«Құдай алдында дәрежемді асырып жатқан телеарналарға алғыстан басқа айтарым жоқ!»
Редакциядан: Ақын - "сыздаған барлық жараның аузында жүруші!.." Ол әсіресе ұлттың құндылығы мен рухани қазынасы талапайға түскенде... Аққа қара жағылғанда, Арға жала жабылғанда... жүреді һәм күйеді. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының иегері, бірнеше дүркін ҚР Президентінің стипендиаты, ақын Светқали Нұржан оқырман қауыммен өз шығармашылығы, жалпы қоғамдағы рухани ахуалға қатысты өзекті пікір-пайымымен бөліскен еді.
Редакциядан: Ақын - "сыздаған барлық жараның аузында жүруші!.." Ол әсіресе ұлттың құндылығы мен рухани қазынасы талапайға түскенде... Аққа қара жағылғанда, Арға жала жабылғанда... жүреді һәм күйеді. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының иегері, бірнеше дүркін ҚР Президентінің стипендиаты, ақын Светқали Нұржан оқырман қауыммен өз шығармашылығы, жалпы қоғамдағы рухани ахуалға қатысты өзекті пікір-пайымымен бөліскен еді.
- Аға, қазір қоғамда дүбіліс туғызып отырған мемлекеттік «Хабар» арнасындағы «Ақиқат» фильмі сізге қалай әсер етті? Себебі ол фильм «кейіпкерлерінің» бірі - Сіз ғой. Оның үстіне туған өлкеңіздегі телеарна жерден жеті қоян тапқандай... 6 рет қайталап көрсетті.
- Өте жақсы әсер етті! Бұл «фильмді» 21-і күні Астанада отырып «тамашаладым». Заңсыздық заңға айналған жерде неге таңғалғандайсың, - тек «тамашалай» бересің де! Ақиқат туын Бауыржаннан алып қалған қазақтың ұлы ғалымы Мекемтас аға айтпақшы, осынау жалалау мен қаралауға ғана құрылған - авторы, бет-бейнесі жоқ, некесіз туған шата фильмдегі Ата заңымыздан бастап, Тәуелсіз мемлекетіміздегі барлық заңдарды аяқ асты еткен бассыздық - Алматыда өткен баспасөз конференциясында заңгерлер мен ғалымдар тарапынан барынша әшкереленді! Бір қызығы, әншейінде әділеттің арашашысы, жылағанның жоқшысы атануға құмар атақты БАҚ құралдарының өзі осы шара тұсында зым-зия безіп кеткендеріне өзім куә болдым. Мұның өзі дұшпанның тым дүмді, шын Ақиқат жолының аса ауыр, қылдан жіңішке, қылыштан өткір екендігіне тағы бір дәлел болды. Талай нармын дегеннің - жығылып, пілмін дегеннің бүгіліп қалғанын көрдім.
Сансыз сайтанат секталары салтанат құрып жатқан кезде - Хақтың жолы: ата-баба, әулиелердің жолына осынша көзсіз шабуыл жасалып (бұл - алдыңғы 300, соңғы 80, кейінгі 15 жылға созылған шабуылдың қорытындысы!), ессіз кедергілер көрсетілуі өз бағытыңның дұрыстығына одан әрі сеніміңді нығайтып, иманыңды бұрынғыдан да бетер күшейте түсетін Құдайы хикмет емес пе?!
Ал жалақорлар мен бәлеқорларға, ертелі-кеш Құдай алдында да, заң алдында да, ел алдында да жауап беретін күн туады!
- Сіз жаңа «өте жақсы әсер етті» деп едіңіз?..
- Жоқ, мен бұл жерде, шын мәнінде, мемлекет заңдарының айбынды күзетшілері болуға тиісті, бірақ күмәнді тапсырысты орындаған, «бұлардың жоқтаушысы жоқ қой» деп, ешкімге қиянаты тимеген бейкүнә жандарды тынымсыз ғайбатпен төмпештеген телеарналар мен құзыретті орындарды айыптап отырғам жоқ. Егер олар шынымен ақиқатшыл, әділетке аратұрғыш болса, бейіттерімізді қиратып, әруақтарымызды қорлаған, түрмені бұзып, мемлекетке қарсы оқ атқан, ашық күнде жауынгерлерімізді жазым қылған, жарылыстар ұйымдастырып, жазықсыз жандардың қанына ортақ болған, бүкіл ұлттық рухани құндылықтарымызды жоққа шығарып отырған, «жиһад» атты аждаһаның аузына жастарымызды тоғытып, көрші мемлекеттерге елімізді жексұрын қылып көрсете бастаған, осы әрекеттері арқылы келешекте тәуелсіз мемлекетімізді ойран-ботқа қылмақ болып жүрген Зымиян-Күшті әшкерелеген болар еді! Жоқ, оларға келгенде қайнағасы мен қайнысының атын тергейтін ибалы келіндер құсап сызыла қалатын, бірақ құмырсқаға да қиянаты жоқ, Заң аясында ғана қызмет істеп, ел, ұрпақ дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген зікірші жамағатқа келгенде зіркілдеп шыға келетін бұл құралдар еш айыптау мен өкпелеуге лайық емес. Олар бала-шағаларын бағу үшін ғана жүр. Ертеңгі күні сол бала-шағаларының беттеріне қалай қарауы, ол - басқа мәселе. Мен олардың ар жағындағы түкті қолы тұтқаңды тапжылтпай бұрап, жыртқыш тісін қызыл тілімен қымтаған: билік атын жамылған бүлікші, дін атын жамылған мүртет, саясат атын жамылған сатқын, заң атын жамылған жендеттер туралы айтып отырмын. Олардың бет-перделері қазірдің өзінде сыпырыла бастады. Ертеңі - тым аянышты.
