Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2906 0 пікір 20 Шілде, 2011 сағат 05:43

Жанұзақ Аязбеков. Бальзак неге жылады? (жалғасы)

Бальзактың мінез - құлқы мен жүріс тұрысында қазаққа ұқсап кететін сәттері көп. Сонау  бағзыда галлдарға қамшы үйірген ғұн бабаларымыздың еуропа өртеңіне көміліп қалған ұрығынан өнген өркендерің бір сабағы емес пе екен деп те езу тартасыз. Атақұмар, баққұмар, мақтанпаз, паң, пысықай - осының бәрі де бір Бальзактың бойынан табылады. Жақ пен тілдің қышуын әбден қандырған ғұмырнамашыларды оқи берсеңіз, кейде Бальзактың құдай сүйер қылығы да қалмаған секілді көрінетіні бар.

Бальзактың мінез - құлқы мен жүріс тұрысында қазаққа ұқсап кететін сәттері көп. Сонау  бағзыда галлдарға қамшы үйірген ғұн бабаларымыздың еуропа өртеңіне көміліп қалған ұрығынан өнген өркендерің бір сабағы емес пе екен деп те езу тартасыз. Атақұмар, баққұмар, мақтанпаз, паң, пысықай - осының бәрі де бір Бальзактың бойынан табылады. Жақ пен тілдің қышуын әбден қандырған ғұмырнамашыларды оқи берсеңіз, кейде Бальзактың құдай сүйер қылығы да қалмаған секілді көрінетіні бар.

1833 жылы қыркүйек айында ол былай деп жазыпты: «Мен Еуропаның рухани өмірінің әміршісі боламын! Енді екі жыл шыдам мен еңбек - менің қолымды байлап матағысы  келгендерді, менің шарықтауыма кедергі жасағысы  барларды түгел таптап өтем. Мен  қыр соңымнан қалмағанды, әділетсіздікті көрдім, менің еркім енді мыстан да қатты» (С.Цвейг) «Наполеон семсермен бағындыра алмағанды, мен қаламмен бағындырам!». Бұл не, мардымсу, мақтангерлік пе, жоқ әлде  өзіне -өзі сенген көрегендігі ме? Атақ -даңқты жатырқайтын  пенде жоқ. Бірақ француздардың  желөкпелігі өзінше өзгеше! Ертеректе ақындары үй жалдап, жырларын тыңдайтын адамдар жинап, өзін мадақтай білетіндердің басын қосып кешкі асқа шақыратын  дәстүр болыпты. Еуропадағы әдеби салондардың  ізашары осылай басталса керек. Ал Вольтер жазушы, елші, саясаткерлерді, басқа елдердің монархтары мен ақсүйектерін тиімді пайдалана білген. Бальзак та, Стендаль да Наполеонның қанды соғыстарын сынап - мінегенімен, императорды кеудесін кере мақтаныш тұтқан. Айта берсек, француздар тоғыз қырлы, тоқсан сырлы. Қаншылдығы ежелден әмбеге аян. Әйгілі математик, философ Декарте Швецияда жүргенде  суық тиіп өлер халге жеткенде, жергілікті дәрігер одан қан алу керек дейді. Сонда ол бар жан - дәрменімен «Француз қанын  төкпейсіңдер!»-деп айқай салыпты. Осы сияқты жазбаларды оқып отырғанда, бір байқайтыныңыз, әйтеуір, бұл  француздарға бәрі де жарасып-ақ тұрады! Бальзак та солардың бірі!  Әйтпесе, оның да әдебиетке келуінің алабөтендігі шамалы. Ол да бастапқыда өзіне дейінгіден үйренді, еліктеді. Рабледен бастап Шекспир, Скоттқа дейін, француз романтиктері мен реалистерін оқыды, тұшынды, қалам түзеді. Көркем  әрі ғылыми ойдың әр алуан тәжірибесіне қанып, терең үйлесімдерінен сыр түйді. Ол  пір тұтқандардың бірі -Мольер.  Бальзак  «Мольер» атты  мақаласында былай деп жазады: «Бір күні король Людовик ХIV Расиннен сұрапты: «Ұлы жазушылардың арасынан менің патшалығымның даңқын асырған бірінші кім?» деп сұрапты.

