Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 16796 213 пікір 20 Мамыр, 2019 сағат 01:26

«Үкаша ата» деп жүргеніміз – Нұқ пайғамбар

Алла Тағала алғашқы Адам атамыз бен Ауа анамызды алып етіп жаратқан. Олардың Нұқ пайғамбар заманындағы топан суға дейінгі ұрпақтарының бойларының биіктігі 40 кез, тіпті кейбір деректер 60 кез болған дегенді айтады. Олардың бойлары қаншалықты биік болса, ғұмыр жастары да соншалықты ұзақ болған. Шежіре деректері  олардың мың жасағандарын айтады. Мысалы, Әбілғазының «Түрік шежіресінде»: «Адам бұл дүниеде мың жыл жасап, ол дүниеге кетті. Оның орнына Шес атты ұлын қойды. …Құдай Тағала Шесті пайғамбар қылды. Ол 912 жыл өмір сүрді. ...Қинан 840 жыл,  ...Мәһлайыл 920 жыл, ...Берді 960 жыл, ...Нұқ 950 жыл, Иафес 250, ...Түтік 240 жыл ғұмыр кешті» (10-13 беттер).

«Адам Ата жүз отыз жасқа келгенде Хауа Ана бір үл туып, атын Сет деп қойды. Сет туғаннан соң Адам Ата барлығы тоғыз жүз отыз жыл ғүмыр кешіп қайтыс болыпты. Сет 912 жыл ғұмыр кешіп дүниеден өтіпті. Қазіргі адамдар сол Сеттен туып таралып, көбейіп, ел болған дейді. Сет (912 жыл ғұмыр кешкен) -> Енос (905 жыл өмір сүрген) -> Қайнан (910 жыл өмір сүрген) -> Мақалалел (895 жыл өмір сүрген) -> Иəрет (962 жыл өмір сүрген) -> Енох (365 жыл өмір сүрген ) -> Мəтусала (969 жыл өмір сүрген) -> Лəмех (777 жыл өмір сүрген) > Нұқ пайғамбар (950 жыл өмір сүрген). Нұқ — Адам Атаның тоғызыншы ұрпағы еді» («Алшын шежіресі» Т.Үсенбаев).

«Алла адамның бойын алпыс шынтақ қылып жаратты. Сосын адамдардың бойы қазіргі уақытқа дейін тоқтаусыз кішірейді" (Бухари №3326, Муслим №2841).

«Адам атаның бойы 30 метр болған (қараңыз).

Мұндай деректер өте көп. Ежелгі шежірелердің бәрі бір ауыздан осылай жазған. Сондықтан оның бәрін қайталап жатпаймыз.

Адам атамыз бен Ауа анамыздың ұзақ жасағандары және олардың алып адамдар болғандықтары жайлы айғақтар Қазақ даласында толып жатыр.

Әңгіміздің басын қазақтың ауызекі әдебиетіндегі «Толағай батыр» жайлы аңыз-ертегілерден бастайық: "Толағай" - халық аңызы. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы тау атауына байланысты аңызда бұрынғы өткен заманда, үлкен өзен бойында Саржан деген аңшы өмір сүргені, жылдар жылжып, күндер өткенде оның әйелі Айсұлу өмірге ұл әкелгені, қуанған әке-шеше дүбірлетіп той өткізіп, балаға Толағай деген ат қойғаны айтылады. Ертегі желісіндегідей сюжеттер бой көрсетіп, Толағай ай санап емес, күн санап өседі. Төрт жасында нағыз батырға айналып, жетіге келгенде белдесуге шақ адам табылмайды. Әкесімен бірге аңға шығып, атақты аңшыға айналады. Бірде олардың мекеніне жұт келеді. Жауын жаумай, қуаңшылық болады. Шөлден мал қырылып, адам өледі. Күннің ыстығынан киіз үйді паналап, анасымен әңгімелесіп, Толағай одан жаңбырлы жерді сұрайды. Анасы қиыр шетте өткен жастығын еске алып, ешқашан құрғақшылықты білмейтін, шөбі шүйгін мекеннің бар екенін айтады, таулары аспан тіреген жер жаннаты Тарбағатай жайлы ұзақ әңгімелейді. Ол көп жүріп шыңдарын қар басқан асқар тауларды тауып алады, оған биік тоғайлы, құстары сайрап, төбесін бұлт жапқан бір ғана тау ұнайды. Ол осы тауды құшағына алып, қатты ырғайды да арқасына салып, кері еліне қарай қайтады. Ол шаршамай ұзақ жүреді. Халық жылжып келе жатқан үлкен тауды көреді. Оны көтеріп келе жатқан Толағай екенін біледі. Найзағай ойнап, күн күркіреп, жауын селдетеді. Халық "Толағай" деп ұрандап, қуанышпен қарсы алады. Қуарған шөп көтеріліп, жан-жануар мөңіреп-азынап шулайды. Шаршаған батыр тау астынан шыға алмай "Апа!" деген жалғыз ауыз сөзге ғана шамасы келеді де, мәңгіге тау астында қалады. Бақытты ана айғайлы жылауға басады, халық қайғы жамылып, тау да бұған шыдай алмай көзінен жас бұлақ болып ағады. Содан бері бұл тау "Толағай" деп аталады. Аңызды Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының фольклорлық экспедициясы Тарбағатай өңірінен жазып алған. Қолжазба нұсқасы осы кафедраның арнайы қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы». (Энциклопедиялық деректен).

