Жанұзақ Аязбеков. Бальзак неге жылады? (жалғасы)
Бір есеппен ойласақ, Горионың «Он саусағымнан өнер тамады, миллиондап ақша тапсам, дәулетті болсам» дегенінің өзі айып па екен? Атам заманнан бері ет пен сүйектен жаралған еті тірі пенденің күйлі, дәулетті өмір сүрсем деген ішкі арманы қоғами заңдылық қой. Олай емес деп үзілді- кесілді айту ақиқатқа қиянат. Рас, бізде, әмбеге аян , кешегі кеңес заманында адамның жеке басының баюына жол берген жоқ. Мемлекеттің байлығы- халықтың байлығы деген құрғақ декларацияға имандай сендірді. Дәулетті, бай адамды оның адами қасиетіне қарамастан қоғамға жат элемент, арамтамақ, кесепат, жексұрын деген сірескен, сыңыржақ қоғамдық пікірді санаға шегелеп тұрып шегендеген. Бай адам ешқашан адал жолмен байымайды, деп, оған адамзаттың бүткіл жүріп өткен тарихының тырп еткізбейтін аргументтерін көлденең тартып аксиомаға айналдырған. Осы ұғыммен талай ұрпақ өсті, талай ұрпақ алмасты. Ақыр аяғында бай мен кедей, дәулетті мен орташа , күйлі мен күйсізі бар қоғамға қайта айналып келдік. Ақ- адал еңбегімен дүние тап, байы, дәулетің мен сәулетіңді жарастырып өмір сүр деген ұғым - біздің бүгінгі заманымыздың ұраны.
Бір есеппен ойласақ, Горионың «Он саусағымнан өнер тамады, миллиондап ақша тапсам, дәулетті болсам» дегенінің өзі айып па екен? Атам заманнан бері ет пен сүйектен жаралған еті тірі пенденің күйлі, дәулетті өмір сүрсем деген ішкі арманы қоғами заңдылық қой. Олай емес деп үзілді- кесілді айту ақиқатқа қиянат. Рас, бізде, әмбеге аян , кешегі кеңес заманында адамның жеке басының баюына жол берген жоқ. Мемлекеттің байлығы- халықтың байлығы деген құрғақ декларацияға имандай сендірді. Дәулетті, бай адамды оның адами қасиетіне қарамастан қоғамға жат элемент, арамтамақ, кесепат, жексұрын деген сірескен, сыңыржақ қоғамдық пікірді санаға шегелеп тұрып шегендеген. Бай адам ешқашан адал жолмен байымайды, деп, оған адамзаттың бүткіл жүріп өткен тарихының тырп еткізбейтін аргументтерін көлденең тартып аксиомаға айналдырған. Осы ұғыммен талай ұрпақ өсті, талай ұрпақ алмасты. Ақыр аяғында бай мен кедей, дәулетті мен орташа , күйлі мен күйсізі бар қоғамға қайта айналып келдік. Ақ- адал еңбегімен дүние тап, байы, дәулетің мен сәулетіңді жарастырып өмір сүр деген ұғым - біздің бүгінгі заманымыздың ұраны.
