Сенбі, 23 Қараша 2024
Ғылым-білім 5166 7 пікір 3 Қазан, 2018 сағат 09:27

Орыс сыныбындағы 10-15 оқушы қазақ баласы...

Қазақтар, мектептерге барып, 1-4 аралығындағы орыс сыныптарында кімдердің оқып жатқандығын тексеріңіздер, 30 оқушының 10–15-і қазақ балалары екеніне көз жеткізесіздер. Мұның себебі 1 сыныптан ағылшын тілін оқыту мен әліпбиді латиницаға көшіру саясатынан туындаған қазақтар  арасындағы «латиницаны меңгеруге ағылшын тілі, ал ағылшын тілін меңгеруге орыс тілі жәрдем береді» деген жалған түсініктің қалыптасуында жатыр. Осы түсініктің салдарынан қазақтар арасында «қазақ тілінің болашағы жоқ» дейтін пікір қалыптасып жатыр. 

Латиницаға көшу мен ағылшын тілін 1 кластан оқыту саясаты қайдан пайда болды? Еуразиялық экономикалық  және  Кедендік одақ пайда болғаннан кейін АҚШ пен Батыс Еуропашыл Расул Жұмалы бастаған саясатшылар бір жағынан, АҚШ-тың қаржысымен жұмыс істейтін «Азаттық» радиосы екінші жағынан, «Қазақстан Ресейдің бір облысына айналды, қазақтар орыстанатын болды» деп ақпараттық шу көтеріп, саяси ойын ойнала бастауына байланысты қазақтар арасында Ресеймен одақ құруға қарсы ауан қалыптаса бастады. Бұл жағдай ушығып кетпей тұрғанда қазақтардың аузын жабу үшін, билік "әліпбиді орыс тілінің символы болып табылатын кириллицадан латиницаға ауыстырайық, ал латиницаны тез меңгеру үшін 1 класстан ағылшын тілін оқытуды, мектеп бағдарламасына ендірейік" деп шешті. Сондай шешім қабылдағандар мен соның айналасындағылар, латиницаға көшуді бұрыннан уағыздайтын қазақ зиялыларының бір тобы биліктің бұл бастамасын іліп алып, қолдай кетті.

Олардың ойынша латиницаны меңгеріп, ағылшынша сөйлеген қазақтар орысша сөйлемейтін болады. Латын әрпімен жазу қазақтардың орысша сөйлеуіне кедергі бола алмайды, осыны түсіну керек. Оңтүстіктің өзінде көбейіп бара жатқан орыстармен көрші тұрған қазақтар олармен ағылшынша сөйлеседі деп ойлау – ақылсыздық. Қазақтар латиницаға көшіп, ағылшынша сөйлегенімен, бәрібір, орыстармен орысша сөйлесуге мәжбүр. Себебі Қазақстанның экономикасы Ресей экономикасымен тығыз байланысты және Ресей мен Беларусьтен келетін тауарларға, азық-түлікке зәру. Яғни экономикалық жағынан тәуелді. Сондықтанда орысша сөйлеуге мәжбүр. Олай болса, орысша сөйлеуге мәжбүр қазақтарға әліпбиді өзгертудің, ағылшынша сөйлеудің не керегі бар?

Латиницаға көшу мен ағылшын тілін 1 класстан оқыту – Президент Назарбаевтың Ресеймен одақ құруына қарсы қазақтарды «жылаған балаға кәмпит беріп, алдарқату» секілді, латиницаға көшсек орыстардан бөлек оқып, олардан іргені аулақ саламыз, орысша сөйлемейміз деп алдарқату.

Жоғарыда дәлелденгендей, Қазақстан Ресей мен Беларуське экономикалық жағынан тәуелді, сондықтан да орысша сөйлеуге мәжбүрміз. Олай болса латиницаға көшуге асығып, ағылшын тілін 1 сыныптан оқыту керек емес. Бұл – қазақтардың орысша сөйлеуін, орыстануын тоқтата алмайтын, керісінше, қазақтарды тезірек орыстандыратын, ұлт ретінде жоқ етіп, мәңгүрттендіретін қауіпті саясат.

Осы себепті барлық ұлтжанды қазақтарды латиницаға көшу мен 1 кластан ағылшын тілін оқытуға (2016 жылы жер мәселесіне қатысты жаппай қарсы болғандай) қарсы шығып, Президент Назарбаевтан бұл саясатты  тоқтатуды талап етуге шақырамыз. Орыс тілді қазақтарды ана тілінде сөйлетудің басқа бір жолы бар, ол жол – қазақ мәдениеті мен ғылымын орыс мәдениеті мен ғылымының деңгейіне жақындата жеткізу және заңды тұрғыда мемлекеттік тілде сөйлеуге мәжбүрлеу.

 Өмірәлі Панзарбек, тарихшы-этнолог

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377