Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2576 0 пікір 6 Тамыз, 2011 сағат 08:56

Жүкел Хамайұлы. Жұмбақ жұлдыз (жалғасы)

X.

 

«...Өлгені емес, жерді тастап кеткені,

Шын бақытқа ерте бастан жеткені.

Ізгі оймен жайлы жаннат төрінен,

Орын алып Ата-Анасын қүткелі!»

Мағжан Жұмабаев

 

« Әр жыл сайын әлде қайдан, бір жел есер...»

Жұмекен Нәжімеденов

X.

 

«...Өлгені емес, жерді тастап кеткені,

Шын бақытқа ерте бастан жеткені.

Ізгі оймен жайлы жаннат төрінен,

Орын алып Ата-Анасын қүткелі!»

Мағжан Жұмабаев

 

« Әр жыл сайын әлде қайдан, бір жел есер...»

Жұмекен Нәжімеденов

Көркем суретпен бейнелеуге келмейтін, қолмен ұстап, дәл солай деп айтуға болмайтын өң, бояу, түрлі сезімнің өзін сөз арқылы жеткізуге болады деген ұғым Жұматай ақынның бірден-бір мақсаты екен. Көзге көрінбейтін тек қана сезім арқылы көкірекке ұялайтын мұндай суреткерлік өлмес таланттардың ғана қолынан келсе керек. Әуелі сезім ұлылығы - Будданың бұрхандарының өзінен мұнша терең суреткерлікті көру - қиындыққа соғар. Міне, тірлікте ән атаулыны «жылатып», сезім тәңірін алақанына қондырған суреткер ақын - қазақтың Жұматайы деп айтуға боларлықтай. Оған әнтек біздің өзімізді көзге ілмейтін, бейсезімділігіміз жол бермейді де. Оның есесіне «шығыстың бәленбай деген ақыны былай депті» десек сонда барып, соған ауыз ашып, көз жұмамыз. Қазақ ақындарында сондай ұлылық бар дегенге сенбейміз. Өзімізді өзіміз құр босқа қызғанамыз. Бірде әдебиет төңірегінде болған әңгімеде моңғолдардың аса талантты ақыны Дашбалбар: «Қазақ оқырмандарына Олжасты түсіну үшін әлі де мың жыл бар» деген еді. Біздің ұлы ақындарымыз жайлы түсінігіміз тар. Олардың көркемдігіне бойламай, есесіне жалған мақтап немесе өсектеп, бар болғаны өлгенін тойлаумен ғана шектелеміз. Өйткені бодандық сезім бізді солай қалыптастырған. Біз дүниеде ұлыларды құдайдай тудыратын, бірақ та ұлыларымызды мойындамайтын халықпыз.

 

XI.

 

«Күмілжіген көк аспанның иесі болып тудым мен»

Явуухулан (моңғол ақыны)

 

«...Көктесің, Сәулем! Қарай ма Үркер де бері,

Аспаннан қарап аяй көр мені.

Аяқтан шалып, абайсыз бір пенде мені,

Зындандай мұңға (зымстан) түсірген еді.

Ұға алмай қалдым қайда күй, қайда өлең сел?!...»

Шуақты сезім мен көгілдір аспан, жарық жұлдыздар мекенін шарлап, ғажайып өрнектер арқылы соларды жан көкірегіне сіңіріп алып жүрген ақын аңдаусызда бой алдырып, күнделікті күйбең тірліктің ортасына кенет келгендегі «әттең-ай» деп айтқан өлеңі бұл. Онда да сезім мастығы мен жүрек махаббаты басылмаған:

«Ұға алмай қалдым қайда күй, қайда өлең сел,

Шыға алмай қалдым хал осы түсінсең мені.

Шатастырамын да жатамын Ай менен Сені,

Сәулеңнен ұстап шығар ем түсірсең бері» дейді ақын. Әлі де болса, айға қарап өз орнын іздеп, тірлік тұңғиығында жан махаббатын айменен шатастырады. Айлы аспан, көк жұлдыз мекені оның жүрегіне мәңгі ұялаған. Айсыз - ақында күн жоқ, тірлік те жоқ. Алғыр ақын дүниені Ай арқылы, Үркер арқылы сезініп біледі. Жүрек махаббатын да Ай арқылы сезінеді. Құпия, ашылмаған кеңістікті аңсайды, соны арман қылады. Күнделікті тұрмысқа өзінің қалай келіп қалғанына қайран қалады. Айдың сұлу сәулесін толық сезінген ақын көзге көрінбес нәзік сәулені қолмен ұстап, аспан биігіне өрмелеуге құмартады. Аспан төрі - ақынның кеңістік мекені. Сол кеңістік арқылы заманын өлшеп, бағалайды. Өзін жете түсінген ақындар үшін аспан кеңістігі қайткенде қажет. Өлең сөзге көкірек қалауымен келген ақын тек сондай құдіреттің ғана дегенімен болмақ. Әрине, ол екінің біріне келе бермейтін үлкен бақыт, мәңгі ұлылық!

