Берiк Әбдіғалиұлы: «Қазіргі ойым – «Қазақ доктринасын» жасау»
Қайда, қандай қызметте жүрсе де, ұлтының сөзiн сөйлеудi өзiне парыз санайтын азаматтар болады. Ондай азаматтар қазiргi қоғамымызда да бар. Ең бастысы, ұлттық мәселелерде үнсiз қалуды ар санайтын, азаматтық позициясы берiк олардың үндерi көбiне батыл естiлуге тиiс. Сонда ғана қоғам iлгерiлейдi, ұлт дамиды. Белгiлi саясаттанушы Берiк Әбдiғалиұлының әкiмшiлiк жұмыстарына қарай ойысқанына көп болған жоқ. Әуелi әкiмдiктi Ұлытау ауданынан бастаған ол бұл өңiрде де бiрқатар игiлiктi iстердi атқарғанын бiлемiз. Бүгiнде Жезқазған қаласының әкiмi болып қызмет атқарып жүрген азаматпен ұлттық мәселелер төңiрегiнде әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.
- Берiк аға, қазақта орда бұзар отызында атқа қонып, ұлтының қамын жеген азаматтар аз болмаған. Мәселен Шоқан, Сұлтанмахмұт, Смағұл деген сияқты. Ал бүгiнгi қазақ жастарының бойында ұлттық рух қаншалықты көрiнiс тауып жүр деп ойлайсыз?
Қайда, қандай қызметте жүрсе де, ұлтының сөзiн сөйлеудi өзiне парыз санайтын азаматтар болады. Ондай азаматтар қазiргi қоғамымызда да бар. Ең бастысы, ұлттық мәселелерде үнсiз қалуды ар санайтын, азаматтық позициясы берiк олардың үндерi көбiне батыл естiлуге тиiс. Сонда ғана қоғам iлгерiлейдi, ұлт дамиды. Белгiлi саясаттанушы Берiк Әбдiғалиұлының әкiмшiлiк жұмыстарына қарай ойысқанына көп болған жоқ. Әуелi әкiмдiктi Ұлытау ауданынан бастаған ол бұл өңiрде де бiрқатар игiлiктi iстердi атқарғанын бiлемiз. Бүгiнде Жезқазған қаласының әкiмi болып қызмет атқарып жүрген азаматпен ұлттық мәселелер төңiрегiнде әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.
- Берiк аға, қазақта орда бұзар отызында атқа қонып, ұлтының қамын жеген азаматтар аз болмаған. Мәселен Шоқан, Сұлтанмахмұт, Смағұл деген сияқты. Ал бүгiнгi қазақ жастарының бойында ұлттық рух қаншалықты көрiнiс тауып жүр деп ойлайсыз?
- Бүгiнгi күнi негiзгi үмiт - жаңа буында. Тәуелсiздiк тұсында қалыптасқан олардың бойынан ұлтжандылық анық байқалады. Ренжiмесiн, тiптi жастары егде тартып қалса да кейбiр ақсақалдарымыз бұрын түсiнбегендерiн ендi түсiнуде. Олардың iзденiп, бұрын бiлмегенiн түсiнуге талпынуы қуантады. Былайша айтқанда, олар жаңарып жатыр. Яғни жастардың ұлттық тақырып туралы ой-пiкiрлерiне үн қосуда. Әйтсе де қалың ұйқыда жатқан қарттардың санында қисап жоқ. Үлкендер жақсы сөйлесе, жастарға қарап бойын түзеп, сөйлеп үйренуде. "Күшiк кезiнде таланған" демекшi, кезiндегi үрейден, қорқыныштан әлi де толықтай сейiле алмай келедi олар. Сондықтан көпшiлiк жастардан үлкен үмiт күтедi. Жастардан шынайы ұлтшылдық, ұлтжандылық байқалады. Бұл өзi PR, я болмаса саяси ұпай жинауға бағытталған "ойын" емес. Әсiресе қазақ тiлiндегi БАҚ-тарда жұмыс iстеп жүрген өздерiңiз сияқты жас журналистер ұлттық тақырыпта жиi мәселе көтерiп, ұлттың ар-ожданын оятуға атсалысып келедi. Азаттықтың, тәуелсiздiктiң тұсында қалыптасқандықтан, олар аға буын тәрiздi бұғып қалу, я болмаса, екi шоқып, бiр қарау деген сияқты жалтақтықтан ада. Яғни ұлттық рух бүгiнгi жастардың бойында бар! Әрине ағаларымызды да түсiну керек. Тiптi оларды айыптауға да болмайтын шығар. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жастарға жол сiлтеп, бiлмегенiн айтып жатқандары да баршылық. Ұлттық рухтың оянуына олардың да үлес қосып жатқаны бар. Әрине, бұл тұрғыда бүгiнгi күн өлшемiмен алғанда, талап та, мiндет те күштi болуы тиiс! Теңiзге тамған тамшыдай үлеске қанағаттанбай, кешендi жұмыстар атқаруымыз керек. Өзiңiз айтып отырған Шоқан, Смағұл, Сұлтанмахмұттарды мен сол заманға тән ерекше жаратылған жандар деп бiлемiн. Бiр ғана Шоқанның өзi қамшының сабындай қысқа ғұмырында ұлт үшiн орасан зор iс тындырып кеттi. Егер сол заманда Шоқанның әкесi сияқты өзге де қазақтар баласын оқытқанда, қаншама Шоқандар шығар ма едi?! Бәлкiм, бұл тек Шоқанға ғана дарыған дарын ба екен?!. Ол бар ғұмырын қазаққа арнады. Ұлтқа қызмет қылды. Кез келген оқымысты орыс зиялысымен терезесi тең болды. Достаевскийлермен қатар тұрып, қатар жүрдi. Олардың барлығын дерлiк Шоқан өзiне тәнтi еттi. Тiптi "ғашық" та болып жатты... Ал жас Сұлтанмахмұттың жалынды өлеңдерi өз тұрғыластарын оятты. Жастық жалынымен ол қазақ жастарының жiгерiн көтерiп, рухын жаныса, отыздың о жақ, бұ жағындағы Смағұл Алаш зиялыларынан алған тәлiм-тәрбиесiн коммунистермен қатар жүрiп, ұлтына қызмет етуге жұмсады. Ол Алаш арыстарының арман-мұратын жан-тәнiмен орындады. Және осы жолда құрбан болды.
Әр заманның өзiне лайық тұлғалары бар. Олар өз заманында қал қадiрiнше еңбек еттi. Совет заманында Бауыржан Момышұлы жастарды өзiнiң қайсарлығымен, ұлтшылдығымен тәрбиелесе, Есенберлин, Мағауин сынды атақты жазушылар аса құнды романдарымен ұлтты тәрбиеледi. Қазiр Олжас Сүлейменовтi жерден алып, жерге салып жүрсек те, ол да қылышынан қан тамып тұрған совет уағында сол дәуiрдiң қалыбына сыймайтын еңбектер жазып, елдiң еңсесiн көтердi. Қазақтың мақтанышына айналды. Ал қазiр саясат та өзгеше, еркiндiк те өз қолымызда. Ұлттық саясатты өзгертуге бұрынғыдай сырттан кедергi жоқ. Әрине, ұлттық саясат төңiрегiнде шоғырланған жастар өртеңге шыққан гүлдей қаулап өсiп келедi. Дегенмен ұлттық рух саяси платформа ретiнде толықтай қалыптасқан жоқ. Ұлттың үнi болып әр жерден, әр тұстан аздаған зиялы ағаларымыздың дыбысы арагiдiк шығып тұрады. Үмiтiмiз зор, бұл дыбыс ертең тұтас ұлттың үнiне ұласатыны хақ. Ұлттық рух алдағы күндерi бiздiң бас ұратын саяси платформамызға айналады. Көнбейтiндер де, ермейтiндер де табылар, бәрiбiр түбi осылай болады.
- Мемлекетшiлдiк идея туралы да жиi айтылады. Бiзде ұлттық сана, мемлекетшiлдiк сана дұрыс қалыптаспай жатқан сияқты...
