Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әліпби 8685 37 пікір 24 Сәуір, 2019 сағат 09:43

И (Й) мен У түркі тілдерінде қалай жазылады?

Жаңа қазақ емлесінде көпшілік арасында дау тудырған мәселелердің бірі  – и, у әріптерінің жазылуы. Бұл мәселе ХХ ғасырдағы әліпби ауыстыру кезеңінде де тартысты мәселе болған-ды.

Егер 2018 жылғы ақпанда қабылданған әліпбимен тіліміздегі и, у әрпімен жазылатын сөздерді бір модель бойынша таратып жазар болсақ, олардың жазылуы былай болмақ: iıter, iıne, iıt, zyıan, biıik, jiıi, iıe, kiıim, yıman, taryıhyı, tabyıǵat, ǵylymyı, mádeniı, iıis, suý, buýyn, suýyq, tuýysqan, juýuý, oquý, ал шеттілдік сөздерде liımiıt, iımpúls, iıtalıan, iıpoteka, suýbtiıtr  т.б.

Ал бұл сөздер басқа түрік тілдерінде қалай жазылады? Түбі бір түркі тілі болса да, түрік, әзербайжан, өзбек, қарақалпақ т.б. түркі тілдері сөздерінің жазылым тарихы, қолданысы әртүрлі сипатта екені белгілі. Мәселен, түрік тілінде әліпби ауыстыру кезеңінде емле мәселесінде кейбір дыбыстардың ескерілмей қалуы наразылық тудырса да, осы и мен у-ға келгенде жағдай басқаша болды. Қазіргі түрік тілінде И (і) және Й (у) дыбыстары жеке-жеке таңбаланған. Мұндағы İ әрпі таңбаланып тұрған дыбыс – жалаң, жіңішке дауысты. Ал U (қазақ тіліндегі ұ мен у ) әрпі тек дауысты дыбыстың таңбасы ретінде қолданылады [1, 2-3].  Қазақ тіліндегі төл сөздерде келетін дауыссыз У түрік тілінде ğ немесе v (bağ-бау, dağ-тау, kıvanç-қуаныш) дауыссызымен сәйкесетіндіктен, бір әріп бірде дауысты, бірде дауыссызды таңбалайды деген мәселе болмаған. Енді и, у әріптерімен келетін сөздердің басқа түркі тілдеріндегі көрінісіне назар аударайық [2; 3; 4].

АРАБ-ПАРСЫ ТЕКТІ СӨЗДЕР ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕР ТӨЛ СӨЗДЕР
1 Әзербайжан Түрік Әзербайжан Түрік Әзербайжан Түрік
2 Tarix Tarih Multimedia Multimedia İtələmək  (итеру) İtmek
3 Həqiqət Hakikat İmperator İmparator İt (ит) İt
4 İman İman Limit Limit Bit  (бит) Bit
5 İnanmaq İnanmak İdeal İdeal Buğda (бидай) Buğday
6 Әdəbi Edebi Universitet Üniversite Bi (би) Bеу
7 Niyyət Niyet Utopiya Ütopya İynə (ине) İğne
8 Ruhani Ruhsal Stil Stil Deg (ти) Değ
9 İslam İslam Tezis Tez Divar (дуал) Duvar
10 Dini Dini İnternet İnternet Soyuq (суық) Soğuk
11 Sual Sual Cakuzi Jakuzi Buxar (бу) Buğu
12 Təbiət Tabiat Kommunikasiya Komünikasyon Su (су) Su
13 Dünya Dünya Minimum Minimum Qu (аққу) Kuğu

Кестедегі мысалдардан байқағанымыздай, и, у-мен келетін сөздердің тұлғасы ғана емес, дыбыстық құрамы да бір-бірінен алшақ, әртүрлі. Яғни и мен у кездесетін барлық сөзді топтағанда, әр топтағы сөздерде и мен у-дың жазылу уәжі әртүрлі екенін байқаймыз. Мәселен, жоғарыдағы кестеден араб-парсы текті сөздер түркі тілдерінде айтылуына немесе қалыптасқан тұлғасына қарай жазылған, алайда берілген сөздердегі і,  u таңбалары (й, у)  екі дыбысты емес, жалаң дауыстыны білдіреді. Сол сияқты  еуропа тілдерінен енген сөздердегі й, у да бір әріппен жазылады: universitet. Ал төл сөздердің жазылуына келер болсақ, олар дәстүрлі принцип негізінде берілген. Себебі тіліміздегі төл сөздердің түрік, әзербайжан тілдеріндегі көрінісіне назар аударсақ, мысалдарда и, у әріптерінің кейбір сөзде таратылып (ине), көбіне ықшамдалып (ит, бит, би) жазылғанын, енді бір сөздердің басқаша жазылғанын (тию, суық) көреміз.

Өзге түркі тілдерінде төл сөздердің айтылуы бойынша (тілдің әуезін сақтау үшін) жазылатыны туралы пікірлерге олардың фонетикалық принципке сай емес, тарихи-дәстүрлі принцип бойынша жазылып жүргенін дәлелдеп көрсетуге болады. Ал біздің тіліміздегі и, у-мен келетін төл сөздер тұлғасы тарихи-дәстүрлі принциптен ХХ ғасырдағы әліпби ауыстыру кезеңдерінде алшақтаған болатын. Жоғарыдағы ти, би сияқты мысалдардан  көріп тұрғанымыздай, олар біздің тілімізде басқа қалып бойынша жазылған сөздер, оларды тій, бій деп жазудың фонетикалық тұрғыдан да, тарихи-дәстүрлі принцип тұрғысынан да қисыны жоқ.

«И/Й» әрпі кездесетін сөздердің түбірі мен тарихи және басқа түркі тілдеріндегі тұлғасы зерделенбесе, қазақ тіліндегі көп сөздің түбірі жоғалып кетеді деген күмән да бар. Алайда кирилл әліпбиімен ықшамдалып жазылған сөздердің барлығын толықтай ашып жазған жөн бола ма? Мысалы, таратып жазылуы керек деп жүрген ит немесе ине сияқты түптүркі сөздердің түркі ататіліндегі тұлғасы мүлдем басқа. Ақиқат, ит, идеал деген тегі үш түрлі сөздердегі «и» әрпінің  дыбыстық мазмұны түрлі екенін басқа түркі тілдеріндегі мысалдардан да байқадық. Сондай-ақ мұны «Көне түркі сөздігі» мәліметтері арқылы көрсетуге болады:

 

Көне түркі сөздігіндегі И, У-мен жазылатын сөздер

 

Қазақшасы
1 BU ІІ пара: ašїč busї Пар из горшка (МК ІІІ 206) [5, 119] БУ
2 IT І собака: jorїɣcї jorїṭmaẓ kör ẹsriŋ itiŋ Твои барсы и собаки не дают прохода путникам ИТ
3 IT BURUNU – шиповник (итмұрын) [5, 205] ИТМҰРЫН
4 IT ІІ толкать ol anї itti Он его толкал (МК І 171) [5, 215] ИТЕРУ
5 ITÄR побуд. от it – толкать [5, 215] ИТЕРУ
6 JU – мыть, стирать;  qanїɣ qan bilä jumas Кровь кровью не смывают (МК ІІІ 66) [5, 277] ЖУ
7 SU – тянуть, протягивать [5, 512] СУЫРУ
8 SUB – вода, река [5, 512] СУ
9 SANDUVAČ – соловей, tatlїɣ ötär sanduvač Соловей сладко поёт [5, 484] САНДУҒАШ
10 JЇδ запах: jїparlїɣ kẹsürgüdin jїpar kẹtsä jїδї  qalır Если из мешочка с мускусом мускус исчезнет, запах его останется (МК) [5, 265]

 

ИІС
11 IJÄ – хозяин, господин (о боге) [5, 205]

IGÄ – хозяин, ẹv igäsi үй иесі

ИЕ

ЕГЕ

 

Кестеден көрініп тұрғандай, біршама сөздерде U және I әріптері (и мен у) дауысты дыбысты таңбалап тұр. Біз талдап отырған әзербайжан, түрік тілдерінде бұл сөздердің біразы осы түртүркілік тұлғасында, яғни айтылуы немесе тіл табиғатына сәйкес емес, дәстүрлі принцип бойынша жазылады.  Алайда қазіргі қоғамда және қазіргі емле түзу кезеңінде и, у-мен келетін сөздерді таратып жазамыз деп төл сөздердің тарихи тұлғасын зерттеп, көпшілік қауымға «ие» деген сөзді «ійе» деп жазамыз, бірақ «ит» сөзі солай қалады деп түсіндіру де қисынға келмейді.