Қазір кісі өлтірген қарақшы да, отанын сатқан опасыз да, дінін сатқан имансыз да, елі мен жерін, мемлекетін тонаған ұры да, ерін сатқан жәлап пен досын сатқан жалдап та - Ел алдында өздерінің жағымды образын жасағысы келіп жанталасып жүр. Ал мен керісінше, елге құбыжық қып көрсеткісі келіп, бірақ Құдай алдында Зікірші ретінде куәлік беріп, дәрежемді асырып жатқан телеарналарға алғыстан басқа айтарым жоқ! Өйткені Зікіршінің дәрежесі Алланың хақ кәламы - Құранда да, пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде де, әулиелер сөздерінде де тым жоғары бағаланады! Пайғамбарым (с.ғ.с.): «Дүйім жұрт сендерді жынды көреді» десе, Құтыб Қожа Ахмет Ясауи (р.ғ.): «Көп ішінде рәсуа бол, әлем күлсін!» - деп насихат қылады. «Зікіршінің қабірдегі халі» хикметінде Мүңкір-Нәңкір періштелердің одан жауап ала алмай қашатынын баяндайды. Мұны ертегі деп есептегендер - өзі білер! Жалпы, бұл әңгімелер Құдайсыз қоғамнан шыққан рухани кастраттарға һәм Құдай атын жамылған әщады тасқұлақтарға түсініксіз. Олардың екеуі де - ұлттың, руханияттың, Құдайдың хас жауы. Қазір соңғылары тым қауіпті. Бар бәлесін алдыңғылардың соқырлығын пайдалана отырып немесе солардың үнсіз келісімімен жасайды. Десе де, қара беттерін жасырып, харам фильмнің тасасына тығылған, «жүректері мұз, майда тілі біз» (Шәкәрім) бауырларыма да саналарын сергітіп, кеуделерін кеңейтіп, кеселдерінен құтылу үшін тезірек зікір алқасына түсулеріне кеңес берер ем. «Бір Аллаһтан басқаның бәрі - ширк»! - деп шатынап жүрген «діндарлар» неге сол бір Алланы мадақтаудан ат-тондарын ала қашады?! Олар Құдайдың сүр деп берген ғұмырын басқалардың өмірін жоюға бағыштап, жанқаста болып, жарылыстарының өзін жария жасап жүргенде, жан-Алламды жария мадақтауымның несі айып болыпты?! Логика қайда?..
Мақсым ағамыз әділетті Құдайдан және Оның жердегі өкілі Елбасыдан күтіп отыр. Ал Әділет Сөзсіз салтанат құрады, ИншАлла!
Атам Қазақтың: «Нар түйеге оқ тисе, Жай түйедей бақырмас, Артқы аяғын бір сілкер», - дегені осы. Тек: «Ерді Құдай атарда - жауға салар жампозын жабы орынына мінеді; Елді Құдай атарда - жауға қимас жалғызын жалпының бірі біледі», - деп, дос пен дұшпанды айырмай қара басып қалудан сақтасын Бізді!
1832 жылғы Қарнауда хиуа жендеттерімен болған қырғында Тубегінің ат үстінде толықсып тұрғанын көріп қолбасшы Сүйінғара атамыз шауып келіп: «Шыдайсың ба?» - дейді ғой, сонда Тубегі - Ескелді Дауыл батыр: «Жан шыдаса - біз шыдармыз!» депті.
Неше жерден оқ тиген батырдың аузынан кесек-кесек қан атып тұр екен дейді. Соғыс аяқталғанда келсе, ат үстінде туды жықпаған қалпы есіл ер әлдеқашан дәріл-бақиға өтіп кетіпті!..
