. Болсашы деймін. Сенер-сенбесін білмеген бала жақындап келді. Мен тұрмын пысылдап, бөтелкеге ентелеп. «Былай!», - деп, таспен бөтелкені бір-ақ ұрғаны сотқардың. Айтқандай-ақ граната жарылғандай қызық болды. Қызық болғаны құрысын, бөтелкеден ұшқан сынықтың бірі маңдайыма қадалды да қалды. Бас терімнің қалың болғаны мұндай жақсы болар ма! Тыңдасаңшы күле бермей! Әлгі сынықты суырып алып ем қан сау ете қалды. Ал, тоқтасашы! Бүкіл мектеп далаға шықты. Мұғалімдерде ес қалмаған. Біреулері киіз күйдіріп басып, біреулері иод жағып абыр-сабыры шықты. Кім шақырғанын итім білсін, дәрігер де келіпті. Басымды тура молданың сәлдесіндей қылып орап тастады. Ең сорақысы барлық кластарда жиналыс болыпты. Балаларды қыспаққа алыпты ғой мұғалімдер. Ақырында анықталыпты кінәлі бала. Сөйтсе ол айтыпты, «завуш ағайдың өзі ғой жарып көрсетші», - деп қоймай қойған», - депті. Ертесіне директор жұрттың көзінше «мұның қалай Раха-ау, бала боп кеттің бе?», - дейді. Қатты ұялдым атасының аузын! Жас мұғалімдердің жаны кіріп жырқ-жырқ етеді. Киноға түсіп жаным қалды ғой. Әйтпесе, сол мектепте жынданып кетер едім, — дейді Рахметбай аға әңгімесін аяқтап. Сосын «анау гитараңды ал да «Жетім лақты» айтшы», - дейді қиылып. Мен гитараны шерте бергеннен ентелеп, алға ұмсынып, пысылдап кететін.

Сол жылдары Фариза апамның поэзиясынан құралған «Бақыт пен мұң» деген спектакль қойылды. Әсет ағам (Бейсеуов) арнайы гитарамен орындауыма ән жазып берді. Әннің аты «Сен қайда жүрсің?». Соны тыңдаса қатты тебіренетін, қанша айтсаң да жалықпай тыңдай беретіннің бірі осы Рахметбай аға еді. Әннің ішінде:

«Өзіңді іздеп жүрмін,

Алдымнан шығар-ау, деп, шырағымдай,

Еліктің жетім қалған лағындай», - деген сөз бар. Содан болар қанша түзетсем де «жетім лақты айтшы», - деп тұрады. Әнді тыңдап алады да тамсанып көлдей орамалын шығарып көз жасын сүртеді. Сосын, «адам ғашық болған соң осылай ғашық болу керек қой ә, қалай ойлайсың бала?», - дейді. «Біздікі далбаса ғой, атаңа нәлет!» - дейді күңіреніп.

- Аға, осы махаббатыңыз туралы айтып беріңізші, - деймін. Тұмсығының үстінен сығырая қарап, ішімді барлап алады. Танауы пыс-пыс.

- Ешкімге айтып қоймайсың ба?

- Жоғә! Неғылам айтып?

- Бір күні ауылға табор келді!..

- Ол не табыр деген?

- Тыңдасай! Сығандардың таборы да. Ондайды бұрын кім көрген, әндетіп жүреді екен ғой. Ойбой, сұмдық! Ішінде бір әйелі бар енді. (Осы жерде ішін тартып жіберді) Ойпырм –о - оой пері ғой, пері!

- Сұлу ма?

