Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2325 0 пікір 21 Шілде, 2011 сағат 07:07

Меруерт ХУСАИНОВА. “Кулагиннiң командасы” былыққа батты. Әйтсе де, оған жауапты болатын әкiм жоқ

Редакциямызға арнайы келген Қостанай облысының тұрғыны Ысқақ Наушанұлы Есiргепов өзi тұратын аймақтың проблемаларын халыққа жеткiзудi жөн санапты.

Редакциямызға арнайы келген Қостанай облысының тұрғыны Ысқақ Наушанұлы Есiргепов өзi тұратын аймақтың проблемаларын халыққа жеткiзудi жөн санапты.

- Қазақстанның қай облысы болсын, өзiне жетерлiк проблемасы бар. Бiрақ Қостанай басқалардан гөрi тым жырақ, ел назарынан тыс қалған аймақ. Ақпарат құралдарында да бiздiң өңiр туралы деректер өте сирек айтылады. Облыстағы мемлекет­тiк тiлдiң халi мүшкiл, әлеу­мет­тiк тұрмысы мен экономикалық дамуы көш кейiн қал­ды. Бұл проблеманың бастауы жергiлiктi басшылардың әрекетiнен туындап отыр. Қазақтың несiбесiн жым­қырып, байлығын арқалап шетел асқандар аз емес. Осындай ұры-қарыларды алдын ала тексерiп, тосқауыл жасайтын кез жеттi,- дедi ол. - Храпуновтың үстiнен әлдеқашан қыр асып кеткенде қылмыстық iс қозғап жатыр. Ал ол Қазақстанда жүр­генде құзырлы мекеменiң адамдары қайда қарады? Елдi тонағыш храпуновтардан кейiн сабақ алдық па? Жоқ. Өйткенi ондайлар арамызда әлi де өрiп жүр. Бүгiн Қазақстанның бар байлығын қойны-қонышына толтырып, ертең тайып тұратындарды дер кезiнде ұстаған жөн. Соның бiрi Қостанай облысының әкiмi - Сергей Кулагин. - Облысты тапжылмай бас­қарып келетiн С.Кулагин туралы кеңiрек айтып өт­се­ңiз. Басқа облыстың әкiмдерi сан рет ауысып жатқанда, Сергей мырзаның онсыз да орыстанған өлкеде табан тiреп қалуы атқарған iсiнен бе, әлде тiрегiнiң мықтылығынан ба? - Кулагин мен Мәскеудiң бұрынғы мэрi В.Лужков туған құдалар. Мәселенiң мәнi де осында жатыр. Тiптi орынбасары парамен ұсталып жат­қанда, Кулагинге ешкiмнiң тiсi батпады. Президенттiң "қыз­меткерi жемқорлықпен ұсталса, басшысы орнынан кетуге тиiс" дегенi Қостанай облысының әкiмiне қатысты айтылмаған-ау. Солтүстiкте қазақтың үлесi төмен. Сосын iрге­мiз Ресеймен тиiп тұр. Былайша айтқанда, "ресейленуге" жақын аймақпыз. Бұл шаруаны реттеуге Кулагиннен өзге тиiмдi адам бола қоймас. Об­лыстың бүкiл басқару тетiктерiне өзiнiң туыс-жақындарын, дос-жарандарын жайғастырды. Анау-мынау емес, iстi болып, жауаптан жалтарған кiсiлердi әкiм, басшы етiп тағайындады. Жемқорлықтың тамырын тереңге жайғаны сондай, "әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа" табылмайды. - Жемқорлық жағынан Қостанайдың анда-санда болмаса аты аталғанын байқамаушы едiк... - Дұрыс айтасыз. Мамандығым дәрiгер болғандықтан, кез келген дерттiң пайда болу ошақтарын жiтi бақылап, анық көрмейiнше, шешiм шығармайтыным бар. Медицина саласында әлдебiр ауруды емдемес бұрын оның неден болғанын анықтайды, содан соң ғана емдеу жұмыс­тарын жүргiзедi. Егер бұл қағидадан қателессең, қа­уiп­тiң қарқыны артып, дәр­менсiз қаласың. Мiне, сол сияқ­ты бiздiң облыстағы проблемалардың түпкi бастауы неден екенiн бiлмейiнше, нақты анықтама айту мүмкiн емес. Қостанай облысындағы келеңсiздiктер мен керi кету­шiлiктiң тамырын облыс әкiмi С.