Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10814 0 пікір 9 Мамыр, 2011 сағат 09:38

Дулат Исабеков. Тыныштық күзетшісі

Қыр басынан қарағанда біздің шағын ауыл әлдекімнің не арбасынан, не дорбасынан түсіп, шашылып қалған асықтай бытырап жатады. Мұндағы үйлердің жалпы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанмен, барлық жердегідей әр шаңырақтың тағдыры әр тұрлі, әр басқа. Мұнда небары отызға жуық қана түтін бар. Сол отыз үйден таңертең,кешке отыз түтін будақтағанда ауыл үстін кәдімгідей бозғылт тұман басып, жапырайған жатаған үйлерді көгілдір пердеге орап кезден тасалайды.Балалық шақтың қызығы мен қиыңдығы жайлы, өткен өмірдің жүрекке тастап кеткен қуанышы мен қайғысы туралы, әсіресе, соғыс жылдарындағы күлкіге сараң, мұңға жомарт қысталаң да ауыр шақтары жайлы талай шығармалар жазылып, талай фильмдер қойылды.

Қыр басынан қарағанда біздің шағын ауыл әлдекімнің не арбасынан, не дорбасынан түсіп, шашылып қалған асықтай бытырап жатады. Мұндағы үйлердің жалпы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанмен, барлық жердегідей әр шаңырақтың тағдыры әр тұрлі, әр басқа. Мұнда небары отызға жуық қана түтін бар. Сол отыз үйден таңертең,кешке отыз түтін будақтағанда ауыл үстін кәдімгідей бозғылт тұман басып, жапырайған жатаған үйлерді көгілдір пердеге орап кезден тасалайды.Балалық шақтың қызығы мен қиыңдығы жайлы, өткен өмірдің жүрекке тастап кеткен қуанышы мен қайғысы туралы, әсіресе, соғыс жылдарындағы күлкіге сараң, мұңға жомарт қысталаң да ауыр шақтары жайлы талай шығармалар жазылып, талай фильмдер қойылды.

Міне, анау мұнартып жатқан - мен туған ауыл. Ол ауылды кезінде жұрт әр тұрлі атайтын. Біреулер "Кішкентай ауыл" деп, біреулер "Әумесерлер аулы" деп атады. Ал баз біреулер "Демесін аулы" деп айдар тақты.Қалай болғанда да, бұл ауыл ешбір ауылға ұқсамайтын еді, сондықтан да оның атын естіген адам елең етпей жайбарақат қалмайтын. Адам баласының бәрі бірдей туылып, әркім әр басқа өледі.

Қыр басындағы мына қорым - осы кішкентай ауылда туып-өскен адамдардың мәңгілік қонысы. Олар да бір кезде шыр етіп анадан туды, тәй-тәй басты, ата-ананың қуанышы болды, қайғысы болды, біреуді ұнатты, біреуді жек көрді, өмірден бірде жақсылық, бірде жамандық көрді,өмірдің бір сәтінде тентек болды, бірде ақылды болды,сөйтіп, "тіршілік" деп аталатын мына жалғанда көзі жұмылғанша тырбанып өтті.

Қазір оларды ешкім білмейді. Бір кезде осы өмірдің қожасы боп, жер сарайын дүрілдетіп жүрген жандар қазір жым-жырт, өздері туылған кезге дейін қалай белгісіз тозан боп ұшып келсе, енді сондай белгісіз, тылсым тозаңға қайта айналған. Күні кешеге дейін, кеудесінен жан шыққанша жер үстіндегі алдамшы тірліктің қызығына шынымен сеніп, мәңгі жасайтындай шынымен алысып-жұлысып келген екі аяқты жұмыр басты аңғал пенделер қазір қайда кетті? Олар кімге айналды, неге айналды? Ешкім де білмейді...

Хан да өткен, қара да еткен, қайыршы мен бай да өткен, данышпан мен ақымақ та өткен, сөйтіп барып бәрі-бәрі ана дүниеден әділет тауып, бәрі бірдей кәдімгі қаңқа сүйекке айналған адамдар енді ғана теңелгеңдей топырақ көрпелерін қымтай жауып қыр басыңдағы "енді бәрібір" жалғанның құшағында үн-түнсіз жатыр. Сол қу сүйектерді суырып алып, олардың бойын, салмағын, бет-әлпетін, тіпті, ұлтын да ажыратуға болар, бірақ кім ақылды, кім данышпан ешкім біле алмақ емес. Өйткені,оның енді қажеті жоқ, ал ана дүние олардың кім болғанына пысқырып та қарамайды.

Ал мынау - Демесіннің моласы. Тірлігінде оны жұрт "жынды" деді, "Әумесер, есалаң" деді. Бірақ оның көзі жұмылған сәттен бастап, төңіректегі барша адам ұзақ уақыт ойланып қалды. Ал ол болса, өзін "тыныштық күзетшісі" деп атаушы еді.

Шынында да, кім едің сен, Демесін?

Мен оқиғаны басынан бастап айтайыншы.

 

* * *

Қыстың қақаған шағы. Облыс орталығынан тым шалғайда жатқан- кішкентай ауылдың еңсесі түсіп, сұлық жатыр.Желсіз тымырсық аяз. Жатаған үйлердің мыртық мұржаларынан тіршілік белгісін білдіріп, қисық түтін будақтай көтеріледі.Соғыс кезеңінің иықтан өзген жадау да жабырқау көрінісінен адамдардың да еңсесі түсіңкі.Бірақ баланың аты қашан да бала. Олар ішерге тамақ,киерге киім болмаса да бейғам күлкіге дайын тұрады.Жамау-жасқау, олпы-солпы киінген жеті-сегіз бала қаннен-қаперсіз сырғанақ теуіп жүр. Жыртық етік, шолақ тон, кең шалбар, тозған малақайлардың көрмесі осы балалардың үстінде. Жастарына жетпей ерте есейген, сол мезгілсіз есейгендігімен-ақ аяушылық туғызатын балалар.

Бірақ олар өте көңілді. Олардың күлкілеріне қарап бұл өңірге соғыс зардабы тимегендей, немесе әлдеқашан бейбітшілік орнағандай еді.Бір ағаш шанаға үш бала отырып, олардың соңына тағы үш-төрт бала жабысып, төбеден құлдилап келеді.Еңіске жете бергенде шана аударылып, бәрі опыр-топыр болды да қалды. Олар ішек-сілелері қатып, құлағандарын бір-бірінен көріп, бір-бірінің мойнына қар тығып мәз боп жатқанда шетте тұрған бір бала жанұшыра айғай салды.

-     Полундра! Демесін келе жатыр!

Бірнеше бала жақын маңда тұрған бұзылған жаман тамға кіріп жоқ болды.

Үстінде көнетоз солдат шинелі, басында солдат құлақшыны бар демесін көрінді, бір бұрыштан шыға келіп,тура осылай қарай жүрді. Оның қолында дорба, шамасы Қараспан базарынан келе жатыр. Бұл жолы одан адам қорқа қоятындай емес, бірақ ауыл адамдары одан қорқып үйренген. Ол әлденеге көңілденіп, ыржия күліп келе жатса да, балалар тұс-тұсқа қаша жөнелгелі тұрады.

Жалпы, бұл ауылдың көпшілігі, әсіресе, балалары Демесін десе зәрелері кетеді. Ал Демесін болса осы кезге шейін біреуге күш көрсетіп, қиянат жасап көрген емес.Ескі кездердің айтуынша, оның әке-шешесін ақ бандылар атып кеткен деседі. Алты жасар баланың көзінше атыпты. Содан ол кеңкелес боп қалған кәрінеді. Соғыстың алғашқы айларында майданға сұраныпты. Бірақ дәрігерлер рұқсат етпеген. Сөйтсе де, интенданттық батальонда біраз болып елге оралған екен. Соғыс туралы хабар, оның алыстағы дүмпуі Демесіннің делебесін бұрынғыдан да қоздыра түсетін.

Демесін жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелген балалардың бұл қылығына мәз боп күліп тұр.

-        Ей, бұларың не?- деп айғайлады ол қарқылдай күліп.- Менен неге қашасыңдар? Сендерден қызыл әскер шықпайды, өйткені сендер су жүрексіңдер!

Жақындағы жаман тамнан жасқана шыққан дауыс естілді.

-        Жоқ, біз қорқақ емеспіз!..

-        Сен кеткен соң шығамыз.

Демесін тағы да қарқылдай күлді.

-        Мен кеткен соң? Мәссаған батыр болғандарыңа! Ал сендер менің қайдан келе жатқанымды білесіңдер ме?

-        Білмейміз.

-        Білгіміз де келмейді.

Демесін ашуланған жоқ.

-        Мен базардан келе жатырмын, білдіңдер ме, базардан! Міне, мынаны көрдіңдер ғой,- деп ол дорбасын жоғары көтерді.- Бұл не?

-        Дорба,- деді Мүтән деген бала дуалдан жартылай сығалап.

-        Дұрыс! Дәл таптың. Ал ішінде не бар? Ешкім жауап бере алмады.

-        Мұның ішінде кәмпит бар, тәтті күлше бар! Мен сендерге әдейі арнап алдым. Келіңдер, жақындаңдар!

Балалар оның сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей үнсіз қалды.Демесін дорбаның аузын қайырып, ішіндегі барын көрсетіп қойды да, өзі аулағырақ барып тұрды.Әуелі бір бала жақындады. Ол жайлап басып келіп,дорба ішінде шынымен кәмпит жатқанын көрді.Біреуін,сонан соң екеуін, үшеуін алып жеді. Оның шынымен кәмпит жеп жатқанын көріп, өзге балалар да лап қойды.Бірнеше сеқундтың ішінде дорба шұбатылып бос қалды.

Демесін оларға қарап жас балаша мәз боп күліп тұр.Балалардың ересектеуі Мүтән оған жайлап жақындады.

-        Қалай , шынымен кәмпит пе екен?- деді Демесін Мүтәнға төне қарап.

-        Иә. Рақмет! Екеуін апама апарып беремін деп алып қалдым.

-        Жарайсың! Ақылдысың! Келесі жолы тағы да әкеп берем. Бірақ менен қорықпайтын болыңдар. Келістік пе?

-        Келістік. Демесін аға, біз соғыс ойынын ойнайық деп едік. Ешкім фашист болғысы келмейді. Сіз фашистболыңызшы а?

Демесіннің күлкісі бірден тыйылып, бетіне ашу-ызасы ойнап шыға келді.

-        Ж-оқ! Ондай ойын ойнауға болмайды. Басқа ойын ойнаңдар!- деді ол ақырып.

-        Біз басқа ойын білмейміз.

-        Неге білмейсіңдер? Басқа ойын құрып қалды ма?

-        Басқа ойын қызық емес.

-        Неге қызық емес? Қызық болғанда қандай!

-        Айтыңызшы, қандай ойын?

-        Бейбітшілік...

-        Бейбітшілік?

Балалардың бәрі бір-біріне қарап тұрып қалды. Тымағы көзіне түскен бір кетік бала маңдайына саусағын апарып, көзін алартты. "Жынды" дегені.

-        Біз бейбітшілік ойнай алмаймыз.

Балалар "қару-жарақтарын" тастай салып, бет-бетімен қаша жөнелді.Демесін Мүтәнді "атып құлатты"- ұрып жықты. Қолына соққы тиген бала қар үстіне жалп етіп құлап түсті.

-        Фашистер! Оларға өлім! Олар бізді қашанғы өлтіре береді!- деп Демесін өзге балаларды да тым-тырақай қуа жөнелді.

Балалардың у-шуы мен қар үстіндегі топалаңды көріп,жан-жақтан адамдар жиналып қалды. Колхоз бастығы Ормантай, ауыл совет председателі Ардақ, соққыға жығылған Мүтәннің анасы хадиша жетті' зыр жүгіріп. Ешкім Демесінді тоқтата алар емес. Құтырынып алған Демесіннің қаһары мен айбарынан адам шошынарлықтай.

-        Ормантай қайнаға-ау, тоқтатсаңыздаршы ана Демесінді! Ойбай-ау, балаларды қырып бітетін болды ғой!-деп Хадиша жүгіріп кеп баласы Мүтәнді көтеріп алды. Соққыға тағы бір бала құлады.

-        Тағы бір фашист құлады! Бәлем, саған сол керек!-деп Демесін өршеленіп жүр, Ормантай мына көріністен жаны шошып, оның қарсы алдына кеп көлденеңдеп тұра қалды.

-        Демесін! Тоқта деймін! Саған не болған, Демесін!Әй, сенің ақылың қайда кеткен, тоқта деймін! Тоқта!

Демесін оның сөзін елең қылар емес. "Жауынгерлер,алға-а!" Деп балаларды жеке-жеке қуып жүр.Ормантай басқа амалы таусылған соң, шанасыңда жатқан мылтығын алып, оған тура көзеніп тұра қалып еді, Демесін одан имену былай тұрсын, оның мылтығын тартып алғанда, әйелдер жағы зәре-құтылары қалмай шу ете түсті.

-        Ойбай, құртатын болды!

-        Шетімізден қырады, ойбай!..

Мылтығынан қапылыста айрылған Ормантай не істерін білмей, далбалақтап оның соңынан жүгіре берді. "Демесін,ақылың бар ғой, мылтығымды өзіме бер!"

-        Жоқ, мылтық маған керек! Мен фашистерді атамын!- деп Демесін оның зәресін одан әрмен кетірді.

-        Қайдағы фашист! Олар өз адамдарымыз ғой. Жи есіңді!

Осы кезде оның қарсы алдынан Ардақ шыға келіп,көлденең тұрып алды. Неден болса да тайынбайтын түрі бар.

-        Сталиннің атымен бұйырамын, тоқта!- деді ол әрі қорқынышты, әрі айбарлы үнмен.

Бұл сәтті көзбен көрмеген адам сенбес еді. Жұрттың көз алдында таңғажайып оқиға болды: Демесін аласұрған қалпынан айрылып, қимылсыз тұрып қалды. Жұрт та тына қалған.Демесін бойын тіктеп, әскери адамдай сіресе қапты.Әлден соң қолын маңдайына апарып:

-        Құп болады! Бұйрығыңызга құлдық! Ең соңғы пашистің құлағанын хабарлауға рұқсат етіңіз, жолдас Сталин!- деді ол.

-        Демесін-ау, сенің айтып тұрғаның қайдағы фашист!- деді Ардақ өзіне-өзі келе алмай қалшылдап.-Сен өз адамымызды соққыға жықтың! Ол үшін жауап бересің!

-        Мен пашист үшін жауап бермеймін! Ешкім де жауап бермейді!

Осы кезде сөзге Хадиша араласты:

-        Құдай-ау, айтып тұрғаның қайдағы фашист? Бұл маңда жау жоқ. Жау деп жүргенің. менің балам - Мүтән!Сен оны жақсы көруші едің ғой. Мен оның анасымын,Хадишамын!

Демесін ойланып қалды. Колхоз бастық Ормантай оның қасына кеп, иығына қолын салды. Бұл ауылда одан қаймықпайтын, онымен еркін сөйлесетін жалғыз адам -осы Ормантай.

-        Демесін, сен бұл мінезіңді қой,- деді ол баяу үнмен.- Жоқ жерден жау іздеп аласұрма. Бұл ауылда фашист жоқ. Олар анда, алыста.- Ол ауыл сыртына қарай қолын сілтеді.

-        Өткен жолы ұстап әкелген екі пашист ше?

-        Олар фашист емес, олар ел үстінен күн көргісі келген бейшара ұрылар ғой.

-        Олар да пашист! Бәрібір пашист!

Демесін мылтықтың патронын алып, ұңғысын үрледі де, оны иығына асынып, кетуге ыңғайлана бастады. Оның кеткелі жатқанын көрген жұрт шу ете қалды.

-        Ойбай, мылтықты алып қалыңдар!- деді Мәнсия деген әйелдің жан даусы шығып.

-        Ім... м... Демесін-ау... менің... мылтығымды... беңіп кетсең қалай болар екен...- деп Ормантай міңгірлеп еді,Демесін оған жалт қарады.

-        Мылтық менікі! Ол маған керек! Мен онымен пәшистерді атамын!

Осыны айтты да, ол жүріп кетті. Жұрт терең бір күрсінді.

-        Япырым-ай, сен оның тілін қалай таптың?- деді Шәмсия деген әйел Ардаққа қарап.- Сен болмағанда ол біразымызды жайратып салатын ба еді, қайтер еді?

-        Бостан-босқа айбарақ салма. Әзірге Демесіннің қолынан өлген адамның моласы жоқ,- деді Ормантай оған жақтырмай қарап.

-        Ау, халайық!- деді Ардақ жұртқа қарап.- Осынша қауым боп отырып бір жындыға шамамыз келмей ме?Соғыс ауыртпалығы иығымыздан бір басса, мына Демесін дегеннің үрейі екі басып, еңсемізді түсіріп жіберді ғой.Бір амалын табайық та!..

- Сонымен не демексің?- деді Ормантай.

-        Осында біраз жұрт жиналып қалған екенбіз. Сонны бәріміз ақылдассақ қайтеді?

-        Ал ақылдассақ ақылдасайық, сонда не істеуіміз керек?

-        Иә, майданға жынды керек боп жатыр еді, жаман қатты,- деді екінші бір шал қарсыласып.

- Оу, ол сол соғыстан контужен боп оралған жоқ па?..

-        Соғысқа жете алмай жолдан қайтқан,- деді тағы біреу.

-        Менде мынадай ұсыныс бар,- деді Ардақ бос сөзді жақтырмай.- Ауданмен келісіп, оны жындыханаға жіберу керек.

-        Жындыханасы несі? Обал емес пе?

-        Дұрыс. Табылған ақыл! Өлетін болдық қой зәреміз кетіп,- деп тұс-тұстан әркім өзінше шулап қоя берді.

-        Жындыхана дейсіңдер, ә!- деді Ормантай күрсініп.- Елдің зәресін алып, апшысын қуырған адамның орны, әрине, бұл жер емес. Бірақ мен оны қимаймын.

