Сенбі, 23 Қараша 2024
Пруст сауалнамасы 3761 0 пікір 17 Қыркүйек, 2018 сағат 10:53

Иттің иесіне деген шыншылдығын бойыма дарытқым келеді

Abai.kz ақпараттық порталының "Пуруст сауалнамасы" айдарының бүгінгі қонағы - ақын Сұраған Рахметұлы.

- Сіз үшін ең қатерлі жай не?

Тілден айрылу! Авар хақының - «Ұлт тілін ұрпағыңа ұластырар ұрықың құрысын!» деген қарғысы қатерлі!

- Сіздің қай жерде өмір сүргіңіз келер еді?

- Қай жерде тусаң, сол жердің ауасы мен суы сенің жаныңның бөлшегі. Туған топырақтың жұғыны сенімен мәңгі бірге. Алақандай ұйық, ұлы мамық даланың майсаңын төсеніп, қыналы тасын басына жастанып, жұлдызды аспанды жамылып жатқан сәтің - сағыныш. Орыстың әйгілі даналарының бірі ғаламның жеке еншілігіндегі азамат  Владимир Владимирович Наваковтың жандүниесінен адаспаған орыстың орманды алқабы екен. Оның тума тілі орыс болса да, шыққан тілі ағылшынша еді. Бірақ, анасынан тамған уыз тамшы, бабасының ерек тектілігі оны қара мекенінен адастыра алмаса керек. Жалпы ақынның екі мекені болуы мүмкін. Қан – мекені, жан – мекені. Осы екі мекенде ақынның бар өмірі сағынышпен өтер-ді. Қазақтың салқар даласы, асқар тауларының құшағында өстім. Бір қанаты – ғарышты, екінші қанаты – сайын даласына байланған ақынның тұрағы жылқы сауырында, үні – таулардың бауырында жүрер-ді.

- Сіз үшін ең мінсіз бақыт деген не?

- Мінсіз бақыт - алжымай өлу. Бақыт пен уақыт мазмұндас ұғым. Бақыт туралы біздің пайымымыздың өзі қарама-қайшы, кемшін. Себебі, көнегректік Сократтардың санакөзіне елестеген бақыт бізде мүлдемге жоқ емес, өзгешелеу болды. Мұңсыз бақыт көп, мінсіз бақыт жоқ. Ыбырай Алтынсариннің «Мұңсыз адамында" мұның нұсқасы бар. Бақыттың қонар шағы да, ұшар шағы да болатын секілді. Егер мінсіз бақыт болар болса ол – тәңірден берілген сый. Француздың ақыны Поль Элюар (Paul Eluard) мінсіз бақыт дегенді «Хаһи сенім» деп ғарыштық сеніммен ұштастырды. Жұмекен Нәжмеденов болса, атақ та, байлық та емес, «бақыт деген немене, сұлу қыз ба?..» деді. Мұқағали болса - «жан - сонарым» дейді.Пенденің бәрі - «бақыт құшағында» өмір сүре алмайды.

- Сіз қандай қателіктерді кешірім етуге лайықты деп есептейсіз?

Меніңше сатқындық  қателіктен де қатерлі. Пендеуи зұлматта қателіксіз жан болмаса керек. Қателікті кешу, айыптыны жазғырмау – парасат майданындағы қаракет. Қателік пен ағаттық аттас ұғым. Екеуінің де зардабы болуы мүмкін. Өмір - айып пен кінәнің арасындағы ақиқат. Көбінесе қателіктердің қарсы жағындағы әрекеттің түгелі уақыт аясында екшелген. Кешудің шарттарына лайық қателіктер болса оны кешу парыз. Дүниедегі барлық наным мен сенім, діни қағидаттар мен ұстанымдарда кешірім қисындары мөрленген. Кешірілмейтін күнә деп саналатын өрескел қателіктерден сақтануды Құран, Інжіл, Зәуір, Таурат сынды сансыз ұстанымдар ескертеді.

- Сіздің ең сүйікті әдеби кейіпкеріңіз?

Кекшіл жазушы Жорж Оруэллдің (Georqe Orwell)  «Хайуанаттар бағы» атты памфлеті бар. Жалған даурықпалардың шын бет-бейнесін тырнап қан-жоса қылған шағарма. Доңыздар көтерілісі, жаңа сайлау нәтижесі тсс. Доңыздардың билік жүргізуі! Сондай-ақ, Франц Кафканың (Franz Kafka) «Будан» дейтін қысқа памфлеті жарияланған. Құбыжық бейкесел бейне туралы, жартылай мысық, жартылай қозыға ұқсас! Шығарманы оқып отырып тіксінесің! Сайтанизмнің жасап берген былғанышты көрінісі.