-Мольер,-  деп жауап беріпті, Расин.

Бұл жауаптың әділдігін екі ғасыр дәлелдеді. Бұған ең алыстағы ұрпақтармыз да келісетін шығар. Шынтуайтында, егер адамдарды толық түзей алу мүмкін болса, егер адамдарды өздерінің күлкілі кемшіліктері мен надандық мінез қылықтарынан ұялтуға мәжбүр етсе, бұл ұлы  заң шығарушы қандай кемелді қоғам құрған болар еді. Ол өз ұлтының салтынан бүлдіруді,  жаргондарды, екіұштылықты,  кейде ессіз, кейде көбінесе қатігез - қызғаншақтықты; қарттардың ұятсыз махаббатын, адамды жеккөрушілікті, тәлпіштікті, ғайбат өсекті, әсемпаздықты, теңсіз некені, сірескен сараңдықты, ұсақ-түйекті, сатқындықты, соттардың азғындығын,  адамдардың  орынсыз ісіп- кептіріп қыздыратын даңғойлықты, дәрігерлердің надан эмпиризмі мен   арамза пірадарлардың алдамшы айлаларын аластатар еді. Қысқаша айтқанда, Мольер  өзінің қызықты да әралуан  табиғи қалпынан танбай - ақ  күрескен   кесепаттар бейнесі осындай еді». Жалпы, деген екен дейтін қысқа әңгімелердің бірінде: « Француз парламенті Вольтердің «Философиялық хаттар» еңбегін қиянпұрыс туындыны, өртелсін деп қаулы шығарса керек. Сонда Вольтер: «Тіпті жақсы. Менің кітаптарым талшын тәрізді: оларды көп қуырған сайын  тіл үйіріп, тәбетіңді арттырады, соғұрлым көп сататын болады» - депті. Бальзак реализмінің де көктен түспегендігі, осындай отандас һәм жаһан ойшылдарының әсері болғаны ақиқат. Егер Бальзактың «Адам комедиясы» дәуірнамасының өзі жазған алғысөзін оқысаңыз, қызыл сөзді судай сапырған жазарман емес, оқыған-тоқығаны көп, әдебиеттің қоғамдық - тарихи миссиясын саралай білген, баға берген сұңғыла екендігіне  тәнті боласыз. Бальзак үшін қоғамдағы кез - келген «шөп те, шөңге де» кейіпкер. Әрқайсының өзінше бітімі бар. Алаяқ та, аңқылдақ та айлакер де, албасты да сұмпайылығымен тартымды. Сұмпайыны жылыұшырату біздің қазақ оқырманы үшін оңай емес. Ол көбінесе сұмның сұм екенін көрсетеді, бірақ  балағаттамайды. Бальзак әдебиет хақындағы мақаласында:  «Қазіргі  уақытқа қарсы тұрған  авторлардікі көбінесе дұрыс.Қоғам бізден тамаша  туындыларды талап етеді. Ал оған үлгіні қайдан табамыз?  Сіздердің ұсқынсыз киімдеріңіз,  сіздердің сәтсіз төңкерістеріңіз, мылжың буржуа, өлі дін,  жүнжіген  билік, қаңғырып қалған корольдер, осының бәрі шынымен ақ шабыт туғыза ма,  тіпті осыларды  бейнелеу керек пе өзі? Қазір біз тек қана  тәлкек  етіп, қорлай аламыз.  Әжуа- міне, өліп  бара жатқан қоғамның әдебиеті.» Осы ниеттен айнымастан Бальзак өз дәуірнамасымен қоғамының дертін соқырына көрсетті, кереңіңе естіртті. «Адам комедиясы» - Францияның төңкерістен кейінгі тарихы» деп жазады зерттеушілер. Бальзак рухани сейсмолог еді. Ол француз буржуазиясының кесепатының немен тынатынын   дәл болжады.Әсіресе қаржы буржуазиясының кесепатты эгоизмі шыңына жетіп, руханиятты аяқасты етіп таптап жатты.