Ел аузында «Толағай батыр» жайлы аңыз-әңгімелердің бірнеше нұсқалары бар. Бәрінде де Толағай батыр қуаңшылыққа ұрынған елге саясына бұлт шақырып, ұялататын тауды арқалап келгені жайлы сыр шертеді.

Грек аңызында Гераклдің, қазақтың «Жалғыз көзді дәу», «Қаңбақ шал» ертегілерінде маңдайында нысаналы жалғыз көзі бар, алып адамдардың болғандары жайлы баяндалады. «Оғыз дастанында» ежелгі заманда қазақ даласында «Дәу қиясы» деген  жер болғаны айтылады.

Әбділда Тәжібаевтың «Толағай батыр» жайлы аңыз-ертегісі бар.

Ежелгі қазақ ертегілерінің, эпостық жырларының басты кейіпкерлерінің барлығы дерлік алып адамдар болғанын айтады.

«Сөйтіп, төртеу болып жүріп кетеді. Бұлар елсіз түзде келе жатса, алыста бір тау көрінеді, ол таудың үстіне тағы бір тау шыққандай болады. Жақындап келіп қараса, бір адам тауды олай да көтеріп қояды, бұлай да көтеріп қояды. Бір тауды көтеріп бір таудың үстіне кояды.

«О, неғып жүрген адамсың?»— деп, Төстік қасына жетіп келеді.

«Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соның жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын»,— дейді кісі.

«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?»— дейді Төстік.

«Жұрттан асқан алыппын, жердің үстінде де, астында да маған шақ келетін адам жоқ, қайратым ішіме сыймаған соң, тауларды көтеріп ермек қыламын, Таусоғар деген ермін»,— дейді кісі» («Ер Төстік»).

Түсініктеме: Ертек (Ертегі) - бұл өте ескі замандардағы Аталарымыздың басынан өткен хикаялары деген сөз. Толық мағынасы «Ерлердің тегі жайлы хикая»  деп оқуымыз керек. Қазақ халық ертегілері ешқандайда ойдан шығарылған дүние емес. Солардың бәрі Аталарымыздың басынан өткен өмірлерінен алынған оқиғалар.

«Туыпты Қазақ пенен Созақ бірге

Әкесі Айырқалпақ бір дейді ана.

Созақтан Толағай мен Сүйір туып,

Мекені аталады екен «бес қала»,

Үргеніш, Төрткүл, Шымбай, Тақтакөпір,

Қонысы Толағайдың тап сол ара.

Толағай әуелде аты болғанымен,

Атанған Қарақалпақ бара-бара (Ш. Жұбанұлының шежіресі. Хамит Маданов «Кіші жүз шежіресі». Алматы, 1994. 13 бет).

Қазақтың ежелгі аңыз, ертегі, шежірелеріндегі көп айтылатын әйгілі Толағай (алып)  батырдың атын ұстап қалған ұрпақтары осылар.

Қазақ пен Қарақалпақтардың тегі бір. Оны сөз білетін жандар «Қара» деген сөздің қалпақтың алдында тұрғанынан да айқын көре алады. Ал, әлемдегі барлық қаралардың түбі, өз аты айтып тұрғандай Маңғыстаудағы Түпқарағаннан (Қарағантүп, Қараған түбектен), яғни Қаралардың шыққан түбінен бастау алады.

 Қазіргі Еуропа жерінде Алып (Алпі) деген тау болса, қазақта «Алып ер Тоңға» атты батырлық дастан бар.

Қазақтың Қарашаңырағы Алшын Адайда «Алып» деген ру бар. Адайдың толып, толысқан тоғызыншы буын ұрпағы Тобыштан тарайды.

Қаз Адай шежіресінде: Қазақ – Кіші Жүз (Бегарыс) – Алшын – Он екі Ата Байұлы – Адай – Тобыш – Тобыштан екі бала Ораз бен Бегей – Ораздан үш бала Жайық, Алып (Шегем) және Еділ (Қараш) болып таратылады. Бұл дерек «Маңғыстау энциклопедиясы» мен Адайдың әйгілі биі Алшын Меңдалыұлының шежіресінен алынды.

Қазақта бұл шежірелік деректің ақиқаттығын айғақтайтын «Ораздының үш қонағы бір келер» және «Белгілі ерден Бегей бар» деген қанатты сөздер бар. Сол Ораздың үш баласынан Жайық пен Еділ деген екі өзен және Алып деген тау қалды. Демек, қазіргі Ресейден бастап, бүкіл Еуропа жері біздің  аталарымыздың ежелгі Атақонысы болып табылады. Мұны қай-қайсымыздың да біле жүргендеріміз абзал.

