Қазбек ДАЛАБАЕВ. АЙҚАП! АҚТӨБЕДЕГІ «ҚЫЗ ӘУЛИЕ» АҒАШЫН НЕГЕ ӨРТЕДІ?
Қазақта «бүркеген жерге бүрге үйір» деген сөз бар. Соңғы кезде елімізде белең алып бара жатқан діни сипаттағы содырлық әрекеттер экстремистік идеологияға астыртын жүріп тойтарыс беру мүмкін еместігіне мемлекеттің де, қоғамның да көзін жеткізе бастады. Елімізді еркін жайлаған қатерлі діни дүниетаным өз «нәтижесін» бере бастағанда, «бұл қайдан шыққан пәле» дегендей абыржу байқалады. Шындығында, ол «пәленің» қайдан, қалай шыққаны көз алдымызда. Соңғы жылдардың баспасөзін парақтағанда сол «пәленің» алдын алу туралы дабылдың өз уақтында қолдау таппағанын көріп, налисың.
Әйтпесе, бірқатар басылымдар дәл осы бүгін отқа оранып отырған өңірдегі діни ахуалдың қатерлі бағытқа беттегенін дер кезінде-ақ жалаулатқан. Сол айтылған мәселелердің ішінде Ақтөбе облысы Темір ауданындағы «уахабилер» әрекеті, Шұбарқұдықтағы лаң туралы да сараптамалар, журналистік жолжазбалар бар болатын. Уақытында бұл материалдардың басым бөлігі «Үш қиян» тәуелсіз республикалық апталығында жарық көрсе, жекелеген мақалалар «Айқын», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында басылды. «Қар жауып, із басылды» болған сол материалдарды осы тұғыр арқылы оқырманға қайта ұсыну бастамасы осы тараптағы басқа да «ай-қаптарымыздың» алдын алар деген үміттен туып отыр.
Қазақта «бүркеген жерге бүрге үйір» деген сөз бар. Соңғы кезде елімізде белең алып бара жатқан діни сипаттағы содырлық әрекеттер экстремистік идеологияға астыртын жүріп тойтарыс беру мүмкін еместігіне мемлекеттің де, қоғамның да көзін жеткізе бастады. Елімізді еркін жайлаған қатерлі діни дүниетаным өз «нәтижесін» бере бастағанда, «бұл қайдан шыққан пәле» дегендей абыржу байқалады. Шындығында, ол «пәленің» қайдан, қалай шыққаны көз алдымызда. Соңғы жылдардың баспасөзін парақтағанда сол «пәленің» алдын алу туралы дабылдың өз уақтында қолдау таппағанын көріп, налисың.
Әйтпесе, бірқатар басылымдар дәл осы бүгін отқа оранып отырған өңірдегі діни ахуалдың қатерлі бағытқа беттегенін дер кезінде-ақ жалаулатқан. Сол айтылған мәселелердің ішінде Ақтөбе облысы Темір ауданындағы «уахабилер» әрекеті, Шұбарқұдықтағы лаң туралы да сараптамалар, журналистік жолжазбалар бар болатын. Уақытында бұл материалдардың басым бөлігі «Үш қиян» тәуелсіз республикалық апталығында жарық көрсе, жекелеген мақалалар «Айқын», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында басылды. «Қар жауып, із басылды» болған сол материалдарды осы тұғыр арқылы оқырманға қайта ұсыну бастамасы осы тараптағы басқа да «ай-қаптарымыздың» алдын алар деген үміттен туып отыр.
«ҮШ ҚИЯН»
АҚТӨБЕДЕГІ «ҚЫЗ ӘУЛИЕ» АҒАШЫН НЕГЕ ӨРТЕДІ?
Қазір жұрт «уахабизм» деген атаумен жақсы таныс. Қарапайым халық оның тарихын зерттеп жатпаса да уахаптың кім, қандай қаупі бар екенін біледі. Оларды әсіресе, дәстүрлі діни түсінікке, әулие, кесене, киелі орын дегенге қарадай өш екенінен де хабардар. Жұрт енді олардан хабардар болып қана қоймай, тікелей өміріне төнген қауіпті де сезінді. Уахаптар өздері айтатындай, жиһадты Конституцияны өзгертуден, «кәпірлерді», «көпқұдайшылдарды», «бейнамаздарды» өлтіруден емес, қазақтың қарапайым киелі орындарын талқандаудан бастады.
