Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 10017 0 пікір 25 Сәуір, 2011 сағат 06:03

Әлімхан Ермеков. «Ұлы математика курсы»

Алғысөз орнына

Алаш зиялылары қоғамдық-саяси күрестермен ғана шұғылданып қоймай ұлттың ақыл-ойын жаңа сапаға көтеруге өлшеусіз үлес қосты, ол үшін жас ұрпақтың санасына білім дәнін септі, мектептер ашты, түрлі ғылым саласында оқулылықтар жазды. Ә.Бөкейханов астрономия мен жағрафия, М.Жұмабаев педагогика, Х.Досмұхамедов анатомия мен зоология, Ж.Аймауытов психология мен дидактика, А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Н.Төреқұлов тіл білімі, М.Әуезов әдебиет саласына қалам тербесе, М.Дулатов, С.Қожанов, Ә.Ермеков математикаға ден қойған, Ф.Ғалымжанов - физика‚ Б.Сәрсенов - геометрия, И.Тұрғанбаев - арифметика, Қ.Кемеңгерұлы - жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударған.Т.Шонанов та тәржімашы ретінде көрнекті жұмыстар атқарды. Ол А.Богдановтың «Курс политэкономии» деген кітабын 1924 жылы қазақша шығарып, оқушыларға пән терминін түсіндіру мақсатында аудармаға тұңғыш орысша-қазақша сөздігін қоса берген деген дерек бар.

Алғысөз орнына

Алаш зиялылары қоғамдық-саяси күрестермен ғана шұғылданып қоймай ұлттың ақыл-ойын жаңа сапаға көтеруге өлшеусіз үлес қосты, ол үшін жас ұрпақтың санасына білім дәнін септі, мектептер ашты, түрлі ғылым саласында оқулылықтар жазды. Ә.Бөкейханов астрономия мен жағрафия, М.Жұмабаев педагогика, Х.Досмұхамедов анатомия мен зоология, Ж.Аймауытов психология мен дидактика, А.Байтұрсынов, Е.Омаров, Н.Төреқұлов тіл білімі, М.Әуезов әдебиет саласына қалам тербесе, М.Дулатов, С.Қожанов, Ә.Ермеков математикаға ден қойған, Ф.Ғалымжанов - физика‚ Б.Сәрсенов - геометрия, И.Тұрғанбаев - арифметика, Қ.Кемеңгерұлы - жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударған.Т.Шонанов та тәржімашы ретінде көрнекті жұмыстар атқарды. Ол А.Богдановтың «Курс политэкономии» деген кітабын 1924 жылы қазақша шығарып, оқушыларға пән терминін түсіндіру мақсатында аудармаға тұңғыш орысша-қазақша сөздігін қоса берген деген дерек бар.

Ал бүгіндері білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтереміз деп көп айтамыз, көп жазамыз. Біз бұл іске дайынбыз ба? Мектептеріміздегі жаңа буын оқулықтардың төңірегінде неліктен сын пікірлер толастамай отыр? Қазір теориялық іргелі ғылым мен педагогикалық бағыттағы білім беру жүйесінің арасы неге алшақтап кеткен? Кезінде мұндай ұлт мүддесі жолындағы түйткілді мәселелердің оңтайлы шешілуіне алаш қайраткерлері аттан түсе сап белсенді араласып, жанқиярлықпен тер төксе, бұл бүгінгі ұрпаққа дап-дайын сабақ, үлгі болар меже емес пе?!

 

Алашорда үкіметінің министрі болған, профессор Әлімхан Ермековтың «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде латын қарпімен 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көреді. Сонымен бірге, ол 1936 жылы өзінің ұстаздық тәжірибе негізінде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарған екен. Мұндай мәліметті кейбір энциклопедиялық мақалалардан кездестіргенімізбен, сөздікті кітапханадағы сирек кітаптар қорынан таба алмадық.

