Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тағайындау 5078 27 пікір 13 Ақпан, 2019 сағат 09:11

Қасымов, гуд бай, Тұрғымбаев, төрге шық!

Қалмұханбет Қасымов қызметімен қош айтысты. Ал Қасымов сегіз жыл бойы отырған креслоға Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев жайғасты.

Бұл өзгеріс халықты бей-жай қалдырған жоқ. Көпшілік қызу талқыға салып жатыр. Бір қызығы, осыдан бір ай бұрын Сыртқы істер министрлігінде дәл осындай ауыс-түйіс болғанда ешкім назар аудармаған болатын. Бұның басты себебі, Ішкі істер министрлігін сегіз жыл бойы басқарған Қасымов халықтың қолдауына ие бола алған жоқ. Қолдауды былай қойғанда, оның отставкаға кетуін талап етушілер саны көп болды. Бір емес, бірнеше мәрте.

Қып-қызыл даудың ортасында жүретін министрлік пен министр жайлы бұған дейін көп жазылды. Ел халқының қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей жауапты ведомствоның жұмысы көп көңілін көншітпегені сөзсіз. Елде қылмыс санының артқаны өз алдына, сол қылмыспен күресуі тиіс полицейлердің өзі заң бұзудың неше түрін көрсетіп жүр. Ел азаматтарының заңдық танымы өсуіне орай, соңғы жылдары тәртіп сақшыларының сорақылығы мен сауатсыздығы айдай әлемге әшкере болуда. Бір ғана әлеуметтік желілердің өзінде өзі қорғап отырған заңды белден басып, масқара болған полицейлер жайлы ақпарат мыңдап саналады.

Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы министр қызметіне тағайындала сала тұтас елге танымал болды. Өкініштісі, теріс қырынан танылды. 2011 жылдың көктемінде лауазымды қызметтің тізгінін ұстаған Қасымов сол жылдың соңында Жаңаөзен оқиғасын ұтымды шеше алмады. Қайта «Тағы шықса, тағы атамыз» деген масқара сөзімен халықтың қарғысын арқалады деуге болады. Одан кейін де ел өмірінде орын алған ірі оқиғаларда министр Қасымов халықтың сөзін сөйлей алған жоқ. Ақыры биыл жазда мезгілсіз мерт болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қазасы қазақ қоғамының қауіпсіздігі қай деңгейге жеткенін анық көрсетіп берді. Қазіргі қазақ полициясының халықты қорғауға қауқарсыз екеніне көз жетті. Осыдан кейін халық пен Президенттің сынына қатар ұшыраған Қалмұханбет мырза қалайда қызметінен қуылуы керек еді. Алайда бұлай болған жоқ. Араға жарым жыл салып қана орын-тағын босатып отыр. Онда да отставкаға емес, өзге бір үлкен қызметтің құлағын ұстады.

Сонымен Қасымовқа қош айттық та, Тұрғымбаевты төрге шығардық. Бұдан не өзгеруі мүмкін? Елбасы ІІМ-ге өзгеріс енгізуді талап еткенде, формасын өзгертуден аспаған қазақ полициясына министрдің ауысуы қалай әсер етпек. Әлде министр кетіп, оның орнына министрдің орынбасары жайғасқан ведомство баяғы жартас — сол жартас күйінде қала ма? «Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді» деп жатушы еді…

Бұл сұрақтарға дәл қазір кесіп-пішіп жауап беру қиын. Бір анығы ІІМ-дің бағыты 180°-қа өзгереді деп үміттенудің еш жөні жоқ. Себебі, Елбасы Қасымовты нашар жұмысы үшін сөгіп, отставкаға жіберген жоқ. Сол үшін бұл жағдай қызметтегі қарапайым ауыс-түйіс ретінде қабылдануы мүмкін. Тіпті жаңа министрдің алдында ІІМ-дің бұрынғы жұмысын төкпей-шашпай әрі қарай жалғастыру міндеті қойылған болуы да ғажап емес. Сол үшін халыққа ұнамаған Қасымов қызметтен кетті деп бөрікті аспанға атуға әлі ерте.