Ақтөбедегі жағдайды естіген кез келген адам жағасын ұстайды. Темір ауданы Кеңқияқ ауылында жолдың бойында «Қыз әулие» деп аталатын киелі жердегі қыз әулиеге қойылған құлпытас пен оның басында өскен нысанды жалғыз дарақты 2007 жылы жазда бір топ «сақалды» қауым барып талқандап кеткен. Құлпытасты қиратып, ағашты өртеп жіберген. Уахаптардың бұл жауыздықтарына дейінгі де әрекеттеріне «тойған» жергілікті тұрғындар енді олармен бетпе-бет қайшылыққа барып отыр.
Осылай ел ішіне жік түсіп, аға мен іні, әке мен бала сау күннің аманында бір-біріне қарсы. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, олар ештеңеден тайынбайды. Себебі, осы Темірге қарасты 7 ауылдан шыққан 200-300-ге тарта «таза исламшылар» арасында бұрынғы бұзақы, түрмеден келгендер мен спортшылар басым. Бұрынғы озбырлықтары енді тәкәппарлыққа ауысқан «діндарлар» халықтың үрейін алып біткен. Аудан орталығында қарапайым халықтан жақындап жөн білейін десең, алыстан қашады. «Оу, ағасы, не болды?» деп сұрасаң, - Ойбай, мен, ана кәлимә айтқызғыштар екен деп қалдым, - деп «таза мұсылман» емес, қарапайым қазақ екеніңе қуанып кетеді.
«Жай күнде, анау дейміз, мынау дейміз, қиналып жан қысылса - Құдай дейміз» деп Кенен Әзірбаев айтқандай, қиналғанда Құдай есіне түсетін халық Құдайдан, кәлимадан безбейді әрине, оларды бездірген уахаптар екені анық.
Темірліктер кәлима емес, құрбан айттан да безіп кете жаздаған. Өйткені, өткен құрбан айт мерекесі қарсаңында Темір ауданында «сақалдылар» мал орнына бала шалады екен деген сыбыс тарап, жұрт айт күні баласын көшеге шығарудан қорқып, үйде қамап отырған. «Қыз әулиенің басындағы ағашты шауып», өртеп жіберген жауыздық жанға батқанмен қоймай, енді бала құрбан болып кете ме деген қауіп, құрбан айтты жөнді тойлауға да мұрша бермепті. Құрбан айт өткесін жаңа жылды тойлау да темірліктердің проблемасына айналған. Ауданда әкімдік ұйымдастырған жаңа жыл мерекесін тоқтатпақ болған оншақты уахап күзетшілерден ішке кіре алмай қалыпты. Әйтпесе, олар «көпқұдайшылдардың» мерекесін тойлатпаймыз деп әуре салғысы келген.
Тағы бір дәлел - қарапайым халық пен «сақалдылар» арасындағы дәстүрге қатысты тартыс. Бұл - мәселенің асқынғанын айқын көрсетеді. Той өз алдына, ал өлім, қаза болған жерде қайғы үстіне қайғы жамалса, одан өткен азап бар ма? Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы уақытта ауданда, ауданға қарасты ауылдарда адамды «уахаптарша жерлеу» көбейіп кеткен. Анығында, ешкім қаза болған адамын «таза ислам» жолымен жерлегісі келмейді. Бұған сол әулетте, не отбасында «дінге кіріп» кеткен бір уахап себепші болады екен. Ол «таза ислам» бойынша дәстүрді тас-талқан етіп, «жаңаша жерлейді». «Уахапша жерлеудің» «ерекшелігі» - адамның жаны шығып кеткеннен кейін 3 сағаттан соң жерлеп тастайды. Соңғы көрісу, үші, жетісі, қырқы деген болмайды. Басына құлпытас, зират орнатылмайды. Себебі, өлген адам өлді, Құран тірілер үшін түсірілген, аруаққа құрмет көрсету - Құдайға ортақ қосумен тең-міс. Ал, біз сол үшін «ширк» жасап, кешірілмейтін ауыр күнәға батып жүр екенбіз.
Бұл сұмдықты жергілікті «Ақтөбе» газеті де жазды. Былтыр аталған газеттің 3-мамыр күні, №54-55 санында шыққан «Нағыз мұсылмандар осылар ма?» атты мақала - бүгінгі Ақтөбенің жанайқайы. Мақалада автор (Б.Қартеменов) қайтыс болған жеңгесін інілері (қайтыс болған кісінің балалары)«таза ислам» шарты бойынша қаза болысымен үш сағаттан соң жерлеп тастағанын жазады. «Неге былай істедіңдер?» десе, - Арабиямен телефон арқылы ақылдастық», - депті «таза мұсылмандар».
