Айжан Көшкенова. Екеу неге келіспеді?
Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы (ҰҚКҰ) ортақ әскер - Жедел әрекет ету ұжымдық күшін құрмақ. Бұл жөніндегі уағдаластыққа ұйымға мүше бес ел, оның ішінде Қазақстанның басшылығы Мәскеуде қол қойды. Алайда Белоруссия мен Өзбекстанның ортақ келісімнен тысқары қалуын сарапшылар бұл ұйымның ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі басқа бірлестіктердің де болашағын бұлыңғыр ететін жанжал ретінде қарастыруда.
Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымы (ҰҚКҰ) ортақ әскер - Жедел әрекет ету ұжымдық күшін құрмақ. Бұл жөніндегі уағдаластыққа ұйымға мүше бес ел, оның ішінде Қазақстанның басшылығы Мәскеуде қол қойды. Алайда Белоруссия мен Өзбекстанның ортақ келісімнен тысқары қалуын сарапшылар бұл ұйымның ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі басқа бірлестіктердің де болашағын бұлыңғыр ететін жанжал ретінде қарастыруда.
КРЕМЛЬДЕГІ КЕЗДЕСУ
Қазақстан Президенті Жедел әрекет ету ұжымдық күшінің құрылуын қоштайды. «Барлық дайындалған жобаларға Қазақстан қолдау көрсетеді. Біз мұны қажетті іс деп санаймыз» деді Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні ҰҚКҰ Кеңесі отырысы қарсаңында Ресей президентімен кездесуі кезінде. Аймақта мұндай айрықша топ құру мәселесі былтырғы жылы грузин-ресей тамыз қақтығысынан кейін көтерілген еді. Мемлекет басшылары бұл тақырыпты былтыр желтоқсан айында Бурабайда, биыл ақпан айында Мәскеуде жан-жақты талқылаған.
Кремльдегі кездесу кезінде ғаламдық және аймақтық маңызды мәселелерді сөз еткен екі ел басшылары биыл күзде Орынборда өтетін Қазақстан және Ресеймен шекаралас аймақтар форумын өткізу бойынша да пікір алмасты. Қазақстан Президенті форумда екі ел арасында кедендік кеңістік құру мүмкіндігін ескере отырып, аймақаралық және шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастыру қажеттігін айтты. Оған қоса Мемлекет басшысы ортақ валюта идеясын ілгерілету мен жүзеге асыруды маңызды деп санайтындығын білдірді.
Қазақстан мен Ресей жетекшілері екі ел арасындағы барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың дамуы көңілден шығатынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Әйтсе де, бұл кезде ҰҚКҰ-ға мүше ел басшыларының барлығы бірдей мұндай көңіл күйде емес еді. Мысалы, Мәскеудегі саммитке Ресейдің жақын одақтастарының бірі - Белоруссия президенті Александр Лукашенко келмей қалды...
МИНСКІНІҢ МІНЕЗІ
Кремльдің ығына жығылғыш Минскінің бұлай қыр көрсететінін ешкім күткен жоқ. Белоруссия президентінің Мәскеуге бармағаны былай тұрсын, Минск саммитте қабылданған шешімдердің заңдылығына күмән келтірді. Белоруссия сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдемесінде өздерінің ҰҚКҰ мүшелерінің бірінен «экономикалық кемсітушілік» көргендерін жазды. «Ұйымға мүше елдің ұстанымына атүсті қарауға болмайды, Ұйымға мүше кез келген елдің көзқарасына қабыспайтын шешім қабылдау - заңсыз», - деп атап көрсетті ресми Минск. Белоруссияның шалт қимыл жасап, жедел шешім қабылдауына Ресейдің беларусь сүт өнімдеріне өз жерінде шектеу қоюы себеп болған.
Ал Ресей президенті Дмитрий Медведев Еуропа жақтағы жалғыз жақын одақтасының шешімін әлі толық түсінбей дал. «Көп жақты форматты екі жақты мәселелерге тәуелді еткен дұрыс емес көрінеді. Барлық мәселе, оның ішінде сүт тақырыбы да келіссөздер жүргізу арқылы шешілуі тиіс еді», - деп кібіртіктеді Медведев. Ол Лукашенконың саммитке келмейтінін алдын ала айтпағанына да қынжылды. «Телефон тұтқасын көтеріп, телефон шала салса, жаман болмас еді. Тіпті бұл да жасалған жоқ қой» деді Ресей президенті журналистерге. Медведев бір ғана елдің шешімі ұйымның тиімділігіне әсер етпейтіндігін қадап айтты.
Әйтсе де, сарапшылар Ресейдің бұрынғы Кеңес елдері арасындағы әскери бірлестіктің іргесінің сөгілуіне өзі сеп болғанын топшылайды. Белоруссияның саммитке келмеуі бұл жиынның «күл-паршасын шығарып» қана қоймай, үш елдің (Қазақстан, Ресей, Белоруссия) басын қосатын Кеден одағының жүзеге асуына қатер төндірді деп есептейді халықаралық Тәуекелді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев. Оның сөзіне қарағанда, Ресей Белоруссияға 500 млн доллар несие уәде ету арқылы толықтай өз дегеніне көндіруді діттеген. Алайда мәселен, Белоруссия Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындау туралы бастамасын қолдамаған. Енді кезекті жанжалдан кейін, оның ойынша, Ресейдің бағзы серіктесі АҚШ пен Еуропаға қарай ыңғай танытуы ықтимал.
Оған қоса аймақта шынайы, пәрменді ұйым құру үшін барлық мүшелердің тең келісімі қажет екенін ресейлік сарапшылар да айтып отыр. «Ұжымдық, әсіресе, әскери күш жасақтауға ұйымға мүше елдердің біреуі қарсы болса, мұндай құрылымның тиімділігі бірден төмендейді», - дейді Мәскеудегі халықаралық өзекті мәселелер институты ТМД орталығының директоры Сергей Жильцов «Айқын» газетіне. Бұл ретте ол Өзбекстанның да жаңа әскери құрылымды толық қоштай қоймағанын еске салады. Айтқандай-ақ, Өзбекстан Мәскеудегі саммитте Жедел әрекет ету ұжымдық күшін құру туралы уағдаластыққа қосылмаған.
Кейбір деректерге қарағанда, Ташкент ҰҚКҰ алдына бірнеше шарт қойған. Онда Өзбекстан жаңа әскери құрылым туралы шешім ұйымға мүше елдердің басым дауысымен емес, толықтай консесус жолымен шешілгенін; топ бөлімшелерінің басқа мемлекеттерге жіберілмеуін; оның ҰҚКҰ елдері арасындағы қақтығыстарға қатыстырылмауын және келісімнің бірден емес, барлық елдер оны мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енуін сұраған. Ал Медведев Өзбекстан ұстанымына қатысты: «біраз күмәндары болғанымен, жолын толық жапқан жоқ. Өзбекстан президенті ойланатындығын және бұл мәселеге қайтып оралатындығын айтты», - деп мәлімдеді.
Сонымен, соңғы саммитте Армения бұл ұйымдағы төрағалығын Белоруссияға табыстауы тиіс болатын. Алайда белорустардың бұлқынысынан кейін уақытша «техникалық» төраға тәжін Ресейдің өзі киюіне мәжбүр болды.
«Айқын» газеті, 16.06.2009