Интернет-конференция: Бауыржан Жақып (басы)
Бүгінгі қоғамда сұраулы мәселе жетерлік. Соның дұрыс жолын нұсқар білімі мен білігі жоғары азаматтар да бар. Конференциямыздың кезекті қонағы көрнекті ақын, ұстаз «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып мырза қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігі, өз шығармашылығы жайлы ойын ортаға салып және бірнеше буын журналистердің ұстазы ретінде қазіргі қазақ журналистикасы мәселелеріне өзіндік көзқарасын білдіріп, «Қазақ энциклопедиясының» атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, оқырмандардан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.
«Абай-ақпарат»
- Өзіңіз шәкірт тәрбиелеген ұстазсыз. Журфакта декан болдыңыз. Соңғы кезде журналистика факультетінде болып жатқан жағдайға байланысты ойыңызды білсек?
Бүгінгі қоғамда сұраулы мәселе жетерлік. Соның дұрыс жолын нұсқар білімі мен білігі жоғары азаматтар да бар. Конференциямыздың кезекті қонағы көрнекті ақын, ұстаз «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып мырза қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігі, өз шығармашылығы жайлы ойын ортаға салып және бірнеше буын журналистердің ұстазы ретінде қазіргі қазақ журналистикасы мәселелеріне өзіндік көзқарасын білдіріп, «Қазақ энциклопедиясының» атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, оқырмандардан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр.
«Абай-ақпарат»
- Өзіңіз шәкірт тәрбиелеген ұстазсыз. Журфакта декан болдыңыз. Соңғы кезде журналистика факультетінде болып жатқан жағдайға байланысты ойыңызды білсек?
- Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үзіліссіз 25 жыл шәкірт тәрбиеледім. 14 жыл 2 кафедраның меңгерушісі болдым. 8 жыл декандық қызмет атқардым. Ал соңғы кезде факультетте болып жатқан жағдаймен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныспын. Осыдан біраз күн бұрын факультеттің тұңғыш деканы Қайыржан Бекқожиннің туғанына 100 жыл толуына арналған конференцияға барып қатысып, сөз сөйледім. Сондағы байқағаным, қазір факультетегі жағдай қалыпты. Биыл факультетті бірнеше жыл басқарған, оның дамуына ерен еңбек сіңірген профессор Тауман Амандосовтың 90 жылдығы, профессор Темірбек Қожакеевтің туғанына 85 жыл. Бұл - Қазақстандағы журналистер даярлайтын алғашқы және басты орталық. Сондықтан оның өзіндік мектептері, дәстүрі, ұлттық ерекшелігі бар. Сонан кейін мұнда оқитын әрбір студент - болашақ тұлғалы қаламгер екендігін ұмытпау керек-ақ.
- Бүгінгі әдебиетпен оқырманның арасы алшақтап кетуіне не себеп деп ойлайсыз?
- Әдебиет пен оқырман арасының алшақтап кетуіне себеп бірнешеу.
Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағы - қоғамдық ұйым санатында. Одақ басшылығы нарық заманында біраз шаруаларды атқарып отыр. Бірақ бұрынғыдай ақын-жазушылар шығармаларын насихаттау мәселесі тиісті деңгейде емес. Ол әрине қаржылық қиыншылықтан да болар.
Мемлекеттік тапсырыспен шығатын әдеби кітаптардың таралымы 1000, 2000, 3000 данадан аспайды. Бір ғана Оңтүстік Қазақстанның өзінде 500 кітапхана бар екен. Яғни бұл кітаптар елдегі кітапханалардың өзіне толық жетпейді. Қаншама мектептер бар. Кітап таралымын өсіру қажет-ақ. Тағы бір жайт - оқырман ненің бағалы, ненің шикі екендігінен ажырап қалды. Қолында қаражаты бар кез-келген адам кітабын шығарып, көпшілікке тарататын болды. Бұрынғы бірнеше сатыдан тұратын сұрыптау қазір жоқ. Қаламақы мәселесі де шешілмей тұр. Кімнің талантты, кімнің ортақол, кімнің көркемдігі төмен шығармалар беріп жүргендігінің аражігін ажыратып беретін әділ әдеби сын жоқ. Осы ретте Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшімбаев, т.б. сияқты нағыз сыншылар еске түседі. Қазақ әдебиетінің негізгі оқырмандары ауылда. Ал бүгінгі әдебиет қалада ғана қалып қойған сияқты.