Ақтөбедегі «сақалдылардың» бір «артықшылықтары» да сол. Олар Арабиямен араласып тұрады. Аудандағы имамдардың айтуынша, Араб «шейхтары» оларға интернет арқылы діни сарындағы үнпарақ, кітаптар жіберіп, идеологиялық жағынан қуаттандырып отырады. Не үшін? Кімге қарсылық? Кіммен соғысу үшін? Әрине, қазаққа қарсы. Оның қасиетті дәстүріне, кесене мазарларына. Бұл - ХХІ ғасырдағы қазақ үшін үлкен мәдени соққы болғалы тұр десек, Ақтөбедегі «Қыз әулие» оқиғасы осыған дәлел. Ертең олар Арыстанбап, Ясауи, Бекет ата, Райымбек т.б. қасиетті кесенелерді қиратуға шықпасына кім кепіл? Мысалы, Ақтөбе газетінің 2007 жылы 21-маусымда жарық көрген санында «Мұсылман болу үшін араб болу керек пе?» деген мақалада осы мәселеге қатысты қорқынышты факт келтіреді. Мақаладан үзінді: «Естеріңізде болса, 1975-80 ж.ж. ел ішінде келешекте түбі ұлт атаулы жойылып, паспортқа совет халқы деп жазылады дейтін. Қазір де соның кері келіп тұрғандай. Мысалы, уахабтық ағымда жүрміз деген орыс тілді інілеріміз қазақ тарихын, әдет-ғұрпын қайдан білсін. «Түптің түбінде біз жеңеміз. Сендер дәріптеп жүрген әулиелеріңнің молаларын жермен-жексен етеміз. Аллаһ біз жақта, біздің қозғалысымызға Сауд Арабиясы көмектеседі» дейді.
Тарихи, мәдени мұраларымызға кезінде кеңес үкіметі қарсы шығып қиратпақ болып еді, енді тағы бір идеологияның құрбаны болған, тағы да сол қазақтың өзі өз мәдениетіне екінші мәрте шабуылға шықты. Өткен күндерден білетініміз - «құдіретті» Кеңес үкіметі біздің қасиетті кесенелердің «мұртын» да қисайта алмаған, қиратамын дегендердің өздері қирап, құрып кеткен. Бірақ, бүгінгі күні Қыз әулиенікіндей кесене маңындағы ағаштарды сақалы бір қолтық «біреулер» өртеп жатса не болады? Ислам фундаментализмінің көкесі осы болса керек.
Ақтөбе газетінің №54-55 санында жарық көрген «Нағыз мұсылмандар осылар ма?» деген мақалада автор Б.Қартеменов былай деп ескертеді: «...ініміз қандай дінге кірген деп жағамды ұстадым. Бұлар «Біз тек таза дінді насихаттаймыз» деп, дінге енді ғана бой ұрып жүргендерге аздап хадия (сый-сияпат) жасап, өздеріне тарту үшін алдайды екен. Сондықтан ең алдымен дінге ден қойған әр азамат дін атын жамылған түрлі ағымдарға елікпей, дұрыс таңдау жасауы тиіс».
Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Темірдегі уахаптар А.Абдужаббаровтың шәкірттері. Оның діни есімі - Халил, ол - Өзбекстанда Ферғана жазығындағы уахабтық қозғалысты ұйымдастырған Әбдіуали Мирзаевтің шәкірті. Ал, Мирзаевтің Абдужжаббаровтан басқа да «мықты» шәкірттері бар. Олар «Өзбекстандағы ислам қозғалысы» террорлық ұйымының жетекшілері - Тахир Юлдашев, Жұма Наманғани, Обидхон Назаров және тағы басқалары.
Темірдегі уахаптар аудан орталығы Шұбарқұдықты алсақ, жеңіске жетеміз деп айтатын көрінеді. Қандай жеңіс? Кімді жеңеді?
Ал, қарапайым халықтың ауызында жүрген «уахаби стратегия» мынандай. «Олардың саны қазір 200-300 шамасында. Тағы да қатарын хадиямен толтырғасын, Шұбарқұдықты алады. Кәпірлерден тазартады. Сосын ірі орталықтарға жоспар құрып, ислам шарттарымен жүріп тұратын аймақ жасайды».
