Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 7617 0 пікір 26 Шілде, 2011 сағат 09:58

Ноябрь Кенжеғараев. Түркілік өлең өрнегі және Абай поэзиясы

 

 

 

 

Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай шығармашылығы ең көп зерттелген саланың бірі болғанымен, абайтануда ақын өлеңдерінің поэтикасы, өлең өлшемі, оның ішінде шығыстық, түркілік уәзіннің мәселелері түбегейлі зерттеліп қойылды деп айта алмасақ керек. Кеңес тұсында Абай поэзиясының идеялық мазмұны мен танымдық, этикалық қырына, орыс және батыс поэзиясының әсері мен аудармаларына бас көңіл қойылғаны да жасырын емес. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары ғалымдар М.Әуезов, Ғ.Сағди, Қ.Жұбанов, С.Мұқанов Абай поэзиясыдағы шығыстық, түркілік дәстүр жалғастығы, Абай феномені туралы сөз қозғап, тұжырымдарын ұсынғанымен, реакцияшыл атанған Шығыс мәдениетінің біржақты мансұқталуынан діттеген мақсатына жете алмады. Кеңес үкіметі тұсында жоғарыда аты аталған ағаларының ізін жалғастырып, Абай шығармашылығының Шығысқа қатынысын монографиялық тұрғыда зерттеген ғалымның профессор Мекемтас Мырзахметұлы екендігі баршаға аян. Ғалым «Абай және Шығыс» атты монографиялық еңбегінде Абайдың дүниетанымының қалыптасуына, дамуына әсер еткен ислам философиясы мен моралі, яғни ақын шығармашылығының танымдық, этикалық қырларына басты назар бөлуімен қатар, шығыстық-түркілік өлең өлшемі мәселесіне тоқталады. Шығыстық-түркілік уәзіннің қазақ поэзиясына әсер-ықпалы, дәстүр жалғастығы, жаңашылдық деген мәселелер төңірегінде З.Ахметов, Р.Сыздық, Ө.Күмісбаев, И.Жеменей сынды ғалымдар зерттеулер жасаған болса, жас буын ғалымдардың ішінен Т.Қыдыр, А.Әбдірасылқызы, Т.Көшенованың еңбектерін атауға болады.

Поэзия - өте күрделі құбылыс. Дарынды жеке тұлғаның дүниетанымы, рухани және интеллектуалдық әлемінің қайнауынан келіп туындайтын танымдық, этикалық, эстетикалық тылсым дүние. Поэзиялық шығарманың жанры мен түрі де бір күнде туып, даралана салатын осал дүние емес. Іріп-шіріп бара жатқан қазақ қоғамының тіршілігмен бетпе-бет келген Абайдың халқын түзету жолында поэзияға жүгінуі де өз алдына терең толғауды қажет ететін жәйт. Ал осы сара жолда оның қазақ поэзиясының жанры мен түріне жасаған жаңалықтары мен жетістіктері әлі де болса көп зерттеуді қажет ететін нысана. Халықтық, түркілік поэзия жанрлары мен түрлерінің Абайдың поэтикалық әлемінде қолданылуы, жаңа сипат, жаңа мазмұн, жаңа түр алуы сынды тақырыптың айтары әлі алда болса керек.

Абайдың алғашқы өлеңдерінің аруз өлшемінде жазылуы, аруз түрлерінің араб, парсы, түріктік болып жіктеліп, түрік поэзиясында көбіне  парсы арузының ықпалы мол болғандығы жөнінде пікірлер айтылып жүр. Шығыстық өлең өрнектері мен таза түркілік төлтума түрлер, Аристотельдің кәсіби өлең түрлерін жіктейтін «Поэтика» еңбегіндегі теориялық тұжырымдарды жетілдірген Әл-Фарабидің өлең теориясы туралы зерттеуі, Ә.Науаи, З.Бабыр сынды алыптардың түркілік өлең өнері туралы жазған еңбектері мен Науаи поэзиясы арнайы зерттеулерді қажет етеді. Орта ғасырлардағы түркі поэзиясы мазмұн және түр жағынан парсылық әдебиеттің көшірмесі деген де пікірлер айтылғаны жасырын емес. Сондай пікірлердің біріне зерттеуші Е.Э.Бертельс былай дейді: «Зависимость турецкой литературы от литературы персидской - общеизвестный факт, неоднократно отмечавшийся как восточными, так и западными филологами.

