Нұрболат Масанов феномені һәм қазақтың қазіргі хәлі
Сайлаудың әділетсіз өткенін ашық айтқаны үшін Ринат қамалды дегенде көз алдымда еуропаланған қазақ тілінің «жаһандана түркіленбесе» болашағы жоқ деген ащы шындықты айтқан Нұрболат рухы алаулай қылаң берді. Оның қарағайға қарыс біткен бұтақтығы жұрт санасына оралып, қалыптасқан тәртіп пен үрдіске прометейлік танытудың сыртқа лықсуы осы аяулы жанның ел-жұрты ұғынбаған ұлтының тілі мен ділі үшін күрескерлігін танып білуге шақырды. Нұрекеңнің ғылыми пенделігі мен пайғамбарлығына қатысты сөз ететін мақаланы жазуға отырдық. Нәтижесі төмендегідей болып шықты.
Нұрболатты қазаққа жау еместігін алғаш «Abai.kz» сайты осыдан 14 жыл бұрын белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіттің Нұрболат Масановпен болған «Бiздiң тарих – бұл мүлдем өзгеше тарих» атты сұхбатын 2017 жылы жұрт назарына ұсыну арқылы көтерді .
Нұрболаттың қателескен пенделігі осы сұхбатта былай беріледі.
«Бүгiнгi күн биiгiнен қарар болсақ кереғар (парадокс) жағдай қалыптасып тұр. Мен елiмiздегi көшпендiлер тарихы жөнiнен жалғыз ғылым докторымын. Менiң бiрде-бiр аспирантым жоқ. Ешкiм көшпендiлер өмiрiн зерттеумен айналысқысы келмейдi. 3 мың, 4 мың жыл тарихы бар бұл өркениеттi зерттеуге құлшынып отырған бiр қазақ жоқ. Тәуелсiздiк келгелi 13 жыл өттi, өзгерген ешнәрсе жоқ. Неге? Себебi, кеңес өкiметi кезiнде барлығы коммунистiк партияның тарихын зерттеумен айналысты. Дербес ел болдық. Ендi бәрi тарихты аңызға айналдырумен шұғылданып жүр. Жеке тұлғаларды шектен тыс дәрiптеумен, бұрынғы ұлы мемлекет жайлы жазумен жүр. Ал, нақты тарихты зерттеп жүрген бiреуi жоқ. Нақты тарих қарапайым адамдардың қалай өмiр сүргенiн зерттеуден, экономикалық жүйенi зерттеуден басталады. Яғни, нағыз ғылыммен айналысқысы келетiн адам жоқ. Мен сол жалғыз күйiмше қалып отырмын». Бұл енді қазақты «тек көшпелі» деп ғылыми сан шапалақтатып, бүкіл түркілік қалалық мұрадан бас тартқызатын «ақылманның мәжүндігінен» туындаған жеке қауіпті пікірі.
Алпамыштық пен Тұриеліктен (Аполлондық-Дионистіктен) қазақта өзгелер империялық-идеологиялық аяғын сүртпеген тілі ғана қалды. Осы тілдің бабалар тілінен алшақтап ғылым-білім, техника кәдесіне жармауынан құтылудың жолын «Нұрболат Масанов феномені» көрсетіп берді. Оған бүкіл қазақ қарсы шықты. Нұрболат Масанов феноменінің жаңғырын орыс тілді ақын-зерттеуші Темиргали Изъящев қайыра жаңғыртты эллиндерге телінген бабалар мұрасы жайлы орыс мәдени әлеміндегі кейбір жұртты мойындатқан еңбектер жазды.
Сонымен «Нұрболат Масанов феномені» дегеніміз жұрт құдайдай сенген дүниенің өзгеріске түсіп, тарих көшінен өз орнын алуы керектігін ұқтыру. Екінші рет осы феномен Ринаттың Димашқа қатысты пікірінде орын тапты. Жұрт Ринатты білек сыбана жүндей түтуге кірісті. Таяқтың екі басы, дұрысты пікрдің бұрыстығы, бұрысты пікірдің дұрыстығы барлығын ешкім ұғынбай – Ринатты ағаш атқа мінгізушілер легі атойлап шықты. Нұрболат біле тұра ешкім ауызға алмай әліптің артын бағатын пікірді жайып салушы еді. Иә, бүгінгі Ринатта сондай.
Ешкім айтпағанды айту Тәңір сыйы ол кім көрінгенге бұйыра бермейді. Ринат та, Нұрболат та осындай Тәңір сыйына ие жандар. Ұлт тәңір сыйына ие болса, тілдік-ділдік жоғалтқанын орталтады.
Қазір Дейдей түркілердің еркектік бастау көзі Алпұлұу мен әйелдік бастау көзі Тұрананың қытайша ин мен ян, эллинше Аполлон мен Диониске айналды. Әлемге білім таратып, төрт дін сыйлаған түркілер жабайы көшпенділер деген аксиоманы иеленді. Әлемдік әдебиеттегі қазақ-өзбек әдебиетінің жауһарлары Оғызсой – Одиссейге, Ұлұс – Улиске өзгерді. Арғы тегі түркіленген тұңғыс-мәнжүрлер саналатын қырғыздар арғы бабаларының архетиптік барша ұғым-түсінгін, тарихи-реалды аядағы қытайлармен қырқысын «Алыпбамсаның» төңірегіне топтастырып, ұлттық қымбат қазынасы «Манасқа» айналдырып, әділеттілікпен бауырларына басып отыр. Біз қазақ-өзбектер «жартылай көшпелілер» бәрін таратып беріп, рухани қараңғылық түнегінен жол таба алмай жүрміз. Барша бабалар мәдени-діни мұрасы Ватиканның кітапханасының рухани-ділдік зынданында жатыр. Осының бәрі Нұрболатқа кейбір айтар сөзі мен ойын сыртқа шығартпады, қолға алып жазам дегенін жазғызбады. Қазақтың жауы деген рухани таңба бастырды.
