Ғылым докторының айлығы есіктегі күзетшінің жалақысымен тең, Күләш ханым!
ҚР Білім және ғылым министрі
Күләш Шәмшидинованың назарына
Ақиқатында, білім мен ғылымды дамытпай, 30 елдің қатарына кіруді армандау бос әурешілік. Орыс тілді билік «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген халық даналығын басшылыққа алмады.
Бізге тек қатардан қалмау үшін ғылымға кем дегенде ЖІӨ-нен 1,5% қаражат бөліну керек. Ал бізде ғылымға берілетін қаржы мүлдем мардымсыз, жалпы ішкі өнімге шаққанда (ЖІӨ) бар болғаны 0,14% ғана. Ал дамыған елдерде 3-4%. Демек 20-30 есе төмен. Материалдық-техникалық базасы әбден ескіріп тозған. Ғалымның хәлі өлместің күні. Басқаларын былай қойғанда, ғылым докторының алатын жалақысы ірі компания күзетшісінің айлығындай-ақ көрінеді. Зейнетақысы да сондай деңгейде. Дәл біздікіндей әлсіз ғылым мен ғалымның жағдайы дамыған елдердің ешқайсысында жоқ.
Мысалға, тіл ғылымын алайық. Бұл ғылымның «дамығаны» соншалық, қазақ-қазақ болғалы сан мыңдаған жылдардан бері қолданыста келе жатқан Ана тілімізге толық қанды жаңа дыбыс-таңбаларын жасай алмады. Ұсынған нұсқалары халықтың көңілінен шықпады. Болмаса, күні бүгінге дейін cоңғы 70 жыл бойы қолданылып келе жатқан, 42 кирил таңбадан, орыстан кірген (кірме) 11 таңбаны алып тастап, әр дыбысқа бір таңбадан белгілеу анау айтқандай қиын ба еді?! Бекітілген соңғы үшінші нұсқа да Ана тіліміздің бұзылмай сақталуына қызмет етіп тұрған жоқ.
Жаңа Әліппе де күні кешегі кирилге дейін қолданыста болмаған және тек қана Ана тіліміздің табиғи болмысының (әуезінің) бұзылуына қызмет еткен Ф, В, Ч таңбаларына не үшін орын берілгені түсініксіз. Бұл үш әріптен жасалатын қазақтың бірде-бір төл сөзі жоқ. Бұл дыбыс-таңбалар қазақтың Ана тілінің бұзылмай сақталуына қызмет етпейді.
Оның есесіне қазақтың төл әріптері: И мен Й, Х мен Һ бір таңба ретінде берілген. Ақиқатында, И мен Й, Х мен Һ қазақта ешқашан бір дыбыс-таңба болған емес.
Мысалы, «И»-ден басталып, оған «А» дыбысы жалғанып бірде-бір сөз жасалмайды. Себебі, оныншы буындағы баласы Атасының алдына шыға алмайды.
Бірақ, басқа әріптермен жасала береді. 1.Иә (Азиә, Қиян, Қазақия), 2.Иб (Иба сақтау), 3.Иг (Игі істер жасау), 4.Ид (Иді, басын иді, мойындады), 5.Ие (Әулетке иелік етті), 6.Из (басын изеді, мақұлдады), 7. Ик (Икемне келді), 8.Ил (Илеу, құмырсқаның илеуі), 9.Им (Иман, Иманды адам, имену), 10. Ин (Инабатты адам, ине), 11.Ир (Ирек, иретілу), 12.Ит (Ит елі (ит баққан ел), Ителгі), 13.Иш (Ишара білдіру), 14.Иы (Иық тіресу), 15. Иі (Иін, Иілу).
Біз «И» таңбасының тарихтағы орнын Адамзаттың алтын бесігі Азия атауынан айқын көреміз. Ел атымыз Қазия мен Қазақияның түбірінде Азия тұрғанын бағамдауға тиіспіз.
Иә (алдындағы 10 буын Аталарды растайды, мақұлдайды), Иба (олардың алдында иба сақтайды (ізет білдіреді), атадан қалған дүниеге ие болуды игереді, игілік істерді жасайды, ұрпақтарын иманды болуға тәрбиелейді т.т.
«И» таңбасы атына сай жасалған, екі бағана, яғни ұл мен қыз, Ата мен Ана сияқты басы мен белінен емес, ұлдың аяқ жағы мен қыздың бас жағын жалғап тұр. Және қыз бала екінші болса да, оның дәрежесі ұлдан биік екенін және қазақ қыздарының орны төрде болатынын айқын көрсетіп тұр.
«Й» – ұрпағы, баласы (ұлы, қызы), өмірдің жалғасы. Таңба да өте сәтті жасалған. «Й» таңбасының үстінде бесік тұр.