Б. Қартеменовтың мақаласы толғағы жеткен мәселенің бетін ашқан болуы керек, «Ақтөбе» газетінің келесі санында Ораз Боранбаев, Есенбай Дүсіпов, Аманжол Жайпешов, Бектай Жұмабаев, Тайұстар Шангереев, Айдарбек Шонайбековтер сынды шұбарқұдықтық ақсақалдардың хаты да жарық көрді. Хатта «Нағыз мұсылмандар осылар ма?» атты мақалаға арқау болған адамдардың кім екені тарқатылып жазылыпты. Ақсақалдардың айтуынша, сол мақалада айтылған Шұбарқұдықта бірі инженер, бірі мұғалім болып зейнетке шығып, Ақтөбеге қоныс аударған екі замандастарының балалары мұндай «таза мұсылмандықты» облыс орталығында жүріп үйренген. Шұбарқұдыққа да «сақал-шашын жіберген, ұзынды-қысқалы киінген», бір машинаға тиелген мұндай «нағыз мұсылмандар» да жиі келіп тұратын көрінеді. Ауыл ақсақалдары ұлағатынан, оғаш қимылы көп «діндарлардың» қылығын кент молдасы Нұрлан Боранбаевқа айтса, ол: «Олар - Алла атынан елге иман таратушылар, дұрыс жолға салушылар. Оларға тіл тигізбеңдер, өлгенде имансыз қаласыңдар» деп қорқытыпты. Тіпті сөзінің растығын дәлелдеуге бел шешіп кіріскен имам ақсақалдарға орыс тіліндегі бейнефильмдер көрсетіп, көңілі жайланып, зәрелеріңді алдым-ау дегендей кең тыныстапты. Шарасыз ақсақалдар облыстық газетке «Қазір Шұбарқұдықта сол бағытты ұстанушылар жетерлік, топталып жүріп тәлімдерін айна-қатесіз орындайды, жоғарыдағы мақаладағы айтылғандарды орындаушылар да көбейіп барады», - деп шағынады. Ақсақалдар хатының соңын: «Тәптіштеп жазып отырғанымыз, үгіттеуші кім, қолдаушы кім, олардың артында кім тұр, мақсаттары не, бұлай бола берсе, біз қазақ нағыз мазақ болармыз. Осыны оқыған, түсінген, сезінген, шынайы дәстүрге, салтқа, қалыптасқан мәдениетке берікпін деген азаматтар берекесіздікке жол бермей, бірігіп дінін, ділін қорғасын деген оймен хазып отырмыз», - деп аяқтапты.
Тура кешегі кеңес үкіметі секілді. Кеңес үкіметі алғаш Торғайда орнады дегендей Ақтөбе өңірі бірінші «таза ислам» аймағы болып жүрмесін...
Айта кету керек, «уахаби стратегияның» бір қыры - мұнайда. Өйткені, қазіргі уахаптардың дені мұнай сатумен жағдай жасап алғандар. Олардың көбі қалталы азаматтар.
Егер аяқасты жол түсіп, Темірге бара қалсаңыз бұдан өзге де әңгімелерді естисіз. Көзбен көріп куә боласыз. Сақалы бар мұрты жоқтар Шұбарқұдықта аудандық мешіттің алдына қойылған садақа жинайтын жәшікке дейін сындырып кеткен.
Бір дін, бір халықты қырыққа бөліп қырқыстырып қойғаннан артық қиянат жоқ шығар. Бұрын мұндай әңгімелер алыста, қазаққа қатысы жоқ сияқты айтылатын еді. Енді мұрнымыздың астында, өз ауылымыздың ішінде ойрандап жатыр. Бүкіл әлемді жиіркендірген «ислам экстремистері» біздің елді де қырсыққа ұрындырмасын. Өстіп, құрып кетпесімізге кім кепіл? Өйткені, олар «жиһадтарын» біздің мәдениеттен бастап отырған жоқ па?
Жалпы, еліміздің барлық аймақтарында аңыз-әңгімелерге арқау болған, халық жадында шын мәнінде киелі саналатын ескерткіштер көп-ақ. Мысал үшін, Оңтүстік Қазақстанның Төле би ауданындағы «Көз әулие», «Ғайып Ерен қырық шілтен», Алматы облысы Панфилов ауданының Көктал ауылы маңындағы «Әулие ағаш» тағы басқалар. Жаратушының өзі кие дарытып, қасиетін халық жадында сақтаған бұл жаратылыстардың ешкімнің «иманына» зияны жоқ. Ешбір қазақ баласы оған барып, оны Құдай санап табынып жатқан жоқ. «Қазақ әулиеге, киеге, қабірге табынады» деген мифті қолдан үрлеп, таратып жүргендер кімдердің қолшоқпары екенін ажырататын уақыт жеткен сияқты. Құзырлы орындар, атап айтқанда, ақпарат және мәдениет министрлігі мұндай аңыз бен тарихи деректерге арқау болып, ел арасында құрметке ие ескерткіштердің біртұтас мемлекеттік реестрін жасап, оны «уахаб уымен» уланған сұқ көздерден сақтауға қам жасамаса, күні ертең Темір ауданындағы жағдай жалпылық сипат алып кетуі әбден мүмкін. Бұған қоса халық қалаулыларымыздың қазіргі заңдарымызда жалаң ғана «тарихи және мәдени ескерткіштер» деп үстірт аталатын қасиетті мекендер мен ескерткіштерге «ғұрыптық» немесе «зияраттық орындар» мәртебесін беруге қамданғаны жөн сияқты. Тек ақша әкелетін мұнай бұлақтары мен кен көздерін ғана қызғыштай қорымай, ерте қымтанып, сол жерді бізге сақтаған өр рухты дана халқымыздың хақ нанымына арқау болған жәдігерлерімізді көздің қарашығындай сақтау қазір көп айтылатын «өркениеттік сананың» нағыз белгісі болмақ.
