Жексенбі, 29 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 5900 5 пікір 18 Сәуір, 2019 сағат 12:39

«Айыр тілді, шұбар дінді...»

«Айыр тіл» туралы ауыз ауыртпай-ақ қояйын, осы күнге дейін оны жер түбіне жеткізіп, шыңның шыңырауына шығара айтып біткенбіз...

Ал, тақырыптағы осы бір тосын сөз тіркесі біздің қазақтың сөз қорына жаңа ғасырдың басында келіп қосылғаны даусыз. Алғаш қай жазарман, қандай шешен ойлап тапты ол белгісіз... «Мен тапқам,  не ол тапқан» дегендер болса айта жатар.

Менің айтпағым, осы «айыр тілді, шұбар дінді» деген анықтаманың  халқымыздың қазіргі шын харектері екеніне көзім жете бастағаны.

Әріптес, дос-жарандармен болған бір басқосуда, «Біздің халқымызда хазіреті Ғали Арыстан туралы аңыз, дастандардың көп екені, оны айтқан кезде аталарымыз «ой, қасиетіңнен айналайын шадиярым!» деп, әжелер жағы жаулығымен көзінің жасын сүрте еміреніп, балалар жағы ондай ересен ердің асқан батырлығын көз алдарына елестеткендей  емексіп отыратын еді...» деп, кіріспе сөйлеп, бір қызықты әпсананы айтуға оңтайлана беріп едім, отырғандардың бірі:

«Ой, аға  ол сол замандағы парсылардың бізге жасаған рухани әсерінен туған қияли нәрселер ғой. Хақ дінге қатысы жоқ!» деп қалды. Өзім бала кезімен талай естіп өскен бойыма ізгіліктен басқа зияны тимеген туған халқымның рухани қазынасын бір ауыз сөзімен жоққа шығарып отырған бауырыма қарсы сөз айтып, дауласқым келмеді.

Өйткені,  біздің буын атеизмнен шығып демократиямен қауышқан кезде, халқымыздың хақ діні қайта келді, деп қатты...ы...ы қуандық.

Түкірік жұтудан да қорқып қолтығымызға  бөтелке тығып жүріп алғашқы оразаны ұстап, «мынау  не деген терең философия» деп, алғаш жұқа кітапша болып шыққан пайғамбардың хадисін оқып мәре-сәре болық.

Бұл кезде, ел ішінде Сары әулие, Көк әулие, Жасыл әулие...  секілді түрлі-түсті әулиелер шығып, қара-шобыр көпшілікпен бірге олардың уағызына да жүгірдік. Сөйтіп жүргенде, киелі мекен Түркстан жаққа сапарлайтын Ақ ана, Аққу ана деген қасиетті әйелдер пайда болып, «ПАЗ» автобустың артына тірі қой тиеп алып, аруақ адақтаған ұрғашылар жамағаты дегендер де көбейді... Былайша айтқанда, халықтың арасында «дін күшейе бастады».

Криллицамен төрт-бес қысқа сүре жаттап алып жұма намазға жалпылдадық. Осыны керемет діндарлық көріп, көңіл жайланды. Тоқсаныншы жылардың орта тұсында Түркиядан, Мысырдан, Пәкстаннан алғаш діни оқу оқып келген жас талапкерлердің қазақша жазған Ислами кітаптарын түгін қалдырмай оқып, «О, Ислам деген менің атам мен әжемнің бүкшеңдеп оқыған намазы ғана емес, қыруар кең ғылым екен ғой» деп, материализм меңдеген санамызға самал кіргендей рухани дүниеміз кішкене жанданып, дүниеге басқаша көзбен қарауға талпындық, өзімізше...

Сөйтіп жүргенде, дариядай жылжыған жылдар да ілезде өтіп, елде Ислам дінінің оқымыстыларының саны артып, олардың неше түрлі пәтуа-түсініктемелерінен осы Хақ діннің қайсысы хақ, қайсысы ақ, қайсысы қара, қайсысы сара екенін білмей басы қаңғырған адамдар да көбейді. Басы қаңғырған дегеннен гөрі, басы жаңғырған десе де бола ма, деп қалдым.

Өйткені, тоқсанынышы жылдары «бисмиллә» деген сөздің сөзбе-сөз мағынасын да білмейтін замандастарым, қазір дін десе білмейтіні жоқ, тума талант «дінтанушы» болып кеткен секілді.

Астана жақтан әйелімен қыдыра келген ескі танысымның айтқан әңгімесіне қатты таңқалсам да, дін жөніндегі «білімдарлығына» тіпті, тәнті болдым. Еркегінің айтқан әңгімесін әйелі қатты қадағалап отырады екен.