Оның әке шешесін жиырмасыншы жылдары бандылар атып кетті. Баланың көзінше атты. Ол кезде бұл бес-алты жасар еді. Ол шырылдап менің қолымда қалған. Енді оны көзім қиып қалай жындыханаға жібермекпін!

- Толқып кетті ме, ол орамалын алып, көзін сүртті.- Оның үстіне...ол сендер айтқандай жынды ма? Ешкімге обал-зияны жоқ, ауыл шетінде өзімен-өзі өмір сүріп жатыр. Ауық-ауық әлгіндей мінез көрсететіні рас. Ол өтеді де кетеді ғой.-Аз-кем ойланып, тұрды да кенеттен:- Ал онымен сырласып көргендерің бар ма?- деді.

Ешкім үндемеді.

-        Әрине, ешкім онымен сөйлесіп көрген жоқ. Сондықтан да оны есалаң, делқұлы дейсіңдер.

-        Ал сіз ше?- деді Ардақ.

-        Е-е, ол ұзақ әңгіме. Кейде маған да дені дұрыс емес боп көрінеді. Ал енді бірде бәрімізден ақылды сияқты.

-        Иә, айтқандарыңыз орынды-ақ. Бірақ мына балалар майдандағы әкелерінің қазасын естіп бір қайғырса, Демесінмен кездесіп қалудан тағы қорқып, жүректері ойнамалы боп бітті... Тіпті, ересек мына біздер де емін-еркін жүре алмаймыз.

-        Ұят болса да айтайын, қажетті шаруамен түнде далаға шығудан да қалдық,- деді әлгі Мәнсия деген әйел топ ішінен бой көрсетпей.

-        Әй, Мәнсия, жатар орынға шайды аз ішу керек,-деді бір шал.- Сонда бүкіл ауыл боп бетіне қарап отырған жалғыз құдықтың да суы үнемделген болар еді.

-        Тоқтатыңдар дырду сөзді,- деді қашан да ашулы Ардақ.- Немене, Демесінді жындыханаға жіберейік дегенде мен бір жетіскендіктен айтып тұр дейсіңдер ме? Сендер мейірбансыңдар да, қара жүрек мен ғана екен ғой?Жалғыз мен үшін ештеңенің керегі жоқ. Мен сендердің қамдарыңды ойлап тұрмын. Ауылға ағайын-туыстар ат ізін салып араласудан қалды. Күздікүні анау тұрған ақсақал мен кемпірін есекке қоржын ғып байлап, ауыл сыртына айдап жіберген жерінен балалар тауып әкелмеп пе еді?

-        Сөйткен ол, сөйткен! Ол бізге жақсылық әкелмейді,- деп зәбір шеккен Әкімбек зарлап қоя берді.- Балалар тауып алмағанда өліп те қалатын да едік, қайтер едік. Енді оның қолына мылтық түсті. Жыны келген күні бүкіл ауылды тып-типыл ғып қырып салатын шығар.

-        Қырмайды,- деді екінші бір шал қарсыласып.-Есекке қоржын ғып байлап жіберсе, өздеріңде де бір бәле бар. Бидай ұрламақ боп барғанда ұсталған көрінесіңдер ғой.

-        Немене, сен көріп тұрып па едің?

-        Мен көрмесем де, басқа көргендер бар.

Әкімбек ашуға басты.

-        Сен маған жала жаптың ғой, ә? Жала жаптың ғой.Ой, пәдеріңе нәлет!- деп ол Кәкімбекке тұра ұмтылды.Екеуі жағаласып, жұрт  у-шу боп кетті.

-        Тоқтатыңдар! Шал мен шал төбелесті деген не сұмдық!- деді Ормантай араға түсіп. Ол екі шалды екі жаққа бөліп жіберді.Жұрт шуылы басылып, екі шал тынышталды.

-        Ай, ақсақалдар-ай! Ана жақта ер азаматтар қан төгіп жатыр. Біз мұнда бір-біріміздің жағамыздан алып жатырмыз. Қане тараңдар! Жұмыстарыңа барыңдар. Ал Демесін әзірге ешқайда да бармайды,- деп Ормантай нақты шешім айтты.

Жұрт тарап, Ормантай мен Ардақ бір сәт оңаша қалған сәтте Ардақ зілді дауыспен:

-        Айтпады демеңіз, егер Демесіннің қолынан біреу-міреу мерт боп жүрсе, ,жауабын сіз бересіз,- деді оны сақтаңдыра сөйлеп. Сөйтті де, сөзінің жауабын күтпей сырт айналып жүре берді.

-        Берсек берерміз,- деді Ормантай күбірлеп. Оның бұл сөзі өзімен өзі сөйлескендей өзіне де әрең естілді.Ормантайға Ардақтың "әйел" деген ұғыммен қабыспас осы бір қатал мінезі ғана ұнамайды. "Сеңде аяушылық жоқ, онсыз да қайғы жұтып жүрген жұртқа зіркілдей бермесеңші" деп, оған оңашада талай айтқан. Бірақ айтқаннан әлі ешқандай нәтиже шықпаған секілді.Осы кезде жақын маңдағы бір үйден "бауырымдап"жылаған дауыс естілді. Ормантай селт ете түсті.

-        Иә... тағы да бір азаматтан айрылдық,- деді ол күбірлеп.- Япыр-ау, мына дауыс қай үйден шығып жатыр? Жаңа ғана Демесін соққыға жыққан Мүтәннің үйі ғой... Байғұс Хадиша-ай!.. Жығылғанға жұдырық деген осы!

Ол ауыр бір күрсініп алып, дауыс шыққан үйге қарай жүрді.Әйелдердің ортасында Хадиша жер тоқпақтап жылап отыр екен. Мүтән төрдегі ағаш төсекте әлі ыңырсып жатыр. Мұң шағар біреуді көргенде адам бойындағы қайғының үдей түсетін әдеті шығар, Ормантайды көргенде әйелдердің де даусы күшейе түсті.

-        Ореке-ау, өзіңізбен майданға бірге аттанған Әбсаматың қайда? Оны қайда тастап кеттің?!.. Бір азамат бір жапырақ қағаз боп оралды ғой, Ореке-ау!..- Хадишаның зарын тыңдап тұру мүмкін емес еді. Ормантай "сабыр, Хадиша, сабыр. Мұндай қазаны жыламай қарсы алайық. Еркек тоқты құрбандық... Ер адам үйде туылып,түзде өледі. Амал қанша... Мықты бол!",- деген үйреншікті сөзден басқа еш нәрсе айта алмады.

Әуелгі кезде қаралы хабар алған үй иесіне ол бар білгенін сарып қып жұбату айтатын. Бертін келе жұбату айту да жаттанды әдетке айналып, оған ешкім құлақ аспайтынды шығарды. Ормантай да оларды тоқтату үшін бұрынғыдай жанын салмайды,- Жұрт ішкі шерін шығарып болмай бәрібір тоқтамайды.Ол әйелдер тобына жақындап, жаймен ғана:

-        Маслопромға сүт жөнелтетін кез боп қалды. Хадишаны бүгін қозғамай-ақ қояйық. Қане, қайсысың барасың?- деді. "Мен барайын" деді Зейнеп.

-        Үйіңе барып қалың киін де аттан. Қайтеміз, жағдай солай. Азаматтар аман оралған соң үйден шықпай бір демаласыңдар.- Ормантай осыны айтып езу тартқан болып еді, онысы мүлде ерсі шықты.

Зейнеп ләм деместен, жинала бастады. Орамалын тартып, күпәйкесінің белін буды. Оның маслопромға жүргелі тұрғанын білген Хадиша:

-        Күн батып кетсе сонда қона сал. Түнгі аяз жаман,- деді жылағанын қоя сап. Ол кезде жылап отырып сөйлеу үйреншікті әдет болатын.- Тоқта, андағыдан аяғың үсіп қалады ғой. Мә, менің байпағымды киіп ал.-Ол жалма-жан аяғындағы байпағын шешіп берді. Зейнеп әуелі оған, сонан соң Ормантайға таңдана қарап еді,Ормантай "ал" дегендей ым қақты. Зейнеп байпақты киіп,етігін Хадишаға тастады.

"Тіршілік заңы қатал, оны тек көз жасымен жібіте алмайсың", Мұны кім айтты, Ормантай ма, Хадиша ма,әлде өзі ме?-Зейнеп оны байқаған жоқ.Хадиша Зейнептің етігін киіп алды да, жоқтауын бағанағы келген жерінен жалғастырып кетті.

-        Қай жерде қалды екенсің, байғұсым. Қансырағанда қасыңда жанашырың болды ма екен, әлде жалғыз жатып жан тапсырдың ба?..- Хадиша бұл сөздерді жоқтау ретінде айтты ма, әлде ішкі күйігін күбірлеп сыртқа ғана шығарды ма, бет-әлпетінде не қиналыс, не қайғы жоқ,бәлкім ол жылай отырып ендігі қалған тіршіліктің бос екенін, мағынасыз екенін ойлап кеткен шығар?

-        Болды, болды, Хадиша. Адамның сай-сүйегін сырқыратпашы. Бүгін жұмысқа шықпай-ақ қой,- деді Ардақ оның басын сүйеп.

-        Үйде жалғыз қалып не істеймін, не де болса көппен бірге болармын. Әйтпесе, қайғыдан өртеніп кетемін ғой,-деді ол басқа әйелдерді одан бетер күйретіп.

Зейнеп үйден шыға бергенде есік алдында состиып тұрған Демесінді көріп селк ете түсті.

-        Астапр... Қайнаға... сіз бе? Үйге кірмей состиып тұрсыз?

Демесін жауап қатпады.

-        Мен... өтіп кетейінші...

-        Неге жылап жатырсыңдар?- деп Демесін гүж ете түсті.

-        Хадишаның күйеуінен қара қағаз келіп...

-        "Мүтән ше? Мүтән жылап жатыр ма?

-        Иә, иә. Ол байғұстың жылауға да шамасы жоқ...Бағанағы "ойыннан" кейін...-"Сіз соққаннан кейін" деп айтуға батылы бармады.

-        Алпыс төрт - қырық бес. Алпыс төрт - Қырық бес! Сендердің әруақтарың үшін!

Демесін кенет мылтығын жұлып алып, аспанға атып-атып қалғанда Зейнеп қорыққанынан етбетінен құлап, басын алақанымен көлегейледі. Ол тұрамын дегенше Демесін бұрылып алып өз жөніне жүре берді.Мылтық дауысын естіп іштен адамдар жүгіріп шығып,құлап жатқан Зейнепті сүйемелдеп тұрғызды.

-        Байғұс-ау, амансың ба, әйтеуір?

-        Білмейм,- деді Зейнеп те басын сипап көріп.-Аман сияқтымын... Жындымысың деген, алпыс төрт,қырық бес дегені несі?

-        Өйтпесе ол жынды бола ма? Аузына не келді, сонны айтты. Ал жолыңнан қалма. Балаларыңа мен бас-көз бола тұрармын.

-        Айтпақшы... Егер сен ұрыспасаң...

-        Доғар! Күйеуімнен хат бар ма демексің ғой. Хат сұрауға тыйым салынған. Сұрауға болмайды!

-        Басқа не амал бар. Жұрттың бәрі сен секілді дәті берік емес. Шыдамымыз жетпейді,- Зейнеп күмілжіп төмен қарап еді, енді кешіксе оның жылағалы тұрғанын сезіп, Ардақ әрі қатал, әрі жұмсақ үнмен:

-        Болды! Хат болса өзім беремін ғой,- деді оның иығынан болар-болмас құшақтап. Зейнеп ат жегілген үстінде бес-алты фляг сүті бар шанаға отырып жүріп кетті.

 

* * *

Колхоздың мақта пункті ұзыннан-ұзақ салынған ақыреттей суық там еді. Бұл әу баста мал қора үшін салынған, кейіннен, оған қамайтын мал азайған соң мақта пунктіне айналдырылды. Оның бір жақ шетінде - көсек,әлі ашылып үлгермей, қар астында қалып қойған қоза түйнектері жатыр. Пункт ішінде адамдар көп. Негізіненәйелдер, балалар мен қаусаған кәрі шалдар. Олар алдарына көсектерді үйіп-үйіп алып, көсек ішіндегі  мақталарды бір жаққа, қауашағын бір жаққа тастап жүр. Балалар мен шалдар жағы көсек аршып отырған әйелдерге қаппен көсек тасып, аршылған мақталарды алып кетіп жатыр.

Перизат - маслопромға сүт алып кеткен Зейнептің қызы. Ол жетінші класта. Үйдегі төрт жасар інісіне тамақ беріп, ұйықтатып келіп отыр. Сол кездегі барлық балалар секілді оның кішкене інісі жылау дегенді білмейді, өйткені,жылағанмен, қасына жан адамның жоламайтынына жақсы біледі, оны іштен біліп туған.

Жадау көрініс, қамкөңіл адамдар, жарымжан көңілдер.Олардың қақ ортасында Ардақ жүр.Сырттан ұлыған боран үні естіледі.Кесек аршып отырған Хадиша өзімен-өзі сөйлескендей "мына боран аш қасқырдай ұлып тұрып алды ғой. Басылатын күні болар ма екен, сірә?"- деп еді, оны Мәнсия іліп әкетті:

-        Япырым-ай десеңші, соғыс басталмай тұрған кезде қыс та қоңыржай болушы еді. Қардың қалай түсіп,көктемнің қалай шыққанын байқамай қалатын едік. Елшыдамын сынағысы келгендей соғыспен қабаттасып қыс та ерте түсіп, кеш шығатын боп алды ғой,- деп тағдырға ғана емес, табиғаттың өзіне деген өкпесін айтып шыға келді.

-      Соны айтсаңызшы. Баяғыда қар астында мақта қалмайтын сияқты емес пе еді?- деп қостады оны Хадиша.- Қыс ішінде көсек аршу да соғыспен қатар басталды ғой.

-        Е-е, азаматтар бар кезде қиындық деген байқалмайтын да шығар. Әй, қатындар!- деді Шәмсия кенет сергіп.- Тым тұнжырап, еңсені түсіріп жібердіңдер ғой. Тұнжырасаң тұңғиыққа бата бересің. Қане ән салайық. Перизат қайда жүрсің, қане, сен айта қойшы.

-        Дұрыс! Әнеукүні мектепте айтқан әніңді тағы бір шырқашы.

- Ардаққа қарамай-ақ қой, бір адам ән салса, жұмыс әдірә қалмас,- деп әйелдер жан-жақтан анталап шыға келді.

-        Немене, орнынан тұрмаса даусы шықпай ма?Жұмысын тоқтатпай, отырып-ақ айта берсін!- деді Ардақ баяғы әмірлі дауыспен.

-        Ән айтудың оңайы-ай!- деп Хадиша араға түсті.-Тұра ғой, Перизат.

Перизат жасқана басып ортаға шықты да, балаң дауыспен "Күләнда" әнін бастады.

Көк ала үйрек жүзеді көл бетінде,

Жақсылардың мейірімі келбетінде,

Төл қозыдай тек өскен қайран көкем,

Есен-аман жүрмісін жер бетінде,

беу, Күләнда-ай,

Кім салды екен бұл әнді-ай,

Еске түссе аңсаймын.

Отырған жерден-ай тұра алмай.

Беу, Күләнда-ай,

Жатсам ұйқым келмейді

Тірі де ме екен-ау жалғанда-ай...

Перизат әнін бітіріп, орнына қайта отырған кезде әйелдер жағы кездерін сүртіп, мұрындарын тартып шыға келді. Ол кездегі жұрт жақсы ән айтылса да жылайтын. Бірақ бұл Ардаққа ұнамады.

-        Не көрінді мұрындарыңды тартып? Тоқтатыңдар!Тоқтатыңдар деймін сендерге! Өңшең бөркемік жылауықтар!- деп кіжінді Ардақ. Оның тым ашулы екенін сезген әйелдер мұрындарын тартуын кілт қойды.

-        Бұл жерде екінші ән айтушы болмаңдар! Түсінікті ме?

Жұрт сілтідей тынды.

-        Ән айтпасақ көңілімізді қайтіп жұбатамыз енді?-деп үнсіздікті Мәнсия бұзып көріп еді, Ардақ оған бас салды.

-        Қалай жұбатсаңдар олай жұбатыңдар, онда менің шаруам жоқ! Ал ән айтуға бұдан былай тыйым саламын!

Әйелдер жағы наразылық білдіріп гуілдей бастаған шақта, сөзге Хадиша араласты.

-        Сонда не дейсің бізге?- деді ол зілсіз байсалды үнмен.- Кеше күйеуімнен қара қағаз келді, соққыға жығылып балам жатыр әлі есін жия алмай. Мұнда келсек ән айтпа деп сен зіркілдейсің. Қайда барып күн көреміз,қайда-а?.. Не деген бітпейтін қыс, не деген бітпейтін соғыс бұл? Қызыл әскерлер жауды қуып бара жатыр дейді.- Ол сабырынан айрылып, даусының қатая бастағанын байқамай қалды.- Ол жау қашанғы қашады, біздікі қашанғы қуады? Қанша алыс болса да, қашып тығылатын жеріне жететін кезі болған жоқ па? Әй, Ардақ, мүмкін сеңдер бізді алдап жүрген шығарсыңдар а? Ардақ оған жалт қарап, одан көзін алмай ұзақ тұрып қалды.

-        Айтып болдың ба?- деді ол тентек шәкіртпен сөйлескен ұстаздай асқан байсалды дауыспен.

-        Болдым!..

Хадиша шектен асып кеткенін енді ұғып, жан-жағына қарады да, сілтідей тынып -отырған жұртты көріп,солқылдап жылап жіберді. Ардақ әрі ызалана, әрі толқып тұрып:

-        Әйел жолдастар!- деді алақанын жайып,-езілмеңдер! Күйеулеріміз бен аға-інілерімізге, әкелерімізге оңай тиіп жатыр дейсіңдер ме? Оларға жанымыз ашыса, жұмыла жұмыс істегеніміз жөн. Бүгін түнде ешкім де үйіне қайтпайды!

-        Мына ақыреттей тамның ішінде қатып өлеміз ғой,- деді Мәнсия.