Байқайсақ, біздің ұранымыз Бальзак заманының етене шындығымен тіндестігі бар.Туындыда қанша жерден зар илесе де, Горио капиталға, ақшаға лағынет айтпайды, қарғап сілемейді! Керісінше: «Ақша деген - өмір ғой ол. Ненің болса да тетігі-ақшада» - дейді. Дейді де өзі көрген қатігездік пен қасіретті өз пейілінен, қыздарынан табады. Әке махаббатын талдап- таразылап беретін, төрешісі де, соты да басқа емес, Горионың өзі. Ақырет күні сандырақтап жатып: «..Өз күнәм - өрескел сүйіспеншілігімнің өтеуін қайырдым ғой түгелімен. Өз ықыласымның төлеуін екеуі де жендеттерше қатал қайырды, денемді тістеуікпен жұлқып паршалады. Әке атаулыны аяқпен таптаған күнде - отанымыздың аты өшкені. Анығы солай, әкелік деген - қоғамның бүкіл дүние жүзінің тірегі, бала атаулы әкелерін жек көретін болса, қоғам, дүние жүзі түгел күйрейді.» деп күңіренеді. (Отбасындағы әке беделінің күл- талқаны шықты деген қоңырау сол кездегі әлеуметтік дағдарыстың бір белгісі болатын) «Бұлардың екеуі де тасжүрек ғой! Өзімді жақсы көрсін деп мен де оларды ересен жақсы көретінмін. Күнә мына менікі! Өзімді аяғымен таптауды үйреткен мен оларға. Солай істейтін ұнайтын еді маған. Дегенмен онда кімнің ісі бар, адамның да, құдайдың да ісі жоқ, Сол екеуін мен үшін жазалаған күнде, құдайда әділдік дегеннің болмағаны. Өз орнымды білмеппін мен, өз праволарымнан бас тартамын деп- ақмақшылық істеппін.Солардың көңілі тынсын деп өзімді өзім кемдікте ұстаппын! ..Мен деген сорлы адаммын, сазайымды да тартып жүрмін. Қыздарымның бетімен кетуіне себепші болған өзім, жосықсыз еркелеткен мен оларды. Бұрын кәмпит сұрайтыны тәрізді екеуінің ендігі сұрайтыны - ләззат. Қыз күндерінде көңілдері нені тілесе де беттерінен қақпадым. Он бес жасқа келгенде бұлар өз беттерімен серуенге шығатын.Ойға алғандарының орындалмағаны жоқ. Кінәлі жалғыз өзіммін,сөйтсе де менің сүйгендігімде бар айып. ..Келмеген екен, олар енді келмейді де.Алданған екенмін! Олар мені сүймейді де, ешқашан да сүймеген екен! Бұл - ақиқат. Мен тарқан қасіретті де, шеккен азабымды да, жоқшылықты да олар ешқашан сезген емес- өлімімді де сезбей отыр енді; өздерін мәпелеуімнің сыры неде екенін де түсінбейді тіпті. Олардың барымды қағып алуға үйренгендіктерін көріп жатырмын, сондықтан да өздеріне істеген жақсылықтарымның бәрі қазір түкке де тұрмайды. Көзімді ойып алғылары келсе, «мә ала беріңдер ойып» деген болар едім.Мен деген - ақымақпын. Жұрттың бәрінің әкесі өз әкелеріндей деп жориды олар. өз бағаңның өресінде болуың керек қашанда. Мен үшін өз балалары-ақ берер сыбағаларын. ..Құдай бар аспанда, көңліміз қалай ма, қаламай ма, әке атаулы мына біз үшін сол тарттырады сазайларын!».
Битін сығып, қанын жалайтын халге жетіп, жарық дүние көз алдынан дөңгеленіп өтіп бара жатса да, Горио өз канынан шыққан қыздарының бойына адамдық мейірім мен қайырым ұрығын еге алмағанына шерленсе де, қарғағандай аһ ұрса да: « Құдайым ай! менің көзім жұмылған күнде олардың дәулетін кім қайырып берер. Одессаға осыларға бола барғым келеді..Одессаға, вермишель жасауға» - деп, санасының інінен дүниеқоңыз атжалманы да атып шығады. Ол тіпті өлуге де қорқады, себебі, қыздары ақшасыз, дәулетсіз сорлап қалмақ..Он жылдан бері қыздары бірде - бір рет жүрегін жібітпегенін, жібітпейтінін де іштей түсінсе де, бейнеті -сорға,қасіреті -зарға айналса да, Горио көзі жұмылғанша кіндігінен жаралғандарынан күдерін үзе алмады. «Ажал жақындап тұрса да, жанына қылыш ұрса да, қалжырап көңілі қарайып, қарауытып көңілі тұрса да - үмітін қоймас адамзат!»(Бұхар жырау). Баласы үшін аң - орға, құс - торға түссе, адам екі аяқты саналы хайуан ғой: «Беремін батамды, бердім батамды екеуіне, - деді де, дереу есінен танды.».
