Ақ көке
(әңгіме)
Нағашымның азан шақырып қойған аты – Тоқтар, неге екенін білмеймін ол кісінің өңі қайыстай қара болса да, біз ес білгелі бері «Ақ көке» деп атайтынбыз. Оның құрдастары болса ауыз толтырып «Ақ Тоқтар» десетін. Ондайда «Ақ көкем» тәмпіш танауын көкке көтеріп, құдды бәкене бойы көк тіреп тұрғандай-ақ жатып кеп шіренетін.
Ауылдың елі күн көре алмай қалаға ағылған әнеу бір жылдары Ақ көкеме құдайдың зарын қылдым қалаға таман кел деп. «Кетпеймін ауылдан! Ата-бабамның сүйегі жатқан атажұртын тастап ешқайда бармаймын!» деген. Несіне қызығатынын ит білсін, суы борсыған, топырағынан сор ұшқан, не тоғайы, не өзені жоқ күн қақтаған қу медиен даланы да кісі өстіп қимайды екен-ау! Тау түгілі төбесі жоқ сортаңды қызыласықтан кешіп жүрген Ақ көкем жөбішөңкі кісіге кеудесін бастырмайды. Аттан түссе де үзеңгіден түспейтін өзіне жетерлік қияс мінезі бар. Оны да қойдық, құданың құдыреті – іштен оқып туғандай техниканың тіліне жеттік бәле, дөңгелегімен жүретін не бауырымен жорғалайтын сынған темір-терсекке емші-тәуіп болатын. Шарапқа сылқия тойып алғанда болмаса «әу» дегенді білмейтін, домбыра тыңқылдатып көрмеген Ақ көкемді жұрттан қадірлі көрсететін өнері жансыз темірдің тілін суырып алатыны. Содан біреуден бір қап ұн, біреуден тышқақ лақ ақы алып жүріп, ел қоңыз теріп кеткенде бұл күн көріске жетерлік дәулеттің басын құрап алған. Құярға бензин таппай, бұтартарға жарата алмай есік көзіне қаңтарып қойған Шәңгерейдің көк мәскеуішіне құда түсіп, бір ісек қой беріп алды да, қанттай ғып қатырып, мерседес айдағандай жүйткіп жүрді. Оқта-текте есік алдынан шаңдатып өткен Ақ Тоқтарды көргенде Шәңгерейдің іші қыз-қыз қайнап, көк мәскеуішінің қарасы үзілгенше соңынан қарап тұрар еді. Көк мәскеуіш те Ақ көкемді қайда сүйремеді дейсің, тауға да, тасқа да, ойға да, қырға да апарған. Күндердің күнінде көк Мәскеуіштің түбіне бұл да жеткен, мұның түбіне де көк мәскеуіш талай жете жаздаған. Өмір де жансебіл мәскеуіш секілді екен бірде зымырап, бірде тоңқалаң асатын. Күтпеген жерден Ақ көкемнің қоңырқай өмірі күрт өзгерген...
Нағашы жеңгем Күлпан ауырмай, сырқамай аяқасты қайтыс болды. Ақ көкем қабырғасы қақырап, жүнжіп кетер деп ойлағанбыз. Өйтпеді. Тіпті көзінен бір тамшы жас шығармады. Шиеттей бес баланың алдында үнжырғамды түсірмейін деді ме екен, бойын тіктеп, үй тірлігінің тізгінін өз қолына алды. Екі сөзінің бірінде: «Сыболыш қатыннан осылай оп-оңай құтыламын деп ойладым ба! Ақ Тоқтар енді айына бір қатын алады» деп отыратын. Бос сөз екен, содан қайтып үйленбеді. Келін түсірді, қыз ұзатты. Ешкімнің қолына қараған жоқ, қолғанатсыз бір өзі тұрып жатты. Әнеу жылы үлкен ұлы Амангелді бір жолыққанда жөн сұрадым «Ақ көкем қалай?» деп. Үнсіз басын изеген.
– «Сыболыш қатыннан құтылдым» деп бөркін аспанға атып отырушы еді нағашым, бас құрамай ма? – дедім әзілдеп. Амангелді терең күрсінді.