-        Қатсақ бірге қатамыз,- деді Ардақ жұлып алғандай жауап қатып.- Мен де осында болам. Әне, анау бұрыштан тесік жасап қойдық, балалар от жағып жатыр. Барып біртіндеп жылынып алыңдар.

Осы кезде сырттан Ормантай кіріп келді. Жүзі түтігіп кеткен, қатты абыржулы. Олардың бәрі оған сұраулы пішінде үрейлене қарады.Ормантай қалтырай сөйледі.

-        Маслопромнан қайтып келе жатқан Зейнепті ұрылар тонап кетіпті.

-        Не дейді?

-        Тонағаны несі?

-        Ойбай-ау, өзі тірі ме екен?- деген дауыстар жан-жақтан анталай шықты.

-        Белгісіз. Өзі табылмады. Бос флягтары шашылып қапты, іздемеген жерім жоқ,- деді Ормантай күйініп.-Аттар да жоқ, шана да жоқ. Хайуандар!..

-        Жау жағадан алғанда, бөрі етектен. Осындай кезде кісі тонап жүрген қандай қара жүрек екен десеңші!-Мұны айтқан баяғы жылауық Шәмсия..

-        Қолға түссе, мына отқа қақтар едім. Әй, нәлет-ай,- деп кіжінді Әкімбек қарт таяғымен жер соғып.

- Шиеттей бала-шағасының обалына қалдым-ау...-деп Ормантай бір сұмдықты бастай беріп еді, сырттан отын көтеріп кіріп келе жатқан Перизатты көріп сөзін кілт тыя қойды.

-        Ормантай көке, сіз бердеңе дедіңіз бе? Менің мамам?.. Оған не болды? Менің мамам қайда? Апа-тай-ай!...- Сыртқа қарай жүгіре бергенде Хадиша ұстап қалды.

Ормантай Перизатты құшақтап, шашынан сипады.

-        Мамаң келеді. Суыққа тоңған соң бір қойшының үйін паналаған шығар,- деп алдаусыратты.- Міне, жаңа ғана сенің көкеңнен хат келді.

-        Хат? Менің көкемнен бе? Көкешім менің. Көкешім! Қане?- Ол жылап тұрып қолына хатты алды.

-        Оқы! Оқы! Бәрімізге естіртіп оқы,- деді жұрт жан-жақтан жамырай сөйлеп. Ол кезде хатты оңаша оқу деген болмайтын.

Перизат көзінің жасын сүртіп, оқи бастады. "Алтыннан ардақты, күмістен салмақты аталар мен аналар, ағалар мен жеңгелер және де құлын-тайдай құлдыраған іні-қарындастар. Қалай, аман-есен, денсаулықтың арқасында жусанның жұпар иісі аңқыған ауылда ойнап-күліп жүріп жатқан боларсыздар..." Бұдан соң ол өздерінің дін амандығын, жауды еңсеріп қуып бара жатқандықтары, Сталин қайда болса, жеңіс сонда болатынын, Сталиннің елін жаулап алу мүмкін еместігін, Сталин үшін ойланбай өлімге бас тігетіндерін, Сталинге тіл тигізген адам о дүниеде тозақ отына күйетіндігіне кәміл сенім білдіре жазыпты.Жұрт түгел жылады.Ол кезде адам біткен жылауық болатын.

Ардақ Ормантайдың қасына кеп:

-        Мұныңыз не?- деді,- оның әкесінен хат келген жоқ еді ғой.

Ормантай толқып тұр екен.

-        Басқа амалым болмады,- деп жауап қатты ол.-Оның шешесі енді қайтып келмес. Бала көңілін аулайын деп хатты өзім жазып ем... Қайтеміз, артык көңілді кейде осылайша жұбатуға тура келеді...

Ардақ үндемеді.

Бар жиһазы бір стол, үш орындық, бір сәкіден тұратын колхоз бастығының жадау кабинетінде Ормантай, Ардақ тағы екі-үш актив отыр. Мұның "кеңсе" деген аты болмаса бір бөлме, бір дәлізден құралған сол кездегі ауыл арасында кеңінен тараған жатаған там болатын.

Бірнеше жылға созылған соғыс дәулеті шағын шалғайдағы ауылды әбден титықтатып, жуанын жіңішкертіп, жіңішкесін үзер халге жеткізген еді. Адамдар әр күн, әр айдан үміт күтіп, енді бір сілкінсе, енді бір терін, тексе жеңіске жетеміз деген үмітпен қамбалары мен қаптарындағы барын, есігінің алдындағы адалын азаматтар жолында садақа деп ойланбастан "соғысқа" аттандырып жатты.

Біздің ауыл соғысқа тек адам ғана беріп қойған жоқ,оған тайлы-тұяғымен, еңбектеген бала мен еңкейген кәрісіне дейін, қатын-қалаш, қыз-қырқын, мал-жанымен,үмітімен, ниетімен, тілегімен, бүкіл болмысымен түгел қатысты.

Соғысқа іште жатқан бала да қатысты.

Өйткені төрт әйел ауыр жұмыстан түсік тастады.Ел басыңдағы осындай ауыр хал ұры-қарылар мен шпаналарды көбейтіп жіберді.Мал ұрлаушылар, кісі тонаушылар, бір таба нанға бола адам өлтірушілер де соңғы кезде көбейіп кетті. Бұл ауылдан да бірнеше мал ұрланып, Зейнеп үшті-күйді жоғалып кетті.

Бұл оқиға Демесінге ерекше әсер етті. Ұрылар мен "пәшистердің" түп төркіні бір, өз сөзімен айтқанда, екеуін "бір зуаладан иленген қамыр" деп есептейтін Демесін соңғы күндері түнемеге ұйықтамай шығатын болды. Ол ауылды айнала шауып, таң атқанша тарс-тарс мылтық атып жұрттың үрейін алып бітті.

Адамдар түзге шығудан да қалды.

Бұл жағдайдан қандай жол табу керек деген мәселемен ауыл активтері Ормантайдың кеңсесінде таң азанмен мәжіліс құрып отырған беті еді.

-        Ел басына осындай күн туып тұрған шақта біз тағы да мәжіліс құрып, кісі күлерлік өрескел жайды талқылағалы отырмыз,- деді Ардақ қинала сөйлеп.-Өздеріңе белгілі, делқұлы Демесін атына мініп алып, түні бойы тарсылдатып мылтық атып, үш күннен бері ауылды айнала шауып шығатын болды. Бала-шаға, қатын-қалаш үрейленіп, даладан тықыр естілсе, ол үйге кіріп келетіндей түнемеге кірпік ілмейді. Ауыл советінің председателі ретінде мен колхоз басқармасының шұғыл шешімін қабылдауын талап етемін?

-        Ал не деп кеңес бересіңдер сонда?- деді Ормантай шарасыз кейіппен.

-        Жолдастар, не істеу керек екенін қысқа ғана айтыңыздар. Сөз сауып отыратын уақыт жоқ!- деді Ардақ терезенің пердесін сырып. Жарық молая түсті.Ешкім тіс жарып, үн қатпады.

-        Ореке, алдыңғы күні ауыл шетінде тұратын шалдың келіні Демесін делқұлымен мал қорада бетпе-бет кездесіп қалып талып түсіпті. Сол байғұс бүгін бала тастады,- деді Хадиша.- Менің балам да хал үстінде жатыр. Демесін келе жатыр, қашыңдар деп түнімен сандырақтап шығады. Әкесінің өлгенін де естіген жоқ. Еститіндей есін жия да алмай жатыр.Оның сөзін Әкімбек іліп әкетті.

-        Ореке-ау, кемпіріміз екеумізді есекке қоржын ғып байлап өлтіре жаздағаны есіңізде ғой. Енді бұдан артық не керек? Оның қолында мылтық бар. Қазір Демесін делқұлы кіріп келсе, сіз екеумізді тұрған жерімізде-ақ...

Қазақтағы "кімді айтсаң - сол келеді" деген мақалдың таза өмірден алынғандығын іс жүзінде дәлелдегісі келгендей дәл осы сәтте есік айқара ашылып,қолыңда дорбасы бар Демесін кіріп келді. Әркім тұрған-тұрған орнында қатып қалды.

-        С-саған... не керек, ж-жолдас...- деп Ардақ кейін шегіншектей беріп еді. Демесін жұлып алғандай:

-        Мен саған жолдас емеспін!- деді гүж етіп.

-        Ор-еке-ау, бірдеңе десеңші, мынаның тұрі жаман ғой,- деп, Ардақ "бәледен" аулақ болу үшін кеңсенің түкпіріне қарай жылыстады.

Ормантай орнынан тұрып, оның қасына жақындады.

-        Мынау не?- деді ол оның дорбасын ұстап.

-        Оқ,- деді ол солдаттарша сарт жауап беріп.

-        Көп қой өзі. Мұның бәрін қайтесің?

-        Атам!

-        Кімді, батыр-ау?

-        Соғысты!

-        Соғысты?

-        Иә, соғысты атам!

-        Жындымысың деген, соғысты қалай атпақшы?

Демесін дауыс шыққан жаққа қарады. Оны айтқан Әкімбек Демесіннің зәріне шыдай алмай, ойланбастан столдың астына қойды да кетті.

-        Кім оны айтқан? Кім жынды? Мен бе? Мен жынды емеспін. Жынды мына сендерсіңдер. Иә, сендерсіңдер!Соғыс мені атады, ал мен оны неге ата алмаймын? Атамын! Міне, былай атамын!

Демесін иығынан мылтығын ала бастағанда Ардақтан басқалардың бірі стол астына тығылып, екіншісі тура "өлімге бас тігіп", Демесін арқылы сыртқа сатыр-сұтыр қашып құтылды.

-        Ей, батырекесі, болды, болды. Жұрттың зәресін алма. Мылтық ататын жер бұл емес, ана жақта,- деді Ормантай алысқа қолын сілтеп. Демесін оған теніп келді де:

-        Иә, сол жақта. Мені соғысқа жібер. Мен соғысқа барам,- деді жау қуғандай аптыға сөйлеп.Әкімбек стол астынан тіл қатты:

-        Өзі сұранып тұрғанда жібере салайық та соғысқа...

-        Дұрыс айтады, өз-ім сұранып тұрмын,- деді Демесін елігіп.

-        Жоқ, саған баруға болмайды,- деді Ормантай күрсініп.

-        Неге болмайды?

-        Сол, болмайды.

-        Неге болмайды деймін? Айт, неге болмайды?

Ормантай ойланып, ары-бері жүрді де, оның иығына қолын салып тұрып:

-        Бармайсың... Сен мұнда керексің,- деді.

Демесін түкке түсінбей тұрып қалды.

-        Қ-қалай?- деді ол тұтығып.

-        Солай. Сен бар ғой... Сен... Сен біздің тыныштығымызды күзетесің. Түсіндің бе?

Енді Демесін ойланып қалды. Сәлден соң жүзіне шырай кіре бастады.

-        Мен... мен керекпін бе?

-        Иә, керексің, ауылға фашистер мен ұры-қарыларды жібермеуді саған тапсырамыз. Сен тыныштық күзетшісі боласың.

-        Мен - тыныштық күзетшісі?! Мына мен? Жарайсың, бастық! Сен дүниедегі ең ақылды адамсың! Мен -тыныштық күзетшісі боламын! Иә, тыныштық күзетшісі!

Олай болса маған ат бер. Ат керек маған!

-        Япыр-ай, ә... Ат жағы тапшы боп тұрғаны...

-        Маған ат керек. Маған ат керек деймін! Мен тыныштық күзетшісімін. Менің айтқанымды екі етуге қақыларың жоқ! Тыныштық бәрінен қымбат!- Ол есіріктеніп Ормантайға төніп кеп қап еді, ол Демесінді сабырлы дауыспен қайтадан сабасына түсірді.

-        Ақырма, батыр. Жарайды, бір ат табармыз.

Ормантайдың жұмсақтығы мен жомарттығына ызаланып тұрған Ардақ шыдай алмай:

-        Қайдан табамыз? Кеше ғана екі атты ұрылар алып кетті ғой,- деп дауыстап жібергенін өзі де аңғармай қалды. Ормантай бұл сөзді естімегендей:

-        Менің атымды ал! Солай, есік алдында ерттеулі тұр. Мін де жүре бер,- деді екі ойлы боп тұрған Демесінге.- Неғып тұрсың состиып, бар дедім ғой.

-        Өзіңіз ше?- деді Демесін кенет таңғажайып парасаттылық танытып.

-        Мен... жаяу жүре тұрармын. Сен ала ғой,

-        Рақмет, рақмет саған!- Демесін оны тағы құшақтап сүйіп алды.

-        Болды, болды! Осы жақсы көргеніңе де ризамын.Атты ал да, ертерек жұмысыңа жөнел.

Демесін есікке жете берді де, кенет қайта бұрылды.

-        Сонан соң, шана!- деді ол танауы делдиіп,Ормантайдың салы суға кетіп, не айтарын білмей тұрып қалды.

-        Пәшистерді ату үшін оқ-дәрі салып жүретін шана керек, білдін бе? Шана!

Ардақ ашу-ызадан қалшылдап, кеңсе ішінде әрлі-берлі жүріп кетті. Ормантай болса не істерге білмей "шана,шана" деп өзінше сөйлеп жүр.

-        Немене, шана жоқ па?- деді Демесін ашуға басып.

-        Бар... Бар шана...- деді Ормантай,- біздің үйдің алдында тұрған менің бір кісілік шанамды ал. Саған сол лайық шығар.

Демесін оны құшақтағалы бері қозғала бергенде, Ормантай шетке ытырылды.

-        Болды, болды. Құшақтамадың деп саған ренжімеспін. Бара ғой.

-        Жарайсың, бастық, жарайсың! Мен «пәшистердің бірін қалдырмай қырамын, бәрін де. Бұл ауылға енді бір де бір пашист келмейтін болады. Келе қалса, міне, былай жайратып салам, тра-тата-та-та...

-        Иә, иә. Солай жайрат бәрін де!

Демесін жүгіре басып, шығып кетті.

-        Ойбай-ау, тонап кетті ғой, тонап!- деді Ардақ жыларман халде.- Өзіміз адамнан ат, шапаннан шана жасап отырсақ, сіз оған бір ат пен бір шана бердіңіз де жібердіңіз. Керек болса, бұл шаруашылыққа жасаған қастандық. Диверсия! Иә, диверсия! Ауданнан келе жатқан өкілге мен солай деп түсіндірем.

-        Ай, ай,- Ардақ-ай! Қалай деп түсіндірсең солай деп түсіндір, бірақ Демесін сендер ойлағандай жынды емес.Оның сен ойлағаннан гөрі мәні тереңірек.

-        Ойбай, Ореке-ау, бұл жерден қандай терең мән көріп тұрғаныңызды түсінсем бұйырмасын. Жындыға ат бер, қос ауыз мылтық, қолына бір дорба оқ бер. Мұнда қаңдай терең мән жатыр? Енді оған барып: "Кешіріңіз,жолдас жынды, айып болмаса, бізді жайратып атып тастасаңыз екен" деп айтуымыз ғана қалды ғой.

-        Сен әйел адамсың, әйелге қатыгездік жараспайды,тым қатты кетпе, Ардақ.

-        Сіздің жұмсақтығыңыздан тауып жүрген пайдамыз да шамалы, елдің естісі де, есері де бізді әбден басынып алған.Былтыр көктемгі жаңбырда құлап қалған мал қораны жаз бойы салып үлгере алмағанымыз да сіздің осы "мейірбан" мінезіңіздің кесірі. Сол "мейірбандығыңыздың" "рахатын" көріп, колхоздың ірі қара малын әр үйге қыстатып шығу үшін бөліп беріп отырмыз. Ертең сол малдарды қайта жинаганда жартысы жоқ боп шықса, қайтесіз? Жетім балалар мен жесір әйелдерді шырылдатып сотқа береміз бе?

-        Жоғалмас. Өздеріне қандай міндет жүктеліп отырғанын халық түсінеді ғой...

-        Әй, Ореке-ай! Сіз бейбітшіліктің адамысыз... Халыққа қақпай керек, онсыз олар бетімен кетеді.

Ормантайдың қолы дірілдеп, кеудесін басып тұрып қалды. Оның сырқатының сырын білетін Ардақ жетіп келді.

-        Ореке, сізге не болды?

Ардақ тым қатты кеткенін енді ұғып, пеш үстінде тұрған шәугімнен су құйып әкеп берді. Ормантай кеседегі суды шашыратып әрең дегенде бір-екі ұрттады.

-        Қиындықты көп көрген адам өзгенің жанын түсінгіш келеді,- деді ол судан тағы бір ұрттап.- Мен қиындықты көп көрдім. Дұрысын айтсам, қиындықтан басқа еш нәрсе көргенім жоқ. Жер бетінде тек қаталдық қана бар екен деп өстім... Мен... жастайымнан жетім қалдым. Күнұзақ нәр татпай, кешкілік аш жаттым. Мені ешкім де адам екен деп елеген жоқ. Және, мені адам екен деп ешкімнің елемеуі де заңды сияқты боп көрінетін.

Шешем ерте қайтыс бопты... Әкем осы ауылға көшіп келген күні ертесіне сүзектен көз жұмды. Бізге сондай кезде қол ұшын берген осы Демесіннің әкесі болатын. Біз үйелмелі-сүйелмелі үш бала едік. Ең үлкені мен - сегізде едім. Өліп бара жатып, әкемнің кемсеңдеп үнсіз жылағаны әлі көз алдымда. Сол кездерді ойласам мен әлі күнге дейін көзіме жас алам. Майданға аттанып бара жатқан сәтімде менің де соңымда ауру әйелім мен төрт балам қалды.Өліп бара жатқан әкемнің жан-дүниесіндегі азалы халді мен сол сәтте жете түсіндім. Ал сен болсаң мені қатал емессің деп кінәлайсың. Менің қатал болуға қақым жоқ...Қақым жоқ!..

-        Кешіріңіз, Ореке... Ашу алқымнан алғанда сіздің денсаулығыңыз, бен жасыңызды да ұмытып кетеміз. Әйтсе де, қайдағы бір делқұлыға бола қырғи қабақ боп жүргеніміз өкінішті-ақ.

