Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Ел іші... 4261 7 пікір 23 Мамыр, 2019 сағат 10:28

Бай мен кедейдің салығы неге бірдей?   

Қандай да қоғамның дамуы, ал мемлекетінің бай болуы, түптеп келгенде, ол жерде әлеуметтік әділеттіктің қаншалықты салтанат құруына тікелей байланысты. Ол неден көрінеді? Ең алдымен байдың да, кедейдің де ол мемлекеттің өркендеуіне қаншалықты үлес қосуына келіп тіреледі. Ал ол заңның күшімен реттелуі тиіс. Мәселен, мемлекеттің сарқылмас байлығының бір өлшемі ондағы еңбек ететін жандардың табыс салығын қалай төлейтіндігінен байқалады. Дамыған елдерде бұл өте қатаң қадағаланады. Одан жалтарған жандардың күні қараң. Кім болсаң да аямайды.

Өйткені сол табыс салығы ғана әскерді де, мұғалімді де, дәрігерді де, одан қалды сол шенеуніктердің өздерін де жарылқап тұрады. Ол табыстың көлемі азайып кетсе, жаңағыдай жандардан күй кетеді. Өйткені мемлекет бюджет деген қазынаға түсетін қаржыдан қағылады. Міне, сондықтан да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ деген мемлекеттің өзі табыс салығын еш уақытта көзден таса еткен емес. Мәселен, АҚШ-та «Дүниеде екі нәрседен құтыла алмайсың. Біріншісі ажал, екіншісі салық» деп қалжыңдайды екен. Бұл әзілдің астарында да үлкен сыр жатыр-ау.

Жалпы, дамыған елдерде табысы аз жандарға салынатын салық аздау болады да, байларға салынатын салық еңбекақысы көбейген сайын өсіп тұрады. Мәселен, Швеция секілді елде табысы мол жандар бюджетке айлығының 80 пайызына дейін аударуға мәжбүр. Оған мұндағылар қыңқ етпейді. Өйткені бұл елде білім алу да, емделу де су тегін. «Швециялық социализм» деп айдар таққан экономикалық модельдің сыры осында.

Ал біздегі жағдай қандай? Өкініштісі, бізде бәрі керісінше. Елімізде шылқыған байға да, сіңірі шыққан кедейге  де салынатын табыс салығы бірдей. Еңбекақыңның 10 пайызын төле де, алаңдамай жүре бер. Яғни 100 мың теңге алатын адам 10 мың теңге, ал 1 миллион теңге алатын 100 мың төлесе болды, ешкімнің шаруасы жоқ. Ал енді осыны әлеуметтік әділеттілікке жатқыза аламыз ба? Жоқ, әрине. Өйткені кедейге 10 мың теңге әжептәуір ақша болғанымен, жаңағы миллионерге 100 мыңге деген түк те емес. Дұрысы, кедейді қозғамай, әлгі мықтының табыс салығын 10 пайыз емес, 20 тіпті одан да жоғары көтерсек, бюджетке қосымша қаншама қаржы құйылар еді.

Миллионнан астам алатындар 600-700 мың теңгені қанағанат тұтса, тағынан түсіп қалмас.  Сонда ана көпбалалы отбасыларды демеуге де, үйсіз-күйсіз жүрген жандарды баспанамен қамтамасыз етуге де мүмкіндік туар еді. Мүмкін, мұндай бастаманы алдымен өзіміз «халық қалаулары» деп алақанға салып аялап жүрген депутаттарымыз іліп алып кетер. Өйткені заң шығаратын да солар ғой. Ендеше, осыны неге алдымен қолға алмасқа? Біздің білуімізше, былтырғы жылғы дерек бойынша олардың айлығы 700 мыңге көлемінде көрінеді. Егер оның қазіргі 70 мың теңгесін емес, ең болмағанда 200 мың теңгесін салық есебінде төлесе, кедейлене қоймас. Оның үстіне ішер тамағы мен мінер көлігі де су тегін дерлік қой. Осылайша өнеге көрсетсе, анау ұлттық компанияларда қомақты-қомақты айлық алатындар да тәубеге келер, бәлкім.

Кей-кейде экономикасы озық елдердің тәжірибесіне көз салып қойған да артық емес секілді. Олар адамдардың арасындағы табыс мөлшерінің тым алшақтап кетуіне әсте жол бермейді. Тым бай мен өте кедей жандардың әлеуметтік қайшылыққа ұшырамауын қатаң қадағалал отырады. Бұл жолда кейде жұрт мақұл көре бермейтін қадамдарға да барады. Мәселен, жақында Франция мен Норвегия мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе басшылық қызметтердегілердің жалақысын елдегі орташа айлық көлемінен небәрі 50 пайыз ғана артық алатын қылып бекітті. Оны біздегі жағдайға бейімдесек былай болып шығады. Егер елімізде орташа айлық 160 мың теңге көлемінде десек, онда төрелеріміздің жалақысы 250 мың теңге көлемінен аспауы керек. Алайда бұл бастаманың бізде қолдау таба қоюы неғайбыл секілді. Мұндай азғантай айлықты облыс, аудан мен қала әкімдері, ұлттық компания басшылары менсіне қояр ма екен? Мен бұл жерде министрлер мен депутаттарды тіпті де сөз етіп отырғаным жоқ. Иә, кей-кейде ойымызға өзбек аканың «Әр кәллада бір қиял» деген мақалы еске түсіп кетеді. Біздікі де сол шығар.

Жалпы, біреулер ойлайтындай табыс салығы ойыншық емес. Бұл қандай да мемлекеттің кемелденгенінің, алдымен өздерінің кедей-кепшіктерін ойлайтынының анық белгісі. Мүмкін, біз де осы жолды таңдауға бел буармыз?

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070