2007 жылы еліміздегі жетекші телеарналарына берген сұхбатында Елбасы Н.Назарбаев та Бальзактың шедеврлерін қайта оқып шыққанын айтып, тіпті «Шегірен былғарыны»  оқып жүргенде елімізде казиноны жабу туралы шешімнің тұспа- тұс келегенін мысал еткен.  «Тіпті сол кездің өзінде құмарпаздықтың неге душар ететіні айқын бейнеленген» деп еді. Бальзак «Адам комедиясымен» француздардың  азуын мәусекпен шұқып тазартқандай болды.

Жаңалықты жатырқау ықылымнан келе жатқан табиғи құбылыс. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында  дәстүрлі прозаға қарсы  шығып, француз әдебиетіне жаңа бағыт әкелген Ален Роб-Грийе, Симон, Саррот, Беккет, Дюрастар Бальзактан бас тартқаны да белгілі. Сол кезде сыншылар оларға неге Бальзакша жазбайсыңдар деп өре түрегелді. Олар болса әлем өзгерді, әдебиет те өзгереді. Заман да жаңарып жаңғыра береді. Оны түсінбейтін не бар деп уәж айтты! Бірақ келе-келе  бұл толқын да жаңа ғасырдың басында бәрінен түңілді. Олар әдепкіде әдебиет қоғамды ұйытады, қоғам рухани зәруін әдебиеттен іздеп табады десе, ендігі әдебиеттің басынан бағы  мәңгіге тайды, қалың тобырға мойын ұсынуға мәжбүрміз деп күйінді.

Төл әдебиетіміз еуропалық немесе жаһандық көркем әдебиеттерінің түрлі бағыттары мен ағымдарын, құбылыс құбылнамаларын бастан кешен емес. Еміс- еміс жаңғырықтарын ғана сезді. Кешегі ғасырдың соңғы ширегінде Оралхан Бөкей, Роллан Сейсенбаев та жастар арасында тың серпін туғызғаны есімізде. Оралхан қазақ жанын  жаңарған романтизмге бөлесе, Роллан прагматикалық прозасымен тәнті еткен. Соңғы кезеңде Несіпбек Дәутай, Қуандық Түменбай, Қуаныш Жиенбай, Нұрлан Қами тағы басқа рухани- көркемдік деңгейі  осал емес  прозашылардың ішкі шығармалық түйсігінде өзіндік танымы байқалады. Әдебиет тірі ағза, сол себепті де оған өрлеу де, тоқырау да тән. Классикалық, шедевр туындылар ежелден бері қиянаттың бесігі,  ақша заманында туғанын еске алдық.  Әйтсе де  тотықпайтын көркем ой,  өлмес көркемсөзге  қоғамдық формациялардың үстемдігі жүрмейді.Үстемдік тек уақыттың ғана еншісінде. Өйткені, Уақыт - асықтың да, жасықтың да соты .

Біздің өмір сүріп отырған ғасырымыз - адамзат қоғамының ұшқыр дамып, ақыл-ойы, сана-түйсігі кемер- кемеліне  келген  ғасыр. Жұмыр жердің үсті мен астына үңіліп шарқ ұрды. Көкке, сансыз жұлдыздарға да ұмтылды, айға да табаны тиді. Ғаламшардағы  тіршілік тынысын алақанның аясындай монитордан көріп- біліп  отыр. Сөйте тұра ізгіліктің, парасаттың ұшар басына шығудың орнына, зұлымдық пен залымдықтың небір құлақ естіп, көз көрмеген сұмдығын жасайтыны несі? Осы заманымыздағы ашкөздік, жыртқыштық іс- әрекеттің түп- тамырында балта өтпейтіні неліктен? Өркенитеттің жеткізген ұшпағы осы ма? Сан қилы  сауалдар сан тұстан анталаған заман. Бүгінгі  саясаткерлер мен футурологтар  төрткіл дүниедегі елдердің ашқарақ эгоизмі  бірлік пен  бейбітшілікті  ұстап тұруға  қабілетсіз, әуелеті таусылып бара жатыр деп үрейлі. Әсіресе, эконмикалық, күш- қуат және технологиялық қарым - қатынас дәуірлеп, рухани байланыс әлсіреп, бетімен  кеткеніне  көңіл алаң. Адамның құдай дарытқан табиғи рухы, жаны азғын. Ізгілік сезімі, адамның адамды сүю, бір  - біріне сену сезімі шынайы қалпын , қадыр- қасиетін дағдарыстан, жоғалудан қалай  аман сақтап қалуға болады?