- Бұл пiкiр қазiр қоғамды дендеп алды. Неге? Өйткенi бiздiң талабымыз тым жалпы ұғыммен матасып кеткен. Бүгiнгi күнi мемлекет құруда ұлттық қағидаттар басты нысанаға алынып отырған жоқ. Ұлттық мүдденiң өзi әлi толықтай анықталмаған. Қазiргi қазақтың ұлттық мүддесi дегенiмiз не? Бұрын қазақтың саны көп болсын дедiк. Билiкте қазақтар көбейсе екен дедiк. Қазақша мектептер мен балабақшалар ашылсын дедiк. Мешiттер салынсын дедiк. Қазiр Құдайға шүкiр, осының бәрi орындалды деуге болады. Мiне, бiз әлi күнге дейiн сол бұрынғы талаппен шектелiп қалғандаймыз. Ендi жаңа ұлттық мүдде қалыптасуы керек. Оған түсетiн екпiн де, талап та басқаша болуы тиiс. Иә, тұтқиылдан қандай да бiр қауiп төнген кезде ұлт өзi-ақ дүр сiлкiнедi. Мәселен ана жылдары "қазақстандық ұлт" тақырыбы көтерiлген кезде үдере түрегелдi. Қытай жерiмiздi кертiп алды деген әңгiме шыққанда бiр сiлкiндi. Алматы облысындағы қазақ пен шешен жастары арасындағы жанжал, оңтүстiк өңiрдегi қазақ пен күрд арасындағы қақтығыс тұтас қазақты көтердi. Әрине, олардың дұрыс, я болмаса бұрыстығына баға бермей-ақ қояйын. Бұларды көпшiлiк ұлтқа төнген қауiп деп қабылдады. Әрi намысқа тидi және осы оқиғалар бiздiң азаматтарымыздың рухын оятып кеттi. Әрi осы жердiң шын қожасы бiз деген сананы нығыздап бердi.
Қазiргi күнi ұлттық мүдде деп мен барлық қазақстандықтардың қазақша сөйлеуiн айтар едiм. Бiрақ бәрi қазақша сөйлеп, қазақша ойлап тұрып, қазаққа қарсы жұмыс iстесе оның керегi қанша! Ұлтқа қызмет етпесе, оның қазақша сайрағаны кiмге керек?!
- Ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету дегенiмiз не сонда?
- Ұлттың мүддесi, ұлттың миссиясы, ұлттың доктринасы сияқты нақты құжаттарды қалыптастыратын құндылықтар керек. Мұны жоспарлы түрде ұйымдастыру қажет. Партиялар мен қоғамдық ұйымдардың қажеттiлiгi осында. Мысалы "Алаш" партиясы жұрт абдырап қалған кезде, ұлтқа жол сiлтедi. Ұлттың жойылмауын қарастырды. Ұлтқа төнген қауiптiң алдын тұтас ел болып алуды көздедi. Сол жолда жан аянбай iс қылды. Алғашқы кезекте атқарылуға тиiс жер мәселесiн, дiн мәселесiн, сот мәселесiн шештi. Бүгiнгi күндерi де осы жағдаяттар күн тәртiбiнде тұр. Осыған сәйкес бүгiнде бiраз жiгiттер жұмыс атқарып жатыр. Мәселен Дос Көшiм бастаған азаматтар қазақ құрылтайын өткiздi. Хасен Қожа Ахмет, Мұхтар Шаханов, Жасарал Қуанышәлi сынды өзге де ағаларымыз елге керектi iс-әрекеттерiн жалғастыруда. Алайда олардың iс-қимылына көз салсаңыз, әлi де бiрiгу, бiрлесу жетiспей жатқаны байқалады. Әрқайсысы өзiнше жол сiлтеп, жұртты өзi бiлетiн iзбен жүруге үгiттегiсi келетiндей. Ұлттық мүдде кешендi түрде бiр жүйеге келмей, жалаң ұранмен еш iс бiтiре алмаймыз. Сондықтан ұлт жолына ғылым да өз үлесiн қосуы қажет деп санаймын. Тұтас болуға тиiс ұлттық мүдденi әр сала мамандары әр тұсынан тартқылауда. Әрқайсысы әртүрлi жол нұсқап, бiр-бiрiне есе теңдiк бергiсi келмейдi. Бiрiн-бiрi мойындағысы жоқ. Мойындауымыз керек, бiзге бiрлiк жетiспей жатыр. Бiрiге қалса ағаларымыз бiр-бiрiн менсiнбейдi. Жеке бастың амбициясын жеңетiн күш-қайрат жетiспей жатыр. Ұлт болып тұтасып ұйымай жатқанымыздың бiр себебi - серкелердiң өз басы амбицияларының күштiлiгiнде. Бүгiнгi таңда мемлекет саясатындағы, экономикалық саясатта, сыртқы саясатта, өзге де салаларда орын алып жатқан олқылықтар мен кемшiлiктердiң барлығын осы бiрлiктiң жоқтығынан деп баға беруге болады. Сайлауға, референдум туралы дүбiрге де ұлттық мүдде тұрғысынан баға беру керек.
