Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 3726 0 пікір 9 Сәуір, 2019 сағат 10:27

Соғыс жылдарынан кейінгі жезде мен балдыздың айтысы табылды

Көкейде жүрген, бір кезде, яғни атамның көзі тірісінде жазылып алынған деректі хикаятты жариялаудың сәті түскен секілді. Атам деп отырғаным, өмір бойы Отырар ауданның Маяқұм өңірінде тұрған, мал шаруашылығы саласында жұмыс атқарған, қарапайым ғана тіршілік жасаған, ғұмырында ешкімге қиянат жасамаған, көп қиыншылықтарды басынан өткерген, зұлмат соғысқа қатысқан, менің туған нағашы атам - Омар Сартпанбетұлы. Төмендегі оқиға өткен ғасырдың 70-ші жылдары атамның айтуымен жазылып алынған еді.

Атам оқиғаның кіріспесі есебінде «Соғыстан кейінгі жылдар. Армиядан елге оралған кезім. Елдің ерекше қуанышты жағдайдағы шағы. Ол кезеңдегі халықтың бауырмалдығы  сүйсінерліктей болатын. Кез-келген бір-бірінің кішкентай қуанышының артын тойға, айтысқа ұластыра салатын, шат-шадыман кезең еді. Менің де көңілімде желік бар. Сондай бір адам өміріндегі қимас кезеңнен қалған белгі ғой. Мен де бір сол шақтарда бір балдызыммен айтысқа түскен жағдайым бар еді. Балдызымның есімі Құмаркүл. Осы оқиғаны мүмкіндігің болса хатқа түсірші, шырағым, болашақ ұрпақтың қажетіне жарар» деп өтініш жасаған соң жазып алып едім.

Атам жарықтық, табиғатынан құйма-құлақ, шешен, ескіше хат таныған, нағыз
«самородоктың» өзі еді. Мына төмендегі ұсынылып отырған айтыс, сол кісінің бір қыры секілді. Атама естелік ретінде хатқа түсірілген сол хикаят-жазбаны бүгін жариялауды жөн көріп отырмын.

Қалғанын қалың оқырманның өздері айтар...

Жігіт:

Мәуесі мәужірейді өріктінің,
Елге кеп, шәпке тастап, бөрік кидім.
Сарғайып, сағынысып, неше жылдай,
Балдызжан, жаңа өзіңді көріп тұрмын.

Қыз:

Жездеке, біз де келдік, сіз, келді деп,
Жездекем, келгенімді білгенді деп.
Ауылға бара алмадың, амандасып,
Келгелі бір ай болды, көрмедім көп.

Жігіт:

Әскерден аман келдім, қадам басып,
Аулыңа барып қайттым, амандасып.
Күлан қыз, Батан қызға бердім сәлем,
Таппадым, қайда кеттің, бір бел асып.

Қыз:

Зейлімен замананың «ар жақ» кеттім,
Жездеке, сіз келді деп «бер жаққа» өттім.
Бір бастан өтіп жатыр, талай «мұңлық»,
Осылай сұрағыңа, жауап еттім.

Жігіт:

Басыңды «мұңлық» десең, бағаладым,
Жалтарсаң, көңіліңді таба алмадым.
Қос сіңлің, тең боп өскен, ауылда жүр,
Кетіп-ең, қай зейлімен, замананың.

Қыз:

Басы еді өлеңімнің, әуелі - әліп,
Жездеке, сырттан тілеп, болдың тәліп.
«Ағарту» қызметімен кетіп едім,
Жүрсеңіз сіз «сояқта» есіңе алып.

Жігіт:

Жарасар, салы орамал, салынғанда,
Жақсыны көп ойладым, сағынғанда.
Жүретін ойнап-күліп, аңсағанда,
Біз сізді ұмытамыз, неғылғанда.

Қыз:

Жездеке, апайды алдың, адалдыққа,
Біз сізді ұйғармадық, жамандыққа.
Шынымен бізді ойласаң, сау келдіңіз,
Орамал әкелдің бе, базарлыққа?!

Жігіт:

Келгендей болып келдім, базар барып,
Қан бергенім болмаса, азарланып.
Орамал базарлыққа табылғандай,
Сұрасаң шыныменен, көңіліңе алып.

Қыз:

Алланың «Бозбас» көрді салғаныны,
Германның басып келдің жанжалыны.
Берсеңіз базарлыққа алғандаймын,
Көңілге білмедің бе, алғанымды?!

Жігіт:

Білгеннің сөзі кетпес таңдайынан,
Ілгеннің ырыс кетпес маңдайынан.
Келгенде сағынысып, сарғаюмен,
Берейін орамалды қандайынан.

Қыз:

Жездеке, асық көрсек бақтарыңды,
Бір шапан, көреміз де, жапқаныңды.
Бере бер, не тапсаңда, көп алдында,
Ақты, көкті демейін, тапқаныңды.