Он мен он бірдің дыбыстық таңбасы «И мен Й» айырмасы - біріншісі қарашаңырақ дегенді білдірсе, екіншісі ұрпағы, баласы, (ұлы, қызы), өмірдің жалғасы.
Латын әліпбиінде «И мен Й» дыбыс-таңбаларының болмайтын себебі, олар өз тектерін Атадан (патриархаттан) емес, матриархаттан таратады. Ал, матриархат қоғамында Ата мен Әкенің кім екені белгісіз болады. Қазіргі жүргізіліп жатқан «гендерлік саясаттың» жемісі «азаматтық неке» келешекте бәрімізді сол жерге қайта апарады.
Тіршілік иелерінің ішінде И-дің алдына А-ны салып, «Иа, Иа, Иа-а-а-а-а» деп ақыратын жалғыз ғана есек деген жануар бар. Ұлы Аталарымыздың есектен мисыз мақұлық жоқ дейтіндері осыдан.
Ал, Й таңбасынан басталып бірде-бір сөз жасалмайды.
Өздеріңіз көріп отырғандай, И сөз басы болса, «Й» тек қана сөздің аяғында қолданылып тұр. Демек, орыс тілді қазіргі биліктің қабылдаған латын Әліпбиі сөздің басы мен аяғын ажыратуға да саналары, яғни ақылдары мен білімдері жетпеген.
Жаңа әліппе де «Х» мен «h» әріптерін бір таңба ретінде қосарлап белгіленген. Ақиқатында бұл екеуі екі түрлі дыбыс-таңба. Екеуінің дыбысталуында да, мағыналарында да тура өзге әріптер сияқты айырмашылықтар бар.
«Х» дыбыс - таңбасы Ана тілімізде берік орын алған: Мысалы, хан, хандық, ханзада, ханталапай, ханша, ханым, ханшатыр, халық, тарих, тарихшы, тарихат, хат, хат-хабар, хабарландыру, Хақ, Хал, хатшы, хаттама, хайуан, хайуанат, ха-ха, сұхбат, жатақхана, сахна, сахара, мұхит, хал-жағдай, рух, рухани, руханият, Хақ (Хақтан тілек тілеу), қаһан, дастархан, халайық, саяхат, махаббат, шахнама, археология, ғибадатхана, асхана, тойхана, кітапхана, дәріхана, архар, рахат, ахун т.т. және сонымен қатар адам, ел, жер-су атауларында: Нұх, Хұн, Хұнну, Хазар, Қарахан, Бурахан, Хорезм, Махмұт, Сұлтанмахмұт, Ахмет, Қожахмет, Әбдірахман, Хайдар, Мұхамеджан, Хамит, Әзірхан, Әз-Захир, Жұмахан т.т. болып көптеп қолданылады. Демек, қазақ әліпбиін «Х» таңбасынсыз көз алдымызға елестете де алмаймыз.
«Х» таңбасы Г (гүл, қызғалдақ, қызбала), Ғ (Аға, ғылым, ғалам), К (Күн, Күндер елі), Қ (Қаз, Қазақ) тобының жалғасы болып табылады. Математика есептеріндегі үнемі табуға тиіс болынатын символдық «Х (ихс)» таңбасының орны осы.
«h» - Қаһарман. Бұл әріп Ана тіліміздегі орны ерекше таңбалардың бірі болып табылады. Бұл дыбыс-таңбадан мынадай айрықша мағыналы сөздер жасалады: Һа, Һә, Һе (осы үшеуінен басқа «h» дыбысынан басталатын сөз жасалмайды), ал сөз арасында Аһа, Еһе, Оһо (таңданыс), және Һәм (жалғасы), одан ары баһадүр (батыр), қаһар, қаһарлы, жаһан, жаһандану, жиһаз, шаһар, жиһангер, Мауреннаһр, Гауһар, Гауһартас, Ибраһим, айдаһар, мәшһүр т.т. болып кете береді. Мысалы: «Адам болсам жиһаннан» («Мұңалдың құпия шежіресі» 99 бет). «Һәмма жаһан, адамзат, ...Һауа-анадан айырып» (Сәттіғұл Жанғабылұлы «Аманат» Алматы 1996. 287,351 беттер). «Мекке деген шаһарда дүниеге келіпті». (Ы.Алтынсарин «Мұсылмандықтың тұтқасы» 19 бет). «Ад еліне туыстары Һудты жібердік» (7.Ағраф-65). «Ғаламға мәшһүр аттарың» (Ұзақбай жырау). Һұд, Жәһил, Мәшһүр (Жүсіп) адам аттары т.т.