Ормантай Ардаққа бір қарап қойды.

-        Жарайды, қойдым,- деді ол шаршаған сыңай танытып.- Сонда да болса айтайын, сіздің демалғаныңыз жөн болар еді. Соғыс контузиясы бар, жастайыңыздан жоқшылықты көп көргенсіз...

Ормантай атып тұрды.

-        Жоқ,- деді ол айғайлап,- Олай деуге қалай дәтің барады? Майдан даласынан "Жеңіс" деген хабар келмейінше жан тыныштығын ойлауға қақым жоқ.Жалғыз мен ғана емес, ешкімнің де! Алпыс төрт пен қырық бес. Сол қырық бестен ешқайсысымыздың жанымыз артық емес!..

Ардаққа Ормантайдың соңғы сөзі ерекше әсер етті.

"Алпыс төрт пен қырық бес" деген сандарды ол алғаш Демесіннен естіп еді, енді оны Ормантай қайталап тұр.

-        Ореке... айтыңызшы, алпыс төрт пен қырық бес деген не? Өткен жолы жынды Демесін де осылай деп шаба жөнелген.Ормантай Ардаққа жалт қарады.

-        Қалай? Демесін де ме? Әне, көрдің бе, Ардақ! Ал сендер оны жынды дейсіңдер. Ол жынды емес... Алпыс төрт деген - осы ауылдан майданға аттанған ер-азаматтардың саны, ал қырық бес - еліне қара қағаз боп оралған боздақтар.

Күтпеген сөз, тосын ойдан тосылып, осы бір қысқа ғана сәтте Демесін, мен оның өрескел тіршілігін еске алып,Ардақ абдырап қалды.

-        С...- солай деңіз... Ол санап жүр деңіз,- деді ол күбірлеп.

-        Иә... Сол тізімнің ішіңде сенің де күйеуің бар. Жай түскендей Ардақ оған жалт қарады.

-        Хай тізімнің?- Оның көзі ыза мен ашуға толып тұр еді.

-        Неге шошисың?- деді Ормантай сабырлы қалпынан таймай.- Жаман хабарын естігеніміз жоқ,әрине, тірілердің ішінде. Ардақ әлдене дегелі оқтала берді де, мүдіріп қалды.Сол бойы терезе алдына барып, сыртқа ұзақ қарап тұрып қалды.Ормантай оған жақындап:

-        Не болды саған, Ардақ?- деді ол жұмсақ үнмен.

Ардақ үндемеді.

-        Сен не, жылап тұрсың ба?

Бетін бұрмаған бойы Ардақ ақырын ғана тіл қатты.-Жоқ. Мен неге жылауым керек?.. Жылайтындай не бопты маған? Мына терезедегі нерделердің қап-қара боп кірлеп кеткеніне қарап тұрмын...- Ардақ көзінен тамшылаған жасты сүртуге де әрекет жасаған жоқ.

-        Ә, иә, иә. Соғыс басталар жылы ілінген перде еді,содан бері оған қарауға мұрша болды ма?- деді ол Ардақтың жасын көрмеу үшін әдейі теріс айналып.Стол астынан Әкімбектің басы қылтиды. "Кетті ме"?-деді ол әлі де үрейленіп.

-        Жандарың қалды, шыға беріңдер,- деді Ормантай зекіп.

Стол астынан, далаға қашып шыққан актив мүшелері қайта жиналып, бірі орындыққа, орындық жетпегені тура еденге жайғаса бастады.

-        Не істейтін болдық?- деді Әкімбек аспаннан түскендей Ормантайға аңтарыла қарап.

-        Нені?

-        Жиналысты дағы? Жалғастырамыз ба?

-        Жиналыс өз жұмысын аяқтағалы қашан!- деді Ардақ түк болмағандай баяғы ашық та кәрлі дауыспен.

-        Ал Демесінді қайтеміз?

-        Оны Демесіннің өзінен сұраңдар,- деп езу тартты Ардақ.- Ал қазір мақта пунктке тезек апару үшін колхоздың отынханасына қарай, менің соңымнан, шагомммарш!

Бәрі топырлап кеңседен шыға жөнелді.Бұл бір адам түсініп болмайтын таңғажайып кезең еді.

-        Салпылдап босқа жүре бермей ән айтыңдар,- деді Ардақ.- Жеңіс туралы, көсем туралы жігерлі ән болсын.Қане, Кәкімбек, баста! Бір, екі, үш!

Кәкімбек қарлыққан дөрекі дауыспен ән бастады. Сол заманның әні.

Бейбітшілік туралы ән.

...Сталин қайда болса,

Сталин қайда болса -

Жеңіс сонда, _

Жеңіс сонда,

Жеңіс сонда-а-а!

Кәкімбектің даусы хорға ұласып, бұйығы, жамау киім жадау адамдардың жігерін тасыта түскен секілді. Олар бір мезгіл қиындықты да, жоқшылық пен қайғыны да ұмытқан. Шын ұмытқан.

Хор үні ақ қар жамылған даланы түгел шарлап кеткендей. Түтіні қисық будақтаған ауылдың жатаған үйлері де ән рухына құлақ түріп, үнсіз тұр.Алыста, Демесіннің ақ қардан ақ тозаң будақтатқан бейбітшілік шанасы зулап барады. Әне, ол бері қарай құйғытып келеді. Шана Ардақтар тобына тым тақау жерден өтті. Топ алдында кетіп бара жатқан Ардақты Демесін бірден танып, тізгін тежеді. Оларға бұдан гөрі жақындай түсуге батылы жетпеді ме, сол орнында қимылдамай ұзақ кідіріп қалды.

Ардақ тобындағы Шәмсия оны бірінші байқады.

-        Ойбай, Демесін бізге қарап тұр!- деді ол үрейленіп.

-        Қараса қайтеді! Топ ішінен жалғыз сені жау алар деймісің. Әнді бұзбай тыныш жүр!- деді Ардак оған ұрыса сөйлеп.

Олар Демесіннің тұсынан өте берді. Демесіннің тұсынан өтіп бара жатқанда үрейлі топтың даусы бұрынғыдан да зорая шыққан тәрізді.

Демесін оларды парад қабылдаған маршалдай қасқайып тұрып қарсы алып, қасқайып тұрып шығарып салды.Ол топқа емес, Ардаққа қарап тұр еді. Ол Ардақты жақсы көретін. Демесін олар ұзап кеткенше Ардақтың жүріс-тұрысы мен әрбір қимылына дейін, көз алмай, тапжылмай бағып тұрды да қойды.Оның бет-әлпеті мен жанары да мейірленіп, өзі де түсінбейтін ерекше бір жылылыққа, дөрекілікпен астасқан әрі нәзік, әрі тұрпайы сезімге тұнып тұр еді.

Демесіннің өздерінің соңынан тапжылмай қарап тұрғаны әйелдердің зәресін алып, олар колхоздың отынханасына қалай жетіп қалғанын да байқамай қалды.

 

* * *

Бар дүниенің көмірін осында әкеп жақсаң да, жылымайтын ызғары мен түтіні аралас мақта пунктінде қатын-қалаш пен бала-шаға сабылып жұмыс істеп жатыр.Олардың бірі даладан арқалап көсек тасып, енді бірі мақта аршып, қалғандары аршылған мақтаны қанарға сап, бір бұрышқа жинап жүр. Ошақ басында, бір әйел дымқыл тезекті жаға алмай пешті үргілеп, көзінен аққан ащы жасын сүртіп қояды.

-        Әдіре қалғыр, осы кохоздың тезегі қысы-жазы бір кеппейді,- деді Мәнсия шырпынып.- Әй, Шәмсия, шырпыңды бере тұршы.

Сіріңкенің тапшылығы сондай, ол кезде сіріңкесі бар үй мың қой айдаған қазақтай тоқ еді.

-        Шырпыны бекер құрта берме. Жанбаса жаға алмаған өзіңнен көр. Кеше мен жаққанда бықсымай-ақ лаулап кетіп еді ғой,- деп Шәмсия да қарап тұрмай оны сөзбен шағып алып еді, Мәнсия шоқ басқандай ыршып түсті.

-        Лауласа үстіне керосин құйған шығарсың!

-        Керосинді отқа құймақ түгілі шамға таба алмай отырған жоқпыз ба? От жаға алмасаң, кісіге тиіспей отыр.Әйтпесе, бұл колхоздың сиырлары әдейілеп тұрып саған келгенде су тезек, маған келгенде қу тезек тастайды деп пе едің?

Мәнсия сөзден тосылып қалды, бірақ жеңілгенін мойындағысы келмей, қиямпұрыс көлденең әңгіме бастап кетті.

-        Әй, сен бар ғой, сен... Ауыз өзімдікі екен деп, не болса соны көки берме, білдің бе? Біраз күнәңді білемін,байқа.

-        Ойбай-ау, мына қатын не деп тұр-ей! Ал айт, айт қане. Мен сонда қарап қалармын. О несі-ай, түге, өзі нақ бір етегіне намаз оқып жүрген адамдай...

-        Не-ме-не? Әй, сен менің қылмысымды қашан көріп едің, ә? Қай жерде ұстап алып едің мені?

-        Өкініштісі сол ұстай алмағаным болып жүр.

-        Ал мен сені ұстап алғамын!..

-        Қашан? Қашан, қай жерде ұстап алып едің мені ә? Айт қане!

-        Өткен жұмада. "Демесін делқұлы болса да, үйге бір еркек кіріп келер ме еді" деп армандағаның қайда?

-        О-о, алжыған неме! Сол ма бар білгенің?

-        Сол. Е, немене, сол аз боп тұр ма? Мен кеткен соң не істегеніңді бір құдай білсін.

-        Өй, өсекшіл шайпауыз.

-        Өзің өсекшіл...

Екі әйелдің бұдан кейінгі сөзін ұғып болу мүмкін емес еді. Кімнің ақ, кімнің қара екенін ешқандай әділқазы ажыратып бере алмайтын кәдімгі қатын ұрыс басталды да кетті.

Қанар көтеріп Ардақ кіргенде ғана екеуі сәл сабаларына түсейін деді.

-        Әй, қатындар, тоқтатыңдар шайтан базарды! Бұл не ұрыс?- деді Ардақ көсек толы қанарын жерге тастай салып.

Екі әйел оның дауысын естіп, жым бола қалды. Ардақ олардың қасына келді де:

-        Қайраттарың тасып бара жатыр екен, ертең үйлеріңнен бір-бір қап қу тезек әкелесіңдер,- деді бұйырып.- Жұмыс кезінде ұрысып, жұрттың берекесін алғандарың үшін! Орнына колхоз отынханасынан екі-үш қап су тезек аласыңдар.

Екі әйел ұрысқандарын ұмытып, аңырып қалды.

-        Ойбай-ау, үйде бала-шағамызды немен жылытамыз?

-        Онда менің шаруам жоқ! Су тезекті кептіріп аларсыңдар.

-        Ал үйде от жанбаса су тезек қалай кебеді?

-        Білмеймін. Маған десеңдер қойындарыңа алып жатыңдар!

-        Астапыралла! Мына қатын басымен қырып барады,еркек болса не істер еді, ә?- деді Шәмсия ашудың алдын күлкімен орап. Оның сөзін іліп әкеткен Мәнсия:

-        Еркек болса... Әй, не істесе де осының еркек болғаны-ақ жақсы еді,- деп еді, әлғінде ғана ұрысып тұрған екі әйел түк болмағандай қарқылдап, жарыса күлді.Олардың күлкісін естіп, өзгелер де үймелей бастаған шақта, қасында екі-үш кісі бар Ормантай кіріп келді.

-        Жолдастар, біздің арамызға ауданнан өкіл келді.Түгел жиналыңдар,- деді ол.- Бүгін ол кісі бәрімізді құттықтағалы келіп отыр.

-        Құттықтағалы? Немен? Мүмкін жеңіс күнімен шығар?

-        Осыдан бір ай бұрын ғана келіп еді ғой,- деп Мәнсия да сөзге қыстырыла кетті.

-        Сабыр, сабыр, жолдастар! Қазір өкіл жолдастың өзіне сөз берейік. Қане, балалар, столды ортаға қойып жіберіңдер.

Ормантайды көріп, қуанып кеткен Перизат оған жүгіріп кеп:

-        Ормантай көке, менің апамнан хабар бар ма?- деп сұрап үлгерді.

-        Ім... ім... әлі жоқ... Алыс отардан бір хабар шыққан көрінеді. Жол ашылған соң алып келерміз...- деп Ормантай тайғақтай сөйлеп еді, бала көңіл соның өзіне қуанып, алақайлап қол шапалақтады. Тосын оқиғаға әрқашан жаны құмар балалар тоңып тұрғандарын да ұмытып, Әкімбек шал қолдан жасаған тақтай столды ортаға қойды. Басына сең-сең бөрік, үстіне қаракөл жағалы пальто киген өкіл маңыздана басып столға жақындады. Ол Ардақ жаққа жиі қарап, үнсіз амандасып, үнсіз тілдескен болды. Ардақ қысылып, төмен қарады. Ауаткомда нұсқаушы боп істейтін Сейітжаппар Ардақты қыз кезінен ұнататын еді. Бірақ Ардақ оның бұл ниетіне ешқандай жылы қабақ танытпаған-ды.   Бұл кезде Ардақ Арыстың ар жағында тұратын Асқар деген полевод жігітпен тіл табысып, енді екеуінің әке-шешелерінің бір-бірімен жүздесуін ғана күтіп жүрген жайы бар еді. Сейітжаппар қыз тарапынан бұл хабарды естігенде төбесіне сүңгі түскендей мәңгіріп қалды. Өзінің қызға салған қармағы ылғи да құр шығып, өзінше тауып айттым "деген анайы әзілдері оны бері қаратудың орнына әрі қарата беруін алғашында ол қыз біткеннің қылымсуына балап жүргенді. Оның үстіне, аудандағы аупарткомның нұсқаушысы тұрғанда Ардақ сияқты жоқ-жітімді жерден шыққан қыз Арыстың ар жағындағы жай ғана полеводты қайтсін деген берік сенімде жүр еді. Сол сеніммен жүргенде қыздың тигелі жатқанын, не аттыға, не жаяуға жатпайтын әлгі полевод оның күйеуі болғалы тұрғанын естіген кезде Сейітжаппар осы оқиғаның бәрі түсім шығар деп ойлады. Ал оның түс емес өң екеніне, аупарткомды полеводтың жеңгелі тұрғанына оның көзі жеткен кезде өзіне-өзі сенімі мол жігіт мұның бәрі заманның бұзылғанынан,адамдардың кісі тану қасиетінен айрылғандығынан, махаббат деген бәленің, айтса айтқандай, шын соқырлығынан деп ұқты.

Ол жеңілді, бірақ жеңілісі бойындағы жабайы сезімдерін жетілдіріп, өзімшіл еркекке тән өркөкірек сезімдерін молайтып кетті. Оның бір кездегі өзінше алып ұшқан алапат сезімдері жуаси келе арыстан кейпінен айрылып, мысық табан жымысқы қулыққа көшті. Ардақтың күйеуі майданға аттанды деген хабарды естігенде ол қатты қуанған, тіпті оның майданға алғашқылардың бірі болып аттануына да мұның қатысы болмай қалған жоқ еді. Енді ол кек қайтарар ең бір қолануды кез туды деп есептеген-ді. Әйел алдында мәселінің қайтуын ол еркектік намыстың кездеген мақсатын қалайда орындамай тынбауға көптен бекінген еді. Кез келген оқиғаны сылтауратып оның бұл ауылға келуі де соңғы кезде жиілеп кетті. Келген сайын есебін тауып кейде жасырын, кейде жария түрде Ардақпен тілдеспей кетпеуші еді. Кейде оны үйіне де шығарып салатын. Былтырғы жаңа жылда түн ішінде кеп, Ардақ үйге кіргізбеген соң, далада қатып өліп қала жаздаған.

Бұл жолы міне, тағы да жаңа жылмен құттықтағалы келіп тұр. Жұрт у-шу боп мәз боп жатқанда Ардақ қана оның нендей мақсатпен бұл ауылға келгіштеп жүргеніне ой жіберіп, сол ойдан өзінен-өзі қатты қысылды.Сейітжаппар бұл жолы патефон әкепті. Әне, ол ортаға бар адамның жүрегін сыздататын лепірме сөз, жалаң ұран.Бірақ мұндайлардың жолы болғыш: олар ешқашан ұялмайды, ақымақ екендігін сезінбейді, сонан сон ылғи тоқ, қашан да дендері сау.

- Жолдастар!- Ол қолын жоғары көтерді.- Мемлекетке шитті мақта тапсыру жоспарын ауданымыз бүгін,яғни 1944 жылДың 31 декабрь күні орындап шықты.Сіздердің ауылдарыңыз аудандағы ең кішкентай ауыл.Соған қарамастан сіздер мемлекеттік жоспарды артығымен орындап, аудаңдағы ең ірі холхоздармен теңесіп отырсыздар және бұл қуанышты хабар басқа күні емес, дәл бүгін,31 декабрьде жетіп отыр. Бұл - сіздердің жаңа, 1945 жылға деген аса үлкен тартуларыңыз боп табылмақ. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, жолдастар! Ал мына патефонды ауыл совет председателі... Ардақ... Лепесова жолдасқа табыс етуге рұқсат етіңіздер!

Жұрт ду қол шапалақтады. Патефонның колхоз бастығына емес, ауылсовет председателіне ұсынылғанын Ормантай түсіне алмай қалды да, өкілге бір, патефонға бір қарап қойды. Жұрт ырду-дырду боп жатқанда Шәмсия:

-        Не ғыл дейді? Жаңа жылы несі?- деді таң қалып.

-        Сен екеуміз ұрысып отырғанда бір жыл өтіп кетіпті ғой,- деді Мәнсия оны сөзбен шымшып.Аузынан буы бұрқырап ортаға Хадиша шықты.

-        Жаңа жылмен құттықтағаныңызға рақмет! Ал майданнан не хабар бар, соны айтсаңызшы,- деді ол өкілге төніп кеп.

