Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2826 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:49

Ұлттық мұраларымызды әлемге паш ете аламыз ба?

 

 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мемлекеттің игілігі үшін аса маңызды. Сондай-ақ тек өз еліміздің аясында ғана емес, бұл бағдарлама дүниежүзілік мәдениетті қамтыса, бізге де, әлемге де пайдасы зор болар еді. Осы орайда Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар мен мәдениет жанашырлары «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер сұхбаттастығындағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда бас қосты. Екі күнге созылған жиында қазақ ұлтының тарихи-мәдени мұрасының дүниежүзілік ғылыми айналымға енуі кеңінен сөз болды.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл...

 

 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мемлекеттің игілігі үшін аса маңызды. Сондай-ақ тек өз еліміздің аясында ғана емес, бұл бағдарлама дүниежүзілік мәдениетті қамтыса, бізге де, әлемге де пайдасы зор болар еді. Осы орайда Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар мен мәдениет жанашырлары «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер сұхбаттастығындағы рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда бас қосты. Екі күнге созылған жиында қазақ ұлтының тарихи-мәдени мұрасының дүниежүзілік ғылыми айналымға енуі кеңінен сөз болды.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл...

Әлемді қаржы дағдарысы шарпыған қазіргі қысылтаяң кезеңде әлемдік өркениеттер үндеуінің маңыздылығы алдыңғы орынға шығып отыр. Еуропа мен Азия аймағында ұлт болып ұйысып өмір сүріп жатқан халықтардың ынтымақтасуы, жалпы адамзаттың рухани байлығын қорғау бағытын бірлесе күшейтуі әсіресе қазіргі кезде аса қажет. Ал күш біріктіру үшін және ең ірі өркениеттердің конструктивті үндесуіне қолайлы кеңістік қалыптастыруы шарт. Қазақстан болашақта түрлі өркениеттер тоғысатын үлкен кеңістікке айналуды мақсат етіп отыр. Әлемде қанша мемлекет, қанша ұлт болса, олардың әрқайсысының өзіндік тарихы, ұлттық ұстанымдары, мәдениеті мен әдебиеті, көнеден қалған мұралары бар екені даусыз. Бүгінгі жаһандану кезеңінде осы түрлі ұлттар мен мәдениеттердің мүлдем жұтылып кетпей, бірін-бірі толықтырып отыруы үшін ауызбіршіліктің қажеттігі айқын-ақ. Келмеске кеткен тарихтағы мыңжылдықтарда біреу көп қармап қалғысы келіп, енді біреу өзінің атын қалдырғысы келіп, жалпы адамзаттың рухани байлығын сан-саққа тартқаны мәлім. Осындайдан тарихта түрлі бұрмалаушылықтар орын алды. Тіпті басқа көршілерімізді айтпағанда, тілі бір, діні бір, тарихы ортақ қазақ-қырғыздың арасында «анау - менікі, мынау - сенікі» деген талас әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан жоқ па? Алайда жер бетіндегі материалдық байлық пен рухани құндылыққа таласып-тармасудың еш мәні жоқ екенін өмір өзі дәлелдеп бергендей. Ендігі мақсат - көрші елдер тоғысындағы мәдени-рухани байланыстардың ғажаптығын айтып, құр босқа ұрандай бермей, осы күнге дейін әлемдік өркениетте қордаланған мәселелердің шешімін табу. Осы мақсатта Қазақстанда бас қосқан АҚШ, Канада, Франция, Австрия, Италия, Үндістан, Ұлыбритания, Чехия елдерінен келген ғалымдар мен сарапшылар түрлі мәдениеттердің бір-бірімен қақтығыс-соқтығыссыз бейбіт түрде аралас-құралас болуын әңгімеге өзек етті.

• Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, қоғам қайраткері, ақын:
- Бүгінгі ғылыми конференцияда көтеріліп отырған тақырыптың мазмұны өте терең. «Мәдени мұра» және өркениеттер сұхбаттастығы төңірегінде соңғы жылдары дискуссия аз болған жоқ. Бірақ ешқашан бұл екеуі бірге қарастырылмай келді. Егер қазіргі әлемдегі мәдениеттерді графикалық түрде бейнелесек, бірі - қорған, бірі пирамида, шың секілді, олардың биіктіктері әртүрлі болып келеді. Ең биік шың Эверест секілді жоғары мәдениеттер бар, одан төмендері және мүлде көзге көрінбейтіндер де жетерлік. Бір қарағанда, бұлардың барлығы өзінше ерекше және біріне-бірі тәуелсіз. Алайда білім мен ғылым бізге осы түрлі биіктіктердің негізі бір екенін көруге, білуге, тарихи тереңіне үңілуге мүмкіндік береді. Сондықтан да өркениеттердің бір-бірімен сұхбаттасуы, пікір алмасуы маңызды. Қазіргі кезде елімізде қазба жұмыстары белсенді жүргізіліп жүр. Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде біздің мәдениетіміздің үлкен кеңістікті жайлағанын білеміз. Айталық, Қазақстан мен Алтай жеріндегі сақ қорғандарынан табылған алтын фольгалар көркемдік өңделуі, сапасы мен түр-сипаты жағынан Болгарияда және Египеттің кейбір жерлерінен табылған алтын фольгаларға өте ұқсас. Осы секілді көптеген материалдық мысалдар - ерте кезден-ақ құрлықтардың бір-бірімен тығыз байланыста болғанының дәлелі.