Кулагинмен байла­ныс­ты­руға әбден болады. Соңғы кездерi БАҚ та жария­лан­ған қаржылық қылмыстардан бөлек жазасы тым ауыр қылмыстар да облыс әкiмiн айналып өтпейдi. Мәселенiң мәнiсi түсiнiктi болуы үшiн тарқатып айтайын. Қостанай облысындағы Федоровский ауданының әкiмi А.Семенов басқа елдiң азаматы болса, Денисовский ауданының әкiмi алаяқтығы үшiн iстi бол­ған адам. Облысты басқарушының маман таңдаудағы "тапқырлығына" таңдана, әрi күмәндана қарамасқа шараң жоқ. Бәлкiм, Кулагин мырзаның көзiмен қарасақ, бұл аудан әкiмдерi өз iсiнiң шеберi болар. Бiрақ соңғы жылдары талқандалған ауылдар мен ондағы мектеп, аурухана ғимараттары "әкiм­шiлiктер­дiң" әумесерлiгiн, халыққа жаны ашымайтынын көрсетедi. Ары­ға бармай ақ қоялық, соңғы екi жылда қираған ғимараттарды жөндеуге бөлiнген қаржылар құмға сiңген судай болды. Кулагиннiң командасы жасап жатқан қитұрқы әрекет­тiң бұл бергi шетi ғана. Әлгi екi ау­дан әкiмiнен басқа Сергейге етене жақын басқа да азаматтар жұмсақ креслоға мықтап жайғас­қан. Қостанай ауданының бұрынғы әкiмi А.Тюркиндi облыс басшысы ерекше құрметтейдi. Осы А.Тюркин мен екi орынбасарының басына iс түскенде, жер қатынастары комитетiнiң тiзгiнiн қолға алып, судан құрғақ шыққан-ды. Сергей бұл тұста қылмыстық жауапқа тартылғандарды айналасына шоғырландыруымен басқа өңiрдiң әкiмдерiнен оқ бойы озық тұр. Оны қаумалаған командасының тiзiмi мұнымен тоқтамайды. Бұрынғы Рудный қаласының әкiмi А. Дейнишев қазiр облыс әкiмiнiң экономика бойынша мәсе­ле­лерiн реттеп отыр. Дейнишевтi нысанаға алуымыздың бiр себебi, оның да арты таза емес. Кезiнде Степногорск қаласы әкiмдiгiнен қуылған оны Кулагин қамқорлығына "алып", қызметiн өсiрдi. Қызметiн­де шикiлiктер шығып, ұрлықтар ашылған, бiрақ iсi сотқа жетпей қалған осындай кiсiлердi айналасына жинаған Кулагиннiң көздегенi не? Онсыз да Ресейдiң құшағына кiрген Қостанай өңiрiн бiржолата көршiнiң меншiгiне айналдыру осындайлардың ғана қолынан келсе керек. Қысқасы, бiздiң облыста жылы-жұмсақта отырғандардың барлығы - Кулагиннiң "құлақтары һәм көздерi". Ұзынкөл ауданынан Қарасуға ауыстырылған Сейфуллин Аман­тайдың ұлы адам өлтiрген едi. Бiрақ емiн-еркiн бостандықта тайраңдап жүруi команданың құдiретiн көрсетедi. Мiне, бiздегi шиеленiс­кен жемқорлықтың ұшығы осындайдан басталады. Орнында тапжылмай бес жыл отырған С.Кула­гин­нiң қазаққа жаны ашымайтынын көзiмiзбен көрiп, мойындадық. - Бұқаралық ақпараттарда Қостанайда жаңа мектептер ашылып, түрлi нысандар бой көтерiп жатыр деп жар салып жатады. Кулагиннiң тұсында қалыпқа келтiрiлiп, жаңадан ашылған қандай нысандар бар? Мемлекеттiк тiлдiң мәселесi қалай шешiлiп жатыр? - Ө.