Отандық математика ғылымы бойынша ХХ ғасырдың басында қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы Міржақып Дулатов болатын (Есеп құралы. Орынбор: «Дин уа мағишат», 1914). Ал математиканың ішіндегі күрделі пән «Алгебраны» Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қолға алып, алдымен араб қарпінде 1924 жылы жазып шығып (592 беттік қолжазба), соңынан латын графикасына 1929 жылы (1400 бет) көшірді. Сондай біртуар еңбектің бірі өз заманында қазақ зиялыларының ішінде тұңғыш математика саласының профессоры атанған Әлімхан Ермековтің «Ұлы математика курсы. Аналитикалық геометрия мен дифференциал және интеграл есептеу негіздері» атты оқулығы (орыс тілінде «Курс высшей математики основы аналитической геометрии дифференциального интегрального исчисления»), «Қазақ тілінің математика терминдері» атты сөздігі ұлт мәдениетіне қосылған асыл қазына еді. Ғалым Әлімхан Ермековтің техника, математика саласы бойынша беріле еңбек етіп, ғылыми еңбектер жазуы 1927-35 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының оқытушысы, ҚазПИ-де доцент, Алматы зоотехника-малдәрігерлік институтының профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі, 1935-37 жылдары Алматы кен-металлургия институты математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болып, дәріс беріп, қызмет атқарған жылдарының жемісі болатын. Ол қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын жоғарғы математика пәні бойынша дайындап, математикадан ғылыми терминология даярлаумен шұғылданды. Оның ғылыми зерттеу еңбектерінің негізгі бағыттары - ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері болды.

Осы мақалаға арқау болып отырған «Ұлы математика курсы» жоғарғы техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде латын қарпімен 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Орыс тілінен аударылған бұл оқулық соңында берілген «Детеминант теориясының элементтері» қосымшасынан бөлек «Координат методы», «Функциялық байланыс және оны көрсету тәсілдері», «Сызықтық функция», «Екінші реттік қисықтар», «Кеңістіктегі координат методы», «Жазықтық», «Түзу сызық» деп аталатын 7 тараудан тұрады, көлемі 10 баспа табақ, таралымы 3500 дана. Бұл оқулық туралы ғалым М.Хамзин былай деп жазады: «Негізгі бағыты сол кездегі оқу бағдарламаларына сәйкестендіріліп жасалғандықтан, бүгіндері сәл ескілеу көрінуі мүмкін, алайда бұл оқулықтың 1995 жылы қайта басылып шығуы - көп нәрсені аңғартса керек. Оқулық жоғарғы математикаға арналған тұңғыш кітап болғандықтан, автор оның құрылымына анықтама теориясы мен сызықтық теңдеулер жүйесінен де хабардар ететін ілімдерді енгізген. Кітаптың ішіндегі ауыр болып көрінетін терминдер өте ұтымды әрі ұғымды тілмен берілген». Жаңа ұғым, ережелерді талдағанда, автор өз тәжірибесінен жинақтаған тәсілдерді молынан қолданған. Кітаптың алғашқы беттерінде «Автордан» және «Сөз басы» деген кіріспелерде ғалымның ой-пікірлері, теориялық тұжырымдары беріледі. Оқулық кейін 1995 жылы (кириллицаға түсірген - Н.Әділбеков, жауапты шығарушы - Ш.Біләл) қазіргі кириллицаға түсіріліп, арнайы оқулық етіп шығарылды.

Кітаптың кейінгі жылы шыққан бұл басылымын да қолға түсіріп, түпнұсқамен салыстырып қарап шықтық. Кітапты баспаға даярлаған мамандар бұрынғы латын әрпінен бүгінгі алфавитке көшіргенде, оның мазмұнына ешқандай нұқсан келмеуін ескеріп, бастапқы басылымда әріптен, емледен, жеке сөздер мен сөйлемдерден кеткен қателерді түзеткен. Кейбір тұжырымдардың ғылыми ұғымдық жағын бір ізге келтіріп, стильдік ерекшеліктерін жете сақтаған. Мамандар советтік және әлемдік математика ғылымындағы қалыптасқан терминдер, теңеулер, формулалар енгізілді деп ескертіп өтеді. Сонымен қатар, кітаптың кейінгі басылымында кірме терминдер бүгінгі қолданыстағы үлгіге түсіріліп берілген.

Бұл еңбектің тілдік, терминологиясы жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Тіпті оқулықтың атының өзінен қазіргідей жоғары математика деп атамай ұлы математика деп алуының өзі соны меңзейді. Тілі сол кездердегі стильмен жазылып, синтаксистік орамдар кездеседі. Сонымен қатар, оқулықта қазіргі қолданыста жүрген мынадай математика терминдері қолданылады: қосынды, қосу, нүкте, теңдеу, шаршы, шеңбер, үшбұрыш, теріс бұрыш, түзу, жазықтық, алым, бөлім, жатық сызық, сабақ, кесінді, тұйықтаушы вектор (замыкающий вектор), теріс бұрыш (отрицательный угол), тұрақты шама (постоянная величина) т.б.