– Аға, мен білсем Ақ көкең енді қайтып үйленбес...
– Қой-ей!
– Шын айтам. Бұрынғыдай емес, «Күлпан түсімнен шықпайды» дегенді жиі айтатынды шығарды. Бір күні кеште үйіне барсам, есік шалқасынан ашық жатыр, үй іші тас қараңғы, әкей жоқ. Зәрем ұшып шегіне бергенім сол еді, бір бұрышта әкемнің жүрелеп отырғанын байқадым. «Сыболыш, Күлпан, мені тастап кетіп о дүниеде не қызық көріп жүрсің! Қу молада қу тіземді құшақтап қашанғы жатайын. Балаларды жеткіздім, аяқтандырдым, не сен кел мұнда, не мен барайын анда...» деп түгесіліп, күйініп отыр екен... Аяғымның ұшымен басып тысқа шықтым. Көзімнен аққан жасты тия алсамшы! Әкемді,қу томардай қара шалды қатты аядым. Шешемді әлі күнге есінен шығармай жүрген кісің қалай үйленсін, аға!?
Одан бері де талай заман өткен.
Бұрнағы жылы көктемде ауылға жол түсті. Астымдағы қара волганы тебітіп Ақ көкемнің жұпыны лашығын сүзе келіп тоқтадым.Үйдің есігін бастырықпен тіреп кетіпті, тірі жан жоқ. Көрші үйдегі Зада апа шығып, амандық сұрастық.
– Ақ көкең қайда кетеді дейсің, моланың басында жүрген шығар! – деді Зада сұрақтан бұрын жауап беріп.
Бойым мұздап кетті.
– Онда не істейді? - дедім жорта.
– Менің шалым мен Ақ Тоқтардың Күлпаны қатар жатқан соң кемпірін қызғанады да...
Зада апа өз сөзіне өзі разы. Әңгімені арыдан бастайтын ыңғай танытты.
– Әй, мына нағашың, Ақ көкең бар ғой, нағыз Қожанасыр, құтырық! Былтыр жаздың бір күні тағы өстіп аяқасты жоқ болып кетті. «Бұған не болды? Ауырып қалған жоқ па екен» деп есігін ұрсам, адам жоқ. Қайдан адам болсын, ол үйде Ақ көкең, бұл үйде мен ғанамыз ғой. «Біреулердікіне қыдырып кеткен шығар» деп отырғам. Бір кезде кеп тұр, қабақ деген салбырап, өңі қашып, үнжырғасы түсіп кеткен. «Саған не жетті-ей!?» демеймін бе.
– Ойбай, Зада, бір сұмдықты көрдім...Масқара! Масқара!!!
– Не дейсің, шал!
– Бағана кемпірімнің моласының басына барғам. Барсам, бейіттің жартысы ашық, іші үңірейіп бос тұр. «Ой, Алла, бұған не болды?» деп таңданып, аят оқып отырғам. Біреу иығымнан қағады. Қарасам, былтыр күзде қайтыс болған «Соқыр Мақан». Ана көшенің басындағы оң көзі соқыр, сол аяғы ақсақ, таз бар ғой... шаш дегенің көмірдей қап-қара,бұп-бұйра болып өсіп кетіпті, аяқ сап-сау , көз жайнап тұр...Үстінде аппақ кебін. Тоба!
– Не істеп отырсың, құрдас? – дейді маған.
– Не істегені несі, кемпіріме бағыштап құран оқып отырмын.
– Құран тыңдайтын кемпірің жоқ мұнда, әнеу «Соркөлшікте» шомылып жүр.
– Өлген адам суда шомылады дегенді естісем керең болайын!
– Керең болғанша, өз көзіңмен көр, – деп мені жетелей жөнелсін.