Исходя из этого факта, некоторые из западных туркологов пришли к выводу, что литература входящих в круг культуры ислама турецких народов представляет нечто неполноценное. Ее характеризовали как подражание классическим творениям персидских авторов, стремились отнять у нее всякого права на оригинальность и тем самым значительно задержало нормальный ход ее изучения. Такая точка зрения едва ли можеть быть признана правильной. Она явилась плодом недоразумения, притом весьма понятного, поскольку востоковеды, подходя к восточной литературе, прилагали к ней мерку, принятую при оценке литературных произведении Запада» [1, 377]. Осылай батыс шығыстануы мен түркологиясының методологиясы біржақтылыққа ұрынды, поэзияға қойылатын батыстық талаптың түркілік поэзиямен қабыса бермейтін төлтума ерекшелігі ескерілмеді. Ал Абай поэзиясы мазмұн мен түр жағынан да батыстық модельден өзгеше поэзия. Абай поэзиясынан халық ауыз үлгілеріндегі қара өлең, мақал, шешендік сөз, нақыл, жыр, термемен қатар, Орхон-Енисей жазбаларындағы жыр үлгісін де, түркі классикалық поэзиясын түрін де,  жыраулардың толғау жанрын да, дидактикалық сарынды да, шығыстық өлшемдерді де, орыстық, батыстық өлең үлгілерін бойыңа сіңіріп, қорытып, жаңа дүние, кәсіби түрдегі классикалық үлгідегі туындаған қазақ өлеңін көре аласыз. Халық ауыз әдебиетіндегі поэзия үлгілерін не тасқа қашалған жазбалардағы өлең түрлерін пайдаланғанда, Абай, әрине, тікелей пайдаланған жоқ. Халықтық және көне түркілік поэзия Абайға дейін де қаншама ақындардың шығармашылығымен трансформацияға түскен.   Халықтық және көне түркілік поэзияны Абайға дейінгі түркілік дара поэзияда өрбіту - сопылық поэзиямен, оның ішінде Ахмет Ясауидің поэзиясымен байланыстырылады. Түрік халықтарында дербес тұлғалық поэзияны, оның ішінде субьектизмге әдіптелген лирикалық элементтерді дамытқан Ясауи хикметтері болса, хикмет жанрының кешегі халықтық және көне түркілік, араб-парсылық поэзияны бойына сіңіргендігін ғалым А.Әбдірәсілқызы терең талдайды [2, 72].

«Абай қазақ поэзиясының ырғақтық-интонациялық байлығын молынан пайдалана біліп, өлең өрнектерін дамытып, байытуға зор үлес қосты. Ол жаңа өлшем, ұйқас түрлерін орнықтыруда қандай асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан белгілі, көп тараған өлшем-өрнектерді керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан да соншалық зор өнегелі іс атқарды» [3, 205],- деп белгілі өлеңтанушы З.Ахметов Абай өлеңдері өрнегінің тамырына көз жіберуді меңзеп, поэзиядағы негізгі институттар сабақтастық, дәстүр жалғастығы, трансформация, эволюция деген өлшемдерге көңіл аударуды қалайды. Ал өз кезегінде Абай поэзиясы өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің тарихындағы дәуірлердің, кезеңдердің заңды жалғасы, мәуелі жемісі. Зерттеуші А.Әбдірәсілқызы Абайдың алғашқы кезеңдерде жазған өлеңдерін (1855-1882 жылдар аралығындағы) үш түрлі ұйқасқа бөліп қарастырады:       «аааб («Шығыс ақындарынша», «Фзули, Шамси, Сайхали»), аб вб гб дб («Абралыға», «Сап, сап көңілім»), аа ба ва га («Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», т.б.). Аталған барлық ұйқас түрлері Йасауи хикметтерінде де кездеседі. Аааб ұйқасы Абайдасегіз буынды өлеңдерде қолданылса, Йасауиде он екі және таза он төрт буынды хикметтерде кездеседі.  аб вб гб дб ұйқасы Абайда жеті буынды, Йасауиде он төрт буынды (7+7) тармақтарға тән. аа ба ва га ұйқасымен Абай да, Йасауиде де он бір буынды өлеңдер жазылған. Аталмыш кезеңдегі Абай өлеңдерін көне түркілік қалыптарды тұрақты сақтау тән екендігін аңғаруға болады. Ал 1881 жылдан кейінгі ақын өлеңдерінде ұйқас пен өлшем арақатынасы барынша түрленген» [2, 222]. Абай поэзиясын, лирикасын теориялық тұрғыда зерттеген кезде біздің ескермей жүрген бір кемшілігіміз бар. Ол кемшілік Абай өлеңдерін тұтас, жалпылай алып қарастыру болып табылады.  Абай ақын ретінде классик болып бірден сап етіп астаннан түсе қалған жоқ. Ол сатылап даму, өсу, іздену, еңбектену арқылы, яғни эволюциялық даму арқылы сол биікке жетті. Ал біз бірден Абайдың шыққан биігі межесінен қараймыз. Өнердің, поэзияның заңдылығына сүйенер болсақ, сөз өнерінің шыңына жету - тауқіметті жұмыстың ғана нәтижесі. Абайдың ақындық шеберлігінің өсу жолдары мен оның өлең өрнегіндегі ізденістері, тәжірибелері қатар дамып, қатар өрбіп отыруы да заңдылық. Сондықтан Абайдың поэтикалық әлемін зерттеушілер ақынның әрбір өлеңінің тууы мен оның өрнегінің ерекшелігіне, неліктен бұл таңдалды, ол түрге келу жолдары зерттелуі қажет. Сонда ғана ақын шығармашылығы жөніде тұтас картина ала аламыз, өйтпесек, бірізділікке құрылмаған, үзіліп-жұлынып алынған, стихиялы зерттеу әдістерінен ұзай алмаймыз.