«Мәдени мұра» бізге не берді?

Соңғы төрт-бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған шараларды санамалай беруді жөн көрмедік. Дегенмен жобалардың ішіндегі ең ірілері - Сирияның астанасы Дамаск қаласында әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу, Дамаскіде және Мысырдың астанасы Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның кесенесі мен мешітін жаңалау бағытындағы жұмыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ұлттық мәдениетіміз үшін айрықша маңызы бар тарихи-мәдени, сәулет және археология ескерткіштеріне 30-дан астам қолтаңбалық ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Мәселен, «Бабалар сөзі» атты серия жүздеген жылдар бойы жасалған қазақ халқының аса бай ауыз әдебиетін жинақтауға мүмкіндік берсе, «Қазақтың ата заңдары» сериясы халқымыздың құқықтық санасының даму кезеңдерін сипаттайды.

• Ерлан Саиров, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры:

- «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Моңғолия, Қытай, Үндістан, Иран, Еуропа елдеріне жинақтау-іздеу экспедициялары жіберілген. Соның нәтижесінде қазір 5 мыңға жуық жинақ әкелінді. Соның барлығы осы арада сұрыпталып, жан-жақты сарапталып, ғылыми еңбектер ретінде сол жаңағы дүниежүзілік айналымға енеді. Сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауи күмбезі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік материалдық құндылықтар тізіміне енді. Бұл мемлекетіміз үшін маңызды. Ғалымдардың бүгінгі басқосудағы пікірлері мен ұсынысы сарапталып, оның қорытындысы министрлікке жолданбақ.

Алдағы атқарылар шаралар

«Мәдени мұра» бағдарламасы алғаш жұмысын бастаған кезде көпшіліктің көңілінде болашаққа деген сеніммен қоса, бағдарлама жұмысына күмәннің болғаны да жасырын емес. Алайда уақыт өте келе рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға ғылыми тұрғыда көзқарас қалыптаса бастағаны, зерттеу аясының кеңейгені, түрлі ғылыми еңбектердің жарық көруі шетел ғалымдарының қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып отыр. Болашақта ұлттық символдарымызды қалыптастыру, мәдени туризмді дамыту, Қазақстанның тарихи, мәдени кешендерін ғаламға насихаттайтын деректі фильмдер түсіріп, дүниежүзіне тарайтын арналардан көрсету мақсат етіліп отыр.

• Рафаэле Маркетти, LUISS халықаралық қатынастар университетінің профессоры (Италия):

- «Мәдени мұра» бағдарламасының тұжырымдамасы өте қызықты және ерекше екен. Жоғарғы инновациялық технология дамыған заманда бұл - өте қажетті жоба. Бұл бағдарлама аясында қазақ елі әлемдік өркениеттер сұхбаттастығы алаңына айналуға мүмкіндігі бар. Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарлама біздің тарапымыздан қызығушылық тудырып отыр. Себебі «Мәдени мұра» бағдарламасында белгіленген шаралар өте ауқымды. Біз әлем болып өткен тарихтың бұрмаланбауына, ортақ мүддеге қызмет етуге дағдылануымыз қажет.

Түйін
Мәдениет саясаттың сойылын соқпай, ұлттың орасан зор рухани, тарихи-мәдени әлеуетін көтеруге қызмет еткенде ғана халыққа пайдасы зор болады. Дейтұрғанмен мәдениет тек ғалымға немесе жай қарапайым халыққа ғана емес, саясаткерге де, қаржыгерге де қатысты. Бүгінгі жиынға әр саланың мамандары мен қоғамның белсенді мүшелерінің қатысуы да - осыған айғақ. Шараны ұйымдастырушылардың жиынды үш тілде ұйымдастырып, ілеспе аудармаға жағдай жасауының өзі жаңалыққа деген көзқарастың түзеліп келе жатқандығын білдірсе керек. «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттың топтасуын, ұрпақтардың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Біз тек өткенімізбен мақтана бермей, бүгінгі қым-қуыт заманда алдымен «біз кімбіз» деген сұраққа жауап тауып, әлемдік қауымдастықта қазақ мәдениетінің өзіндік орнын табуына күш салғанымыз жөн.

 


Айнұр СЕНБАЕВА

«Алаш айнасы» газеті 11 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627