«Соркөлшікке» барғанда, Құдай-ау, өз көзіме өзім сенсемші! Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш менің кемпірім мен сенің шалың тізеден келетін шалшық суда жүзіп жүр. Кемпіріме қарасам жап-жас қыз баяғы, лақша ойнақтайды. Сенің шалың да жас жігіттей өзгеріп кетіпті, біздің кемпірді балаша көтеріп, суға алып ұрады. Анау келіп сенің шалыңның мойнына асылады...Ит жыным ұстап айқай салайын: «әй, қатын, әй, есек!» деп бақырайын. Естімейді. Екеуін қосақтап тұрып өлтірейін деп қасымдағы көрдің жеңдібілектей ағашын жұлып ап, тұра ұмтылдым. Маңдайым бірдемеге тарс етіп соғылып, көзімнен от жарқ ете түсті. Ортада әйнек пе, пластик пе, көзге көрінбейтін бір қабырға бар. Олар мені көріп те, естіп те тұрған жоқ. Ары айқайладым, бері айқайладым, боқтадым, қарғап-сіледім, әй, қорлық-ай, итсің бе, кісісің бе, елеп те қоймайды, кәпірлер!.. «Соқыр Мақан» ішегі қатқанша күліп тұр,табалаған түрі де. Бұдан асқан не мазақ болсын, талтүсте лыпасыз тыр жалаңаш сайран салған екеуін көргенде жарылып кете жаздап, жылап жібердім. Зығырым қайнады.Не дейін, не істейін, өле қалайын ба!?... Сол ашумен саған келген бетім, Зада...Біз жүрміз жұма сайын жеті шелпек пісіріп, құран оқып, осылар разы болсын деп. Бұлар көрдің түбінде әлдеқашан топыраққа айналған шығар деп ойлаушы ем, шыққыр көзім не көрмеді бүгін! Сен жүрсің маңқиып, аузың ашылып. Біз ғой тірі пәндеміз, о дүниедегілерің сиқын көрдің, Қой! Екі жарты қосылып бір қарекет жасамасақ, мына қорлықтарына шыдамай жазым боп кетерміз...
Қатты састым. Шынымды айтсам айтқанына сеніп қаппын.
– Әй, Ақ Тоқтар, Құдайы тапсын оларды! Құдайы тапсын! –деппін.
Қарасам, Ақ көкең ішек-сілесі қатып күліп отыр. Әзіл екенін біліп, жыным қозып «жоғал албасты,көзіме көрінбей!» деп қолыма ілінген затты лақтырайын кеп, Ақ көкең қораны айналып, қарасын көрсетпей кетті, тү-үйт жынды!..
Зада апаның әңгімесіне ішек-сілем қатып отырғанда Ақ көкем анадайда келе жатты. Бұрынғыға қарағанда бәкене бойы шөгіп, жауырыны қушиып, қартайып қалғандай көрінді маған. Биік таудың да аласаратын кезі болады екен.
Түнімен әңгіме-дүкен құрып, сырласып таң атырдық. «Бас құра» дедім. «Атама!» деді. «Балалардың бірінің қолында тұр» дедім. «Келінге жаутаңдатпа!» деді. «Тым болмаса іргеңде тұрған Заданы кіргізіп ал». «Қақпасқа күнім түспесін!» деді. «Қалаға көш» дедім. «Сүйегім осы үйден шығады!» деді. Осымен сөз тәмам.
Ертесі кетіп бара жатып «ойлан, Ақ көке, менікі шын жанашырлық» дедім ағымнан жарылып. «Менен де жамандық күтпе!» деп қолын бір сілтеді.Не деген қырсық, қияңқы адам! Жалғыздық кімге жарассын, иен үйде арам өліп қала ма деген қорқыныш қой біздікі. Машинаның айнасынан артыма қарап келем, Ақ көкем бұрылған да жоқ, есік алдындағы жалпақ орындыққа құйрығын басып, темекісін тұтатып жатты...