Қазаққа қай жол тиiмдi? Қайсысы тиiмсiз? Осыны ажырататын күн жеттi емес пе?! Бәрiн қойып, ұлттық мүдде қабысқан кешендi ұлттық жобалармен бiржолата айналысқым келедi. Бүгiнгi күнi әкiмшiлiк жұмыс оған мұрша берер емес. Алдағы күндерi "Қазақ миссиясының" жалғасы ретiнде қазақтың тұтастығын қалыптастыратын "Қазақ доктринасын" дайындасам ба деген ойым бар. Жұртқа ой салып, елмен пiкiр алмасу керек сияқты. Бүгiн ұлт алдында қандай мiндеттер тұр? Қандай қауiптер бар? Бiз қазiр не iстеуiмiз керек? Мiне, осындай сауалдарды төтесiнен қойып, оған нақты әрекет етуiмiз қажет. Алдымызға дұрыс мiндет қоя алмасақ, ешқашан жарқын болашаққа жете алмаймыз. Қазiр қазақ тiлiн ең маңызды мәселе деп қарастырып жүрмiз. Әрине, бiр қарағанда, тiлден маңызды нәрсе жоқ. Жер де - өзектi мәселе. Ұлт үшiн ол да аса маңызды. Дiн де маңызды. Сондықтан бәрiн сиырдың бүйрегiндей бөлшектеп, бөлек-бөлек қарауға болмайды. Барлығын тұтастыра отырып талқылау қажет. Дiңi дұрыс мемлекет құру үшiн осылардың барлығын бiр жүйеге келтiру шарт. Егер оның бiреуi болмаса, iс зая кетедi. Былайша айтқанда, күйрейдi.
- "Тарих" кiтаптарын қайта жазу мәселесi де жиi көтерiлiп жүр. Тарихты қайта жазғанымыз дұрыс шығар, бiрақ неден бастауымыз керек және қалай жазылу керек деп ойлайсыз?
<!--pagebreak-->
- Әрине, тарихқа ақиқат жазылғаны абзал. Бiрақ ұлттың мүддесi ұмытылмауы тиiс. Алайда тарихты ұлттың мүддесiне орайластырамыз деп жалаң ұран, жалған ертегiге айналдырсақ не болдық? Ондай тарих қажет емес. Бiздiң тарихта ашылмаған ақтаңдақтар әлi де көп. Оның бәрiн ашу керек. Олар шынайы қалпына келуi тиiс. Бiздiң Смағұлдың сүйегiн елге әкелуiмiз, ашаршылыққа қарсы күрестердi ашып көрсетуiмiз, Желтоқсан төңкерiсiн ашуға бағытталған жұмыстарымыздың барлығы - ұлттық рухты қалыптастыратын факторлар. Мұның бәрi - ұлттың қалыптасуына қажеттi нышандар. Тарих қатпарындағы ақтаңдақтарды ашқан сайын ұлттың шынайы бет-бейнесi ашыла түседi. Ең қажеттiсi, ұлттық дамудың алғышарттары мен тетiктерi көрiнедi. Ақтаңдақтарды ашу туралы мiндеттi бүгiн айтып, ертең ұмытып кетпейтiндей тұрақты түрде, жүйелi түрде қолға алу керек. Ұлттық мүдде тәлiм-тәрбие болып балабақшада, мектепте, отбасында тұрақты түрде жұмыс ретiнде жүрiп тұруы керек. Бұл БАҚ-тар мен қоғамдық орындарда да күнделiктi атқарылатын iске айналуы тиiс.