Өзінің бес күн жалғандағы саналы ғұмырын итше талаған қыздарын әке жүрегі бәрібір қиянатқа қия алмас еді. Себебі - ол сүйді! Бұл санасыз биологиялық инстинктен ада, адами сүю. Мұның ақылға, миға қатысы шамалы - жүректің ісі! Адамға біткен аламан сезім! Бірақ, «денесі қарайып, шірік кеулеген қоғамда» (романдағы қаскүнем Вотреннің сөзі) адамды сүю - қорлық! Адамды сүю- қасірет екен! Иә, өркениеттің соқтықпалы сортақ жолында ізгілікті бостан қоғамды армандап жан алысып, жан беріскен, қан кешкен, дамудың жаңа қиясына ұмтылған қауымда, тіпті «өзіңнен жаралған» адамды да сүю дүние-тезекті терудің қасында көк тиындық құны жоқ екен! Сөйте тұра Горио сүю қасиетінен айнымай , сүю қасіретінен құрбан болып көз жұмды. Бальзак- Горио Париж өмірінің жалт - жұлт еткен жәдігөйлігіне, әлеуметтің рухы сауданың монетасына айналып, дүйімнің қайрымсыз, обыр, арандай ашылған ындынына көзі жеткенде тауы шағылып, есеңгіреп, көкірегі қарсы айырылады! Өркениеттен көркем ниет күткен үміттің күл -талқаны шықты! Бойына заманы бітістірген тұрпайы да қаскүнем эгоизм құрыдымның жарқабағынан лақтырып жіберді.
Қайыра айтсақ, 35 жастағы Оноре де Бальзак жан - жүрегін сыздатып тыным бермеген ішкі дертті ақ қағазға лақылдата төгіп отырып, қырық күн «мұңдасқан», жанкешті « жан жолдасы» Гориосымен «бақұлдасып», кәдімгі пәнилік ғұмыры мен рухани дүниесі бір әлемге тұтасып кеткенін өзі де аңдамай қалды! Оның үстіне осынау жұмыр жердегі саналы тіршілік иесі - аса мәртебелі Адамның Адамды мәңгілік Сүю қасиеті мен сөнбейтін Рухының бір куәсі - «Горио атайы» - көркем шығарма жарық дүниеге шырқырай келіп , мұның уысынан шықты да кетті!.
Бұл осыдан тура 176 жыл бұрын небәрі отыздың белортасына жеткен балпаң жігіттің өзегіндегі ыстық жалынымен шарпи шалқып, әдебиетке атойлап кірген тұсы болатын! Гориосы, Растиньягы мен Бьяншоны, Гобсек, Вотрен және басқа да жанып тұрған жанкешті кейіпкерлері тұңғыш рет бой көрсетіп, бұл туынды «Адам комедиясының» эпицентріне айналған еді. « Енді біліп қойыңыздар: бұл драма қиялдан тумаған, бұл роман да емес. Мұның шыншылдығы сондай, әркім бұдан өз өмірінің, мүмкін өз жүрегінің кейбір ұшқындарын табады.» деді Бальзак, солай болып шықты да. Көзі көргендердің жазған естелігіне сенсек, Бальзактың қара басы өмірге, әдебиетке алапат құштар, алпауыт жанкешті екен! Сол құштарлық, әсіресе әдебиетке деген жойқын ынтазарлығы дәуірлестерін таңдай қақтырған. Сол XIX ғасырдың қияметқайым, дүбірлі дүрбелең дәуірінде көркемсөздің заңғар бәйтеректері бірінен соң бірі жарыса өсіп, әдебиетті, прозаны жаңа сатыға көтерді. Ендігі жерде тәтті романтика адамзаттың рухани сұранысының бірден - бір эталоны болудан қалды. Уақыт әдебиет майданында шыбын жанын шүберекке түйіп, сай - сүйегі сырқырап , ақ тер - көк терге түспесе, ботадай боздамаса - өлмес шедевр дүниеге келуі екіталай, аттыға еріп, жаяудың таңы айырылатынын аңғартты. Бұған көп мысалдың бір мысалы осы Бальзак. Мұндай халді әдебиет оғыландарының талайы бастан кешкен. Айталық, тағы сол француздың әйгілі әкелі -балалы Дюмалары. Әке- Дюма хақында бала- Дюма : «Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен. Жүгіріп қасына бардым.
- Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың?