- Армысыз, аға! Еліміздің бас құжатында цензураға жол жоқтығы тайға таңба басылғандай айтылған, оның үстіне БАҚ туралы заң бола тұра, журналистік міндетімізді атқаруға тосқауыл көп, әсіресе мемлекеттік БАҚ-да. Егер, жазарымызды жазып, айтарымызды айта алмасақ, журналистің (журналистиканың) не қажеті бар?
- Қазір демократия заманы. Сіздің осы сұрағыңыздың интернетте тұруының өзі сол жариялылықтың белгісі емес пе ? Ал кез-келген өркениетті мемлекеттің журналистикасы - сол елдің негізгі құндылықтарын, заңдарын сақтауға қызмет етеді. Журналистика - жазғың келгеннің бәрін жаза беру, айтқың келгеннің бәрін айта беру емес. Қоғамның алға дамуына ықпал ететін тегеурінді ойларды, шешімін таппаған мәселелерді көрсетіп отыру. Журналистика билік пен халықтың арасындағы дәнекерлік рөлді атқарады. Журналистиканың ең қуатты қаруы - оның қоғамдық пікір қалыптастыратындығында. Қазіргі Қазақстандағы ақпарат құралдары сол міндеттерді орындап отыр.
- Қазақ энциклопедиясының өнімдері мектептер мен оқу орындарына және оқырманға жете ме? Таралым мәселесі қалай?
-«Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы кейінгі жылдары мемлекеттік тапсырыспен көптеген кітаптар шығарды. «Қазақстан ғылымы» 2 томдық, «Алматы қаласының көркемсуретті тарихы», «Қазақстанның көркемсуретті тарихы» (4 томдық), «Алматы өнеріндегі жеке тұлғалар», Ауған соғысының 20 жылдығына орай «Даңқ», «Қазақстандық Кеңес одағының батырлары» энциклопедиялық анықтамалықтар әзірленді. «Балалар энциклопедиясы» (3-томдық), «Қазақстан табиғаты» (4-томдық) энциклопедиялары жобалары аяталуға жақын. «Қазақ әдеби тілі түсіндірме сөздігінің» 12,13 томдары жарық көрді. Олар 2000, 3000 данамен шығарылған. Таралымы аз, әрине. Бірақ біз облыстық, қалалық білім беру басқармаларына, жоғары оқу орындарына, облыстық, қалалық кітапханаларға республика бойынша жиыны 63 жерге тегін таратып отырмыз. Шыққан кітаптардың электронды нұсқасы да интернетке енгізілуде.
- Бауыржан аға, жуырда Түркістанда өткен Назрбаевпен зиялы қауым өкілдерінің кездесуінде, Сіз неге үндмей отырдыңыз? Жалпы сіздің азаматтық ұстанымыңыз қандай: үкіметтен тәуелсізсіз бе, жоқ әлде билікке тәуелдісіз бе?
- Наурыздың 11-ші жұлдызында Түркістанда Президент Н.Ә. Назарбаевпен зиялы қауым өкілдерінің кездесуіне мен де қатыстым. Бірақ үндемей отырған жоқпын. 4-ші болып сөз алдым. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан құнды кітаптар туралы, «Қазақ энциклопедиясының» қазіргі ахуалы хақында әңгіме өрбіттім. Ол кездесу туралы арнайы хабар 13- наурызда эфирден көрсетілді. Мен қазір - Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік баспаның басшысымын. 100 пайыз акциямыз - мемлекеттік. Азаматтық ұстанымым - тәуелсіз елімізге адал қызмет ету. Қазіргі саяси жаңғыруларды қолдаймын. Бейбіт, тыныш өмірге не жетсін! Халықтың әл-ауқаты да өсіп келеді. Рухани дүниеміз де түгенделіп жатыр. ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан көш ілгері тұр. Біз де бостандық бағасын, азаттық артықшылықтарын терең түсінуіміз керек деп ойлаймын.