1856 жылы Қараған-Босағадағы ұрыста Тубегі - Асар сұпы атамызға батырлардың бірі асығыста: «Ата, туды жықпайсыз ғой!?» - деп қалады. Сонда Асар сұпы-зікірші: «Туды Құдай жықпаса, біз жықпаспыз, Инш-Алла!» - деген. Ол ту: Мединада - Мұхаммед (с.ғ.с.), Түркістанда - Құл Қожа Ахмет (р.ғ.), Маңғыстауда - пір Бекеттің (р.ғ.) туы! Кім не десе, о десін, бұл жол - қылдай қатесіз Хақтың жолы. Досқа да, дұшпанға да төрт ауыз өлеңмен жауап берем:
Жадқа тұтып Хаққа берген антымды,
Мен зікірге малып өлем бал тілді.
«Бұл мүміндер мақтайды, - деп, - Алласын»! -
Дұшпандарым шығарады даңқымды.
Енші қылған маған ғажап жалғанды,
Түс танытқан бақидағы арманды -
Бар дауыспен:
отырып та, тұрып та
Өлгенімше мадақтаймын Алламды!
Жақын қалдым жырақтағы мұратқа,
Пәруардигар! -
Ар-Туымды құлатпа!
Дос панасы, жау жаласы - екеулеп
Жетектеп ап енгізеді жұмаққа.
Мен өлгенде жаздыртпаймын «ақын» деп,
«Пәленше» боп міндетсуге хақым жоқ.
Басымда тек жылар ылғи құлпытас:
«Бұл молада бір Зікірші жатыр», - деп...
- Соңғы дәстүрлі сұрақ: Осы аласүргінде шығармашылығыңызға нұқсан келген жоқ па? Егер құпия болмаса, қандай жоспарларыңыз бар?
- Жоқ. Шығармашылық - осы ұлық майдандағы менің қару-жарағым ғой. Одан басқа қаруым жоқ, сондықтан ылғи бабында, дәйім жанымда ұстауға тырысам. Оқырмандарыма берген уәделерімді нобайлап орындадым деп есептеймін. Ел алдында - Сөз қарызымды, ер алдында - бөз қарызымды қайтарып өлсем деп армандаймын. 2008 жылдың ақырында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасымен «Ай таранған түн» атты жыр кітабым жарияға шықты. 2009-дың аяғында «Әулиелер әуезі», 2010-ның соңында «Европа поэзиясы. ХХ ғасыр» атты кітаптарым жарық көрді. Соңғы екеуі - тәржіма. «Әулиелер әуезі» бойынша міне екі жыл қатарынан дәстүрлі республикалық конкурс өтіп келеді. «Европа поэзиясы» Президенттің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында дүниеге келді. Француздың Поль Элюар, немістің Готфрид Бенн, румынның Тудор Аргези, италиянның Эудженио Монтале сынды өз заманында құбылыс болған ақындарының шығармаларымен қазақ оқырмандарын таныстырдым. Үстіміздегі жылы сол бағдарламамен «Европа поэзиясы. ХІХ ғ.» атты жинақ жарық көрмек. Онда француздың әйгілі ақыны Артюр Рембоның жырларын өз тілімде сөйлеттім. Сондай-ақ Қытайдың ұлы ақыны Ли Байдың көптеген өлеңін аудардым. Әзірет Сұлтан Ясауи бабамыздың және ол кісінің соңынан ерген түркілік әулиелер: Сүлеймен Бақырғани, Жәләләддин Руми, Жүніс Әміре, Пір Сұлтан Абдал, Қазақ Абдал, Ниязы Мысырилардың хикметтерін Айжан Рақымбайқызы қарындасымның себімен қазіргі өрнек-уәзінге түсіру үстіндемін. Бұйырса, мұның бәрі келешекте «Батыс-Шығыс баяны» деген атпен бөлек үлкен кітап болып жарияға шықса керек. Төл туындыларыма келсек, қазір жыр-дастандарымның 6-7 томдарын жазуға кірісіп кеттім. Құдай дегенге жеткізсе, алдағы 50 жастың о жақ, бұ жағында 170 баспатабақ өлең-жырымды қапысыз сомдап, ұлт-ұрпағыма аманаттап кетсем, «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» - деп Пушкин айтпақшы, артыма алаңдамай өтер ем. Әдебиеттің басқа жанрларына ауысу, ол - уақыттың өлшемі, ғұмырдың мөлшеріне ғана еншілі шаруа.
- Ішіңізді ірікпей ашқаныңызға рахмет!
- Кімнен іркем, неден үркем?! Ішімді әлі де аша түсу үшін алда жарық көрмек «Машырық пен Мағырыптың арасы» атты кітаптан бір балладаны оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Сұхбаттасқан:
Ақерке ДАҢ