Ол:
- Мен мүсәпір де қайрымды Портосты аяймын!( Портос - «Үш ноян» романының кейіпкері. - Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады , соған ол шыдас беруі тиіс. Құдай -ай, бұл қандай ауыр!» депті. (А. И. Куприн) Ал Гёте бір күні хатшысынан: « мен о дүниеге аттанғанда немістер не дер еді?» -деп, сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. - "Тіпті олай емес, -депті, Гёте,- Олар: "Уф!" деп, ұлы адамның өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады. » (Р Роллан) Абай туралы:«Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де» (Тұрағұл Абайұлы) Қазақ өмірінің көркем тарихы «Абай жолын» жазғанда да, жазғаннан кейін де М. Әуезовтың бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе Әуезов коммунистік идеологияның тепкісінен қатты шаршап, егіледі. «Көп жандарды аяздай қарыған сол ызғар борандатып, қайта түтей бастауы алаңдаушылығын күшейтті. Содан да жанталаса еңбектеніп, соның жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді. Осы кезде өмірдің жұлқулары еркін еңбек, еркін ой көсілістеріне тежеу, тосқауыл қойғандай дағдарысқа түсірді.» (Т. Әкімов) Соған қарамастан жаны еңіреп жүріп , кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра-«Абай жолы» дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты!
Саналы ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, «қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған» заманында өткен «Адамзаттың Айтматовы»: «Ақ кемені» жазғанда мен жыладым. Әдебиет - қашанда трагедия, -деді, ол, - біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып безіндіреміз. Біздің тірлігіміз- оқырман үшін бәрін жүректен өткізіп, жан кешу». - деді»(Д. Быков.) Міне, күрмеуі тор-бау, күрделі зор-лау талап! Уақыт талабы! Сан қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеп- пішуге де жойдасыз. Осы ретте уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті хақында санаң сан- саққа жүгіреді..
Туған әдебиетіміздің тағдыр-талайы, кешегі-бүгінгі қаламгерлеріміздің туындылары мен тірлік тынысы, пенделігі еріксіз көңіліңе, қиялыңа оралып, кейде сол француздармен салыстырғың келеді, тіпті салғыластырғың да келеді. Бәлкім, төскей құрлықтағы толғауы тоқсан француздың сарабдал әдебиеті қайда, біздің қазақ әдебиеті қа-й-да, француз бен қазақтың ел болып, етек жапқалы бергі ғұмыр, даму тарихының ноқта - бауы , сорап - соқпағы бөлек, қатар қою қисынсыз дейсіз- ау. Десек те сонау ықылым ғасырлардан басталған сөз өнерінің қайнар бұлағына қарап көрсек, біздікі француздармен үзеңгі қағыстыра алатын, иық түйістіретін мөлдір де бірегей, шалқар да самиян, қазыналы әдебиет! Француздар да мұқым дүниедегі секілді, о баста фольклордан, ықылымдағы антикадан, христиан дінінен арда емген халық. IX ғасырдың соңына таман ескі француз тіліндегі жазбалардан бастау алса да , тарихшылар тек XII ғасырдағы ортағасырлық әдебиет француз көркем ойын тарих сахнасына шығарды деп бағандайды. «Роланд туралы жыр», Роза , Түлкі туралы романдар, поэмалар, рыцарлық әдебиет, Тристан мен Изольда, Кретьен де Труаның куртуаздық шығармалары, труверлер жыры, XII ғасырда трубадурлар тағысын тағылар.. Ортағасырдағы кемеңгер ақыны Франсуа Вийоннан бергі небір ойшыл, жыршыл, шешен, тарихшы және зергер әдебиет баһадүрлерін санамалай- ақ қоялық.Ал біздің ықылымдағы түркі жазба әдебиеті, сақ - ғұн, бәдіздегі еуразиялық Ұлы Дала түркілерінің әйгілі «Орхон - Енисей жазуларынан» басталатын жақұттар «түркі халқы үшін, түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған, қызыл қанын төккен, қара терін ағызған, күш - қуатын аямаған» Күлтегін, Тоныкөк құлыптасындағы інжу -маржандарына қазақ көркемсөзі кіндігінен байланған. Жыраулар поэзиясы: Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақындардың легі дала өркениетінің ораториясы еді. Бальзак сұлу да сұрқия Парижінің жарқылына жанығып, түнегіне түнеп жүргенде, біздің қазақ сахарасында Махамбет бастаған , Дулат, Шернияз, Шортанбай, Сүйінбай, Біржан салдардың жырлары қырандай самғап, мұзбалақтай шүйлігіп, қырғидай жапырып, сұр жебедей атылды, ақ жауындай нөсерлетті, нұрлы шуақтай елжіретті! Эпостар, жыр - дастандар , ертегілер, қария сөздер, аңыздар мен әфсаналар, әдеби-поэтикалық туындылар «әдебиет көшінің ұлы сүрлеулері» сайрап жатты! Олар қиянат пен кесепатқа рақымсыз, үстем тапқа, «хан үкіметіне оппозиция»(М.Мағауин) бола білді.Олар аймандау мен аялауды да білді.