Адам - мәңгі жұмбақ. Ол жұмбақтың коды - сана -  сезімінде.  Алла -тағала  солай жаратқан. Сол жұмбақты шешу жолында адам баласы хайуани  зұлмат тірліктен тайынар- тайсалар емес. Ал ол жұмбақ шешіле қоя ма екен? Өйткені, ол жаратқанның ісі емес пе?

Бальзак адам қасиетінің құпия кілтін табуға жанталасты.Ол оны  ақиқат өмірдегідей ақша мен байлық тезіне салып сынға салды. Нәтижесі өзі тұшынғандай болып шықты. «Горио атайдағы» шектен шыққан әке махаббаты ақыры Гориосын  жалмап тынды. Адамның асыл қасиеттерін қорлап  - таптағанда  Бальзак «ұлы азапшегуші христиандай» күйге түсетінін жазды. Әсіресе, бай мен кедейдің, мырза мен малайдың сорпасы ешқашан қосылған емес, қосылмақ емес деген ықылым заманнан келе жатқан ұғымға мойын ұсынғанымен, Бальзак қатігез қоғамның арсыздығын, зұлымдығын әшкерлеуде қан сорпасы,  ебіл -  дебілі шықты! Белгілеген жүз қырық романнан үлгергені тоқсан екен. Адамзаттың өзін- өзі күйретуші эгоизмінің бая - шаясын түгелдей көрсете алмадым- ау деп Бальзак  шынымен- ақ   өкіне егіліпті! Ғұмырнамашылар дені осылай дейді.

Қазақ рухы  -  қазақ қоғамының үзілмеген тіні. Даласындай кең де ақжұпар қазақ жаны бүгінде жанталас, шерменде халде. Ардаемген арман, айқаракөз махаббатқа,  нұрлы иман,  ізгілікке кіндігінен байланған қазақ идеалы қол бұлғап алыстап бұлдырап қалды.  Есесіне бұлшық еттері бұлтылдап, ақмаңдайлы, ақша жүзді, қимылы шалт - шұрт,  мұрты енді тебіндеген бозбаладай  қазақ капитализмі - үр жаңа қожайынымыз бар. Енді елдегі экономикалық серпіліс, индустриялық - инновациялық   ұмтылысқа, мемлекетіміздің бай болсақ, адамы  да бағлан болар еді деген үкілеген үмітіне сенгіміз  келеді. Техногендік жаңғырудың иманды сипаты болса. Ақ адал еңбекпен тапқан ақша мен байлықтың жағымды имиджі, сүйкімді де ізгі  мазмұны  тұтастай қоғамның жүрегін жаулап алатын заман туса  деген  бір тәтті арман да жоқ емес. Әйтсе де қазақ идеалына деген  қимастықтан бойды бір мұң, біртүрлі боркемік сезім меңдегендей. (Жігерсіздік жайлаған жерде жігерлі әдебиет қайтіп туа қойсын.) «Ел бұзылды, байлық қуып, мал жиған, күшігендей өлексеге қонжиған, қорықапай-ақ байлық үшін қу жанның, баласын да буындырар туғанның» - дегенді Махмуд Қашқари со- нау ғасырда,  көне, өте көне заманда айтқан екен. Қазір  басқа, қасқа жолдамыз.

«Горио атайда» арман қуып, адам болам деп Парижге келген жаны таза  жігіт Растиньяк астанадағы ақиқат өмірдің дәмін татып, адал әрі әділдікпен  мұратына жетпейтінін ұғады.  Роман соңында Парижге қарап: «гу- гу еткен араның ұясын обырлана шолған Эжен: «- Енді екеуміздің қайсымыз жеңер екенбіз! -деді,». Расиньяк Горио шалдың түбіне жеткен  түлкі заманды тазы болып шалуға бел байлады. Бальзактың әдеби ғұмыры да нақ осындай еді.

...Кім біледі, кешқұрым «Бәйтеректің» ұшар басына көтеріліп,  түнгі Астанаға қарап тұрған қызталақ Растиньяк - Қазақбайды көріп те жүрген  шығарсыз.

Соңы

«Абай-ақпарат»

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592