Зерттеуші М.Мырзахметұлының да, жас ғалым А.Әбдірәсілқызының да басшылыққа алып отырған тұжырымдарының дұрыстығын, яки олардың түркілік классикалық поэзияға, оның ішінде Ясауи поэзиясына иек артуларының дәйектілігін академик М.Әуезовтің ұстанымдарымен түсіндіруге болады. М.Әуезовтің мына пікірлері мәселеге басқаша қырынан қарауға үндейді: «Осы орайда айта кететін тағы бір ерекше мәселе бар. Бізде бүгінге шейін Абайдың Шығыспен байланысын айтқанда, кейбір жайлары ұшқары сөйленеді. Абай мұсылманша оқығандықтан, араб пен фарсы тілін түгел білген боп суреттеледі. Кейбір зерттеушілер Абайды араб, фарсы классиктерін де түгел білген етіп қояды.

Анығында, бес-алты жыл мұсылманша оқығанымен, ол кездегі шабан оқытудың шалағай методикасын еске алғанда, Абай арабтың классик поэзиясын түгел ұғарлық дәрежеге жетті деу, асыра сөйлеу болады.

Сондықтан да Абайдың мына санаған ақындарының ішінде арабтың атақты классиктері: Мұтанәбби, Әбіл Ғала-Мағрилер кездеспейді. Оған тілдері түсінікті ең жақын болғандықтан, Навои, Фзули үлгісі көп әсер етеді. Жас шағында сол ақындар өздеріне үлгі еткен Фирдоуси, Сағди, Хожа Хафиз тәрізді ұлы классиктердің ескі өзбек тіліне аударылып, Абайға сол аударма арқылы таныс болуы көңілге қонымдырақ көрінеді. Бұл соңғыларды Абай білгенде, түркішіленген аудармалардан білу керек» [4, 90]. Бұл пікірден түйетініміз, М.Әуезов Абайдың өлең өрнегі таза араб-парсылық өлшемдер арқылы емес, ол өрнектерді түркілендірген А.Ясауи, Ә.Науаи дәстүрлері, яғни түркілік дәстүр арқылы қалыптасқандығын меңзесе керек.  Араб-парсылық өлшемдер: аруз, ғазал, мәт уәзіні, бәйіт, рубай, қасида, рамал, мәснәуи, мураббағ, тәрбиғ, т.б. үлгілері түркілік өрнекке лайықтанып, түрік халықтарының дыбысталу заңдылықтарына сәйкестендіріліп, ыңғайланып жаңа түрге ұласқандығы, трансформацияландырылғаны  классикалық түркілік поэзия өкілдері шығармашылығы арқылы іске асты. Тіпті зерттеуші А.Әбдірәсілқызы «мураббағ» өлең өрнегін парсы поэтикалық терминімен аталғанымен, заты түркілік өлең өлшемі дей келе, орта ғасырларда түркі поэтикалық өнерінде кең тараған - кошма, шарқы, хикмет, көг түрлерін тілге тиек етеді. Ғалым М.Мырзахметұлы «а-а-а-б» ұйқасын түрки ғаруз уәзіні деп атап, М.Қашқаридің еңбегіндегі Алып Ер Тоңаны жоқтау өлеңімен салыстырса [5, 182], зерттеуші Қ.Өмірәлиев түркілік «а-а-а-б» ұйқасын «көг» ұйқасы деп атағандығы белгілі [2, 173].