-        Біздің әскерлер жауды өз жеріне қуып тықты.Жеңіс күні жақындап келеді, жолдастар!- деп өкіл жалпы жұртқа белгілі жайдан әрі аса алмады.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Балалар "ура" деп, ересектер көзіне жас алып қуанды.Жаудың қашып бара жатқаны, әйтеуір бір кезде жеңіс күні келерін жақсы білсе де, ауданнан келген ресми адам айтқан соң кәрі-жас түгел қуанды. Олар арқа қарыған аяз бен үйлеріндегі суық төсектің де уайымын ұмытып кетті.

-        Ал, колхозшы жараңдар! Жаңа жылға аз ғана уақыт қапты,- деді Ормантай.- Әне, әтештер де шақыра бастады. Жаңа жыл құрметіне бүгін үйлеріңізге ертерек қайтуларыңызға рұқсат. Ал ертең қанарланған мақталарды шана-шанаға тиеп, станцияға жөнелтеміз. Күн шықпай осында болыңдар.

-  Япыр-ай, жаңа жылдың келгенін де байқамай қалыппыз-ау, ә?- деді Шәмсия қиял мен толғаныс үстінде.

-  Екеуміз енді бір ұрыссақ, қырық алтыншы жылға жетін барғанымызды да байқамай қалармыз,- деп күлді Мәнсия.

-  Иә!.. Оған дейін күйеулеріміз де келіп, бәрін де ұмытармыз-ау,- дегені сол екен, Шәмсияның көзінен екі тамшы жас жерге үзіліп-үзіліп түсті.

 

* * *

Екі күн бойы бет қаратпай соққан қарлы боранның ашуы енді ғана тарқап, оқыста көрсеткен тентек мінезі үшін кешірім сұрағандай табиғат адамдар алдында кішірейіп, момақан күйге түсе қапты. Бүгін далада шағырма жұлдыз шарт аяз. Мақта пунктінен жұрт дабыр-дұбыр тарап жатыр. Олар күндегіден көңілді: Жаңа жыл қуанышы, жаңа үміт қуанышы, жақындап келе жатқан жеңіс қуанышы, майданнан аман оралатын азаматтар қуанышы әр кеудеде молая түскен секілді.

Қарлы дала, жалғыз аяқ соқпақ. Пункттен шығып келе жатқан Ардақты Сейітжаппар қуып жетті.

-  Мұныныз не? Жұрт не демек?- деді Ардақ шошып кетіп.

-  Жұрт не десе о десін! Сені үйіңе дейін шығарып салайыншы.

-  Жоқ, болмайды! Қайтыңыз. Ормантаймен бірге болыңыз,- деп Ардақ жүрісін жылдамдата түсті.

-  Мен ол үшін емес, сен үшін келдім ғой, неге түсінбейсің?- деп өкіл өзеурей сөйледі.

-  Бұл өңірде менен өзге әйел құрып қалған жоқ шығар. Мұныңыз не? Келеке ме, әлде кек қайыру ма?

Өкіл қипақтап біраз тұрды да:

-  Не деуші еді әлгі... махаббаттың көзі соқыр деуші ме еді,- деді күмілжіп.

-  Қойыңызшы, жылтыр сөзді жаным жек көреді. Сіз бен бізде қайдағы махаббат! Менің күйеуім бар, балам бар... Әуре болмасаңызшы. Өкіл оның қолынан ұстап тұрып алды.

-   Бәрі сені жалғыз жібермеймін,- деді ол сәл арсыздау үнмен.- Одан да үйге барып патефон тыңдайық.Мен Роза Бағланованың пластинкасын әкелдім. Ол "Ах,Самара, городокты" ғажап айтады.

-   Айтпақшы, оныңыз ұят болды. Патефонды айтам.Колхоз кеңсесінде тұрсын деп, оны Ормантайға беріп кеттім. Оны қалай алмақпын?

-   Қап, бекер болған екен. Қазір қайта алдырайын.

-   Жоқ, одан да сіз қайтыңыз. Әні, өткен-кеткен әйелдер бізге қарайлап, күбірлеп сөйлеп барады.

-   Сен әдемісің, Ардақ,- деді өкіл оған жақындай түсіп.- Бірақ асаусың. Осы өңірдегі кез келген әйелге емеурін танытсам, еміреніп шығары белгілі. Сен ғана илікпей-ақ қойдың. Илікпеген соң ба, құдай да қас қылғандай мені саған ынтық қып қойды.

-   О-о, байқаңыз, ақын боп кетпеңіз,- деп Ардақ зорлана күлімсіреді.- Егер мені тыңдасаңыз, өкіл күйіңізше кері қайтыңыз.

-   Жоқ, мен сенімен бірге барам.

-  Шыныңызды айтыңызшы, сізге осы не керек?

-  Сен. Сен керексің, Ардақ! Сен!

Ардақ күрсініп теріс айналды.

-  Иә, құдай шыным,- деді Сейітжаппар алқынып.-Қаласаң өзіммен бірге алып кетем. Бүгін-ақ алып кете алам.

-  Ал әйеліңізді, балаларыңызды...

- Елде жесір әйел мен жетім балалар аз ба? Көп болса олар да солардың бірі болар. Жетім-жесірлер көп кезде оларға кісінің жаны көп аши бермейді.

- Опасыз!- Ардақ ызаға булығып, жыларман халде ілгері жүгіре жөнелді. Жүгірген бойы үйіне жетті. Соңынан өкіл де өңмеңдеп келеді. Ардақ есік тұтқасына қол соза бергенде өзінен төрт-бес адым жерде состиып әлдекімді көріп шошып кетті.

- Ардақ, қорықпа, бұл мен ғой,- деген дауыс гүж ете түскенде оның Демесін екенін танып үрейі қорқынышқа айналды.

-  Деме-сін? Бұл сіз бе?

-  Иә...

-  Уһ,- деді ол жүрегін басып.- Енді маған жетпегені сен едің... Неғып тұрсың? Сен тыныштық күзетшісі емес пе ең? Жұмыс қайда?

-  Қазір... қазір барам... Сен еш нәрседен қорыққан жоқсың ба?

- Алда разы босын, қорыққам жоқ.

-  Дұрыс, қорықпа,- деді ол күлген боп.- Ешкімнен қорықпа.

-   Жарайды...

-   Ал анау тұрған кім?

-   Ә..." ол ма?.. Өкіл ғой. Мені шығарып салып келеді.

Демесінге бұл жауап, әрине, ұнамаған болуы керек.Ұзақ уақыт үнсіз тұрды да, теріс бұрылып жүріп кетті...

Ардақ пен өкіл оңаша қалды. Үйге кірді.

- Сіз де желімдей жабысып, мені жұрт алдында әбден масқаралайтын болдыңыз-ау. Енді ел бетіне ертең қалай қараймын,- деді Ардақ шарасыз халде күйіне сөйлеп.

- Жаңа жыл ғой. Шаршап, жабығып жүрсің. Көңіл көтерсеңші. Ел не демейді, тілде сүйек жоқ...

- Қазір көңіл көтеретін кез бе? Анда жұрт қан кешіп жүр.

- Қайтеміз... көптің басына түскен қиындық қой.

- Менің қолымда тағы бір қара қағаз бар. Есіңізде ме, әлгінде шешесін сұраған қыз. Аты Перизат. Маслопромға сүт апара жатқанда шешесін ұрылар тонап кетіпті.Өлі-тірі екені белгісіз. Әлі ешқандай дерек жоқ. Үш жасар інісі екеуі ғана қалды. Әкесінің қазасын қалай естіртем?..

-  Ондай оқиға қазір ел ішінде аз емес қой, соның бәрін қазір айтып, қазір қайғырмасақ болмай ма?- деді Сейітжаппар күрсініп. Сөйтті де, Ардақты құшақтамақ боп иығына қолын сала беріп еді, Ардақ сытылып шықты. Осы кезде тарс-тарс атылған мылтық даусы естілді.

-  Естідіңіз бе?- деді Ардақ оқыс оқиғаға қуанып.

-  Нені? Біреу келе жатыр ма?

-  Жоқ, келе жатқан ешкім жоқ.

- Енді не?

-  Тоқтаңыз. Әне! Мылтық даусы.

Бұл жолы мылтық үңі мүлдем жақыннан естілді. Өкіл сілейіп тұрды да қалды.Алыстан тыныштық күзетшісінің даусы талып естілді.Дауыс бірте-бірте жақындай түсті.

Қабағынан қар жауып,

Кірпігіне мұз тоңып,

Катуланып қаттанды

Буырқанып бұрсанды

Мұздай темір құрсанды.

Топталып тұрған жауларға

Қобыланды батыр жол салды.

Жалғыз өзі батырың

Жойып кетіп барады...

- Бұл тыныштық күзетшісінің даусы. .Қандай өрескел де тылсым құбылыс! Мұндай оқиғаны бізге дейін ешкім естіген де, көрген де емес шығар,- деді Ардақ терезе алдына келіп. Дауыс бұрынғыдан да күшейе түсті.

-  Не, ол... осында келе ме?- деді өкіл үрейленіп.

-  Қандай сужүрек адам едіңіз,- деп Ардақ бұл жолы шындап күліп алды.- Оның сізбен шаруасы жоқ. Ол фашистермен соғысып жүр.

-  Фашистермен?

- Иә, фашистермен.

-  Қалай, соғысқаны қалай?

-  Кәдімгідей? Сонда ол... мылтық ата ма?

-  Атқанда қандай?

Өкілдің көзі алақандай боп, түрі бұзылып кетті. Осы кезде қос ауыз мылтықтың гүрс-гүрс етіп қосарланып атылғаны естілді. Өкіл жерге етбеттеп жата кетті.Тыныштық күзетшісінің дауысы бірте-бірте алыстап,үй ішінде тыныштық орнаған соң. Ардақ:

-  Оу, өкіл жолдас, ұйықтап қалдыңыз ба?- деді қарқылдай күліп.

Өкіл орнынан тұрып, үстін қағып-сілки бастады.

-  Мынау бір сұмдық екен,- деді ол дірілдеп.

-   Сізді көрген сайын: "Осы кісі неге соғысқа бармайды" деп ойлаушы ем. Менімше, сізді соғысқа алмай жүргені де дұрыс болған. Сіз сияқты қорқақ адамдар бейбіт өмірде ғана қожаңдағыш келеді ғой.

-  Білем, білем, тікен тілді әйелсің. Сондықтан сенің сөзіңе ренжуге болмайды. .

-  Ал енді қайтыңыз.

- Таң да атып қалды ғой. Осында қона кетсем қайтеді? Балаң да ұйықтап қалды.

-  Жоқ. Таң саз бере мақта пунктінде болуым керек.От жанбай, жұрттың түтінге булығып жатқанын бағана көрдіңіз ғой.

-  Мен сенін барлық тілегіңді орындайтын едім ғой.Осыдан барған соң, колхоз тізгінін өзіңе әперем бе деген ойым бар.

-  Керегі жоқ. Мен тізгін үшін таласпаймын. Таласа қалсам да өзім күресемін. Сау болыңыз!

Бұл жолғы әрекетінен де ештеңе шықпайтынын түсінген Сейітжаппар амалсыз қайтуға бел байлады.

-  Япыр-ай, әлгі жындысүрей күзетшілеріңнен қалай өтер екенмін?- деді ол жай шығып кетудің ретін таппаған соң, әдейі ашу шақыра сөйлеп.

- Өкіл екеніңізді түсіндіріп айтарсыз?- деп күлді Ардақ.

-  Қолында мылтығы бар дедің, ә?..

-  Иә, мылтығы бар, қос ауыз...

- Ардақ, осында жата кетсем қайтеді? Күн шыққан соң-ақ кетермін.

- Жоқ. Таң атқанда үйден шығып бара жатқаныңыз жарамас.

-  Енді қашан келейін?

-  Айттым ғой, келмей-ақ қойыңыз!

- Сен әйел емес, ағаштан жаралған шығарсың! Ал тырысып бақ, кашанға дейін шыдар екенсің!.. Бірақ айтпады деме, бір күні өзің жалынасың. Сонда көрермін бәлем сені...- Осыны айтты да, ол есікті сарт жауып шығып кетті.

Сырттан тыныштық күзетшісінің үні естілді.

Ардақ қабырғадағы күйеуінің суретінің алдына кеп ұзақ тұрды да, әлгі өкіл айтқан сөзден қорланып жылап жіберді.Жастыққа көміліп ұзақ жылады.Ол кездегі ұйқының адам үшін атқарар бірнеше қызметі болар еді. Тынығу, әл жинау, өзіңді ертеңге дайындау, азапты тіршілікті ұмытып ғажайып түстер көру,сағынып жүрген әкеңмен, бауырыңмен қауышу, жыртық етік, жамау тон боп тым ұзаққа созылған қысты артқа тастап гүлге толы көгілдір қыраттарға жалаңаяқ жүгіріп шығу, содан үйіңе кеп көңілің қалаған дәмді тағамдарды тойғаныңша қарбыта жеу.Адамдар осы үшін жастыққа бас қойып, осы үшін ұйқыға кетуші еді.Олар үйлеріне түн жарымында кеп от жағып, ыстық қаумет жасап ішіп, ақыреттей суық көрпенің астына кіріп, кездері ұйқыға кеткенше бойлары жылынбайтын. Жылынбаған бойы ұйықтап кетеді.Тістерінің сақылдағаны қатты ұйқыға кеткенде ғана тоқталады.Түстеріне лаулаған от, ыстық монша кіреді.Бойлары енді жылынғанда сібірлеп таң атып, бұлар орындарынан тұрып кетеді. Ертең тағы осы күн. Бірақ бүгін сол суық төсекке жеткенше де көп уақыт бар. Өйткені таң жаңа атты. Мақта пунктіндегі жұмыс енді ғана басталды.Үлкен-үлкен қанарларды әйелдер мен балалардың өздері-ақ көтеріп, сыртқа алып шығып жатыр. Балалардың ішінде Мүтән де бар. Ол жазылып, жұмысқа араласа бастаған.

-   Әй, Мүтән, тым ауыр қанарларды көтермей-ақ қой,сынған қолың әлі жазылып біткен жоқ,- деп, жүк көтеріп жүрген оған анасы ауық-ауық айғайлап қояды.

Жұмысқа келген бетте Перизат үйреншікті әдетпен:

-    Ардақ апай, менің апамнан хабар бар ма?- деген сауалмен қарсы алады. Бұл болса: "Жоқ... Жақында кеп қалар",- деп күмілжи жауап береді.- Мен бар ғой, Ардақ апай, түсімде көкемді тағы көрдім,- деп Перизат көрген түсін айтады.- Ол келгелі жатыр екен деймін."Мамаң ауырып қапты ғой. Қамықпа. Жақында барамын.Ініңді жалғызсыратпа. Мен барғанша шыдай тұр. Жылама"- деп жатыр. Сізге не болды? Ардақ апа?

Ардақ, әрине, жас қыздың сөзінен толқып кетіп еді.

-  Жай... ештеңе де. Мен екі күн бойы көз шырымын алған жоқпын. Басым айналып тұрғаны,- деп қайдағы-жайдағыны айтып кетті. Онымен қарап тұрмай Перизат:

-  Ардақ апа, осы уақытқа дейін апам неге бір хабар бермейді?- деп жанары жасаурай түсті.- Сіздер неге іздемейсіздер? Неге? Кішкентай інім түн болса, апалап жылап шығады. Апама бірдеме болған ғой, әйтпесе ол неге келмейді, неге? Неге? Ол жылаған кезде Ардақ өзін қоярға жер таппайды.

-  Перизат күнім, қойшы енді, апаң келеді. Міндетті түрде келеді. Мен сені қазір көңілдендірейін... Қазір!..

-   Ей, қу тезек пен су тезек. Қайда жүрсіңдер?- деп ол екі әйелге айғай салды.

-   Не болды, бастық қатын-ау, біз мұндамыз,- деді олар қосарланып.

-  Өлең айтыңдар!- деп бұйырды Ардақ.

Мәнсия мен Шәмсия түкке түсінбей:

- Не-мен-не?- деп қайталап сұрады.

- Құлақтарың керең боп қалды ма? Өлең айтыңдар деймін. Бастаңдар! Бір! Екі! Үш!

Мәнсия мен Шәмсия өлең бастап кеп жіберді.

Қаратаудың басына көш келеді;

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...-

деп олар "Елім-ай" әнінің зарлы жолдарын озандата жөнеліп еді, Ардақ:

-  Тоқтат! Қайдағы қайғылы өлеңді қайдан тауып алдыңдар? Көтеріңкі, көңілді өлең айтыңдар?- деді ашуға басып.  *

-  Көңілді өлең білмесек жерден қазамыз ба?- деді Мәнсия ренжіп. Ардақ оларға қолын сілтеп:

-  Әй, кім бар анда? Бері, бәрің келіңдер! Қане, кім көңілді ән біледі? Кім?! Айтыңдар?!..- деді топқа қарап.

Ешкім үндемеді.

- Онда... Ақсақал, сіз бірдеңе дерсіз?- деп ол Әкімбекке жалыңды.- Сіздің жастық шағыңызда да көңілді ән болмады ма?

Әкімбек ортаға шықты.

-   Болды, болғандай қандай!- Әкімбек таяғын домбыра ғып, даусын кеней бастады.- Ән деген бізден қалған нәрсе ғой. Күлдіргі әнім отыз күнге, күңіренген әнім қырық күнге жетеді.

- Ал жарайды. Мен "Медетбекті" айтып берейін.

Автомобиль, трактор,

Бұрандасын бұрап тұр.

Қыз күйеуге кетем деп

Үй артында жылап тұр.

Ей, ей, Медетбек,

Ой, ой, Медетбек

Ерте бастап неіге айтпадың,

Маған қатын керек деп.

Әуелеп ұшар дуадақ,

Ұстар ма едің қуалап

Он сегізде қыз болса

Жүрер ме едің құшақтап.

Ей, ей, Медетбек,

Ой, ой, Медетбск.

Ерте бастан неге айтпадың,

Маған қатын керек деп...