Шүкеев басқарған тұста "Шымтанайға" айналып, едәуiр қа­зақтанып қалып едiк. Өкiнiшке қарай, Кулагин келiп ескi қамытымызды қайта кидiк. Облыстағы қазақ бiлiм беру ошақтары орыс мектептерiне айналғанымен қоймай, мектеп ғимараттары тиын-тебенге сатылып жатыр. Облысы­мыз­дағы заң бұзушылық әрекет­тердiң iшiнде астын сызып айтатын жағдайдың бiреуiне тоқталсам. "Деградацияланған" ауылдардың баласы келiп, бiлiм алатын жалғыз интернаттың басына қара бұлт үйiрiлiп тұр. Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы интернаттың жанынан облыстық прокуратураға арналған ғимарат бой көтердi. Ең қызығы, ғимарат бiлiм алатын балаларға жарық түсетiн тұстан салынды. Мұ­ны айтып, балаларымыздың ертеңi­не алаңдаушылық бiлдiрiп жүргенде, мұнан да сорақы iстiң куәсi болдық. Қала құрылысы мен жоспарында көрсетiлмеген ғимаратты салуға арнайы бұйрық болмаған. Ол аз десеңiз, прокуратураның құрылысына керектi қаржы облыстағы кәсiпкерлерден мәжбүрлiкпен ал­ған. Кулагиннiң кулығына құрық бойласын ба, облыстағы бүкiл кәсiп­кер­лерге арнайы қор ашып, сонда қаржы салуды бұйырған. Егер Кулагин Қазақстан президентiнiң бұйрықтарын орындайтын болса, "ешқандай ақша жинау, қор ашу болмасын" дегенiн естiмеген бе, әлде өзiнiң басқа заңдары бар ма? Мемлекеттен тапсырыс болмаған және бюджеттен қаржы бөлiнбеген ғимаратты салу не үшiн керек болды, түсiнiксiз. Жерасты және үстiн­дегi автотұрақтардың улы газы онсыз да табиғи сәуледен қағылған баланың ағзасына ақау түсiредi. Ау, ол жерде елiмiздiң ертеңi саналатын ұрпақ бар емес пе, неге талаптарды табанға басып, құрылыс жүргiзедi? Қала хал­қының арнайы демалыс аймағы саналатын бұл жердiң ағаштары қиратылып, құртылды. Мектеп маңына құ­рылыс жүргiзбеу ережесiн бұзғанымен қоймай, сол кезде наразылық таныт­қан тұрғындарға Кулагин он ағаштың орнына жүз тал отырғызатынын айтқан. Алайда бұл уәде де орындалмады. - Бұл туралы құзырлы органдарға шағымданбадыңыздар ма? -          ҚР бас прокуратурасына де­йiн шағым жолдадық. Алайда А.Дауылбаев iстiң мән-жайын тексерудi облыстық прокуратураға тапсырыпты. Ал облыстағы құзырлы мекемелер бiр-бiрiмен ауыз жаласқан топ емес пе. Iстiң арты диiрмен тартып, сол күйi қалды. - Жуырда ақпарат беттерiнде "ЦОН" ғимаратына қатысты даулы материал жарияланды. Мәселенiң мәнiсi қалай болып жатыр? -          Маусымның 25-iнде қаржы полициясы осы қылмыс бойынша тексеру iстерiн жүргiзудi бастады. Облыс әкiмдiгiнiң ақпарат жетекшiсi А.Твердохлебов 170 000 доллар пара алып ұсталды. Сыбайластары облыстық экономика департамен­тiнiң директоры мен әкiмнiң аппарат басшысы болған.   Бiрақ қылмыстың ұшар басында талай жылдан берi облыстық экономика департаментiн басқарып келе жатқан М.