- Бүгінгі қазақ журналистерінің соның ішінде телеарналардағы жүргізушілер мен тілшілердің көбі сіздің шәкірттеріңіз. Олардың тілдік сауатсыздықтарын көрермендер жыр ғып айтады. Шәкірттеріңіздің сауатсыздығы неден деп ойлайсыз? Бәлкім, кезінде оқудан қашып-пысып жүріп енді бүткіл экранды бүлдіріп отырған шығар.
-Менің шәкірттерім - телеарналарда қызмет атқаратын, хабар жүргізетін - Ләззат Танысбай, Зейін Әліпбек, Марат Мұхамедсалиев, Андрей Тараков, Мейіржан Әлібекұлы, Гүлназ Әлімгерейқызы, Айнұр Қамысбекқызы, Мұхит Ықылас, Динара Сәтжан, Дулат Сатыбалдиев, Азамат Кеңесбай, Бибігүл Жексенбай, Арман Балтабайұлы, Ринат Думанұлы, Жігер Сәрсенұлы, Нұрлан Оқаұлы, Қазбек Қасымов, Олжас Сыдықбеков, т.б. Олардың әрқайсысын мақтан тұтамын.
Әрине, бес саусақ бірдей емес. Өткенде «Таразы» хабарын жүргізетін Ерлан Әбдірұлы деген шәкіртіміздің журналистік әдеп нормаларын бұзып, қазақ халқының бұлбұлы Бибігүл Төлегеноваға қойған ыңғайсыз сауалдары үшін ұялдым. Көбіне эфирді ластап жүрген басқа мамандық иелері екендігін де ұмытпайық. Сол үшін хабарды радиода да, теледидар да да кәсіби журналистер жүргізгендігін жақтаймын.
- Сіз ақын Айбергеновтың күйеу баласысыз. Ақынның қызын жар ретінде сүйіп алдыңыз ба, жоқ әле әкесінің поэзиясына ғашықтықтан тәуекелге бардыңыз ба? (Тек шыныңызды атыңызшы!)
- Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін оқымай 70-ші, 80-ші, 90-шы жылдары поэзияға келген бір де бір ақынды өз басым білмеймін. Келер жылы ақынның туғанына 75 жыл. Соған орай ол кісіге арналған өлеңдерді жинақтағанда, соған көзім жетті. Небәрі 30 жасында өмірден озған аса дарынды ақын Т.Айбергеновтің екінші қызы Махаббатпен Қазақ теледидарында қызмет істегенде таныстым. Бір-бірімізді ұнаттық. Тағдыр қостық. Биыл қосылғанымызға 25 жыл толады.
- Ассалаумағалейкум! Өткенде Түркістанда Президентпен кездесуде болдыңыз, Хабар телеарнасы естуімізше көп нәрселерді қиып бергенге ұқсайды. Сол экраннан көрсетілмей қалған, дін тақырыбында, мәдениет, өнер тақырыбында басқа қандай әңгіме болды? Президент ұлттық идеологияның үш тұғырын қалайша тарқатты? Осыған байланысты сіздің пікіріңіз қандай?
- Президентпен Түркістанға кездесуден кейінгі әсерімді «Айқын» газетіне жарияладым. Қараңыз: «Айқын», 19 наурыз, сенбі, 2011 жыл, №50
- Сіз декан кезіңізде қаншама болашақ журналистерге бағыт-бағдар беріп, болашақтарына даңғыл жол аштыңыз. Оныңызды ешкім ұмытпайды. Алайда, кейде пендешілікпен өзіңіз қиянат жасап қойған талапкерлерді ойлағанда қиналмайсыз ба?