Екеуі әлдебір жұма күні мешітке  садақа салмақшы болып көшеге шығыпты. Өзара ақылдасады, «қайсы мешітке барсақ жақсы болады», деп. Күйеуі айтыпты, «ең қымбат салынған, жарқырап тұрған мешітке садақа берсек, сауабы көп болуы мүмкін» депті. Яғни, нақтырағын айтқанда қаладан жаңа алып жатқан пәтердің құжаты тез біту үшін Құдайға мешіт арқылы теңге жөнелтіп жалбарынбақшы ғой.

Әйелі, «екі мың теңге берсек болатын шығар», десе күйеуі «әй, анандай салтанатты мешітке екі мың теңге салу деген ұят емес пе, оның үстіне үйдің документі үшін салғалы тұрмыз, пара берсең одан да көп ақша кетеді, не де болса он мың теңге салайық» деп, әйелін көндіріпті.

Сөйтіп, екеуі жұма намазынан бұрынырақ  әлгі  атақты мешітке енді таяп қалғанда, дәл алдарында қапшыққа салған ауыр затты қолдасып алған, жұпыны киімді, жүдеу жүзді екі жас жігітті көреді. Әйелі кілт тоқтап, күйеуінің жеңінен тарта қалады, «Қанат, мына екеуі әлгілер емес пе!?» дейді, сыбырлап. Күйеуі: «Не болды? Әлгілерің кім!?» дейді, шошына.

Әйелі жауап та бермей, әй-шайға да қаратпай, кілт бұрылып кейін қарай жылдамдата басып: «Әй, әлгілер деп, әлгі жаратындарды айтып тұрсам, дәл артына барып алып, дар-дар етесің ғой өзі! Кәне, тез қашайық!» деп, үйлеріне зытады. Содан, бір пәледен аман-есен қалғандарына мәз-мәйрам отырады ғой.

Кешке үйге жұмыстан ұлдары келеді. «Бүгін жұма намазға бардым» дейді, ол. Екеуі үрпие қалады: «Әй, мешіт жақ тыныш па?» дейді, қосарлана. Ұлдары «Не болды?» дегендей, аңтарыла қарайды. Әке-шешесі бүгінгі көргендерін, өздерінің аман қалғандарын айтқаны сол еді, ұлдарының көзі жасқа тола бақырайып, ауызын арандай ашып, ішін басып бүктетіле құлап түсіпті. Дауысы қиық-қиық шығып селкілдеп жатыр.

Екеуі «Мынау қатты қорықып талып қалды ма, не пәле болды?!» естерін жия алмай, үрейленіп тұрғанда, ұлдары күлкіден парлай аққан көз жасын сүрте, орнынан тұрады.  Сөйлей алмай әлі күліп жүр: «Әй, мама-ай! Жарғыштар дегенің мешіттің артына плита төсеп жүрген жұмысшылар емес пе! Біздің Ораз да сонда істеп жүр, бағана көргем» депті. Бірақ, мамасы оған қайдан оңай илана қойсын...

Осы «жарылғыштан» басталған әңгімеден кейін әлгі ескі танысым Қанаттың шабыты ашылып кеткендей болды. Маған дәріс оқыған ұстаз секілді тоқтамай төгілді: Мойынына галстук тағып, еуропалықтар құсап шыттай болып жүретіндерді «сүлейменшілер» дейді. Олар Құранды түпнұсқадан үйреніп, тәжуитті жақсы меңгереді. Қари болып, сенімге кіргендері «рабытаға» қамтылады.

Ал, мұртын шақана ғана шырпытып қойып, сақалын қырып тастап дәрісханада Құранның мағынауи тәпсірі дейтін «Қызыл кітап» оқитындар «нұршылар». Олардан бөлініп шыққан «гүленшілер» деген топ «мұсылмандар ғылымның бәрін игеру керек» деген мақсатты ұстанады.  Басына қазақы оюлы тақия киіп, мұртын дырдай қырып, сақал қойып жүретіндер «сәлапшілар». Олардың көбі орыс тілді қазақтар болады. Кейбіреулері шалбарының балағын қысқартып тастайды, кей сәлапшылар ұзын көйлек киіп аяғына мәсі сұғады.

Енді, сақалы кеудесін жауып жүргендерді көрсең оларды «уахабшылар» дейсің. Олардан басқа «құранидтер» дегендер де бар. Мәулана деген ғұламның жолын ұстаған «тассауыпшылар» дегендер де болады. Ал, өзіміздің Яссауи бабамыздың жолын қуғандар да аз емес, «зікіршілер» деген де бізде бір кезде қатты көбейген, дейді... Тақиясында оюы жоқ шымқай көк болса...