Щеглова тексерушiлер келетiн күннен бiр күн бұрын аурухана "түседi". Анау-мынау емес, ерекше күтiм жасау үшiн және ерекше бақылауға алынады. Неге? Бақылауына сенбедi ме, Щеглова басындағы дүние-мүлкiн дереу сатып, ендi Алматыдағы кардиоинститутқа емделуге кеттi. Тыныш кет­педi, жұмыстан өз еркiмен босатуды сұрап арыз жазып кеттi.Мұндай жайттар жаттанды болғаны сондай, щегловалардың қашан, қандай жоғары лауазымды қызметке оралуын күтетiн болдық. Өйткенi жарылқаушысы Кулагин аман болса, жерде қалмайды ғой. Сондай-ақ Рудный қа­лалық әдiлет басқармасының бас­тығы ұйымдасқан қылмыстық топты басқарады деген күдiкпен қа­мауға алынды. Қылмыстық топ иесiз пәтерлердi сатып, мемлекетке 16,5 миллион теңге шығын келтiрген. Iс тергеуге жөнелтiлдi. Нәтижесi жақында шығып қалар. Мынадай сорақылыққа жол берiп қойған облыс әкiмiне ел iшi наразы. Қазiр С.Кула­гиндi орнынан алып тастауды талап етiп, облыс халқы арнайы қол жинау үстiнде. - Бiр кездерi бұрынғы денсаулық министрi Ж.Досқалиевтiң "Қостанайда медициналық көмектiң ең мықты түрлерi көрсетiлетiн болады" деген сөзiнен хабардармыз. Ден­сау­лық саласының жағдайы қалай? -          Облыстың денсаулық сақтау са­ласы әлдеқашан құрдымға кеткен. Жергiлiктi халықты тегiн, қол­жетiмдi, жеңiлдiкпен жасалатын медициналық көмек түрлерiнен құр қалдырған.Осы кiсiлердiң ықпалымен облыстық денсаулық сақтау саласына бөлiнген екi миллиард теңге талан-таражға түскен. "Орталықтандырылған медициналық құрал -жабдықтарды сатып алу" жоспарымен осы уақытқа дейiнгi бюджет қаржысы "кулагин командасының" қалтасына түсумен келедi. Бас прокуратураның тексеру барысында шығар­ған құжатында 2008 жылы 1 шiлде күнi арнайы медициналық құралдар үшiн бөлiнген 96 млн. теңгенiң қайда кеткенiне сұрау салынған. Алайда әлi күнге жауабы берiлмедi. Сондай ақ "ауыл-село" мемлекеттiк бағдарламасы бойынша жеңiлдiкпен берi­летiн дәрi дәр­мекке бөлiнген 450 млн. және 750 млн. теңге құмға сiң­ген судай жоғалған. Сұрау салын­ған хатымызға бас прокуратура бұл iс­пен қалалық, облыстық прокуратураның айналысуын тапсырып, керi жауап қайтарды. Жергiлiктi тексеру органдарынан әлi күнге нақты жа­уап болмады. Алдыңғы прокурорларды қазiргi облыс прокуроры А.Кәрiм басып озды. Қоғамдағы белсендi азаматтардың бiрi ретiнде, бұрынғы медицина саласының маманы және мемлекет қайраткерi ретiнде ең болмаса, рентген аппаратын пайдалану заңсыздығын дәлелдей алмай келемiн. Заңсыз жолмен сатып алын­ған, халықтың қауiпсiздiгiн сақтамайтын, белсiздiкке ұшырататын рент­ген құралын пайдаланудың сорақылығын айтып, жазып шағымданбаған жерiм жоқ. Алайда тұр­ғындарға қауiптi аппарат әлi күнге жұмысын тоқтатпады. Қазiргi кезде С.Кулагинге қандай да бiр шара қолдану керек­тi­гiн айтып, тұрғындар дабыл қағу­да. Осыған байланысты қол жинап, президентке жiберу үшiн қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Әңгiмелескен -

Меруерт ХУСАИНОВА

http://zhasalash.kz/suhbattar/5013.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618