Дулат Аманжол. «Әдеби әлемдегі» әбестік
Қазақстандағы алғашқы
«Әдеби әлем» әдебиет
порталы жобасының авторы
Ш.Мұқан мырзаның назарына!
Өткен жылдың соңында әлемтор кеңістігінде «Әдеби әлемнің» тұсауы кесілгені есіңізде болар. Қаперіңізге салсақ, «Әдеби әлем» - еліміздегі алғашқы әдебиет порталы. Аталмыш мекенжайдан (adebiet.kz) виртуалды алфавиттік көрсеткіш бойынша көрнекті ақын-жазушылардың өнегелі өмірімен, өшпес туындыларымен танысуға болады. Қысқасы, электронды кітапхана.
|
«...Ендігі мақсат - осы құндылықтарды интернетсіз ине шаншым жер баспайтын өскелең ұрпақтың ойына дарыту» - деп жарияға жар салған жоба авторларының ұстанымы көңілге қонымды-ақ. Қуатты бастама, ірі жоба деуге негіз бар. Алайда назымыз да жоқ емес.
Қазақстандағы алғашқы
«Әдеби әлем» әдебиет
порталы жобасының авторы
Ш.Мұқан мырзаның назарына!
Өткен жылдың соңында әлемтор кеңістігінде «Әдеби әлемнің» тұсауы кесілгені есіңізде болар. Қаперіңізге салсақ, «Әдеби әлем» - еліміздегі алғашқы әдебиет порталы. Аталмыш мекенжайдан (adebiet.kz) виртуалды алфавиттік көрсеткіш бойынша көрнекті ақын-жазушылардың өнегелі өмірімен, өшпес туындыларымен танысуға болады. Қысқасы, электронды кітапхана.
|
«...Ендігі мақсат - осы құндылықтарды интернетсіз ине шаншым жер баспайтын өскелең ұрпақтың ойына дарыту» - деп жарияға жар салған жоба авторларының ұстанымы көңілге қонымды-ақ. Қуатты бастама, ірі жоба деуге негіз бар. Алайда назымыз да жоқ емес.
Әдебиет порталына Асанқайғыдан Махамбетке дейінгі, Абай заманындағы әдебиет, кеңес кезеңіндегі шығармалар мен Тәуелсіздік таңы туғызған туындылар енгізілген-ді. Нақтырақ айтсақ, 168 автордың өмірі жайлы мәлімет және біраз туындыларды табуға болады. Демек іздеген ақын-жазушыңызды тізімнен таба алмай, көңіліңізге кірбің түскен сәттер болған шығар? «Іздегенімізді таппадық! Бұ неғылған сайтсымақ?!» деп шер тарқатқан қолданушылар қатарынан емесіз бе?!.. Бұны порталдың «Қонақ кітабынан» байқау қиын емес. Қош!
Біріншіден, «біздің мақсатымыз - порталға қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларын ғана енгізу»- деп ант суын ішкен жоба жетекшілері Ақселеу Сейдімбектің, Асқар Сүлейменовтің, Баубек Бұлқышевтың, Дәуітәлі Стамбековтың, Евней Бөкетовтің, Жайық Бектұровтың, Жұматай Жақыпбаевтың, Жұмекен Нәжімеденовтің, Жүрсін Ерманның, Медеу Сәрсекенің, Мұқан Иманжановтың, Оралхан Бөкейдің, Өмір Кәріпұлының, Саттар Ерубаевтың, Сайлаухан Нәкеновтің, Серік Ақсұңқарұлының, Софы Сматаевтың, Темірхан Медетбектің, Төлен Әбдіктің, Төкен Әлжантегінің, Тұрсын Жұртбайдың қуатты һәм шабытты туындыларын «әлемдік торға» (интернетке) енгізуді қиындыққа балады.
«Әдеби кітаптарды электрондық нұсқаға айналдырып, тақырып-тақырыпқа бөлу бір күннің шаруасы емес, бір адамның қолынан келетін жұмыс емес»-деген жоба жетекшісі Ш.Мұқанның сөзімен келісейікші. Сөйтсе де әдеби порталда жоғарыда аталған алымды ақындар, қуатты қаламдоздар мен шебер аудармашылар жайлы дерек неге жоқ?! Портал қолданушыларының ұлттық әдебиет марғасқалары туралы бір ауыз сөз таппағаны қалай?