Кеңес заманында картада орны жоқ «Ақтөбе» дейтін кішкентай ауыл өз алдына шағын мемлекет секілді болатын. Осы өлкенің асты шылқыған мұнай десетін. Ол кезде еңбекке жарайтындардан жұмыссыз адам болмайтын. Таң ата домалақ сары автобусқа ер-әйел тізерлесе отыратын. Екі сағатта мұнай құдығының басына жеткен жұрт тиесілі шаруаларын тындырып, қараңғы түспей үйлеріне оралатын. Содан кейін әйтеуір бір үйде отырыс-той болады: туған күн бе, шілдехана ма, тұсаукесер ме... сылтаудың сан түрі табылатын. Түн ортасы ауғанша той тарқамайтын. Ақ көкем ақсақалдардың қатарынан орын алатын, сары автобустың иесі, шопыр деген дардай аты бар, үлкен беделдің адамы. Күнде осындай қызық-думан жалғаса беретін еді аяқасты Сәбет үкіметі жалп етіп құламағанда. Сары автобус та кетті, сайран да бітті. Қарап отырса, Ақ көкемнің өмірінің көбі сары автобус пен көк мәскеуіштің рөлінде өткен екен.
Арада үш-төрт ай өткенде, тосыннан мынадай бір ой келді: Ақ көкем жетім шал боп жүре беретін секілді. Жасында қаңғыбас, Құдайдан несін жасырайын, жындысуға әуес болып еді, жасы келді, сәждеге бас қоятын мезгіл жетті. Жағдайым барда алдымдағы жалғыз нағашымды Меккеге бір апарып келейін. Бұл да бір Ақ көкем алдындағы парызым болсын, қалған өмірінде құлшылық қып өтер дедім. Осыны Ақ көкеме айтып едім, шоршып түсті: «кәрі орыс мұсылман болмайды» дегенді білесің бе, менен тақуа жасап шаршамай-ақ қой. Ақшаңды шығындама. Басы сәждеге тимеді деп, мен өлгенде жаназасыз-ақ көме салыңдар. Ана дүниеде жауабын өзім беремін. Өмірі орысшаға келмеген тіл арабшаға сынады дейсің бе, қалтаңа симай жүрген ақшаңа балаларыңды оқыт, қатыныңды киіндір онан да...
Мен де айтқанынан қайта қоятын кісі емеспін. Ақ көкеме төлқұжат жасаттым, виза аштырттым ту сыртынан. Жолға шығардан бір күн бұрын ауылға құйындатып бардым да, Ақ көкемді қоярда қоймай киіндіріп, дедектетіп машинаға мінгіздім. Есікті бастырықпен жауып жатқан Ақ көкем:
– Иттің күшігі! Кімге тартып қырсық болған немесің!? – деді шадырайып.
– Нағашыма!
... Қағыбаның қара тасын айналып жүрміз. Милиондаған адам Ақ көкем екеуімізді қақпақыл ғып қағып, киелі тасқа жақындатар түрі жоқ. Ақ көкемді қолынан тас қып ұстап дедектетіп қайта сүйреймін, адамдар толқыны бір табан жақындатса, екі табан артқа лақтырады... Өліп кетсем де қасиетті тасқа қол тигізбей кетпеспін деп іштей қасарысамын. Өстіп жүргенде Ақ көкем қолымнан шығып кетсін, кимелеген жұрт мені алға сүйреп әкетті. Қарға бойлы қайран көкем өзеннің көк иіріміне шым батқандай жоқ. Зәрем ұшып жанұшыра артқа қайттым, Ақ көкем сең соққан балықтай анда бір, мында бір теңселіп жүр екен, әзер дегенде жеттім-ау. Өң-сиық жоқ, беті-жүзін тер басып кетіпті, өкпесі қабынып, салған жерден айғайға бассын:
– Әй, Уақит, кеттік бұл жерден! Бүйткен қажылығың бар болсын! Меккең де құрысын, әне тұрған қара тасың да құрысын!!!
– Ойбай, Ақ көке, аузыңа ие бол!...
Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бір тәуірі төңірегімізде біздің тілімізді түсінетін бір кісі жоқ,қазақшаны құлаққа қыстырмай, қара тасқа қарай омыраулай ұмтылып барады ел.
– Кеттік, Ақ көке!
