Сенбі, 23 Қараша 2024
Азия форумы 5596 4 пікір 15 Тамыз, 2019 сағат 12:39

Азия қаламгерлерінің форумында тек әдебиет туралы айтылу керек

Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2019 жылдың 4-6 қыркүйек  күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізеді.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, одан әрі дамыту һәм Тәуелсіз еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақстанның әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды бірқатар мақсат-міндеттерді көздейді. Азия елдері қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен әлемге беделді халықаралық сыйлықтардың жүлдегерлері, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 100-ге жуық ақын-жазушы мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер бас қосады. Біз осы айтулы шара қарсаңыңда ақын-жазушылар арасында арнайы сұрақтарға жауап іздеген едік. Бүгін соның бір парасын ұсынып отырмыз.

Сұрақтар:

1. «Азия елдері қаламгерлерінің І форумында» қандай тақырыпта, қандай мәселе қозғалғанын қалайсыз?
2. Форумда сөз тисе қандай ұсыныс айтар едіңіз?
3. Азия кеңістігіндегі төл әдебиетіміздің алар орны туралы не ойлайсыз?
4. Қазақ әдебиетінің жетістігі неде, кемшілігі қандай?
5. Әлем және қазақ әдебиетінің қандай ортақ проблемалары бар?

Нұрғали Ораз, жазушы:

«БҮКІЛ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНДЕ ЖҰМБАҚ ДАҒДАРЫС ПАЙДА БОЛҒАНДАЙ...»

Картинки по запросу Нұрғали Ораз,

1. Әрине, ең алдымен, әдебиет туралы әңгіме болғанын қалар едім. Себебі, соңғы жылдары қандай да бір форум, жиын болмасын, саясатқа қарай бұрылып, бүгінгі күннің проблемарын сөз еткен болып, көпшіліктің уақытын алғаннан басқа ешқандай пайдасы жоқ популизм алаңына айналып кететінін көріп жүрміз.

Ал шындығында, адамзат тіршілігіндегі проблемалардың бәрі де мәңгілік сияқты. Кеше болған, бүгін бар, ертең де жалғаса береді.

Жалпы, қазір біздің ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінде бір түсініксіз, жұмбақ дағдарыс пайда болған сияқты. Ұлылар кетіп, жылдан жылға ұсақталып бара жатқандай күй кешудеміз.

Бұл бірінші мыңжылдықпен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуірінің аяқталып, екінші мыңжылдықтағы жаңа дәуірдің бастауында орын алған уақытша тыныштық болуы да мүмкін.

Қалай десек те, әлем әдебиеті бүкіл дүниені елең еткізетін жаңа бір шығарманы күтіп тұрғаны анық. Демек, жаңа форма, жаңаша стиль, өзгеше ой айту тәсілі қажет.

Бүгінгі постмодернизмдегі «бұл менің өз ойым, өз көзқарасым, түсінгіңіз келсе түсініңіз, түсінбесеңіз қойыңыз» дегендей өзімшіл принцип талғам таразысына татымайды.

Рас, қазір жұртты таңғалдыру қиын. «Ертең басқа планетадан қонақтар келеді, солармен бірге отырып шай ішіңіз», – десеңіз де, «Уақыт болса, көреміз», – деген  жауап алуыңыз мүмкін.

Бұл не сонда? Самарқаулық па? Салқынқандылық па? Әлде бәрін  көріп, біліп, көз жеткізіп қойғанбыз ба? Иә болмаса, мынау тіршіліктің мәңгі жалғаса беретін ескі проблемаларынан шаршадық па?.. (Қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұлов өзінің «Сары сыбызғы» атты әңгімесінде «Әділет орнамайтынына көзім жетті, дүнияда ет жейтұғын ауыз құрымай», – деген өлең жолдары кездеседі. Қарапайым секілді көрінгенімен, қаны сорғалаған ақиқат екені анық.)

Әдеби шығарманың қасиеті, әрине, көркемдігі мен тереңдігінде. Л.Толстой,  М.Әуезов, Хэмингуэй, Ремарк, Акутагава, Маркес, Ш.Айтматов секілді классиктердің шығармалары ең алдымен көркемдігімен әлемнің ықыласына бөленгенін ұмытпағанымыз жөн.

Бүгінгі әдебиет ақпараттық сарынға ауысып, журналистикаға ұқсап бара жатқандай әсер қалдырады. Мопассаның «Томпышындағы» қыламықтаған ақша қардың суреті, Дулат Исабековтің «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түсі» секілді картиналарды кездестіру қиындап барады.

2. Білмеймін, өз басым, сөйлегенге қарағанда, тыңдағанды ұнатамын. Шынымды айтсам, әдебиетті де сол үшін, жазу өнері болғандықтан жақсы көремін.