 

XII.

 

«Әлем орнағаннан жүз жыл бұрын, Ақын туыпты»

Расул Ғамзатов

Ақын Жұматайдан соң (бәлкім бұрын да шығар) алып Жоңғардың сілбесін тістеген Көксу мен Қаратал екеуінің аралығында тұрмын. Бұл жерде үлкен ақын өмірге келген деп ойлағандықтан ба, әлде ақыннан қалған сүрлеудің ізі көкрінгені ме, тау қойнынан сарқыраған долы өзен жүрекке өлең болып құйылады. Мен өмірге Жұматайдан соң немесе бұрын келгенімді біле алмай дел-салмы:

Сені бөлеген тағдыр Көксуға мені әкелді,

Сол бағы көк самал баяу ғана желпиді.

Мұңы өшкін, қураған шөбі де өшкін,

Марғау дала әлде бір күйге елтиді.

Сырын ұққан ақынның үнін тыққан,

Мылқау Көксу несіне көп жыл аққан?!

Асан қайда, әулиелі заман қайда?

Әдіре қал, сұмырай зұлым баққан.

Көп жүректен көк дөнен тым бөлек-тін,

Болмағанда шаңын да бір көрмеппін.

Махаббатқа уланған мас бұтаның,

Бүрін тістеп осылай ойға кеттім.

Иә, тағдыр бәрін де өзі сызған,

Ақыны жоқ артында жары қалған.

Қу тағдырға мен несін құмар болғам.

Өксіп жатыр сені туған далаң тозып,

Көкіректен сағыныш мұңдар қозып,

Қой маңырап, жайлауда жел аңырап,

Ала Жоңғар қалғиды сені ойлап.

Солған дүние сен жоқта кебі кетіп,

Өзексіздер тағыны қойға теліп,

Озбыр жалған сені жұтқан мені де алар.

Өлең сөздің үстінде аңдып келіп.

Тек солай бір уақыт өзгергенде,

Қарын солып тәңір рухты жебегенде,

Қимастықпен аттанған елге оралғын,

Наданды топырақ көмер кез-келгенде», - деп өлең де жаздым. Бірақ  ақынға деген сағыныш басылар емес. Ол мынау кең даланы түгелдейін иеленіп, көлбеген көк мұнарға мәңгі сіңіп алғандай.

- Мені көрмей ұйықтап тұрсаң, оян ел,

Өзің болсаң, жолыңды бер, ноян-ер.

Жұрттың аты жетпегенде - қоя бер,

Жұрттың сөзі өтпегенде - қоя бер!»

Ақын өмірге келгенде осылай деп айтқан екен. Аз да болса ұзақ, ащы болса да тәтті, жалт етер өмірінің соңында: бар дүниесін махаббатына арнап, көкірегін өкініш сыздатқан сәтте:

«Тоз-тоз болдым. Енді кімге илігем?

Өз халіме өкінішпен көп күлем.

Атығайдың құласынан жүйрік ем,

Адайлардың қылышынан өткір ем.

Мұлы басты енді кімге қосамын,

Тәу еткізген теңдесі жоқ бақ, қайғым,

Қара шашты қол жетпеген қосағым,

Мен өзіңсіз табытқа да жатпаймын!», - деп ендігі барар жерінің өзі бөлек, мәңгі махаббаттар мекені екенін аңғартыпты. Ақын мына өмірге жан қосағын қалдырып кетуді тозақ деп түсініпті. Махаббатсыз өмір сүру сұлу жүрек ақынға үйлеспейтіндей. Әрине, адамдардың сезіміндегі - «өлді» деген түйсік қана болғаны болмаса нағыз ақын әлі де өлмеген...

1992ж. Балқаш - Қаратал

 

Жалғасы бар...

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415