- Сұлуың не!? Сурет! Даже, суреттен артық! Сылаң-сылаң етіп ән салып би билегенде есіңнен тандырады. Құлағындағы дәу сырғасы күнге шағылысып жылт-жылт еткенде... Содан... Қысқасы, өлдім де қалдым. Көзімді айыра алсамшы анадан. Бұрыңғы сұлу деп жүргендерім де.., жаңа үйленген әйелім де.., ештеңе қалмады ойымда. Есіл-дертім жаңағы пәлекет болып арбалыппын да қалыппын. Байқаймын мен де ұнап қалдым-ау деймін, мен жаққа қарап қойып ән айтты ғой. Жұрттың назарын басқа бір сыған өзіне аударып алғанда жаңағы ару сылаңдап жетіп-ақ келгені. Аузым аңқайып, тілсіз қаппын. Алақанымды шап беріп ұстай алды да, сипалап үңіліп жіберіп:

- Ты же влюблен?!, - деді сиқырланып. Көзін-ай! Сасқанымнан басымды изей беріппін. Темекісін сорып алып бетіме бір үрледі де:

- Неужели? Этого не может быть! В меня что ли?, - деп қадала қарағанда, бақырып жылауға шақ қалдым. Мені жетелеп оңаша алып кетті талдың тасасына. Итере салса жалп еткелі тұрмын. Содан қолымды қос қолымен уқалап бетіне басты да... Ой қойшы, қысқасы ауылдың шетіндегі бір жаман там тұрушы еді... сол жерде кешке кездесетін болдық қой. Жаздың күні ме, күз бе есімде жоқ. Ойпырмай, сол күні күн батсашы, шақырайып тұрып алды. Сиырлар пададан қайтқанда балаша қуандым.

- Неге? Сиырдың қатысы қанша?

- Соны да түсінбейсің бе!? Кеш батты ғой! Шешем мен әйеліме не айтарымды білмей, сиыр дұрыстап жайылмай жүр, мына түрімен көтерем болады. Анау ауылдың шетінде шөбі қалың бір жерді көрдім. Кешкі салқынмен арқанмен жайып, оттатып келейінші, - деп сиырды жетелеп шығып кеттім. Шешем байғұс бірдеңе деп жатыр, бірақ ешкімді тыңдайтын жағдай жоқ. Үстімде мұнтаздай костюм-шалбар. Ми істемей қалған ғой атаңа нәлет. Ана бәле сиқырлап тастаған. Бағана келіскен жаман тамға келіп жайғастым. Сиыр далада, арқан қолда. Жүрек дүрсілдеп әкетіп барады. Бір кезде... Құдддай салмасын!.. Күні бойы армандаған аруым жарқ ете қалды. Қолына трубкасын ұстаған күйі сылаң етіп есіктен пайда бола кетті. Бағанағы бағанағы ма? Қас қандай, көз қандай, Кірпігі тура өңменіңе қадалады. Белін айтсаңшы.., Бөксе ше! Жұтынып тұр ғой, жұтынып тұр. Сурет! Жоқ сурет жолда қалады...

- Содан...

- Тура бір әлгі «кобра» деген жылан сияқты,  көзімнен көзін айырмаған күйі күлімсіреп тұрды да бір кезде, қызыл гүлді қара юбкасын шешіп алып бетіме лақтырып жіберді. «Аһ!», деп жібердім. Онысы айналып келіп бетіме жалп ете қалды. Жалма-жан ысыра салып қарасам енді сары юбкада екен. Оны да лақтырды. Сосын жасыл юбка. Сосын қоңыр. Сосын... Әппақ іш киімі жарқ еткенде есіктен күннің соңғы қызыл сәулесі әлгіні көктей өтіп бүкіл тәні көзіме оттай басылғанда өзіме ие болудан қалып, жаным шырқырап кетті ғой!

- Қойыңызшы!

- Оллаһи! Міне, нан! Ойбой, Құдай басқа бермесін! өліп қала жаздадым.

- Ары қарай не болды, аға?