Абайдың түркілік өлең өрнегімен қатысы сөз болғанда, мәселеге кешенді келу дұрыс болмақ. Ақын-жыраулар поэзиясы түркілік классикалық поэзиядан бастау алғанын, ал түркілік классикалық поэзия - «көне түркі өлең дәстүрі мен араб-парсы поэтикасының тоғысып, тұтастануынан туған көне әдебиетіміздің тарихындағы аса күрделі көркемдік-эстетикалық құбылыс» [6, 10] екендігін ескерсек, ғасырларға созылған поэтикалық жүйені жалғастырып, дамытушы Абай болса, одан соңғы қазақ ақындары да сол дәстүрді жалғастырушылар болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, поэзия өте дәстүршіл деп айтсақ болады.

«Хикмет жанры - көп функциялы, күрделі симбиоз жанр, йасауииа тариқатының идеясын жеткізуші құрал, түркілік діни-сопылық поэзияның негізгі жанры. Түркі халықтары әдебиетінде маңызды орын иеленетін хикмет жанрының негізін Қожа Ахмет Йасауи салды» [7, 6],- деген тұжырымдарға сүйене отырып, Ясауи дамытқан хикмет жанрында кездесетін бірнеше ұйқас түрлерін («желілі ұйқас» («Білімдіден шыққан сөз»), біріңғай ұйқас («Ойға түстім ойландым»), аттамалы ұйқас («Ішім өлген сыртым сау»), қара өлең ұйқасы («Өзгеге көңілім тоярсың»), ғазал ұйқасы («Әбдірахманға», «Қуанбаңдар жастыққа»)) Абай өз өлеңдерінде пайдаланып, дамытқан, өрбіткен деген пікірлерге келісеміз.

«Жан диалектикасын өлең динамикасымен өткірлеу шеберлігі де Абайға ғана тән тәсіл еді. Әлемдік әдебиетпен бой таластырған осы сияқты алуан-асыр амалдарды Абай туған әдебиетінің бойындағы бар негізден өрбітті. Тым дәстүршіл Абай жаңалығы енді өзінше дәстүр тарататын кемелділікке көтерілді» [8, 57],- деген ғалым Б.Кәрібаеваның пікірі Абай поэзиясының дәстүршілдік шеңберінде қалыптасып, дами отырып, әлемдік биік деңгейге жеткендігін, ұлы ақындарға тән шеберлік мектебі қалыптасқандығын, кестелі сөз өнерінің заңғар биігіне көтеріліп, өзіне дейін қалыптасуы кемеліне келе қоймаған жанрларды шарықтау шегіне дейін жеткізгендігін дөп басып айғақтап отыр. Қазақ деп дербес халық атанған ұлттың жазба поэзиясын құнарлы тамырындағы дәстүрлермен жетілдіре отырып, қазақтық, ұлттық төлтумалықпен дамытқан, гуманизмі мен философиясы жөнінен де, тіл бейнелілігі мен өлең өрнектері жөнінен де классикалық деңгейге жеткерген Абай поэзиясының даму жолында түркілік кезең елеулі орын алатындығы анық. Абай поэзиясындағы түркілік өлең өрнегі арнайы зерттеуді сұранып тұрған тақырып.

«Абай-ақпарат»

Ноябрь Кенжеғараев

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

«Абайтану» ғылыми-зерттеу

орталығының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.

 

 

Әдебиеттер:

 

1.     Бертельс Е.Э. Суфизм и суфийская литература. Москва: Наука, 1965.

2.     Әбдірәсілқызы А. Қожа Ахмет Йасауидің ақындық әлемі. Алматы: КИЕ, 2007.

3.     Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. Алматы: Ана тілі, 1995.

4.     Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы: Санат, 1995.

5.     Мырзахметұлы М. Абай және Шығыс. Алматы: Қазақстан, 1994.

6.     Сейтжанов Қ. Алтын Орда дәуірі түркі классикалық поэзиясының көркемдік ерекшеліктері және қазақ әдебиетімен дәстүр сабақтастығы. Канд.диссер.қолжазбасы. Алматы, 2003.

7.     Әбдірәсілқызы А. Қожа Ахмет Йасауидің хикметтерінің көркемдік және құрылымдық ерекшеліктері. Канд.диссер.авторефераты. Алматы,   2007.

8.     Кәрібаева Б. Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары. Астана: Елорда, 2001.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5844