Әкімбектің әшейінде түк естімейтін саңырау кемпірі ән текстіндегі "он сегіздегі қыз" туралы естіп:Мына жаман шал қызды қайтпекші-ай,- дегенде жұрт күлкіге батты да қалды. Перизат та күлді. Ел осылай абыр-сабыр боп жатқанда, кіре беріс есіктегі жұртты қаға-маға, үсті басына қырау қатқан Демесін кіріп келді. Демесінді көрген соң күлкі атаулы таппа тыйылып, жұрт сілтідей тына қалды. Әркім қолына түскен нәрсемен бетін көлегейлеп, бір-бірінің артына тығыла түскен.

-   Бұл не? Не боп қалды тағы?- деді Ормантай ғана оған жақындап.

Демесін сыртта тұрған төрт-бес балаға дауыстады.

-   Алып кіріңдер!

Бірнеше бала бір-біріне тізбектеп байланған үш адамды ішке алып кірді. Бәрінің соңынан қолы байлаулы өкіл кіргенде ауыз біткен аңқиды да қалды.

- Бастық жолдас. Міне пәшистер! Тұтқын пәшистер!- деді Демесін "рапорт" беріп.

-  Неғыл дейді, құдай-ау? Тұтқын пәшистері несі?

-  Ойбай-ау, пәшис деп тұрғанының біреуі түнде ғана бізді құттықтаған өкіл емес пе?- деген дауыстар әр жерден бір естіліп жатты.

- Бұл не сұмдық?- деді Ардақ Демесінге қарамауға тырысып. Демесін болса кегі қайтып, көңілі толған адамдай Ардаққа күлімсірей әрі масайрай қарап қояды.

-  Енді бізге жетпей тұрғаны - өкілді тұтқындау еді,- деді Ормантай басын шайқап.- Босат мына кісіні!

-  Жоқ, босатпаймын! Ол түнде неге жүреді?

-        Бұл кісі бізге ауданнан келген өкіл білдің бе? Қап,бізді әбден ұятқа қалдырдың-ау! Қолын шеш енді!- Балалар бұйрықты орындамақ боп оларға жақындай беріп еді, Демесін дүрсе қоя берді.Ормантай сонда ғана байқады. Демесін үшеуінің де аузына мақта тығып қойыпты. Әсіресе, өкілдің аузындағы мақтаны көргенде бастықтың жүрегі аузына тығылып, көзі ұясынан шығып кете жаздады. Оның ызадан жарылғалы тұрғанын көріп, екі-үш бала екілді босатпақ боп ұмытылып еді, Демесін жетіп кеп:

-  Аулақ, өзім босатамын!- деді ол ақырып.

Ол өкілдің қолын шешіп, аузындағы мақтаны алды.Өкіл тәлтіректеп келіп пешке сүйеніп, ұялғанынан жеңімен бетін басты. Сонан соң басын көтеріп, әуелі Ормантайға, Ардаққа, сонан соң үнсіз жиылған жұртқа қарады. Бір сұмдықтың боларын күтіп, жұрт та сілтідей тына қалыпты.

-  Мені осылай масқараладыңдар ма? Тұра тұрыңдар,бәлем, бұл үшін сазайларыңды тартасыңдар әлі. Өкімет адамын мазақ қылдыңдар ғой, мені ойыншық санадыңдар ғой!- деп ол ыза мен қорлықтан жыларман халде булыға сөйледі.

-  Әй, Демесін-ай, не істегеніңді білесің бе сен? Аудан алдында бізді ұятқа қалдырдың ғой,- деді Ормантай өкілдің адында ақтала сөйлеп.

-        Жо-оқ, бұл тек ұяттың ісі емес, жазаның ісі, жазаның!- деді өкіл ызадан қалшылдап.- Мені осылай қорлағаны үшін мына тұрған нақұрыстарыңды... милициямен жындыханаға айдатам. Ал сендерді, колхоз бастығы мен ауылдық совет бастығы... Ендігі ісім сендермен болсын!..

- Ойбай-ау, бұл кісі кеше түнде кетіп қалмап пе еді,таңға шейін қайда жүрген? -деді Мәнсия көпшілік көкейінде тұрған сұрақты дәл басып.

-   Менің үйімде!- деді кенет Ардақ.

Жұрт аңтарыла қалды.

-        Иә, иә, менің үйімде,-' деп қайталады Ардақ.-Білгілерің келіп тұрғаны сол ғой. Ал біліңдер!

Жұрт арасында сыбыр көбейді.

-        Не дейді? Бетім-ау, сонда екеуі бірге болған ба?

-        Иә, бірге болғанбыз! Бірақ өкіл жолдас өкпелеп кеткен. Бізге кіжініп тұрғаны да сондықтан шығар,- деді Ардақ әрі ызалана, әрі амалсыз ақтала сөйлеп.

-        Қой, Ардақ өкілді өкпелете қоймас!..

-        Өкпелетсе өкпелетер, өзінің де мінезі мінез емес қой!

-        Өкілдің де қор болған жері осы-ау. Әйелден дәметіп келіп жындының қолына түсті!

Әйелдер жағы алып-қашты сөзді бірінен соң бірін шұбыртып, ішек-сілелері қата қарқылдай күлді. Мына топтың алдында масқара бола бергісі келмей Сейітжаппар тез тайып тұрғанды жөн деп санаған болуы керек, кенет:

-        Сау болыңдар, өңкей жындының ауылы!.. -деп бастық пен Ормантайға оқты көзімен соңғы рет ата қарап,есікті сарт жапты. Өкілдің біржола кеткеніне Демесін іштей қуанды. Ол жеңімпаз адамдай Ардаққа күлімсірей қарап еді, Ардақ теріс айналып кетті.

-        Өкілді өкпелетіп жіберген Ардақтың да дәті берік екен. Құдай біледі, осы біздің Ардақ әйел киімін киіп жүрген еркек,- деді Мәнсия Шәмсияға сыбырлап.

-        Қой әрі, қайдағыны айтпай. Еркек болса біздің мырза аға бір түннен соң-ақ қашып шықпас па еді,әскерге кеткенше бірге тұрды ғой,- деп Шәмсия оның әйел екенін фактімен дәлелдеді.

-        Ал мына екеуі кім? Неғып жүрген адамдар?- деді Ормантай Демесінге.

-        Олар да пәшист,- деді Демесін қайта ызаланып.-Оларды сиыр ұрлап бара жатқан жерінен ұстап алдым.Сиырлары есік алдында тұр. Бұрын да ұрлапты. Атам деген соң бәрін айтып берді.

-        А-а, солай де. Жандарының тәттісін бұлардың!

Ұрлаған сиырлар есік алдында тұр деген соң елірген жұрт лап қойып далаға шықты да, артынша айғайға басып Хадиша қайта кірді.

-        Менің сиырым! Менің сиырым! Осыдан бір жеті бұрын ұрланған меңің сиырым. Ах оңбаған, кәззәптар!Жұрт жанын қиып, қанын төгіп жүр, ал бұлар бала-шағаның күн көріп отырған жалғыз сиырын ұрлайды. Сендерді де еркек дейді-ау, өй, өлімтіктер өңшең!- Хадиша екі ұрыны тұрған жерінде жұлмақ боп тұра ұмтылып еді,оны Ормантай ұстап қалды. Ол Демесінге жақындап оның бетінен сүйді.

-        Көз жасымызды құдай да көрмей отырғанда мына қарақшылардың тырнағынан жалғыз сиырымызды құтқарып бердің! Рақмет саған, Демесін!

-        Әрқашан тыныштыққа қызмет етемін!- деді Демесін саптағы солдаттай саңқылдап.

-        Мыналарды не істейміз?- деді Ардақ ұрыларды нұсқап, Ормантайға.

-        Ерік сенде, Ардак,- деді Демесін оған елжірей қарап. Ардақ қысылып төмен қарады. "Бейшара, бұл маған неге бұлай қарайды, ұят-ай!"- деді іштей Ардақ

өзінен-өзі қысылып.

-        Ұрылардың аузындағы мақтасын әлі алмағансың ба?- деді Ормантай да ол екеуінің арасындагы өрескел ыңғайсыздықты байқап.

-        Алынбайды,- деді Демесін.

-        Неге?

-        Қатып қалған!

Ормантай күліп жіберді.- Жібіген шығар, алып таста,сөйлесейік.

Демесін ұрылардың аузындағы мақтаны алғаны сол екен ауыздары босаған ұрылар тізерлей отыра кетіп, жамырай жөнелді.

-        Жаздық, жаңылдық! Бізді бір сайтан азғырды, енді бұл маңнан жүрсек аяғымыз сынсын!

-        Немене? Біртіндеп сөйлесеңдерші, түк түсінсек бұйырмасын!

-        Жаздық, жаңылдық! Бізді бір сайтан азғырды, енді бұл маңнан жүрсек аяғымыз сынсын деп тұрмыз.

-        Ә-ә, солай ма? Бұл маңнан жүрмейсіңдер?

-        Иә, жүрмейміз.

-        Тап солай, отағасы.

-        Демек, бұл маңнан емес, басқа маңнан жүрмексіңдер ғой, солай ма?

-        Жоқ, жүрмейміз, отағасы.

-        Ей, біреуің сөйлесеңдерші, жамырап кеттіңдер ғой тағы. Қане, сен айтшы,- деді ол жаутымақтыға.

-        Еш маңнан жүрмейміз, отағасы,- деді жаутымақты бұрандалы патефондай әлгі сөзді қаз қалпында тағы қайталап.

-        Дұрыс... Еш маңнан жүрмейсіңдер,- деді Ормантай.. Сөйтті де, кенет ызаланып:- Сендердің жер бетінде жүруге қақыларың жоқ!-- деп дірілдеп кетті.- Жоқ!Жоқ! Жоқ!..

-        Дұрыс! Дұрыс айтасың, бастық!- Демесін иығынан мылтығын алды.- Атып тастайын ба?

Екі ұры Ормантайдың аяғын құшты.

-        Құтқара гөр, құтқара гөр, мына тажалдан, отағасы!Қанша ұрлық жасап жүріп, мынадай сұмдыққа кезіккен жоқ едік, қайдан тапқансыңдар мына пәлені. Құтқара көріңіз! Барлық тапқан-таянғанымыз шыбын жанымыздың садақасы болсын, бәрін сіздерге әкеп берейік. Құтқара көріңіз! Құтқара көріңіз!

-        Шындарыңды түгел айтсаңдар құтқарамыз,- деді Ардақ олардың тура жанына кеп.

-        Айтамыз, айтамыз!- деді екі ұры жанұшыра қосарланып.

-        Біздің колхоздың қанша сиырын ұрладыңдар?

-        Жалпы алғанда ма, әлде бір жылдың ішінде ме?

-        Өй, көксоққан! Жалпы алғанда!- Ардақ олардың арсыз сұрағынан айғайлап жібергенін де сезбей қалды.

-        Тоғыз сиыр,- деді біреуі жан-жағына алақтап.

-        Ол өтірік айтады, он бес сиыр, отыз қой, алты тауық,- деді екіншісі.

-        Бар шындарың осы ма? Қосып-аларларың жоқ қой?

-        Жоқ, жоқ!

Манадан бері жаутымақты ұрының аяғына тесіле қарап тұрған Хадиша кенет- айғайлап жіберді.

-        Өтірік, өтірік! Бұлар шынын айтпай тұр. О, жауыздар, жауыздар!

Жұрт оған дүрліге қарады.

-        Не болды, Хадиша-ау?

-        Байпақ!.. Мынаның аяғындағы байпақ менікі! Өткен жолы маслопромға кетіп бара жатқанда аяғымнан шешіп Зейнепке бергенмін. Сол! Сол!

Жұрт гулеп кетті."0ңбаған жауыздар, қанішерлер!" деген сөздер тұс-тұстан жамырай естілді. Топ ішінен Перизат жүгіріп шықты.

-        Ормантай көке! Байпақ мамама үлкен болғандықтан табанына қабаттап ескі дәптердің мұқабасын салғам, егер алып тастамаса сол болуы керек!- деді ол зар қағып.

Демесін жаутымақты ұрының аяғындағы байпақтың екеуін де суырып-суырып алып Перизатқа берді. Ол ішіне қолын сұғып, екі қабаты іри бастаған қағаз ұлтарақты алып шықты. Қағазға үңіле қарап, "7-а класы, Жанаева Перизат. Қазақ тілі дәптері" деген жазуды оқыды.

-        Жауыздар!.. Жауыздар!.. Апатайым менің! Ормантай көке, менің мамамды мыналар тонапты!

Жұрт қайта гулеп, кездері шарасынан шыққан ұрыларға ұмтылды.

-Өлтіру қерек!

-        Ату керек!

-        Ату аз, турап-турап итке тастау керек!..

-        Халайық! Шуламаңдар!- деді Ормантай қолын көтеріп,- Ал айтыңдаршы, мына байпақты қайдан алдыңдар?- деді ол байпақты ұрының дәл көзінің алдына тақап.

-        Базардан,- деді біреуі тайғанақтай жауап беріп.

-        Тауып алдық,- деді екіншісі жалма-жан жалтарып.

-        Қайсыңа сенеміз? Қане? Өздерің мойындарыңа алыңдар,- деді Ормантай байпақты Хадишаға ұстатып.Сөзге Ардақ араласты.

-        Туһ, Ореке-ай! Бейбітшіліктің адамысыз десем,тағы ренжисіз-ау. Бұл сұмырайлармен басқаша сөйлесу керек. Олардың тілі басқа. Әй, Демесін!...

Демесіннің қабағы бірден жадырап:

-        Тыңдап тұрмын,- деп саңқ ете қалды.

-        Мыналарды үй артына алып бар да, атып таста.Бәріміз бір-бір күрек топырақ тастасақ, көміледі де қалады. Бұларды іздейтін де ешкім жоқ. Алып кет!

Демесін "Құп болады!" деп арқанды ұстап, байлауы әлі шешілмеген екеуін сүйрей бастағанда біреуі шар ете түсті.

-        Айтамын, бәрін де айтамын!

-        Шыныңды айтсаң, кешірім жасаймыз, -деді Ардақ екіншісіне, Зейнеп қайда? Тонаған әйелдеріңді айтам?

-        Егер қолымды шешсендер бәрін айтам.

-        Шешіңдер қолын.

Демесін оның қолын шешті.

-        Ал айт. Зейнеп қайда?

-        Ол... ол... көпірдің астында...- деді тымақты ұры.

-        Тірі ме?

-        Білмеймін. Көпірдің астында... іш көйлекшең ғана қалған... Менің жазығым жоқ, менің жазығым жоқ. Мен қарауыл қарап тұрдым. Бәрін істеген мынау! Жанымды алып қала көріңіз, жалынамын! Жалынамын!..

Перизат, "ма-ма-а... ма-ма-а-тай!.." деп шыңғырып жіберді де, талықсып құлап түсті.

Жұрт оны көтеріп алды.

Жұрттың абыр-сабыр кезін пайдаланып, қолы шешілген ұры еңбектеп отырып есікке жетті де, шыға қашты.

-        Ойбай, ұрының біреуі қашып кетті, деп бір әйел айғай салды.

-        Ұстаңдар, ұстандар.

Сырттан шаба жөнелген ат дүбірі естілді.

-        Аттан, аттан! Пәшист қашты! Ат қайда, ат қайда?-.деп Демесіннің делебесі қозып сыртқа жебедей атылды.

Жұрт дүрлігіп түгел далаға беттеді.

Демесін сыртқа шыққанда ұры оның атына мініп қашып үлгерген еді. Ол жалма-жан мылтығын иығынан сыпырып, ұрының соңынан қудыра атып еді, оқ дарымады.

-Ах, оңбаған, құтылып кетті-ау! деп ол жұдырығы мен маңдайын соқты.

 

* * *

Шегі де, шеті де жоқ қара жұмыстан әбден қажыған колхоздың көтерем атындай, бұл шағын ауылдың әлжуаз күні ілбіп шығып, зорлана батып жүріп, әрең дегенде тағы бір айды артқа тастады.

Бұл ауылдың бір де бір үйінде сағат жоқ болатын.Оларда уақыт жайлы екі-ақ түсінік бар еді, бірі ұйықтағанға дейін, екіншісі ұйықтап тұрғаннан кейін. Осы екі аралықтың өзін олар тіршілік деп атады, осы екі аралықта олардың ең бір ғажайып армандары мен балдай тәтті үміттері қатталып жатты және мұндай ғажайып армандар мен балдай тәтті үміттер соғысқа дейінгі бейбіт күндердің ешқайсысында болып көрген жоқ. Ондай күндер 45 жылдың 9 майынан кейін де ешқашан қайталанбайтынын осындағы қырық бір түтіннің бір де бірі ойлап көрген емес.

Өткен жолғы оқиғадан соң Демесін тым екіленіп алды.Ол бесіннен бастап тура күн шыққанға дейін екі атын шанаға кезек-кезек жегіп, ауылды кірпік ілмей айналып шығуды әдетке айналдырды. Тек күн шығып, төңірек ай-жай болғанда ғана түнгі аяздан қас-қабағын қырау көміп, болдырған аттарын жаман сарайдағы ақырға байлайтын да, өзі моладай мұздай тамындағы ақыреттей төсегіне шешінбеген бойы құлай кетуші еді. Сол құлағаннан түс ауа бір-ақ тұрады. Сонан соң барып үйіне от жағып, қазандағы мұз боп қатып қалған көжесін жылытып ішіп, "ауылды торыған пәшистермен" ақтық демі біткенше айқасу үшін тағы да оқ құюға кірісетін.

Ауыл адамдары ілуде далаға шыға қалғанда алыстан естілген Демесіннің "айт, шу!" деген дауысы мен болдыра бастаған атының жиі-жиі пысқырғанын, шана табанының қасат қармен сырылдағанын естіп, әрі қорқып, әрі ес тұтушы еді.Бүкіл ауыл, шынында, енді алаңсыз ұйықтайтын болды. Оны "милицияға тапсыру, немесе жындыханаға өткізу" жайлы мәселе әзірге актив арасында айтылмайтын болды.