- Ой, масқара болдым ғой. Тіпті, айтуға ұят. Сөйтіп екі дүниенің ортасында бақыттан басым айналып, енді арманыма жеттім бе?, деп тұрғанда бесақа ұстап, шоқпар ұстап, бес-алты сыған кіріп-кіріп келді ғой. Келе тарпа бас салды. Бір-екеуі жағадан алып мені сілкілей жөнелді. Біреуі анау әйелге зіркілдеп жатыр. Анау шешінгенге мәз болып мен де кәстөм-шалбарымды шешіп тастаған екем, оны сығандар киіп алды сүйретіп. Мынандай пышағы суырып алып алқымыма тақағанда... Ойбой! Өйтіп ғашық болғаны құрысын! Енді ғашық болмаспын, - дегем. Қайдан! Неменеге күле бересің? Тыңдасашы дұрыстап! Сиырды жетелеп біреуі кетті. Костөм біреуінде, шалбар біреуінде. Біреуі галстугімді беліне байлап алыпты. Іш киіммен түн бата үйге жетіп жығылдым ғой. Ұрылар тонап, әрең аман қалдым дедім, басқа не деймін. Шешем мен әйелім жылап, аман қалғаныма шүкіршілік айтып жүр, Мелисаға хабарлайық, - дейді. «Ойбай, түгел қырып кетеміз, мелисаға хабарласаң деген», - деп шыр-шыр етем. Сол аптада аман қалғаныма қуанып ағайын-жұртты жинап Құдайы тамақ бердік қой. Әй, сен мұны ешкімге айтып қойма!

Осы сияқты әңгімелерді айтып отырғанда өзі бір күлмейді ғой сабазың.  Қанша қызынып кетсе де сөз арасына жаман тіркес қоспайтын, таза лебізді адам еді. Содан болар маңайына топырлап кететінбіз. Сағындырып тұратын. Сұлулыққа жаны құмар, ақынжанды болғандықтан ғой деймін ғашық бола салатын. Онысын білдіріп қоятын. Оған жас балаша қысылатын. Соншама ірі денелі адам, оның үстіне көптің назарын өзіне тартып алатындықтан болар, ішінде болып жатқан құбылыстың бәрі көрініп қала беретін. Сонысымен сүйкімді еді. Ондайда тым-тырыс үндемей шеткері отырып, блокнотын шимайлай бастайтын. Пысылдап отырып жазып, онысын енді қойнына тыға бергенде әрнәрсені сұрағансып, әйтеуір көңілін тауып әлгі жазған өлеңін оқытып алатынбыз. Ол кісінің Шолпан Сіргебаеваға, Гүлнәр Сейтімбетова, т.с.с. қыздарға өлең жазғанын біз ғана емес олардың күйеуі де білетін. Сұғанақ пейілден емес, риясыз таза ниетпен жазылған өлең болғандықтан, оған ешкім ренжіген емес. Қайта мақтаныш көретін. Тіпті, Гүлнәрға арнаған «Тұрымтайым» деген өлеңіне мен ән де шығарғам. Рахметбай аға туралы қанша айтсақ та таусылмайтын әңгіме жетерлік. Азғана ғұмырын сағынышқа оранған естелікке айналдырып кеткен адам ғой. Өмірінің соңында тұнжырап жүрді. Қайтыс болардан бір күн бұрын аялдамада тұрып әке-шешесін түсінде көргенін айтты. Соларға арнап ештеңе жасай алмай жүргеніне өкініш білдірді. Өзінің «Москвич» деген көлік сатып алғанын. Көктемде Әсет ағаны, мені жанына ертіп туған елді аралап қайтқысы келетінін айтқан. Бірақ оның бәрі асыл ағаның өзі сияқты көкейдегі арман күйінде қалды.

 

ГІДІ-ГІДІ

(Бұл әңгімені мен алғаш Жұмабай ағадан естіген едім. Рахметбай ағаның есімін «Талқанбай», деп өзгертіп жаздым. Себебі түсінікті болар. (Б.Есенәлі)).