-Мен факультет деканы болған кезімде талапкерлерге кәсіби біліктілігіне қарай баға бердім. «Талант көрсең, көзін аш» деген халық даналығын принцип етіп ұстандым. Әрбір студентті толғандырған мәселені шешуге тырыстым. Қысқасы, өмір-бақи жақсылық жасаумен болдым. Оны бар шәкіртім растайды. Өзім қолдаған, демеген студенттердің бүгін тәуелсіз еліміздің ақпарат кеңістігінде аянбай еңбек етіп жүргеніне қуанамын.
- Өзіңіздің қасыңызда жүрген Сағатбек Медеубекұлы сіз қызметтен кеткенде қуаныпты дейді. Ал Кәкен Қамзин бастаған, Мұрат Шаймаран сияқты нағыз ақынжанды азаматтар қамыққан сияқты. Жалпы журфактегі ұстазарға аз-кем баға бере кетіңізші.
- Бұл жаңсақ әңгіме болса керек. Сағатбек Медеубекұлы - менің ғылыми кеңесшілігіммен «Ауызша публицистика поэтикасы» атты докторлық диссертациясын жазып, аяқтады. Өмірде де доспыз. Журналистика факультетінде өз ісін жетік білетін, білікті мамандар бар. Ғылым докторлары, профессорлар Абдул-Хамит Мархабаев, Сағымбай Қозыбаев, Кәкен Хамзин, Сәуле Барлыбаева, Құдайберген Тұрсын, Назгүл Шыңғысова, доценттер Сәкен Нұрбеков, Дәмегүл Баялиева, Аманқос Мектеп, Орынтай Ошанова, Светлана Велитченко, Айгүл Ниязғұлова, Римма Жақсылықбаева, Гүлнәр Өзбекова, т.б. Олардың әрқайсысы өзі оқитын дәрістеріне жауапкершілікпен қарайды.
- Қазақтың ақын-прозашылары ел саясатыа неге араласпайды?
- Ақын-жазушының, басты жұмысы - әдеби шығарма туғызу. Ел саясатын жүргізу - саясаткерлердің еншісінде. Дегенмен, негізгі ұлттық құндылықтарымыз туралы өз пікірлерін ашық айтып жүрген қаламгерлер жоқ емес.
- Сіз «Дат» газетінің жауынгер Бас оқырманы - Ермұрат БАПИ-дң курстасы екенсіз. Ермұрат өмірде қандай адам, баспасөзде қандай журналист, саясатта қандай маман?
- Ермұратпен бес жыл бірге оқыдық. Өмірде ақкөңіл, достыққа адал азамат. Баспасөзде батыл журналист. Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанда, «Егемен Қазақстанда» ұшу сапарын басқару орталығынан циклды репортаждар жазды. Соны бір кітап етіп шығарса, дұрыс болар еді.
-Бұдан бұрын атқарған қызметтеріңіз, қазір атқарып жүрген қызметіңіз шығармашылығыңызға кедергі келтірмей ме?
-Мен қайда қызмет атқарсам да, сөз өнерінің төңірегінде жүрдім. Өлең жазсам, тек түнде жазамын. Сондықтан кедергі жоқ.
- Бауыржан аға, біздің аға буын ағалар соңындағы жастар туралы айтуға шабан. «Оқымады» деп отыратындары да бар. Өзіңізден кейінгі буындағы ақын інілеріңіз туралы пікіріңіз қандай? Қай жас ақындардың жырлары көңіліңізге қонымды?
- Қазір оқырман түгілі, жазушылардың өзі бір-бірін оқудан қалып барады. Бұл жақсы тенденция емес. Кезінде әдебиеттегі алыптар тобы саналған Мұхаң, Қос Ғабең, Сәбеңдер, тіпті Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мауленов, Ғафу Қайырбековтар кейінгі толқын інілеріне баға беріп, сәт сапар тілеп, ақыл-кеңесін аямаған. Сол дәстүр үзіліп қалған сияқты көрінеді маған. Әдебиеттің дамуы үшін бұл асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек-ақ.