Қазiр бiзге қазақтың ұлттық мемлекетiн құрудағы жүйелi стратегиялық жоба жасау қажет. Мұны бiр сөзбен қазақ ұлтын қалыптастырудың стратегиялық құжаты деуге де болады. Бұл сөреде сiресiп тұратын қатардағы қалың құжаттың бiрi болмауы тиiс. Президент әкiмшiлiгiнде қызмет етiп жүрген кезде бұл туралы Мәулен Әшiмбаев, Ерлан Қариндермен бiрлесе мәселе көтердiк. Бiрақ осы мәселеде саясат салмағы басымдау екенiн мойындаймыз. Өкiнiшке қарай, ұлттық жобалар сол саясаттың көлеңкесiнде тұншығып, жаншылып қалуда. Президент әкiмшiлiгiмен қатар, ұлттық мүдде жолында бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығаруға дайын өз ұлтын сүйетiн азаматтар үкiметте де, парламентте де, саяси партияларда да баршылық. Әсiресе жас буын арасында және ғылымда елiн сүйетiндер аз емес. Олардың бәрiн бiлемiз, құрметтеймiз. Өкiнiшке қарай, олардың басын бiр арнаға тоғыстыратын ортақ саяси тұғырнама болмай тұр. Ұлттың алдындағы қажеттiлiктi әлi толық бiлмей келемiз. Ұлттық саясатта һәм ұлттық тарихта ақ пен қараны әлi ажырата алмай жүрмiз. Намыстанатын ештеңесi жоқ, бодан болсақ та, орыстан үлгi алуымыз керек. Қазiр олар ұлттық мүддесiн мықтап тұрып қалыптастырып жатыр. Iшкi саясатында, сыртқы саясатында ненiң тиiмдi, ненiң тиiмсiз екенiн ажыратудағы талпынысы бiзге үлгi болса игi. Ресейдiң билiгi ғана емес, қарапайым халқының өзi ұлттық мүдде сабағында iзденiс үстiнде. Өзiнiң бары мен жоғын, кемшiлiгi мен артықшылығын саралаған сайын, ұлттың тұғыры беки түседi. Даму жолын дұрыс таңдай алатын дәрежеге жетедi. Ал бiзде әлi ескi жүйе сiресiп қатып қалғандай. Ұлтымыздың қай жағынан да, жүдеулiгi осының кесiрiнен.
- Бүгiнгi күнi "әкiм - кландық топтың мүшесi, ол демократиялық жолмен әдiл әрi таза жұмыс жүргiзе алмайды" деген көзқарас қалыптасқан. Қалай ойлайсыз, бұл пiкiр шынымен рас па екен?
- Көп нәрсе саяси жүйеге емес, тiкелей адамның өзiне байланысты. Қазiр әкiмнiң қолында барлық мүмкiндiк жеткiлiктi. Демократиялық-либералды нормаларды әрбiр әкiм орындай алатындай бiзде ахуал бар. Әкiм жариялы түрде жұмыс iстей алады. Мәселен тұрғындарға жыл сайын есеп бередi. Есептi бiр жылда бiр рет берсiн деген қатып қалған қағида жоқ. Жылына екi рет, тiптi одан да көп есеп беруiне болады. Ол өз қолында. Өз қарауындағы лауазымды тұлғаларды тағайындауда жергiлiктi халықпен және мәслихатпен ақылдаса отырып шешуiне не кедергi?! Оған заң тұрғысынан тыйым жоқ. Әкiмдердi мәслихат арқылы тағайындау тәсiлiнiң қолға алынғаны кеше ғана едi. Өкiнiшке қарай, ол бастама қазiр тоқтап қалған сияқты. Әкiмдi мәслихат арқылы тағайындау - өте дұрыс шешiм. Мұны республика деңгейiнде қайта қолға алсақ, құба-құп болар едi. Оның негiзi шарты бойынша әкiмдiк лауазымға, жоқ дегенде, екi үмiткер түсуi керек-тiн. Яғни, қала мен аудан әкiмдiгiне облыс әкiмi екi немесе одан да көп үмiткердi ұсынуы тиiс. Бұл үрдiс жергiлiктi мәслихаттың беделiн арттырып қана қомайды, сонымен бiрге әкiмдердiң де жауапкершiлiгiн күшейтедi. Мiнеки, бүгiнгi күнi саяси жүйеден гөрi адами фактор көбiрек рөл атқарады. Қазiр әкiмнiң қолында мүмкiндiкпен қатар мол қаржы да бар. Үкiмет аймақты дамытуға қаржы аяп отырған жоқ. Мәселе сол қаржыны тиiмдi әрi үлкен мақсатқа жұмсауда болып отыр. Сондықтан қазiргi таңда әкiмдердiң ар тазалығы мен қол тазалығына көбiрек көңiл бөлу керек сияқты. Әкiм соңынан сөз ертпей, былық-шылыққа бармай, түрлi топтармен ауыз жаласпай, кландық ойынға араласпай таза жұмыс iстеуi тиiс.