Олар ежелгі замандарда қазіргі Ресей жеріндегі Батыс Сібірді бойлай ағатын ұзындығы (Ертісті қоса алғанда) 3650 км құрайтын Об өзенінің бойын жайлаған. Осы өзенге және сол өзен бойындағы барлық жерге өз есімдерін берген. Об өзені бастауын Алтайдағы Бия (Шүй) және Қатын өзендерінің қосылуынан алып, аяғы Қар (Карское море) теңізіне құяды. Оның осы теңізге қосылар жері Об еріні (Обская губа) деп аталса, осы Об ерініне жалғасып жатқан тағы бір ерін, Таз еріні деп аталып, өзен Сібір мен Ханты-Мансийск (Хан мен Ман) жеріне келгенде Ертіс деп аталады. Одан Тобыл (Тобыш) қаласынан өткенде бір саласы Тобыл  атанып қазіргі қазақ даласындағы Қостанай (Қосай) қаласын қақ жарып ағады. Ресей жақ бөлігіндегі Об өзенінің жағасында Маңғыстаудағы Шерқала  тауымен аттас Шерқала деген қала бар.  Бұл өзеннің Том (Бұзау-Жеменей), Шұлым (Шылым), Кет (Кете), Ертіс, Есіл, Тобыл (Тобыш) т.б. салалары бар. Бұл атаулардың иелерінің барлығы дерлік қазіргі Кіші Жүз-Бегарыс-Алшынның құрамында сол кездегі ру атауларымен сақталып тұр.

Адайдың тоғызыншы буын ұрпағы Тобыштың түбір сөзі «Об» болатыны осыдан. Орыс халқының өз тектерін «Об (Ов)» Иванов, Сидоров, Петров дейтіндері де осыдан.

Түсініктеме: Қазаққа тегін олай жазуға болмайды. Себебі, біз мұндай жағдайда өз Атамызды қарашаңырақтан бөліінп кеткен ұрпағына бала етеміз.

Ал, енді көзбен көріп, қолмен ұстайтын айғақтарға келсек, Сарарқадағы Көкшетаудың баурайында Бурабай көлінің жағасында Бурабай кенті бар. Осы кенттің қақ ортасында ұзындығы 150, ені 30-40, биіктігі 15 метр шамасында алып тас блоктардан жымдастыра қаланып, қолдан соғылған шөгіп жатқан алып бура мүсінінің қирандысы айқын байқалады. Шөгіп жатқан бураның оң жақ аяғының тұсында үлкен қаланды тас блоктың бетінде ежелгі қазақтардың кәдімгі тәңірлік кірес таңбасы айқын көрінеді.

Осы бура мүсінінен 200 метрдей жердегі Бурабай көлінің жағасында тағы бір тас үйінді бар. Диаметрі 50 метрдей, оның да биіктігі 5-6 қабат үймен шамалас. Сырты дөңгелек, бұл үйіндінің де сырты өңделген тас блоктармен жымдастырыла қаланған.

Көлдің ортасында Жұмбақтас, келесі бетінде Оқжетпес тау шыңы тұр. Бұл таудың да формасы дөңгелек. Табаны үлкен, биіктеген сайын жіңішкере береді. Үлкен тас плиталардан бірі мен бірі жымдастырыла байланыстырып қаланған. Зер салып қараған кісіге таудың бір беті мен үстіңгі жағы құлағаны байқалады.

Міне осы алып құрылғыларды өте ертедегі алып аталарымыз салды деуімізге толықтай негізіміз бар. (Қара: «Бурабай. Аңыз бен ақиқат»).

Сол сияқты Нұқ пайғамбар атамыздың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауына жақын жерде Нұқ атамыздың моласы бар. Ол мола «Үкаша ата» деп аталады. Ежелгі жазбалар Нұқ пайғамбар қауымын «Үкіш қауымы» деп атапты.

Үкіш қауымы – Нұқ пайғамбар қауымының ежелгі атауы. Нұқтың сөз түбірі (өз түбі, өз атасы) Ұқ (Үк) болатыны осыдан. Қазақ келіндерінің сәукелесі мен домбыраға тағылатын Үкінің және үмітімізді үкілейтініміздің сыры осы. Қазіргі «үкім» (жарлық), «үкімет» деген ұғымымыздың да авторы осы Үкіш (Нұқ) қауымы. Бізден басқа ешбір ел өз билігін үкімет деп атамайды.

Түсініктеме: Үкаша Ата мазары – Қаратаудың күнгей бетінде, Өгіз тау шатқалы маңындағы қыратта, яғни Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 42 км жерде. Кесенесінің жалпы ұзын 16 м, ені 5 м, биіктігі 3,5 – 4 м. Ғимараттың батыс жағында, диаметрі 3,5 – 4 м, биіктігі 4 – 4,5 м болатын шірімейтін қаңылтырдан күмбез тұрғызылған. Негізгі құрылысы тау тастарынан тік төртбұрышты етіп қаланып, сырты ақ және сұр түсті цемент қоспасына қиыршық тас араластырылып сыланған. Кесененің ішіндегі мазардың биіктігі 160 – 170 см, ені 150 см, ұзындығы 12 м-ге жуық. Кесененің батыс жағында 200 м жерде Үкаша ата құдығы бар.