Бойы да, сойы да келіскен ауыр денелі Талқанбай ағамыз қолын сындырып, ауруханаға түсіп қалғанын естіп, біраз жігіттер  көңілін сұрай бардық. Тек қолы болса бір сәрі ғой, қол сынған жақтағы қабырғаның еті сөгіліп кетіп әжептеуір бейнетке ұшырап қалған екен. Әншейінде кеудесі шалқақ, көңілді жүретін ағамыздың мына мүсәпір күйін көріп, кәдімгідей жабырқап қалдық. Не болғанын сұрап ек, онша шешіліп айта қоймады. Елеусіз ғана: «Е, люстраны ілем деп столдан құлап кеттім,» - деді де қойды. «Неңіз бар, сол люстраны іліп, бізді шақыра салмадыңыз ба, байқасаңыз қайтеді», деген сияқты уәждерімізге де жөні дұрыс жауап бермей, әңгіменің бетін басқа жаққа бұрып, ол тақырыптан алыстатып әкетуге тырысқанына қарап, осы арада бір гәптің барын өзімізде сездік. Әйтеуір, ол жолы айтпай қойды. Сөйтсек, оның жай-жапсарын өзі де жеңгемізден жаңа ғана естіп, әлі де сенер-сенбесін білмей, айтуға қысылып отырған екен ғой. Кейінірек ауруханадан шыққан соң болған жайды түгел айтып бергенде, ішіп тұрған сырамыз танауымыздан шыға жаздап, қыран-топан күлкіге қарық болдық қой.

Қырсық айналдырса «қыңқ» етуге шамаңды келтірмейді ғой. Мәселе былай болған екен:

Сілтеңкіреп келген түннің ертесіне ауырыңқырап жатқан Тәкең байғұсты, көптен ішкі ызасы бойына сыймай жүрген жеңгеміз әбден сыбапты. Айтылмаған сөз, қозғалмаған тақырып қалмапты.

Күйеуі тарапынан жауап болмаса ұрыстан айызы қанбаған әйел атаулының  ашына жайлы тақырыпқа ойысатыны белгілі ғой. Жеңгеміз де көзін сығырайтып жіберіп селтеңдеп кездесіп, талай рет сенделтіп жіберген келіншектердің де атын санамалапты.  

Бұлардың ешқайсысы айтарлықтай нәтиже бермеген соң жеңгеміз басқа, тың тақырыптарды қозғайды. Айлық жалақысы өмірі бүтін келмейтіні, Талқанбайдың әйелі атанып  құр талтаңдағаны болмаса үстінде елдің әйелі киіп жүрген киімнің бірі де жоқ екені, үйге қонақ келсе үй жиһазын айтпағанның өзінде, жөні түзу люстра алуға жарымағаны, өзінің жасауымен келген атам заманғы ескі люстрадан қысылып, келген кісілерден ұялып жүзі күйетін тұсына келгенде  бағанадан бергі айтылғандардың бәріне «иә-мақұл» деп, тағдырына төзіп жатқан Тәкең орнынан тұрыпты.

Оны орнынан тұрғызған құдірет «люстра» екен.  Өйткені, люстраға жететіндей тиын-тебенді ертең бас жазуға керек болар, - деп үнемқалтасында жасырып қойған екен. Ең болмаса осы мүмкіндікті жіберіп алмай жеңгеміздің көңілін бір жайлы қылмақ болыпты.

Расында да, жақын маңдағы базардан арзандау болса да тәп-тәуір люстраны сатып алып, екі езуі құлағына жетіп  кіріп келген күйеуін көргенде жеңгеміз де жадырап сала беріпті. Таң атқалы бақылдаған еңбегінің аз да болса ақталғанына марқайып қалса керек. Жеңгеміздің марқайғанын байқаған Тәкең де таңқиып қапты. Сол екпінімен әйелі мен арақатынасты біржолата орнына қойып, люстраны ешкімнің көмегінсіз өзі іліп тастауға бекініпті.  

