Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
1103 3 пікір 24 Маусым, 2019 сағат 11:05

Алматыда Денис Тенге арналған мемориал ашылды

Мезгілсіз мерт болған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арнап ескерткіш қойылды.

Тенге арналған мемориалдың ашылу рәсімі Алматы қаласында 22 маусым күні сағат 11:00-де өтті. Рәсімге Ермахан Ыбрайымов, Илья Ильин қатарлы танымал спортшылар қатысты.

Ескерткіш спортшы жарақат алған жер - Бәйсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында орнатылды. Қоладан құйылған мүсінді Қазақстан халқына Виктор Цой ескерткішінің авторы ретінде белгілі санкт-петербургтік мүсіншісі Денис Макушкин жасады. Мүсінде спортшының 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарында өнер көрсету сәті бейнеленген. Бұл Олимпиадада Денис Тен қола жүлде жеңіп алған еді.

Денис Тен атындағы қор өкілдерінің айтуынша, бұл мемориал еліміздің атын әлемде таныту үшін бар күш-жігерін жұмсаған спортшыға деген халықтың үлкен құрметінің белгісі болмақ.

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде қайтыс болды. Құқық қорғаушылардың анықтауынша, машинасының айнасын шешіп жатқан ұрыларға қарсы ұмтылған Тенге ұрылар пышақ сұғып алған. Жарақатынан көп қан жоғалтқан спортшы ауруханада көз жұмды.

17 қаңтарда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты - 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

Abai.kz

3 пікір