Тілдің рухани түлеуі үшін Нұрболат Масанов саналы жанға ой сала алды ма? Еуротектілік құлдығынан құтылу амалы ешқашан халхадай бірыңғай көшпелі болмаған әлемге әуелі білім нұрын шашқан, кейін алмас қылышын мойындарына тақаған бабалар дәстүрінен ділдік-тілдік жол табуға бас ұруға шақырып кетті.
Тәңір текті Бабалар даңқы мен ілімін өзінің Жаратушының аузына сөз салып «Also sprach Zarathustra//Так говорил Заратустра», Бетерадам/Тұрандық (сверхчеловек) концепциясы арқылы тірілткен Ницшеге қазақ разы болуы керек. Иә, Тәңір Текті Түркілік Аполлон мен Дионис ұғымын мәселенің байбына бармай, түп негізін аңғармай тірілткен философ Ницше болды («Die Geburt der Tragnedie aus dem geiste der Musik»// «Рождение трагедии из духа музыки»). Ол бүкіл Еуропаны бабаларымызың құндылығынан үлгі алуға үндеді. Бұл үндеудің астарын олар әлі түсіне қойған жоқ. Тек бір ғана орыс тілді қазақ Нұрболат ұғынды. Сол үшін қазақ тілділердің ойына сыймайтын дүниелерді алашына жайып салды. Өйткені, ираншылдық пиғылдағы «Қазақ жері Тәжіктердің тарихи Отаны, ондағы әр ежелгі қала біздің бабамыздікі» деген ұғым әр тәжіктің рухани жадында, милети болмысында орнығып, олар Әбілқайырлық өзбек-қазақты жек көреді.
Енді Нұрболаттың пайғамбарлығы Өмірзақ Ақжігіттің Нұрболат Масановпен болған «Бiздiң тарих – бұл мүлдем өзгеше тарих» атты сұхбатында былайша көрініс табады:
Қазақ қоғамының ауруын айтқаным үшiн менi қазақтар жек көредi
— Сiз қазақ тiлiнiң болашағы жоқ деп, оны өлi тiлдердiң қатарына қосып қоюыңыз арқылы жаман даңққа ие болдыңыз. Осы сөзiңiздi негiздеп кетiңiзшi.
— Әр тiл сол тiлдi қолданушы халықтың құралы. Қазақ тiлi — кешегi көшпендiлердiң тiлi. Орыс тiлiнде жылқының түсi жайлы 5-6 сөз болса, қазақ тiлiнде 500-600 сөз бар. Орыс тiлi аграрлы, әрi қалаланып келе жатқан тiл. Қазақ тiлi ол деңгейге жете алған жоқ. Және бүгiнгi күн талабына сай ету өте қиын болады. Өте! Әзiр ол оған дайын емес. Дайын болу үшiн не iстеу керек? Бiрiншi, барлық әлемдiк ғылыми бiлiмнiң бәрiн қазақшаға аудару керек. Сонда интеллектуальдық, зияткерлiк орта пайда болады. Ол үшiн инфрақұрылымдар жасалып, нақты iстерге көшу керек.
Менi сынаушылар жаңағыдай айтқан сөзiмдi көредi де, мынадай айтқан ұсыныстарымды көрмей қалады. Мен сондай-ақ барлық сөзге бiрдей қазақша балама тауып, қолдан сөз немесе термин жасауға да қарсымын. Неге? Қолдан жасалған жасанды сөз көбiнесе сөздi түсiнудi күрделiлендiрiп, қиындатып жiбередi. Ал, ол керек пе бiзге?
Мен қазақ қоғамының ауруын айтқаным үшiн менi қазақтар жек көредi. Неге онда олар дәрiгерлердi жек көрiп кетпейдi? Бұл — менiң қазақ зиялыларына өкпе артуымның тағы бiр себебi. Олар тыңдай бiлмейдi».
Енді бізге қалғаны өзгеден ұрланған жаһұттарымызды туған топырағына оралтып, қайыра жаңғырту. Алғашқы орыс империялық рухани-мәдени үстемдігіне жаңғырған бабалар тілімен жауап беру.
Түйін
Нұрболат Масанов ана тіліміздің сөз қабылдау үрдісіне тілдік-әріптік реформа жасауды бірінші болып көтерген қазақ. Оны еурокейіптегі орыстанған терминдер мен қазақы шоқпыттағы пуризмдік сөзжасамдар еш қанағаттандырған жоқ. Бабалар тілінде өзге тілдік сөздердің алаш жұртты аузында әуезелене айтылуын, сымбаттан жазылуын армандады.
Сол арман жүзеге аса ма деген ой Жүректі сыздатады.
Әбіл-Серік Әлиакпар
Abai.kz