- Сіздің ең сүйікті тарихи кейіпкеріңіз?

Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басқолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы тарихи сөнбес тұлға. Оспан батырдың басы – қасында ат үстінде жау ұшағын атып түсірген Ақтеке би Қоңырұлы, Шірікшиде қапыда қолды болған Бүркітбай батыр Қияқұлы, Өр Алтайдың әнұраны Сұлубай батыр Сапиұлы, Мұса мерген Тұрықбайұлы т.с.с.

Сосын американдық тарихшы әйел Линда Бенсонның жазбаларынадағылар.

- Сіздің ең сүйікті әйел кейіпкеріңіз?

- Бөрте, Тұмар ханым, Хади уаң, Әштәри

- Сіздің өмірдегі ең сүйікті кейіпкеріңіз?

- Мағырипа әжем, Мақидолда сері, Өкен досым

- Сіздің ең сүйікті суретшіңіз?

- Салвадор Дали, А.Ақанаев,Зейнелхан Мұқамеджан

- Сіздің ең сүйікті музыкантыңыз?

- Музканы жан - тәнімен құлай сүйетін нақұрыстың бәрі. Хайуанда - ботаның боздауы.

- Сіз ер адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

- Өз бағасын сезінетіндігі рас болса...

- Сіз әйел адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

- Жүрегін жатырына таза сақтай алатын жанқұрсақтылар.

- Сіздің мінезіңіздің басты ерекшелігі қандай?

- Кемшілігім. Мұздай суық,оттай ыстық кезі бар.

- Сіздің ең сүйікті ермегіңіз?

- Уақытым болғанда Қараөткелді өтінде жалаңаяқ ой кешу.

- Танымал адамдардың ішінде өзіңіздің кім болғаныңызды қалар едіңіз?

- Танымал жандардың ығында қалмауды қалаймын.

- Достарыңыздың қандай қасиетін жоғары бағалар едіңіз?

- Шын шырыл жанымен егіле жылай алатындарын...

- Сіздің ең басты кемшілігіңіз?

- Өз кемшілігіммен санаспау.

- Сіздің бақыт туралы арманыңыз?

- Немереммен сыраласу.

- Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не болар еді?

- Жарыңның ерте өмірден кетуі.

- Сіз қандай болуды армандаған едіңіз?

- Қайырымшыл.

- Сіз ұнататын гүл?

- Тасты жарып шыққан жалғыз бір тал десте.

- Сіздің сүйікті құсыңыз?

- Бозторғай, Қараөткелдің жағалауынан ешқайда кетпейтін ақпейіл аласауысқандар.

- Сіздің сүйікті жазушыларыңыз?

- Монтень, Мағауин, Рахымжан.

- Сіздің сүйікті ақындарыңыз?

- Тұманбай, Эзра Паунд, Мұрат Шаймаран, Хайз.

- Сүйікті есімдеріңіз?

- Олжас, Бүлдіршін, Раушан.

- Нені жек көресіз?

- Алақаны терлеп жүретіндерді.

- Сіз жек көретін тарихи кейіпкерлер?

- Жантық және жантықтандырылған Жантықтар.

- Сіз қайран қалатын әскери оқиға?

- Сарсүмбені азат ету майданы

- Сіз жоғары бағалайтын реформа?

- КСРО-ның күйреуі

- Қандай қасиетті бойыңызға дарытқыңыз келеді?

- Иттің иесіне деген шыншылдығын бойыма дарытқым келеді.

- Қалай өлгіңіз келеді?

- Тұяқ серіппей

- Қазіргі көңіл күйіңіз?

Баяғыдай...

- Ұраныңыз?

Оян!

Сөз соңы

"Абай порталы" замандастарымызды, жас ғалымдар, журналистер мен қаламгерлерді Марсель Прусттың сауалнамасына жауап беріп, сайтқа жіберуге шақырады. Адам мен оның көзқарасы өзгермей тұрмайды. Тағы да жылдар өткеннен кейін өз жауаптарыңызға өзіңіз таң қалатын кез тууы да ықтимал. Аман болсақ, сол сауалдарды он, жиырма жыл өткен соң қайталап қоятын боламыз. 

Қазірге дейін Пруст сауалнамасына жауап берген азаматтар:

Айдос Сарым, Ақберен Елгезек

Байбота Қошым-Ноғай

Қанат Тілеухан

Бағашар Тұрсынбайұлы

Жанат Әскербекқызы

Дайындаған Тілек Ырысбек, Бауыржан Майтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5513