- Оған мүмкiндiк бар ма?
- Ол тiкелей әкiмнiң өзiне байланысты. Ең басты мәселе әкiмнiң моральдық күш-жiгерiнде тұр. Қазiргi саяси жүйеде кез келген әкiмге либералды-демократиялық жолмен жұмыс жүргiзуiне мүмкiндiк бар. Егер адам дұрыс жұмыс iстесе, оны жүйе бұза алмайды. Таза адам жүйенi өзiне бейiмдеп, сол бүлiнген жүйенi өзгертуiне болады. Мәселен бiр ауылға барсаңыз, жайнап тұрады, оған көршi келесi ауыл қирап жатады. Арасы он-ақ шақырым. Бiр ауа, бiр жаңбыр, бiр жер. Алланың рахымы екi ауылға бiрдей түседi. Бiрақ екеуi - екi түрлi. Iскер, елге қызмет етудi мақсат тұтқан әкiмнiң ауылы әлбетте гүлденiп тұрады. Жарқырап алыстан мен мұндалап мешiтi көзге түседi. Дүрiлдеген шаруа қожалықтар сол ауылдың мұқтажына миллиондап қаржы бөлiп жатады. Ал жұмыс iстеудi бiлмейтiн немесе iстегiсi келмейтiн әкiмнiң ауылын шаң басып жатады. Ұлытауда болған кезiмде осы бағытта бiршама жұмыстар iстелдi. Кейбiр ауылдарға талантты жастарды әкiм етiп қойдым. Ауыл әжептәуiр еңсесiн көтерiп қалды. Бұрыннан отырған ақсақалдарды зейнетке жiбердiк. Сондықтан бүгiнгi күнi тек облысқа ғана емес, аудан, қала және ауылға қолынан iс келетiн, ар тазалығын бойына тұмар еткен жандарды әкiм етiп сайлау қажет. Қабiлеттi, талантты жiгiттерге жол ашатын кез жеттi. Өйтпейiнше, аймаққа қанша қаржы құйғанымызбен ол құмға сiңген судай жоқ болады да тұрады. Ендi түрлi деңгейде әкiм болғысы келетiндерге моральдық бейне мен iскерлiк қабiлет шарттарын қою қажет. Олардың бойында ұлтқа, елге қызмет ете алатын қайраткерлiк жiгер болуы шарт.
- Сiз бұрыннан берi қазақты дамыту туралы сан алуан мәселе көтерiп, ашық пiкiр бiлдiрiп жүрдiңiз. Сол ойларыңызды әкiм болғалы қаншалықты орындай алдыңыз?
- Сол ойларымды нақты iске асыруға Ұлытау маған үлкен сынақ болды. Қазақты қалай дамытуға болады? Ол үшiн не iстеу керек? Процестi мен өз көзiммен көргiм келдi. Мақтанды демеңiз, ең әуелi айтқым келетiнi, аз уақытта Ұлытауда атқарылған жобалар ауыл азаматтарының өз туған жерiне, аулына деген сүйiспеншiлiгiн оятты. Ауылдың езiлген еңсесiн көтеруге болады екен. Көп адам "Ең бiрiншi әлеуметтiк және экономикалық мәселелердi шешiп алып барып, рухани жобаларды қолға алмайсыз ба?" деп жатады. Менiң айтарым: экономикамен бiрге рухани жобаларды қатар атқару керек. Сонда ғана халықтың әлеуметтiк және рухани дүниесi байып, өз ауылын дамытуға жұмылудың қажеттiгiн түсiнедi. Ұлытауда арасында мектепке де бас сұғып, жоғары сынып оқушыларына лекция оқып жүрдiм. Жеткiншектердi армандай бiлуге баулып, олардың елге, жерге деген махаббаттарын оятуға тырыстым. Ұлттық деңгейде ойлауға қабiлеттерiн ұштауға талпындым. Жұрт әкiмге қарап бойын түзейдi. Сондықтан тағы айтамын, әкiмдердiң рухани дүниесiне де ерекше көңiл бөлу керек. Әрине, оларға қойылған шаруашылық, өндiрiстiк талап қиын кезде болды. Ал қазiр әкiм, сонымен қатар, рухани бай болуы шарт. Қазақтың дамуына, ауылдың дамуына әкiмдердiң рухани әлемi тiкелей байланысты.
- Мұндай масштабта ауданды айтпай-ақ қояйық, облыс деңгейiнде әкiмдер бар ма?
