Жұма, 29 Наурыз 2024
Біздің шенеунік 5598 42 пікір 7 Желтоқсан, 2018 сағат 10:13

"Оптимист" Архимед Елбасының тапсырмасын 46 пәтермен орындап тастапты

Елбасының бес әлеуметтік бағдарламасының ішіндегі ең бір елеулісі де, көкейтестісі де халықты тұрғын үймен қамту мәселесі десек артық айтқандық болмас. Сол үшін де Президентіміз арнайы «7-20-25» бағдарламасын мұқият тәптіштеп, жан-жақты ойластырып, шенеуніктерге соқырға таяқ ұстатқандай етіп қатаң тапсырды. Оның өзіндік себептері де бар еді. Мұның ең басты мақсаты еліміздегі жұпынылау өмір сүретін, табыстары онша қомақты емес, тек айлыққа қарап қалған жандарды арзандау баспанамен қамтамсыз ету еді. Ол үшін де алғашқы жарнаны барынша азайтып, несиені төлеуді барынша ұзартқан-ды. Барша халық мұны қуана қабылдаған. Үй-күйсіз жүрген жабырқау жандардың қабағы ашылып, келешекке деген үміті маздап жанғандай күй кешкен.

Алайда жап-жақсы басталған бастама бүгінде сиырқұйымшақанып, аяғы құрдымға кететін түрі бар. Бұл асыра айтқанымыз емес, қазіргі жағдай дабыл қағарлықтай. Өйткені еліміздегі 18 миллион халықтың тек 4,6  милионы ғана, яғни елдің 25 пайызы ғана ипотека бойынша пәтер алдуға мүмкіндігі бар. Қалғандарының не мойындарында банкке қарызы бар немесе алған қарыздарын дер кезінде қайтара алмай банктің «қара тізіміне» ілінгендер. Сол банктің тілімен айтсақ «несиелік тарихы» (кредитная история) нашар жандар.

- Бір адам 30 мың теңгеге тоңазытқыш алды делік. Ал егер ол соның 3 мың теңгесін төлеуді ұзартып алса бірден банктің «қара тізіміне» ілінеді, - дейді сенатор  Ғұмар Дүйсенбаев. - Біздің көптеген азаматтарымыз осындай кедергінің кесірінен бағдарлама бойынша пәтер алудан сырт қалуда, - деп қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Егер осы жайды цифр тіліне көшірер болсақ, жағдай былай болып шығады. Біздегі 18,3 миллион адамның 13,7 мыңына шектеу қойылған. 3,5 мың адамның мойында несиесі бар. Мұндайларға енді 15 жасқа жетпеген балалар 5,3 миллион, өзін-өзі қамтамасыз ететіндер (жұмыссыздар десе де болады) 2,1 миллион, зейнеткерлер 2,1 миллион, несиесін өтей алмай жүргендер 250 мың адам, студенттер 500 мың адамды қосыңыз. Өкінішке қарай, енді осы қиын түйінді шешудің жолы жоқ көрінеді. Қолында билігі барлардың бұған онша басы ауырмайтыны байқалады.

Ал біздің Ұлтық банктің төрағасының орынбасары Олег Смоляков болса біздің басты банкіміз сол екінші дәрежелі банктерге бұл мәселе бойынша ештеңе істей алмайтынын айтып, өздерінше ақталып бағуда.

Бұл өзі қызық саясат екен. Сол екінші дәрежелі банктер ақшадан қысылып, тығырыққа тірелгенде Ұлттық банкіміз оларды сол қаржы дағдырысынан құтқару үшін миллион емес, миллиардтаған ақша бөліп, аса мырзалық танытуға келгенде керемет қауқарлы. Ал елдің 14 миилионнан астам адам үшін сол банкілердің қолдан жасалған қиындықтарын жеңілдетуге келгенде ештеңеге әлі келмейтін бейшара бола қалатыны қалай? Мұның өзі екіжүзділік емес пе? Зейнетақы қорындағы миллиардтаған ақшаға ауыз салып, өздігінен табысты жұмыс істеуге мүлдем жарамсыз, үкіметтен тек ақша дәметуді дағдыға айналдырған банкілерді мүмкін банкрот ету керек шығар? Халыққа қысылғанда қол ұшын бермейтін қаржы институттарының кімге қажеті бар? Әлде банкілер өздерінше, халық өздерінше бөлек өмір сүріп жатыр ма?

Арзан пәтерге көп жұрттың қолы жетпеуінің тағы бір себебі - халықтың көпшілігінің банк алдында табысын дәлелдей алмауында. Өйткені жұрттың көпшілігінің несие алмақ түгілі, айлығы шайлығы жетпейді. Ал жаңа пәтерге қол жеткізу үшін айлық табысың 120 мың теңгеден кем болмауы шарт. Мұны сол Ұлттық банкіміздің төрағасы Ақышевтың өзі ашық айтты. Неге бұлай? Ол кісі шынымен көп жұрттың жалақысының бұл сомаға тіпті жақындамайтынын білмей ме? Білмейтін шығар. Өйткені біздегі статистиканың мәлімдеуінше еліміздегі орташа айлық тұп-тура 159 мың теңгені құрайды. Шын мәнінде, мұның өзі өтірік дерек. Бұл кезінде кеңес одағынан қалған, жұртты алдау үшін ойлап шығарған  «жұқпалы сырқат». Қазіргі уақытта мұндай жалған көрсеткіштен өркениетті елден баяғыда-ақ бас тартқан. Оның орнына экономиканың қай саласында жұрт қандай айлық алады, міне осыны саралап көрсетеді. Сонда ғана шынайы ақпарат шығады. Ал қалғандары «бәрі де жақсы, бәрі де тамаша» деп халықты алдаусыратуға бағытталған көзбояушылық.