«ҚЫЗ ӘУЛИЕ» ДЕГЕН КІМ?
"Қыз әулие" атанып кеткен киелі жер туралы айтылып жүрген аңыз көп. Бірақ «қыз әулиенің» тарихтағы орыны туралы нақты ешкім білмейді. Халық санасында қалып қойған қасиетті мекен. Оның шын аты - Сұлу болған екен.
Жұрттың айтуы бойынша, «Қыз әулие» Кеңқияқ маңында жатқан тағы бір киелі қорым иесінің қызы. Өйткені, апатты жағдайлар болғанда, не боларда жергілікті халықтың түсіне бір қарт адам мен қыз әулие кіріп ескерту жасайды. «Қыз әулие» жатқан маңдағы жол үстінде көлік апаты жиі болады. Кейбіреулер жол сол әулиенің зираты үстінен салынып кеткен деп те айтады. Бұлай да болуы мүмкін. Өйткені, бұл маңда қасиетті орындарға тән белгілер жиі байқалады. Сондықтан исі қазақ, ағайын-туыс болып 1996 жылы «қыз әулиенің» басына құлпытас орнатқан. Ол жерде Құдайдың құдіретімен, сол әулиенің құрметіне ме екен, ерекше бір ағаш өсіп шыққан. Жапан түзде жалғыз өзі тұратын. Бұл сол қасиетті деп айталатын жерде. Сосын халық сол ағаштың маңына құлпытасты орналастырған. Бұл - енді белгі. Жұрт жердің кепиетті екенін біледі, сосын осы белгі тұрған жерге тоқтап, құран бағыштап, бет сипап өтеді. Соны былтыр жазда уахаптар шауып тастады дегенді естіп жағамды ұстадым. Киелі орынға тиіскендерді Құдай оңдырмайды деуші еді, аталарымыз, әлгі ағашты өртеп шауып тастағандар оңбайды-ау деп ойлаймын. Ешкім ағашқа табынбайды ғой, оны кие тұтып, белгі, нысан ретінде таниды. Құранды да ағашқа емес, сол киенің иесі аруаққа бағыштап оқиды. Қазақта кие, қасиет деген ұғым бар. Судың да сұрауы бар. Кие, қасиеттен бейхабар бұл қандай діндарлар екенін білмедік?!
Ләйлә Әміреева
Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Алмас ҰҚАН,
№6 (366) 07.02.2008
«Үш қиян» Республикалық тәуелсіз апталық газеті.
БІР АУЫЛДЫҢ ХИКАЯСЫ
Жақында жолымыз түсіп, көршілес Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Кеңқияқ, Сарыкөл ауылдарында болған едік. Сол сапарымызда өзіміз көрген, көпшіліктен естіген жағдайлардан кейін ауылдағы діни ахуалдың жағдайы адам айтқысыз ушығып кеткенін көріп, жағамызды ұстадық...
Батпандап кірген у
Ауыл жастарының қазақтың сан ғасырлық дәстүрлі Исламынан өзгешелеу «дінге» ұрына бастауы 2000 жылдардың басында байқалыпты. «Өзгешелеу» дейтініміз - жастығына қарамай тақуалық көрсетіп, намазын қаза қылмай, тіпті қауқитып сақал қойған жас «молдалар» ең алдымен кәдімгі үйреншікті қазақы дәстүрлерге қарсы шыға бастапты. Мысалы, дін мен әулиені бір санайтын ауыл қазағы «әулие деген жоқ, оған сыйыну - Аллаға серік қосу» дегенді естігенде әуелі күлген де қойған еді. «Жастар ғой, қызбалықпен, білместікпен айтады, дінге терең кіріп, білімі артқан соң қояр» деген. Олай болмапты.
Бір ауыл, екі мешіт
«Шамамен 2004 жылдың күзінде Шұбарши (бұрынғы Сарыкөл) ауылында бірден екі мешіт тұрғызылды» дейді ауыл адамдары. Осы мешіт құрылысының өзі ауылда ұстаным-пікірі бөлек екі топ пайда болғанын көрсетті.
