Жұма, 29 Наурыз 2024
Арылу 4872 1 пікір 28 Қыркүйек, 2018 сағат 12:20

Прадоға айыппұл салу беделімізді бес тиынға түсірмей ме?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: “Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет” деп жазылған. Және жергілікті БАҚ тың сөзіне сенсек, Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан бірнеше халықаралық шаралардың ұйытқысы болыпты.

Мәселен, Н.Назарбаев ұсынған ядролық қарусыздану жөніндегі бастамалар БҰҰ деңгейінде қолдау тауып, еліміз бүкіл әлемдегі ядролық қарусыздану үдерістеріне бастамашы болған. Сонымен қатар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, (ШЫҰ), Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ), Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары (АӨСШК), ТҮРКІСОЙ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сынды ірі халықаралық ұйымдарға төрағалық еткен тұстарда Қазақстанның халықаралық беделі “асқақтай” түскен. Тіпті, былтыр ғана өткізген ЕХРО-2017 көрмесіне 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысып, көрмені тамашалауға 3 млн адам келген. Иә, мұның бәрі Қазақстанның сыртқы имиджін көтеру үшін жасалып жатқан шаралар.

Алайда, 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасы біздің әлем елдері алдындағы имиджімізді басқаша қалыптастырған сияқты. Қанша жасырып -жапқанымызбен ол оқиға тарих беттерінде қанды әріптермен жазылып қалғаны сөзсіз. 17 мұнайшының жазықсыз оққа ұшуы әлем елдерінің де назарын аудартыпты.

Кеше осы оқиға туралы деректі фильм түсіруге келген француз режиссері, журналист Венсан Прадоны полиция  ұстап алып кеткен.Ол 27 қыркүйек күні таңертең жергілікті белсенділерден сұхбат алып тұрғанда полиция өкілдері оған "Қазақстанның көші-қон заңын бұзды" деп айыптап, 60 мың теңге көлемінде (шамамен 165 АҚШ доллары) айыппұл салған. Бұл туралы “Азаттық” радиосы жазды.

47 жастағы Венсан Прадо Ақтауға қыркүйектің 26-сы күні кешке келген. Ол үш күн бойы Маңғыстау облысының Жаңаөзен, Шетпе аймақтарына барып, "2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін не өзгерді?" деген сауалдарға жауап іздеп,  фильм түсіруді жоспарлаған.

- 60 мың теңге төлейтін болдым. Қазақстанда аккредитациясы болған соң кез келген тәуелсіз журналист жұмыс істей алады деп ойлағанмын. Бірақ аккредитациям болса да журналистік қызметіме тыйым салды. Осы жағдайға қарап, жұмысшылардың, белсенділердің адам құқықтары мен сөз бостандығының сақталатынына күмәндімін, - деп сұхбат берген ол Азаттық тілшісіне.

Ал, халықаралық журналистер құқығын қорғайтын “Шекарасыз тілшілер” ұйымы Қазақстан билігінен француз режиссерін босатуды талап еткен.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 16 желтоқсан күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан жергілікті жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкелері арасында қақтығыс болды.

Бұл туралы BBC арнасы “Kazakh oil strike: 10 dead in Zhanaozen clashes” (Қазақстандағы мұнай көтерілісі: Жаңаөзенде 10 адам қаза тапты) деп хабар таратқан болатын. Және,  “Қазақстан Совет Одағынан Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуын мерекелеп жатқанда, мұнайшылар ереуілі болған”, - деп жазады BBC.

Президент Н.Назарбаев Қазақстанның сыртқы беделі туралы осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық арналарға сұхбат берді. Алайда, кешегі француз журналисінің ұсталып, қамалуы сол беделімізді бес тиынға түсірмей ме? Өйткені ол Қазақстан туралы басқаша ақпарат таратуы мүмкін ғой. Ал, жергілікті билік осыны неге ойламаған?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551