Міне осы жалған деректі Ұлттық банкісі бар, қалғандары да бар, Елбасыға жеткізіп, қалың көпшілікті шатастырады. Өзіміз ойлап қарайықшы, егер халықтың барлығы да 160 мың теңгеге жуық жалақы алатын болса, әрине, кім-кімнің де қандай да пәтер алуына еш кедергі жоқ қой. Тек қана мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысының қандай екеніне көз салып байқаңыз. Бәрінің да «қағанасы қарқ, сағанағы сарқ» болса, неге мұғалімдердің жалақысын көбейтеміз деп жатырмыз? Білім және ғылым минситрінің орынбасары Асхат Аймағамбетовтың айтуына қарағанда үкіметіміз ұстаздардың айлығын көтеру үшін келесі жылы бюджеттен 129 миллиард теңге, ал 2020 жылы 150 миллиард теңге бөлмекші көрінеді. Жалақысы өздері айтқандай жоғары болса, онда осыншама мол қаржы шығарып, босқа шығындаудың қажеті не? Осыдан-ақ статистиканың мәліметінің түкке тұрмайтын, бос даңғаза екенін ұғыну қиын емес шығар.

Жалпы, менің танитындарымның ішінде айына 159 мың теңге алатын ешқайсысы да жоқ. Әрине, егер бір қарапайым адам айына 50 мың теңге, екінші бір жайлы креслода жайғасқан екінші біреу 500 мың теңге алса, орташа көрсеткіш 250 мың теңгеден асып кетеді. Алайда мұндай қомақты айлық әлгі жұпыны жанның түсіне де кірмейтін шығар. Міне осындай     көзбояушылықтың зардабы сайып келгенде пәтер алуға мұқтаж жандардың жолын кесіп отыр.

Облыстардағы жағдайдың да оңып тұрмағаны белгілі. Алайда өңір басшылары ондай-ондай «ұсақ-түйектерге» онша көңіл бөліп, қатты қинала қоймайды. Өйткені ол поцесс жергілікті жерлерде ойдағыдай жүріп жатқан көрінеді. Біздің Арxимед әкім де сондай «оптимистердің» қатарында. Осыдан бір ай бұрын өткен бас қосуда «бізде тұрғын үй мәселесінде ешбір проблема жоқ. Банкттер бұл салаға кредитті қуана-қуана береді» деп мәлімдеме жасағаны бар. Біз де бұған қатты сүйсіндік. Төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалды. Бөркімізді аспанға атып, оны қайта ұстай алмай қалдық. Әкімізіміздің асқан оптимист екеніне, оның кез-келген мәселені ешбір қиналмастан шемішкедей шағатынына тағы да шексіз риза болдық. Келешекке күдіксіз қарайтын, қандай да проблеманы бірден шешіп тастайтын, соның арқасында облысымызда жұмақ орнағандай жағдайға жетсек, біз қалайша қуанбаймыз? Олай істемек, әкімнің жақсы істерін көреалмаушылық болып шықпай ма? Құдайым ондайдың бетін аулақ қылсын.

Бір әттеген-айы өткенде республикалық «Время» газетінің бетіндегі мына бір ақпаратты көріп, көңіліміздің ептеп қана секем алғаны бар. Онда біздің облыста «7-20-25» бағдарламасына небәрі 60 адамның ғана тапсырыс бергенін, алайда оның тек 46-сы ғана мақұлдағанын көрсетіп қойыпты. Ал біз бұған сенбейміз. Өйткені біздің әкімнің өтірік айтуы мүлдем мүмкін емес. Біз облыс xалқын «адастыратын, сөйтіп теріс жолға салатын» ақпаратқа емес, «баспана алуда проблема жоқ» дейтін әкімімізге сенеміз. Тіпті газетттегі шындық дегеннің өзінде келешекте xан сарайындай үй алатын сол 46 адамның қуанышы неге тұрады (жалпы қазір облысты былай қойып, 46 пәтерді өзге өңірлерде жай аудан әкімдері таратып жатқан жоқ па)? Жоқтан жақсы емес пе? Қызғаныш деген жақсы қасиет емес. Мен, мәселен, ондай жаман әдеттен аулақ жүремін. Осындағы Архимедтің кейбір «жанашырлары»  қате ойлағанындай, әкімімізді үнемі сынай бермеймін. Мен, мәселен, өткен бір мақаламда ол кісінің қарамағандағылар қанша қателессе де оларға қатты айтпайтын «аса сыпайылығы мен мәдениеттілігін» жазғанмын. Ал міне, бұл жолы оның «оптимистігін, болашаққа аса сенімді қарайтын» жақсы қасиетін тізіп отырмын ғой.

Келешекте амандық болса  ол кісінің «көрегендігі» жайлы да сөз етпекпін. Ендеше «біздің Арxимедке неге тиісе бересіз, ол кісіде неңіз бар, жайыңызға қарап жүрмейсіз бе?» дегендер бұдан кейін маған раxмет айтар деген қатты сенімдемін.

Тағы бір «жаңалық». Жақында республикалық баспасөз бетінен елімізде баспана құнының күрт көтеріліп кеткенін оқыдық. Оның бел ортасында біздің Қостанай облысы да жүр. Ал Архимедтің өзінің туған жері Ақтөбеде пәтерлер молынан салынып, оның бағасының да төмендеп жатқаны айтылған. Бұл ақпаратты енді көкірек көзі ояу оқырмандардың өздері-ақ түйсіне жатар.

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

з

42 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606