Жексенбі, 24 Қараша 2024
4405 0 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 12:59

Туризмді дамытудағы жастардың белсенділігі

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын.

Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, сақ дәуірінен сыр шертетін Есік қорғандары археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштердің бір нысанына айналды. Бұл әрине қуантарлық жайт. Әйтсе де, тарихи, киелі мекенді қадірлеп, оның құндылығын арттыру үшін отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын ояту басты мақсаттарымыздың бірі екенін ұмытпағанымыз жөн. Неге десеңіз, бүгінде тарихи жәдігерлер мен киелі орындар арқылы туризмді дамытып отырған ел көп. Солардың тәжірибесін ала отырып ішкі туризмді дамытуға ерекше мән беріп, сол арқылы тарихи-мәдени мұраларымызға мән беріп, оларды сақтап, насихаттап қана қоймай, бір жағынан пайда да тауып жастақ жаман болмас еді. Көздеген мұратымызға қол жеткізу үшін еліміздің ертеңі – білімді, тәрбиелі, жүрегі елім, жерім деп соғатын, қайсар жастарды шыңдау үлкен міндет. «Бұлақ көрсең көзiн аш» деген ата қазақ сөзі бар. Ал, бұлақтардан дария, одан теңіз құралады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп атап көрсеткен. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып қалған құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға да, тер төге еңбектенуге де тәрбиелеуіміз керек. Ендеше жастар еңбексүйгіш болғанда ғана қоғамды өрге бастыра алады. Отаншыл жастары болмаған, жастардың қамын ойламаған елдің болашағы қараңғы.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жылғы жолдауы еліміздің тірегі – жастар мәселесіне жете мән бергендігімен аса маңызды деп санаймын. Себебі, қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі ақиқат. Жолдауда жоғары оқу орындарынан мамандық алып шыққан жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, елімізге қызмет етуі мәселесі қоғамның даму тенденциясын анықтайтын фактор екендігіне зор мән берілген.

Болашақ жастарға сенім артқан елбасы идеясын «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі де күнделікті жұмыс барысында іске асыруда. Мәселен, қорық-музейімізде 2015 жылдан бері Есік гуманитарлық-экономикалық коллледжінің «Туризм» және «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алушы студенттері өндірістік және диплом алды тәжірибеден өтуде. Тәжірибе барысында колледж студенттері алған білімдерін қорық-музейде шыңдай түсіп, отандық және шетелдік туристермен жұмыс жасаудың қыр-сырын жетік меңгеруде. Тәжірибе барысында студенттер қорық-музейдің экспозициялық залдары бойынша жазылған мәтіндерді меңгере отырып, экскурсия жүргізуге бейімделеді. Осы арқылы жастардың болашағына бағыт-бағдар беруге өз үлесімізді қосып келеміз.

Биылғы жылы Есік гуманитарлық-экономикалық коллледжінің «Туризм» мамандығы бойынша білім алушылары өндірістік және диплом алды тәжірибеден өту барысында қорық-музейдің «Таңбалар. Петроглифтен ою өрнекке дейін» атты тақырыптық көрменің экскурсиялық мәтінімен танысып, келушілердің назарын сақ бабаларымыздың тарихы мен мәдениетінен, ғұрыптық және аңдық стилде жасалған бұйымдарымен таныстыруды,  түрлі интерактивті ойындар арқылы қызығушылықтарын оятуды үйренді. Студенттердің талпыныстарына қарап, болашақтан зор үміт күтуге болады.

Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан осындай мүмкіндіктерді әрбір жас тиімді пайдалануға ұмтылуы тиіс. Өйткені, ескен желдей көшкен замана көші күндердің күнінде бүгінгі жасты ертеңгі қартқа айналдырары хақ.  Жасында түйгені жоқтың қартайғанда көрсетер өнегесі жоқ. Қашан да, болашағын алыстан бағамдайтын қазақ «қыстың қамын жаз ойла» демеуші ме еді. Әрбір жас өрендеріміз осы бастан алдына мақсат қойып соған жете білсе, еліміздің де дамығаны деп білеміз. Қазір қамсыз отыратын уақыт емес. Айналаның бәрі ғарыштық жылдамдықпен дамып бара жатқанда өзге елдің шаңын жұтып қалғымыз келмесе әлемдік көштен қалмайтын өрендеріміз көп болуға тиіс.

«Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа» - деп Елбасы айтқандай, киелі, әсем жерімізді әлемге паш ету, насихаттау жастардың қолында. Және қазіргі жастарымыз да осы үддеден шыға біледі деп сенеміз.

Д.С.Суатаева, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Ғылыми қызметкер

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560