Бұл таңбаның тегін айғақтайтын ерекше сөз Қаһарман. Міне осы сөздегі «Һ» таңбасының алдында тұрған «Қа» деген бірінші буын Қазақтың осы әріпке байланысты «авторлық құқығын» айшықтап тұр. Бұл әріптен сөз басы болып бар жоғы үш сөз жасалатын себебі, үш саны Нұқ пайғамбардың тегі Қосай руының сандық атауы. Сонымен қатар, 27 дегеніміздегі 20 қазақтың сандық атауын берсе, 7 саны Адам Атаның қарашаңырағын ұстап қалған, туыстығы ажырамаған қасиетті жеті саны атауын береді. Әрине солай, адамзатты түгел жойылудан аман алып қалған Қосай Нұқ пен Жеті аталық жүйеден асқан Қаһарман болуы мүмкін бе? Міне қазақтың ешбір елде жоқ, осы ерекше «Һ» дыбысы Нұқ пайғамбар қауымының қазақтың Ана тілінде сөйлегенін айшықтап көрсетеді. Осы сөзде, Қарт Қазақты Нұқ пайғамбардай ұлағатты ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Қаһарман» деп ұлағаттау, «Аһа, Еһе, Оһо» деп олардың ерлігіне сүйсіну және олардың артының «Һәм» деп жалғасып жатқанын көрсету бар. Қайран аталарым! Тарих жазсаң осылай жаз. Әліппе жасасаң осылай жаса. Бұдан асқан даналық болуы мүмкін бе? Сол үшін де ғой, Сіздердің Қас би (Каспий) атанып жүргендеріңіз.
Қабылданған нұсқада бұл таңба мүлдем жоқ. Мұны қоспай алып тастау, бұл ежелгі аталарымыздың Алтын әріппен жазылған ұлы тарихының бір парасын жыртып алып, отқа тастағанмен бірдей дүние.
Үстіне еліміздің асқан Қаһармандары отыратын «Алтын тақтың» бейнесіндегі «Һ» таңбасы өте сәтті жасалған.
Демек, қазақи дыбыс-таңбалардың бірін алып, бірін қосып, таңбаларды қалай болса, солай сыза салуға мүлдем болмайды.
Қазақ әліппесінен бұл таңбаны алып тастау қазақ баласының елге айрықша еңбегі сіңген қаһармандарын, баһадүр-батырларын, ел билеген хандары мен қаһандары сияқты елімізді інжу, маржан - гауһарларынан ажыратып тобырға айналдырып жібереді және оларды қазақ халқының тарихи жадынан ажыратуға қызмет жасайды. Және Біздің Нұқ қауымының қарашаңырағын сақтай алмағандығымызды білдіреді.
Қабылданған нұсқадағы әріптердің орналасуы шежіре-тарихқа мүлдем сай емес.
Сол сияқты тарих ғылымына келсек, бұл ғылымнан да қазаққа көк тиын қайыр болып отырған жоқ. Ең болмаса мектеп оқулықтарымыздан, анау түбіміз бір түріктер сияқты Дарвиннің «Қазақтың атасы айуан (маймыл)» деген сандырақ ілімін алып тастап, бар өмірі мен болмысы, ұлты қазақ екендігі бүкіл әлем елдерінде түгел хатталған күні кешегі Еділ мен Шыңғыс қаған бабаларымызды Қазақ деп, оқулықтарымызға қосуға дәрмендері жетпеді.
Міне сондықтан жаңаша ойлайтын ғалымдардың көпшілігі шетел асуда.
«Бұл күндері өзге мемлекеттерде еңбек етіп жатқан қазақстандық ғалымдар жетерлік. 75 ғалым Қазақстанға қайтарылды» деп хабарлады.
Бұл мәселені шешу үшін, Қазақ ғалымдарының барлығы дерлік бір ауыздан көтеріп жүрген мына ұсыныстарын толықтай қолдаймын.
- Ғылымның мат-техникалық базасын қайта жасақтап, ғалымдарға ғылыммен шұғылданатындай және ашылған жаңалықтарды тәжрибе де қолданатындай жағдай жасау, жалақыларын дамыған елдерден кем қылмау;
- Негізсіз жабылған Академік Қ. Сәтпаев негізін қалаған Ұлттық Ғылым Академиясын қайта жаңғыртып, Мемлекеттік Ұлттық Ғылым Академиясы етіп қайта құру;
- Академиялар мен диссертациялық ғылыми кеңестерді қайта құру (бізден басқа барлық ТМД мемлекеттерінде сақталып қалған);
- Жеке ғылым министрлігін құру;
Ғылымы дамымаған елдің болашағы болмайтынын ешқашан жадымыздан шығаруға болмайды.
Жаңа білім мен ғылым министрінен айтылғандарды зерттеп, зерделеп, тиісті шарасын алады деп сенгіміз келеді.
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы
Abai.kz