Егер қазақ қоғамы техногендік дамуға ерте іліккенде, бес ғасыр жырлағанымыз теңіздей шалқып, сонау мұқым дүниенің рухани мұқитына еншілесе барып құйылар еді- ау. Бұхарды да, Шортанбай Сүйінбай, Махамбеттеді де француздар жатқа оқыр еді! Француз тіліне махаббат және романтика тілі деп былайғы жұрт тамсанады. Ал сол батыстықтар (В. Радлов, Г. Мейндорф, А. Мицкевич, Л. Арагон т.с.с ) әлемде махаббат пен сұлулықтың, кеңдік пен еркіндіктің асқақ, қайталанбас келбетін, құбылысын қазақ тіліндей бере алатын тілдің, сол тілді сөйлеткен қазақ жүрегінің сиректігіне таң қала жазып кетті ғой ! Француздар қазақ өнерін кешегі ғасырлардан бастап мойындаған. 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париждегі әлемдік көрмеде өзінің сүйікті әндері "Ағаш аяқ", "Үш дос", "Екі жирен", "Дудар", "Қос барабан", "Қызыл бидай" тағы басқаларын шырқағанда люстралары шытынап, олардың есінен тандыра жаздаған. Француз ғалымы, музыка зерттеуші "Лемюзикаль" журналында Әміренің дауысы әлемдегі сирек кездесетін музыкалық құбылыс деп таңдай қаққан. Анри Барбюс: "Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім", десе Ромен Роллан "Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім"-деген.
Бальзактар кемеліне келіп, кердең басқанда, бізде қазақтың қасиетті қарасөзі, жаһан үлгісіндегі прозасы енді қылаң берген еді. Бір ғажабы, небәрі жарты ғасырдан сәл- ақ асқан мерзімде сол батысыңыздың бастан кешкен романтизмнің талбесігінде тербеліп, сентиментализмде сарғайып, сыншыл реализмнің ауылын жағалап, тағы басқа да «измдердің» дертіне шалдығып барып, шалқарлап кетіп, қазақ прозасы өсіп- жетілді! Әлемдік прозаның барлық көркемдік заңдылықтарын ұршықтай иірді, көркемсөз технологиясын өзіндік пішім-кескінімен игерді! Қазақ романдарында жусанының исі , тұлпарлар тұяғының дүбірі, айдын көлдегі аққу- қаздың сырлы сұңқылы да, дала сахараның іш- құса, назасы-наласы да бар болатын! Қазақ прозасы құнарлы, шұрайлы, сексеуілдің шоғындай маздаған еді. Көркем ой ордаланған он тоғызыншының соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С. Көбеевтің «Қалың мал», С. Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен «Кім жазықты», Ш. Құдайбердіұлының «Әділ-Мәрия», сәл кейінірек М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Қилы заман», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж. Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» мен «Қартқожа», «Ақбілек» , Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен «Күлпаш» туындылары - ақ қазақ көркемсөз дамуының алғашқы катализаторы болды. Одан бергісі ноқта көрді, қос өкпесі қысылды, қызыл тулы социализмнің бесігінде тербетілді, жалынына шарпылды. Пешенесіндегі осындай жазу -сызуымен ақ, телегей -теңіз, айдынды - айбынды, зерлі -оқалы әдебиетке айналды.. Феодализмге шала қарпылсақ да, социализмге бір ақ қарғып, сорпа- суын ішіп өсіп, теріміздің иін қандырып , коммунизмге қарай желдеп бара жатқан жерімізден шалт бұрылып, көшімізді капитализмге, яғни Бальзактың аулына баратын жаяу жолға түскенімізге дейінгі қазақ прозасы «құбыла көшкен байтақтың ордасындай» дүр еді ! Қазақы жалпақ тілге салсақ, қазақ прозасы - семіздігі сере қазыдай, дәмі тіліңді үйіретін ұлттық әдебиетіміздің қоң еті еді.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»