Үнсіз отырып, өзіңмен өзің сырласасың.  Кей сәттерде көкірегіңдегі ой ғана емес, түпкі жұмбақ түйсігің де үн қатқандай болады.

Әдебиеттегі үлкен ұстаздарымыздың бірі Ор-ағаң – Оралхан Бөкеев: «Үлкен істі үндемей жүріп бітірер болар» деген мақалды жиі айтушы еді.

Тегі, форумдағы айтылар ең басты ұсыныс та, тілек те сол – әдебиет әлемінің көптен бері бір жаңалық, яки, әлем оқырмандарын жалт қарататындай жаңа шығарма күтіп тұрғанын айту және сондай шығарма дүниеге келе қалса, бір-бірімізді хабардар ету болар деп ойлаймын.

Оның сыртындағы әдеби қарым-қатынас, аударма секілді өзекті мәселелер де соған лайықты өрістейтін шығар.

Кітапты жазу да, оқу да – ой еңбегі. Адамзат баласы үлде мен бүлдеге оранған сайын, сол еңбектен бас тартып, барынша енжар, еріншек,  эгоист болып барады. Ендеше, оны қалай оятуға, қалай қызықтыруға болады?..

Х.Мураками, П.Коэльо, О.Памук секілді атышулы жазушылардың шығармаларын бүгінгі күннің классикасы деп айтуға бола ма? Айталық, Х.Муракамидің «Норвегия орманы» романындағы жапон жастарының бейәдеп қылықтары мен ашық, бүкпесіз, бірақ, тағы да сол бейәдеп әңгімелері туралы не ойлайсыз? Бұл оқырманды қызықтырудың жаңа тәсілі ме?..

Міне, осындай тақырыптар туралы да ойласуға, пікірлесуге болатын секілді.

3. Әр ел өз әдебиетінің биігі мен тереңіне үңілуге тиісті. Себебі, ол – ұлттың қазынасы. Кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге қалатын рухани мұра. Ел тағдырымен, ел тарихымен тамырлас өнер.

Сондықтан, біз қазақ әдебиетінің Азияда ғана емес, әлемдік кеңістікте де биік  екендігіне күмән келтірмеуіміз қажет. Ал оның сол биігі мен тереңдігін көрсете алмай, таныта алмай жүрсек, ол әдеби сынның ғана емес, еліміздің, мемлекетіміздің әлсіздігі болмақ.

Осы ретте спорттағы жетістік – бір сәттік, өнердегі жетістік мәңгілік екенін еске салып өту артық бола қоймас.

4. Қазақ әдебиетінен Ұлы даланың тынысы сезіледі. Таза ауа жұтып, жусан иісін иіскеп, мөлдір бұлақтан су ішкен жанның ағзасы қалай тазарса, төл классикамызды оқыған оқырманның да жандүниесі солай тазарады.

Ал кемшілігі ретінде қала тақырыбына  аз қалам тартылатындығы айтылып жүр. Бірақ, қала дегеніңіз, Ұлы даладағы түймедей ғана бір нүкте, шектеулі кеңістік емес пе. Айталық, Дулат Исабековтің «Қарғын» романы қала тақырыбына арналған десек, оның бәсін төмендеткендей болмаймыз ба...

5. Таяуда қазақ жазушыларының әңгімесін француз тіліне аударған тәржімашымен әңгімелесіп қалып едім. Санкт Петербургте білім алған, орыс тілін тәп-тәуір меңгерген француз жігіті екен. Мамандығы – инженер. Орыс классиктерінің шығармаларына деген құрметі ерекше. «Дегенмен мамандығыңыз әдебиеттен алыстау екен», – деп қалжыңдағанымда, ол: «Жас  кезімде әке-шешем «ол нан тауып жейтін кәсіп емес», – деп, филология факультетіне баруыма қарсы болды», – деп салмақты жауап қатты.

Франция туралы түсінігім тым-тым биікте қалқып жүретін менің көзім бақырайып кетті. Демек, қай елде болмасын, халықтың әдебиетке деген көзқарасы бірдей секілді. Біз классик жазушылардың қалай бай-қуатты болғанын үнемі ұмытып кете береді екенбіз.

Д.Лондонның «Мартин Иден» романы көркем шығарма десек, Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының қолжазбасын поштамен жіберуге ақша таппай қиналғанын естен шығармауымыз қажет екен. Меніңше, барлық елдердің әдебиетшілеріне тән бұл проблема – әдебиеттің де проблемасы.

Ал жазуға қатысты проблема болуы мүмкін емес. Кім қандай тақырыпты таңдайды, қандай форма ойлап табады, қандай стильмен баяндайды, ол – өзінің еркінде.