Жігіт:

Көңілім, жаңа менің ағарғанда,
Айтпай кетсем, боларсың, тағы арманда
Ақ орамал берейін, қаласаңыз,
Арманың айтатұғын, тағы бар ма?!

Қыз:

Жездеке, толып жатыр арманымыз,
Әуелі, апай болды алғаныңыз.
Бере бер, ақты – көкті тапқаныңды,
Қызығын ақтан көрсек, жалғанның біз.

Жігіт:

Сұрайын, бұл сөзіммен өте түбін,
Сөз сұраса, түбіне жететұғын.
Десең де, ақ орамал, бере бер деп,
Бір жаққа жайың бар ма, кететұғын.

Қыз:

Жездеке, бұл сөзімнің, ойла түбін,
Тыңлады, бұл сөзіңді, осы көбің.
Несіне ақ дегеннен біз қашайық,
Керек қой, сол орамал, ақыр бір күн.

Жігіт:

Отырмын керектіңді табайын деп,
Басыңа жараса ма, салайын деп.
Ынтымақ қоса ма деп бауырымен,
Апаңа ап келдім деп, барайын деп.

Қыз:

Жездеке, боп отырсың, қашпайтұғын,
Апайды бір себептен, тастайтұғын.
Келмей ме көңіліне бауырымның,
Сөзіңді айтып қалдың, айтпайтұғын.

Жігіт:

Апаңды айта көрме, тастағанды,
Анша тәуір көрмейміз, басқа жанды.
Ынтымақ қосар деп ем, бауырымен,
Көңілің қай түрінен жасқанады.

Қыз:

Жездеке, көңіліңді өсіргенің,
Әзіл сөз қанша айтса да кешіргенім.
Келмей ме көңіліне, бауырымның,
Нысабың, неге мұнша кетіргенің.

Жігіт:

Балдызжан, тоқтатып кет нысабымды,
Ойлаймын, ақылдассам ынсабыңды.
Ынтымақ қоса ма деп, бауырымен,
Мен жайдым көп алдында, құшағымды.

Қыз:

Айтыстық көп алдында біраз сөзді,
Сарғайып, сағынысып келген кезді.
Қолыңа міне орамал барсын, жезде,
Көптей көр, азда болса, жездеке, енді.

Жігіт:

Балдызжан, не берсең де, санамаймын,
Түсіне, дос бергеннің қарамаймын.
Доспын деп бере қойсаң, санай қойсам,
Жезделік белгісіне, жарамаймын.

Қыз:

Жездеке, енді тоқтат, нысабыңды,
Ойласаң, көп алдында хош алуды.
Ырза бол, азды-көпті, алғаныңа,
Жая бер, апай үшін, құшағыңды.

Жігіт:

Балдызжан, әлі де болса сөзге түсін,
Өтіп тұр, талай өмір апаң үшін.
Қайтардым көп алдында сөзіңе сөз,
Далаға кетпес-ау деп, түскен ісім.

Қыз:

Жездеке, істеріңді білдірдіңіз,
Өзіңмен бірге өскен, ілгергі қыз.
Ырза бол, азды-көпті алғаныңа,
Апаймен біте берсін, тірлігіңіз.

Жігіт:

Тірлігім, апаңменен бітіп жүрген,
Қай істі қармаламайды күші келген.
Сөзіңе сөз қайтардым, көп алдында
Апаң үшін күйеді, ішің неден.

Қыз:

Өлеңнің бір сабағы, хош, қайыр хош,
Айтылып біраз арман, қалмады еш.
Апайдың ағайменен арманы көп,
Байлаулыны, жездеке, өзіңіз шеш.

Жігіт:

Байқадым, көп алдында дескеніңді,
Қиялмен әрбір сөзге көшкеніңді.
Апаңның ағайменен айтсам зарын,
Қоясың шие байлап шешкенімді.

Қыз:

Жездеке, енді ырзамын өлеңіңе,
Тоқталмай табылған сөз, өнеріңе.
Енді өлең тоқтатайық хош, қайыр хош,
Ырза бол, анау-мынау дегеніме.

Жігіт:

Десеңіз, хош, қайыр хош, саламат бол,
Саламат бол дегенім, тағы бір жол.
Шынымен болсаң ырза, бұл сөзіме,
Қызындай пайғамбардың бақтылы бол.

Әрине, бұл хикаят-жазбада баяндалған жезде мен балдыз арасындағы әзіл-
оспақтардағы адамдар аттары ешқандай өзгертусіз берілді. Сөздер құрылымында жергілікті диалектіде айтылатын сөздердің де баршылық
екендігін байқаған боларсыздар. Біздің айтпақ болған мақсатымыз, соғыстан кейінгі халықтық оптимизм, соның бір үзік белгісі осы хикаятта бар секілді. Бүгінгі ұрпақ соны оқып тұшынса деген тілекпен осы айтысты толық жариялап отырмыз.

Кенжебек Ізтілеуұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449