Бала кезінде «біреудің құртын ұрлаймын», деп жүріп токқа түсіп қалып біраз уақыт есінен танып қалған көрінеді. Талқанбай ағамыздың электр деген пәледен зәре-құты қалмайтын. Онысын бұрынырақта бізге де айтып берген. Бірақ, жеңгемізден естіген сөздердің уыты мен соның ыстық ықыласына қайта бөленсем деген ниеті ағамыздың электрге деген қорқынышының күл-талқанын шығарып жіберсе керек. Көрші үйдегі Пашаны шақырып ток өткізгіш патрондарды шығартып тастап, ұлын сол жерге қарауыл қойып,  дәу столды үйдің ортасына дырылдатып сүйреп әкеліп, үстіне шығайын деп әрекеттенсе шалбары мұрша бермейді. Шалбарға қарайтын шама қайда? Жалма-жан шалбарды, үстіндегі көйлек-мәйкісімен қоса сыпырып тастап, киіле-жуыла онып кеткен қара іш киімімен, күреске ұмтылғандай столға қайта ұмтылған ғой.

Айтқан сөзі жерде қалмай, үйді көріктендіруге ынталанып жүрген күйеуіне іштей риза болып тұрған жеңгеміз, «Байқашы, Тәкентай!» - деп жүгіріп кеп столдың шетінен ұстап тұра қапты. Жеңгеміздің мына жанашырлығы көңілін жібітіп жіберген Тәкең енді электр тұрмақ, қалың жауға да қаймықпай шабатындай шабыттанып люстрасы құрғырдың әуресіне терлеп-тепшіп-ақ кіріскен екен.    

Төбедегі ілмек темірге люстраны іліп, енді люстраның екі сымын әлгінде өзі қалтырап-дірілдеп тұрып әрең аршыған сымдарға жалғауға кіріскенде болыпты ғой бұл сұмдық.

Бала кезінде ток соғып ұмытылмастай боп жүрегі шайлыққан байғұс өзінің айтуынша әжептәуір азапқа түсіпті. Қолын бір сілтеп, Пашаны шақырып жасата қояйын, - десе бағанадан бергі әйелінің алдында жиған айтарлықтай абыройға сол ие болып кететіндей көрінеді. Оның үстіне қалың жауға аттанған жарына қол бұлғаған арудай жары тұр төмен жақта столды ұстап жоғарыға үздіге қарап телміріп. Осылай  екіұдай сезімнің қыспағында тұрғанда...

Бұл кезде столды ұстап тұрған жеңгеміздің де санасында әртүрлі ойлар жүріп жатқан ғой. Аузы тыным тапқан кездерде аздап та болса ойланады ғой әйел де.  

Кімнің күйеуі ішпей жүр екен? Елге сыйлы бейбақты бір ішіп келгеніне бола сонша сыбағаны сәл ағаттық болған екен. Енді өзіне «қайтсем жағам», деп мына күннің ыстығына қарамай терлеп-тепшіп, жуыла-жуыла әбден оңып кеткен  қара іш киімімен люстра іліп жатқан жарына астыңғы жақтан қарап тұрып ойға батқан жеңгеміз бағанадан таң атқалы бері бүйідей шаққан, зәрлі сөздерін қайырып алып, күйеуі мен арадағы бейбіт өмірді қайта орнатудың қандай мүмкіндігі барын іздеп тұрса керек.  

Етженді кісі екі қолын жоғары көтергенде, қабырға тұстағы бөксенің ет-терісі қосыла көтеріліп,  іш киімнің екі етегі ұшатын құсқа ұқсап далия қалғанда, сол далиған етектің қуысы арқылы жеңгеміздің көзі ұябасар бөденеге ұқсаған әлденеге түсіп кетіпті. Арадағы кикілжіңді қалжыңмен жуып-шаймақтан басқа арам ойы жоқ аңқау жеңешем, іш киімнің делдиіп тұрған балағына ақырын ғана қолын сұғып,  балалы үйрек пен ортаны терек атты қос саусағын айқастырып тұрып, «гіді-гіді» - деп шертіп қалыпты. Жеңгейдің көздегені бөдененің тұмсығы екен, жазатайым балалы үйрегі бағытынан жаңылып қос қанатының біреуіне сарт ете қалыпты.