- Бар. Серiк Ахметов, Бердiбек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаевтарды осы қатарға жатқызамын. Бұлар - басқа әкiмдерге қарағанда рухани бай. Сондықтан осы әкiмдер өңiрдiң экономикалық мәселелерiмен қатар руханиятының дамуына да ерекше көңiл бөлiп отыр. Ендi әкiмдерге идеологиялық талап та күшеюi тиiс. Экономикалық-әлеуметтiк жобалар қаншалықты қажеттi болса, рухани-идеологиялық жобалар да содан бетер қажет. Осы типтегi әкiмдердiң жұмысы тек өндiрiстiк қабiлетiне сенген әкiмдерге қарағанда екi есе көп болады. Сонымен бiрге олардың iстерi де, әлгiлерге қарағанда, екi есе артық көрiнiп тұрады. Олардың рухани iс-шаралары, руханият өкiлдерiне деген қамқорлығы жерде жатпайды. Әрине, әлеуметтiк және экономикалық мәселемен ғана айналысқанда халықтың қарны тоқ болар, бiрақ олар рухани аштықта ғұмыр кешетiн болады. Сондықтан бүгiнгi әкiмдерге экономикалық мәселемен қатар руханиятпен де айналысуды жүктеу керек. Бұл - заман талабы. Мұны қазақтың мықты ұлт болып жетiлуiндегi билiкке артылған жүк деп түсiнген жөн. Әуелi ана саланы, сосын мына саланы қолға алайық деген күннен өттiк. Экономика мен руханиятты қоса қолға алғанда ғана серпiлiс болады. Рухани, тарихи жобалармен тек қана Мәдениет министрлiгi айналыспауы керек. Бұл iспен барлық деңгейдегi әкiмдер мен министрлер ыждағатты түрде айналысуы тиiс.
Маған әкiм болу - арман емес. Ұлытауда атқарылған, Жезқазғанда қолға алынған жобалар - бұрын айтып жүрген ойларымды iс жүзiне асыруға тырысу. Яғни сол сөздерiмдi iске асыруға бiр мүмкiндiк сияқты. Екiншi жағынан, бұл қызмет өз-өзiмдi сынау болды. Айтқан ойларымды орындай аламын ба, жоқ па деген сұраққа жауап беру едi. Маған мұндай мүмкiндiк туғызған басшыларыма алғысымды айтамын. Әкiм болсам да бұрын айтқан сөздерiмнен бас тартқан емеспiн. Тартпаймын да. Сол бұрынғы пiкiрiмде қаламын. Әкiмдiк - мен үшiн уақытша жұмыс. Үшiншiден, елiме, жерiме әрiптестерiммен бiрге қолдан келгенше жақсылықты iс iстеу. Қызмет қылу. Ауылға қыруар қаржы құйылып жатыр. Ең бiрiншi ақшадан гөрi ауылға нардың жүгiн тартатын азаматтарды тарту керек. Үкiметте, парламентте, әкiмшiлiктерде, ұлттық компанияларда еңбек етiп жүрген ауылдан шыққан мықты жiгiттер баршылық. Солар ауылға барып жұмыс iстеу керек деп ойлаймын. Олар ұйымдастырушылығымен де көп iс тындыра алады. Сырттан ақша әкелмесе де, ауылға бөлiнген қаржыны тиiмдi жұмсар едi. Сондықтан орталықтан азаматтардың ауылға келгенi абзал. Тiптi қалада бизнеспен айналысып, мешiт, спорт кешендерi сияқты iрi-iрi жобалар атқарып жүрген ауылдан шыққан жiгiттер елге барып, еңбек етсе, қазаққа тигiзген пайдасы зор болар едi. Ғалымдар ауылға жылына бiр-екi рет барып, апталап жатып дәрiс оқыса, қандай ғанибет болар едi. Сондықтан өз саласы бойынша жетiстiкке жеткен жандар, әсiресе мемлекеттiк қызметте, ауылға барып өз шапағатын тигiзсiн. Елбасының ауылдан қалаға, қаладан ауылға ротациялық кадр алмасу игiлiктi бастамасы жым-жылас болып қалды. Соны қайта жаңғырту қажет. Орталықтан ауылға барамын деген мемлекеттiк қызметкерлердi көтермелеу қажет, олардың лауазымын өсiру керек. Ауыл, қала әкiмдерiн сайлау жүйесiн де қайта қараған жөн. Бұл әкiмдердiң халық алдындағы жауапкершiлiгiн арттырады. Сосын әкiмдердiң тұрғындарға беретiн есебiнiң формасын өзгерту керек. Мен Ұлытау мен Жезқазғанда халыққа есеп берудiң басқаша тәсiлiн қолдандым. Әкiм тек есеп бермей, елден өзiнiң мiндеттемесiн де алуы тиiс.