Ал, Ашаға келсек бұл екі дүниенің, немесе бір заттың екіге бөлініп айырылатын жері дегенді білдіреді. Мысалы, Аша (айыр), Ашатаяқ (ұшы екі айрылған таяқ), Ашамай (жас балаға арналған аттың ері). Бұл қазақтың тектік шежіресінде де, сөз жасау жүйесінде де тек қана соны білдіреді. Алыпбидің (Әліппенің) бірінші дыбысы «А» мен басталып «А» мен аяқталатын сөздерде де солай: 1.Аға, 2.Ада, 3.Аза, 4.Ала, 5.Ана, 6.Апа, 7.Ара, 8.Аса, 9.Ата, 10.Ауа, 11.Аша, яғни Үкаша ата (Нұқ пайғамбар) 9-шы Ата мен 10-шы Анадан айырылып (бөлініп) кетіп тұр. Қайран Аталарым! Жарайсыңдар! Сөз жасасаң осылай жаса! Тарих жазсаң осылай жаз! Бұл тарихты Ұлы Жаратушы – Алладан басқа ешкім, ешқашан жоя алмайды.

Себебі, жер бетінде бір қазақ тірі тұрса, домбыра жойылмайды. Қазақтың домбырасына, Салдардың бас киімдеріне, қазақ келіндерінің сәукелесіне «Үкі» тағатын себебі де осы. Біздің үкілеп, аялап жүрген атамыз (Нұқ пайғамбар) осы Үкаша атамыз. Үкілі домбыра, Үкілі Ыбырай, үкілі почта, үкі (мұздан үкі ою), үкі (құс),  үкім, үкімет, үкімет басы атаулары осы атамыздан қалды.

«Ү (үзілу)» деген таңбаның өзі «Ашатаяқ» бейнесін берсе, «Ұ (ұзару)» беліне белбеу байлап алыс сапарға шыққан Нұқ ата қауымының ұзарған, яғни өсіп-өнген ұрпақтары дегенді білдіріп тұр.

 Тарих тағлымы: Біздің орыс тілді биліктің зорлықпен таңған соңғы латын Әліпбиі қазақты шежіре-тарихынан  мүлдем ажыратуға қызмет ететін болып тұр.

Алып адамдар жайлы «Қамбар батыр» жырында мынадай жолдар бар:

...Жақсылар дастан айтайын

Ертедегі ерлерден

Нұсқа болып соңғыға,

Қалған өлмей бірі де  (313 бет. Жырды шығарушы белгісіз автор ертедегі

ерлердің тегін, яғни өте көне дәуірден бастап жырлаймын деп  отыр).

...Құйрығынан көтеріп (жолбарысты айтып отыр).

Айналдырып басынан

Лақтырып жіберді

Қырық қадам жерден асырды (321 бет).

...Қараман дәудің ерлері (334 бет).

...Қараман дәуге тапсырған (336 бет).

...Күрзісін алып қолына (353 бет. Бұл Қараман дәудің қаруы). Демек:

- Жыр бастауын өте есте жоқ, ескі заманнан бастап отыр.

- Оқиға болып өткен заманның адамдары алып болған деуге толық негіз бар.

- Қараман патшаны дәу (алып адам) деп отыр.

- Қамбар батыр да одан кем емес. Жолбарысты құйрығынан ұстап қырық қадам жерге лақтырады.

Бұл жырды біздің (қазақтың) жағдайында қияли әңгіме деп, үстірт қарауға мүлдем болмайды. Себебі, Маңғыстаудағы Ақтау қаласының 16 шағын ауданында,  Бейнеу ауданы Боранқұл кентінің оңтүстік шығысында 20 км. қашықтықта «Алты құлаш әулие» деген екі киелі орын және Маңғыстау ауданы Шайыр ауылының солт.-шығ. жағынан 12 км. жердегі «Қырықкез» қорымдары бар. Қазақта  «құлаш» пен «кез» ұзындық өлшемі. Сонда аталарымыздың бойы 10-12 метр, тіпті одан да биік болған. Бұл атау сонау ескіден де ескі замандарда жер бетінде алып мамонттар (ертеректе Түпқараған, Саура маңынан мамонттың сүйегі (тісі) табылған болатын); алып қарақұстар (Манқұс немесе кейінірек Дегелек) «Отпан таудың басында, Дегелек деген бір құс бар, Аспанда тұрып ысқырса, Мың ордалы жылан басылған» деген Қашаған жыраудың жыр шумақтарын еске алайық; алып кесірткелер мен алып айдаһарлар өмір сүрген замандарда, ол заманның адамдарының бойлары да, соларға сәйкес 10-12 метрден жоғары болған. Олар алып адамдар деп аталған. Қазіргі Еуропа жеріндегі Алып (Альпі) тауының атауы да солардан қалды. Бұл жағдай өткен ғасырдың аяқ кездерінде қазіргі Арабия жерінен бойы 10-12 метр адамдардың қаңқасы табылғаннан кейін ғылымда да мойындалған. Маңғыстаудағы өте ескі қорымдар қатарына жататын Қараман ата қабірінің ұзындығы 10 метрдей екенін қосыңыз. Біз оны бейітінің басына үйілген үйіндіден де айқын көре аламыз. Маңғыстауда бойы үш, үш жарым метр адамдардың молалары күні бүгінде де кездеседі. Сондай молалардың бірі Сайөтестен теңізге қарай 35 км. жердегі Сисем ата әулие қорымында бар. Енді осы алып адамдардың қатарына Ерсары атамызды да қосып, беліне ұзындығы 4 метрден астам, салмағы бірнеше тонна болатын қайрағын (Ерсарының қайрағын) байлап қойсаңыз өте әдемі үйлесіп кеткен жоқ па?! Мұндай жәдігерлер өзге өңірлерде де жетерлік. Соның бірі  Атырау облысы Мадияр төбе деген жерден жол қазып жатқан жұмысшылар тауып алған алып адамның қабірі. Аяқ жіліншігінің өзі бір метрдей.