Арғы жағы белгілі ғой; «Ойбай!»,- деп жан даусы шыға бақырған ағамыз,  алысқа қарғитын спортшыдай тізесін бауырына ала тулап, серіппелі пружинадай бір-екі ыршып барып люстраны жұла-мұла еденге  құлап түскен. Балуан денелі күйеуінің бір шертіске шыдамай мұрттай ұшқанына сенер-сенбесін білмеген жеңгеміз, көзі шарасына шығып, аузын алақанымен басып шалқалаған күйі қабырғаға шалқалай отырып қалыпты (Еркек болмаған соң өзінің шерткен тұсының соншалықты аяулы аймақ екенін қайдан білсін?).

Бағана төрт бұттық салмақ төбені дірілдете бастағаннан-ақ, төмендегі көршілер төбе жаққа ауық-ауық қарап қойып жүрген екен.  Өйткені, соның алдында Алматыда үш-төрт баллдық жер сілкінісі болып радио, телевидение арқылы хабарлап, бүкіл тұрғындарды көшеге қуып шыққан. Ал, стол төңкеріліп, люстра құлап, төбе құйқаны шымырлатқан Мәдінің үніндей зор дауыс күркіреп келіп, бүкіл қабырғалар солқ ете қалғанда, «ақырзаман басталған екен», деп зәре-иманы қалмаған байғұстар ешкімнің ескертуінсіз өздері-ақ «бісмілләсі» мен «боже мойын» айтып подьезге атып-атып шығыпты.    

Жеңгеміз де қызық-ей! Еркектің сол бір мүшесімен ойнаудың өте қатерлі екенін түсінетін жасқа келген адам ғой. Несі бар деймін де!?

Жаңа ғана бәрі жарасымын тауып, мамыражай күйге еніп келе жатқан үйдің әптер-тәптері шығып, ағамыз жедел жәрдем көлігімен ауруханадан бірақ шығыпты.

Күйеуін назды да жұмбақ қылығымен қарық қылмақ болған жеңгеміз өзін-өзі жерден алып, жерге салып, аһылап-үһілеп жүріп тұшпара пісіріп,  ұлын ертіп ауруханаға барған кезде кеш болып қалған екен.

- Әкеңе айт, мені көрсе ашуланып жүре ме, деп  кірмедім. Мына тұшпараны жақсылап ішіп-жеп, тойып алсын, - деп ұлынан сәлем айтып, өзі қабылдау бөлімінде қалыпты.

Шын ықыласпен піскен тамақ дәмді ғой. Тәкең бабымен піскен тұшпараны терлеп-тепшіп ішіп отырып, ұлына «Шешең қайда?», - десе,

- Мені көрсе ашуланып жүре ме, деп кірмедім. Тұшпараны жақсылап жеп алсын, деді ғой мамам, - депті ұлы. Қасығын аузына жақындата беріп тоқтап қалған Тәкең қалай ойланса да әйелінің мына жұмбақ сөзін түсіне алмаса керек. Қалай жорыса да жосығы жоқ болған соң тоқ етерін бірақ айтыпты:

- Есі дұрыс па өзінің!? Оған неменеге ашуланады екем мен? О байғұстың жазығы не? Өзімді ток соғып өліп қала жаздағам жоқ па!? Айтып бар. Ертең келсе, кіре берсін. Онысы несі ей?

Ертесіне палатаға кірген жеңгеміз қысыла-қымтырыла отырып, мәселенің мән-жайын Тәкеңе түгел түсіндіріп беріпті. Аузы аңқиған күйі, көзі жеңгемізге қадалып бақырайып біраз жатқан ағамыз,  «Жындысың ба, ей сен!», - депті. Дегенмен сол шертістің астарында жасырынып жатқан ыстық ықылас пен ізгі ниетті аңғарып, еміреніп табысыпты екеуі.

Бізді қыран-топан күлкіге көміп, өзі бір езу тартпай, күйіп-пісіп  осы оқиғаны әңгімелеп отырған ағамызға:

- Ағатай-ау, жыландай сумаңдап кіріп келе жатқан жеңгеміздің қолын шынымен-ақ сезбедіңіз бе? - десек;

Осы айтып отырғанына күмән келтіріп отырғандай Тәкең бізге ежірейе қарайды:

- Қайдан білейін атаңа нәлетті.  Есі-дертім, барлық назарым анау токта тұрды емес пе? «Апыр-ай, мына сымдардың бойында ток болса,  қылдырықтай сымға жабысқан күйі сеспей қатып қалам ғой!», - деп қалт-құлт етіп тұрған едім ғой.