Жүкел Хамай, ақын:

«ӘДЕБИ МЕНЕДЖМЕНТ» ҚЫЗМЕТІН ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК...»

Картинки по запросу Жүкел Хамай

1. 1979 жылы кең ауқымда өткен «Азия және Африка елдері жазушыларының форумына» қатысқан болатынмын. Бұл форум менің үлкен əдебиетке беттеуіме жол ашты. «Бейбітшілік» тақырыбында өткен осы форумның шақыртуы, ондағы талқыланған мәселелер əлі күнге дейін есімде сақтаулы əрі ол естеліктер мен үшін өте қастерлі. Осы жиын қарсаңында Евгений Евтущенко, Жұбан Молдағалиев, Төлепберген Қайыпберген, Əзиз Несин сияқты ұлы тұлғаларды алғаш рет жүзбе-жүз көрудің сәті түсті. Олардың оқыған өлеңдері мен айтқан сөздері жастық жадымызға əбден сіңді... Содан кейін осындай ауқымды форум өтпеді-ау!?..
Ұлықбек Есдәулет – Горький мектебі мен Тверский көшесін шарлаған ұлыларды жадына сіңіріп өскен қаламгер ғой. Сонысынан да болар, сонау жылдардан кейін желісі үзілген əлемдік шараны батыл қолға алып отыр. Бұл игілікті әрекеті үшін, әрине, алғыс пен сəттілік айтамыз.
Ал, тақырыпқа келсек, қазір «бейбітшілік» ұраны ескіріп те кеткен сияқты. Экология да «жауыр тақырыпқа» айналды, одан гөрі, «Сен екеуіміз», «Біз осылай ойлаймыз»... деген секілді, өркениет шуылынан алшақ, ізденіс пен шығармашылыққа бағыттайтын тақырыптар молырақ ұпай жинайтындай көрінеді. Жалпы, ақындар мен жазушылар, шығармашылық адамдары – бір ананың балалары тәрізді ғой!

2. Поэзия қасиеттері туралы, сөздің киесі, түйсіктің болмысы туралы айтатын шығармын.

3. Біздің əдебиет Шығыс Азияға жете қойған жоқ. Бір ғана «Қараш-қараш оқиғасы» , «Көксерек» шығармалыры әлемдік кеңістікте танылған болса, оқырмандар бүгін Акутагава, Ян, Муракамилерге табынбас еді. Біз соларға орта ғасырға дейін берген ұлылықтарымызды қайтарып ала алмай отырмыз. Қазақ ақын-жазушылары,  барынша, мол аударылып, кеңінен насихатталуы керек. Сонда ғана біздің кəріс сериалдарын жиі көретініміз секілді, олар да біздің Бейімбет, Оралхандарымызды көз алмай оқитын болады.

4. Жетістігі – орасан, сұрапыл. Өзгені айтпағанда, Рахымжан мен М.Мағауинді, тіптен Амантай мен Дəуренді аударып, әлем оқырмандарына оқытшы, әдебиетіміздің биіктігін сонда сезінесің. Дәурен Қуаттың «Мүйіз тарақ» шығармасы менің аудармаммен моңғол тілінде жарық көріп, оқырманның ыстық ықыласына ие болды. Өткен күзде соны Мэнд-Оёоо дос «Азия прозасы» антологиясына енгізуге рұқсат алды. Осы орайда,   əдебиетті үйлестіруші қызметін (менеджмент) жандандыру қолға алыну керек деп ойлаймын.

5. Ортақ проблема жоқ. Алшақтық,  қоғамдық санадан туындаған проблемалар бар. Біздің əдебиет, кітап нарығы əлі де сол коммунистік санамен өрістеп келеді. Нарықтық елдерде, мысалы, менде үйлестіруші, баспагер, үгіттеуші... сияқты менің бір өлеңімді мыңға балап, нарыққа өткізетін «кəмірсанттарым» болады, делік. Олар мені үстелге отырғанымнан бастап жарнамалайды. Бір өлеңімнен кемінде мың доллар табыс табады. Бізде әдебиет – кəсіп емес, өнер қағидасы ретінде ұлықталады. Батыста, керісінше, əдебиетке өнер тұрғысынан гөрі, кəсіп ретінде қарау белең алған. «Әдебиетті үйлестіруші» қызметі айтарлықтай қолға алынса, қаламгерлердің жаза түсуіне, жазу арқылы адал пайдаға кенелуіне  жол ашылар еді. Сөйте тұра, бəріміз ортақ бір нəрсеге – әділеттілікке, аламгершілікке, табиғилыққа, адами қасиетті қорғауға, ой-санамызды жетілдіріп, ақиқатқа жақындауға бар күшімізді салар едік.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480