Енді жаңа министр жайлы бір ауыз сөз. Ерлан Заманбекұлы 1962 жылы 14 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Алған білімі - заңгер. Ішкі істер органдарында тура 35 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Еліміздің бірнеше өңірінде Ішкі істер департаментінде қызмет атқарған. 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары болды. Басқаша айтқанда, ІІМ-дегі Қасымов дәуірінің бастан-аяқ куәгері. Бүгінгі қазақ полицейінің жақсылығы мен жамандығына белгілі мөлшерде жауапты адам.

Мемлекеттік тілге қырын қарап, журналистерден ат-тонын ала қашатын Қасымовқа қарағанда бұл кісі БАҚ-қа бір табан жақын жүреді. Баспасөз беттерінде Ерлан Тұрғымбаевтың аты жиі аталады. Оның үстіне жақсы жағынан. Елдегі маңызды мәселелерге байланысты орынды пікірлерін ашық айта біледі. Мүмкін орынбасар министр болғаны үшін атқарылған жұмыстан мәлімет беру міндеті шығар. Қалай болмасын елдегі ең өзекті мәселелерге алғашқы болып түсініктеме беретіндіктен жұртшылық алдында тәп-тәуір жағымды образын қалыптастырған адам. Ең маңыздысы Қасымовқа қарағанда халыққа әлдеқайда жақын жүретін Ерлан Заманбекұлына артылар үміт көп. Бірақ ерте тон пішудің еш жөні жоқ екенін қайталап айтамыз. «Орынбасар кезінде бәрі жақсы, жаман министр қайдан шығады» деп жүрмесімізге ешкім кепіл бола алмайды…

Шынын айтқанда, қазіргі таңда халықтың ел билігіне өкпесі қара қазандай. Елдегі экономикалық құлдырауды айтпаған күннің өзінде, басқару органдарындағы былықтар, жемқорлық, заңның әлсіздігі, тозығы жеткен саяси жүйе барлығы елдің наразылығын тудырып отыр. Халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған қазақ билігі қалайда осы кемшіліктерді түзетуі керек. Ол үшін әр салаға өзгеріс ауадай қажет. Елдің сынына ең көп ұшыраған Ішкі істер министрлігін реформалау кезек күттірмейтін маңызды жұмыс. Ендеше, Қасымов құрдымға құлатқан ведомствоны Тұрғымбаев тура жолға салуға міндетті.

Бірақ, баста айтқанымыздай басшылық ауыса сала "бұл жүйе басқаша түлеп шыға келеді" деу басы артық үміт. Халықты қойша жусатып, қойша өргізіп үйренген жүйе сол жүрісінен жаңылмауға тырысады. Сол үшін әрбір азамат елде заң талаптарының орындалуын қадағалау керек. Сол арқылы ғана кейбіреулердің заңсыздықтың өзін заңды жолмен жүзеге асыруына жол бермеуге болады…

Қош! Қасымов жайлы біздің портал осыған дейін екі жүзден аса мақала жазыпты. Соның бірқатарын су жаңа министр Тұрғымбаевтің есіне сала кеткеннің айыбы жоқ!

Қасымов қандастардың өтінішін орындаудан бас тартты

Қасымов: Президент айтса отставкаға кетемін

Қасымов басқаратын министрлік НКВД-ның мұрагері ме?

ҚАСЫМОВ ҚАЙ ҚАЗАҚТАН АРТЫҚ ЕКЕН?

ЫДЫРЫСОВ ШЕШКЕН ТҮЙІНДІ ҚАСЫМОВ НЕГЕ ШЕШЕ АЛМАЙДЫ?

ҚАСЫМОВ ХҚКО-ДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАҒА НЕГЕ КӨҢІЛ АЙТПАЙДЫ?

ҚАСЫМОВ МЫРЗА, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫН БІЛЕСІЗ БЕ?..

Айғайлай-айғайлай Қасымов ағадан да ұят болды...

Қасымовты жұрт неге жағымсыз тұлға деп таниды?

Түйін

Қасымов баспасөздегі сыннан ешқашан нәтиже шығарған емес. Сондықтан да ол халық пен құқық қорғау органдарының арасына бұзылмас қамал тұрғызды. Тұрғымбаев сол қателікті түзер деген үмітпен де жоғарыдағы мақалалардың қайыра сілтемесін жарияладық. Алда тағы да айтарымыз бар. Әзірге осы.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625