Ол мешіттің бірін - өздерінше «таза дін» ұстап жүрген топ тұрғызған. Бұрын ауылда мешіт болмағандықтан, бұлардың бастамасын алғашқыда ауыл халқы түгел қолдаған екен. Игі бастамаға айтары мен қосары бар азаматтар қайта-қайта жиналып, бірнеше күн ақылдасқан. Сол кезде осы ауылда туып-өскен Макар Өтегенов деген ауқатты азамат «мешіт құрылысына қандай материал керек, бәрін көмектесейін, тек мешітке әкемнің атын берсеңіз» деп ұсыныс білдіреді. Оның әкесі өлерінің алдында баласына «менің атыма арнап мешіт сал» деп аманат айтып кеткен екен.
- Мешітті тек қана Аллаға құлшылық қылған, ақыретке сенген мұсылмандар ғана салу керек, атақ-дәреже үшін мешіт салуға болмайды, - деп жауап береді әлгі топтың жетекшісі Азамат Кәрімбаев деген азамат.
Қазақы ұғыммен, тіпті дәстүрлі шариғат шарттарымен қарағанда, кәсіпкердің тілегінде еш ерсілік жоқ еді. Мешіт салу - үлкен сауапты іс болса, оған адамның есімін беру - сол мешітте оқылған намаз, жасалған құлшылықтардың сауабы әлгі аруаққа да тисін деген игі ниет болатын. Тіпті араб мемлекеттерінің өзінде кісі есімі берілген мешіттер толып жатыр. Бірақ «таза дін» жолындағылар ауылдастарының әлгіндей көмегінен осылайша бас тартқан.
Бұл, әрине, шағын ауыл ішінде қатты наразылық тудырған. Сөйтіп, ауылдың екінші жағынан Макардың бастауымен екінші мешіттің құрылысы басталыпты...
Вандализм
Ауылдастары «уахабистер» деп ат қойған әлгі топтың арасы көбейген сайын істері де ірілене берген. Ілкіде қазақы салт-дәстүрге сөзбен қарсы келсе, бірте-бірте нақты іс-әрекетке көшкен.
Кеңқияқ пен Сарыкөл ауылдарының арасында, жол жиегінде жергілікті жұрт ежелден қасиетті санайтын «Қыз әулие» атты жер бар. Бұрын ол жерде бір түп жиде ағашы жайқалып тұрған. Олай-бұлай өткен жолаушылар сол тұста бет сипап, әулиеге дұға қылса, әлдебір арман-тілегі бар жандар терек бұтақтарына ақтық шүберек байлап, садақа береді.
- Біз 30 жылға жуық Қыз әулие бейітіне жақын жерде қыстадық. Сол қыстауда 1979 жылға дейін отырдық. Қыз әулие туралы мардымды мәлімет білмеймін. Білетінім, енем ол кісіге қатты сенетін. Бейітінің басына жиі барушы еді. Ауырғанда, «Қыз әулие» деп күбірлеп, ішінен бірнәрселер айтатын. «Әулиенің бейітінің басынан шырақ жанады» дейтін, - деп еске алады Балқия Есқалиева есімді зейнеткер.
Сол «Қыз әулие» зиратының басындағы белгі бір түнде қиратылды. Тіпті жиде ағашын да түбінен кесіп, түбірін өртеп жіберіпті (суретте). Дәл осы шамада көршілес Шұбарқұдық ауылында Досжан қазіреттің басындағы түнек үйдің шатыры ұрланып, терезесі сындырылған. Досжан ишан - заманында Абайдың әкесі Құнанбай қажымен бірге Меккеге барып, қажылыққа келген қазақтарға арнап үй тұрғызған тарихта белгілі адам болатын. Жұрт бірауыздан бұл әрекеттерді әулиеге зиярат етіп келушілерді «діннің қас жауы» деп санайтын «таза дін» жолындағылардан келді десті. Осылайша ұлтымыздың ғасырлық сеніміне қарақшылық шабуыл жасалды.
Қарақшылар мұнымен де тоқтамапты. Енді олар жол жиегінде жол апатынан қайтыс болған жандарға арнап қойылған ескерткіш тақталарды қиратуға кіріскен (суретте). Жергілікті баспасөзде қарақшылардың (бұл вандализмді басқаша қалай атауға болады?!) әрекетіне қарсылық көрсетіліп, қоғамдық пікір жиі көтерілгенімен, нақты нәтиже болмады. Қылмыс үстінде ұсталған ешкім жоқ. Шынын айтқанда халық түсі суық, сөзі қатал «таза дін» өкілдерінен бұл кезде қорқатын да еді. Ел ішінде «ойбай, олар ештеңеден қорықпайды, ештеңеден тайынбайды, тіпті өздеріне қарсы келген адамды өлтіре салады, олардың әрқайсысында оқ қару бар» деген қауесет өріп жүретін...