Енді осылардың үстіне жырда суреттелетін оқиғалары ежелгі әлем астанасы МАД (Ман Адай) патшалығында (қазіргі Манқыстау жерінде) болып өткен қазақтың «Алпамыс батыр» жырын қосып қойсаңыз мүлдем жаңылыспайсыз. «Алпамыс батыр» дастанын көптеген түркі халықтары өздерінің төл мұралары ретінде жырлайды.  Мысалы, жырдың бас кейіпкері қазақ пен қарақалпақ та Алпамыс, өзбек пен башқұрт та Алпамыш, қазан татарларын да Алпамша,  алтайлықтар да Алып Манаш,  бұлғарлар да Алып, қырғыздар да Манас деп аталады. Бұл дастандардың бәрінде батырдың алып адам болғаны айтылады. Біздер алып адамдарды күні бүгінде де «алып адам», алып денелі адамды «алпамсадай» деп сөйлейді емеспіз бе?

Маңғыстаудағы Қаратаудың бір үңгірінен  шамамен 1980 жылдары бойы 3,5 метр адамның қаңқасы табылғанын, кезінде көптеген БАҚ-тар жарыса жазған болатын. Алып самұрық құстардың күні кешеге дейін болғандығы жайлы деректер бар.

«Отпан таудың басында,

Дегелек деген бір құс бар,

Аспанда тұрып ысқырса,

Мың ордалы жылан басылған» деген Қашаған жыраудың жыр шумақтарын еске алайық;

Түсініктеме: Бір құлаш 170-190 см * 6 =11-12 метр болса, 40 кез * 50 см = 20 метр болады.

Сонда бұл сандық атаулар Маңғыстаудың ежелгі тұрғындарының бойы 10 мен 20 аралығында болғанын көрсетіп тұр.

Рашид-Ад-Диннің Оғыз дастанында былай деп жазылыпты: ...«Сахарада Жәмік (ямік) деген бір уәлаят болды. Өзі күшті қуатты ел саналып, бір адамы басқаның он адамына қарсы тұрарлық еді. Бұлар Сыр бойын ерте заманнан қоныстанған.

Байтақ ұлыс Оғыздарды билеген Инал Сыр Жабғухан еді. Оған Дада Керейжұқ уәзір болып, оның қызметін басқарды. Бұл  Қарақожа ұлы Қорқыт ата еді. Шыққан тегі Оғыздың Баяты еді. Ол асқан ақылды данышпан, керемет адам еді. Өзі  нақыл, сәуегейлік сөз айтқан. 295 жыл ғұмыр кешкен қария кісі...» («Оғыз» дастаны, тәржіма, 1972, 55-57 беттерде).

Түсініктеме: Сыр өңірі 950 жыл жасаған Адам атаның қарашаңырағы Адайдың үшінші буыны Қосай ата ұрпағы Нұқ пайғамбар атамыздың кемесі келіп тоқтаған Қазығұрт тауы өңірі. Сыр өңірі, Сырдария өзені, Сыр (Жабал) елі сол аталарымыздың аттарынан қалды.

Жәм (Жем, Жеменей) Қаз Адайдың жетінші буын ұрпағы Бұзау тайпасына жатады. Жеменей - Бұзаудың екі ұлының кішісі, үлкенінің аты Айтумыс.

«Мен Адайдың Ақтаны

Сөйлеген сөзім тақталы. (Тақталап сөйлеу, яғни әр ұғымның дүниеге келу ретін айту).

...Әріден бері сөйлесем,

Олда өзімнің мерейім. (арғы түптегі аталарының тарихымымен мақтанып, мерейленіп отыр).

ТУҒАН АЙҒА АТ БЕРГЕН, (аспандағы туған айға ат берген менің атам Айтумыс деп отыр).

Ақ қағаз бен хат берген, (қағазды да, қаламды да, хат жазуды да үйреткен солар деп отыр).

Екі ерін мен тіл-таңдай

Сөйлесін деп жақ берген. (ең алғаш сөйлеп, «Тіл таңбаны» иемденген солар деп отыр).