Қолынан жетелеп қайта сүйредім... Ес кетіп, жан шыққанда Қағыбаның қара тасына иек артып, саусағымыздың ұшын тигіздік, әйтеуір. «Иә, Алла! Осы көрсеткеніңе де мың шүкір!» деп мен тұрмын жүрегім өрекпіп. «Мүйізің шықты ма?!» деп Ақ көкем тұр. Мұндайда не күлеріңді, не жыларыңды білмейді екенсің...
Қажылыққа аттанарда Насіридин деген өзбек көршім Меккеде тұратын туысының аты-жөнін, мекен-жайын жазып, сәлем-сауқат беріп жіберген. Ымдап жүріп қаланың жартысын кезіп, жарты күнде әзер таптық. Қарама-қарсы есіктес , бөлмелері көп жер үй, ауласы шағын болғанымен,жап-жасыл бақ екен барған үйіміз. Отағасы бала күнінде біздің елден кеткен Низами атты жігіт екен, орашолақ орысшасы бар, бірдеме ғып түсіністік. Бес қызы, әйелі, жесір енесі барын айтты. Салттары қызық : өзі шәй құйып отыр, әлгі айтқан көп әйелдің бірі дастарқан басына жақындамайды. Низамимен шүлдірлесіп отырғанымда Ақ көкем темекі тартатын болып тысқа шығып кеткен, шәй қайнатым уақыттан соң бір-ақ оралды. Бетіне барлай қарасам, ақырын ғана көзін қысады. Дәуде болса бірдемені бүлдірген шығарсың деп топшыладым іштей.
Низамимен қоштасып, былай шыға:
– Ал, Ақ көке,сөйле! – дедім.
– Әлгінде темекі тартайын деп шығып кеттім ғой, кіреберіс күңгірт екен, сыртқы есікті таба алмай, ана есікті бір ашам,қап-қара киінген бір қатын отырады, мына есікті бір ашам, онда да бір қап-қара қатын...үшіншісін, одан төртіншісін ашам... тағы сол қап-қара киінген қатындар... Көзім күңгірттікке үйірлескендей болған соң бір есіктің тұтқасына жармаса бергенім сол, босағада қап-қара киінген жастау бір кемпір отыр екен, әлгінің енесі болу керек. Екі көзі ғана жылтырайды. «Есік қайда?» десем, қайдан түсінсін, төмен қарап, жанарын менен тайдырып әкетеді. Бір есікті көрсетіп осы ма дегендей ымдасам, көзімен «сол ғой» дегендей ишара жасайды. «Қайдан шықса одан шықсын» дедім де кемпірге көзімді қысып, ернімді шүршитіп, «сүйісейік» дегендей белгі беріп едім, кемпір баж ете түскені. Далаға атып шықтым. «Өлген жерім осы-ау» деп тыста ары тұрдым, бері тұрдым, сен шықпаған соң қайта кірсем, кемпір де жоқ, сайтан да жоқ. «Үһ!» дедім...
Қажылық сапарға келген кісінің сиқы. «Мынауыңыз ұят емес пе!» дедім өңімді суытып. «Қатыны жоқ адамға несі ұят» дейді міз бақпай.
Мекке шәрісін шыр айналып, әбден діңкелеппіз. Басым жастыққа тиер-тиместен шұр ете түстім. Қанша ұйықтағаным есімде жоқ, күбірлеген, қыстығып жылаған оқыс дауыс естілгендей болды. Өңім екенін, түсім екенін айыра алмай көзімді аштым. Бақсам, Ақ көкем төсек басындағы жұмыртқадай шырақты жағып қойып бір суретке телміріп жылап отыр, сөйлеп отыр.
Мойнымды созып ақырын қарасам апамның суреті! Ақ кимешек киген, көзі шүңірейген, жағы суалған апам отыр суретте. Апам дегенім Ақ көкемнің шешесі. Ой, Алла-ай, мұндайда болады екен-ау! Баяғыда сүйегіне қына біткен шешесінің жалғыз суретін Меккеге алып келіпті Ақ көкем! «Тірі кезіңде өзіңді Құдайдың үйіне арқалап апара алмасам да, суретіңді апарайын» деп ниет етіп сапарға шыққан екен ғой менің Ақ көкем.