Мектептегі «той»
Әрине, уақыт өткен сайын «таза дін» ұстаушылардың да қатары көбейген. Бірте-бірте «таза отбасылар» пайда болды. Хиджап киген қыздар сақалды жігіттерге тұрмысқа шықты. Тіпті мектептің 11 сыныбында оқып жүрген 1985 жылы туған қыз бала орта білім туралы аттестаттан бұрын неке куәлігін қолына алғанды жөн көрген...
Сарыкөл ауылындағы Шұбарши орта мектебінде оқушылардың жаппай дінмен әуестенуі де сол тұста басталған. Әсіресе шәкірттердің сабақтан жұма намазға қашып кетуі, қыздардың хиджап киюі секілді мәселелер бұл жерде де мұғалімдердің бас ауруына айналды. Балаларын өз көзқарасы бойынша тәрбиелеуді қалаған «таза дін» жолындағылар мектеп тәртібін, оқушы киім үлгісін талап еткен мектеп директорымен соттасуға дейін барыпты.
- Қазір біздің мектепте 783 оқушы бар, - дейді мектеп директоры Алма Қуанышалина (суретте). - Рас, осыдан біраз бұрын оқушылардың дінге қызығушылығы күшті болды. Бірақ бұл балалық әуестік қой. Қазір басылды. Жалпыға ортақ мектеп формасын сақтауды талап етеміз. Рас, ата-анасы дін жолында жүрген кейбір оқушы қыздар мектеп формасын кигенмен, басына орамал тартады...
Біз жолыққан мектеп директоры Алма Абылайқызы да, оның тәрбие жөніндегі орынбасары Анетта Чукеева да мектептегі дін мәселесі тақырыбына сөз қозғауға өте құлықсыз болды. Біз оларды түсіндік. Себебі, көптеген сауалдың жауабы, шешімі жоқ. Шыны керек, бұл еліміздің көптеген мектебінде «жабық» тақырыпқа айналған бітеу жара болып тұр.
Болмай қалған теракт
«2009 жылғы 23 қыркүйекте Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық сотында мұнайлы аймақта лаңкестік актілер жасауға даярланған-мыс деген айып тағылған Қазақстанның алты азаматы сотталды. Судья Шапағат Әлнияз алты ер адамды 12-ден 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Олардың барлығы Темір және Мұғалжар ауданының тұрғындары.
Алты адам лаңкестік; қаруды заңсыз даярлау мен сатып алу, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылығыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау мен бопсалау; қарақшылық; кәмелетке жасы толмағандарды қылмыстық әрекетке тарту; қатыгездік пен зомбылықты насихаттайтын шығармаларды заңсыз тарату деген баптар бойынша сотталды.
Биліктегілер ауылдың алты адамы Ақтөбе облысындағы мұнай кәсіпорындарын жармақ болған деген пікірде. Мұғалжар ауданының прокуроры Бағлан Телеу, КТК телеарнасына берген түсініктемесінде, бұл адамдар «далалық оқу-жаттығуларын өткізіп, алғашқы әскери дайындық бойынша, қарудың құрылысына байланысты кітаптарды оқып-зерттеген» деді. Сот Шұбарши ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевты «террорлық топтың жетекшісі» деп тапты». («Азаттық» радиосының сайтынан)
Бұл Азамат жоғарыда айтылған «таза» мешіт көтерушілердің басшысы болатын. Мақаламызға қатысы болмаса да айта кетейік: терроршылдық айыбы бойынша сот үкімімен 17 жылға кесіліп, жазасын өтеп жатқан Кәрімбаев Арқалық түрмесінде 23 желтоқсан күні қаза болды. Марқұмның әйелінің айтуынша, Азаматты азаптап-қинаған, ал ресми дерек бойынша ол өзіне қол жұмсаған. Қалай болғанда да Кәрімбаевтың мезгілсіз қазасы мазасы кеткен ауылды тағы да түрлі сыбысқа толтырып, тыныштығын алған оқиға болды...
Тынышы кеткен ауыл
Азамат Кәрімбаевтың түрмедегі қазасы халықаралық ұйымдардың назарына дейін іліккен оқиға болды. Әсіресе «Азаттық» радиосының сайты осы оқиға төңірегінде тұрақты әрі індете жазып, қазақ түрмелерінде жазықсыз сотталған жандардың тағдырына араша сұрап, дүниежүзілік адам құқығын қорғайтын ұйымдардың назарын аударуға тырысуда. ЕЫҚҰ-ға төрағалық етіп, өзін «демократиялық, ашық қоғам» ретінде танытып отырған Қазақстан үшін бұл жағдай, жұмсартып айтқанда, ыңғайсыз-ақ мәселе болып тұр.