- Дәл сөйтіп әлгі екі сымды жылан ұстағандай еппен бұрап тұрғанда    тұла-бойым жыбыр ете қалды ғой. Баяғыда ток соққанда тура сөйткен болатын. Содан, зәрем ұшып қалған байғұс басым тірі қалар ма екенмін, деген үмітпен жан-далбасалап секіре беріппін ғой.

- Жеңгейдің «Гіді-гідісін»  естімедіңіз бе?

- Қайдағы «гіді-гіді»! Өзім «гіді-гідім» шығып, тайраңдап  жүріп столдан ұшып кеткен жоқпын ба? Қайта белімнің үзіліп кетпегеніне тәубә!  

    Үзілуге шақ тұр деуге мүлде келмейтін Тәкеңнің беліне қарап шайымызға шашала жаздаймыз.  Тәкең жылағалы отырғандай бір нүктеге қадалып біраз отырды да, танауын бір тартып бізге қарап:

- Оллаһи! Естісем құлағым саңырау болсын!—деді.

 

ИЕСІ ҚАНДАЙ БОЛДЫ ЕКЕН?

Көрермен қауымға «Өкіреш» деген атпен әйгілі Рахметбай Телеубаев атты ағамыз болды. «Қымызхана» телеқойылымын көрген жандар жақсы білуі тиіс. Бойы екі метрге жуық алып денелі болғанымен, жаны сондай нәзік, балаша аңқылдаған, ақынжанды кісі еді. Өмірінің соңғы жылдарында  
Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында қызмет істеді. Өзі жаратылысынан бауырмал ағаға әкемдей еркелеп, сыйласып кеттім. Әсіресе, гитараға қосылып орындаған әндерімді қатты ұнататын. Бірде мынадай қызық болды.

Қызылорда облысына гастрольдік сапармен бара қалдық. Қонақ үйге жаңа ғана орналасып, заттарымды жайғастырып бола бергенімде көрші бөлме жақтан Рахаңның «Байғали!» - деген үні естілді. Бөлменің есігін ашып басымды шығарсам, дәлізге шығып екі езуі құлағына жетіп, мәз болып тұр екен. Бір қызық айтарда сөйтуші еді. Қолын бұлғап өзіне шақырды. Бардым.

- Не болды аға?

- Қазір, бірнәрсе көрсетем, - деп кеңкілдей күліп ішке кіргізіп, әжетхананың есігін ашты.

- Ананы қарашы.

Қарасам унитаздың ішінде қарайып бір зат жатыр. Көлемі кіші-гірім қояндай. Бұл не пәле деп анықтап қарамақ боп жақындадым. Көзім тас төбеме шықты. Есімді білгелі мұндайды көрсем не қыл дерсің?!  Көлемі добалдай, адамнан шықты десе нанғысыз, кәдімгі нәжіс. Тыжырына мұрнымды басып, көзім алақандай болып теріс айналдым. Рахметбай аға күліп жатыр. Ішімнен осындай да қалжың бола ма екен, деп біртүрлі ыңғайсызданып қалдым. Бірақ сыр бермеуге тырысып:

- Сіздікі ме? - деп сұрадым.

- Құдай сақтасын! - деп азар да безер болды Раха.

- Кірсем, жатыр ұзынынан түсіп. Зәрем қалмады атаңа нәлеттен.

- Ағызып жібермейсіз бе?  Жата ма енді осылай?

- Ағызып көр.