– Мен саған не көрсеттім, апа?! Өмір бойы ренжіттім сені, тым құрығанда үстіңе ілетін жібі түзу бір көйлек алып беруге жарамаған мен сорлыны кешір, апа... Өзің көрмесең де суретің көрсін, рухың сезсін деген ой ғой менікі...
Бұдан арғы сөзді естуге жүрегім дауаламады, көзімнен аққан жас жастығымды жуып, теріс қараған беті өтірік ұйықтаған болып жата бердім. О,асыл көкем-ай! Қай қазақтың баласы қай ғасырда шешесінің суретін Меккеге көтеріп әкелді дейсің! Анаға деген құрметті дәл сендей жасаған кісіде арман бар ма, дәл осы тірлігің үшін қандай бір ауыр күнәң болса да мейірімді Алла қалайда кешетін шығар! Жасы жетпістен асса да жындылығын қоймаған алжыған қара шал деп мен сені ішімнен болса да бекер күстәналап жүріппін. Үйде омалып, қитығып Меккеңе бармаймын дегенің бер жағың екен-ау. Жүрегіңе иман ұялап, қыбылаға бетіңді бұрып, исі мұсылманның астанасына текке келмеген екенсің, Ақ көке...
Жұрт қатарлы парызымызды өтеп, артынып-тартынып аман-есен елге де жеттік.
– Осы сапарға разысыз ба, Ақ көке? – дедім біздің үйдің босағасын аттай бере сөз тартып.
– О не дегенің, Уақит... екі дүниеде де разымын саған, менен қайтпағаны Алладан қайтсын! Түбі бір өтермін қарызыңды...
– Бұл қарыз емес, жиеніңіздің парызы.
– Солай ма? Ендеше, қажылығымызды жақсылап бір жуайық та...
– Кет, ары! – деппін.
Ақ көкем екі көзін сығырайтып күліп тұр. Мені мазақ қылғаны.
– Ауылға жеткесін жесір кемпірлеріңізге жуарсыз.
– Тапқан екенсің жуатын кісілеріңді. Мен ғой қажыдан келген кісімін, ол кемпірлердің бәрі харам...
...Қаладағы күйкі күйбіңмен жанұшырып жүріп Ақ көкеме хабарласпағаныма да жылдың жүзі болыпты. Түс әлетінде шәйімді алдыма ала бергенім сол еді, телефон шыр ете түсті. Аман-сәлем жоқ, телефонның арғы жағынан Ақ көкем дүрсе қоя берсін:
– Сен менің жаназама келейін деп жүрсің бе?!
Жөпелдемеде аузыма жөнді сөз түспей «жұмыс қой...тірлік қой...» деп міңгірлей беріппін.
– Сенен басқа кісіде жұмыс, сенен басқа кісіде тірлік жоқ па!?
Оңбай сүріндім.
– Осы жексенбіде ауылға келетін бол!
Себебін сұрай алмай, «не боп қалды екен-ә?...» деп берекем қашсын. Енді шегінетін жер жоқ.
Айтқан күні Ақ көкемнің ауылына түске таман жеттім. Үйдің маңы қарақорым адам, жерошақтың түтіні аспанға шапшып, көліктер қаптап кетіпті. Жүрегім тас төбеме шықты: «Ақ көкем алай-былай боп кетпесін!»...
Жоқ, мына жиынның беті басқа көрінеді. Есік алдында Ақ көкем тұр байқасам. Сақал-мұртты басқан. Үстінде әппақ костюм-шалбар, аяқта ақ туфли, басында ақ тақия. Он-он бес жасқа жасарып кеткендей көрінді маған. Қасында тура Ақ көкемдей әппақ киінген жас әйел. Ақ көкем келген қонақтарды бауырына басып, бәйек болып амандық-саулық сұрасып, қонақтар жағы «құсыңыз құтты болсын,бәрекелді!» айтысып жатыр. Мәссаған! Дәл тойдың үстінен түсіппін...