Айтқан сөзге түсінбес

Адамның мыйсыз ақымағы» (мұны түсініп мойындай алмасаң, мисыз – ақымақсың) деп отыр. Ақтан Керейұлының (1850-1912) Ата тегі: Адай – Келімберді – Бұзау – Айтумыс – Шылым – Өрдек – Кенже болып таратылады. (Жыр-дария «Маңғыстаудың ақын жыраулары» Ақтау-1995. 159 бет);

Оғыз бен Адай синоним. Ақиқатында, Оғыз (Оқ пен қыз) Адайдың қарашаңырағынан бөлініп кеткен ұрпағы. Дәлел ретінде айтарымыз, Адайдың «Жебе» таңбасы, қорамсаққа салынып, Садақпен, яғни Сақ атамызбен бірге жүреді. Бұл туыстығы бөлінбейтін Жеті аталық жүйе. Бөліну сегізден, яғни Семиттерден (арап пен ебрейлердің атасы) басталады.  Жебе Адырнадан атылып, ажыраған кезде оққа айналады. Қазақи сөзде ешбір жерде жебе тиді делінбей, оқ тиді делінетінінің сыры осы.

Қорқыт атамыздың «қайда бір халқым барсам да, Қорқыттың көрі қазулы» деген қанатты сөзі мен «Қорқыттың күйін» білмейтін қазақ жоқ. Сол Қорқыт атамыздың моласы қазіргі Қызылорда облысының  Қармақшы ауданы жерінде жатыр.

Баят – Бай Ад (Бай Адай) деген екі біріккен сөзден тұрады. Қазақтың шежіре дерегіндегі он екі Ата Байұлының қарашаңырағын ұстап қалған кенжесі осылар.

«Бергі кезде (VIII ғ.) Қорқыт әбден қартайып, ел басқару ісіне қатынаспайды, ел азып, әркім бет-бетімен кетеді. Қорқыт өткен күнін есіне түсіріп, сарын айтып, қобызбен көңілін көтереді, Қазанбектің ерлік ісін есінен шығармай, оған арнап күй тартады. Абылғазының толғауынша, Қазанбек - Қорқыт атаның тұстасы. Бір күні ол Қазанбекті ардақтап, мынадай бір сарын айтады:

Қазығұрт тауындағы сәуегей үңгірді сылатты,

Салар - Қазан онда барып бабасына ас берді.

Ит Бешене оны көріп есі кетті,

Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін?

Бір қазанға қырық бір аттың етін салды,

Ол қазанды сол қолымен көтерді,

Оң қолымен елге жүріп үлестірді,

Алыптар, билер, көремісің Қазанбектің кім екенін?» («Қорқыт ата» Әлкей Марғұлан http://www.elarna.com/video.php).

Алып адамдардың ізі әлемнің өзге өңірлерінде де сайрап жатыр. Мысалы, Грекияда қабырғасының қалыңдығы 20 метрге жететін, ал қаланған әр тастың салмағы 125 тонна тартатын Тиринф қабырғасы сақталған.

Пасха аралында биіктігі 8 метрден асатын, салмағы 50 тоннаны құрайтын 500 тас мүсіндер бар. Олардың барлығы да алыстан тасып әкелінген.

Ресейлік ғалымдар Сирия, Ливан, Египетті аралап жүріп, тасқа түскен алып адамның табанының ізін (90 см) тапқанын жария етті.

2006 жылы жазда Сауд Арабиясында ұзындығы 10 метрге жететін адам сүйегі табылған. Археологтар мен ислам оқымыстыларының пікірінше, бұл сүйек Құранда айтылатын Ад қауымынан қалған қалдық болса керек. 1991 жылы америкалық археологтар ғарыштан спутниктік бақылау арқылы алып сүйек табылған жерден Ад қауымының үй-жайларының қалдықтарын тапқан. Мұндай алып адамдардың қаңқасы әлемнің көптеген жерінде табылып жатыр.

Ал Шығыс Азия елдерінде сақталған «Будданың 60 ерекшелігі мен 32 қыры» деген жазбада, оның дене бітімінің өте алып болғаны айтылады.

Дамаскіге жақын маңда Әбілдің моласы делінетін мола бар. Граниттен жасалған бұл моласының ұзындығы 5 метр 71 см. және ені 1 метр 80 см.

Құран Кәрімде Аллатағала жойып жіберген Ад қауымы туралы айтылады. Ад қауымының адамдары зор денелi, өте алып күштiң иелерi болған. Бізден күшті кім бар? деп менмендікке салынғандары үшін жер бетінен жойылған делінеді.

Ежелгі Адтар алып адамдар болған. «Ад қауымы сол замандағы адамдарға қарағанда дене бітімдері бойшаң, күш-қуаттары да мол еді» (арап тарихшысы Ибн Касир).           

