"Басы жоқ анасының емшегін емген бала"
немесе бүгінгі жазушылар нені жазуы керек?
Алматыда зиялылардың басын қосқан алқалы жиын өтіп жатыр. Оған еліміз бен шет елдің 16 мемлекетінен ақын-жазушылар, публицистер, драматургтер, философтар мен аудармашылар келген. Және қазақ ПЕН клубының АҚШ тағы өкілі, жазушы, профессор Владимир Картсев пен Лондондағы өкілі, аудармашы Саймон Холлинсортз қатысты.
Ортаға тасталған тақырып та ауқымды. “Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің орны” деп аталады.
Біз алдымен, әдебиеттің әлемдегі орнынан бұрын, қазіргі қоғамдағы рөлі қандай дегенге жауап іздеп көрсек. 2016 жылғы зерттеулер бойынша еліміздегі жастардың 80 пайызы кітапты не өте сирек оқиды немесе мүлде бетін ашпайды екен. Содан да болар, оқырман мен жазушының арасындағы байланыс үзіліп қалды дейтіндер көп. Оған не себеп? Себеп оқырманды қызықтыра алмауда шығар. Мәселен, айналамызда болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік мәселелер біздің әдебиеттен көрініс тауып жатқан жоқ. Қазір кез-келген қазақтың басында үй, кредит, ақша мәселесі бар. Бұл материалдық қарапайым тақырып болғанымен, халықтың шын мәніндегі жағдайы осы мәселелерге тіреліп тұрғаны ақиқат қой. Одан бөлек, қоғамдағы ұрлық пен жемқорлық та әдебиет арқылы аямай әшкереленуі тиіс еді. Мүмкін, бұл тақырыптарды қаузаған туындылар халыққа жетпей жатқан болар. Демек, кітаптың жарнамасы мен таралымы да маңызды. Бұл жазушыларымызға әдеби агенттердің қажеттігін көрсетеді.
Екіншіден, қазіргі адамдар неғұрлым қысқа, нақты жазбаларға ден қояды. Өйткені ақпарат көп, уақыт тығыз.
Енді, біздің әлем әдебиетіндегі орнымыз қандай дегенге жауап іздеп көрсек...
Бұл сауалға келгенде көбіміз Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” романы әлемнің 116 тіліне аударылғанын алға тартамыз. Бірақ, ол романның шыққанына да жетпіс жылдан асып кеткенін ескеруге тиіспіз. Ал, Абайдың қанша өлеңі басқа тілдерге аударылды? Хош, ол өткен уақыт.
Ал, қазіргі ақын-жазушыларымыздан Дулат Исабековтың, Ғалым Жайлыбайдың, Дидар Амантайдың, Думан Рамазан, Танагөз Толқынқызы тағы басқа авторлардың шығармалары басқа тілдерге аударылыпты. Бірақ, шынын айтқанда бұл авторларды және аударылған шығармаларды жастардың көбі білмейді.
Дулат Исабеков, жазушы:
- Ресейдің 24-каналынан Сириядағы бір оқиғаны көрдім. Кішкентай 1 жарым жастағы бала шешесінің емшегін еміп жатыр. Ал, анасының басы жоқ. Міне, осындай адамның жанын түршіктіретін оқиғалардың кезінде өмір сүріп жатқанда біз жазушылар бірігуіміз керек.
Жазушылардың арын-намысын қорғау үшін Лондонда ПЕН клуб ашылды. Енді соны ары қарай кеңітіп, дүние жүзіне насихаттаса, әр мемлекеттен хабарласады. Олар қаржыларын аударсын. Бұл бізге неге керек? Әрбір қарапайым жазушының ар жағында екі мың оқушы тұр деп есептегенде, дүние жүзінің жазушыларын осы екі мыңға көбейтіп көріңіздер. Қандай көп армия болады. Олардың басты қаруы – сөз. Анау Библиядан бастау алатын, Құраннан бастау алатын бейбітшілік мәселесін біз осы сөз арқылы орнатуымыз керек. Ал, қару арқылы орнату, бір-біріне санкция жариялау - әнешейін адамдарды әбігерге түсіру. Біз бір-бірімізді аударуымыз керек. Қазіргідей ақша үшін Лондонда немесе Францияда аударып, екі жүз данамен тастай салу үшін емес. Ол кәдімгі қазақ әдебиетін танытатындай болу керек. Мен Англияда болғанда үш рет кітабым шықты. Сонда айтқаным осы. Біздің әдебиет ағылшынның, француздың бүгінгі әдебиетінен ешқандай кем соқпайды. Қазір Қазақстанда ештеңе жоқ деген ойда тұрсыңдар бәрің. Бірақ, біз бір-біріміздің сөзімізді біріміз тыңдайық! Бүгінгі форумда осы сөз болуы керек деп ойлаймын.
Ұлықбек Есдәулет, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы:
- Қоғам рухани аштықа жүргенін көбіне сезіне бермейді. Оны алдымен сезіп, адамзатты сақтандыратын қалам иелері. Бір парадокс бар. Қоғам байыған сайын, рухани аш бола түседі. Сондықтан тоқ қоғамда жүріп рухани аштыққа ұшырамас үшін жазылған һәм әлі жазылмаған рухани қазыналарымызды жойып алмау үшін асыл сөзді қадірлейік. Көркем сөздің құнын түсіріп алмай көздің қарашығындай қорғап, арымызды сақтағандай ардақтай білейік. Сөз бен тіл алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпасақ болғаны.
Сонымен Алматыдағы әдебиет жиыны екі күнге жалғаспақ. Бірақ, бізді ойландырған тағы бір дүние – жиында сөз алғандардың барлығы дерлік кеңес әдебиетінің өкілдері. Тіпті, қазақша бір ауыз ләм демегендерінен сол кезеңді аңсайтынын да аңғарып қалдық.
Және, ол кісілердің айтуынша интернет пен смартфондар уақытша құбылыс. Алайда, адамзат келбетін өзгерткен смартфондар біздің өмірімізге дендеп енгені соншалық, олар біздің ажырамас бөлігімізге айналды. Алдағы уақытта да солай бола бермек.
Осы тұрғыдан алғанда, XXI ғасырдың жетістіктерін қабылдай алмайтын кеңестік буын - заманауи әдебиетке және құбылмалы әлемге қандай жаңашылдық пен өзгеріс әкелуі мүмкін? Ендігі сауал осы болса керек...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz