Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Тарих 10307 21 пікір 6 Мамыр, 2019 сағат 02:05

Вермахт обер-лейтенанты Әлихан Ағаев десантының келте тарихы (жалғасы)

Жалғасы. Басы мына сілтемелерде: АСПАННАН ТҮСКЕН ОН БЕС, ОЙ АРҚАУЫ — АҚПАРАТ, ОҚ ӨТІНДЕ...

ОЙ АРҚАУЫ АҚПАРАТ — 2

Қашанда төте жолды таңдайтын GPS-гид Есенбай шағылдан шығып, Жемді жағалап, десантшылардың ізімен келе жатқан бізді Бесбайға тура апарғысы келгенімен, Құлақшиге соқпай кету мүмкін емес еді.

Мана Қойшығұлдар белгі ретінде қадап айтқан ақ шилі алқап – Құлақши жайлауының Жем беттегі салпысын іздеп, жан-жаққа жіті көз салып келеміз. Ақ шиді де, құлақ шиді де анықтап ажырату оңай шаруа болмай шықты – Жемнің бұл өңірі де Жанбике, Сарқасқадағыдай, тамыздың мол түскен шық-шыламынан кейін көк-ыраңмен тұнып-ақ тұр екен: қияқ, сарымия, еркекшөп, сіңбірік, шағыр, жыңғыл, қырықбуын, судыр, жантақ, сарыбас жусан, ебелек, итсигек, көкпек, алабота, сораң, құртқашаш, қойжуа, бақбақ, қалуен, қоңыраубас, адыраспан, киікоты, шырмауық, қойбүлдірген... сынды қай қазақ та бала кезден киесіне сеніп өсетін тоқсан түрлі шөптің атын асықпай атап, сонымен бір мезгілде айдау қара жолдың екі жағын жібермей барлап келе жатқан Салық ағамыз бір кезде жүргізушіге «тоқта» деген белгі берді.

Сол жақ қолда, әр-әр жерде шоқтай ұйыса өскен ақ шилі жазықта ауыл жұрты жатыр.

«15 мая опергруппа, выехавшая в разведку вверх по реке Эмба, напала на ясные следы парашютистов и в тот же день настигла их в районе колхоза «Теректы» (35 км от колхоза им. Кирова)», – демеп пе еді тасшайнар чекистер кейін Мәскеуге жолдаған хабарламасында. Бұл жерде Киров колхозы деп оның фермасы орналасқан Жанбике айтылып отырғаны анық. Дереу топографиялық карта бойынша Жанбике мен өзіміз тұрған ауыл орнының аралығын өлшеп кеп жібергенімізде, құдауанда, тұп-тура 35 шақырым шықты. Географиялық координаты: 47о12. 620` Е 055о28. 348`.

Деректер бойынша Құлақшиде соғыс жылдары «Теректі» колхозының орталығы емес, сиыр фермасы отырған. 1986 жылы «төсегі» салынған картада «қыстақ» деп белгіленгеніне қарағанда, одан ел бертінірек көшіп кеткен сияқты. Қойман Сәдуақасов пен Тотай Декеев естеліктеріне қарағанда, Құлақшидегі фермада Шармайдың жедел қимыл тобы жайғасқан, ал Бом Бахи бастаған үш десантшымен Декеев жасағы ферма маңындағы басқа бір ауылда (Құлақшиден бір шақырым жерде) ұшырасып қалады және сөз сылайына қарағанда, ол ауыл өзеннен қашық емес. Картада бұл жөнінде ләм-мим, онда Құлақшиден солтүстікке қарай, Тоғалай құмының маңдай бетінің батыс мүйісіндегі қыстақ орны ғана көрсетілген. Жергілікті адам болмаса, өз бетімізбен әлгі екінші ауылдың орнын жобалай алмайтынымызды біліп, жер ыңғайын, оған қоса тарих білетін кісі іздеп, Жемді өрлеп Бесбайға қарай жылжыдық.

Түйсігіміз алдамапты.

Құлақшиден шығып, өзен бойымен Миялыға (Ақтөбенің Миялысы) беттеп, бес-алты шақырым жүргенде Жемнің дәл жағасында бір-бірінен лағып салынған екі үйлі бір ауыл отырады. Жеммен екі ара – жиде, жыңғыл, түзгенді қалың тоғай. Қора-қопсы, бау-шарбақ, қазақы төбет, құмай тазы, өрістен қайтқан мал, енесін іздеп боздаған бота-тайлақ, ойнақтаған құлын. Сай табаны көкпеңбек шөп. Қазақтың бүйрегін бүлк еткізіп, жүрегін қытықтап өтетін идилия. 1944 жылғы мамырдың үргін-сүргінінде аты шартарапқа әйгіленетін Бесбайдың бүгінгі тіршілік-тынысы осындай болғаны да, кезінде іргелі елді мекен атанғаны электр бағандарынан, тартылған телефон сымынан көрініп тұр.

Алғаш ат басын тіреген үйдің иесі Мақсым Миялыға кеткендіктен екінші пәтерге келдік. Отағасы Зейнолла мен бәйбішесі Айбибі бесін шайларын енді ғана алдарына алып жатыр екен. Ерлі-зайыптылардың екеуі де қазақ «көргені-тоқығаны көп» дейтін көзі қарақты, сөйлеп тұрған кісілер. Айбибі жеңгейдің әкесі, адайдың есекей бөлімінен тарайтын Қалмұхамбет Бердібаев 1948-1951 жылдары осы «Теректі» колхозында басқарма болыпты. «Теректі» – Миялы, Оймауыт атырабында 1930-жылдары ұйымдасқан қырық ұжымшардың біреуі, орталығы осы Бесбайда орналасқан және Бесбай соғыс жылдары да орталық боп тұрған. 1951 жылы ірілендіру кезінде жаңағы қырық колхоздың орнына 13 шаруашылық құрылады да, «Теректі» көрші Қарабұтақ ауданына беріледі. Бесбай «Алтай» совхозының құрамына ферма орталығы боп кіреді. «Алтай» 1997 жылы тарағаннан кейін Алтай батыр атындағы селолық округ жеріндегі шаруа қожалықтары болып құрылған.

Айбибі жеңгейге қарағанда Зейнолла Жаңғызов ағамыз «келгін» болып есептеледі. Ебейті жақта Сағыз өзені бойындағы табындар арасында туып-өскен ол 1979 жылдан «Алтайда» ферма меңгерушісі боп істеген. Сол тұста совхоздың бухгалтері болған қырықмылтық адай Әмет Шырынов деген кісіден және қайынатасы Қалмұхамбеттен, ауылдағы басқа да үлкен кісілерден десантшылар уақиғасын жиі естіген ол (Қалмұхамбет Бердібаев 1917 жылы, Әмет Шырынов 1927 жылы дүниеге келген адамдар, ендеше екеуін де қалт кетті, жаңылысты деу қиын) соғыс жылдары Құлақшиде ел «ойдағы ауыл» деген сиыр фермасы, ал одан шамамен бір шақырым арқа бетте, яғни қырда баспақ ауылы отырғанын айтты. «Ол кезде баспақты бөлек баққан екен. Қазіргілер бір сауса, бұрынғылар үш сауған. Үлкендердің айтуынша, десантшылар сол баспақ ауылға келіп, тамақ ішіп кеткен», – деді Зейнекең.

Бұл дерек сол кезде айтылмыш аумақта сиыр фермасынан басқа, жасақшылар үш десантшымен соқтығысып қалатын иесіз ауылдан бөлек үшінші бір ауыл болғанын көрсетеді және мұның өзі Ағаев тобының Тоғалай ішімен бұлтарып қашып, сондағы бұйрат ішіне ат шалдырып, сосын із тастап, кейін шегініп келіп жазықтағы бір ауылға қонып кеткені жайлы Қойман Сәдуақасов әңгімесімен қабысады.

Парашютшілер бұдан кейін қалай қарай жүрген?

Мың болғыр Зейнекең оның да жауабын айтты. «Үлкендерден естуімізше, одан әрі Тоғалайдың құмын жағалап, құм бітетін жердегі Ащылысайға түседі де, оның жалғасы Көздің суына шығады. Көзден әрі Алатаудың алабы басталады».

Сол жерде картаны жайып жіберіп, Ащылысайды іздедік. Бар екен. Ебейті жақтан келіп, ұзындығы он екі, ені алты шақырым Тоғалайдың аяғын жағалап барып Жемге құятын едәуір кең өзек. Негізінде бұл Атырау тұрмақ Алатауға да апаратын жол емес. Құлақши жақтан келгенде Алатау сол қолда қалады, ол аэромобил топ шырғалап кеп қонып аттанатын, Тоғалайдың бергі мүйісіне таяу отырған баспақ ауылынан тіке тартқанда небәрі он шақырым жерде. Алайда десантшылар осы төте жолмен кетудің орнына, Тоғалайды не жиектеп, не құмды тіке кесіп өтіп Ащылысайға түседі де, сайдың ішімен жүріп отырып кілт солға, яғни оңтүстікке бұрылып, Ащылыға жалғасып жатқан Көздің суына кеп тоқтайды. Құм бұйраттың үстімен кеткеннің өзінде 16-17 км, жиектеп жүргенде 20 шақырымнан кем болмайтын айналма жол. Бұл не, Байшығанның алдарқасы ма, әлде алдағы ықтимал тосқауылдан қашып, «алыс та болса жақын» қауіпсіз жолды таңдағандары ма?

Бұл сұраққа жауап алу үшін Ащылы мен Көзді барып көру керек.

Тоғалай – ілгеріде айтқанымыздай, он екі шақырымға созылып жатқан жойқын құм. Соқа шағылдарының биіктігі үш метрден жиырма метрге дейін барады, бұйрат аралығындағы ашықтардың құм қабаты екі-үш метр. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұйраттар жыл сайын жарты метр биіктеп отырады. Ішімен машина түгіл жаяу адамның жүруі қиын, сондықтан біз Ащылыға Тоғалайдай толағайды жиектей, Миялы кенті арқылы тарттық. Кенттен өткеннен кейін Тоғалайащы ауылы сол қолда, Қалдайбек жақта қалады да, селодан шыққан айдау қара жол Ащылының үстімен салынған көпір арқылы одан әрі Ебейтіге асады. Көпір тұсында Ащылының құр сайына машинамен түсу мүмкін емес – өзектің бұл тұсы су көп жүретін терең жырақы, кеңдеу арна. Сондықтан жол талғамайтын, тұла бойы темірден тұтас құйылған PATRIOT-тың өзі сайға Тоғалайдың біткен жерінен абайлап барып түсті. Құмның теріскей мүйісін айналып, салдыртып келеміз. Сол қолымызда соқа шағыл, оң жақта машина гүріліне үнсіз құлақ түрген төбелер. Ащылының Көзге ұласар мүйісі көрінетін емес. GPS-гид, әрине, бұл жерде дәрменсіз, қанша сұрасаң да артта қалған Миялыны айта береді. Мазасыздана бастағанымызда алдымыздан екі қанатын жайып жіберіп, ыңыранта пішен тиеген машина көрінді. Қосмырзадан Миялыға шөп тартып келе жатқан жүргізуші жас жігіт Айтбай бағытымыздың дұрыс екендігін, шамалыдан соң Ащылысай Көзге қарай бұрылатынын айтып тыныштандырды.

Ащылы Жемге құйса, Көздің суы Ащылыға құяды. Көздің суы дегеніміз көктемгі қар, жаңбырдың суы ғана емес, алдымен жердің астынан жиылып шығып жатқан бұлақ көзінің суы. Сайдың арнасының екі жағы қалың ши, оны жарып келіп табанына шыққанда он алты қанат үйдің орнындай жерді алып жатқан ну қамысты көресің. Ну дегеніміз де сөздің сірәғысы: Көздің қамысының жанында Қасқырбұлақ түгіл Жемнің қамысының өзі түк емес: бапалағымен қосып есептегенде еңселі үйдің бұғатынан асатындай биік әрі жуандығы бармақтай нар қамыстан артық қашқан адамға пана жоқ. Көздің суына күндіз жеткен десант тобы тоғанағын түсіріп, өздері де тынығып, аттары мен түйесінің арқасын босататын бұл күнді Серік Шәкібаев былай жеткізеді:

«Теректі»колхозының фермасында НКГБ отрядымен соқтығысып қала жаздаған Ағаев тобы түні бойы жүріп, таңертең кішірек бір көлдің жағасындағы қалың қамысқа кіргенде бір-ақ тоқтады.

– Ей, шал, Алатауға енді қанша жер бар? – деді Ағаев атынан түскен соң.

– Әлі елу шақырымдай жер бар, – деді шаршап отыра қалған Бектұрлиев.

– Алыс екен! Қарап тұрсаң бір сағатта жетіп баратын жер сияқты, – деп

Ағаев көгеріп көрініп тұрған тауға қарап біраз тұрды».

Бәрі дұрыс. Қалың қамыс, мамырдың орта шенінде қазіргідей тартыла қоймаған сайдың іші судан толып, кіші-гірім көлге ұқсап тұрады. Бұл жердің Ащылысай, Көз деп аталатынын Байшыған білгенімен, Шәкібаев мәліметін пайдаланып отырған тергеушіге жауап беруші жігіттерге беймәлім. Олар үшін әйтеуір көл, көлшімек.

Сайдан шығып, біз де Алатауға дүрбі салдық. Осыдан жетпіс жыл бұрын қалай «көгеріп» тұрса, кәрі қырат қазір де буалдыр сағым оранып алып, ішін берер емес. Екі ара Шәкібаев айтқан елу шақырымнан азаңдау, көп болса отыз километрдей болып қалар. Тоқтамай жүрсе, бес-алты сағаттық жер. Алайда біз осыған дейін Алатау деп алабұртып келе жатқан Ағаевтың дәл осы Көздің бұлағында оқыс шешім қабылдағанын, нәтижесінде десант тобы теріскейді бетке алудың орнына кілт солға бұрылғанын білеміз. Бұл жерде солға бұрылу әлі де батысқа, яғни Атырауға қарай жүруді білдірмейді. Атырауға апаратын Қанжыға тауына тап болу үшін Тоғалайдың батыс бөлігі бетін жиектей жүріп, құмның оңтүстік, маңдай бетіне таяп кеп, сонан соң оңға бұрылып, Құлақши тегістігінің теріскей етегі мен Алатау арасындағы сай-сала, қолат-қойнау, жыра-жықпыл арқылы Қанжығаға асу лазым. Көздің сайы сол қолға шамалы жүргеннен кейін бітеді, одан әрі жер бедері тегістеліп, Құлақшиге ұласқан үлкен жазық басталады. Бірақ көлдің ақ шиі сайдың аяқталар тұсына дейін қақалып қалың өскен күйінде ілесіп келеді. Біздіңше, кейін Корнилов тобына берілетін бес десантшы түнде дәл осы жерде, деректерде жазылатындай жол жиегіндегі қамыс арасына емес, сай жиегіндегі ши ішіне тығылып қалады. Шәкібаев жазатындай, түнімен бой балап, күндіз күзетте отырған Оспанов дүрбі салып көретін жақын маңдағы ауылдың жайылымдағы төрт атын ұстап мінген қашқындар Алатауды бетке алып жүріп, таңертең Шилісайда ақтөбелік отрядқа кезігеді.

Оспанов дүрбі салып көрген ауыл, әрине, бүгінде жоқ. Көзден Тоғалайдың Бесбай беттегі басына қарай жүргенде, картаға Лосин деген біртүрлі атпен түскен ең биік соқы шағылдың өкпе тұсындағы жиекте бір қыстаудың орны ғана жатыр. Заманында осы жазықтың атын иеленуі мүмкін Қосмырза дейтін ауылдың орны сол болуы. Ауыл жоқ, бірақ ақтөбелік, атыраулық шаруа қожалықтары жылдағы дағдымен Қосмырзаның жазығын шаң қылып, Ағаев тобы түнделетіп ақтық сапарға аттанған жерде қысқа малазық дайындап жүр.

Тағалай мен Қанжығаның арасында Қыземшек дейтін қос биіктің етегіндегі тегістікте отырған Сәндібай малшының (Бесбайдағы Мақсымның інісі екен) қыстауынан басқа ел жоқ. Егер десантшылар біз сияқты Қыземшек арқылы көлік жолмен айналып келмей, тіке салса, жиырма шақырым жүрген соң Қанжығаның етегіндегі Көлдісайға құлар еді. Есімізде болса, Қойман Сәдуақасов «Жанбикеден шыққан Волков отряды Қанжығаның бұлағында ат шалдырды» дейді ғой. Біз көрген терең сай мен әлгі бұлақтың көзі бір жер болмаса нағылсын. Себебі, сабатты-балқашты Көлдісайдың табанында Әкежан құдығы дейтін құдықтың орны жатыр. Бұл бір. Екіншіден, 1970-жылдар шамасында жылойлық шаруагерлер бұл жерден бес артезиан суын шығарған. «Бесшымырау» аталатын әлгі бетон құдықтар қазірге дейін тұр, бірақ оларды кәдеге жаратып жатқан тірі тышқан көрінбейді (жылойлықтар терең құдықты «шыңырау», ал тайыз жерден шығатын суды «шымырау» деп, бір-ақ дыбыспен әдемі бөліп айтады).

Бесшымыраудан солға, яғни солтүстікке – Ақтөбенің Шарғалымоласы мен Шилісіне бұрылып кетуге болады, ал екінші жол оңға, яғни солтүстік-батысқа, Атыраудың Мұнайлымоласы мен Ошақ тауына апарады. Ағаев отряды Гурьев бағытына бұрылып, жолда Қабасадағы ауылға соққанын білетін біз, әрине, екінші бағдарды таңдадық. Қойман Сәдуақасовқа сенсек, екі ара отыз шақырым болуы керек.

Қанжығадан баспалап түсіп, Ақұшанның тақырына шықтық.

Ақұшан – Қанжыға мен Ақұшан тауының (картада әлденеге Ақтолағай қыраты деп көрсетілген) аумағындағы үш тақырдың бірі. Оңтүстікте, Құлсары бетте Қанжығаның басын бойлап Қосбатырдың тақыры жатыр. Ал Ақұшан тақырының өзі Ақұшан тауының солтүстік мүйісін жағалап барып, батыстағы Қабасаның тақырына ұласады. Осынау едәуір кең пішілген айдынды аумақтың жер бедері – шөлейтті өңірге тән қатқылдық. Бұрынғыдай қақалып қалың шыққан шөпті көрмейсің. Есесіне сол қолдағы Қанжыға, оң жақтағы Ақұшан кісі бетіндегі меңдей бұдыры жоқ теп-тегіс тақыр үстінде автобанмен зырғытқандай жүйткіп келе жатқан көліктегі жолаушылардың қай-қайсысының да есін алады. Қарқаралы кең құбыр (каньон) десе құбыр – үп еткен жел жоқ. Әсіресе екі жағы жарқабақтанып, тіп-тіке біткен, әдетте таулы жерге тән тепсең, еңіс, бөктер, етек дегенді білмейтін, сол жарқабақты жалама қабырғасының төменгі қақ жартысы аппақ бор, жоғарғы жағы қоңырқошқыл шөгінді болып келетін Ақұшан ерекше бітімімен, айырықша тұрқымен Американың әйгілі Гранд-каньонын еске салады.

Бірақ, мұғадарсыз біз армансыз тамашалап келе жатқан осынау ғажап көріністі күндіз тығылып, түнде жүріп сүрлігіп келе жатқан десантшылар дұрыстап көрді деу қиын.

Қабаса – ұзыны төрт, ені екі шақырым келетін едәуір үлкен тақыр. Көктемде шық-шыламмен суға толып, алыстан қарағанда айдынданып жататындықтан кейде Қабасаның көлі деп те аталады. Су тартылатын қоңыр күзде Ақұшан, Қосбатыр тақырлары жылойлық аңшылардың киік қуатын «полигонына» айналады. Осы жойдасыз қырыпсалдардың кесірінен бұл күнде атыраптан киік ауып кеткен.

Ақұшан тауын оң қолда қалдырып, Ақұшанның тақырын көлденең кесіп өтіп қырлыққа шықсаң, оңтүстік-батыс бетте, Ұрысай жайлауы мен Қабасаның тақырының ортасында жалғыз бейіт тұрады. Карта Қабысамола дейтін, ал ел Жуантам мазары деп атайтын кесененің ішінде, білетін кісілердің айтуынша, алты шұңқыр бар екен. Қазақтың даласында бейітті жерде ел болады. Демек, Қабаса көлінде ауыл отырды деген Қойман дерегі шындыққа жанасады. Бұл жерді қазір де елсіз дей алмайсың. Көлдің етегінде, дәл қабақта тұрған жалғыз вагон-үйшік соның айғағы сияқты. Батыста, көз ұшында бұлдыраған Жұбанмола беттегі алқапта шөп шауып трактор жүр. Жақындап келіп, жөн сұрастық. Трактор тұтқасын ұстағаны Жомарт, ал тіркемелі шөп жинағышты қозғалтпай басып отырғаны Сырым. Өрімдей екі жігіт – Ақкиізтоғайдағы «Сайранбек» шаруа қожалығының иесі, ақбота адай Желдеш Әбілдиевтің қос қанаты – қос ұлы. Қабасаның тусыраған жазығындағы изен, боз, жусанға түрен салып, осында жатқандарына біраз болыпты. Пресс-орама етіп теңдеп, осы жерден алпыс шақырым қыстауға бірден тасып әкетіп жатыр. Техника жеткілікті, жігіттер тас-түйін.

Қазір бұрынғыдай көп мал жоқ қой. Бұрындары тауыққа шашқан тарыдай бытырап жататын малшы қостарының көпшілігінің бүгінде ізі де қалмаған. Иесіз қалған артезиан құдықтар, қаңыраған суқойма, су айдау нүктелері... Ал малдың тісі тимеген көк-ыраң әсіресе жаңбыр мол түсіп, қар көп жауған жылдары бой бермей кетеді. Обал. Бір тәуірі, соңғы кезде шаруақор біреулер мұның ырғын табыс көзі екендігін байқап, ауылда екі қолдары алдарына сыймай жұмыссыз жүрген жігіттерді жалдап, алыс шабындықтардан шөп шапқыза бастапты. Мұндай нығыздалған шөптің әр теңінің өзіндік құны екі мың теңге, ал Құлсарының базарына барса жеті мың теңге боп түрегеледі.

Көз байланды. Жомарт пен Сырым бұрынғы техника қауіпсіздігі жүк машинасының қорабын тіркеме етіп қайта жасаған вагон-үйшікте кешкі ас қамына кіріскен кезде біз сыртқа шығып, айналаны барладық. Ауада бой тоңазытарлықтай шамалы ызғар бар. Жолға шыққалы бері бірінші рет сіркіреп жаңбыр жауды. Осыдан жетпіс жыл бұрын, мамырдың он сегізінші жұлдызының кеші де қазіргідей салқын болды ма екен? Сүрлігіп қашып, салығып шаршап келе жатқан жеті десантшы ауылға қараңғы түсе қайтып келетін болып қай бағытқа кетті екен, бесеуі бұл фәни жалғандағы ақырғы түнін қай жерде өткеруі мүмкін?

Қабасаға жетіп, десантшылардың орнын сипап қалған чекистердің арасында сол кезде аэромобил топ бұл түні Иманқара-Қойқараға барып қонды деген жорамал болған сияқты. Тотай Декеев те Корнилов отряды Қабасаға келген күннің ертеңіне Иманқара-Қойқара жаққа кеткенін жазады ғой. Алайда Корнилов сайыпқыран жігіттерімен «мал семірткен майқарада» нендей нәтижеге қол жеткізді, десантшылардың қонып кеткен орнын яки заттай айғақ таба алды ма, ізіне түсті ме, тақау төңіректегі ауылдардан сұрастырып, ауызша хабар жинады ма, – бұл жөнінде әлі күнге жазбаша да, ауызша да бірде-бір дерек кездестіре қойған жоқпыз. Тіпті республика қауіпсіздік органдары басшыларының Мәскеуге жолдаған егжей-тегжейлі хабарламасында да Иманқара жайында ештеңе айтылмайды. Бұл – бір. Екіншіден, кейін мүлде басқа өрістен, солтүстіктегі Ақшелектен бой көрсететін десантшылардың ол жақтан мүлдем басқа бағыттағы – оңтүстік-батыс беттегі Иманқараға кеткендеріне жол болсын. Қабаса мен Иманқараның арасы 58 километр. Жұбанмола, Дәулет тақыры, Қырықмылтықмола сияқты өтелек-төтелегі бар мұндай жолсыз сапар оларға неге керек болды? Шындыққа дес берсек, күндіз жатып, түнде жүретін қашқындар әлгіндей баспананы Мұқыр беттегі ондаған бейіт-моладан да тауып алар еді ғой. Тығырыққа тірейді...

Біздіңше, бұл әңгіме о баста жергілікті тұрғындар арасында Иманқараға келіп кеткен Корнилов отрядын көргеннен кейін пайда болған. Соғыс жылдары Қосшағылда мұнайшы болып еңбек еткен әкеміз Әнестің айтуынша, ілгерідегі Сана Қалмұратов елге «Иманқара тауындағы шұңқырда атыстық» деп келген. Қайталап айтайық, бұдан бұрын келтіргеніміздей, ішінде Сана бар ел адамдарынан жасақталған жасақтар десант жойылатын ұрыс қимылдарына қатыстырылмаған. Олай болса Қалмұратовтың, басқа да бейбіт тұрғындардың Иманқарада парашютшілермен соғысуы еш мүмкін емес. Сөйте тұра әлгі әңгімені кейін тірілте түскен бір түрткі болды, ол – Иманқарадағы атышулы үңгір. Көргендердің айтуынша, қоңыр түсті шөгінді жыныстардан үңгіп жасалған үңгірдің кірер аузы бірте-бірте кеңи береді де, одан әрі дәліз қуыс-қалтарыстарға тарамдалып кетеді. Осы қалпында үңгір жалпы аумағы жүз шаршы метрдей болатын бөлме-бөлімдердің тұтас торабын құрайды. Кейбір тұстары бетондалған. Бекініс мақсатында әдейі ойластырылып салынған қолтума үңгір екендігі көрініп тұр. Ал осынау күрделі инженерлік жүйе, ел ойлайтындай, десант күшімен бір күнде салынуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Жергілікті көзі қарақтылардың айтуынша, Иманқарадағы үңгір – 1960-жылдары Жамансордағы сынақ полигонынан атылған снаряд, ракеталардың жарылысын (траекториясын, қуатын, т.б.) байқаушылар үшін әскери мақсатта салынған бункер. Осылайша ашық күнде, аяқ астынан пайда болған «мифология» бірқатар авторлардың тобанаяқ болып, үйде отырып жазған мақала-кітаптарында, ол ештеңе емес-ау, облыстық мемлекет қауіпсіздігі органдары «Ағаев авантюрасына» байланысты жарыққа шығарып жүрген, чекистердің жауынгерлік даңқ жолын баяндайтын материалдарда қуатталатыны өкінішті-ақ. Бұл жердегі гәп «Ағаев ісіне» қатысты архивтік құжаттардың Алматыда ғана сақталғандығында және әді күнге зерттеу аясына алынбай отырғандығында болса керек...

Қабасаның тақырына таң шұғыласы себезгілей түскен шақта біз де экспедицияның соңғы күнінің сапарына дайын болдық. Бұл жерден Ақшелекке екі бағытпен баруға болады. Алғашқысы, әрі ең төтесі – оң қолда қарқаралы көштей болып теріскейге тартқан Ақұшанды бөктерлей, қашан ол шығысқа, Алатауға бұрылғанша қапталдаса жүріп отыру. Одан әрі Алатаумола, Басықұтмола арқылы Кешубай-Төрткөл жайлауын басып, Аязбай моласының тұсымен Ақшелектің төбесінен дік ете түсесің. Алайда бұл екі арамен машина жүре алмайды – елу шақырымдық алапты ел қоныстанбаған соңғы жиырма жылдың ішінде бұрынғы дала жолдары көмескіленіп, жоғалып кеткен. Біздіңше, десантшылар соғыс жылдары да ел сирек қоныстанған үшбу жолды таңдап, түнде жолдағы мола-мазарларға түнеп, күндіз Қайнар мен Сағыздың сай-саласын, жыра-жықпылын қуалап жүріп отырған-ау. Біздікі қисын ғана, бірақ бұлай демеске тағы да әддің жоқ.

Ал біз дала жолымен кеттік. Біраз жолсызбен барып, Кәпірмоланың тұсынан айдау жолға түссең, жиырма шақырымдай жүргеннен кейін Аққұдық басталады (екі ортада ел жоқ, бір кездегі «Қазақстан» совхозының қой ауылдарының орындары ғана жатыр). Бірақ бұл Құлсарыға жақын, Иманқара беттегі Аққұдықтың жайлауы емес, алайда  бұл Аққұдық малға жайлылығы, құнары мен суы жағынан одан бір де кем түспейді. Бас Аққұдық, орта Аққұдық, аяқ Аққұдық болып бөлінетін ен жайлаудың соңғы екеуінде жылойлық кәсіпкерлер – ағайынды Балжігітовтер мен Жиенқұловтардың малын бағып, бұрынғы «Қазақстан» кеңшары, бүгінгі Шоқпартоғай ауылының малшылары отыр. Бас Аққұдықты артқа тастап, орта Аққұдыққа таянғанымызда машина терең бір шатқалдың қабағына шықты. Төменде, жусан, бұйырғын, түйежапырақ, торғайоты аралас өскен шүйгінде пырдай боп шашылып, бытырай жайылған мал көзге оттай басылды. Семіздіктен тұяғын тіктей алмай қалған тайқардай қара қой, мама бие, жамбасынан бұрылған тай-құлын. Даланың жан еріткіш пасторал пейзажы.

Шатқал – Қайнар өзенінің терең арнасы. Ақтөбе жақтан Атырауға, теңізге қарай бес өзен – Жем, Қайнар, Сағыз, Қиыл, Ойыл ағып шығады. Ең үлкені Жем басын Мұғаджар тауларынан алса, Қайнардың тұмасы Алатау, Жемтаудың ішінде. Қайнар сол жақтан бөлініп-бөлініп келіп, оңтүстікте Әлімбай жазығына жетпей құмға сіңеді, ал бір саласы теріскей-батысқа бұрылып, баяғы десантшыларды біржайлы қылатын Төсқұдыққа дейін барады. Жаңағы бес өзеннің арасында суы молырақ боп тұрғаны Жем мен Ойыл. Қайнар мен Қиыл құрғап қалудың аз-ақ алдында. Сағыздікі де «шықпа, жаным, шықпа».

Солтүстікті бетке алып Мұнайлыжал арқылы тағы да он бес шақырым жүргеннен кейін Әсемкөл жайлауына іліктік. Осы жерде Жылой бітіп, Қызылқоға ауданының аумағы басталды. Жалпы Мұқыр - Сағыз атырабының бұл тұсы Қожабайдың төрт көлі делінетін Төрткөл, Буракөл, Әсемкөл, Ақшелек көлдерінің алабынан тұрады. Ежелден малға жайлау, елге қоныс болған осы көлдердің төңірегінде 1930-жылдары елу шақты ұжымшардың қадасы қағылып, уығы шаншылған. Соның ішінде Буракөл – тарихи тәбәрік орын, ол қазақ тарихында өзіндік орны бар Тобанияз Әлниязұлының атақонысы. Десе дегендей, бұдан әрі тек қана адай зираттарының үстімен жүрдік. Солардың біреуі – кенже адайлардың Бүркіт ата қорымына аялдап, дұға қайырып, шамалы ілгері жүргеннен кейін алдымыздан Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының №11-кран торабы көрінді. Тораптан әрі кең жазық, тегістіктің арғы шетінде қора-қопсысымен үлкен ақ үй тұр.

GPS-ке қарадық. «Ақшелек қыстағы» деп жыпылықтап тұр. Географиялық координаты: 47о55. 610` Е 054о48. 257`.

Тағы да жазық, тағы да тақыр. Бұл жолы Ақшелектің көлтабанының орны. Қырға қарай жайылған мал, қырдан суатқа құлаған мал. Құлағы қалқиған қара жігіт бізге арқасын берген күйі шымыраудан «ақ мотормен» бұрқыратып шығарған құдықтың суын науаға қотарып жатыр. Бүгінде өндірістен алынып қалса да Ақшелекте әлдеқалай сақталған ЗИД моторының иесі, анау жүрген қара торы келіншектің отағасы, үйелмелі-сүйелмелі үш-төрт баланың әкесі, мал ғана бақпай, малмен бірге ой да баққан Серік Құлшықов – осы. Бейсенқараны ежелден адайдың маясы, Буракөлді кенже бөлімі, ол Ақшелекті жанақ адай жайласа, соңғы мекен нарық келгелі жалғыз үйлі жауғашты шеркештің қолында.

Қабасаның көлінен таңертең шыққан десантшылар түске таман, бәлкім түс ауа Ақшелектегі ауылға келіп, мал сойғызып алып кеткені мәлім. Ұзын саны бесеу, бұл кезде Оразов пен Мұхамедиев олардың қатарында жоқ. Үлкендердің тізесінде отырып, «детектив» тыңдап өскен Серікке айтқызсаңыз, парашютшілер тобының екіге бөлінген жері – Тереңсай. Осы жерден екеуі Буракөл, Бейсенқара арқылы Майбөгетпен жүріп отырып Қайнарға шығады да, оның Құлсары беттегі Ақши деген қолатында жатып, Төсқұдықтағы ауылға хабар салады.

Хош дейік, ал сонда қалған бесеуі станса тұрған Төсқұдық жаққа қай жолмен жүруі мүмкін?

Ол күнде күзеті күшті мұнай құбырын жағалай алмайтыны бесенеден белгілі. «Қауіпсіз бір ғана жол бар, – деді Серік. – Жырманың сайын қуалап, Мұзбелдің жалынан асып, Ақбөгет арқылы Төсқұдықтың маңайындағы сайларға түсу».

Жырма – Ақшелек жазығынан батысқа қарай жүргенде бір шақырымдай жерде. Дәл соғыс қарсаңында сайды бойлап Ойылдан Ақтауға қарай тартабанды теміржол тартпақшы болып, әзірлік жұмыстарын жүргізген екен, соғыс басталғасын аяқсыз қалыпты. Табан орны әлі де көрініп жатыр. Негізі Жырманың сайы Ақшелектің тұсына Әсемкөл, Буракөл жақтан келеді. Буракөлден алты-жеті шақырым. Осы жерде Жырма батысқа, Төсқұдыққа қарай бұрылып, одан әрі Қостөмпек, Қойлыбайтөбе арқылы Мұзбелден өтіп, Шұқырбөгетпен айналып Ақбөгетке барып құяды. Ақбөгет – оңтүстігінде Қайнарға барып қосылатын терең сай. Бас жағы солтүстікте, Мұқыр бетте жатыр. Ақбөгет Мұқырдан Төсқұдыққа келетін айдау жолға жете бере аяқталады. Жолдың арғы беті де сайлы жер, дәлірек айтқанда, Төсқұдықтың батысындағы Жантерексайға барып қосылатын үлкен жыра. Ертеректе Жыланқабақ деп аталған. Жырманың Ақшелектегі тұсынан Ақбөгетке дейінгі аралық жиырма шақырымдай болып қалар. Ағаев тобы осы соңғы сапарында күндіз жүргенін ескерсек, діттеген жерге көзге түспей жетем деген адамға Серік айтқан Жырма мен Ақбөгет арасындағы бірімен бірі жалғасып, бірінен бірі балалап, қарғатамырланып жатқан сайлардың жүлгесі қолайлы-ақ.

Десант жойылатын атыс дәл қай сайда болғаны жөнінде осы күнге шейін анық мәлімет жоқ. 1942 жылы белгіленген координаттар жүйесі бойынша ел №211-нүкте деп кеткен №3 мұнай айдау стансасы тұрған Төсқұдық ауылынан бес шақырым жерде екендігі ғана айтылады. Өтепберген Әлімгереев қана кітабының бір жерінде Құлсары жақты, яғни батыс бетті атапты. Төсқұдықтың ту сыртында, Қайнардың саласына жалғасып жатқан ондай сай бар, бірақ ол бес шақырымнан әлдеқайда ұзақ.

Енді не істедік?

Төсқұдыққа барып, білетін қариялардан сұрап көру керек.

№3 станса – 1935 жылы пайдалануға берілген «Каспий – Орск» құбырының бойында орналасқан алты мұнай айдау стансасының үшіншісі. Станса бес шақырым жердегі Төсқұдық бұлағының атымен аталған. Ұзындығы 847 шақырым, насос қуаты жылына 6,5 млн тонна болатын он екі дюймді магистрал мұнай құбырының қалған стансалары Атырауда, Мақатта, Ноғайтыда. Сол кезде Ембі мұнайы Сарқамыс – Қаратон – Қосшағыл құбыры арқылы Гурьев – Орск желісіне қосылатын, одан кейін Мақат арқылы Гурьев зауытына, №3-стансадан Орск зауытына айдалатын эстакададан цистерналарға құйып, теміржол бойымен жіберу қызметтерін атқарған. 1935 жылы Қандыағаш – Гурьев кеңтабанды теміржолы іске қосылған соң 25 шақырым жердегі Жантерек теміржол бекетіне мұнай айдайтын құбыр төселді және №3 станса басында «Борец» сорабы, «Бонаг» редукторы, ағылшындық «Рустон – Горнсби», «Зульцер» дизель-генераторы көмегімен эстикададан цистерналарға құйылып, теміржолмен жіберіле бастады. Станса жабық мекеме санатына қосылады, айнала тікенек сыммен қоршалды. Арнайы иттері бар әскериленген күшті күзет қойылды.

Мұнай жинайтын бірнеше қазандықтармен қатар тұрғын үйлер, жылу қазандығы, зертхана, т.б. маңызды нысандар салынып, станса басы едәуір үлкен кентке айналды.  Бір сөзбен айтқанда, соғыс жылдары Ембі мұнайшылары майданға жөнелткен 4 млн 300 мың тонна сұйық отында төсқұдықтардың еселі еңбегі бар. Өз мұнайымыз өзімізде өңделетін тәуелсіздік жылдары айтылмыш құбыр желісімен Ақтөбедегі Кеңқияқ кәсіпшілігінде өндірілген мұнай Атырау мұнай өңдеу зауытына жеткізіле бастады. Қазірде «Қазтрансойл» жабық акционерлік қоғамының Құлсары мұнай айдау басқармасына қарайды. Бәрі де дұрыс болар еді, егер стансада соңғы кезде ауыз су мәселесі шиеленісіп кетпегенде. Басқарушы компания тарапынан баяғы Төсқұдық бұлағының суы жарамсыз деген себеппен қиып тасталған. Жер астынан алынатын су поселкеге күніге екі мезгіл ғана беріледі. Стансадағы жұмысты вахталық ауысымға көшіру қамындағы компания үшін бұдан артық су көлеміне қажеттілік те жоқ. Су тапшылығы жергілікті халықтың біртіндеп Мұқырға, Сағызға, Атырауға көшуіне әкеп соқтыруда. Бұрын кент басында алпыс шақты үй отырса, қазір соның жартысы қалған. Сәйкесінше, 1944 жылдың уақиғасын жақсы білетін кәріқұлақ та, шалып жығатын шал да, қара сөздің иесі қария да қалмаған. Солардың соңғы тұяғы дерлік Қарағұлдың (Ораз Есенғалиевтің інісі) жүзін топырақ жасырғанына да екі-үш жыл. Дегенмен, Қарекең тәрізді көрміш кісілердің әңгімесін тыңдап қалған Ізтұрған Демеубаев (Төсқұдықта 1945 жылдан бері тұрады), Төрахмет Әли (Төсқұдықта 1955 жылдан тұрып келеді) сияқты ақсақалдар атыстың Жантерексайда болғанын бір ауыздан айтты. «Жантеректің сайында басталған шайқас Бес кісінің сайына жетіп тынған, ал Бес кісінің сайы ана арқа беттегі Қорықкөл тегістігінен бері, ауылмен екі ортадағы Жыланқабақта», – деп солтүстік Мұқыр бетті көрсетті Төрахмет ақсақал.

Жантерек сайы Төсқұдықтың батысында, Атырау – Ақтөбе темір жолының Жантерек стансасы бетінде. Спидометр тілі кент пен сай аралығын тура бес километр деп көрсетті. Арғы қабағында ел «Жантерек мола» дейтін ескі бейіт тұр. Жанына шағын зират түскен. Тақтайшаларына қарағанда, бейіт жауғашты шеркеш қорымы.

Зират тұсы – сайдың ең терең жері. Жайпақтау біткен қабағынан табанына дейін көзшамамен алғанда тереңдігі үш-төрт метр болып қалар. Төсқұдық жағынан келгенде оңтүстіктегі Қайнардың саласына шығар тұсына дамбы салынған. Бөгеттің ортаңғы бөлігі суға шайылып, опырылып түскен. Сайдың екі беті – жусан, мия, торғайоты, изен, бұйырғын аралас өскен қоңырлық. Село жағынан келгенде оң қолда қалатын құярлығы өр, биік қырлыққа асады, сәйкесінше су келетін жағының арнасы бірте-бірте тарылып, тайызданып, доғаша иіліп барып шығысындағы Ақбөгетке жетпей бітер жерінде ені төрт-бес метр жыраға айналады. Төрахмет ақсақал нұсқап көрсеткен Бес кісінің сайы шамамен осы жерде. Десантшылар көмілген орынды әлдеқашан су шайып кеткен, іздеп әуреленген де жоқпыз. Жантеректің сайының дамбы түскен жерін атыс болған жер деп, ал Бес кісінің сайын үш десантшыны жусатып салған жер деп белгілеп, машинамен екі аралықты жүріп көргенімізде, үш километр шықты. Лебедев, Хұсайыновтар Ағаевты, Дінішев пен Бом Бахиды жыра ішімен шамамен осынша жер қуалап келгенін Серік Шәкібаев та қолмен қойғандай етіп жазады ғой.

Жыра қабағына тізе бүктік.

Өзіміз белгілеген тұсқа мұсылмандық ишаратын жасап болған соң, десант жетекшісінің кіндік қаны тамған жерден алып келген бір уыс топырақты соңғы қаны сіңген жерге септік.

Сегіз күнде мыңжарым шақырымды артқа тастаған экспедициямыз осымен мәресіне жетті. Қойын дәптеріме үшбу сапардағы соңғы сөйлем түсті: «Бес кісінің сайы. Географиялық координаты: 47о50. 005` Е054о29716`».

Бойлықтар мен ендіктер. Бес адамның, бес тағдырдың соңында қалған бар белгі осы ғана...

Алматы, «Самал»  пансионаты 

(СОҢЫ)

Мақсат Тәж-Мұрат

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063