Енді қараңыз, «Әдеби әлем» қазақ әдебиетінің ұлы һәм теңдессіз туындысына айналған М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын интернетке енгіздік деп масаттанады. Төрт томды эпопеялық көлемді романның бірінші кітабын ғана (оның өзі толық емес) енгізіп, көз алдаудың қажеті қанша? Порталда роман-эпопея тұтас жарық көрмей, «Әдеби әлемнің» асығы алшысынан түсуі неғайбіл... Ұят!
Сонан соң әдебиет порталының модераторлары мен менеджерлері «Біз сайтқа қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушыларының шығармаларын енгізудеміз» дегенін негізге алайықшы. Кей жас қалам иелері «көрнекті ақындар» қатарынан көрінгені былай тұрсын, ондаған туындылары қоса енген. Мысалы, жас ақын Бауыржан Халиолланың өлеңдері «Тәуелсіздік таңы туғызған туындылар» қатарында сап түзегенде, Алаштың ақтаңгері Серік Ақсұңқарұлы «ай қарап жүрді» ме? Жастардың туындылары енгізілгеніне қарсы емеспіз, әрине. Бірақ объективтілік болу керек деп ойлаймыз!
Екіншіден, сөзіміз жалаң, ойымыз жұтаң болмас үшін портал қолданушыларынының да пікірін білген едік.
- Ақпараттық технологиялар ғасырында мұндай порталдардың маңызы арта түспек. Мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде «Әдеби әлем» порталын қолдаймын. Біршама ақындарды, кейбір туындыларды тауып алып, емін-еркін оқуға болады. Әсіресе техниканың «құлағында ойнаған» жастар үшін рухани азық бола алады.
Амал не, көбіне аса қажет туындылар табылмай жатады. Мәселен Оралхан Бөкейдің, Мұхтар Мағауиннің, Тахауи Ахтановтың, Олжас Сүлейменовтің бірде-бір туындысы жоқ порталда. ХIX ғасырда отаршылдық езгіге тегеурінді қарсылық танытып, халық рухын оятқан ақындар Нарманбет Орманбетұлы, Иманжан Жылқайдаров, Қайып Айнабеков, Тайжан Қалмағамбетовтер ескерусіз қалыпты!
Тіпті порталға енгізілген кейбір шығармалардың басы бар да аяғы жоқ. Бұның бәрі «Әдеби әлемнің» ұлттық портал дәрежесіне көтерілуіне кедергі болады ма деп ойлаймын» - дейді Қарағандыдағы №4 мектеп-интернатының мұғалімі Жәлел Қуандықұлы.
Ал аймағымыздағы жоғары оқу орнының студенті Мұрат Аламанов ойын былай жеткізді:
- Өзім де, замандастарым да порталмен танысқанбыз. Өте жақсы бастама! «Әдеби әлемнің» дизайны (сыртқы көрінісі) тартымды болғанымен, бірақ мультимедиалық мүмкіндіктері тар болғаны қынжылтады. Өзің қарашы, портал деген сөздің ауқымы кең ғой. Әлемнің ең озық деген ұлттық порталдарын ашсаң, аудио-видео материалдар, фотоқұжаттар, соңғы жаңалықтар, сауалнамалар, тағысын тағылар алдынан тізіліп шығады. Жанып, қайнап тұрады кәдімгідей. Осылайша сондай әдеби, тарихи, танымдық порталдарға жастар ағылады, қызығады, ұмтылады ғой. Біздің портал мультимедиалық тұрғыдан қарағанда құрғақтау. Өзіне еліктіретіндей, шақыратындай соны ештеңе жоқ. Қарапайым «Іздеу» тетігін де таба алмайсың... Сол тұрғыда портал дамыса дейміз!- дейді.
Үшіншіден, ақпарат нарығында әдеби портал үшін тайм-менеджменттің (уақытты басқару) маңызы аса зор болмақ. Әлемдік маркетингтің заңдылықтары бойынша сайт күнде жаңарып, жанданып тұруы тиіс. Ондай жүйе ешқандай сылтауларға бағынбайтыны да аян. Әлбетте «Әдеби әлем» үшін бұның барлығы таңсық емес болар.
Біздің ойымызша, қолданушылардың порталды қызу талқыға салуы - заңды құбылыс. Сондықтан жоба жетекшілері азарда-безер болмай, «интернетсіз ине шаншым жер баспайтын өскелең ұрпақтың» тілегін ескерсе дейміз. Сондай-ақ «Жай жүргенде бәрі де ат, шапқанда шама білінер» дегендей, орталық кітапханалар мен баспаханалар порталдың өсіп-өркендеуіне сеп болуы керек! Портал қолданушылары «жел тұрғызды». Енді шөптің басы қимылдай ма, «Әдеби әлем»?!
Қарағанды қаласы
"Абай-ақпарат"