Әлгі бәлені ағызуға унитаздың багындағы судың шамасы жетпеді. Тырп етер емес. «Қоныс жайлы болсын!», деп бір-екі жігіт келіп еді. Әлгінің түрін көргенде бөлмеден атып шығып үрке қашты. Бәрі де алғашында сезіктеніп Рахаңа қарайды. Алпамсадай денесіне қарап кім-кімде солай ойлайды ғой енді. Ол кісі өлердегі сөзін айтып,  оған өзінің еш қатысы жоқ екенін дәлелдеп қарғанады. Содан не керек этаждағы кезекші әйелді шақырып әкеп көрсеттік әлгі бәлені. Ол да бірден ежірейіп Рахаңақарады да:

- Дап-дардай адамсыз. Жасарыңызды жасаған соң ағызып жібермейсіз бе? Не көрімдік сұрап тұрсыз ба? – деп кейіді. Рахаң жылауға шақ қалды да күңіреніп кетті:

-Қарындас, не деп тұрсыз? Мені унитазға он күн отырғызсаңыз да ондай бәлені шығара алмаймын. Құдай ақы мен емес!

Шыр-пыры шыққан жазықсыз жанды бәріміз жабылып қорғап, ол емес екенін дәлелдеп жатырмыз.  Ерсайын аға күйіп кетіп унитаздың суын ағызып көрсетті.

- Міне, қараңыз, бүлк етпейді. Біздің келгенімізге бірер сағаттың ғана көлемі болды. Сол уақытта түскен құмалақ осылай жабысып қала ма?  Ойлаңызшы өзіңіз,-деген бұлтартпас дәлелдерді кезекшіге көлденең тартып жатыр. Тіпті, «Бөлмені қабылдап алғанда әжетхананы да тексеру керек қой!» - деп өздерін жазғырдық. Не керек амалы таусылып өз кінәларын мойындаған кезекші келіншек күйбеңдеп, мұрнын тыжырайта жүріп іске кірісті.

Бәріміз бомбаны заласыздандырып жатқан адамның әрекетін баққандай алыстан бағып тұрмыз. Кезекші келіншек біраз әуреленіп, бөлшектеп барып ағызып көзін жойды әлгінің. Әлденені айтып бұрқылдап ұрсып жүр. Рахаңа «Қорыққан түбі - қуаныш болсын!» - деген тілек айтып тараса бастадық. Шығып бара жатқанымда Рахаң маған «айналып соқ» деп ымдады.

Сәлден соң келсем, столды жайнатып қойыпты. Алматыдан алып шыққаннан, бауырсақ, қазымен қоса бір бөтелке орыс арағы тұр мөлдіреп.  

- Кел отыр. Жеңгеңнің салып жіберген дәмі ғой.

Жаңағы нәрсені еске түсірмеуге тырысып отырып тамақтанып жатырмыз. Рахаң, біркесім қазыны бір стаканмен жұтты да:

- Маған қарама. Бүгін біртүрлі тәбетім болмай тұр, -деп қолына газет ұстап қисая кетті. Газетті сықырлата аударып қарап жатқанымен, ойы оған тұрақтамай жатқан сияқты. Бір кезде:

- Ойпырм-ой! Ойламайын десем де болар емес. Өзі сондай иесі қандай болды екен? – деді, ішін тартып. Бабымен піскен қазыны нанмен соғып отырған мен:

- Нені айтасыз?- деп сұрадым.

- Жаңағы, унитаздағы бәлені айтам дә.

- Ой, қойыңызшы аға! – деп тыжырындым, ішкен-жегенім желкемнен шыға жаздаған мен.

Рахаң отыра қалып дәптерге бірнәрсені шимақтап жаза бастады. Сосын танауы делдиіп күліп әлгі жазғанын маған ұсынды.

- Дауыстап оқы,- деді. Өзі мәз. Сондағы жазғаны мынау екен:

Қожайының өзіңдей мықты ма екен?

Түйені түгіменен жұтты ма екен?

Бала тапқан әйелдей бай-байлатып,

Ойпырм-ай, қандай жерден шықтың екен!?

 

Бұл жазғандарымыз көзі тірісінде Рахметбай ағамыздың өзі айтып берген әңгімелердің желісінде құрылды.

 

Сұхбаттасқан, Әсел Назаралы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061