Адамдар тыныштық күзетшісінің өрескел қызметіне біржолата үйреніп алды. Олардың алаңсыз тіршілігі мен бейғам ұйқысы Демесінге ерекше демеу беретін еді, ол түнгі "қызметінен" қайтып келіп, әлгі ақыреттей төсегіне бас қойғанда, ауыл адамдарының тағы бір түнді тыныш өткізіп, тағы бір күнді қарбалас тірлікпен бастағанын көріп, өзі де тыныш ұйқыға кетуші еді.

Бүгін де ол қызметінен қайтар жолда колхоздың шөпханасынан бір бау жоңышқа, екі бау жүгері пая алып,үйіне қайтып бара жатқан жолда Ардақпен қарсы ұшырасты. Ардақ онымен "қызмет бабында" кездеспеген еді,оның екі беті түнгі аяздан тұтқыштай боп қарайып,кірпігімен мұртына қадау-қадау боп мұз қатып қалыпты.Демесін бұған бұрылып та қараған жоқ, танымайтын адамдай қасынан зу етіп өте шықты.

Ардақ бүгін әр үйге бөліп берген колхоздың ірі қара малын қабылдау үшін мал қораға ертелетіп келіп еді.Кімде қанша мал бар, кім қаншасын өткізді, соның бәрін қадағалап отыру үшін ол қасына қағылездеу бір әйелді ертіп ап күн тұсау бойы көтерілгенде мал қабылдауға кірісті. Әуелі қақаңдап Кәкімбек шал келді.

-        Иә, сізге қанша сиыр беріліп еді?- деді Ардақ жуыспай тұрған алақанын үрлеп.

-        Төртеу. Төртеуі де дін аман. Әне, көр!- деп сергек жауап қатты Кәкімбек.- Осынша ерте бастап, жау қуды ма?

-        Арықтатып жібергенсіздер ме, қалай, іші-ішіне қабысып қапты ғой?- деді ол Кәкімбектің наразылығына құлақ аспай.

-        Колхоз не берді, алдына соны қойдық. Аянған ештеңеміз жоқ.

-        Ала сиырдың бір мүйізі неге сынған?

-        "Жазым болса быламыққа тіс сынады" деген. Кеше менің де бір тісім сынып қалды, міне,- деп дәлел ретінде ол аузын ашты.

-        Сіз жетпіске келдіңіз, тісіңіз ерте ме, кеш пе,әйтеуір бір сыну керек, ал сізге бақ деп берген сиыр әлі жас, алтыда ғана. Неге мүйізі сынады? Қарамағансыздар ғой.

-        Неге қарамаймыз, өз малымыздан артық қарадық.

-        Жаз,- деді ол қасындағы әйелге.- Түгел әкелді деп жаз. Келесі кім?

Төрт сиыр жетектеп Хадиша келді.

-        Сенде қанша еді?

-        Бесеу.

-        Неге төртеу-ақ?

-        Біреуі өліп қалды, оны өзің білесің ғой.

-        Орнына оз сиырыңды саласың.

-        Оны қайдан аламын? Жалғыз сиырымды ұрлап кетті ғой.

-        Маған ондай дәлелдің керегі жоқ. Бес сиырды бағуға алдың ба - алдың. Ұрлап кетті, өліп қалды деген сөз себеп емес, мемлекет малының саны түгел болуы керек.

-        Ардақ-ау, мен оны қайдан таппақпын?

-        Білмейм. Қайдан тапсаң онан тап. Сиыр болмаса,бір сиырдың орнына төрт қой өткізесің. Он күн мәулет берем. Соның ішінде таппасаң, еңбеккүніңнен ұсталады.

-        Ұстаңдар, ұстаңдар еңбеккүннен! Күйеуіміз соғыста өлсін! Демесін баламыздың қолын сындырсын, өзіміз ақыреттей мақта пунктте қыс бойы жұмыс істеп ауру табайық, шиеттей бала-шаға аш-жалаңаш жүрсін, колхоздың малын бағып берейік. Сендерден қорыққанымыздан баламызға қарамай малға қарайтын болдық. Енді кеп,көтерем сиырларың өлсе құнын еңбеккүннен төлеп, өзіміз аштан өлейік. Сол ма мақсаттарың? Елді қинай бергеннен не түседі, халықтың аузынан қашанғы жыра бересіңдер?Сеңдерде ұят деген бар ма?

-        Келесі? Келесі кім деймін?- деді ол ызаланып.

-        Ардақ-ау, айтсаңшы басқа не амал бар?

-        Басқа амал жоқ, төлейсің! Бар!

-        Қара жүрек!.. Тас бауыр! Төрт құбыласы түгел адам басқаның қайғысын қайтсін?- деп ол көзіне жас алды.

-        Жаз!- деді Ардақ ызалана айғайлап.- Бір мал жетпейді де. Келесі, келесі кім?

Үш сиырын жетектеп, шынашақтай боп Перизат келді.Ардақ оған ұзақ қарап тұрып, сырт айналып, көзін сүртті.Сәл сырт айналған бойы тіл қатты.

-        Перизат, бұл сенбісің. Сендерде қанша еді?..

-        Үшеу.

-        Өздеріңде мал бар ма?

-        Бар.

-        Қанша?

-        Бір ешкі, екі тауық...

-        Сендерге бір сиыр берсем... Жарайды, әзірге бір ешкінің сүті екеуіңе жетер. Бір ешкінің сүті екеуіңе жете ме?

-        Әрине... Ардақ апай, сіз неге теріс қарап тұрсыз?

-        Саған... ренжіп тұрмын,- деді ол кенет даусын өзгертіп.

-        Неге?

Ардақ Перизатқа бұрылды. Сонда ғана оның жылағаны байқалды.

- Сен... жетінші кластың оқушысысың. Бойжеткен қызсың... Азаматсың. Сөйте тұра сен әлі күнге дейін ананың моласына қарай жүгіретін көрінесің,- деді ол дауысын көтеріп.- Біле білсең, ол - комсомолға жат қылық! Сенің артыңда өсіп келе жатқаң інің бар, егер сен болмасаң ол кімге арқа сүйемекші? Осыны ойладың ба?

-        Жоқ,- деді Перизат жыламсырап.

-        Ойламағаның қате болған. Сенің інің - болашақтың азаматы. Сенің оны жалғыз тастауға қақың жоқ,білдің бе?

-        Иә... Білдім...

-        Білсең бопты. Ал енді үйіңе бар, болашақтың азаматына жақсылап қара. Жарай ма?

-        Жарайды... Ардақ апа... көкемнен хат келген жоқ па?

Ардақ сәл абдырап қалды да: "Жоқ... Әзірге болмай тұр"... деп қысқа жауап берді.

Перизат кеткен соң Ардақ орамалын алып, ерніне жеткен кермек көз жасын сүртті.

-        Келесі кім? Келесі кім деймін?Тез! Тез! Кеуделеріңде жандарың бар ма, болсаңдаршы!- деді ол өзінен-өзі өршеленіп.

-        Мына қатын бізді қуырып жей ме, қайтеді-ей?-деген Мәнсияның ашулы даусы естілді.

-Өзінің күйеуі аман, баласы тоқ, жұрттың қайғысын қайтсін?- деп оны Хадиша қостады.

-        Оның үстіне ауданнан ай құрғатпай өкіл кең тұрады... Патефонымен!..

Ардақ оларға жалт қарады.

-        Кім оны айтқан? Әлгі сөзді айтқан қайсың? Түсіне білсеңдер... мен өз баламнан гөрі сендерді көбірек ойлайтын едім ғой, сендерді!..

-        Иә, жүдә қатты ойлап жүрген шығарсың!- Хадиша оны келіп күпәйкесінің жағасынан ала түсті.- Әй қатындар, сендер қарап тұрмақсыңдар ма?

Әйелдер жағы жабылып, Ардақты жығып салды. Перизат "Ормантай көке!" деп жан ұшырып сыртқа жүгіре беріп еді, қарсы алдынан шыға келген Демесінді көріп, қорыққанынан кейін шегінді.Демесін жұртты қақ жарып кеп Ардақты қолтығынан сүйемелдеп тұрғызды. Әуелгіде Ардақ оның иығына басын сүйеп бір-екі аттап еді, Демесін сол сәтке масайып, оның шашынан сипады.

Енді не болар екен деп үрейленіп тұрған жұрт мына көрініске қайран қалып, демдерін іштеріне тартты.Ардақ есін жиып, Демесінді сілкіп тастады да, шеткері шықты. Шананың шарбағына сүйеніп, мең-зең қалпы ұзақ тұрды. Сонан соң басын көтеріп, үнсіз тұрған топқа арнап баяу сөз бастады.

-        Аяғының астынан әрідегіні көрмейтін байғұстар,-деді ол тістене сөйлеп.- Мен сеңдердің кездеріңе құбыжық бөп көрініп жүр екенмін ғой. Сендердің ойларыңша,жер бетінде менен асқан қара жүрек, тас бауыр әйел жоқ,солай ма? Ізін суытпай өкіл кеп тұрады дейсіңдер. Сол өкілді өкпелетіп жібергенімді өткен жолы кездерің көріп еді ғой, неге күңкіл сөзге құмар боласыңдар? Неге? Егер күйеуге тиіп, ер қызығын көргім келсе, баяғыда-ақ басқа күйеуге шығып кетпес пе едім? Тіпті сол өкілдің өзіне-ақ! Бірақ... бір өкіл емес, он өкіл келсе де мен... мен оларды күйеуімнің тырнағына теңгермеймін. Мен оның... аруағын қорламаймын, артында қалған жалғыз баласын жат біреуге жаутаңдатпаймын. Ол - менің аналық борышым. Сол борышымды өтеп барып, өз жарымның аруағының алдында адал боп көз жұмам!..

-        Ардақ-ау, аруағың не айтып тұрған? Есің дұрыс па?

-        Иә, есім дұрыс!- Бұл жолы ол көзінің жасын жасыра алмады.- Міне, көріңдер!

-        Ол камзолының ішкі қалтасынан тілдей қағаз алып,Перизатқа берді.

-        Оқы! Дауыстап оқы! Есітсін мені талап жегелі тұрған мына әйелдер!

Перизат дірілдеген дауыспен тілдей қағазды оқи бастады. "Құрметті Ардақ Лепесова. Сіздің жарыңыз, гвардия лейтенанты Лепесов Асқар І943 жылдың 2 февраль күні

Сталинград түбіндегі ең соңғы шайқаста ерлікпен қаза тапты..."

Перизаттың қолы дірілдеп, қағаз жерге түсіп кетті.Осыдан бірнеше минут қана бұрын мына дүйім жұрттың алдында ең мейірімсіз, ең қатыгез жан боп тұрған Ардақ сол дүйім жұрттың көз алдында күрт өзгеріп шыға келді.Жаңа ғана таптап тастауға дайын тұрған әйелдер еңді оған әулиедей табынудың аз-ақ алдында тұрды.Көпшілік деген жарықтық осы.

-        Япыр-ай, күйеуінің қазасын осы уақытқа шейін жасырып келген қандай дәті берік әйел еді,- деді Мәнсия.

-        Байғұстың барлық қайғысы ішінде жатыр екен ғой,- деп жыламсырады Шәмсия.

-        Ашу үстінде тілім де, қолым да тиді, ашынған адам не айтпайды, кешір мені, Ардақ!- деп Хадиша жылап кеп оны құшақтап еді, Ардақ міз бақпады.Әлден соң барып:

-        Менің қайғым сендердің қайғыларыңнан артық емес, Хадиша,- деді ол қатая сөйлеп.- Сенің күйеуіңнің қаза болғанын естіген күні де жұмыс істегенбіз. Сондықтан, мал тапсыруды жалғастыра берейік. Менің қайғым сенің қайғыңнан да ескі, тек оны бүгін ғана естіп отырсыңдар. Келесі кім? Келесі кім деймін?- Ол белгісіз біреуге ызаланып, дауысын қаттырақ шығарды. Кімге, неге ызаланғанын ешкім білген жоқ. Бәлкім, құдайға назаланған шығар.

 

* * *

Уақыт - диірмен, адам - бидай. Диірмен айналса,бидай ұн болады, айналмаса жаншылып жата бермек. Суы тартылған арықтың диірменіндей бұл ауылдың үстінен төнген уақыт - диірмен тым баяу айналып, адам-бидайларды ұн қып тартып жібергеннен гөрі, салмағымен езіп жатқаны молырақ секілді. Сол салмақты өзгелерден бұрынырақ сезінген шағын ауылдың бес-алты бас көтерерлері түн жарымы ауа тағы да талқыға салып отыр.

-        Қара қағаз үсті-үстіне келіп жатыр,- деді Ормантай қарлыққан, әрі мүлде болдырған дауыспен,- Биылғы жылдың оқиғалары ел еңсесін түсіріп, үміттерін алыстатып кеткен сияқты. Әсіресе, Зейнептің өлімі жұрттың қабырғасына қатты батып отыр. Демесін болмағанда. Перизаттың да тірі қалу-қалмауы екіталай еді. Мынадай қақаған аязда шешесінің моласының басында жылап жатқан жерінен жеті түнде сол көтеріп алып келді. Ол әлі есін жия алмай жатыр. Елдің еңсесін көтеру үшін не істеуіміз керек? Сендер ақыл бермесеңдер, менің амалым таусылды.

-        Бұл оқиға жалғыз біздің басымызда боп жатқан жоқ қой. Шыдайды,- деді Ардақ қысқа қайырып.

-        Меніңше, елге бір серпіліс керек сияқты. Бір той керек,- деді Әкімбек шал.

-        Дұрыс айтасыз,- деді Ормантай,- елге бір той керек, сілкініс керек.

Ардақ зорлана езу тартып:

-        Оны қайдан аламыз?- деді мырс етіп.

-        Сенде қанша хат бар? Майданнан келген.- Ормантай Ардаққа телміре қарады. Ардақ сөмкесін ашып қарап шықты да:

-        Үш хат. Йә, үш хат бар,- деді.

-        Үш хат! Бұл бір. Совет әскерлері фашистер ордасы - Берлинге қарай бет алды. Бұл - екі. Сонан соң,біз бүгін Демесінді колхозға мүшелікке қабылдап, өткен айдың ортасынан оған еңбеккүн жазайық. Той деген міне,осы емес пе?

-        Еңбеккүн? Не үшін?- деді Әкімбек кеңірдегін созып.

-        Тыныштық күзетшілігі үшін. Бұл аз ба?

-        Кешіріңіз... Колхозда ондай жұмыс жоқ. Заңсыз болмас па екен?- деп есепші Дәмеш сөзге араласа беріп еді, оны Ормантай шорт кесіп тастады.

-        Сендер де жоқ жерден заңшыл бола қаласыңдар осы. Тыныштық күзетшісі болмаса, "күзетші" деп жазамыз.

-        Сонан соң?

-        Сонан соң Демесіннің колхоз мүшесі болғанын тойлаймыз. Аз ба - үш хат, қызыл әскерлердің майдаңдағы табысы, менімше аз емес. Сонымен, Демесінді колхозға мүше ғып алайық дегендерің қолдарынды көтеріңдер.

-        Мына жиналысымыз дені дұрыс адамдардың жиналысына ұқсамай барады,- деп күрсінді Ардақ. Жұрттар қол көтере бастады.- Бір, екі, үш.. Қарсы бір, екі. Үш адам қол көтерді, екі адам қарсы. Сонымен, Демесін колхозға мүше болды,- деді Ормантай.

-        Келесі жиналыста оны басқарма мүшелігіне сайлайық.

-        Бәріне кеңірек қарау керек, Ардақ,- деді Ормантай байыппен.- Демесіннің саған жасаған жаманшылығы жоқ па, жоқ. Енді о байғұсты колхозға мүше қылсақ неміз кетеді!..- Ормантай оған қарап қойды. Ардақ сәл ыңғайсызданып, әлдене дегісі кеп тұрды да, сөзін жұтып қойды.- Ол өзін бізден ақылсыз санап жүрген жоқ,-деді ол енді көңілді дауыспен.- Оның ойынша, мына біз жыңдымыз. Өткенде мен онымен оңаша сөйлестім. Неге үйленбейсің дедім. Ол айтады: "Сендер ақымақсыңдар дейді. Үйленсең, бала туасың, өсіресің, ал оның кеудесін мынадай-мынадай оқ тесіп өтіп жатыр" деп дорбадағы бытырасын көрсетеді. "Сонда қайтеміз, үйленбеуіміз керек пе, бала тумауымыз керек пе?" десем, "алдымен соғысты өлтіріп алып, баланы сонан соң туу керек" деп жауап бергені. Бір қарасаң жындының сөзі сияқты, ал ойлап қарасаң, мұның ар жағында терең мән жатқанын көру қиын емес. Оның қолындағы мылтық соғысқа қарсы атылмақшы, ол түн ұйқысын төрт бөліп, аязға тоңып, бізді бәле-жаладан сақтамақшы. Ал ақылды деп жүрген адамның көңіліңде жауыздық, қолыңда қанды қару бар. Осы екеуінің қайсысы жынды? Біз осы екеуінің қайсысын жындыханаға жіберуіміз керек?

-        Сіздің де сөзіңіз Демесіннің сөзіне ұқсап келе жатыр,-деп күлді Ардақ.- Ал жарайды, қабылдасақ қабылдайық колхозға. Әйтпесе, мені бір барып тұрған қаныпезер деп ойларсыңдар.

-        Мен жалғыз қалам ба, мен де қосылдым,-деп Әкімбек те қол көтерді. Енді ол мені есекке коржын ғып арта қоймас.

-        Кітапшаны оған бүгін апарып беру керек, деді Ормантай,- ол шанасына мініп, ауыл сыртына шыққанда яғни қызмет бабында жүргенде! Демесін бұған баладай қуанар еді. Ол бізді талай қуантып жүр, біз де оны бір қуантайық тағы.

-        Иә. Қуанатыным соңдай, оны көрсем жүрегім жарылып кете жаздайды.

-        Сонымен, кітапшаны оған кім апарып береді?Ақсақал, сіз қалайсыз?

-        Ойбай, атама бәлені! Тажалға өз аяғыммен барып түсетін жайым жоқ. Ат басындай алтын берсең де, көрмегенім Демесін болсын. Терезе алдында тұрған Ормантай кенет:

-        Бері, бері келіңіздер,-- деді отырғандарға қолын бұлғап,- мына кереметті қараңыздаршы. Әне, тыныштық күзетшісі жұмысына шықты. Көріп тұрсыздар ма? Батар күнге қарсы салдыртып барады.