Сарапшылар мұндай жағдайдың тууы «террористік әрекеттерге, әсіресе діни экстремистік оқиғаларға қатысты сотталғандардың ісі көбінесе жабық, халықтан жасырын жүргізілгендіктен» болады дейді. Халық мәселенің мән-жайын анық білмегендіктен, сотталғандардың тағдырына аяушылықпен қарайды. Мұны ел ішіне іріткі салғысы келетін топтар тиімді пайдалануда.
2010 жылы наурыздың 1-іне қараған түні Шұбарши ауылында Қазақстан президенті отбасының шетелдегі жылжымайтын мүліктері жайында мыңдаған үнпарақ таратылған.
Ауылдың орталық көшелерінде қазақ және орыс тіліндегі мыңдаған үнпарақ шашылып, шарбақтарға, есіктерге жапсырылған. «Бір таң қаларлығы, - деп жазды «Азаттық» сайты, - үнпарақтар аудан орталығы Шұбарқұдықта емес, ірі мұнай кәсіпшілігі жұмыс істейтін Кеңқияқта емес, шағын ғана Шұбаршы ауылында пайда болды. Мұнда бар болғаны төрт мыңдай ғана халық тұрады».
Әрине, сол күні-ақ ауылға полиция қызметкерлері ғана емес, арнаулы мақсаттағы отряд та келген. Үнпарақты кімнің таратқаны белгісіз. Кей тұрғындардың айтуынша, жергілікті мұсылмандардан, оппозициялық ұйымдарға бүйректері бұратын кейбір азаматтардан, соның ішінде тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының белсендісі Эльвира Жақсылықовадан жауап алынған, оның 10-шы сыныпта оқитын 16 жасар ұлы Миржан да тергелген. Бір қызығы, Миржан Жәдігеровтің намазға жығылғанына төртінші жыл болыпты. Оқиғаның одан әрі қалай өрбігенінен хабарсызбыз. Бірақ оппозициялық парақшалардың саяси өмірі қайнап жататын қалалық жерде емес, қиян түкпірдегі шағын ауылда таратылуы ойландырады...
Имам тұрақтамайды, ақсақалдың аузында дуа жоқ
Айтпақшы, «таза дін» жолындағы шұбаршиліктер тұрғызған мешітке біз де бас сұққанбыз. Бесін намазының уақыты болатын. Ғибадатқа жиналған алты-жеті жігіттің бәрі де намазын «өзгеше», Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі (ҚМДБ) бекіткен дәстүрлі имам Ағзам әбу Ханифа масхабына сәйкеспейтін үрдіспен оқиды екен. Имамдық еткен жігіт бізге де «намазда аяғыңды талтайтып тұр!» деп бірнеше мәрте ескерту жасады. Мешіт бұрышындағы сөреде түрлі кітап жинаулы тұр екен. Арасынан Имам Абу Закарийа бин Шараф ан-Нававидің «Сады праведных» атты кітабы көзімізге шалынды. Бұл кітаптың іші экстремистік идеяларға толы, тіпті ішінде «Жихад кітабы» атты арнайы тарауы бар екенін білетінбіз...
- Ол ауылдағы діни ахуалды біз ерекше бақылап отырмыз, - дейді Шұбарши кенттік округі әкімдігінің бас маманы Азамат Өсербаев. - Бірақ, ауылдағы мешітке имам тұрақтамай тұр. ҚМДБ-ның жолдамасымен дәстүрге сай көзқарасы бар имамды жібереміз, бірақ тұрақты жалақысы жоқ, үйі-күйі жоқ имам көп ұзамай кетіп қалады. Ендігі ойымыз, келесі тағайындалатын имамға аз-кем жалақы тағайындап, үй беріп, тұрақтанып кетуіне көмектескіміз келеді...
Сол жолы Кеңқияқ ардагерлер кеңесінің төрағасы Аймырза Есенғұлов ағамызбен де (суретте) жолыққанбыз. «Бұрынғының жолын көрген ақсақалсыз, білместікпен адасып жүрген жастарға ақсақалдар жөн көрсетпей ме?» деген сауалымызға ардагер өзінің дін жораларына шорқақтығын айтып ақталды. «Біз, жалпы қарапайымхалық, олармен сөйлеспейміз, олардың мешітіне бармаймыз. Ал күдікті бірнәрсе байқасақ, полицияға айта қоямыз» дейді Аймырза ағай...
Қазбек ДАЛАБАЕВ
www.antisektazko.kz