Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2136 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:46

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ. Діни мереке қала күніне қалай ұласып кетті?

 

 

Еліміз тәуелсіздік алғанына жылжып жиырма жыл да толуға жақын. Бірақ құлдық кезеңнің санамызға салған кейбір таңбалары әлі өшер емес. Соның бірі Петропавлдағы (қаланың «Қызылжар» деген тарихи есімін де қайтара алмай отырмыз) қала күні мерекесін тойлауға қатысты.
Қызылжар қаласының тарихы тереңде жатыр. Алғашқы қазығы қашан қағылғанын ешкім дөп басып айтып бере алмас, бірақ бұл 1752 жылдың 12 шілдесі емес екені бесенеден белгілі. Себебі Есілдің жағасында сол жылы бекініс салынғанға дейін де қала болғаны, ол «Қызылжар» деп аталғаны әлдеқашан дәлелденген.
Бірақ біз биыл 257-ші рет христиан дінінің мейрамын «қала күні» деп тойлағалы отырмыз. Христиан күнтізбесіне көз жүгіртсек, інжілшілер дінінің өкілдері – Петр мен Павел апостолдардың күні ретінде 12 шілде аталып өтіледі екен. Оны өзге білмесе де, қызылжарлықтар жақсы біледі. Себебі жыл сайын қала күнін тойлайтын күні таңертең жергілікті христиандар крестерін құшақтап, майшамдарын тұтатып, қоңырауларын сыңғырлатып, қала көшелерінде шеру өткізеді. Ең сорақысы, діннен хабарсыз қазақ жастары мұны қала күнін тойлаудың бір рәсімі екен деп түсініп жүр. Екі жарым ғасыр осылай қайталанып отырса, адамның еті де үйреніп кетпей ме?! Бұл үлкен жымысқы саясат екені анық. Осыдан да болар, мешітке емес, шоқынуға шіркеуге баратын қаракөздеріміз көбейіп барады. Тіпті, Қызылжардағы шіркеулердің бірінің «әкейі» қазақ жігіті екенін біліп, жағамызды ұстадық.
Енді қала күні дегенге келсек, 12 сәуір еш дәлелсіз алынғанын жергілікті ғалым-зерттеушілер айтып отыр. Қасірет белдеуіне бекіністі салған күнді христиан дінінің мейрамына әдейі орайластырған. Дәл сол күні «бекіністің алғашқы қазығы қағылды» деген құжат та жоқ. Сондай-ақ «бекініс» қала деген ұғымды білдірмейді. Себебі бекіністер қорғаныс мақсатында уақытша салынады.
Қызылжарда бұл бассыздыққа қарсы шығып, бас көтеретін адам әзірге табылар емес. Ел басқарған азаматтар керісінше, 12 шілдені ұлықтаумен әлек. Жақында облыс әкімі Серік Біләлов орталық саябақты күрделі жөндеуден өткізіп, қала күні мерекесіне тарту ететінін айтып жар салды. Ал мерекелік шаралар Тәуелсіздік күніндегіден бәленбай есе көп және әсерлі ұйымдастырылады. Бүйте берсе, крест шеруі қала күні мейрамының басты рәсіміне айналып, оған қазақтар да шығуы ғажап емес.
Бір пікір
Зарқын Тайшыбай, тарихшы:
– Бұл масқара енді. Бірақ бәрін істетіп отырған – жоғарыда отырғандар. Тойлатпаймын десе олардың қолынан келеді. Мысалы, 2002 жылы Петропавл қаласының құрылғанына 250 жыл толған мейрамын тойлаттырмай тастағанбыз. Сол кезде облыс әкімі болған Қажымұрат Нағыманов бір күні мені шақырып алып, ақыл-кеңес сұрады. «Орыс-казактар тойлайық деп жатыр, не істейміз?» – деді. Мен: «Жоқ», – дедім. Ол – қазақтың жылаған күні, жерімізді тартып алған күнді қалай тойламақпыз? Екіншіден, мұсылман бола тұра, христиандардың мейрамын атап өту күнә ғой?! Сол жылы ғана тойланған жоқ. Одан кейін келген әкімдер атасының асынан артық той жасап жүр ғой.

 

 

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Солтүстік Қазақстан облысы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625