Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Тұлға 3668 3 пікір 27 Мамыр, 2019 сағат 08:47

Жарты ғасыр бойы журналист...

Кәсіби мамандықтың ауыртпалығын тексерген бір ғылыми зерттеуде «шахтер-бұрғылаушы,  стамотолог және журналист» мамандығы ең қиын мамандық деп танылыпты. Сонда, жарты ғасыр бойы журналист болуға қаншалықты табандылық, күш-жігер қажет ететінін кәсіби журналистер ғана нақты сезе алатын болу керек...

Әңгімеміздің  бастауында  осындай анықтаманы жазуға себеп болған, бүкіл қазақ қауымына танымал журналист ағамыз Марат Тоқашбаев екенін әріптес іні ретінде сөзге тиек етпекпін. Бұл шағын эссені жазуға да ағамыздың жуықта  өткен «Жетпіс жастық мерейтойының»  әдеттегідей той-томалақ түрінде емес, ғылыми-көпшілік  конференция ретінде өте қызықты да әсерлі өткені түрткі болды.

Әрі ағамызбен екі мыңыншы жылдары «Қазақстан-Заман» атты халықаралық гәзетте әріптес болып бірге қызмет атқарған, о кісінің өз сөзімен айтқандай «гәзет шығатын күнгі арпалысты» біраз жыл бірге өткізген естелік күндерді де еске алудың сәті түскені қолыма қалам алдырды.

Ағамызға арнап айтқан «Бүкіл қазақ қауымына танымал журналист» деген сөз де жалпылама пікір емес, нақты  анықтама екенін де еске салсақ, Совет Одағы заманында Қазақстаннан шығатын «Білім және Еңбек», «Мәдениет және Тұрмыс» т.б. мезгілдік басылымдар сол кезде шетелдегі қазақтардың қолына жетіп тұратын-ды. Мектептегі оқушы кезімізде сол журнал беттерінен жиі  көрінетін «Марат Тоқашбаев» деген есім есімізде қатты сақталып қалғанын менің зиялы замандастарымның бәрі де айта алады.

Міне, Марат ағамыз бір-біріне мүлде ұқсамайтын «социалистік» және «тәуелсіздік» деп аталатын екі дәуірде шамаман ширек-ширек ғасырдан жарты ғасыр бойы журналист-қаламгерліктің  алғашқы сатысы қолбала тілшіден бастап, басылымдардың бөлім меңгерушісі, редакторы, теле-радио кешендерінің  ұйымдастырушы-басқарушысы, халықаралық, республикалық дәрежедегі гәзеттердің бас редакторы, директоры секілді бүкіл қызмет сатыларын түгел атқарып шығуы бірнеше мемориал-естеліктерге жүк болатын қызықты хикая, тіпті бүкіл қазақ журналистика саласының  тарихи-жылнамасының көрнекті өкілінің өмір жолы десек артық айтқандық бола қоймас.

Сондықтан да, мен өзіме тиесілі ғана сөзімді  айтпақпын. Марат ағаның редакция қызметкерлерімен өзін басшымын деп емес, тең әріптес ретінде қатынасатын адамгершілік мінезі басылым ұжымындағы бір кісідей жұмылатын ауызбірлікті сақтап тұратын кілт екеніне көзім үнемі жетуші еді.

Қайбір жылғы «Журналистер күніне» «Қазақстан-Заман» гәзетінің үлкен-кіші бүкіл қызметкерлерінің  басылымдағы қызметін де, отбасы суретін де таныстыру идеясын бір журналист көтерді.

Марат аға «бұл да бір жаңалық болсын» деп мақұлдады. Бәріміз таныстыруды бөлісіп алдық. Әлі тұрмысқа шықпаған, редакция орнының тазалығы мен ұсақ-түйек қызметін жауаптанған бір жас қыздың таныстырылуы маған жүктелді. «Редакцияның шәйшісі, тазалаушысы Гүлмира Түгенбаева...» деп, әдемілеп жазып Бас редакторға тапсырып қойдым.