- Мемлекет басшысы 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тiлiнде сөйлейтiн болады дедi. Көп нәрсе әкiмнiң тiкелей қатысуымен ғана жүзеге асырылатыны белгiлi нәрсе. Сiздiң бастауыңызбен осы тұрғыда Жезқазғанда қандай iстер атқарылып жатыр?
- Он жылда Қазақстанды қазақша сөйлету үшiн мектеп пен балабақшадағы балаларды бүгiн қазақша сайратуымыз керек. Жыл басында мемлекеттiк қызметкерлерге қазақ тiлiн үйрететiн арнайы тiлтану орталығы ашылды. Онда мемлекеттiк қызметкерлермен қатар бюджет саласындағы мамандар мемлекеттiк тiлдi тегiн үйренiп жатыр. Алдағы қыркүйек айынан бастап мемлекеттiк тiлдегi қаладағы балабақшалар саны 43 пайыздан 80 пайызға өсетiн болады. Қазiр жұмыс басталды. Тiптi қаладағы балабақшаларды 100 пайызға мемлекеттiк тiлге көшiруге болатын едi, қазақша бiлмейтiн тәрбиешiлер жұмыссыз қалатын болып тұр. Бiртiндеп бұл мәселенi де шешемiз. Әкiмшiлiкте жиналыстар түгелiмен дерлiк мемлекеттiк тiлде өтедi. Қаладағы түрлi кездесулер мен жиын шараларда жеке өзiм қазақ тiлiнде сөйлеймiн. Кейде керек кезде орысша айтуға тура келедi. Ұлтына қарамай жалпы жастар жиналған жерге қазақша сөйлеуге тырысамын. Алдағы қыркүйек айынан бастап орыс мектептерiнде еңбек пәнi, дене тәрбиесi сынды кәсiптiк пәндер тек қазақ тiлiнде өткiзiлетiн болады. Және сол мектептердегi қазақ тiлi пәнiн оқытуға ерекше көңiл бөлудемiз. Орыс мектебiн тәмамдап шыққан бала қазақ тiлiнде судай болып тұруы керек. Оған одан ары қарайғы уақытта мемлекеттiк тiл тұрғысынан кедергi болмауы тиiс.
- Сайлау туралы қандай пiкiр айтасыз? Бұл сайлаудың ерекшелiгi неде болды?
- Сайлау мен сайлаудың нәтижелерi кейбiр адамдарға қызықсыз болған шығар. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелiгi, сайлаушылардың сайлауға қатысуына ерекше көңiл бөлiндi. Кiмге дауыс беру керектiгi жүктелмесе де, сайлаушылардың сайлау учаскесiне баруына көп күш-жiгер жұмсалды. Сондықтан болар, таңертеңнен сайлау учаскелерiнде халық ұзын-сонар кезекте тұрды. Сонымен бiрге бұл жолы сайлауға қатыспау туралы митинг өткiзуге, аштық жариялауға т.б. қарсылық көрсетуге мүмкiндiк болды. Оған ешкiм шектеу жасаған жоқ. Алайда мұндай қатты қарсылықтар байқалмады. Әрине, бүгiнгi президенттiң жеңiске жететiнi әуел бастан анық болатын. 95 пайыз болмаса да оған жетеғабыл пайызбен жеңетiнiне ешкiм күмән туғызған жоқ. Сайлау нәтижесi бойынша халықаралық бақылаушылар да түрлi пiкiр айтып жатыр. Жезқазғанға халықаралық бақылаушылар атынан Бельгияның Қазақстандағы елшiсi және елшiлiк консулы келдi. Ол елде сайлауға бармаса, айыппұл төлейдi деген әңгiме естiдiк. Бiзге сайлауға қатысу мәдениетiн дамыту қажет. Әрине, оған әдiлдiк, адалдық, керек. Әйтпесе сайлауға сенiм болмайды.
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАСОВА
«Түркістан» газеті