Осындайда қайдағы еске түседі. Ақ көкем Күлпан жеңгеммен үйленетін жылы, той күнін белгілеп қойғанбыз. Тойға үш күн қалғанша көкем жоқ. Екі күн қалды, және жоқ. Бір күн қалды, тағы жоқ. Қойшы, қонақ шақырылып, мал сойылып, алыс-жақындағылар түгел түсел түсіп жатқан. Күйеу жоқ, күйеуден хабар жоқ. Сөйтсе, Ақ көкемнің қаладан бір жан достары келеді, Ақ көкем оларды ертіп жайлауға тартады. Ес-ақылдан айырылғанша дүрілдейді, қысқасы , той болатын күнді ұмытады бұлар. Той көкемсіз өтті. Иманды болғыр Күлпан жеңгем осы үшін бір де бір рет шу шығармады, қайта Ақ көкем болса «кешір, кешір» деумен жарты өмірін өткізді... Ондайының қай бірін айтайын, бес бала туылғанда да көкеміз көрші ауылда, қалада, жайлауда, күзеуде... тойлап жүрді. Көкеміз думандатып, сауық-сайран құрып түзде жүргенде, балалар рет-ретімен өмірге келіп жататын. Қабақ шытқан жеңгейді көрмейсің, күйеуінің жаманын жасырып, жақсысын асырып: «ойбай-ау, бала-шағаны асырау оңай дейсің бе, еркектің тірлігі түзде ғой» деп жайбарақат отыратын. «Күлпанның мінезінің кеңін-ай» десетін білетіндер.
Той дүркіреп өтті. Ақ көкемнің үйленгеніне нақ бір өзім үйленіп жатқандай қабағат қуандым. Жеңгей де мінезді, ақылына келбеті сай жандай көрінді. Әйел адам келген соң үйдің өңі кіріп қалды. Қазан көтеріліп, ошақтан шәйнек түспейтін, босағадан қонақ үзілмейтін болды...
Қырық жылды қалада өткізгенде шыққан мүйіз, жиған дүние болмапты. Жасым зейнетке толған күні қызметтен біржола қысқартты. Не үйге, не қалаға симаймын. Дені сау, тамағы тоқ адамға таң атса, кеш батпайды екен, сенделдім де қалдым. Бала-шаға демесем, ауылға кетіп-ақ қалар едім, ауылға барғанда кімге керекпін?!... өстіп сандалып жүргенде бір күні Әбіл деген сыныптасым кездесе кетсін. Мектепте жүргенде қой аузынан шөп алмас момын еді. Үйінде он ба, он екі ме, бір қора бала бар еді. Қашан көрсең жамау-жыртық киініп жүретін Әбіл... Мектептен кейін көріп тұрғаным осы. Киген киімін, астындағы машинасын көрсең, өзің ұяласың... Жақын маңдағы мейрамханаға кіріп сөйлестік. Жасап жатқан тірлігін сұрама, қысқасы, шіріген бай. «Мамандығың заңгер ғой деді. Әр облыста компаниям бар, әр компаниядан жалақы төлеймін, маған сен сияқты сенімді адам керек» деді. Іштей бармақты бүгіп есептеп көрсем жалақыдан милионның құлағы қылтиып тұр, жығыла жабыстым.
Сөйтіп басы бар да, аяғы жоқ шытырман тірлікке қайтадан күп бердім. Баяғы бос күндерім көзден бұлбұл ұшқан. Нағашыма бармақ түгілі, хабарласуға мұрша таппаймын. «Ауылға апаршы» деп немерелерім жылайды, «келер жылы апаларың бар, аға-тәтелерің, мен бар, түгел барамыз» деп алдай салам. Одан бері де талай «келер жыл» өтті, немерелер де өсіп келеді, ұят-ай деші...
Ауылдан келген ұзынқұлақтардан Ақ көкемнің амандығын сұрап тұрамын. Қазір атағынан ат үркетін үлкен молда дейді. Жамағаттан пітір-садақа жинап, шағын мешіт салдырыпты дейді. Өзі сол мешіттің имамы дейді. Таң атқаннан күн батқанша мешіт пен үйдің арасында шауып жүреді дейді...
Ғалым Қалибекұлы
Abai.kz