Әлемге әйгілі Египеттегі Газе пирамидаларын  салмағы 2500 ден 35 тоннаға дейінгі аралықтағы тас блоктардан қалап, осы алып адамдар салған. Ол жайлы Құран Кәрімде айқын аяттар бар. «38.Ал, Фиръаун: «Ей, уәзірлер! Мен сендер үшін өзімнен басқа құдай бар екенін білмеймін. Ей, Һаман! Лайды оттың үстіне салып (кірпіш құйып), маған Мұсаның құдайына көтерілуім үшін биік мұнара тұрғыз» (Құран Кәрім «Әл-Қасас» сүресі).  Демек, Пирамидалар Перғауындардың өздері бақилық болғаннан кейінгі Ұлы Жаратушы-Алламен мәңгі сөйлесу үшін салған мұнаралары. Адам қолымен салынған мұндай алып кесенелер сол ежелгі алып адамдар заманынан бері жер бетінде болып көрген емес. Ол аса ауыр жер сілкіністеріне де, аса күшті дауылдарға да, тіпті топан суларға да төтеп бере алады. Сол пирамидаларды да салғандар осы қазақтың ата-бабалары. (Қара: «Пирамиданы қазақтар салған». https://kaz.nur.kz/1758855-piramidany-kazaktar-salgan-belgili-zazusy-ktpegen-mlimdeme-zasady.html).

Түсініктеме: Аз (Аз елі, Азаулы, Азау (Азов) теңізі, Азия (бүкіл әлем бойынша халқы көп ең алып құрылық), Азе (Газе) жазығы, Қаз, Қазақ, Қазан, Қазар, Қазық  – синоним. Тарихтан сәл-пәл хабары бар жандардың бәрі ескі замандарда осы аттас алып қағандықтардың болып өткенін білсе керек.

Египет фараондарының галогруппасы  R1b1a2. Қазақтың да галогруппасы осы.

Қазақ «қазық» деп, қағып қойған орнынан қозғалмайтын қаққан қазықты айтады. Міне осы қағидаға сәйкес, Нұқ пайғамбар атамыздың кемесі тоқтаған өңірдің аты Қазық жұрт (Қазығұрт тауы) деп аталады. Нұқ кемесі осыдан сан мыңдаған жылдар бұрын сол тауға қалай тоқтады, ол жер де, жұрт та енді ешқашан өзгермейді деген сөз. Бұл сөзімізге тағы бір қосар айрықша дәлеліміз, аспандағы «Темірқазық жұлдызы». Бұл жұлдыздың кереметі сол тұрған орнынан қаққан қазықтай болып еш қозғалмайтыны. Бүкіл адам баласы Қазық жұртта отырған Қазаққа қарап Алланың ақиқат жолын бекем ұстанудағы адами қасиеттің ең жоғарғы үлгісін тапса, түнде жүргендер де осы жұлдызға қарап жол табады. Міне біздің аталарымыз шежіре-тарихты осылай жазған.

Темірқазық демекші, ақиқатында да жұлдыздың басым құрамы (ғалымдар 40 пайызы деп жазып жүр) темір металынан тұрады. Ежелгі аталарымыз мұны қайдан білген десеңізші!

Қазақтың бүкіл әлем елдерінің «Қазық жұрты» екендігінің тағы бір айғағы ретінде айтарым: «Қазақ» деген бір ауыз сөзге жеке адамның да, осы сөзді ойлап тауып дүниеге әкелген елдің де барлық болмысы, мемлекеттік құрылымы: Қаз тұру, қаз басу, қаз-қаз басу, қаза болу (адам өмірінің басы мен аяғы);  Қазық (қағылған жерінен қозғалмайтын  қазық), Түп қазық (Қазақ елі бүкіл әлем елдерінің түп қазығы), Темірқазық (а. аспандағы орнынан қозғалмайтын жұлдыз, ә. Елдің ұстанған бағыты (адам баласы бірігіп ел болуға тиіс. Мақал: «Жалғыз ағаш орман емес»), Қаз (а. Қазақтың ел аты, ә. ұшатын ару құс), Қаздай қалқыды (сап түзеп ұшты), Қазуар (құс), Қаз-үйрек (құс), Қазығұрт (тау), Қазықұрт (өсімдік), Қазы (а. әділ билік айтушы, төрелік етуші, б. жылқының ішегі мен етінен жасалған қазы), Қази, қазырет (дін, ар, иман), Қазине (құдірет),  Қазауат (мұсылман діні үшін жүргізілген қасиетті соғыс),   Қазына (мемлекет мүлкі, байлығы), Қазу (елді сумен қамтамасыз ету), Қазбалау (өткен тарихқа үңілу), Қазымырлану (түбіне дейін қоймай зерттеу), Қазағуар (қазақшыл адам), Қазақ арба (авторлық құқық), Қазақ үй (Киіз үй, авторлық құқық), Қазақы ер (авторлық құқық), Қазанат (қолға үйретілген мініс аты), Қазықбау (қазықбау шалу), Қазжуа (көпжылдық өсімдік), Қазоты (шөптесін), Қазтабан (өсімдік), Қазтамақ (өсімдік), Қазтаңтай (өсімдік),   Қазғану (қазақ болу үшін күресу), Қазір (уақыт өлшемі: қазіргі, қазіргідей, қазірде, қазірше),   Қазан (а. Ежелгі қағанат, ә. Күз айы: егіннің пісіп, малдың семіріп қоймаға, қазанға түсетін мезгілі, яғни адамның да, мемлекеттің де әл-ауқаты,  ішер асы; б. Отқа шыдамды ас пісіретін ыдыс; г.  ел, жұрт), Қазар (ежелгі қағанат), Қазақ (ең алғашқы әлемдік қағанат), Қазақстан (сол әлемдік қағанаттың бүгінгі қарашаңырағы), Қаз-қатар (ең бірінші дүниеге келген қазақ елінің артынан қаз-қатар тізіліп өзге елдердің дүниеге келуі), Қаз-қалпында (сол алғашқы құрылған Қазақ деген мемлекеттік құрылымның өзгермей алғашқы бейнесінде қалуы), Қазақи (қазақ үлгісі бойынша жасалған), қазақша (Ана тіл), Қазан-аяқ (ыдыс), Қазан-ошақ, Қазанпеш, Қазаншұңқыр, Қаздию,  Қазанжаппа (нан), Қазанбұзар (басбұзар тентек), Қазандоп (ойын), Қазантой (той), Қазыреті (Қазіреті пайғамбарлар, Қазіреті Сұлтан, Қазіреті Омар, Қазіреті Оспан, Қазіреті Ғали, яғни есімінің алдына Қазіреті (Әзіреті) қолданылса, солардың бәрі Қазақтың баласы) түгел сыйып тұр. Сөз түсінген адамға бұдан асқан даналық болуы мүмкін бе?! Ол қағида, күні бүгінде де тура сол қалпында қолданыста жүр. Мысалы, Қаз почта, ҚазМұнайГаз, ҚазМұнайҚұрылыс, Қазцинк, Қазалтын т.т. болып кете береді. Жер бетіндегі қай елдің атауы осындай мән-мағынаға ие бола алады?! Бүткіл жер бетінде атауы дәл осындай мағына беретін бірде-бір ел болып көрмеген, бола да алмайды. Қазақтың осындай сөз жасау жүйесін ешбір ел жасап көрмеген, жасай да алмайды. Қазақтың мәдени деңгейіне еш бір ел жетіп көрмеген, жете де алмайды.