Өзімізден кейін әдебиетке 90-шы, 2000-жылдары келген жас ақындардың көпшілігі бір кездегі шәкірттерім. Олардың алғашқы өлеңдерінен бастап білемін. Және әрбір қадам алыстарын қадағалап отырамын. Маралтай, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Талғат Ешенұлы, Жанарбек Әшімжан, Жанат Әскербекқызы, Танакөз Толқынқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Әлібек Шегебай, Ерлан Жүністердің болашағынан көп үміт күтемін.
Прозада Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан, Ақеділ Тойшанұлы, Мақсат Мәлікұлы сияқты таланттар бар.
Ақтөбедегі Жанна Елеусізова, Жанар Нұрғалиева, Қызылордадағы Самал Жалымбетова, Атыраудағы Сағындық Рзахметов, Ақтаудағы Рахат Қосбармақов, Талдықорғандағы Сағыныш Намазшамова, Қарағандыдағы Руслан Нұрбай сияқты талантты жастардың шығармаларын соңғы кездері көре алмай жүрмін.
- Бауке, қазақтың қасиетті де, қасіретті өлкесі Торғай туралы энциклопедия қашан шығады? -Естуімізше сол жұмысты қолға алды деп еді. Талай таланттарды берген өлке жайлы бір энциклопедия керек ақ. Әр облыстың энциклопедиясы бар.
Торғай облысы жабылғанымен оның орны он облысқа татиды емес пе?
Ғалым, ақын адамсыз, келісерсіз?
- «Торғай елі» энциклопедиясын танымал энциклопедист Таңатқан Рсаев бастаған топ дайындау үстінде. «Қазақ газеттері» ЖАҚ президенті Жұмабек Кенжалин, ғалым Жетпісбай Бекболатовтар қолға алып жүр. Біз екі жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс есебінен шығаруға талпынып, қолжазбаны ұсынып көрдік. Бірақ Ақпарат және мұрағат комитетіндегі сарапшылар комиссиясынан өтпей қалып отыр. Түбінде бұл энциклопедия шығады деп ойлаймын. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Нұрхан Ахметбеков, Қайнекей Жармағанбетов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Шәміл Мұхаметжанов, Кеңшілік Мырзабеков, т.б. сияқты тұлғалар шыққан өлкенің анықтамалығы тасқа басылып, жинақталып шығатын кез келді. Қазір кітапқа демеуші болуды - біздің кәсіпкерлер мүлдем қойған сияқты. Әйтпесе осындай құнды еңбектердің ел қолына жетуіне, болашаққа мұра етіп қалдыруға жәрдемдесер еді ғой.
- Баукен! Шығармашылығыңа шабыт, жұмысыңа жеміс тілейміз. «Қазақ энциклопедиясының» қазіргі ұстанған бағыты, келешек жоспарлары туралы айтып берсеңіз. Сіздердің кітаптарыңызды қайдан сатып алуға болады. Кеңес кезіндегідей алдын-ала жазылу тәртібіне қалай қарайсыз. Зарқын Тайшыбай, профессор
- Біздің шығарған кітаптарды kazenc.kz веб-сайтына сұраныс түсіру арқылы да, тікелей Алматыдағы мекен-жайымызға хабарласу арқылы (тел. 225-80-62) да сатып алуға әбден болады. Ал энциклопедияларды алдын-ала жазылу арқылы көпшілікке жеткізу мәселесі жақын уақытта шешіліп қалар.
- Кітап жазу ниеттенген әрбір адамның қолынан келетін іс пе? Сіздің жазған кітаптарыңыз бір шама, әрбір кітапқа канша уақытыңыз кетті?
- Осы уақытқа дейін менің 7 өлеңдер жинағым жарық көріпті. 2 монографиям, 1 оқулығым баспадан шықты. Оларды алдын ала жоспарлы түрде емес, өмір бойы жазып келемін. Шығармашылық - ол менің өмірім.
Жалғасы бар