Оның мұнша «біліміне» таңырқап: «Әй, Қанат мұның бәрін қайдан естіп жүрсің? Мен өз басым сол мұрт, сақал, балақ, тақия  дегенді әлі білмейді екенмін. Енді, өзің қайсысын ұстандың?» деймін ғой. «Ой, мұны қазір елдің бәрі біледі емес пе? Мен осының қайсысы оңды деп... ойланып жүрмін...»

«Сонымен, басқаны қойып өзіңді айтсаңшы!...» десем, Қанат әйеліне жаутаңдай қарап: «Мына, Гүлмайра рұқсат бермей жүр, Жұма намазға барайын десем, жарылып өлгелі жүрсің бе?! деп ұрсады... Пенсияға шыққан соң бірақ, көрем бе, деп байқастап...»

«Үйбай-ау, Құдайдан гарантия алып пе, ең... ажал деген айтып келмейді ғой!...»  Әлгі, шабыттанып әңгімені бұрқыратып отырған Қанатымның өңі өзгеріп кетті. «Өй, олай деме! Намазға жығылайық деп жүрміз...» деп, ренжіді.

Әңгімені қалт жібермей бақылап, гүл-гүл жайнап отырған Гүлмайра да күйеуіне болыса кетті: «Қанат құлқуалланы жақсы жаттап алған, жұма  сайын тәңертең шелпек пісіріп бет сипаймыз» деді.

Мен де, ескі танысымның дінге деген талпынысын қуаттағандай: «Қанеке, енді намазға жығылғанда да өзің айтқан осынша көптің біреуін ұстануың керек қой...» дедім.

Қанат бағанадан айтпай сүр еттей сақтап отырған ойын жайып салды: «Бәрі Әбу Ханипа деген бағытты жақсы деп жүр... жығылсақ, соны ұстап жығылатын шығармыз...»

«Оның қандай жақсылығы бар екен?»

«Ойбой, оны өзің де білетін шығарсың! Ата-бабамыз ұстапты ғой, баяғыда... Әйтеу, той-томалағымызға бөгеті жоқ секілді...»

Әрине, мұндай әңгімені алғаш естіп отырмасақ та, мені таңғалдырғаны замандастарымның діннің имани мақсатынан гөрі «дінтанушылықты» қатты «зерттегені». Бір қызығы әлгі әңгімеден кейін «психологиялық вирус» маған да жұққан секілді, көпшілік көлікке отырған кезде еркектердің мұрынының  астындағы  мұртының  жағдайын бақылайтын, сақалының ұзын-қысқасын тексеретін, балағына да көз тастап қалатын, тақиясына да қадала қарайтын басымда автомат бірдеңе пайда болыпты. Бір жақсысы, Қанаттың қатынының «жарылғыш» дейтін үрейінен аман-сау қалған сияқтымын, әйтеубір...

Айтпақшы, әңгімені басында ауызға алған Хазіреті Әлидің әпсанасын айта кетсем, сауатты оқырман оның Хақ дінімізге еш оғаштығы жоқ екенін байқайтын шығар деймін:

Хазіреті  Әли өзінің қырық сенімді серігімен жорықта келе жатса, алдынан үш аяқты ат мінген біреу қашады. Бәрі қанша қуса да жете алмапты. Келесі де, ауыр отын көтерген бір міскінді жолда кезіктіреді, ол отыны соша ауыр бола тұра алдынан отын көрінсе болды тағы да қосып көтеріп алады. Олар жол жиегінен кезіккен жыланды өлтірмек болып, қамшымен қанша ұрса да, жылан өршелене шапшып өлмейді, сонда Әли оған саусағының ұшын тигізіп еді, жуасып жайына кетті. Бір кезде дәл  жол үстінде жатқан қазына салған сандықты көреді, төрт-бес жігіт жетіп барып көтермекші болып еді, орнынан қозғалта да алмады. Ал, арыстан қуатты Әлидің өзі ат үстінен іліп алмақ болғанда тұлпарының төрт аяғы жерге кіріп кетті. Сонда, есек мінген бір қария адам келіп оны қолындағы  бишігінің  ұшымен ғана іліп көтере салды, дейді.

Соңында Әли бұл көріністің Алланың адамдарға көрсеткен хикметі екенін біліп, достарына шешуін айтып берген екен: «Үш аяқты ат адамдарды алдайтын дүниешілік, өмір бойы қусаң да жеткізбейді. Отын көтерген адам, біздің пендешіл нәпсіміз, күнәмізді азайтудың орнына көбейтуге құштармыз. Ал, жылан деген өз әйелің, қатты кетсең өршеленеді, жұмсақ қатынассаң жаныңнан табылады. Қазына сандық деген адамдардың бұл өмірде жетуге тиісті даналығы оны байлықпен де, билікпен де, күшпен де ала алмайсың, оны игеретін адамның парасаты ғана» депті.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2092