Енді осының үстіне «Қазақ» деген ел атауын қай жағынан оқысаңызда еш өзгермейтінін қосыңыз. Бүткіл жер бетінде мұндай атауы бар бірде-бір ел жоқ.

Ежелде оларды Қаз би (Ең алғашқы тілі шығып сөйлеген ел), яғни Қас би (Каспий теңізі атауы солардың құрметіне қойылған) деп атаған. Олар жақсылыққа жарысудан бәйге алып, Қас би, Қас Сақ, Қас тұлпар, Қас жүйрік, Қас батыр, Қас палуан, Қас шебер, Қас шешен, Қас сұңқар, Қас қыр (а. ең биік қырат (қазіргі атауы Үстірт; ә. өзгеге тәуелді болғанға көнбейтін, ешқашан қолға үйренбейтін, қанша қырса да тұқымы құрымайтын бөрі, көк бөрі (Бөрі - Алшыннның лақап аты)) аталған.

Қазақ Әліппесінің «Алып би» аталатынының да сыры осы. Ежелгі Қазақ ертегілерінің бәрі дерлік бір ауыздан ежелгі Қазақтарды алып адамдар деп суреттеулерінің сыры осы. Аталарымыздың аңыз түбі  - ақиқат дейтіндері де осы.

Қазақтың қарашаңырағы Адай ата есімінің Адам атамен «Ада (Ата)» деген бір түбірден болатыны да осыдан.

Ежелгі қазақтардың алып болып, оларда білім мен ғылымның аса жоғары деңгейде дамып, ұзақ өмір сүргендігіне тағы бір дәлел келтіре кетейін. Ол қазақтың медицинасы.

Ағылшын тілінде ас қорытуға қажетті маңызды ферментті бөлетін безге “Pancreas” дейді. Бұл “тасбақаның жотасындағы тасы, яғни, сауыты” – дегенді білдіреді. Яғни олар бездің сыртқы ұқсастығына, оның түріне қарап осылай атаған. Ал орыстарда “поджелудочная железа” дейді. Олар да асқазанның астында орналасқандығы үшін осылай атаған. Екеуі де көзбен көргеніне қарап атау берген. Ал біздің ата бабаларымыз “ұйқы безі” дейді. Себебі бұл без жұмысын тоқтатқан жағдайда, адам комаға, яғни ұйқыға кетеді. Егер ата-бабаларымызда медицина болмаған болса, онда аталмыш бездің комаға себеп болатынын қайдан білген?

Сосын ген ғылымы дамығаннан кейін ғана ғалымдар түрлі аурулардың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын дәлелдеп отыр. Ал біздің ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз берісіп-алысуға тыйым салған және бұл тыйым әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Қазақтар медицинаны білмеген болса, олар ғылым енді ғана біліп жатқан аурудың неше атаға дейін тұқым қуалайтындығын қалай білген?

Нұқ заманындағы топан суға дейінгі Алып адамдар дәл қазіргідей көп (7 млрд) болмаған, аз болған. Қазақияның сөз түбірі, яғни өз түбі, өз атасы «Аз (Азия)» болатыны осыдан.

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, Маңғыстау

Abai.kz

 

 

 

213 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063