Бір кезде Марат аға қасыма келіп: «Мына Гүлмираның да көптеген құрбы-құрдастары бар ғой... Гәзетке жазылғанды  олар да жабылып оқитын шығар... Шәйші, тазалаушы деп, анықтаудың керегі не? Гәзет ұжымының қызметкері деп, жазсақ болмай ма?» деп бетіме қарады. Еріксіз бас изедім, әрбір адамның өзіндік құрметі болу керек екенін, Марат аға дөп басып тұрғанын қатты аңғарып, сол оқиға санамда ұмытылмастай болып жазылып қалды...

Бірде, редакцияға Мұхтар Шаханов ағамыз өзі келіп, Бас редактормен сөйлесіп кеткенін байқап қалдым. Біраздан кейін Марат аға мені кабинетіне шақырды: «Шыңғысхан туралы бір мақала жазу қажет болып тұр... Алайда, оның қазақ қоғамына тигізген зияны туралы тың дерек болса тіпті, жақсы...» деді.

Мәселені түсіне қалдым, бұл қазақтың екі атақты қаламгері қос Мұхтар ағаларымыз, Мағауин мен Шахановтың Шыңғысханды бірі «Адамзат тарихындағы жиһангер қолбасшы» деп, бірі «Жер бетіне қасірет әкелуші жауыз жаулаушы» деп тартысып жатқан, бүкіл басылым беті осы қызу талқымен қызып жатқан кезең болатын.

Мен үшін темірдің екі басы бірдей ыстық болып тұрды. Бір қызығы, аз күн бұрын Шыңғысхан туралы бұрын айтылмаған қызықты тарихтар жазылған екі кітап Моңғолиядан қолыма келіп түскен еді. Шолып шықтым да оқырман үшін бір қызықты мақаланың сюжетін тауып алдым.

«Моңғолдар Шыңғысханын қазаққа бере ме, екен!?» деген мақала қызу жазылып дайын болды. Марат ағаның қолына жедел тапсырдым, материалдың тез дайын болғанына о кісі де разы болғандай көзі жалт етіп, «қарап шыққанша күте тұрасың ба?» деді. Оқып шықты, мақала ұнағаны белгілі, алайда, «оның қазақ қоғамына тигізген зияны туралы тың дерек болса тіпті, жақсы...» деген жеке ұсынысы яки тапсырмасы орындалмаған. Бас редактор ретінде, ол туралы сөз қозғауға, тым құрығанда сондай бір бос сөйлем болса да маған қостырып жаздыруға болатын еді...

Бірақ, Марат аға маған сұраулы жүзбен ғана қараудан артық, ештеңе демеді. Мақала газетке жарияланды. Марат аға Мұхтар ағамызға қандай жауап бергенін өзі біледі. Ал, ағамыздан менің ұққаным, «ешкімнің көзқарасына өктемдік етуге болмайды» деген берік ұстанымының бар екеніне көзімнің жеткені, бұл да әріптес іні ретінде маған үлгі көрсеткені болды...

Содан бері де біраз жыл өтсе де, жиі болмаса да сәті түскенде Марат ағама сәлем беру үшін жұмыс орнына бас сұғып, біраз әңгімелесіп қалған кезде бір жағдайды үнемі есіне салып:

«Марат аға, өзіңіз шығарған көптеген жасамсөздеріңізді кітапша етіп шығарып, авторлық құқыңызды алмайсыз ба?» дейтін ем. «Иә, соған бір мұрса болмай жүр ғой...» деп, әр сәтінде біраз сөздерді  айтып өткенінен есімде қалғанын осы жолы атап өтудің бір сәті түсіп тұрған секілді:

«Елорда, Әнұран, Елтаңба. Отставка – Доғарыс,  Часпик – Нөпіршақ, Балкон – Ернеуік, Цистерна – Шанақ, Сюрприз – Тосынсый,  Сувенир – Кәдесый, Воеголовок – Оқтұмсық...»

Марат ағамыздың  өткен өмір жолындағы «Журналистикада жарты ғасыр» дегені сирек тағдыр десек те, тағы бір ширек ғасырға да күш қуаты жететіндей көрінеді, Алла Тағалаға қаласа ол кезде ағаның жасы тоқсанның үстіне ғана шығады екен.

Абай Мауқара

Abai.kz  

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070