Енді қимыл есімімен келетін оқу, тоқу, тану, баулу, беку сынды сөздердің жазылуын әзербайжан, түрік тілдерімен салыстыра алмау себебіміз – бұл тілдерде (оғыз тобы) қимыл есімінің қызметін -мақ (-мек) қосымшасы атқарады: okumak, tanımak. Бұл тұлға біздің тілімізде де бар. Сондықтан бұл сөздерді қосымшасымен жазғанда, егер оны ықшамдамай, таратып жазар болсақ, айтылуы бойынша оқұу, оқұушы, танұу деп жазғаннан гөрі, түбірін сақтап жазған дұрыс деп ойлаймыз: оқыу – оқыушы – оқыдым, таныу – таныс. Яғни бұл жолда да ықшамдамаймыз деп, түсініксіз тұлғаларға (мыс., оқұу – оқырман) тап болмасақ дейміз.

ХХ ғасырда тілші, ғалымдар арасында и мен у дауысты ма, дауыссыз ба, олармен келетін сөздерді қалай жазамыз деген мәселе кезең-кезеңімен талқыға түсіп, соңында бір шешім қабылданғаны белгілі. Оның көрінісі – біздің қазіргі жазуымызда. Сонда Телжан Шонанұлы: «Дауысты ұзын у мен ұзын и қазақтан басқа түрік халықтарының бәрінде де бар; қазақ тілін басқа түріктердің тілінен бөліп алып, бізде дауысты у мен и жоқ деу – қисынсыз. «У» мен «и»-дің жазу ережесін жеңілдік жағынан тексерсек; балалардың миына қонбайтұн нағыз шатақ ереже осы болып шығады», – деген болатын [6, 44].

Қорыта келе, и мен у әріптерінің таратып жазуға қатысты мына мәселелер назарға алынса дейміз:

Біріншіден, и мен у әріптері кездесетін сөздердің әртекті екенін ескеру. Олардың барлығын таратып жазудың тиімді-тиімсіз тұстарын қарастыру.

Екіншіден, әрқайсысының тарихи тұлғасы, сипаты әртүрлі екенін және олардың өзге түркі тілдерінде фонетикалық принцип негізінде емес, дәстүрлі принцип негізінде жазылатынын ескеру. Ол үшін и мен у кездесетін сөздердің тарихи тұлғасын анықтау бағытында ауқымды іс атқарылып, база жасалуы керек. Сондай-ақ бұл жұмыс сөздерді таратып-таратпай жазу уәжінің қоғамға түсіндірілуін қажет етеді.

Сондықтан кирилл әліпбиінің ұзақ уақыт қолданылуына байланысты тарихи-дәстүрлі тұлғаларынан ажыраған и мен у әріптерімен жазылатын сөздердің тарихи тұлғасы тіл мамандарына қатысты мәселе болып қалуы керек деп ойлаймыз.

Үшіншіден, осы мәселеге қатысты өткен ғасырдағы талқылаулардан, қазіргі тілші ғалымдар арасындағы пікірталастардан және жоғарыда талданған мысалдардан аңғаратынымыз – и мен у келетін сөздерді таратып жазудың дұрыс жағы да, бұрыс жағы да, тіпті көпшілікке түсініксіз жақтары да бар. Сондықтан бір нәрсені жоғалтсақ та, көп нәрсені жоғалтпайтындай бір жол таңдалуы керек деп ойлаймыз. Елдес Омаров айтқандай: «Елдің тілі сырттан бір төтенше себеп болмаса, еркімен өзгеріп, өркендей беруге тиіс» [6].

 

Әдебиет:

  1. Türkçedeki sesler, Hasan Mehmet Nihat Mehmet Musul Üniversitesi Edebiyat Fakültesi, 2-3 б.https://www.iasj.net/iasj?func=fulltext&aId=60330).
  2. Azәrbaycan dilinin orfoqrafiya lüğәti. Genişlәndirilmiş vә yenidәn işlәnmiş 6-cı nәşr. Bakı, Şәrq-Qәrb Nәşriyyat Evi, 2013, 840 sh.
  3. TDK Yazım (İmla) Kılavuzu. Türk Dil Kurumu Yayınları. Haziran 2012
  4. Büyük Türkçe Sözlük. http://www.tdk.gov.tr/index.php?option=com_bts&view=bts
  5. Древнетюркский словарь. – Ленинград: «Наука», 1969. – 677 с.
  6. Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. – А., 2005. – 144 бет.

Оспанова Дана Жаңабекқызы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052