Активтер дүрлігіп кеп, сырттағы ғажайып құбылысқа анталай қарасты.

-        Ой, сұмдық-ай! Естімеген елде көп деген осы!-деді Шәмсия жағасын ұстап.

-        Аты да әбден үйреніп апты, беткейдегі жолына қарай желіп барады,- деп Мәнсия да таңданғаннан даусын ішіне тарта сөйледі.

-        Ақ күмістей жылтылдаған қар тозаңын қарасаңшы!- Жұрттан қалыспайын дегендей Әкімбек те таңдана дауыстап қойды.

-        Біздің тыныштығымызды күзетем деп мазасы кеткен байғұс-ай,- деді Ормантай кейін шегініп.- Ал сіздер осындай адамды жындыханаға жібереміз дейсіздер... Әй, адамдар-ай десеңші!..

-        Демесіннен Ардақ із қорықпайды ғой, еңбек кітапшасын сол-ақ апарып берсін,-деді Мәнсия қайдағы бір сезікті ойдың ұшын шығарып.- Жаңылмасам, өткен бір жолы ол біздің бастықтың шашынан сипаған сияқты еді...

Мәнсияның байқатпай шымшығанын Ардақ естімеген боп, мүлде басқа сөз бастады.

-        Шынында да, мына көрініс ғажап екен!- деді Ардақ.- Мен оның бұрын былай шанаға отырғанын көрмеппін. Бәлкім, оны да бір қуантқанымыз жөн шығар.Бәлкім, оны жынды деп шеттете бермей, сау адамдай санасып көргеніміз де дұрыс болар. Әкеліңіз.

Ардақ кітапшаны қойнына тығып, белін буынды да,жұртқа әдейі көз қылғандай тез-тез басып кеңседен шығып кетті.Ардақтың аяқ асты мұндай шешімге бел байлағанына жұрттың басы жетпей дал боп тұрып қалды.

 

* * *

Адырлы даланың шана шиырлап тастаған сан тарау жолымен аттылы әйел - Ардақ келеді. Әлгінде әрі әйелдердің сөзіне ызаланып, әрі кеудесін ерекше бір желік билеп шығуын шыққанмен, тыныштық күзетшісі шиырлап тастаған жолды көріп, көп ұзамай оның да келетінін сезініп, жүрегіне қорқыныш үйіріле бастады. Бірақ шегінерге жол жоқ, не де болса тәуекел!Сәлден соң Демесін де көрініп, бірте-бірте жақындай берді.

Демесін өзімен өзі сөйлеп келеді.

-"Ал, жануар, тезірек! Ауылдың ана жағы иесіз қалды, шу жануар, шу!"- Ол жақындаған кезде Ардақ жасқана тіл қатты.

-        Сәлеметсіз бе?- деді ол.- Ол жақындаған кезде Ардақ жасқана тіл қатты.

-        Сәлеметсіз бе?- деді ол.- Сәлеметсіз бе деймін?

Демесін оған бұрылып та қарамады.

-        Сәламатсыз ба?- деді Ардақ даусын көтеріп. Сол кезде барып Демесін:

-        А,бұ кім?- деп жан-жағына жау келгендей жалт қарады.

-        Менмін ғой. Танымай тұрсың ба?

Демесін шанасынан түсіп, оған ұзақ уақыт тесіле қарады.

-        Түн ішінде неғып жүрген адамсың?

-        Жұмысың... жұмысыңыз құтты болсын. Соны айтайын деп...

-        Не-ме-не?

-        Саға... Сізге еңбеккүн жазатын болдық...

-        Анау атты қайда алып бара жатырсың?

-        А? Атты? Қайдасы қалай? Өзім мініп келдім. Ат өзімдікі...

-        Ә-ә, тапқан екенсің ақымақты! Ұрының бәрі мал өзімдікі дейді. Ат сенікі емес, колхоздікі. Мен оны байлап қоям.

Демесін шылбырын жинап, атты шанаға байлай бастады.

-        Жолдас... мұныңыз не? Мен соғысқа кеткен қызыл-әскердің әйелімін. Мені жәбірлегеніңіз үшін жауап бересіз...

-        Жақындама! Артыңнан адам іздеп келгенше осылай қимылсыз тұрасың? Іздеп келмесе, таң атқанша қимылдамайсың. Қит етсең бітті, атам да салам!

Ардақ тұмшалап киген тонының жағасын түсіріп, бетін ашты.

-        Әй, Демесін!- деді ол енді бұйыра сөйлеп.- Байлама атты, өзіме бер. Мен ауыл совет председателімін,білдің бе?

Демесін оған жалт бұрылып, бетіне үңіле қарады.Тонға тұмшаланған адамның Ардақ екенін енді таныса керек, еңкейген кеудесін жоғары көтеріп, абдырап тұрып қалды.

-        Иә, сен ұры емессің,- деді ол бет алды күбірлеп.-Жүре бер. Бірден танымай қалғаныма кешірім сұраймын.Өзің де бетіңді тұмшалап алыпсың. Жүре бер.

-        Менің атым қайда?

Демесін Ардақтың қолын ұстады.

-        У-у, қатып қалыпсың ғой, қазір, қазір!..

Ол жалма-жан үстіндегі тонын шешіп, Ардақтың үстіне жапты.

-        Р-рақмет. Ө-өзіңіз ше? Сіз тоңып қаласыз ғой.

-        Мен... мен тоңбаймын... Маған аяз жоламайды.Айтпақшы, сен түнделетіп неғып жүрсің?

-        Ә-ә... Сенің еңбек кітапшаңды тапсырайын деп...Ол есімнен шығып кетіпті ғой.

-        Ол неғылған... кітапша?

-        Айтпақшы, біз сізді колхозға мүше етіп қабылдадық. Міне, мынау сенің еңбек кітапшаң,- деді ол бірде "сен", бірде "сіз" деп.

"Еңбек кітапшасы" дегенді Демесіннің алғаш көріп тұрғаны болар. Ол бір жапырақ қағазға ұзақ қарады.Ерекше толқып, кітапшаны кеудесіне басты. Сонан соң Ардақтың алдында сымдай тартылып:

-        Тыныштық құрбаны болуға әрқашан дайынмын,-деді саңқ етіп. Бұдан соң не істерін білмей, Демесін маңдайына апарған колын түсірді де, жансыз адамдай қатты да қалды. Ардаққа қадалған бойы ол ұзақ тұрды."Рақмет саған" деді сәлден соң сыбырлап. Сөйтті де,күректей алақанымен оның шашынан сипады.

-        Ауылдың арғы жағы иесіз қалды,- деді Демесін кенет есін жиғандай.- Мен сол жаққа барайын. Ал кездескенше! Сау бол!

Осыны айтты да, ол шанасына оырып жүріп кетті.Өң мен түстің арасында Ардақ та қимылсыз тұрып қалды.

Ауыл шетіндегі ойпаңға орналасқан Демесіннің құрқылтайдың ұясындай кішкене үйіне қараңғылық ерте түседі. Сондықтан болар, қырдағы ауыл әлі жап-жарық боп тұрса да, мұнда қара-көлеңке. Бір бұрышта аласа ағаш төсек, іргедегі мор ошақтың қасында тозығы жеткен аса қажетті ыдыс-аяқтар ғана көрінеді. Мор ошақта лаулап от жанып тұр. Демесін оқ жасап жатыр. Пеш үстіндегі қалайы кружкадағы еріген қорғасынды ол алдын ала дайындап қойған қамыс түтікшелеріне құяды да, ол суыған соң түтікшелерді жарып, ішінен жылтыраған қорғасындарды алады. Сонан соң оны тақтайға қойып,балғамен ұрып, пышақпен турай бастайды. Кесілген қорғасындарды табаға салып, екінші табамен оны айналдыруға, яғни оқты домалақтауға кіріседі.Ол домалақтанған оқты пеш түбінде тұрған дорбаға салмақ боп оның аузын ашты да, салмас бұрын күбірлеп оқтарды санай бастады.

-        Бір, екі, үш, төрт... он... он төрт... он сегіз... жиырма... жиырма төрт... отыз үш... отыз тоғыз... қырық екі... қырық бес... қырық сегіз... елу төрт.. елу тоғыз...алпыс бес... жетпіс екі... жетпіс сегіз... сексен бес... тоқсан алты... жүз он бес... жүз жиырма... Жүз жиырма оқ. Жүз жиырма... Дорбадағы оқ - он жеті мың жеті жүз...Мұнда жүз жиырма. Он жеті мың жеті жүз және жүз жиырма. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқанда... он сегіз мың... Жо-жоқ... жеті жүзге жүз жиырма...- Ол бұл сандарды бір-біріне қоса алмай көп әуреге түсті. Жарайды, ертең біреуге қостырып алармын.-  Дорбадағы оқтарды алақанына салып, тағы да өз-өзінен сөйлей жөнелді. -Пәшист біткен көп болса он мың,әрі кетсе он бес мың шығар. Ал менде он жеті мың оқ бар, он жеті мың! Бәрін жайратып салуға жетеді, тіпті артылып қалғалы тұр. Ал қалғанын не істеймін? Оны құр бекер аспанға атуға болмайды ғой. Ә-ә, таптым, таптым!Пәшистерді қырып болған соң, мен оны сақтап қоямын.Егерде олар қайтадан бас көтерсе оларға дорбамды көрсетіп айғай салам: "Ей, оңбаған қанішерлер, мына дорбаны көрдіңдер ме? Мұның ішінде сендер тамсанып соратын кәмпит жатқан жоқ, мұның ішінде сендердің жандарыңды жәһаннамға жіберетін оқ жатыр. Енді бастарыңды көтеретін болсаңдар жақсылық күтпеңдер, біріңді қалдырмастан жайратып саламын!" деп ішіндегі оқты салдыратсам, бәлем, өздері де кірген інінен қайтып шықпайтын шығар.

Күн батып барады  екен, жиналайын... "Он жеті мың жеті жүз, оған қосу керек жүз жиырма..."

Ол аулаға шыққанда қолдарында қапшықтары бар, екі әйел Мәнсия мен Шәмсия өтіп бара жатыр екен, Демесін оларды көріп, алдарынан жүгіріп шыққаны сол екен, екі әйел де қаптарын тастай-тастай қашты.

-        Ей, тоқта! Тоқта! Мен сендерге тимеймін. Тоқта!-деді Демесін айғайлай. Олар тоқтар болмаған соң, Демесін әйелдерді қуып жетіп, алдын кес-кестеді. Екі әйелдің екеуі де қолға түскен көжектей бір-біріне тығылып, дір-дір етіп тұр. Демесін кеп біреуінің қолынан ұстап еді, анау баж ете қалды.

-        Ойбай, жолама!

-        Қайда барасыңдар?

-        Отын... Отын іздеп барамыз. Пунктке жағуға,- деуге ғана шамасы келді Шәмсияның.

-        Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқаңда қанша болады? Соны айтсаңдар отын берем.

-        Білмейм...

-        Неге білмейсің?

-        Неге білмейтінімді де білмеймін,

-        Білесің. Ойлан...

-        Жоқ ойлана алмаймын! Әй, Шәмсия-ау, мынаған сен бірдеңе десеңші.

-        Ол не деп тұр?

-        Бірдеңені бірдеңеге қос дейді.

-        Қаншаны қаншаға қосу керек дейді?

-        Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы.

-        Ертең... ертең қосып келейік,- деді ол Демесінге.

-        Жарайды,- деді Демесін олардың тым қорқып тұрғанын көріп.- Ертең айтарсыңдар. Бара беріңдер.Жоқ, тұра тұрыңдар, мен қазір келем.

Екі әйел жансыз адамдай сілейіп тұрды да қалды.Демесін олардың қабын алып там айналып кетті. Оңаша қалған соң екі әйел тілге келді:

-        Әй, сонша неге қорықтық, ә? Осы байғұстан жұрт бекер қорқып жүр-ау деймін. Бізді оп-оңай босата салды ғой, деді Шәмсия.

-        Ой, құрыған жеріміз осы екен деп ем!..

-        Қаншаға қаншаны қосу дейді. Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы ма? Ой, астапыралла, Адам қорыққанда өз атын да ұмытып қалады деген осы екен-ау.Он жеті мың жеті жүзге жүз жиырманы қосқанда он жеті мың сегіз жүз жиырма болмай ма?

-        Япыр-ай, ә, оп-оңай-ақ екен-ау.

-        Әй, әй-у! Тоқта!- деді Демесін үй артынан айғайлап.

-        Иә, қостық,- деді Шәмсия.

-        Он жеті мың сегіз жүз жиырма-а!

Демесін екі қапқа отын салып, оларға алып келді де гүрс еткізіп екі әйелдің алдына тастады.

-        Міне, екі қап жарылған ағаш. Арқалап кетіңдер!Ал әлгі сандарды кім қосты?

-        Мына Шәмсия?- деді Мәнсия құрбысын алға итеріп.

-        Жарайсың, басың істейді!- деді Демесін оның арқасынан қағып. Сөйтті де, оны кенет құшақтап алып,шыңғыртып тұрып сүйіп алды. Мәнсия бұл көріністен қорқып зәресі қалмай көмек сұрап шарқ ұрды. Сол кезде ол Шәмсия мен Демесіннің үнсіз қалғанын көріп тұра қалды. Ол екеуі әлі сүйісіп тұр. Шәмсия Демесіннің мойнынан құшақтап алған. Тіпті, Демесін босанғысы кеп сілкінсе де, оның түсетін түрі жоқ.

-        Вот Дон Жуан,- деді Мәнсия бұл сөздің терең мағынасын білмесе де,- Өткен жолы Ардақтың шашынан сипап еді, бүгін Шәмсиямен сүйісіп тұрғанын қарай гөр-әй мұның!

Екеуі бірін-бірі босатып, Демесін не істерге білмей тұрып калды...

-        Мен... Қазір...- деді Демесін абдырап.Сөйтті де, жүгіре басып, там айналып кетті.

-        Өткен жолы Демесін туралы айтқанымда маңайлатпай қойып едің, ақыры сүйісіп тындыңдар ғой,ә?- деді Мәнсия.

-        Қолы темірдей, бұлқынсам да босана алмадым,-деп ақтала жауап қатты Шәмсия.

-        Иә, жүдә қатты бұлқынып едің! Екеуіңді оңаша қалдырсам қайтеді, ә?

-        Ойбай, беті аулақ!... Айтпақшы, оған әлгі сандарды қосу неге керек болды екен?

-        Білсем, құдай ұрсын. Сұрап көрейікші!

-        Сен сұрашы.

-        Мені емес, сені сүйді ғой. Өзің сұра.

-        Әй Демесін, әлгі сандардың саған... сізге керегі не?- деді Шәмсия жасқана сұрап.

-        Онда шаруаларың болмасын. Соғыс құпиясын білгілерің келеді ғой, ә?- деді Демесін ақырып.-Жоғалыңдар тез, ой жынды қатындар!

Екі әйел алды-арттарына қарамай тайып отырды.Демесін олардың баладай қорыққандарына қарқылдап тұрып күліп алды.Екі әйел ізім-қайым жоқ болған соң, Демесін жолға шығуға дайындалды.Кенет оқыс дауыс естілді.

-        Ей, есалаң!- деді құпия бір дауыс. Дауыстың қайдан шыққанын білмеген Демесін селт ете түсті.

-        А? 0 кім? Кім келген? Кім деймін?- деді ол жан-жағына алақтай қарап. Осы кезде тарс етіп мылтық атылды. Демесін кеудесін басып теңселіп тұрып қалды. Сәл бойын түзеп, мылтығына жармасты.

-        Пәшист! Пәшист!..

Сырттан шаба жөнелген ат тұяғының дүбірі естілді.Ол жерге қолын тіреп қайта түрегелді.

-        Маған оқ атты! Маған! Тыныштыққа! Тыныштық күзетшісіне. Не үшін? Не үшін? Менің жазығым не?..Жазығым не?..

Демесін тәлтіректеп барып құлап түсті.Мылтық дауысын естіген ел жиналып қалды. Шана үстінде мылтығына сүйеніп, өлі-тірісі белгісіз Демесін сілейіп тұр екен.

Ормантай жайлап келіп оның қолынан мылтығын алып еді, мылтығынан босаған Демесін соңғы рет бой жазып алды да, шанасына гүрс етіп құлап түсті...

Жиналған жұрт оны қоршап алды. Топ ішінен оған Ардақ жақындады. Ол Демесіннің шашын сипады. Сонан соң басындағы ақ жаулығын алып оның бетін жауып қойды. Жүзінде аяушылық пен жанашу, әрі толқу бар.

-        Біздің кішкентай ауылдан шыққан тағы бір құрбандық,- деді Ардақ көзіне жас алып,- Қош, бейшара Демесін!..

- Иә, соғыс құрбандық таңдамайды,- деді Ормантай да даусы дірілдеп.

Үшінші күні Демесіннің сүйегі қыр басындағы ескі қорымға жерленді. Оны жерлеген кезде ауылда бір де бір тірі жан қалмай, бәрі мола басына жиналды.Сөйтіп, шағын ауылдың тыныштығын ойлап, сол ауылдың мазасын алған, сол ауылды жамандық атаулыдан қорғаймын деп аласұрған Демесін сол мақсат жолында мерт болды.

Ел алдында паразымды өтедім деп ойлады ма, ойламады ма, кім білсін, әйтеуір, жан тапсырар алдында:"соғысты өлтіріп болып үйленермін деп едім, мақсатыма жете алмадым... қайтейін, қош болыңдар" депті де, "атының тізгінін" босатыпты.Қияндағы қазақ ауылы кешегі соғысқа осылай қатысты. Азаттық үшін жиырма миллион адам өмірін құрбан етсе, делқұлы Демесін сол санға кірмей қалған көп бейбақтың бірі. Демесінді ақ жауып, арулап қойып жатқанда жыламаған адам қалмады.Ол кеткен соң ауыл үстін қорқынышты да тылсым тыныштық басты.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407