Ғалым Ә. Ермеков 1948 жылы «Халық мұғаліміне» жариялаған «Емле мен терминологияның кейбір мәселелері» деген мақаласында қолданысқа енгізген бұл терминдер турасында «Қазақтың байырғы тілінен: нүктелер, іргелес бұрыштар, сыбайлас бұрыштар, тең бүйірлі үшбұрыштар, түзудің берілген кесіндісі, ортақ төбелі бұрыштар, үшбұрыштың қабырғалары мен бұрыштарының арасындағы тәуелділік, шеңбер, қоюшы, түйіндесу, аудан, дөңгелек, түзулер, бұрыштар, амалдар т.б... Осындай терминдердің жиындысы математика ғылымының бір саласы - геометрияның терминологиясы болды, ондай терминдерді советтік қазақ мектептерінде қазақ балаларын оқытқанда қазақ тілінде қолданып, оқушыларға ғылымнан нақты білімдер беріп жүрміз деп әбден айта аламыз және осылай деуге тәжірибеміз, ақыл-ой еңбегіміздің, зерттеу, қарастыру істеріміздің нәтижелері толық көрсетіп отыр», - деп тұжырымдайды. Бұл тұста ғалымның терминологиялық қорды қазақ тілі негізінде жасап, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды мақсат еткенін көреміз.

Оқулықта қазіргі маман, оқырмандарға таныс емес, қазіргі математика еңбектерінде кездесе бермейтін мынадай терминдер мен сөз тіркестерін ұшыратамыз: өлшеуіш, кіндік, құбылма шама, тұйықтаушы вектор, ішкері бөлу, керме, ерікті тұрақты параметр, өсімше, тұйықтауыш т.б.

Бұлардың кейбіреуі орыс тіліндегі мынадай терминдердің (масштаб-өлшеуіш, центр-кіндік, переменная величина-құбылма шама) баламасы ретінде қолданылған болу керек. Қазіргі математика саласында бұл нұсқалардың орнына мына терминдер қолданысқа енген: масштаб-масштаб, центр-центр, құбылма шама-айнымалы (өзгермелі) шама. Әйткенмен, Ә.Ермековтың еңбегіндегі термин сөздердің нұсқаларын да сөздік қорымызға тіркеп, тілдің қажетіне жаратуымызға болады. Әрі оқулықта математикадағы алғаш қолданысқа ене бастаған атаулар, қалыптасқан терминдер де кейінгі жарыққа шығып жатқан он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» де иллюстрациялық материал ретінде қамтылды. Бұл бұрынғы он томдық сөздікке енбей қалған Алаш қайраткерлерінің шығармаларын қамту мақсатының біріне жатады.

Тағы бір сөз болатын мәселе - еңбектегі шет тілден енген терминдердің, яғни сол кездегі «жат сөздердің» берілуі қызығушылық тудырады. Онда терминдер латын графикасымен пропорсиал, протсес, функсиа, проексиа, потенсиал, електр, траекториа, симметрлі (симметриялы емес), ординат, температур, биссектрис, гипербол, парабол, теорем, координат деп беріледі. Бұл нұсқаларға қарап, сол кездегі тілдік норманы да айқын көреміз. Ғалым кейбір кірме терминдердің соңындағы а әрпін түсіріп қолдану туралы сол кездегі орфографиялық норманы ұстанып, кейін өзінің пікір алысу түрінде жазылған мақаласында «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» сондай ереже бар екенін ескертіп өтеді. Осында аталған сөздіктің бесінші бетінде мынадай нұсқау бар: «б) кейбір сөздердің аяғындағы «а» әрпі бізде жазылмайды. Мысалы: газет, минут, фабрик, т.б.» ал, газеттердің көпшілігінде «фабрика, фабрикалар» болып жазылып жүр .

Мұндай математика терминдеріне қатысты орфографиялық заңдылықты көрнекті тілші ғалым Қ.Жұбанов та баса айтып көрсетеді: «Терминдердің түбіріне орыс тілінің заңы бойынша кейде «а» жалғасып келеді. Біз оны барлық сөздерге бірдей заң қылып бекітпей, бірқатар сөздердің соңында келетін «а» дәнекерін қысқарттық. Олар көп буынды және аяғы д, ш, г сықылды дыбыстарға бітпейтін сөздер. Мысалы, аксиом - аксиома емес, проблем - проблема емес, биссектрис-биссектриса емес; абссис - абссиса емес; теорем-теорема емес, апопем-апопема емес; координат-координата емес; гипотенуз-гипотенуза емес т.б.

Демек, көрсетілген терминдердің қазіргі қолданыстағылардан бір ерекшелігі орыс тіліндегі -а қосымшасыз берілуі. Яғни, сол кездері шет тілдегі түпнұсқаға жақындатып, тіліміздің табиғатына икемдеп қолданған. Өкініштісі, қазіргі кезде аталған терминдер орыс тілінің заңдылығына сәйкестендіріліп, -а қосымшасы арқылы ордината, температура, биссектриса, теорема, гипотенуза, гипербола, парабола түрінде қолданылып келеді. Бұл тәжірибені қарастыру арқылы қазіргі тілдік жүйемізге еніп кеткен осы терминдермен қатар, өзге де интернационал терминдердің қолданысын бір ізге түсіруге мүмкіндік береді. Әсіресе, алдағы латын графикасына көшуде шет сөздерді тіліміздің табиғатына сай етіп, яғни қалыптасқан орысша нұсқаға икемделген форманы сындырып қолданамыз дейтін болсақ, бұл құбылыстың да бейімделу заңдылығын анықтау қажет.

ХХ ғасырдың басында шыққан ғылыми мақалалардағы, оқулықтар мен еңбектердегі шет тілінен енген терминдердің әртүрлі қолданысын тіркеп, статистикасын жасап, салыстыру арқылы да ортақ бір жүйені табуға болады. Солар арқылы бұрын қолданысқа енген және алдағы уақытта тілімізде пайда болып жатқан терминдердің қолданысын, берілуін өзгертіп, бұрынғы сәтті қолданыстарды тілдік айналымға енгізуге мүмкіндік туады. Бұл - әсіресе, жазуымыз латын графикасына көшкенде қажет болатыны анық. Себебі, кейбір тіл мамандарының пікіріне сүйенсек, латын жазуына көшудегі бір мақсат, ұтымды тұсы да осы болмақ.

Ә.Ермеков 1936 жылы өзінің ұстаздық тәжірибе негізінде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарған екен. Мұндай мәліметті кейбір энциклопедиялық мақалалардан кездестіргенімізбен, сөздікті кітапханадағы сирек кітаптар қорынан таба алмадық. Осындай еңбектер жазған ғалымның кейінгі Қарағанды университетінде дәріс берген жылдарында да оқулықтары, жазған еңбектері болу керек деп есептейміз. Алдағы мақсат - ғалымның қалдырған ғылыми мұраларын, еңбектерін талдап, айқындау болып табылады.

Алмас ҮДЕРБАЕВ,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Айтар ойға айқындама

Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВ:

 

- Қазақта мұндай жігіт көрмедім деп,

Ардақты қарт Потанин лепес еткен...

Меніңше, Ермеков деген бала,

Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға...

Марат ЕСКЕНДІРҰЛЫ, ғалым, мұрағаттанушы:

- Әлімхан Ермеков туралы кезінде «Қазақ» газеті «Технологический институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат» деп үкілі үмітпен зор баға берген еді. Ол осы сынға әбден лайықты болды, 1920 жылы 17 тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өткен Халық Комиссарлары Кеңесі мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы баяндама жасады, нәтижесінде республикамыздың шекаралық тұтастығын қорғап, отаршыларға тойтарыс бере отырып қалпына келтіріп, заңды құжатпен бекіттірді. Ә.Ермеков сонымен бірге, ұланғайыр жеріміз бен еліміздің ертеңгі иесі білімді жастар екенін түсініп, терең күрес жүргізді, барша ғылымның патшасы саналған математиканы халқымызға жақындатты, сол арқылы ұлттық ой-сананы жаңа кезеңге көтеріп тастады.

Ибатолла АРЫСТАН, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен институтының директоры, профессор:

- Математика - қиын пән. Құпиясы терең. Ал Әлімхан ағаның түсіндіруі арқылы оған ынтамыз аса оянды. Бұл ілімнің тарихы, тіпті кейбір теоремалардың қалай пайда болғандығына дейін айтып, сабақтарды қызғылықты ете түсетін. Біз ол кісінің халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлттық математиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп "Ұлы математика курсы" оқулық кітабын жазғанын тәуелсіздік таңы атқанда ғана естідік. Кітапта жоғары математика элементтері аса қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіріледі, автор тілінің айқындығы, теориялық топшылаулары, есептердің шығарылу дәрежесі, келтірген мысалдары үйренушіні баурап алады.

«Дала мен қала» газеті  №11 (391)

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1946